Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 4900 3 пікір 6 Мамыр, 2021 сағат 15:11

«Жас қазақ» әні қалай шыққан?

немесе майдангер композитор Рамазан Елебаев туралы

Сонау 1942 жылдың ысқырған аязды күндерінің бірінде Алматыдан, кейіннен аты әлемге әйгілі болған майдан шебіндегі В.И.Панфилов дивизиясын толықтыруға бірнеше  эшелон толы Қазақстандық жауынгерлер аттанған болатын. Нақтырақ айта кетсек, бұлардың көбі өз еріктерімен ел қорғауға сұранған қазақ жігіттері еді.

Осы майданға аттанған азаматтардың ішінде, кейіннен Кеңес Одағының батыры атағын алған Төлеген Тоқтаров және сол кездегі жас композитор Рамазан Елебаевта бар еді. Олар мінген эшелон бірнеше күн жүріп барып, Мәскеуге таяу келіп тоқтайды. Бұлар толықтыратын 1075-ші  полк Ново-Никольск елді мекеніне орналасқан болатын. Полкқа қосылуға жаңадан келген жауынгерлерді осы ауылдағы мақта тоқу фабрикасының клубына орналасқан комиссия қабылдады. Комиссияны басқаруға ол кезде капитан дәрежесіндегі Бауыржан Момышұлы тағайындалып, полк комсомол ұйымының хатшысы Балтабек Жетпісбаев, автоматшылар ротасының саяси жетекшісі, артынан Кеңес Одағының батыры атағын иеленген Мәлік Ғабдуллин, тағы басқалары еді. Осы арада тоқталып айта кетеріміз, Рамазан Елебаев полк комиссарының хатшысы болып тағайындалады. Ал, полк комиссары Ахметжан Мұхамедияров болатын. Сол кездің өзінде елімізге айтарлықтай танымал болып қалған Рамазанның жай-күйін сұрай келе, Бауыржан Момышұлы, полктегі өнерпаз жігіттердің басын қосып, майдан даласындағы жауынгерлерге концерт ұйымдастыруға ұсыныс жасайды. Бұл сөзді қуана құп алған Рамазан дереу бел шеше кіріседі. Сөйтіп, соғыс өтінде жүрген жауынгерлердің арасынан әнші, домбырашы және биші жігіттерді жинап, репетиция өткізеді. Олардың ойын-сауығына жиналғандар алыста қалған елдегі күндерін еске алып, бір жасап қалады. Жауынгерлер әсіресе, Рамазанның «Кабардинка» биіне қайта-қайта қол соғып, ерекше ықылас білдіреді. Осы әнші, копозитор Рамазанның тағы бір әдеті, соғыс арасындағы тыныштық кезінде, қолына қаламы мен дәптерін алып, өзінің ойынан, шабытынан туған әндерді жазып отырған. Соның бірі атақты 28 панфиловшыларға арналған «28 батыр» атты әні еді. Әннің сөзін жазуға атақты Бәукен және Мәлік Ғабдуллин көмектесті. Бұл ән жауынгерлерге өте ұнады. Оларға жорық жолында зор рух берді. Кейіннен, бұл әнді «За Родину» газетінің редакторы, көпке белгілі Жамбыл ақынның аудармашысы болған Павел Кузнецов орыс тіліне аударады.

 «Жас қазақ» әні қалай шықты?

Осыларды айта отырып, Рамазан Елебаевтың қазақ еліне кеңінен тараған «Жас қазақ» әнінің қалай туғаның айта кетейік. Бұл ән өзінің қасында жүрген, майдандас серігі Төлеген Тоқтаровқа арналған. Жорық жолында жүріп, талай ерліктің үлгісін көрсеткен қанды көйлек досы келесі бір қояма -қолтық шайқаста абайсызда мерт болады. Қатты қиналған досы, гармонын арқалай жүріп, біраз күндерден кейін, ел ауызындағы айтулы «Жас қазақ» әнін шығарған еді. Кейіннен, майданда көрсеткен орасан ерліктері үшін Шығыстағы Ұлан ауданының азаматы Төлеген Тоқтаровқа Кеңес Одағының Батыр атағы беріледі.

