Арнұр Қарымсақов. Әбілхан Қастеевтің абайтану әлемі
Бейнелеу өнерінде Абай образы әдебиеттегідей жан-жақты талданып, суретшілер өз туындыларында Абайға жаңаша тыныс беріп отыруға тырысты. Қазақ бейнелеу өнерінде Абай тақырыбына алғашқылардың бірі болып қалам тартқан кескіндемеші Әбілхан Қастеев еді. Суретші бұл тақырыпқа шығармашылығының бір ғана кезеңін арнап, бірнеше туындылар берумен шектеле қоймады. Ұлы ойшыл, дара тұлға Абай бейнесі Әбілхан Қастеев шығармашылығына ғұмырлық азық болды. Оның Абай тақырыбындағы ізденістері Абай мұңын, Абай тілегін, Абай күресін жырлауға негізделді. 1934 жылы суретшінің қарындашпен салған Абай портреті Қастеевтің абайтану әлемінің бастамасына айналды. Ілім, білімді жақтап, қараңғылыққа қарсы шыққан Абай өлең мен жырды, қара сөзді күрес құралы етіп таңдайды. Алғашында Қастеев шығармашылығында да Абай осындай сипатта көрініс табады. Абайдың даналығы, ілімпаздығы, ізденгіштігі қолына қалам, қағаз ұстап тұрған күйі бейнеленсе, кейде шабыт шалқарындағы жұмыс үстінде кескінделді. Әбілхан Қастеевтің Абайды танып, білуге арналған отыздан аса жұмысы белгілі. Оларды кескіндемеші жан-жақты қарастырып, әр түрлі бейнелеу техникалары мен материалдарда жұмыс істеген.
Бейнелеу өнерінде Абай образы әдебиеттегідей жан-жақты талданып, суретшілер өз туындыларында Абайға жаңаша тыныс беріп отыруға тырысты. Қазақ бейнелеу өнерінде Абай тақырыбына алғашқылардың бірі болып қалам тартқан кескіндемеші Әбілхан Қастеев еді. Суретші бұл тақырыпқа шығармашылығының бір ғана кезеңін арнап, бірнеше туындылар берумен шектеле қоймады. Ұлы ойшыл, дара тұлға Абай бейнесі Әбілхан Қастеев шығармашылығына ғұмырлық азық болды. Оның Абай тақырыбындағы ізденістері Абай мұңын, Абай тілегін, Абай күресін жырлауға негізделді. 1934 жылы суретшінің қарындашпен салған Абай портреті Қастеевтің абайтану әлемінің бастамасына айналды. Ілім, білімді жақтап, қараңғылыққа қарсы шыққан Абай өлең мен жырды, қара сөзді күрес құралы етіп таңдайды. Алғашында Қастеев шығармашылығында да Абай осындай сипатта көрініс табады. Абайдың даналығы, ілімпаздығы, ізденгіштігі қолына қалам, қағаз ұстап тұрған күйі бейнеленсе, кейде шабыт шалқарындағы жұмыс үстінде кескінделді. Әбілхан Қастеевтің Абайды танып, білуге арналған отыздан аса жұмысы белгілі. Оларды кескіндемеші жан-жақты қарастырып, әр түрлі бейнелеу техникалары мен материалдарда жұмыс істеген.
«Киіз үйдің жанындағы Абай» атты кескіндемелік туындысы 1938 жылы акварель техникасында орындалған, тұңғыш туындысы. Әлі кәсіби шеберлігі толық қалыптаспаған суретшінің бұл кездегі кескіндемелік жұмыстарының басым көпшілігі акварель техникасында орындалып, қарапайымдылығымен, тазалығымен, авторлық көзқарастардың айқындығымен ерекшеленеді. ¥лы ақынды қазақтың кең байтақ табиғатының аясында бейнелеген Ә.Қастеев қоршаған орта мен қазақ даласының кеңдігі арқылы ұлы ақын образын ашудың алғашқы қадамдарын жасайды.
