Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2394 0 пікір 11 Сәуір, 2012 сағат 12:50

«Ақша, атақ үшін талантты боксшыларды құртып жатыр»

Өзі саясаткер, өзі спортшы Амалбек Тшановты оқырман қауымға таныстырып жатудың еш қажеті жоқ шығар. Бүгінде республикалық спорт колледжiнiң директоры, Алматы қаласы бокс федерациясының президенті қызметін атқарып жатқан Амалбек аға, 4 сәуір күні 69 жасқа толды. Соған орай көкейімізде жүрген сауалдарымызды қойып, туған күнімен құттықтап шықтық.

Жас қазақ: Амалбек аға, туған күніңізбен! Бұл күні бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың да туған күні екен.

Өзі саясаткер, өзі спортшы Амалбек Тшановты оқырман қауымға таныстырып жатудың еш қажеті жоқ шығар. Бүгінде республикалық спорт колледжiнiң директоры, Алматы қаласы бокс федерациясының президенті қызметін атқарып жатқан Амалбек аға, 4 сәуір күні 69 жасқа толды. Соған орай көкейімізде жүрген сауалдарымызды қойып, туған күнімен құттықтап шықтық.

Жас қазақ: Амалбек аға, туған күніңізбен! Бұл күні бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың да туған күні екен.

Амалбек Тшанов: Көп рахмет! Мен қай уақытта болмасын көкейімде жүрген ойымды бөлісуге дайын қазақтың бірімін. «Жас қазақ» газеті де оқырмандар естігісі, оқығысы келетін қажетті Ұлттық басылымның бірі деп айта аламын. Ал қазақтың біртуар ұлы Бекзат Саттархановқа келетін болсақ, ол ананың ақ сүтімен өмір есігін ашқан азамат. Оны біреу кезінде түсінді, енді біреуі түсінбеді. Бекзатты дер кезінде бағалай алмадық. Оның жете алмай қалған биігі біз үшін өнеге болу керек. Бір өкінішті жайт, 2010 жылдың желтоқсан   айында даңқты боксшы Бекзат Саттархановтың бейітіне орнатылған мәрмәр тастағы шойыннан жасалған көшірме-медальдарды қаскөйлер ұрлап кетті. Соның орны әлі күнге шұрқ тесік болып үңірейіп тұр екен. Қала, облыс басшылары соны қайта қалпына келтірмей ай қарап отыр ма? Мұндай азаматтың қабірін тонатып қойып, құрмет көрсетпей отырған басшылардың іс-әрекеті көңілге қонымсыз.

Жас қазақ: Жасыңыз 70 жасқа таяп қалыпты. Осы уақыт аралығында біршама қызмет атқардыңыз. Қателеспесем, мектепте зертханашы болудан бастап, Мәжіліс депутатына дейін көтерілдіңіз. Шымкент қаласы, Жамбыл облысында әкім болған кездеріңіз болды. Қазір жас өрендерді спортқа баулумен шұғылданудасыз. Негізі жүрегіңізге ең жақыны қайсысы?

Амалбек Тшанов: Менің негізгі екі мамандығым бар. Инженер-механик, инженер-құрылысшы. Ал спортқа бала кезімнен қатты қызығатынмын. Ауылда өскен әрбір бала спортқа бейім болады. Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі ауыр жылдармен пара-пар келді. Сондықтан ата-анамыз бізді жұмысқа ерте баулып өсірді. Әкем соғыстан жарақаттанып келсе де, үй шаруашылығына өте тиянақты болатын. Ерте жұмысқа бейімделсін деген ниетпен қасына әрдайым ілестіріп алатын. Ал анам болса «балаларға ұйқы бермейтін болдың» - деп әкеме ұрысып жүретін. Есейген шақта әкемнің не үшін олай істегенін түсіндім. Өзі көрген қиыншылықты біз көрмесін деген ойы екен. Менің өмірде алға қойған қағидам - еңбек ету. Еңбек етпесем сыртта қалып қоятынымды жас кезімде-ақ түсіндім. Сол ерен еңбектің арқасында қай салада болмасын жұмысым жемісті болды.

Жас қазақ: Не себепті өмірлік тәжірибе жинақтаған шағыңызда спорт саласына келуді ұйғардыңыз?

Амалбек Тшанов: Адамның жұмысы оны денсаулығы мен өмірлік тәжірибесіне қарай бағалану керек. Маған Қытайдың кадрлық философиялық көзқарасы ұнайды. Мен жас кезімде қаланы да, ауданды да басқардым. Екі рет жоғарғы кеңесте, екі рет мәжілісте депутат болдым. Менің ең басты қасиетім ұйымдастырушылық. Сол себептен де әрдайым ұйымдастыру жұмыстарына оң қабақ танытып тұрамын. Мен қазіргі жасымда спорт саласы емес, одан да маңызды істерді атқаруға қабілетім жетеді. Алайда пешенеме жазылғаны осы болып тұр. Мен бұны өкінішпен айтып отырғам жоқ. Өткен өміріме көз салсам, біршама қателіктер жіберіппін. Қазір сондай қателіктерге бой алдырмайтын едім. Десе де менің жасымда жастарды спортқа баулу әрбір адамның басына түсе бермейді. Бұл - үлкен жауапкершілік, зор бақыт. Әрқайсысы өз балаңдай. Мен басқарып отырған колледжде  спорттың 17 түрі бар. Бәрі жас балалар. Көбісі үлкен жетістікке жетті. Бес спортшымыз Олимпиада ойындарына жолдама алды.

