Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3376 0 пікір 25 Сәуір, 2012 сағат 06:06

Сәкен Сыбанбай. «Лад» Ресейден көмек сұрамақ!

«Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясымен жарық көрген Сәкен Сыбанбайдың «Ділдің дерті» кітабынан үзінділер беруді жалғастырамыз. «Лад» Ресейден көмек сұрамақ!» атты мақала 2004 жылы жазылыпты. Содан бері 8 жыл өтсе де Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік саясаты еш өзгермегініне, орыстілді баспасөз бен саяси ұйымдардың ойына келгенін істеп, аузына түскенін сөйлеп жүргеніне кезекті мәрте көз жеткізесіз.

«Абай-ақпарат»

«Журналисты в беде» қоғамдық қоры (Қазақстанда мұндай да қор бар екен) «Сөз және шығармашылық бостандығына қауіп төнді!» деген тақырыппен үндеу жариялапты. Мұндай үрейлі үндеудің қабылдануына Алматыдағы Медеу аудандық соты шығарған шешім себеп болса керек. Еліміздегі Алматы, Шымкент, Жезқазған, Қызылорда, Талдықорған секілді қала атауларын Алма-Ата, Чимкент, Джезказган, Кзыл-Орда, Талды-Курган деп жазып, «қазақ мемлекеттілігін мойындамағаны, қазақтарды құрметтемегені, менсінбегені үшін» (талапкердің арызында осылай жазылыпты) «Аргументы и факты Казахстан» газетін Мақсұт Оразай есімді алматылық азамат сотқа берген болатын. Жоғарыда аталған сот оның талап-арызын орынды деп тауып, газетті бұдан былай қалалардың ресми атауларын еліміздің Конституциясында және «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңында көрсетілген қалыпта, бұзбай жазуға міндеттеген-ді.

«Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясымен жарық көрген Сәкен Сыбанбайдың «Ділдің дерті» кітабынан үзінділер беруді жалғастырамыз. «Лад» Ресейден көмек сұрамақ!» атты мақала 2004 жылы жазылыпты. Содан бері 8 жыл өтсе де Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік саясаты еш өзгермегініне, орыстілді баспасөз бен саяси ұйымдардың ойына келгенін істеп, аузына түскенін сөйлеп жүргеніне кезекті мәрте көз жеткізесіз.

«Абай-ақпарат»

«Журналисты в беде» қоғамдық қоры (Қазақстанда мұндай да қор бар екен) «Сөз және шығармашылық бостандығына қауіп төнді!» деген тақырыппен үндеу жариялапты. Мұндай үрейлі үндеудің қабылдануына Алматыдағы Медеу аудандық соты шығарған шешім себеп болса керек. Еліміздегі Алматы, Шымкент, Жезқазған, Қызылорда, Талдықорған секілді қала атауларын Алма-Ата, Чимкент, Джезказган, Кзыл-Орда, Талды-Курган деп жазып, «қазақ мемлекеттілігін мойындамағаны, қазақтарды құрметтемегені, менсінбегені үшін» (талапкердің арызында осылай жазылыпты) «Аргументы и факты Казахстан» газетін Мақсұт Оразай есімді алматылық азамат сотқа берген болатын. Жоғарыда аталған сот оның талап-арызын орынды деп тауып, газетті бұдан былай қалалардың ресми атауларын еліміздің Конституциясында және «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңында көрсетілген қалыпта, бұзбай жазуға міндеттеген-ді.

Мұндай нәтижені күтпесе керек, «АиФ-Казахстан» газеті бұл мәселеге өзінің төрт бетін арнап, көпшіліктен төрелік іздепті. «Халық не ойлайды?» деген айдармен берілген сауалнамада елге белгілісі бар, белгісізі бар біраз адам пікірін білдірген. Оның ішінде Қазақстанның халық жазушысы Герольд Бельгердің ойы өзгелерден ерекшеленіп тұр: «Қазақ ауылының тәрбиесімен өскен мен үшін, сөз жоқ, дұрысы - Алматы! Бәрі құрметтейтін жазушы Дмитрий Снегин де осындай пікірде еді. Алма-Ата - ойдан шығарылған атау, өткен ғасырдың 20-жылдарында, большевиктер кезінде пайда болды. Егер кейбіреулер қаланың аты өздері үшін әуезді естілгенін қаласа, «Алма-Ата» деп айта берсін, бірақ оны «Отец яблок» деп аудармасын, ол дұрыс емес».

