«Тең» бе, әлде «қатар» ма?
Кейде бір ғана сөз бүтін бір жүйені анықтап береді.
Қазір жобада:
«Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған.
Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін іштен әлсірететін норма, оған сөз жоқ.
«Тең» деген – құқықтық тілде бірдей мәртебе, бірдей салмақ деген сөз. Бейнелеп айтқанда, бір еркекке бір уақытта тиген екі әйел де бәйбіше деген уәж. Олай болуы табиғатқа қайшы...
Яғни:
– қазақ тілі атауда ғана мемлекеттік,
– ал іс жүзінде орыс тілі сол мемлекеттік функцияны тең атқарады.
Бұл – жасырын түрде қосмемлекеттік режимді білдіреді.
Ал егер осы сөзді «қатар» деп ауыстырсақ не өзгереді?
«Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады» дегенде:
– қазақ тілі 1-тармақ бойынша негізгі, басым, басқару тілі болып қалады;
– орыс тілі – қолданылуы мүмкін, бірақ тең құқықтық салмақ алмайды.
Айырмашылық мынада:
– «Тең» → екі орталықты меңзейді,
– «Қатар» → бір орталық + қосымша мүмкіндікті нұсқайды.
Бұл өзгеріс:
- ешкімді кемсітпейді;
- ешбір тілді тыймайды;
- бірақ мемлекеттің нақты тілдік иерархиясын қалпына келтіреді.
Бұл шешім - кәзіргі геосаяси ахуалға амалсыз келісу актысы. Мәселе тілде емес.
Мәселе – мемлекеттің өз атрибутын өзі мойындауында. Бұған дейін ол аяққа тапталды.
Мемлекеттік тіл – этноқұндылық емес, мемлекеттік тіл – басқару институты.
Сондықтан Конституцияда:
– «тең» емес,
– «қатар» болғаны бұрынғы парадокстан тәуір.
Бұл — барынша құқықтық дәлдік.
Бірақ қазақ тілінің шын мәнінде мемтіл болуы заңға ғана қарамайды, ең алдымен қазақтың өзіне деген талапқа тәуелді, сосын барып, басқалар соған бағынуға мәжбүр болады.
Мені бір нәрсе қуантып отыр – халықтың осы жолы әрі сауатты, әрі тегеурінді белсенділігі.
Енді елге ие болудың тағы бір талабы – Тәуелсіз Сайлау жүйесін болдыру!!! Атазаңда оған арнайы бап болуы керек!
Бұл - биліктің бірден бір бастауы және Егемендік иесі - халық дегенге апаратын жалғыз жол.
Серік Ерғали,
мәдениеттанушы, заңгер
Abai.kz