Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 6930 21 пікір 18 Мамыр, 2021 сағат 14:08

Құрмет жездем, Амантай қажы және Батыр аналар...

Сонымен Қытайда жүргізіліп жатқан геноцидке ұшыраған туыстарын босатуды талап еткен бір топ ананың Алматыдағы Қытай Консулының алдына барып ереуіл жасап келе жатқанына бүгін тұп-тура 100-ші күн!

Бұл туралы сәл кейінірек тоқталамыз. Алдымен...

Бірінші лирикалық шегініс:

Алматыда менің Құрмет деген жездем тұрады. Тегі – Қабылғазы. Шыңжаңның Баркөл аймағының тумасы. Кезінде Нәнжіңнен оқыпты. Шыңжаң Қоғамдық ғылым академиясының Орта Азия зерттеу институтында қызмет атқарған. Ел Тәуелсіздігін алған сәтте барлық қызметін тастап, отбасымен Алматыға көшіп келген. Орайы келіп тұрғанда айта кетейін, Қытайдан келгендердің ішіндегі ең білімдісі – осы менің Құрмет жездем Қабылғазыұлы! Оның орны Алматының базарлары емес, министрлік еді. Амал не, қазақтың бір дарынды ұлының ұшан-теңіз білімі пайдаланылмай, қор болып барады. Бір кезде Тұманбай ағама айтып, жездемді Әл-Фараби атындағы Қазақ университетіне қызметке орналастырғым келді. Жездем бір «Көсемнен» ақыл сұрапты екен, «Саған ол жер қол емес, уақытың өтіп кетті, ғылымнан қарайып қалдың!» - деп, десін қайтарып тастапты.

Кінә кімнен?!

Біреу өзінен дейді. Ал, мен айналасындағылардан көрем. Адамды құртатын – жасаған ортасы!

Құрекеңнің үйіндегі кісінің аты – Айгүл. Айгүл менен бір-ақ жас үлкен. Өзі біздің Қызайдың қызы. Сол үшін Құрекеңді жезде деп қалжыңдаймын. Ол да «Балдызым!» деп, көрсе жаны қалмайды. Бірақ, соңғы кезде ол менен «қашып» жүр. Шамасы маған қарсы ішкі және сыртқы күштер оған қысым жасайтын болуы керек!

Иә, тоқсаныншы жылдары шеттен келген қазақтардың алғашқы қадамын базардан бастағаны белгілі. Базарда жүріп, сол беті көміліп қалған зиялылар мен таланттар аз емес. Бірен-саран қыз-жігіттер кейін базарды тастап, алған мамандығы мен қуған кәсібін жалғастырып, өздерінің діттеген мақсаттарына да жетті...

Екі мыңыншы жылдың жазында мен де үш-төрт ай Райымбек даңғылы мен Розбакиев даңғылының қилысындағы «Овтопка» атанып кеткен базарда жүрдім. Нақтырағы – тағы бір жездемнің дүкенін ашып тұрдым. Жолдың арғы бетіндегі овтом сататын Құрекеңдерден жемек-ішпек тауарларын бергі бетке алып келіп, паршалап немесе жекелеп сатам. Дүкен ашу үшін алатын еңбекақым күніне жүз теңге.

Сол маңда «Аққу» деген кафе бар. Оны Жеңіс Жараханұлы мен жолдасы Нүргүл ашады. Түсте содан барып түстік ішеміз. Бірде мен отырған үстелге Құрмет жездем келіп отыра қалады. Бірде Құрмет отырған үстелге мен барып отыра кетем. Екеуміз бірге отырып тамақтанамыз. Мен асығып жүрем. Тамағымды тез-тез ішем де, базарға қарай жүгірем. Есеп жасағанда Құрекеңдікін де төлей салам. Бұл әрекет күнде солай жалғасып жатты. Құрекең былқ етпейді, менің оның тамағының ақшасын төлеуім күнделікті қалыпты жағдайға айналып бара жатты. Мен де соны бір елең құрлы көріп, шашылдым-ау деп ойлап жүргем жоқ.