Г.Бельгердің жауабын «өзгелерден ерекше» дейтін себебіміз, сауалнамаға қатысқан басқа адамдардың барлығы дерлік «Алма-Атаны» қолдап шыққан (ашық қолдамағандарының өзі «қалай жазылса да маған бәрібір» сыңайындағы сипай қамшылаумен шектелген). Басқасы басқа, «Алма-Атаны» аңсап жүргендердің қатарынан қазақтың әйгілі әншілерін көреміз деп ойламаған едік.

Мәселен, Роза Бағланова: «Әрине, Алма-Ата жақсы! Алматы дегенді кімнің ойлап шығарғанын да білмеймін (шамасы, бұ кісі қала баяғыдан «Алма-Ата» деп аталып, «Алматы» дегенді кейін біреулер ойлап тапқан деп есептейтін болса керек - С.С.)... Алма-Ата - алмалар қаласы деген сөз (сонда «Алматы» нені білдіріп тұр? - С.С.). Ал Алматы септелмейді де ғой!» (ойпыр-ай, қазақ енді өз қаласының атын орысша септелу-септелмеуіне қарап қоюға да мәжбүр ме? - С.С.) - деп, қатты ренжіпті.

Бибігүл Төлегенова: «Орысша - Алма-Ата, қазақша - Алматы. Бірақ маған Алма-Ата ыстығырақ. Мен бұл атауға бауыр басып кеттім...» - деп, ағынан жарылады.

Ермек Серкебаев болса: «Тек Алма-Ата! Мен бұл қаланы 80 жыл Алма-Ата деп атап келдім (ал қазақ халқы қанша ғасырдан бері «Алматы» деп атап келе жатқанын Ерекең білмей ме, әлде білгісі келмей ме? - С.С.). «Алматы» біртүрлі дөрекі естіледі. Бұдан құтылу керек - және неғұрлым тезірек болса, соғұрлым жақсы», - деп салыпты.

Бұл жерде бізді бүкіл ұлт болып ұлықтайтын адамдардың жеме-жемге келгенде «баррикаданың арғы бетіне» ауыса салуы таңдандырып тұрған жоқ. Кеңес өкіметінің қолынан «жем жеп» қалған «зиялылардың» кімнің тарысы піссе, соның тауығы бола салатынына бойымыз әбден үйренген. «Олар қалайша өз ана тілінің айтылу-жазылу ерекшеліктеріне назар аудармайды?» - бізді айран-асыр ететіні осы. «Алматы» - «Алмалы» деген сөз ғой! Қазақ тілінде қазір тек қатаң дауыссызбен бітетін атауларға («Шарбақ+ты», «Қамыс+ты») ғана жалғанып жүрген «-ты» жұрнағы ілгеріректе ұяң және үнді дауыссыздармен, тіпті дауысты дыбыспен аяқталатын сөздерге де жалғанып, «-лы» жұрнағының қызметін атқара берген. «Өлеңті», «Шідерті» сияқты жер атаулары халық шығармаларында аз кездеспейді.

Ал «Алма-Ата» - орыстардың ойдан шығарған атауы. Оны қолдаушылар «бұл да қазақша ғой, сонда қазақтарға ол неге жақпайды?» деп таң қалады. Жоқ, «Алма-Ата» - қазақша емес. Бұл қазақ тілінің ешқандай заңдылығына сәйкес келмейді. «Алманың атасы» деген мағынаны да білдірмейді. Шын мәнінде «Алма-Ата» - «Алматыны» айтқысы келмеген, оны қазақ тілінің заңдылығына сай жазуды қаламаған жұрттың бұрмалаған сөзі (Қарағандыны да сөйтіп «Караганда» деп алған жоқ па?). Әйтпесе, «Алматы» деген сөзде орыс тіліне таңсық ешқандай әріп жоқ. Ендеше орыстілділер бұған неге қарсы? Өйткені, олар «Алматы» деп айтса, жазса, қазақ мемлекеттілігін, ондағы қазақ тілінің үстем болуы керектігін мойындап қойғандай болады. Ал мұны олардың ешқашан мойындағысы келмейді. Есесіне, «Алма-Ата» атауы оларды баяғы кеңестік кезеңге, ешкім қазақ тілі туралы, титулды ұлт туралы әңгіме қозғауға батпаған бақытты шақтарға жетелейді. Оның үстіне, бұрын, кеңес өкіметі тұсында қазақтың көпшілігі ауылда тұрды, қалада басқа ұлт өкілдері басым болды. Кейінгі жылдары Алматыда қазақтар көбейе бастады, «Алма-Ата» деп емес, «Алматы» деп айтушылардың саны күрт өсті. Қазір орыстілділер қаланы қазақтардың өзінен қызғануға көшті. Сондықтан да сол тілдегі баспасөз «Алма-Атадан» айрылмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға бар.

