«Табыл өлді» дегенше, дарын өлді десеңші...»
25 сәуірде Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясында Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Табылды Досымовты еске алуға арналған «Мен қазақпын» атты кеш өтеді.
25 сәуірде Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясында Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Табылды Досымовты еске алуға арналған «Мен қазақпын» атты кеш өтеді.
- «Табыл өлді» дегенше, дарын өлді десеңші,
«Асқар тауың құлады, алып өлді» десеңші.
«Сабалы көл сарқылып, сарқырама тартылып,
Сағым басты сарыуайым сары белді» десеңші.
«Қазанатын сақтамай, қан құсатын қазаққа
Тажал өлім құрығы тағы келді» десеңші.
«Бұ дүниеде ешкімге бастырмаған кеудесін
Әзірейілдің ұлыңа әлі келді» десеңші...
Бұл - Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Рахат Қосбармақтың қазақ бард өнерінің негізін қалаушы Табылды Досымов дүниеден өткеннен кейін жазған өлеңі. Әнші-композитордың көзін көрген, сырттай білетін жанкүйерлерінің қай-қайсысы болмасын, тау тұлғалы тарпаңынан айырылғанда тура осылай жер бауырлап жылаған еді. Жан дүниелері өкініштен егіле отырып, алаштың арда ұлын ендігі жерде ұмыттырмауға бел байлаған. Қолдан келгенше концерттер ұйымдастырып, шығармаларын келешек ұрпаққа қаз-қалпында жеткізуге уәде еткен. Соның айғағы ретінде Табылды Досымов өмірден өткен бір жарым жыл ішінде өзінің туған жері Дендерде, Маңғыстау облысында еске алу кештері қолға алынды. Сол игілікті шаралардың жалғасы енді Ақтөбе қаласында жүзеге аспақ. Әрі сауапты, әрі жауапты істің бастамашысы - ақынның досы, «ЗапКазСтройИнвест» ЖШС құрылтайшысы Бижан Қалмағамбетов. Сондай-ақ кезінде өнер иесінің ән жинағын шығарып, ризашылығына бөленген - Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры, әнші-композитор Қанат Айтбаев.
- Біздің байтақ республикамыз бір ғасырда бір туатын талантты адамдардан кенде емес. Әсіресе, өнер саласында дара тұлғалар көптеп кездеседі. Солардың бірегейі біздің бауырымыз, жан досымыз, сырласымыз, қапияда көз жазып, айырылып қалған қимасымыз Табылды Досымов еді. Табылды десек, ешкімге ұқсамайтын толағай бейнелі ақынымыз көз алдымызға келеді. Оның бард өнеріндегі философиялық тұжырымдары қазақ поэзиясына үлкен құбылыс әкелді. Бірақ көзі тірісінде аз зерттелді, қолдаушылары аз болды.
Табылды екеуміз соңғы үш жылда жақсы жолдас, ағалы-інілі болып араласып кеткен едік. Мен оның өнеріне шексіз ғашық болдым. Ақтөбеге әр келгені - біз үшін мейрам, үлкен той еді. Сахнада шапан сыйламасақ та мейрамханаларда шағын кештерін өткізіп, думандатып жіберетінбіз. Соның бәрі бір-ақ күнде сарғайған сағынышқа айналғаны өте өкінішті. Табылдының концертін Ақтөбеде өткізу арманымыз еді. Бірақ өзі барда үлгере алмадық.
«Ұйықтап кетіп, оянбай қалғаннан» кейін шығармаларын насихаттау - біздің мойнымыздағы парыз болып қалды. Сол себептен, осы кешті ұйымдастырып жатқан жайым бар. Жан-жақтан арнайы қонақтар шақырып отырмын. Өнердегі ұстазы Қорабай Есенов, Алматыдағы студенттік шақтарды бірге өткерген курстастары Серік Жанболат, Арман Сқабылұлы, Серік Абас-Шах, Ерсайын Жапақ, Маңғыстау облыстық Мәдениет басқармасының бастығы Майра Омарова, бір бөлмеде бір үзім нанды бөліп жеген Жұмабай Құлиев, Әбубәкір Смайылов, астаналық ақын Елена Әбдіхалықова, атыраулық өнердегі ағасы Қалидолла Ізекенов, талантына тәнті болып Оралдан іздеп барып, астындағы көлігін сыйлап кеткен жанашыр ағасы Мұхтар Сапарғалиев сияқты достарының басын қоспақпын. Сондай-ақ кейінгі толқын інілері де жан-жақтан ат арытып келмек. Артында қалған жарын, ұл-қыздарын алдырамын. Баласы Абыл әкесінің әнін орындайды. Әрине, Табылдыны білетін жұртты тегіс Ақтөбеге жинау мүмкін емес. Кезінде аралас-құралас болған, мен өзім білетін, елден естіген жақын достарын, замандастарын, өнерін құрметтейтін, насихаттап жүрген іні-қарындастарын ғана шақырып отырмын. Жергілікті басшылық, зиялы қауым өкілдері келіп қатысамыз деп уәде етті. Билет сұрап, хабарласып жатқан елде есеп жоқ. Өз басым «Табылдыны Ақтөбеде ешкім білмейді» деп айта алмаймын. Білмесе, халық сұрамайды, іздемейді. «Концерті болады» дегенге қуанып, қайта-қайта хабарласып жатыр. Шығармашылық мәселелердің барлығын Қанатжан өз қолына алды. Светаның да еңбегі көп.
«Кеш жақсы өтсін» деп демеп жатқан достарымыз бар. Олар аты-жөнін атауды жөн санамады. Әрі қарай деректі фильм түсірерміз, кітап шығарармыз, әйтеуір Табылдының өнері өлмейтіні, өлтірмейтініміз анық.
Тек Табылдыға тағзым ету осымен тоқталып қалмауы тиіс.
Астана, Алматы қалалары да іліп әкетсе деген тілегім бар, - дейді кештің ұйымдастырушысы әрі досы Бижан Қалмағамбетов.
Қаншайым Байдәулетова
"Айқын" газеті