Досан Қаумен. Қайда тұрамыз? Қазақстанда ма? Әлде...
Қозғайтын мәселемізді бірден оқырманға сұрақ қоюдан бастағым келеді. «Лесная поляна» деген атауды естігенде Сізде қандай ассоциациялар туады? Қай елдің елді мекенінің атауы деп ойлайсыз? Ал «Сосновка», «Миндалевый», «Елушки», «Сиреневый», «Ясеневка» деген атаулар ше? «Ресейдегі атаулар, Ресейдің елді мекендерінің атауы» десеңіз қателесесіз. Бұл елордамыз Астана қаласынан 12 шақырымдай жердегі тұрғынүй алабының (Лесная поляна) және осы тұрғынүй алабына кіретін шағын аудандардың («Сосновка», «Миндалевый», «Елушки», «Сиреневый», «Ясеневка») атауы. Сіздерді қайдам, өзіміз «Сосновка», «Миндалевый», «Ясеневка», «Елушки», «Сиреневый» атауларын естігенімізде Ресейдің Батыс Сібір қойнауындағы елді мекендері көзімізге елестейді, сондағы елді мекендермен байланысты ассоциациялар туады.
Жалпы тарихи атауларды қайтару, атауларды қазақша қою туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бері келеді. Осы бағытта біраз елді мекендер мен көшелердің атауы өзгертілді. Әлі де Павлодар, Петропавл сынды қалалардың, т.б. елді-мекендердің, көшелердің атауын өзгерту мәселесі оқтын-оқтын көтеріліп қояды.
Қозғайтын мәселемізді бірден оқырманға сұрақ қоюдан бастағым келеді. «Лесная поляна» деген атауды естігенде Сізде қандай ассоциациялар туады? Қай елдің елді мекенінің атауы деп ойлайсыз? Ал «Сосновка», «Миндалевый», «Елушки», «Сиреневый», «Ясеневка» деген атаулар ше? «Ресейдегі атаулар, Ресейдің елді мекендерінің атауы» десеңіз қателесесіз. Бұл елордамыз Астана қаласынан 12 шақырымдай жердегі тұрғынүй алабының (Лесная поляна) және осы тұрғынүй алабына кіретін шағын аудандардың («Сосновка», «Миндалевый», «Елушки», «Сиреневый», «Ясеневка») атауы. Сіздерді қайдам, өзіміз «Сосновка», «Миндалевый», «Ясеневка», «Елушки», «Сиреневый» атауларын естігенімізде Ресейдің Батыс Сібір қойнауындағы елді мекендері көзімізге елестейді, сондағы елді мекендермен байланысты ассоциациялар туады.
Жалпы тарихи атауларды қайтару, атауларды қазақша қою туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бері келеді. Осы бағытта біраз елді мекендер мен көшелердің атауы өзгертілді. Әлі де Павлодар, Петропавл сынды қалалардың, т.б. елді-мекендердің, көшелердің атауын өзгерту мәселесі оқтын-оқтын көтеріліп қояды.
Ал біздің қозғамағымыз бұрынғы атауларды қайтару немесе қайта қазақшалау мәселесі емес, ең болмағанда, әңгімеміздің өзегіне айналғалы тұрған тұрғынүй алабы сияқты жаңадан пайда болып жатқан елді мекендерге, шағын аудандарға, көшелерге т.с.с. тәуелсіз елге тән, мүмкіндігінше қазақша атаулардың берілу мәселесі.
Біздің назарымыз бұл тұрғынүй алабының атауына тектен тек ауған жоқ. 23 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Қосшы ауылына, «Лесная поляна» және «Алтын Дала» шағынаудандарына барғаны БАҚ беттерінде жазылды. NUR.KZ сайты tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап, шағын аудандардың атауын және суреттерін беріпті. Алғаш бұл туралы жаңалықты осы сайттан (http://news.nur.kz/210159.html) оқыдық. Бірден пікір білдірушілер «қазақша атау табылмаған ба?!», «Астана маңындағы құрылыстар емес, Мәскеу маңындағы құрыстардың атау сияқты?» (http://news.nur.kz/210424.html) деген мәнде наразы ойларын айтып, тақырыптың астында қызу пікір-таластар туындап кетті. Мәселенің мән жайын тереңірек ұғыну үшін осы тұрғынүй алапты салған «Альянсстройинвест» компаниясының сайтына (www.asi.kz) кіріп, «Лесная поляна» тұрғынүй алабын таныстырған парақшасына өттік. Тұрғынүй алабының таныстыруында былай делініпті: «...2006 жылдың екінші тоқсанында «Альянсстройинвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Астана қаласының сол жағалауынан 12 шақырым Ақмола облысы Қосшы селолық округінің аумағында «Жасыл өлке» - жаңа тұрғын үй массиві құрылысының жобасын іске асыруға кірісті.
