Қотыр аудармадан қашан арыламыз?
Соңғы кездері мемлекеттік тілдің мiскін халіне қатысты дабылдар қайта қағыла бастағаны мәлім. Әсіресе, тіл жанашырларының билік биігінде қолдау табуы, бұл іске соны серпін бергендей.
Соңғы кездері мемлекеттік тілдің мiскін халіне қатысты дабылдар қайта қағыла бастағаны мәлім. Әсіресе, тіл жанашырларының билік биігінде қолдау табуы, бұл іске соны серпін бергендей.
Қазақстан заңнамасында терминдердің қолданылуын біріздендіру мәселелерін талқылауды мақсат тұтқан бұл жиынға модератор ретінде Президент Әкімшілігінің лауазымды өкілі, филология ғылымының докторы, кезінде Тіл комитетін басқарған ұлтжанды азамат Бауыржан Омаров шақырылған екен. «Бұл көп уақыттан бері талқыланып және жыл өткен сайын айқындалып келе жатқан мәселе, - деді Бауыржан Жұмаханұлы, - Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нормативтік құжаттар қатары көбейді. Олар жыл сайын жетілдірілуде. Заңнама жетілдірiлген сайын, жаңа терминдер пайда болады» деген ол, қазақша терминдер де қалыспай, дер кезінде жетілдіріліп отыруы керектігін айтты. Б.Омаров бұл іске Парламенттің қос палатасындағы, Үкіметтегі тәржімамен, лингвистикалық мәселелермен айналысатын азаматтардың көп үлес қосқандығын атап өтті. «Соның арқасында нормативтік-құқықтық құжаттардағы термин проблемалары бірте-бірте реттелуде. Бірақ соған қарамастан, бұл салада ақылдасатын, айқындап, дәлдейтін мәселе әлі де жеткілікті. Біз соларды талқылауға, бір ізге түсіру үшін шешім шығаруға жиналып отырмыз» деді ол.
Осыдан кейін сөз алған Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі Н.Төленбергенова елең еткізерлік жаңалық айтты: Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік тілдік стандарт жасап жатыр!
Қазір «мемлекеттік қызмет көрсету стандарты» деген бар, сол сияқты енді биліктегі барлық мемқызметшілерге бірдей мемлекеттік тіл стандарты түзілетінге ұқсайды.
- Мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталықтарында оқытуды бірізділендірудің кезі келді! - деп мәлімдеді кеше Нәзира Төленбергенова,- оқыту әдістемелері бірыңғайландырылғаны жөн. Бәріміздің істейтін жұмысымыз, сайып келгенде, біреу ғана. Сондықтан бір стандарт түзіледі. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік тілдік стандарт жасау мәселесімен шұғылдануда. Дайын болғанда, ол жеке бір отырыстың әңгімесіне айналады деп ойлаймын. Арнайы тұсауы кесіледі.
Ал Әділет министрлігінің Лингвистика орталығының бастығы Н.Примашев заң жобаларындағы сауатсыздықтың қайран қалдырарлық мысалдарын келтірді. Мәселен, сіз «кіші соттар жүргізушісі» дегеннің кім екендігін білесіз бе? Ал бір заңның қазақша нұсқасы осымен қазақ тілділердің басын ауырта жаздаған! «Бізге түсіп жатқан материалдардың ішінде өте оңай, тіпті мектеп оқушысы да аудара алатын тіркестер лингвистикалық сараптамаға бағытталып жатады, - дейді Нұрзада Примашев. - Мысалы, жақында ғана бір заң жобасы түсті, онда «маломерные суда» деген тіркесті «кіші соттар» деп алыпты. Содан келіп, «судоводители маломерных судов» дегенді «кіші соттардың кеме жүргізушілері» дейді». Нұрзада Маханбетұлы «былайша қарағанда, күрделі емес» осындай жаңсақ аудармалардан кейін «күрделі мәселелер» туындайтындығын, жұмысты басқа, бұрыс жолға алып кететіндігін ескерте келе, әртүрлі меморгандардан жиналған әріптестерін осыған басты назар аударуларын сұрады. Ал жиынға Мәжілістен, облыстар әкімдіктерінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, сондай-ақ Төтенше жағдайлар, Көлік, Білім, Ауыл шаруашылығы, Еңбек, Қорғаныс, Мұнай және газ министрліктерінен тілге жауапты тұлғалар шақырылған болатын.
