Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4371 0 пікір 26 Сәуір, 2012 сағат 07:32

Азаптауларды болдырмаудың Ұлттық алдын алу тетігі қандай болғаны ләзім?

 

 

2008 жылы Қазақстан Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияның факультативтік хаттамасын қабылдаған болатын. Аталмыш хаттамаға сәйкес, Қазақстанға азаптауларды болдырмауды қарастыратын Ұлттық алдын алу тетігін (превентивті механизм - авт.) құру міндеті жүктеледі. Осы тетікті қалыптастыру үшін Үкімет Мәжіліске арнайы заң жобасын да ұсынып еді. Жақында өткен дөңгелек үстелде осы жобаның тұсауы кесілді. Ұлттық тетікке қатысты пікір екіге жарылғанын байқадық.

Әлбетте, халықаралық қауымдастық азап­таулардың барлық түрлерін адамдық қасиетті қорлау деп біледі. Демократиялық, құқықтық мемлекет жолын таңдаған Қа­зақ­стан да өзінің ең жоғары құндылығы ре­тінде адам және оның бостандығы мен құқығын атады. Сондықтан Тәуелсіздіктен бері адамның құқын қадірлейтін ұлттық заңнама тетіктері қалыптасып, ізгілендіру жұмыстары жалғасып келеді. Дегенмен түрмедегі тергеу изоляторларында, уақыт­ша оқшаулау орындарында түрлі азаптау­лар­дың арагідік орын алып отыратыны да біразырақ байқалған. Кеңес Одағының кесірлі кезінде әбден сыналап «жұққан» осы­нау дерттен арылу да оңайға соқпай­тыны айқын. Дегенмен мемлекет өз құнды­лығын сақтап, әрбір азаматтың конститу­ция­лық құқын қалпына келтіруге жәрдем жасауы шарт. Үкімет ұсынған заң жоба­сы­ның негізгі мәні де осыған саяды. Заң жобасының негізгі мазмұны халықаралық талаптар үдесінен шығу үшін Қазақстанда азаптауларды болдырмау үшін Ұлттық алдын алу тетігін енгізуді қарастырады.

Ұлттық алдын алу тетігі деген не? Оның мәнін бір сөзбен шегелесек: түрмелерде және басқа да бас бостандығынан айыру немесе шектеу орындарында азаптауларды болдырмау үшін қоғамдық бақылауды күшейту. Сөйтіп, мемлекет өзі бір ұлттық тетікті тағайындайды, ал соған қатысушы­лар азаптаулардың алдын алу бойынша меке­мелерді аралап тұратын болады. Осындай ұлттық тетіктің әлемде бірнеше түрі бар. Сондықтан да факультативтік хат­та­маға қосылған әрбір мемлекет өзінің құ­қық­тық алаңына, ұлттық заңнамасына қа­рай өзіндік ұлттық тетікті таңдап, енгізіп, сол бойынша жұмысты жандандыруы керек. Әлемдік өркениеттің арасына таралған үлгілерге келсек, біріншісі - ұлттық тетік ре­тінде қызмет ететін ұйымдарды тарту. Мәселен, Мексика ұлттық тетік ретінде Адам құқықтары жөніндегі комиссияны тағайындаса, Косто-Рика, Дания, Швеция және Армения ұлттық омбудсменді таға­йындапты. Эстония әділет канцлеріне уә­кіл­дік берген. Ұлттық тетіктің екінші үлгісі - омбудсмен мен үкіметтік емес ұйымдар­дың (бұл ресми тілде «омбудсмен+» аталады -авт.) бірлескен әрекетінен тұрады. Бұл үлгіні Словения, Молдовия енгізген. Үшінші үлгі бойынша бірқатар қолданыста қызмет ететін органдардың басын біріктіріп, соларды ұлттық тетік ретінде пайдалану көзделеді. Мәселен, Жаңа Зеландия­да ұлттық тетік функциясын Адам құқық­тары жөніндегі комиссияға, омбудсмен кеңсесіне, полиция қызметін қадағалайтын тәуелсіз орган секілді төрт-бес органға жүк­теген. Төртінші үлгі - жаңа ұйым құруды қа­рас­ты­рады. Мәселен, Франция түрме­лер­ді қада­ғалайтын Бас инспекция құрған. Ал Парагвайда азаптауларға қарсы ұлттық ко­митет жұмыс істейді. «Қазақстандағы азап­­таулар­ға қарсы ұлттық тетікті қалып­тас­тыру үшін біз, негізінен, екінші үлгіні таң­дап алдық. Заң жобасы да соған негізделген. Ондағы басты мақсат - бас бостан­ды­ғынан айыру ор­ындарындағы мониторинг ауқы­мын ке­ңейте түсу. Сосын бұл үде­ріс­те Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл­дің рөлі артады. Осы­ған орай, заң жобасы арқылы Адам құқық­тары жөніндегі уәкілге мандат бері­леді», - дейі әділет вице-министрі Дулат Құс­дәу­летов. Оның айтуынша, ұлттық тетік­ті қа­лып­тастыру үшін Қазақ­станда Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл мен үкі­меттік емес ұйымдар бірлесіп, түр­ме­лерге қоғамдық бақылауды күшей­те­тін болады. Ол үшін үкіметтік емес ұйым­дар­мен арна­йы келі­сім­шарт жасасуы да көз­деліпті. Сөй­тіп, азап­таулар болуы мүм­кін деген бір­қатар нысандар да осындай қо­ғам­дық бақылау­дың ықпалында ұстала­ды. Әлгін­дей меке­ме­лердің тізімін Әділет министрлігі де тізіп шығыпты. Мәселен, олар­ға түзеу мекемелері, тергеу изоляторлары, алко­голь мен ес­ір­ткіден мәжбүрлеп емдеу ор­та­лықтары, қоғамнан оқшаулау­дың уа­қыт­ша мекемелері, ерекше ұстау режиміндегі білім мекемелерін қосқанда барлық қамтылатын­дар саны 450-ге жуық­таған.