«Жасыл өлке» - жаңа тұрғын үй массиві» жердің 61,5 гектарында орналасқан және толық аяқталған кезде 8000 аса отбасы тұратын бес аз қабатты шағын аудандардан: «Сосновка», «Сиреневый», «Миндалевый», «Елушки», «Ясеневкадан» тұратын болады».
Міне өзіңіз көріп отырғандай, әлгі «Лесная полянаны» «Жасыл өлке» деп аударғанындай, жоғарыдағы орысша атауларды ең болмаса неге қазақша аударып бермеген? Аудан атауларын қазақшаға аудару мәселесіне төменде тағы тоқталатын боламыз. Оған дейін аталған тұрғынүй алабы мен шағын аудандарының бұлай аталу себебіне тоқталайық. Жоғарыда айтылғандай бұл елді мекен Астанадан 12 шақырым жерде, елорданың жасыл белдеуінен кейін орналасқан. «Лесная поляна» деген атауы осыдан туындаса керек. Ал шағын аудандардың осылай аталу себебін түсіндіруді осы компанияның сайтына берейік (сайттан қазақша таныстырылуы болмағандықтан, орысша нұсқасын дәл сол қалпында беріп отырмыз). Онда(http://lp.asi.kz/user_lpproj.php?zoom=1): «Своим нестандартным названием массив обязан богатому зеленому пейзажу. Усилить живописные ассоциации призваны зеленые насаждения, которые по решению руководства ТОО «Альянсстройинвест» будут высажены на территории пяти микрорайонов массива. Причем каждый из микрорайонов назван в честь персональных растений на своей территории: микрорайон «Сосновка», «Сиреневый», «Миндалевый», «Елушки», «Ясеневка», - делінген.Бұл жағына келгенде компания қызметкерлері креативтілік таныттық деп ойлауы әбден мүмкін. Қош, Астананың жасыл белдеуінде орналасқан тұрғынүй алабына осындай атаулар жарасып-ақ тұр делік, «Неге онда ол атаулар бірден қазақша берілмейді?» деген заңды сұрақ туындайды. «Лесная поляна» емес, ә дегеннен-ақ неге «Жасыл өлке» деп атамайды, сонда елдің жадында ол бірден «Жасыл өлке» деп қалыптасатын еді, солай жатталатын еді. Сонда ол жақта тұратын ел «Сіз қайда тұрасыз?» деген сұраққа «Мен «Жасыл өлке» тұрғынүй алабында тұрамын» деп жауап беретін еді. Ал қазір елдің санасына «Лесная поляна» деп сіңіп, осы атау «тіліне жабысып» қалды. Ал енді тіліңді бұрап «Лесная полянада» емес «Жасыл өлкеде» тұрам деп айтып көр. Жоқ, бәрі «Лесная поляна» деп сайрап жүр. Біз ескі қазақы атауларымызды қайтара алмай жүрген кезімізде осылайша санамызға қайтадан орысша атаулар сіңірілуде. Оның үстіне әлгі тұрғынүй алабы тұрғындарының көбі, шамамен 80-90 пайызы қазақтар.
Керемет, әр шағынаудан өзінің аумағында өсірілген ағашқа байланысты атауға ие болады екен, неткен тапқырлық, шағын аудандардар жасыл желекпен, талдармен көмкеріліп, тұрғындар таза ауаға қарық болады делік. Онда неге «Сосновка», «Сиреневый», «Миндалевый», «Елушки», «Ясеневка» деп елдің басын қатырғанша, бірден орысша баламасыз, орыс атауларын қосарламай, миды атала қылмай, тек қазақша, тиісінше: «Қайыңды», «Жұпаргүлді», «Бадамды», «Шыршалы», «Үйеңкілі» немес «Шетенді» деп атамайды (әрине егер бұлай аудара салу тілдік жағынан олақтау болмаса)?
Бұл мәселе бойынша тиісті өкілетті органдарды хабардар етіп, пікірін білу, мүмкін болса, әлгі атауларды өзгертуге ықпал ету мақсатымен аталмыш тұрғынүй алабы Ақмола облысына қарасты болғандықтан, облыс әкімі Қ. Қожамжаров мырзаның блогына кіріп, осы мәселеге байланысты сауалымызды жолдағанбыз, алайда сауалымызға жауап әлі жоқ.