Нулы орманды табиғат аясында ақ отау орналасқан. Киіз үй алдында кішкене ғана дөңгелек жер үстелде бірнеше кітаптары мен жұмыс үстінде ойға шомған ақын Абай ұлттық киімде малдас құра бейнеленеді. Жұмыс үстіндегі Абай арнайы ел жұрттан оқшауланып, киіз үйін табиғат аясына оңашалап тіккенге ұқсайды. Бұл ақынның осы жазды шығармашылыққа арнауды жоспарлағанын тұспалдаса керек. Ақын жайғасқан киіз үйдің сол жағында биік таумен қалың нулы қарағайды көреміз. Оның етегінде баяу сылдырап бұлақ ағып жатыр. Суретші бұлақ суының мөлдірлігін Абай жанының тазалығымен салыстыра келе, адалдықтың белгісі ретінде су астынан жылтыраған тастарды барынша анық кескіндейді. Биік тау суретші интерпритациясы бойынша Абай даналығының, ұлылығының, даралығының белгісі
болса, тау етегін жайлаған нулы қалың қара орман Абай қүрескен қараңғылықтың нышаны іспеттес. Дегенмен, Ә.Қастеев осы орманды Абайға қарсы шыққан надан орта, бай - шонжарлар секілді сұрықсыз етіп бейнелеуді мақсат етпейді. Ол қаншалықты Абайға тосқауыл болғанымен, ақын надандықтың құрбаны болған халқын соншалықты жақсы көрді, халқының болашағы үшін бүкіл ғұмырын сарп етіп, жанын құрбан етті. Міне Ә.Қастеев бейнелеген табиғат көрінісі, тау етегін жамырай жайлаған қара орман да соншалықты сұлу, әрі тылсым еді.
Тау етегіндегі жайлаған мөлдір бұлақты Қастеев ақын жанының тазалығымен салыстыратын жөні бар. Өйткені мөлдір бұлақ тау-тасты жарып шыққандықтан жаңа бір тіршілік бастамасы, өмір жалғасы. Абай да болашаққа деген үміт отын сыйлап, ілім мен білімге негізделген жаңа өмір бастамасына жол ашты. Алайда жылғалап аққан бұлақ жиектері шомбал тастармен жиектеліп, су арнасына төселген. Бұл да өз заманында ақынға кедергі болған топтың бейнесін аңғартса керек.
Абайдың сол жақ қапталында басына томаға кигізілген бүркіт бейнеленеді. Томаға киген бұл құс біріншіден қолда бапталған, еркіндігі мен тәуелсіздігінен айрылған. Әрине, ол қазақ табиғатын, саятшылығын тұспалдау үшін қолданылғанымен, нақты осы жұмыста Абай толғағандай жаны бұғауға түскен халық мұңымен пара-пар. Сондықтан кескіндемелік жұмыста бейнеленген әрбір бөлшек, табиғаттың жекелеген бөлігі ұлы тұлға Абай табиғатын, Абай бейнесін ашуда қолданылатын метафоралық теңеу әдістері болып табылады.
Абайды бұлайшы бейнелеу оның шығармашылығының басты тақырыптарын да қозғап, тұспалдап өтуі дер едік. Мысалы, табиғат ақын үшін ең сүйікті тақырыптардың бірі. Ал, осы туындысында Ә.Қастеев бейнелеген табиғат, қоршаған орта, күйбең тірлік Абай образын ашудағы символдық белгі. Бұл кейіпкер образын ашудың суретші таңдаған ең қарапайым көркемдік тілі, примитивті әдісі. Туындыда Абай жан-жағында болып жатқан оқиғаларды сараптаушы, бақылаушы және композицияның негізгі идеялық күші ретінде көрініс табады. Табиғат, қоршаған орта Абай бейнесіне бағындырылған.
Әрине, примитивті орындалған бұл туындылар бейнелеу заңдылықтарын, кеңістікті шешу, кеңістікте планмен жұмыс жасау, жазықтыққа дұрыс пропорциялы орналастыру, перспективалық қысқартулар секілді ережелерді толық игеріп болмаса да Ә.Қастеев бейнеленуші тұлғаның портреттік характерін жылдам қабылдап, тез жеткізетін ерекше қабілетін одан әрі дамыта түсті. Шығармашылығының алғашқы кезеңіндегі туындылардан осы аталған қемшіліктермен қатар, анатомиялық, пропорциялық қателіктер де көзге айқын көрінетін. Дегенмен бұл суретшінің ізденіс барысы, даму жолы болғандықтан мұндай кемшіліктердің болуының өзі заңды.