Сөйтіп, азаптауларға қарсы Ұлттық алдын алу тетігін қамтитын заң жобасы жария болды. Алайда сол сәттен бастап бұл құжат бірқатар ұйымдардың да, депутат­тардың да сынына ілікті. Дегенмен алдағы жұмыс тобы шеңберінде Әділет министрлігі жіберген олқылықтардың орнын толтырып, шала жобаны пісіруге мүмкіндік қарастырылған.

Владимир Нехорошев, «Нұр Отан» ХДП заңнама және заң шығармашылығы комитетінің мүшесі:

- Азаптаудың, адамгершілікке жатпайтын әртүрлі қорлаудың көпшілігі жауап алу, тергеу кезінде орын алатыны бел­гілі. Менің ойымша, бұл біздің қыз­мет­керлеріміздің кәсіби деңгейінің тө­мендігін білдірсе керек. Кезектен тыс ат­тестация өткелі жатыр. Өкінішке қарай, сол аттестациядан кейін жоғары кәсіби білімді, адамгершілігі мол полиция қыз­меткерлері ғана іріктеліп, олардың бар­лығы заңды қатаң сақтайтын болады деп күте алмаймын. Сондықтан да бұл бағыт­та тыңнан қадам керек. Қызметкерлердің кәсіби білімін жетілдіру қажет.

Жеміс Тұрмағамбетова, «Адам құқықтары жөніндегі хартия» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

- Мен қоғамдық ұйымдар келісімшарт жасасуы керек дегенге түк түсінбей­мін. Біздің қор 20 жыл бойы азаптауларға қарсы жұмыс істеп келеді. Екіншіден, Ұлттық алдын алу тетігінің мүшесі ретінде неге біз еш кедергісіз мекемелерде адамдар азапталып жатқанын, олардың жағдайы қандай екендігін біле алмаймыз? Заң жобасында түрмелерге, мекемелерге келіп, жағдайды көзбен көріп тұру мерзімі Адам құқықтары жөніндегі уәкілге шексіз болғанымен, қалған төрт адамнан тұратын басқа мүшелерге 450 мекемені жылына екі реттен артық ара­лауға рұқсат етілмейді. Кешіріңіз, бұл жағ­дайда қай орында қандай азаптау­дың, қорлаудың орын алғаны анықтау да мүмкін болмайды. Халықаралық тәжі­ри­беде ешкімге айтпастан, аяқ астынан, тәуліктің кез келген уақытында түрме­лер­ге барып, ондағы жағдаймен танысу­ға мүм­кіндік қарастырылады. Бұл бізде неге жоқ?

Сәуле Мектепбаева, Халықаралық түрме реформасының Орталық Азия өңірлік директоры:

- Менің ойымша, осы заң жобасы жүзе­ге асса, онда оның қызмет аясы, яғни азаптауларға қарсы қоғамдық бақы­лау жұмысы шамамен 800 мекемені қамтуы тиіс. Ішкі істер министрлігінің ғана емес, білім және ғылым, денсаулық сақтау, еңбек мекемелері қамтылуы шарт еді. Дөңгелетіп айтсақ, 200-300 мың адам­ның өміріне қатысты мәселелер қам­тылуы керек деп білемін.

Қанат ҚАЗЫ, Астана

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366