Сондай-ақ елорда әкіміне де осы сұрағымызды қояйық десек, әкім блогында бұл сауалды Айжан атты сайт қонағы 2012 жылдың 25 ақпанында: «Сәлеметсіз бе, Иманғали аға! Сізге қояр сұрағым қала сыртындағы мөлтек аудандардың атауларымен байланысты. «Лесная поляна», «Сосновка», «Миндалевый», «Елушки», «Сиреневый» и «Ясеневка» деген не сұмдық? Қазақ тілінің абыройын көтереміз деп жүргенде мынау масқара болдық қой. Осы бастаманы өзіңіз қолға алып аттарын қазақша қоюыңызды барша қазақ халқының атынан сұраймын», - деп жолдапты. Бұл сұраққа әкім:
«Айжан, бұл шағын аудандардың емес, тұрғын үй кешендерінің атаулары. Ол атауларды мәслихат емес, салушы компаниялар қояды. Мемлекеттік органдардың жеке бизнес субъектілері қызметіне араласуға құқығы жоқ. Бірақ біз сіздің ескертулеріңізді «АльянсСтройИнвест» компаниясының директоры Р.Нағымановқа жеткіздік. Аталған нысандарға басқа ат беру үшін бекітілген тәртіп бойынша құжаттарды қайта тіркеу қажет болады, дегенмен, ол осындай мүмкіндіктіқарастыруға уәде берді», - деп жауап беріпті. Айжан көкейіміздегі сұрақты дөп басып қойыпты. Ал әкімнің жауабы көкейде біраз сұрақтардың тууына себепкер болды. Әкімнің жауабында: «бұл шағын аудандардың емес, тұрғын үй кешендерінің атаулары», делініпті, ал компания сайтында бұларды шағын аудандар деген. Қайсысына сенеміз? Компанияның сайтында көрсетілген мәліметке ме? Әлде компания өкілдерінің әкімге берген жауабына ма? Мүмкін мәслихат шағын аудардың атауын қадағалауға құқығы бар да, ал тұрғынүй кешендерінің атауын реттеуге құқығы жоқ болғандықтан жауапты осылай берді ме екен? Ол жағы әрине біз үшін жұмбақ. Сосын «Ол атауларды мәслихат емес, салушы компаниялар қояды. Мемлекеттік органдардың жеке бизнес субъектілері қызметіне араласуға құқығы жоқ» болса, әр құрылыс компаниясы қандай атау қойса да ерікті болса, онда елмізде, оның ішінде елордамызда болашақта қандай атаулардың пайда боларын елестетудің өзі қиын. «Мемлекеттік органдардың жеке бизнес субъектілері қызметіне араласуға құқығы жоқ» екен, дұрыс делік, бірақ мәслихат болсын, әкімдіктің жанынан құрылатын ономастикалық комиссия болсын, елордамыздың бет-келбетіне бедерленетін атауларды қадағалап, сол компанияларға кеңес беріп, тарихи-өлкетанушылық атаулардан тұратын нұсқаулықтар жасап, ол компания өзі ұсынған атауларды талқыға салып, «кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей келісілген түрде көптің көңілінен шығатын атауларды тағайындауға болады емес пе? Еліміздің салт-санасымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, дүбәра, кейде тіліңді сындырып ала жаздайтын атаулар қойылып кетіп, оған халық наразы болып, оны қайта ауыстырып, «құжаттарды қайта тіркеу қажет болып», моральдық-материалдық шығындарға батып жатқаннан гөрі, тиісті органдармен ақылдасып, кеңесіп, атаулардың нұсқаулықтарға жүгініп қойылғаны дұрысырақ емес пе?
«АльянсСтройИнвест» компаниясының өкілдері және басқа да қоғам өкілдері: «неге осы «Лесная поляна» тұрғынүй алабының атауын ғана көріп қалды екен, Астанада онсыз да жаңадан беріліп жатқан, орыс атаулары былай тұрсын, көп адамға түсініксіз атаулар көп қой, соларды неге қозғамайды?» немесе «Атауда тұрған не бар, ең бастысы сапалы болса болды емес пе, атауын өзгертсе, сапасы өзгеріп қала ма екен?», - деген уәж айтулары әбден мүмкін. Біріншіден, бұл алабтың атауына қатысты әңгіме қозғағанымыз, біздің сол жерде тұратындығымызда, сондықтан да, күнде көретініміздей 80-90 пайыз қазақтар тұратын жерде неге орысша атау болуы керек? Екіншіден, «Келінім, саған айтам, қызым, сен тыңда» демекші тәуелсіздік алғалы 20 жылдан асса да тарихи атауларымызды қайтара алмай, қазақыландыра алмай отырғанда, олардың үстіне осындай орысша және басқа тілді атаулардың жамалып жатқанын осы бір алаптың атауы мысалында «құлақтарыңа алтын сырға» деп, тағы да өкілетті органдарымызға ескертіп, ортаға ой салу, осы біз үшін келеңсіз үрдіске, мәселеге назар аудару, қал-қадерімізше тосқауыл болу, бейжай қарамау. Әйтпесе, осындай атаулардың қаптап бара жатқаны соншалық кейде өзімізді Қазақстанда, қазақ жерінде емес, шетелде жүргендей сезінесің. Әлде бұл «бұлар өздерін қай елде өмір сүріп жатқанын да ұмытып қалсын» деген арам пиғылмен бәз-біреулердің әдейі астыртын жасап жатқан әрекеті ме деп те қаласың. Әрине менің бұлай деуім тым асыра сілтеу, алжасқанның сандырағы болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, қазақша атаулардың азайып, дүбәра атаулар саңырауқұлақша көбейіп, ондай атаулар майда-шүйде дүкендерге болса бір жөн, ірі-ірі шағын аудандарға (әсіресе, негізінен қазақтар тұратын), елордаңның ажарына айналып жатқан сәулетті ғимараттарға беріліп жатқанда ашынғаннан осындай да ой келеді екен.