Жас қазақ: Осыдан бір-екі жыл бұрын республикалық спорт колледжiн бұрынғы спорт-интернаты етiп қайта қалпына келтiрудi ұсынып, оқушыларды жетінші сыныптан бастап қабылдау керек деп бастама көтеріп едіңіз. Сол ойыңыз іске асты ма?

Амалбек Тшанов: Бізде көтерген мәселеңнен оңайлықпен оңды нәтиже шығару өте қиын. Шенеуніктерге жоғарыдан нұсқау болмаса, төменнен шыққан дауыс естілмейді. Бұл мәселені көтергеніме, міне, үш жыл болды. Биыл мектеп ашылады деген шешімнің шеті көріне бастады. Респубикалық бюджеттік комиссияда қаралыпты. Бірақ біздің қолымызға әлі күнге ешқандай құжат түскен жоқ. Мен ол шешімнің шыққанына қарамай 60 оқушыны оныншы сыныптан қабылдадым. Соның ішінде Олимпиада ойындарына жолдама алған  Нұрсұлтан Мамаев (таэквандо) бар. Бұл жүйені мен ойлап тапқан жоқпын. Ол - кеңестік жүйе. Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда бар. Тек Қазақстан ғана бұл жүйеден бас тартып, өздерінше жаңа бір нәрсе ойлап тапқысы келді. Спорттың негізі ауылда. Қаланың балалары үйден шықпай компьютерде отырады. Арасында бірен-сараны болмаса. Ал ауылдың балалары 11-сыныпты біткен соң, көбiне бокс, күрес сияқты спорт түрлерiне ғана келедi. Ал спорттың басқа түрлерiне, мәселен, жеңiл атлетика, су спорты түрлерiне бiздiң қарадомалақтарымыз аз барады. Осыдан кейiн қазақтар жүгiре алмайды, қазақтар суға жүзе алмайды деген әңгiмелер шығады. Бұл жерде жатын орын, тамақ, оқу тегін. Сол себептенде ауылдың балаларын спорттың басқа түріне тарту үшін жетінші сыныптан қабылдауымыз керек. Ол үшін спорт-интернатын қалпына келтіргеніміз абзал. Кішкентайынан бастап спортқа баулысақ, үлкен нәтиже шығаруға болады. Оның үстіне ауылдық жерде халықтың қаржылық жағдайы көңіл көншітпейді. Баласын спорт секциясына бере ме, әлде күнкөрістің қамын ойлайды ма?! Содан кейін тағы бір мәселе бар. Қазір бокста бір жас талантты спортшы шыға қалса, оны ересектер арасына қосып жібереміз. Ол қанша талантты болғанымен, сағы сынып қалады. Бұрын 21 жасқа дейінгілерді ересектердің арасына қоспайтын. Өтпелі кезеңде ол талантты спортшыны сақтап отыратын. Сол себептен де кеңестік жүйені қолдаймын. Ол жүйенің жақсы тұстарын пайдалану керек.

Жас қазақ: Бокстан «КСРО спорт шебері» ретінде «Астана арландарына» қандай баға берер едіңіз? Жалпы, бұл жобаны қолдайсыз ба?

Амалбек Тшанов: Мен ол жобаға түбегейлі қарсымын. Себебі, ол не кәсіби, не әуесқой боксқа жатпайды. Бұл екеуінің басын қосып дүбәра, бокс жасаудың қажеті шамалы. Кәсіпқой бокстың жаттығу жүйесі мүлдем өзгеше. Кәсіпқой боксшылар жылына ары кетсе, төрт кездесу өткізеді. Әр кездесуден кейін емделеді. Басқа соққы тию оңай шаруа емес. Қолғаптары да әуесқойлардыкінен басқаша. «Астана арландарының» кездесулерін қарап жүрсеңіз, бес раундтың ішінде боксшыға қанша соққы тиеді. Жиі рингке шыққан боксшылардың басында гематомның бар болуы әбден мүмкін. Ақша, атақ үшін талантты боксшыларды құртып жатыр. Қанат Ісләмді мысалға алайық. Соңғы кездесулерін байқаған болсаңыздар, Қанат бұрынғыдай емес. Рүстем Сыбаев та талантты боксшылардың бірі. «Астана арландарының» боксшылары бір кездесуден кейін кемінде үш ай емделу керек. Сол себептен де бұған азамат, кәсіби боксшы ретінде қарсымын. Ал әуесқой боксшылар уақытысы келгенде, кәсіби боксқа өтемін десе ол - заңды. Алматы қалалық бокс федерациясының кейбір боксшылары кәсібиден қайта әуесқойға ауысты. Олардың бейімделуіне жарты жыл уақыт кетті. Қанат Ісләм бокстың мәдениетін көрсетіп жүрген қандай талантты азамат еді. Ал олардың болашағын ойлап жатқан ешкім жоқ.