Тек «АиФ-Казахстан» ғана емес, ресейлік газеттердің қазақстандық қосымшаларының бәрі де Алматыны - Алма-Ата, Шымкентті - Чимкент, Қызылорданы - Кзыл-Орда деп жазады. Рас, олар - Ресей газеттерінің қосымшалары. Бірақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген ғой. Демек, олар осы мемлекеттің заңына бағынуы керек, Қазақстанның заңнамасында жағрафиялық атаулар қалай бекітілсе, солай айтып-жазуға міндетті. БАҚ қай тілде шықса да (қазақ, орыс, ұйғыр, т.б.), қай тілде хабар таратса да, атаулар заңнамада көрсетілген нұсқада болуға тиіс.

«Қазақтар Россияны - Ресей, Москваны - Мәскеу, Омскіні - Омбы деп жазса да, орыстар үндемей жүр ғой. Онда олар да қазақтарды сотқа берсін!» деген уәж айтушылар да бар. Иә, қазақ баспасөзі жоғарыдағы орыс атауларын өз тілінің ерекшелігіне икемдеп жазады. Бірақ мұнда тұрған ешқандай заң бұзушылық жоқ. Өйткені, қазақ газеттері Қазақстанда шығады, Ресейдің Конституциясына немесе заңнамасына бағынбайды. Егер Ресейде шығатын қазақ басылымы (мысал үшін) «Мәскеу», «Омбы» деп жазса, кез келген ресейлік азаматтың «мына газет Ресей мемлекеттілігін, оның тілін, заңын мойындамай отыр» деп, сотқа беруіне болар еді. Сол сияқты кейбір орыстілді басылым өкілдері Римнің итальян тілінде Roma, Париждің французша Paris деп жазылатынын, сонда да олардың дәл солай жазбағаны үшін ешкімді сотқа беріп жатпағанын мысалға келтіреді. Әрине, олар бізді (өзге ел басылымдарын) сотқа бере алмайды! Өйткені, итальян және француз заңнамасы, ол тілдердің жазылу нормасы Қазақстанға (және басқа да елдерге) жүрмейді! Ал егер бір қазақ не орыс Италияда жүріп, сол елдегі БАҚ-та «Рим» деп жазсыншы - сонда проблема басталады. Әрине, олар істі сотқа да жеткізбейді, өйткені, ешкімнің заңды бұзуына жол бермейді.

Мұның бәрін, шыны керек, мектеп оқушысы да жақсы біледі. Бірақ біздің елдегі орыстілді журналистер еш қысылып-қымтырылмастан осыларды мысал ретінде келтіре береді. Меніңше, мұның үш себебі болуы мүмкін: не олардың басындағы бары осы, не әдейі білмегенсіп, оқырманды шатастырғысы келеді, не қай елде өмір сүріп жатқандарын ұмытып қала беретін склероз дертіне ұшыраған...

Хош, сонымен «Журналисты в беде» қоғамдық қоры не дейді?

Оқыңыз: «Мемлекеттік орган өзінің «басшылық нұсқауларын» меншік иесі мемлекет болып табылатын басылымдарға ғана орындата алады, жеке меншік БАҚ... нені қалай жазуды, тіпті әріптер мен сызықшаларды қалай қолдануды өзі шешуге құқылы... Үкімет, Президент әкімшілігі және басқа да мемлекеттік органдар, егер мемлекеттік тілдің беделін көтерудің басқа тәсілін таппаса, қазақ атауларының орыс тілінде жазылуының әртүрлі формаларын заңдастыра берсін. Бірақ мемлекеттік органдар тек мемлекеттік БАҚ-қа ғана бұйыра алады, жеке меншік басылымдарға да солай жасаса, жеке меншіктің дербес құқығын сақтау мен қорғау туралы конституциялық норманы аяққа таптау болып табылады...».

Сонда осы мемлекеттің министрлігінде тіркелген басылымдар сол мемлекеттің заңын мойындамай ма? Бұл шектен шығу емес пе?