«Атауда тұрған не бар, ең бастысы сапалы болса болды емес пе, атауын өзгертсе, сапасы өзгеріп қала ма екен?» дегенге келсек. Әрине атауын өзгертсе сапасы өзгермейді, сапаға әсері болмайды да, ал ұлттық санаға әсері жоқ деп айта алмаймыз. Жан-жағы, айналасы ұлттық санамен, дәстүрмен, тарихпен, тәуелсіздік рухымен астасып жатқан, ана тілінде оңтайлы тауып қойылған атауларға толы тіршілік ортасында өскен баланың, азаматтың ұлттық рухы, ұлттық сана-сезімі мығым болып өсе ме, әлде айналасы дүбәра, жарытылай орысша-қытайша-ағылшынша атауларға толы ортада өскен баланың, азаматтың ұлттық рухы, санасы мықты бола ма? Немесе ертең ұлымыз не қызымыз саналы жасқа келіп: «Әке, неге шағынауданымыздың атауы «Елушки» неге қазақша емес, қазақ жерінде қазақша атаулар болуы тиіс емес пе?», десе, «Қайтесің, балам атауда тұрған не бар», деп жауап береміз бе? Иә, әлемнен оқшауланбауымыз керек, тұмшаланбауымыз керек, бірақ әлемге өзіміздің ұлттық болмысымызбен, санамызбен, табиғатымызбен, құндылықтарымызбен интеграциялануымыз керек емес пе?
Сөз соңында, қала әкімі блогының қонағы Айжанның және де біздің де осы жазған «ескертулерімізді» ескеріп «АльянсСтройИнвест» компаниясының директоры Р.Нағыманов: «аталған нысандарға басқа ат беру үшін бекітілген тәртіп бойынша құжаттарды қайта тіркеу қажет болады» деп жылы жауып қоя салмай, «осындай мүмкіндікті қарастыруға уәде беріп» қана қоймай, «Лесная поляна», «Сосновка», «Сиреневый», «Миндалевый», «Елушки», «Ясеневка» атауларын қазақша атаулармен өзгертіп, компания жарнамасында айтылғанындай, «АльянсСтройИнвест» - сенімді ақтайды!», деп үміттенеміз. (Ақиқат үшін айта кетейік, бұл компания салған (Инфинити, Грация, Степной тұрғынүй кешендерін санамағанда), «Кенесары», «Арай», «Сымбат», «Мерей» деген тұрғынүй кешендерінің қазақы атаулары жарасып-ақ тұр). Және де «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді», дегендей, жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандары мен елді мекендерге ат беру мәселесі (бұрыннан қалыптасқаны бар, жаңа қойылып жатқаны бар) дау тудыра беретіндіктен осы бағытты үкіметіміз бірізділендірсе, бір жүйеге келтірсе, жан-жақты негіздеп шешсе дейміз. Әйтпесе, Павлодардағы бір топ жастардай өз бастамасымен көше атауларын ауыстыру фактілері бұдан былай да қайталана бермесіне кім кепіл?
«Жаман иттің атын Бөрібасар қойыпты», деп ежелден атауларға қашанда үлкен мән берген, кез келген атауларға сыни көзқараспен қарап, талғаммен қойған халық емеспіз бе? Қазақ даласындағы әр тарихи атаудың артында тарих, аңыз сайрап жатады. Ата-бабаларымыз атауларды жайдан-жай, еріккеннен, қалай болса солай қоя салмаған, атаулар халқымыздың табиғатынан, тарихынан, салт-санасынан туындаған, сондықтан да ол атаулар қаншама ғасырлар өтсе де тарих бедерінен өшпей, өміршең, жасампаз қалпында елімен бірге жасап келеді.
«Абай-ақпарат»
Суреттер nur.kz сайтынан алынған
(Сілтемесі http://news.nur.kz/210159.html)
Суреттерде мынандай сөздер жазылған:
1. Микрорайон "Лесная поляна" в поселке Косшы
2. Планируется, что в поселке Косшы будет пять микрорайонов - "Сосновка", "Миндалевый", "Елушки",
"Сиреневый" и "Ясеневка"