Жас қазақ: Жаңа бір сөзіңізде Алматы қалалық бокс федерациясы туралы айтып қалдыңыз. Өткен жылы өзіңіз басқарып отырған федерацияға атақты кубалық бапкер Алсидес Сагарраны алып келіп едіңіз. Қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?

Амалбек Тшанов: Боксқа бір адам келгеннен бірден үлкен нәтиже күтуге болмайды. Дегенмен жергілікті бапкерлеріміз одан көп нәрсені үйренді. Ол Куба боксының тарихындағы ең үздік бапкер. Әйгілі Теофило Стивенсон мен Феликс Савонның жеке бапкері болған. Оның жүйелі жұмыс істеуі боксшыларымыздың деңгейін біршама көтерді. Ең бастысы жаттықтырушылардың жұмыс істеу жүйесі бір қалыпқа келді. Сагарраны алып келгендегі ең басты мақсатым сол еді. Бастапқыда тіл мәселесі қиындық туғызды. Жақсы аудармашы алайық десек, сағатына төлейсің. Бізде ондай қаржы жоқ. Кейін бір аудармашыны жұмысқа алдық. Мамыр айында Алсидес Сагаррамен келісімшарттың мерзімі аяқталады.

Жас қазақ: Келісімшарт мерзімін  ұзарту ойларыңызда бар ма?

Амалбек Тшанов: Ол кісі қанша айтқанмен қартайып қалды. Бірақ оның балаларды дайындау әдістемесі маған қатты ұнады. Одан кейін қолынан қағазы мен қаламын тастамайды. Қай жарысқа бармасын боксшылардың кемшін, басым тұстарын өзіне тіркеп отырады. Сол бойынша жұмыс жасайды. Өкінішке қарай, біздің бапкерлерден ондай қасиет байқамадым.

Жас қазақ: Өзіңіз бокспен әлі күнге шұғылданасыз ба?

Амалбек Тшанов: Әрдайым дене тұрпатымды, бойымды сақтау үшін жаттығу залына кіріп тұрамын.

Жас қазақ: Егер де қатарларыңыз арасында бокстан жарыс өткелі жатса, қатысуға қарсы болмайсыз ба?

Амалбек Тшанов: Қатысатын едім. Бірақ бокс спорттың ондай түріне жатпайды. Күрестен қатысуға болады. Ал бокс­та бір-біріңді ұру керек. Дегенмен шоу жасау үшін мұндай жарыс ұйымдастыруға әбден болады.

Жас қазақ: Бір қазақ басылымына берген сұхбатыңызда «біздің спорт комментаторлардың тіл мәдениеті нашар, спорттық сауаттылығы жоғары деңгейде емес, қарабайыр» деген пікір білдіріпсіз. Осыны тарқатып айтып берсеңіз.

Амалбек Тшанов: Комментатор спорттың қай саласы болмасын өте терең түсіне білу керек. Спорттық терминдердің қазақша баламасын тауып, оңтайлы пайдалана білгені жөн. Әрдайым ізденісте болып, сол арқылы тәжірибесін арттырып отырғаны абзал. Екіншіден, комментатор спорттағы асаба бола білу қажет. Естеріңізде болса, кезінде грузиннің бір комментаторы эфир кезінде боғауыз сөздерді айтып қоятын. Бірақ қанша жерден анайы болса да орынды айтылған соң, көрерменнің айызын қандырып, мәз етуші еді. Комментатор болған соң, әрбір футболшы, боксшыға мінездеме беріп үлгеру керек. Керек жерде  әдемі әзілдерді пайдаланып жандандырып отырса, қандай керемет. Қазіргі қазақ комментаторларының деңгейі жаман емес. Бірақ кейде сол өздері не айтып отырғандарын түсінбейтіндері де кездеседі. Сондай-ақ, бүгінде кейбір телеарналар спортқа еш қатысы жоқ адамды спорт жаңалықтарына жүргізуші етіп қояды. Ол білмейтін спортшының атын шатып-бұтып қате айтып жатады. Бұл да спорттың деңгейіне нұқсан келтіреді. Комментатор тек спорттың бір түрін  ғана жетік меңгеріп алса, соның өзі жетістік.

Жас қазақ: Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан Елдос Өмірзақұлы

«Жас Қазақ», 06.04.2012

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5500