Бір күні Жеңіс аға маған ұрысты, «Ауыт-оу, өзің әрең жүріп, елдің тамағының ақысын төлей бересің бе?! Ана байлар өздері төлесін де...» деп.

Құрмет жездем естіп тұр. Мен айтарға болмаса, Жеңіс ағадан қысылып қалдым да, «Сол төлеуді Құрекеңдерге үйретіп жүрмін ғой...» -деп, құтылдым да бұрылып жүріп кеттім. Ертесі Құрекең күліп қарсы алды. Төледі. Бұл сөз желдей есіп, бүкіл жұртқа тарады да кетті.

Құдай көзін ашсын, содан бастап, жездем үнемі төлей бастайтынды шығарды... Тіпті, Құрмет отырған жерде ақша шығындамайтын болдым мен... Бір құрмет емес, мені көргендердің біразы төлей бастайтын болды...

Екінші лирикалық шегініс:

Амантай қажы Асылбек ақсақалды білмейтін қазақ жоқ. Қазақстанның ғана емес, ол кісіні бүкіл дүние жүзі біледі десем, артық айтқандық емес шығар.

Амантай Хантемірұлы 1992 жылы «Аттан, Қазақстан» бейбіт шеруінің жалпыхалықтық штабын құрады. Сөйтіп, ақ қалпағы мен ақ шапанын киіп, ақ таяғын қолына алып, аттандап жүріп, Семей полигонын жабуға көп үлес қосқаны белгілі.

Біз Атажұртқа оралған тоқсаныншы жылдары Амантай қажының атағы дүркіреп, дауысы қатты шығып тұрған кез екен.

Тұманбай аға ол кісіні жақсы көретін. «Амантай Асылбеков бастық болған кісі. Ұмытпасам, демалыс орындарына жолдама беретін органды басқарды. Адамдарға жақсылық жасағысы келіп тұратын жігіт. Маған да көмектескені бар. Бірақ, кейін неғып аттандап кеткенін білмеймін, балам», - дегені есімде.

Біреулер ол кісіні қолдан әдейі жасаған тұлға, белгілі бір мекеме қаржымен қамдап отырады дейді.

Мүмкін, ол да рас шығар.

Әйтпесе, Сейфуллин мен Шевченко көшелерінің қилысындағы жуан-жуан, биік-биік ағаштардың басына «Аттан, Қазақстан!» деген жазуы бар ұзын плакаттарды ілудің өзі оңай шаруа емес. Амантай Хантемірұлы ол плакатын көтеріп, үлкен сарайларда өтіп жатқан кештерге де кіріп келгенін талай көрддік. Мұхтар Әуезов театрында өтіп жатқан Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына кіріп келіп, саханада сол он-он бес метрлік сол плакатын көтеріп тұрып, «Коррупционерлер жоғалсын!» деп, аттандап тұрғаны есімнен кетпейді. Сонда Амантай ағаның қасында сол туын көтеріп бес-алты әп-әдемі киінген қазақтың атпал азаматтары жүрді. Ағаш басына шығып, шүперек байлайтын да солар...

Демек, ол жігіттер Амантай қажы Асылбектің «командасы» болуы мүмкін. Жай емес, мықты «команда».

Өз болмысы солай ма, әлде қолдан жасалды ма, мен ол жағын білмеймін. Қалай демсек те, Амантай қажы тегін адам емес. Тоқсаныншы жылдардан кейінгі қазақ демократиясының бір белгісі, тіпті «Ақ періштесі» ретінде тарихқа қалары сөзсіз.

Бірақ, бір нәрсе анық – елеулі оқиғаларға, саяси жағдайларға байланысты, кейде осындай тұлғаларды қолдан жасауға да тура келеді. Кейде күрескерлерді уақыт өзі тудырады...

Енді әуелгі сөзімізге оралайық...

Сонымен Қытайда жүргізіліп жатқан геноцидке ұшыраған туыстарын босатуды талап еткен бір топ ананың Алматыдағы Қытай Консулының алдына барып ереуіл жасап келе жатқанына бүгін тұп-тура 100-ші күн!