Әділет министрлігінің өкілі жиналғандарды тіксінткен бір жайтты мәлім етті. «Ресми мәтін» деген бар, барлық меморгандар өз қызметінде соған сүйенеді. Осы орайда Н.Примашев 2007 жылы «Жеті жарғы» баспасы шығарған қазақша Ата заңды ала келіпті: «Конституцияның 61-бабында заң шығару бастамасы құқығы кімге берілетіні көрсетіледі, - деді ол,-2007 жылы мамыр айында Конституцияға өзгерістер енгізілді, Президентке заң шығару бастамасы құқығы берілді. Мы-нау - 2007 жылы сол реформадан кейін шыққан Конституцияның мәтіні! Мұнда заң шығару бастамасы құқығы Президентте жоқ, 61-бапта. Бірақ бұл Конституцияны ашсаңыз, онда мұның «ресми мәтін» екендігі жазылған. Сонда кімге сенуіміз керек? Қай нұсқасы дұрыс? Бір қызметші қате жіберген, сол жіберген қате бүкіл мемлекеттік органдарда және олардың сайттарында ілулі тұр».
Кезінде Жоғарғы Кеңестен бері ел Парламентінде жұмыс істеп, Сенатта аударма, лингвистикалық талдау және актілер басылымы бөлімін басқарған Мәди Айымбетов бар түйткілдің қазақша заң жазылмайтындығында екендігін айтады. «Заң жазғанда, аударма ізімен, аударма аясынан шыға алмай, көптеген орашолақтықтар кетті, - деп еске алды ол, - әсіресе, 90-шы жылдар ортасында. Оны жақсы білеміз. Бұл - заңның Қазақстанда ресми тілде жазылуының кесірі. Нәтижесінде, заңдардың қазақшасын оқығанда, аударманы оқып отырғандығыңды нақ сезінесің» деген М.Айымбетов қазаққа лайықталған, қазақи ұғымдағы, қазақтың дүниетанымына сәйкес жазылған заңның жоқтығын айтты.
Мұның бір мысалын Н.Примашев келтіріп өткен болатын: «Қолданыстағы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда, 10-баптың 3-тармағында азаматтарға жақын туыстары атқаратын қызметке «тiкелей бағынысты лауазымға тұруына» тыйым салынады, - деді ол, - солардың қатарында орысшасындағы «братьями и сестрами» дегенді «ағалы-інілер, апалы-сіңлілер» деп алған. Осы орайда қазақша мәтіні бойынша, туыстардың бірі ағасымен жұмыс істей алады. Өйткені «қарындас» қалып қойған».
Жиында Төтенше жағдайлар министрлігінің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы А.Кендірбекұлы осы салада қазақша сауатты терминдерге тапшылық барын ашық айтты. «Мемтерминкомның сүзгісінен өтіп, бекітілген, терминдерді түгелдей жіктеп, жіліктеп беретін толыққанды сөздік әлі қолға тиген жоқ, - деді Ахмет Кендірбекұлы. - Осыдан аттай екі жыл бұрын төтенше жағдайлар саласында жиі қолданылатын терминдердің бір шоғырын жинақтап, нақты айтсақ, 3860 терминді, әрине, оның ішінде асылы да, жасығы да болуы мүмкін, тілші-терминші ғалымдардың талқысынан өткізіп, Мемтерминком бекітуі үшін Мәдениет министрлігінің Тіл комитетіне тапсырған едік. Алайда осы күнге дейін кірген із бар да, шыққан із жоқ». Ал таяуда баспадан шығып, Тіл комитеті таратқан Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс энциклопедиялық анықтамасын ол «аты дардай болса да, орыс тіліндегі энциклопедияның әлсіз аудармасы ғана» деп бағалады. А.Кендірбекұлының айтуынша, осы сала бойынша кездейсоқ адамдар «жұқалы-жуанды кітаптар шығарады», алайда күнделікті өмір ондағы терминдердің сала тіршілігімен қабыспайтындығын аңғартты. Әрі аудармашылар бір терминді әркелкі аударып жүр. «Мысалы, Мемтерминком төтенше жағдайлардың ең басты бір термині «аварияны» «апат» деп бекіткен. «Катастрофа» сөзін болса, «жойқын апат» деп алып жүрміз. Алайда іс жүзінде соңғы кезде қабылданған барлық заңнамаларда, Үкіметтің құқықтық-нормативтік актілерде «авария» авария, «катастрофа» апат деп жазылады. Ал катаклизм сөзі де сол тақілеттес» дей келе, сөзінің қорытындысында ТЖМ басқармасының бастығы төтенше жағдайлар саласындағы терминдердің «төтенше», «бөтенше» емес, өзімізше айтылатын, баршаға дәл болатын күннің алыс еместігіне үміт білдірді.
Айхан ШӘРІП
«Айқын» газеті