Аталған үндеуді қолдаушылар да табылды. «ҚДТ» партиясының Ақмола облысындағы баспасөз қызметінен Владимир Намовир деген біреу «Кәдімгі фашизм?!» деген атпен баспасөз хабарламасын жолдапты. Мұның сөзінің қасында әлгі қоғамдық қордың байбаламы - өгіздің өкіргенімен салыстырғандағы бұзаудың мөңірегеніндей ғана. «...Нацистік Германияда кітаптарды отқа өртесе, бүгінгі авторитарлық Қазақстанда әлемді фашистік індеттен құтқару үшін өзінің 30 миллион азаматын құрбан еткен халықтың тілі сотталды» деп күңіренеді В.Намовир. Ал Қазақстандағы «Лад» славян қозғалысының төрағасы Климошенко одан да асып түсіпті. «...Соттың шешімі орыс тіліне ғана емес, ең алдымен, елдегі орыстілді халыққа қарсы бағытталған, - дейді ол. - Осы әрекетімен билік қоғам және мемлекет өміріндегі өзге ұлт азаматтарының қандай орын алуға тиіс екенін ұқтырды. Біз бұған, әрине, үн қатпай отыра алмаймыз. Ресей өкіметі де мемлекетаралық, интеграциялық процестердің дамуына сына қағатын бұл оқиғаға лайықты баға берер деген ойдамын. Биыл Қазақстандағы Ресей жылы екенін еске алсақ, соттың бұл шешімі - Ресейді және президент Путинді өте шамдандыратын және қорлайтын шешім...».

Бұлардың сөзіне қарап отырсаңыз, Алматының Медеу аудандық соты «АиФ-Казахстанды» қазақ қаласының ежелгі атауын дұрыс жазуға емес, құдды Ресей шаһарының атын өзгертіп жазуға міндеттеген сияқты. Осыдан кейін «қазақстандық ұлт», «қазақстандық патриотизм» деген әңгімені қалай қозғауға болады? Бұлардың Отаны - Қазақстан болса, осы елдің патриот азаматымын десе, заңды орындап отыра бермей ме, қазақ мемлекеттілігін қалыптастыруға атсалыспай ма? Жоқ, бұлар Қазақстанды Отан деп санамайды. Өйткені, сыртта өз Отаны бар, қит етсе, «құтқара гөр!» деп соған жүгінеді, соған жүгіреді. Әйтпесе Қазақстан қаласының қалай жазылуында Путиннің не шаруасы бар? Оның басқа айналысатын жұмысы жоқ па екен?

Рас, біздің елдегі орыстілді қауым «Қазақстанның патриотымыз, біздің Отанымыз - Қазақстан!» деп жиі айтады. «Қазақстандық ұлт» идеясын жабыла қолдап жатқандар да солар. Бірақ олар қай кезде патриот? Елімізде онсыз да ойқастап тұрған орыс тілінің осы үстемдігі сақталған кезде ғана! Олар «қазақ тілінсіз қазақстандық ұлт» болғысы келеді! Қазақ тілінің, қазақ ұлтының басымдығы туралы әңгіме басталған замат олар «патриоттық» бетсірісін (маскасын) лақтырып тастайды да, қазақпен ашық жауласуға көшеді. Тіпті, көріп отырсыздар, тарихи Отанынан көмек сұрауға дейін барады! Бұл - қандай патриотизм? Осыдан соң, Мақсұт Оразайдың неліктен сотқа жүгінуге мәжбүр болғанына таңдану мүмкін бе?

Тіл, ұлт мәселесіне келгенде біздің билік - өте жалпақшешей, тіпті жалтақ, жағымпаз деуге болады. Мұндай мәселенің бәрін заң арқылы тастай ғып шешіп, тіпті қайтадан әңгіме қозғап, талқылауға тыйым салып тастаудың орнына солқылдақтық танытып отыр. Нәтижесінде ұлттық санасы ояу миллиондаған қазақтың ар-намысы аяққа тапталады, «олай емес, былай ғой!» деп түсіндіруден жүйкесі жұқарады (оны түсініп жатқан, тіпті түсінуге тырысып жатқан жұрт та некен-саяқ). М.Оразайдың әрекеті - мемлекет өз заңын өзі орындата алмағаннан кейін, бәлкім, орындатуға еш пәрмен көрсетпегеннен кейін, амал жоқ, жаны күйгеннен жасалып отырған тірлік.

Жалпы, мемлекеттің заңын, тілін мойындамайтын, «біз мемлекеттік органға бағынбаймыз» деп мінез көрсететін, Қазақстан халқын бірлікке шақырудың орнына, құжат жүзінде бекітіліп қойған атауларды ары тарт та, бері тарт қылып, жұртты дүрліктіретін осындай басылымдарға қашан тыйым салынады? Елімізде онсыз да орысша басылым жетерлік, Ресейден келетін бір құшақ газет тағы бар. Ендеше, «үй ішінен үй тігіп алып», ел арасына іріткі салатын «АиФ-Казахстан», «Известия-Казахстан», «Труд-Казахстан», «КП в Казахстане», «МК в Казахстане» секілді газеттер керек пе, өзі?!

«Ділдің дерті», мақала 2004 жылы жазылған.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371