Жүз күн аз уақыт емес. Президенттер мен премьер-министрлердің қызметке отырған күнінен бастап, жүз күн өткенде олардың жұмысын сараптап жатады.

Қарап отырсақ, олардың алды сексенге таяған кісі екен. Арты отыздың ішінде көрінеді. Біреуі байынан, екіншісі бауырынан, үшіншісі ата-анасынан айырылған...

Қыстың суығы, Алматының қары мен жаңбыры, полицияның сүйрелегені, жоқшылық пен астыртын қорқытулардың бірде-біреуі оларды алған бетінен қайтара алған жоқ.

Сөйтіп жүріп, бір тұтқынды босатып, Алматығы алдыртты. Сонымен бірге, бүкіл дүниежүзінің назарын Алматыға аударып тұрды.

Соңғы кезде құқық қорғау органдары жауапқа тартып, айыппұл салып еді, АҚШ елшілігі айбат көрсетіп, наразылық білдірді. «Біз Қытайдың ұйғырларды, қазақтарды және басқа да этникалық азшылықтарды жаппай түрмеге жапқанын айыптаймыз. АҚШ өкілдігі Шыңжаңдағы отбасы мүшелері жайында ақпарат іздеушілерді қолдайды. Бейбіт түрде өз ойларын білдіру үшін жиналған адамдарды қамауға болмайды!» - деп, араша түсті «...қазіргі заманғы әлемдік тәртіпті белгілейтін» (Қ. Тоқаев) АҚШ.

Бар болғыр АҚШ ашуға басып, Қазақстанға санкция салып жібере ме деп, зәрем ұшты.

Жақыннан бері оларды әкімдіктер жеке-жеке шақырып, «Жұмысқа оналастырайық, кәсіпкерлікпен айналыссаңыздар несие алуларыңызға көмектесейік. Бірақ, мына ереуілді тоқтатсаңыздар...», дейтін көрінеді.

Ал оған олар көнбепті. «Отан отбасынан басталады. Біз өз туыстарымызды қоғап шығуға жарамасақ, ертең бізді көрген біздің ұрпақтарымыз өз Отанын қалай қорғайды?! Отаныңды қорға деп қалай ақыл, тәрбие бере аламыз оларға?!» - депті аналар.

«Рас-ау!» демеске шараң жоқ!

Демек, біздің бұл аналарымыз осынау жүз күн ішінде шын мәніндегі батырлықтың үлгісін көрсетті.

Өткен сенбіде Алматыға барып, сол аналардың басын қосып, шай бердім. Әңгімелерін тыңдап, шамам келшенше, заңдық кеңес бердім. Әрине, аналарымыз Заңға бағынуы, тәртіп бұзбауы тиіс. Бұл жағын қадап отырып айттым. Бір емес, бірнеше мәрте ескерттім.

Жасыратыны жоқ, олар тұрмыстан әбден қиналып жүр екен. Денсаулықтары да сыр бере бастапты. «Амал не, қу туыс үшін ештеңеден аянбаймыз!» - деп отыр шетінен. Оларды тоқтату менің қолымнан келмейді. Олар бастабында өз туыстарын жоқтап шықса, енді Шыңжаңда тұтқындалған барлық қазақты босатуды талап етіп отыр екен.

Бір-екі қазақты, өз тумаларын ғана емес, барлық тұтқындалған қазақты!

Қысқасы, менің «құдамды», Құрметтің «нағашысын», Ақеділдің «балдызын», Маралтайдың «досын», Адалбектің «туысын» дегендей...

Бөтен қазақ жоқ, бәрі біздің туысымыз емес пе ол қазақтың?!

Қысқасы олар көмектің қай түріне де зәру!

