Ерлан Қасенов. Ілияс Жансүгіров. Жалғыздық
(І.Жансүгіров поэзиясындағы «жалғыздық» концептісінің лингвокогнитивтік сипаты)
(І.Жансүгіров поэзиясындағы «жалғыздық» концептісінің лингвокогнитивтік сипаты)
Адам баласының когнитивтік санасында «жалғыздық» концептісі ерекше орын алғаны белгілі. Себебі, өлімнің алғышарты да кейінгі салдары да адам баласының қайғыру әрекетіне ұласып, белгілі уақыт өлшеміне сәйкес жекеленуге, яғни жалғыздыққа әкеліп тірейді. Бұл - жаратылыстың бұлжымас заңдылығы. «Жалғыздық» - ислам дінінің тірегі Таухид ілімінің негізгі ұғымдарының бірі. Жалғыздық - тұтас жаратылысты, мән мен барлықты Жаратушы Алла Тағала, соның ғана қасиет белгісі. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деу, Қазақ танымының тірегі Канондық Ислам екенін көрсетеді. Бұл, Қазақ халқының әулие, хакім, данышпан және ғұламаларға құрметпен қарағанын, бірақ өлшеусізбен өлшенгендерді қабылдамағанын байқатады. Жалғыздық - философияда да негізгі ұғым - категория, сөз өнерінде, сол сияқты бейнелеу өнерінде басты көркемдік эстетикалық мотив» [1, 120-121 б.]. Ал «Сопылық дүниетанымға негізделген жыраулық қолданыста жалғыздық пен жекелік өзара іргелес те, алшақ та ұғымдарды беретін когнитивтік бірліктер ретінде танылады. Жалғыз және жеке сөздері лексика-семантикалық бірлік ретінде бір деңгейдегі мағыналас сөздер болғанымен белгілі бір ұлттың тілдік-мәдени контексіндегі менталды бірлік - концепт ретінде кейде бір-бірімен сәйкесе бермейді. Жалғыздық концептісі жыраулық поэтикада бір, тақ, жалғыз сөздерінің ұғымдық аясында айқындалады. «Жалғыздық тек аллаға жарасқан» деген философиялық концепция бойынша жалғыздық жеке адамдар үшін «жаман» деп бағаланса, жекелік керісінше, «даралық, өзгеден ерекшелік, артықшылық» ретінде бағаланады. «Құм жиылып таc болмас, құл жиылып бас болмас» деген қанатты қағиданың астарында жалпы көпшіліктің немесе бірыңғайлықтың антиподы жеке, яғни дара тұлға туралы таным жатқаны аңғарылады» [2, 22 б.]. Поэтикалық мәтіндегі концептілік құрылымдардың көрінісі туралы зерттеген ғалым А.Әмірбекова «жалғыздық» концептісіне тоқтала келе: «Жалғыздық - бұл метафизикалық концепт. Бақыт ұғымы секілді түсінілуі күңгірт ұғынылуы мен танылуы қиын ұғым» - деген пікір білдіреді [3, 54 б.].
«Жалғыздық құдайға ғана жарасқан», «Жалғыз жігіт жарымас» деген сияқты т.б. паремиологиялық бірліктерден байқалатын жалғыздық туралы халықтық ұғым-түсінік өлең тілінде, ақын І.Жансүгіровтың көркемдік танымында ерекше қырынан айқындала түседі. Поэтикалық мәтіндегі «жалғыздық» концептісінің психологиялық аспектісі: дүниеден аулақтану, жапанды жалғыз кезу, оты өшу фреймдері арқылы танылады. Философиялық аспектісі тағдыр, жан бағу, өмір кешу, дүние фреймдерімен беріледі. Мысалы:
Көңіліне Құлагерден құйылып мұз,
Күйкиіп отыр таста Ақан байғыз. .
Жан тынышын елден емес, жерден тапқан,
Сондай бір адам бопты жаны жалғыз («Құлагер» поэмасынан).
Мұнда «жалғыздық» концептісі «жаны жалғызсырау», «күйкиіп отыру», «жан тынышын іздеу» фрейм-сценарийлары арқылы танылған. Олар стереотиптік ассоциациялық таңбалар арқылы қалыптасқан.