1943 жылдың қаңтар айында майдандағы дивизияға Алматыдан Ғабиден Мұстафин жетекшілік еткен бір топ мәдениет қайраткерлері келді. Бұл топпен, атақты әнші Жүсіпбек Елебеков, танымал әртіс Елубай Өмірзақов, биші Аркадий Астахов, әртістер Шәрипа Тұрсынбаева, Қамаш Баубекова, тағы басқалары келген болатын. Армия басшылары мен жауынгерлер оларды құшақ жая қарсы алды. Елден келген бұл өнер қайраткерлері қалың әскердің алдында концерт ұйымдастырады. Бұларға Рамазан бастаған өнерпаз жігіттерде араласып кетті. Концерттен кейін Жүсіпбек Рамазанның «Жас қазақ» әнін елге ала баруды ойлайды. Бұған Рамазан Елебаев қуана келісімін береді. Бұлардың айтып отырған әнін сүйсіне тындаған Ғабиден Мұстафин, - Жүсіпбек мына әндерің керемет екен. Бұрын естімеген едім. Тек, мағыналы болу үшін, сөздеріне аздап өзгерістер кіргізейік. Сөйтіп, Ғабиден атамыз «Жас қазақтың» сөзін қайта жазып шықты. Рамазан болса, елден келген  бұл азаматтарға риза болып, өзінің шығарған әнін елге ала кетуіне қуанышты екендігін  көрсетеді.

Қар жамылған кең дала, қанға бөгіп,

   Күркіреді сұр аспан өлім төгіп,

   Жас қазақ,

   Мұрттай ұшты уралап.

   Жанын қиып жас өмірден,

   Асқақтаған арманға өрмелеген.

   Жас қазақ,

   Жатты көзі от жайнап.

   Қапысын тапқан зұлым жау, масаттанып,

   Отыр еді өзіне мейір қанып,

   Жас қазақ,

   Атылды оқ боп көре сап.

   Алтын шапақ ақ иек, атқанда таң,

   Қалғанынша денеде бір қасық қан,

   Жас қазақ,

   Жатты жауын жаныштап.

   Сол бетінде жан берді, ол турмады,

   Ары үшін елінің боп құрбаны,

   Жас қазақ,

   Бәрің соған ұқсап бақ!

   Ел қорғаған майданда жас арыстан,

   Тоқтаровтай артында қалар дастан.

   Жас қазақ,

   Міне саған мәңге бақ!

Рамазанның жорықта жүрген жауынгер достары батыр Төлегенге арналған осынау әнді жаттап алып, соғыс арасында  айтып жүрді.

Жалпы, Ақмола облысының Еңбекшілдер (қазіргі Біржан сал ауданы) ауданында туып өскен, жас компазитор Рамазан  Елебаевтың сұрапыл  соғыс жолында жүріп, жазған «Талғар полкінің маршы», « 28 батыр», «23-ші полк маршы»  тәрізді бұған дейін жазған әндерін орыс тіліне аударған сол кездегі майдандық газеттің  редакторы Павел Ивановичь Кузнецов іле-шала осы «Жас қазақ» әнін де аударып, газетке шығарады.

Иә, Рамазан батыр інісі Төлеген Тоқтаровқа осы әнімен өнер тарихында биік ескерткіш қалдырды. Кейіннен, бұл әндердің авторы Рамазан Елебаевта майданда ерлікпен қаза табады. Өзінің осы өшпес шығармаларымен тек қана Төлеген мен «28 батырға» және тағы басқа сол майдандағы  жауынгерлерге  ғана емес, ол өзіне де,  ескірмес, мұқалмас естелік қалдырып кетті.

Рамазанның табиғи талантына сол кездегі штаб дивизиясының бастығы полковник Серебряков пен дивизия комиссары Егоров та аса тәнті болған еді. Олар Рамазанның шығармашылықпен айналасуына қамқорлық жасап, шығарған әндерін жауынгерлерге жаппай айтып жүруге арнайы бұйрықта шығарған болатын.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371