1945 жылы Әбілхан Қастеев Абай тақырыбына қайта оралады. Абай образын ашуда суретші енді ақынның шабыт шалқарындағы жастық шағының толық тұлғалық портретін жасау арқылы көркемдік шешім табу жолдарын қарастырады. Шабыттың келесі бір сәтті жемісі Абай бейнесін асқақтата түскен. Бойын тіктеп, қолына ұстаған кітабын оқу барысында алған әсерінен әлі арыла алмаған жас ақынды болашақтағы үлкен шығармалардың жоспары арқаландырып тұрғандай. Оның әсерін қолына кітап ұстаған күйі көзін алысқа қадап, терең ойға кеткен тұрысынан байқаймыз.
Маңдайы кең, классикалық тұрғыда алдынан ерекше түсірілген жарықпен бет-әлпеті нұрланған. Қабағын сәл түйіп, ой торлаған көз жанары мен керіле біткен қастары жас ақын тұлғасына ерекше сымбаттылық пен кербездік береді. Орта бойлы ақ құба келген медресе оқушысының жүзінен болашағына, өз таңдауына деген айқындылық пен сенімділік, білуге, тануға деген құштарлық сезіледі. Орта бойына шақтап қана тігілген ашық жасыл түсті шапаны кеуде тұсынан жалғыз түймемен қапсырылып, жағасы бағалы теріден тігілген. Бұл Абайдың ақсүйек отбасынан шыққанын дәлелдей түседі. Тік жағалы жейдесі ақынның орыс ілімінен хабары бар білімпаздығын айғақтайды. Әдетте, мұндай киімдерді Абай заманында медресе шәкірттері ғана киген. Басына киген шағын қара тақиясы да осы медресе киімінің үлгісі болса керек.
Кескіндемеші ақынның жастығына қарамай кенепті шектеулі түстерде ғана шешеді. Жасыл мұсылмандықтың, білімнің белгісі болса, ұлы тұлға Абай орыстан алған білімін ұлттық дәстүрімен, мұсылмандық парызымен үйлестіре білген. Қара түс Абайдың жас болса да сабырлы да салмақты бейнесін барынша аша түседі. Сонымен қатар қара түс Абай өміріндегі жақсы мен жаманның, ақ пен қараның, білім мен надандық арасындағы мәңгілік күрестің белгісі. Портрет аясы да қою жасыл мен қоңыр түстердің өзара қатынасында шешіледі.
1971 жылы Ә.Қастеев Абай бейнесіне қайта оралады. Абайдың бұл туындыда кемелденген шағындағы ел ағасы ретінде жартас етегіндегі тасқа жайғасқан күйі бейнеленген. Ел ағасы жасына келген бойын тіктеген күйі, сол баяғы жинақы да салмақты күйінде бейнеленеді. Кіршіксіз тазалық Абай бейнесіне мінсіздік сыйлайды. Үстіне жарасымды әрі қонымды тігілген еуропалық үлгідегі костюмі желбегей жамылған ақшыл түсті шапанымен қарама-қайшылықта үйлесе түскен. Бұл жолы Абай қолынан жас шәкірттің кішкене кітапшасын байқамаймыз. Тіпті кезекті өлең жолы жазылған парақ та көрінбейді. Абай Құнанбаев салынған мұқабасына А.С.Пушкин бейнесі мұқабасына түсірілген қомақты еңбекті қолына ұстап отыр. Бұл Абайдың орыстың классикалық әдебиетін еркін оқып, талқылағанын білдіреді. Сонымен қатар, қазақ халқы үшін ерекше құрмет тұтылатын Абай Құнанбаевты кескіндемеші орыстың классик ақыны Пушкинмен тең дәрежеде бейнелейді.
Бұл портреттік туындылардан Ә.Қастеев шығармашылығындағы тарихи портреттік бейнелерге тән өзіндік мәнерді байқауға болады. Бейнеленуші тұлға алдыңғы планға шығарылып, қалған көмекші детальдардың барлығы кейінге ығыстырылады. Тарихи тұлғаның қоғамдағы ролін, қызметін анықтап көрсететін затты кейіпкердің қолына ұстата бейнелеу де кескіндемеші қылқаламына тән. Мұндай тұлғаларға мінсіздік, кіршіксіз тазалық және сабарлылық тән. Тарихи тұлғалардың портреттері мүмкіндігінше реалистік сипат тауып, басқа сарындарға ұласпайды. Тек Шоқан бейнесінен ғана романтикалық сарын ұшқындарын байқай аламыз. Сонымен қатар, суретші образ жасауда әрбір атрибутты тарихи деректемемен дәйектеуге және тұлғаның тарихи өмір сүрген уақытымен сәйкестендіруге ұмтылады.
«Жұлдыз» журналы