Ақын туындыларындағы, яғни поэтикалық мәтіндегі «жалғыздық» концептісінің көрінісі индивидуалды түсінікте және поэтикалы бейнеленуінде автордың жеке ситуациялары мен метафоралау тәсілдері арқылы танылатыны анықталды. Оны мынадай когнитивтік моделдер арқылы көрсетуге болады:
«Жалғыздық - тыныштық» когнитивтік моделі. Жан күйінің тыныштық табуға ұмтылысы жалғыздыққа апарады. «Терең түкпірдегі ерен жан қозғалыстарының санамен бүркемеленуі. Бұл атаудың мағыналық бөлшектері үнсіздік, толғаныс, тұңғиыққа батқан ауырлық (ой), тылсым» [4, 97 б.].
«Шат көңілді», «теңіз көңілді» азап алып «жабырқап жапан түзді жалғыз кезген» адамның өмірдегі шарасыздығы өліммен тең, бірақ өлімді мойындай отырып өмір сүру - өзге әлемге ену. Демек, шарасыздық - өмір сүре отырып өлу. Өмір мен өлімнің аражігі тек физиологиялық жақтан ғана өлшенбесе керек. Осы ретте, шарасыздық, шарасыз болу, әрекетсіз қалу қазақ ұғымында «тірі өлік», «міскін» тілдік бірліктерімен сипатталады. Ол тұмшалануға, жекеленуге, бөлек бір «тыныш әлемді» іздеуге әрекеттендіреді.
Тентіреп тауда ұдайы, таста қаңғып,
Оты өшкен, бойында жоқ жас құмарлық;
Кеткенде қызық тарқап, қаны суып,
Айдаған ай далаға жаны қуып.
Жап-жалғыз тауды, тасты мекендеген,
Жанына жолатқызбай жанды жуық.
Өмірден жиіркеніп көңілі суып,
Қалғандай айналадан өзге туып («Құлагер» поэмасынан).
Бұл жолдардан танылатын жалғыздық - тұрмыс-тіршіліктегі жалғыздық емес, құлазыған рухани жалғыздық. Ақынның ойсурет, фреймдік сценарийлік танымында қарастырылған «жалғыздық» концептісінің мәтіндегі тілдік экспликациясы: оты өшу, құмары тарқау, қызығы тарқау, қаны суу, көңілі суу элементтері арқылы көрінеді.
«Жалғыздық - ішкі азап» когнитивтік моделі. «Адам - Әлем, Әлем - Адам» десек, адамның рухани болмысының күйреуінен жалғыздыққа жетелейді, өмірі тек жабығу мен құлазудан тұрады.
Адам көңілінің құлазуы кейде адам атаулыдан аулақтауға, жалғыздыққа жетелейді. «Жалғыздық» - «дүниеден аулақтану», туған елден кете алмау - «азап». Философиялық тұрғыдан түсіндірер болсақ, ішкі жанның әлдебір абсолютті күшке ұмтылуы.
Ол күнде осы тауда жалғыз жан жүр,
Дүниеден аулақтанған дабыр-дүбір,
Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп,
Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр.
Таба алмай тыныштықты туған елде,
Кете алмай біржолата бөтен жерге,
Тартқанда жалғыздықтан жаны қорлық,
Төсеген талай ерлер оққа кеуде («Құлагер» поэмасынан).
Дүниеден аулақтану - фрейм. Санадағы стереотиптік ассоциациялық таңбалар арқылы қалыптасқан. Қазақ танымында дүниеден аулақтану бұл әлемнен жоғалумен пара-пар. Жоғалу. Абай тілі сөздігінде: «құру», жойылу», «жоқ болып кету», «із-түзсіз құрып кету» [5, 265 б.]. Концепт бойынша: адамның дүниеден бөлектенуі, өзге әлемге жол тартуы, өзін-өзі ұмытуы, ішкі тартыстың жоғалуы. Ғалым Қ.Жаманбаева мұны «адамның өзінің ішкі «Менімен» бас тартуы, процеспен тұтасуы, өзін өзінен, дүниеден бөлу, өзін-өзі ұмыту» - деп түсіндіреді[4 , 95 б.].
«Жалғыздық - көңіл жайлауы» когнитивтік моделі. «Көңілдің Көкшетауы» - көңілдің көркі, Көкшетаудың сұлулығы. Бұл поэтикалық теңеу ақын поэзиясында «Көңілінің Көкшетауы қуаң тартып, Қызығын қайғы орағы кеткен орып» түрінде қолданылады. «Қызығын қайғы ору» - ойсурет. Санада бейнелеу арқылы қалыптасқан.
