Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3666 0 пікір 2 Мамыр, 2012 сағат 11:55

Жарылқасын ДӘУЛЕТ: ҚЫТАЙЛАР ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙЛЕРІН ЖИНАЙДЫ, АЛ БІЗДІҢ КЕРІТАРТПА КОМПОЗИТОРЛАР БАТЫСҚА ЕЛІКТЕП ӘН ЖАЗАДЫ

Жарылқасын ДӘУЛЕТ, сазгер-сатирик:

- Кезінде интермедияларыңызбен «Тамаша» ойын-сауық отауынан көрініп жүрдіңіз. Жеке театр ашсам деген ойыңыз болған жоқ па?

Жарылқасын ДӘУЛЕТ, сазгер-сатирик:

- Кезінде интермедияларыңызбен «Тамаша» ойын-сауық отауынан көрініп жүрдіңіз. Жеке театр ашсам деген ойыңыз болған жоқ па?

- 1989 жылы республикалық «Жігер» фестиваліне қатыстым. Мені лауреаттыққа ұсынған болатын. Бірақ ол кезде неге екені белгісіз,  сатириктерді онша-мұнша жақтырмайтын. Басқа топтан Балапан Базар түсті. Сатираға деген көзқарастың төмендігі сондай, екеуміз тіпті дипломант та атана алмадық. Соңында «Жалын» журналында кездесу өтті. Сол журналдың қызметкерлері: «Сіздер ауылдарыңызға барып, жұмыстарыңызды істей беріңіздер, «Алмас қылыш қын түбінде жатпас» дегендей, Алматы сіздерді түбі өзіне тартады» деді. Шынында да, «Жалын» журналынан жұмысқа шақырту келді. Сөйтіп Мұхтар Шахановтың қарамағында жұмыс істедім. Өзім сатирикпін, қарап жүрмей «Тамашаға» интермедиямды апарып бердім. Ауылда той-томалақтарда асаба болатынмын. Олар қуанып жата жабыссын. Жазып та жүрдім. «Тамашаға» шығып та жүрдім. Алайда маған таңдау түсті: не «Тамашада», не журналда істеу керек болды. Сөйтіп мен журналда істемесем, жұмыссыз қалатындай, басылымда қалуды жөн көрдім. «Тамашаға» анда-санда ғана қатысып жүрдім. Түбегейлі кете алмадым. Сол кездері психологиямыз солай болды ма? Кім білген? Сөйтіп жүргенде бәрінен ажырап қалдым. Тоқырау жылдары не істерімізді білмей дағдардық. Жұрттың бәрі бизнеспен айналыса бастады. Сол кезде ойға қалдым: «Олжас Сүлейменов, ол - бизнесмен. Содан кейін бай тұрады. Мұхтар Шаханов бизнесмен болмаса да жағдайы жақсы, тұрмысы түзу. Екеуі де мықты жазады. Байлық деген жазуға кедергі келтірмейді екен ғой. Әуелі байып алайын, сосын жазамын», - деп ойладым. Алғашында алты айдың ішінде байып кететіндей болдым. Содан он төрт жыл бойы бизнестің соңынан елес қуалап жүрдім ғой. Ақырында жеуге нан таппай қалдым. Жасырып қайтем? Әйелімнің туған күніне Сейітхан Зеберханұлы деген досым гүл әкелген. Ертесіне сол гүлді сатып, ақшасына нан алған күндеріміз болған. Мен бизнесті түк түсінбейді екенмін.

- Бизнесті мүлде түсінбесеңіз, баспаны қалай құрып, тапсырыстарды қалай орындап жүрсіз?

- Мен журналистпін, сатирикпін ғой. Ал бизнес деген мүлде бөлек әлем екен. Одан бірдеңе өндірмей қайту - намыс. «Матай» қоры деген болды. Солармен ары жүріп, бері жүріп, ақырында маған жаман «Жигули» де бұйырмады. Содан олармен ат құйрығын кесісіп кеттім. Мен оларға миллиондарын шашып істей алмайтын тірліктерін тындырып бергенмін. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің қызметкерлері мені таниды, сыйлайды. Әлгі қордың жарнамасын бет-бет қылып шығарттым. Олар дұрыс түсінбеді мені... Арада қанша жыл өтті. Бәрінен қол үзіп кеткем. Ештеңе жаза алмай қалыппын. «Тамашаға» шақырды. Онда барғанда да мен ештеңе жаза алмадым. Содан бір күні ән жаза бастадым. Менің әндерімді ең мықты жұлдыздар айта бастады. Содан ән жазуға кірістім. «Егер шығарған әніңді жұлдыздар орындамаса, онда қоя қою керек», - дедім. Сөйтсем, ол ойым қате екен. Оны кейіннен білдім. Мені түңілуден де, мүжілуден де құтқарып қалған осы әндерім болды. Тұңғышбай ағамыз, Еркін Нұржанов, Мақсат Базарбаев әндерімді орындап жүр бүгінде...