Шынымды айтсам, интернеттен көріп отырып, барып амандаспауға дәтім де, арым да шыдамады. Мен де тұңғыш қызы Сәбетке кетіп, шеркөкірек болып өткен дәл осындай анадан тудым ғой. Бөлініп-жарылғанның қасырет екенін қаршадайымнан көзбен көріп, құлақпен естім өстім ғой... Атақ жинау үшін емес, ар үшін бардым. Оразаның пітірін осы кісілерге аудару туралы мұсылман жамағатына құлаққағыс жасап едім, бермеді емес, беріпті. Бірақ мәз емес, жүз мың теңгеге жетпейтін сома түскен көрінеді. Әттең, жанымда беретін артық ақшам болмады, түгел беретін едім. Ербосын досымнан қарызға алған азғантай теңгемемнің жолдан асқанына шай әперумен ғана шектелдім. Бәрі де бөтен емес екен, біреуі Құрмет жездемнің Баркөлінен болып шықты. Екіншісі Текестің Шилөзек ауылының тумасы ененін айтып, көз жасын көлдетті. Шиліөзектен кім бар еді мұнда?! Тағы бір-екеуі Күнестен келгендер екен. Алтайдан оралған қарындастың жанары тіпті мұңлы көрінді маған. Тоғызтараудан да жоқ емес екен. Шәуешектен..., Еренқабырғадан... Ең жігерлісі Бұратала маңғол облыстық апай секілді... Біздің Құлжа аудандық – Гүлзира Әуелқанқызы АҚШ-та жүр.

Тұманбай аға айтпақшы, кісіге керегі бір ауыз жылы сөз екен ғой. Әсіресе, басына күн туған жандарға. Екі сағат әңгімелесіп, өткен-кеткенді айтысып едік, апаларым мен қарындастарым мәз болып, көңілдері көтеріліп қалды. Қимай қошстастық. ...

Қазақстанның сөз бостандығын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолға қойған митингі туралы жаңа заңның тиімділігінен пайдаланып, еліміздің демократиялық құндылығын әлемге әйгілеген мұндай аналардан айналып кетпейсің бе, Құдай-оу! Әлемнің төрт үлкен мемлекеті Қытайдың аз санды ұлттарға жасаған озбырлығын геноцид деп жариялады. Енді бұл мәселе БҰҰ деңгейінде қаралмақ...

Үш аймақтың ортақ мүддесін қорғайтын мұндай жанкешті қайраткерлерді ешкім де қолдан жасай алмайды ғой. Тіпті өздері сұранып тұрған жоқ па?! Құдайдың өзі беріп тұрған күрескерлердің өзі ғой бұлар! Ел қазақ билігін айыптайды. Жоқ, бұл қайраткер аналарды тудырған Қазақстан билігі емес, Қытай үкіметі. Мен аналармен сөйлестім, олардың біздің билікке зәредей өкпесі жоқ екен. Қайта, осындай мемлекетінің болғанына Құдайға шүкір деп отыр шетінен. Тек, милициялар камера жоқ кезде білегімізден қатты мытымаса, қабырғамыздан түйгіштемесе болғаны деп қояды байқұстар.

Міне, жүз күн бойы райынан қайтқан жоқ!

Менше, Қытайдағы қазақтарды құтқару жолындағы күрес тоқтамау керек. Күресті тоқтатсақ, АҚШ-тан ұят болады! Күрестің түрі көп. Менің осы мақала жазып отырғаным да сол күрестің бір түрі есептеледі. Ал, ең шегіне жеткенде, амалы таусылғанда барып, бейбіт митингіге шығу басталады.

Бірақ, тағы қайталап айтам, кездескенде де айттым ғой, қандай күрестің түрімен айналыссаңыздар да Заңды қатаң сақтауларыңыз, тәртіпті бұзбауларыңыз керек, айналайын аналар!

Құрмет жездемнің өз жұрты да, қайын жұрты да, тіпті нағашы жұрты да шылқыған байлар, сәулетті, сәуегей, ақылман, шешен, көсем кісілер еді. Ал, достары тіпті дәулетті жандар. Зеріксе ұланасыр той жасап, доп теуіп ойнаушы еді олар. Тақыр, сіңірі шыққан қу кедейі – балдыздары ғана. Ауылдан келсек те Құрекеңдерге біраз нәрсені үйреткен секілді едік...

Айтпақшы, Амантай қажы келесі жылы 80 жасқа толады. Сол тойға аман-есен жетейік!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435