Көңілге көлеңкенің сызат түсіруі жалғыздыққа жетелейді.
Бір күнде болған жігіт жан жайлауы,
Қайда оның күлкі, ойынмен жайнаңдауы?
Құлазып күзді күнгі Көкшетаудай,
Қызықтың көшіп кеткен - сар жайлауы («Құлагер» поэмасынан).
Адамның көңіл жайлауы алуан түрлі сезімнің шетсіз-шексіз кеңдігі, оның жаз жайлауының көрінісіндей сан алуан қалпы. «Қызықтың сар жайлауы көшіп кетуі» - бұл өмірде қызық пен думанның қалмауы, ән мен сәннің жоғалуы, құрдымға кетуі, құлазу, жалғызсырау.
Түсіндірме сөздікте «жалғызсырау», «жабырқау», «көңілсіздік басу» деп түсіндірілген «құлазу» - концепт бойынша: тірі пенденің ішкі жан дүниесінің қаңырауы болып ұғынылады.
«Жалғыздық - батырлық» когнитивтік моделі. «Жалғыздық» ұғымы ұлттың таным кеңістігінде бірде жағымды, бірде жағымсыз астар беретіні аңғарылады. Жалғыздық жаман ұғым туындатқанменен, жекелік үнемі жаман болып табылмайды. Ол бірде азап, бірде қорлық болса, кейде батырлық ұғымымен де шектеседі. Сондықтан «жалғыздық» концептісіне жалаң әрі бір жақты қарауға болмайды.
Көргенде мұны халық қалды қатып
«Мынаған шыға алмас-деп-ешкім батып!»
Қораға түскен жалғыз жолбарыстай,
Ол тұрды, көрген көзді таңырқатып.
Жайраңдап Жайсаң Ақан қаймыққан жоқ,
Жүрегін жолбарыстан айнытқан жоқ.
«Жат елде жалғыз жүрмін» деп именіп,
Болар деп түбін қалай қайғыртқан жоқ («Құлагер» поэмасынан).
Мұндағы «Қораға түскен жалғыз жолбарыстай», - ойсурет. Санада эпизодты бейнемен салыстыру арқылы қалыптасқан.
«Жалғыздық - қорлық» когнитивтік моделі.
«Жалғыздық. Дарашылдық. Жапа -жалғыз қалу. Дүниеден, әлемнен бөліну. Өзінің жанын аластау» ғана емес, жалғыздық - қорлық[4, 97 б.].Абай тілі сөздігінде: «жалғыздық көру - кемшілік көру, опық жеу, жалғызсырау» [5, 236 б.].
Төмендегі өлең жолдарында «жалғыздық» ұғымын танытатын тілдік бірліктер түгел дерлік санада метафораланған.
- «Өмір бітті, Еділ?» деп,
«Молам - қойның, ақ өзен,
Ақ көйлегім - кебін!» деп
Еділге өзін көмгені...
Жау қолында ел таппай
Жалғыз, әлсіз, панасыз...
Жан саялар жер таппай,
Өлімге өзін бергені... («Дала» поэмасынан).
Жақын жоқ, жанашыр жоқ, жалғыз қалып,
Құз қара зарлап жатыр, дір-дір қағып.
Бәйгені ас етіндей жұлқылап жүр,
Біреудің жіліншігін малға шағып («Құлагер» поэмасынан).
«Еділге көму», «жақыны болмауы», «жанашырсыз қалу» қайғы емес, күйіну. «Күйіну - ызалану, қапа болу, назалану, кею» [5, 339 б.]. Сондықтан мұндағы жалғыздық азаптанумен, «жан азабымен» байланысты көрінеді.
«Жалғыздық - кедейлік, әлсіздік» когнитивтік моделі.
Ақын танымында жалғыздық әлсіздікті, кедейлікті танытады.
Жабыла жалғыз үйге жау мұңдалап
Шаң басты, шабуылмен қырды, жойды.
Айы жоқ, жиі жұлдыз. Қара түнек
Жыраңқай бір тасада өзегірек
Жалғыз үй, жарым-жанды кемпір мен шал.
Лықылдап бір топ бала жатыр түнеп («Рүстем қырғыны» поэмасынан).
Поэтикалық мәтіндегі «қара түнек», «жалғыз үй», кемпір-шал», «топ бала» ұғымдары өзара ассоциациялық тізбек құрып, «қара түнек» қорқыныш, үрейді, «жалғыз үй» дәрменсіздікті, «кемпір-шал», «топ бала» әлсіздікті танытады. Мұндағы «жалғыз және көп қазақ халқының концептуалдық танымында дүниенің жақсы және жаман бөліктері ретінде бағалауыштық өлшемге ие» [3, 21 б.].