- Әндеріңізді қаншаға бағалайсыз?

- Жоқ, осы күнге дейін әнімді сатқан емеспін. Бірақ көңіліме жақпаған әншілерге уәде беріп қойып, олар қайта-қайта сұрағыштап, қытығыма тисе ғана сатамын. Ал жалпы, сатпаймын. Ән сатпайтын себебім, өзімнің баспанам бар, баспаханам бар. Біраз композиторлар маған: «ақшаға алмағасын қадірі болмайды. Аранжировка жасап жатса да, қалтасынан ақшасы шықпағасын керемет етіп жасауға құлшынбайды. Сен олардың психологиясын түсінбейсің. Сондықтан ақшасына сат», - деп ақыл айтты. Дегенмен олардың айтқанын орындау қолымнан келмей жатыр. Бүгінде бізде өнер бағаланбайды. Ән тұрмақ, сіздің повесіңізді де, романыңызды да ешкім бағаламайды. Өз ақшаңызбен шығарып аласыз. Қайта әншілер халықтың арқасында 3-5 мың долларға ән сатып алуға шамалары келеді. Соның арқасында ән жазу пайдалы бизнес көзіне айналып жатыр. Кейбіреулер әнін сатып күнін көріп жүр. Ал әдеби көркем шығармаларға обал-ақ болып тұр. Мемлекет сатып алмайды. Баспалар да ақшасын шығындағысы жоқ. Өйткені 16-ақ миллион халық бар елімізде. Соның 8 миллионы ғана қазақ, оның жартысы орыстілділер. Кітап оқитыны 1 миллионға жетер-жетпес. Ал осы кітапсүйер қауымға соншама тер төгіп жазған еңбектің керегі бар ма, жоқ па? Міне, мәселе осында. Өйткені әр оқырманның талғамы әр басқа. Осындай мәселелерден кейін кітапқа деген сұраныс азаяды. Ал шоу бизнес көтеріліп келеді. Жақсы әндер 1-1,5 мың доллар тұрады. Әннің деңгейіне қарай 200, 400 доллар тұратындары да бар. Әр нәрсенің өз бағасы бар. Композиторлар: «әншілер біздің әнімізді айтып әр тойда 3-5 мың доллар табады. Неге біз әндерімізді қымбатқа сатпаймыз?», - дейді. Бұл тек шоу бизнестің айналасында болып жатқан мәселелер. Басқа өнердің айналасы «өлі аймақ» сияқты.

- Сіз ақын, сазгер, сатириксіз. Жаныңызға жақыны қайсы?

- Мен ең әуелі сатирикпін. Одан кейін ғана ақынмын. Бірақ  ақын болып жеке өлең кітабын шығарған емеспін. Әйтсе де, өлең жазамын. Менің әніме кейбір ақындар өлең жазып берсе нашар шығады да, содан соң оны өзіме қайта жазуға тура келеді. Сазгерлікке келсек, Алла жүрегіме нұр құйып тұрған кезде, қалай да ән жазамын. Кейде екі өнер бір-біріне кедергі келтіреді, әрине. Сатира жазу үшін бөлек психология керек. Мәселен, бір жапырақ үзілгелі тұрса ақын былай деп жазады: «О, жапырақ сен ілініп тұр едің, дірілдеп, дірілдеп жерге түстің. Сенің тағдырың менің тағдырыма ұқсас. Табанымның астына түсіп қалдың-ау», - дейді. Ал сатирик болса: «байғұс жапырақ, селтеңдеп тұрысың жаман еді, сауап болды. Саған сол керек», - дейді. Өйткені екеуінде екі түрлі психология. Екі түрлі ой-өріс. Сатирик болу үшін кез келген нәрседен үнемі күлкі тудыру керек. Ал ақын болу үшін кез келген нәрседен философиялық ой түюің керек.

- Қазіргі таңда сатира саласы кенжелеп қалды деп сын айтушылар көп. Мәселен, Ресейде бір сатириктің өзі - бір театр. Бізде неге олай емес?

