Зағип жандарға қазақ тілінде кітаптар жоқ
Бүгін Мәжілісте мақұлданған инклюзивті білім беру заң жобасына қатысты Қазақстан Республикасы Премьер – Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжановқа хат жолдадым.
ХХІ ғасыр ақпараттық және жаңа технологиялар кезеңі болғандықтан, кітапхана ақпарат орталығы ретінде өз оқырмандарының кез-келген сұраныстарына жауап бере алатындай болуға тиіс.
Алайда көз жанарынан айырылып, өмір соқпағына түскен, айналасындағы әлемді саусақ ұшымен танитын тағдырлы зағип жандардың көңіліне демеу болатын қазақ тіліндегі бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптардың жоқтығы алаңдатады.
Бүгінгі таңда елімізде осы санаттағы жандарға арналған 1 республикалық, 7 облыстық, 4 қалалық арнайы кітапханалар және 5 бөлім қызмет көрсетеді. Республика бойынша арнайы кітапханаларға соңғы жылдары тіркелген жанары әлсіз оқырмандар саны – 18 128, зағип оқырмандар саны – 13 545. Оған қосымша көру қабілеті бұзылған оқушылардың саны - 8532. Ал, зағип балаларға арналған 11 арнайы мектепте 1439 бала білім алуда. Еліміздегі індет ахуалына байланысты бұл санаттағы балалар біліммен мүлдем қамтылмай отыр.
Мұның сыртында іштен тынып, тағдырына көндіккен қаншама ауылдағы көмекке зәру бауырларымыз бар. Олардың бәрі мемлекет пен қоғамның қолдауына мұқтаж. Бұл дегеніңіз зағип жандар қазақ тіліндегі әдебиет атаулыдан мақұрым қалды деген сөз.
Арнайы кітапхананың ақпарат беретін негізгі қуат көзі - бедерлі-нүктелі қаріптегі (Брайль жүйесіндегі) кітаптар. Бірақ елімізде мұндай кітаптарды басып шығаратын баспахана болмағандықтан, олар басқа елдерден Брайль оқулықтарын сатып алуға мәжбүр.
Мәселен, ресейлік «ЧУ ИПО Чтение ВОС», «Логос» және «МИПО Репро» баспаханаларынан орыс тілдегі кітаптар қымбат бағада сатып алынуда.
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында «Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың тең қолжетімділігін құру және әлеуетін асыру үшін, 2025 жылға дейін көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған мемлекеттік тілдегі кітапханалар қоры 10%-ға ұлғайтылатын болады» деп нақты көрсетілген. Мұның шешімі әрине, баспахана ашу мәселесіне тіреліп тұр.
Біріншіден, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі көзі көрмейтін зағип жандарға жалпы жабдықталған білім мазмұнына сәйкес арнайы индивидуалды қажеттіліктерді өтейтін білім беру бағдарламасын әзірлеу қажет.
Екіншіден, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі педагогикалық колледждер мен университеттер аясында зағип жандармен жұмыс жасайтын тьютр, куратор, кітапханашы сонымен қатар ең аяғы денешынықтыру сабағына дейін барлық пән мұғалімдерін яғни арнайы педагогикалық мамандарды әзірлеу бағдарламасын және оларға мемлекеттік тапсырыс механизмін енгізуі маңызды.
Үшіншіден, Мәдениет және спорт министрлігі зағип жандарға арналған қалалық, облыстық, республикалық арнайы кітапханаларда мемлекеттік тілдегі брайль жүйесімен бедерлі-нүктелі қаріптегі әліппе, кітаптар тағы да басқа оқу ресурстарымен қамтамасыз етуді қолға алған жөн.
Осыған орай жоғарыда айтылғандарды назарға ала отырып, Қазақстанда бедерлі-нүктелі қаріпте (Брайль жүйесімен) кітаптар шығаратын өнеркәсіптік ауқымдағы баспахана ашу қажет.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі баспахананың негізінде мемлекеттік тілдегі мерзімді басылымдарды да шығарып отыруды назарға алған жөн.
Конституцияда барлық адамдарға тең құқық беру көзделгенін ескерсек, қазіргі таңдағы қолға алып жатқан инклюзивті білім беру заң негізінде арнайы білім алудағы білім қажеттіліктері бар, денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мемлекет тарапынан қамқорлыққа алып, олардың Конституциямен белгіленген білім беру құқығын қамтамасыз етуіміз қажет.
Бұл мәселе «Нұр Отан» партиясының жіті бақылауында болмақ.
Мақпал Мыса
Abai.kz