«Жалғыздық - өкініш, уайым» когнитивтік моделі.
Жаратылыс заңдылығы - туу, өлу. Тіліміздегі «бірге тумақ бар да, бірге өлмек жоқ» паремиологиялық бірлігі астарындағы ой адамның түбінде жалғыздық торынан құтылмайтынын танытып, «қайғы» концептісімен астасатынын аңғартады.
Өмірдегі тосын жағдайлар мен себептердің әсерінен, кенеттен келген ажалдың салдарынан зор қайғы, өкініш туындайтыны белгілі.
Құлагер шапсаң бауырың жазылатын,
Жерошақ тұяғыңмен қазылатын.
Құшақтап қу далада қалдым жылап,
Жазым боп жау қолынан жалғыз атым! («Құлагер» поэмасынан).
Қазақтың жылқы аңсатқан жарлы, байын,
Жарлыны жалғыз атсыз алды уайым («Құлагер» поэмасынан).
Айы жоқ, жиі жұлдыз. Қара түнек
Жыраңқай бір тасада өзегірек
Жалғыз үй, жарым-жанды кемпір мен шал.
Лықылдап бір топ бала жатыр түнеп («Рүстем қырғыны» поэмасынан).
Қазақ ұғымындағы «өшкен жанбау» орны толмас өкінішке әкеліп, шексіз «уайым» қайғы әлеміне бастайды. Бұл абстрактылы ұғым поэтикалық мәтінде «қу далада жылау» ойсуреті арқылы танылады. «Шындық дүниедегі көрнекі бейнелерді жалпылап, нәрселердің ішкі қасиеттерін, табиғат пен қоғамның заңдылықтарын абстрактылы ойлау арқылы танып біледі. Абстрактылы ойлау дүниетанудың екінші, жоғары сатысы болып табылады. Сезімдік танымға қарағанда ойлау дүниені тереңірек және толығырақ танып білуге мүмкіндік береді» [6, 199 б.].
Поэтикалық мәтінде концепт бейнелі репрезентацияда танылып, бүтіннің бөлшегі модельдерімен объективтенген.
Қорыта айтқанда, І.Жансүгіров поэзиясы бойынша «жалғыздық» концептісін сипаттайтын тезаурус: жалғыз қалу, жақынсыз қалу, жанашырсыз қалу, жалғыз жүру, өмірден жиіркену, ай далаға жаны қуу, жаны жалғызсырау, жан тынышын іздеу, уайым алу, қу далада жылау, т.б. тіркестердің семантикасы арқылы айқындалып, әлсіз, панасыз, байғыз сөздерімен ассоциацияланады.
«Қайғы» ұғымын танытатын оты өшу, құмары тарқау, қызығы тарқау, қаны суу, көңілі суу, мұз құйылу, қайғы орағы ору, көңілін қуаң тарту, т.б. фразеологиялық бірліктер «жалғыздық» концептісінің мәнін дәл айқындайды. Ақын поэзиясы «жалғыздық» концептісін танытатын концептілік құрылымдардан (фреймдер, сценарийлер, ойсуреттер т.б.) тұратындықтан «жалғыздық» ұғымының мәні барынша толық көрінеді.
ҚАСЕНОВ Е.С.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, ф.ғ.к., Алматы қаласы.
Әдебиеттер тізімі:
1. Шаңбай Т. Ұғым мәдениеті.Алматы:Раритет, 2009. - 352 б.
2. Нұрдәулетова Б. Жыраулар поэтикасындағы дүниенің концептуалдық бейнесі. Ф.ғ.д.диссер.автореф.Алматы, 2008. - 47 б.
3. Әмірбекова А. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М.Мақатаев поэзиясы бойынша). Алматы, 2006. - 124 б.
4. Жаманбаева Қ. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана. Алматы: Ғылым, 1998. - 140 б.
5. Абай тілі сөздігі. - Алматы: Ғылым, 1968. - 734 б.
6. Қосымова Г. Шешендік өнердің негіздері. - Алматы: Баянжүрек», 2007. - 296 б.
Негізгі әдебиет:
І.Жансүгіров. Құлагер. Алматы: Атамұра, 2003. - 360 б.
«Абай-ақпарат»