- Ресейде халық терең дүниені қабылдамайды. Көз алдындағы көрініске күле береді. Олардың ішегі түйіліп қалатын әзілін қазақшаға аударсаң, қазақтар оған күлмек түгілі, тыңдамайды да. Мысалы, Задорновқа мыңдаған хат келеді. Бір шығармасын сол мыңдаған хаттың жиынтығынан құрастыра салады. Бізде өйтіп хат жазатындар жоқ. Ал қазақтікі философиялық күлкі. Қазақты күлдіру қиын. Қазақтар астарлап сөйлеген. Соны түсіне білген. Соның астарына күліп үйренген халық. Мысалы, Көпен Әмірбек кезінде орыстың сатирасын сол күйінде алып қазаққа ұсынды. Күлдірем деп ойлады. 1 мамырда «Америкадан озайық, алға..» деген сияқты ұран туралы. Біреу «алға озбай-ақ қой, шалбарыңның жыртығы көрініп қалады деп айтады» дейді. Қазақ оған езу де тартқан жоқ. Түкке керегі болмады. Сосын қандастарымызға қимыл-қозғалыстың күлкісі керек. Қимыл-қозғалыстың да астары бар. Соны түсініп күледі. Осындай астарлы терең дүниеге сатириктеріміз бара алмай жатыр. Тереңдеп барып жатқан тек «Шаншар» театры ғана. Олар қимылмен де адамға ой тастайды. Қимылмен сөз айтады. Қимылдың астарында күлкілі сөздер тұр. Соны  қазақтар түсініп қояды. Қимылмен астарлы ой айтқан «Бауыржан-шоу» болды кезінде. Астарлы күлкі жасады.

- Сіз бүгінде баспагерсіз ғой. Баспа ісімен айналысу қаншалықты қиын? Қаншалықты тиімді?

- Баспа ұстау - баспахана ұстау деген сөз емес. Кейбіреулер күлдібадам дүниесін баспаханаға апарады да, бастыра салады. Арзан етіп шығарып береді. Ал баспада әкелінген дүниенің бәрін бастан-аяқ сүзіп шығады. Редактор оқиды. Редакциялайды. Корректор түзейді. Тек содан кейін ғана баспаханаға жібереді. Ал автор өзінікін «алтын» дейді де, арзан жағына жүгіреді. Капиталистік психология - арзанға шығарып, қымбатқа сату. Баспаханамыз да бар. Нарықтың сынағына төтеп бере аламыз. Кітабын шығарғысы келетіндерге: «Шығармаңызды дұрыстап шығарғыңыз келсе, редакциялатыңыз. Арзан керек пе, оны да істейміз. Күлдібадам дүние шығарғыңыз келсе, ол да еркіңізде», - дейміз. Мен біліп отырмын. Сіз қазір маған: «Күлдібадам дүниені неге басып шығарасыз?» деп сұрақ қойғалы отырсыз. Өйткені мен авторға ең әуелі адам деп қараймын. Мәселен, бір адам кішкентай нәрседен ақша тауып, қызына алтын жүзік әперіп,ол  бақытты болды деп қуанады. «Әкелік парызымды орындадым», - дейді. Адам да сондай. Кітап жазса, ұрпағына бірдеңе қалдырғысы келгені. Ол да пенде. Күлдібадам болса да о дүниеге кеткенде кітап жазып кеттім дейді. Мүмкін жетінші ұрпағы сол кітаптан бір өнеге алып қалса, ол да дұрыс. Ол оқырман үшін емес, өзінің ұрпақтары үшін жазды. Ал Дулат Исебеков, Ғаббас Қабышев халтура жазса, мен оны басып шығарсам, кешірілмейтін күнә сол. Өйткені әдебиет айдынының алдында жүрген Мұхтар Шахановты, Дулат Исабековті әдебиетті оқитын адам «бізді алға сүйреушілер» деп түсінеді. Сол үшін оқиды. Осы екеуінің ара-жігін ажыратып алуымыз керек.

- Ал осыдан келіп оқырман талғамын төмендетуге үлес қосып жатырмыз деп ойламайсыз ба?

- Мысалы, халтурщик әншілер бұрын да болған. Бүгін де жоқ емес. Соның ішінен сараланып тек табиғи таланттары ғана екшеліп шығады. Кітап та солай. Әу баста баспаға келгенде мен оны жазушы деп емес, адам деп қабылдаймын. Ал кітабын оқып шыққан соң біреуін жазушы, біреуін адам деп шығарып саламын. Жазушыларға: «корректорға қосымша ақша төлеңіз, тыныс белгісі қалып кетсе сөйлемнің мағынасы өзгеріп кетеді. Түсінесіз ғой. Редактор қабылдасаңыз қайтеді? Сіздің стиліңізбен ақылдасып отырады», - деп түсіндіруге тырысамын. Жазушылардың көбісі: «корректордың қажеті жоқ, өзім оқимын. Үтір, нүктені өзім де білем ғой», - дейді. Оған да келісеміз. Күлдібадам дүниенің күні өтіп бара жатыр. Оны оқымаймын. Талғамы жоғары оқырман да солай етеді деп ойлаймын.

- Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарасыздар ма?

- Облыстардағы тендерлерге көп қатысамыз. Ал министрліктің тендеріне әлі қатысқан жоқпыз. Шынымды айтайын, тендерден жеңіп шығу үшін танысың болуы керек. Процентін алдын-ала беруің керек. Бүкіл баспа соған қатысуға жүгіреді. Шыбынша үймелейді. Жоғарыдан бөлінген ақшаны ортадағы бір пысықтар ту-талақайын шығарады өстіп.

- Кітабын бастырам деп барған жазушылардың көңілінен шығатындай редакторларыңыз, мамандарыңыз қаншалықты сауатты?

- Көп жыл жұмыс істеген мамандарымыз бар. Мәселен, бір сатирик кітабын алып келсе, Ғаббас Қабышев, Қажытай Ілиясов сияқты ағаларыма: «мына жас жеткіншек өсіп келеді екен. Соның дүниесін редакциялап берсеңіз қайтеді? Мынанша қаламақысы», - деймін. Біз келісімшартпен жұмыс істейміз. Оты бар жас ақындар келсе, мықты ақындарымызға қолқа саламыз. Кейде олар «мынаған ақша төлемей-ақ қой. Тегін қарап берейін», - дейді. Осындай жанашырлықпен қарайтындар да көп. Авторды шақыртып алып: «сені мықты ақын етіп шығарам, шәкіртім боласың», - деп қолтығынан демейтіндері де бар.

-  Бүгінгі шоу бизнес туралы не айтасыз?

- Бірде Қытайда болдым. Сонда байқағаным, композиторлар қытай әншілеріне әндерін берсе үйрене алмай, меңгере алмай, бір апта, тіпті бір ай жүреді. Ал қытайдағы қазақ әншілері 5-6 сағатта нотаның жілік-жілігін шағып, әнді тез үйреніп алады. Тез қабылдайды. Қытай композиторлары қазақ әншілеріне риза болады. Олар қазақтың күйлерін беріліп тыңдайды. Қазір ол жақта қазақтың әндеріне ұқсатып әндер жазып жүр. Ал біздің керітатпа композиторларымыз батысқа еліктеп ән жазады. Бірде таксиге отырсам, магнитофонда менің әндерімді ойнатып жатыр. Сөйтсем менің әндеріме ол жақта клип те түсіріпті, альбомдар да шығарған. Ренжіген жоқпын. Біраз қытайдың композиторларымен таныстым. Сөйтсем, қытайлар қазақтың күйлерін жинайды екен.  Қазақтың әндерінің бәрі ұрланып жатыр. Қазір көптеген шет мемлекеттерде қазақтың ұлттық әндеріне еліктеп жазу жаңадан басталып келе жатыр. Сондай үрдіс пайда болды. Композитордың поэзияға деген сауаты өте мықты болуы керек. Ал біздің композиторларымыздың көпшілігі сауатсыз. Оларға өлеңнің дауысты дыбыстары көп болса, болды. Кейбіреулер: «әннің тексі жеңіл болуы керек, халық тез түсінеді», - дейді. Мәселен, екі сағаттық айтыс болса, халық соның ішіндегі сүбелі сөздерді ғана жаттап алады. Үш-ақ минуттық әнде халық түсінбейтіндей не бар? Күн сайын 30 рет тыңдайды сол әнді. Ал дүбәра ақындар мен талантсыз композиторлар әлгіндей қағиданы ойлап тапты... Әннің сөзі терең болуы керек. «Сырғаңды қайық қылып өткіз мені...», ғажайып сөз ғой. Осындай өлеңге ән жазған халықпыз ғой. Біздің асыл-жақұттарымыз тұрған кезде біреудің мысына еліктейтіндерге намысың келеді. Шәмші Қалдаяқов өлең жазған емес. Бірақ поэзияны терең бағалайтын, керемет талғайтын. Талғамына сай келетін керемет өлеңдерге ғана ән шығарды. Талғамының даралығынан, ғажайып талантының арқасында тарихта аты қалды.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан - Жаннұр ЖҰМАШ

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371