Жарқын Түсіпбекұлы. Ядролық қарусыздандыруға жапонның жігері жете ме?
Өткен ғасырдың ортасында, дәлірек айтқанда, 1957 жылы БҰҰ-ның жанындағы атом ұйымы негізінде құрылған Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) басшылығына кеше ғана сайлау өтті. Үш бірдей мерзім, яғни 1997 жылдан бері 12 жыл үзіліссіз басқарған мысырлық дипломат Мұхаммед әл-Барадеидің орнына жасырын дауыс беру нәтижесінде 62 жастағы жапон маманы Юкия Амано сайланды. Бұл туралы сәл кейінірек.
Дәрмені кеткен МАГАТЭ
Өткен ғасырдың ортасында, дәлірек айтқанда, 1957 жылы БҰҰ-ның жанындағы атом ұйымы негізінде құрылған Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) басшылығына кеше ғана сайлау өтті. Үш бірдей мерзім, яғни 1997 жылдан бері 12 жыл үзіліссіз басқарған мысырлық дипломат Мұхаммед әл-Барадеидің орнына жасырын дауыс беру нәтижесінде 62 жастағы жапон маманы Юкия Амано сайланды. Бұл туралы сәл кейінірек.
Дәрмені кеткен МАГАТЭ
Құрамына 140-тан астам мемлекет енетін алып агенттіктің халықаралық қатынастар жүйесіндегі маңызы зор болғанымен, соңғы кездері орны олқы соғып тұр. Ресей, Қытай секілді әлемдік саясатта есесі кетіп жүрген белді ойыншылар БҰҰ мен оның қарамағындағы халықаралық органдарды реформалау керек дегенді жиі айтуда. Осындайда АҚШ-тың аузын баққан БҰҰ-ның жетегіндегі МАГАТЭ-нің бейшара халін сөз етудің өзі артық. Алып агенттік осыдан алты жыл бұрын қаһарлы Саддам Хусейн елінің ядролық бағдарламасы төңірегіндегі дау-дамайды реттеуде қауқарсыздық танытты. Ирактың асты-үстін тіміскілеген Дж. Буш әкімшілігі МАГАТЭ-нің Евфрат өзенінің жағасында жаппай қырып-жою қаруы жоқ деген қорытындысына пысқырып та қарамады. Нәтижесінде Тигр өзенінің жағалауында соғыс ашылды, қан төгілді. Бір кездегі айрандай ұйыған ел қазір күн сайын жарылыс болатын тұрақсыз, бейбіт тұрғындар үшін қауіпті мекенге айналды. Ал Иранның ядролық бағдарламасы бойынша дау-дамайдың тыншитын түрі жоқ. Иран Ислам республикасындағы бағдарлама бейбіт мақсатқа пайдалану үшін қолға алынғаны туралы айтылса да, агенттік өкілдері ғылыми тұрғыда сараптамалар жүргізсе де, АҚШ Иранға шүйлігуін доғарар емес. Осылайша, Ақ үйдің өзі қадір тұтатын бұрынғы Президенті Эйзенхауэрдің 1953 жылы БҰҰ трибунасында айтқан «Атом тек бейбітшілік үшін!» ұранын жеке мүддесінің, пасық пиғылының астында қалдырды. Міне, осындай шешуші сәттерде дәрменсіздік танытқан МАГАТЭ-нің құр сүлдері қалды демеске амал жоқ. Яғни МАГАТЭ жаппай қарусыздану, бейбітшілікті насихаттау сияқты негізгі міндеттерін атқармауы былай тұрсын, халықаралық құзыретін пайдалана алмауымен де өз беделін жоғалтты.
Агенттік Қазақстанға қарыз
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Қазақстанның алдында қарыздар десек, артық айпағанымыз болар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз қуаттылығы жағынан әлемде төртінші орын алатын ядролық арсеналынан ерікті түрде бас тартты. Бұл қазіргідей қауіпті кезеңде екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен жігерлілік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ірі державалардың өзін биік мінберлерде бірнеше мәрте қарусыздануға шақырды. Жуырдағы Семейге жасаған сапарында Президент Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан тамыз айының 29-ын дүниежүзілік ядролық қаруға қарсы күн ретінде жариялау керектігі жөнінде БҰҰ алдына ұсыныс жасады. Бұл сала бойынша халықаралық қауымдастық алдында беделі зор Қазақстанға МАГАТЭ өз алғысын Елбасының осы ұсынысын қабыл ету арқылы білдірсе игі.
Мұраға қалған мәселе
Мұхаммед әл-Барадеидің 2005 жылы үшінші мерзімге сайлануына үзілді-кесілді қарсы болған АҚШ-тан Ресей мен Қытайдың ықпалы басым болып, әл-Барадеи орнында қалған болатын. Ал 1945 жылы Хиросима мен Нагасакиде ядролық қаруын сынаған Сэм ағай елі өздерін әркез жапон халқының алдында қарыздар сезінеді. Ендеше, дүние - кезек. Агенттікке жаңа басшы Юкия Аманоның сайлануы кездейсоқтық емес. Ирак мәселесі бойынша есесін жіберіп алса да, Барадеи 2005 жылы Нобель сыйлығын иеленген-ді. Десек те, мысырлық дипломат бірқатар даулы мәселені ізбасарына қалдырып кетті. Күншығыс елінен шыққан әккі дипломаттың алдында екі өткір мәселе тұр. Біріншісі - Иранның ядролық бағдарламасы. Екіншісі - халықаралық қауымдастыққа тәуелсіз Солтүстік Корея проблемасы. Алғашқысы бойынша Юкия Аманоға халықаралық қауымдастық деп, қой терісін жамылған қасқырдың кейпіндегі АҚШ-қа Иранның бағдарламасының бейбіт мақсатқа жасалып отырғанын дәлелдеу керек. Өйткені бұл ел ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге 1968 жылы қосылып, 1970 жылы ратификациялаған болатын. Екінші бір күрделі мәселе - ресми Пхеньян төңірегінде болмақ. Себебі Ким Ир Сеннің елі БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің талаптарына қарамастан, 2005 жылдың ақпанында ядролық қару құратындығын ашық жариялап, 2006 жылдан бастап ұдайы ядролық сынақ өткізіп келеді. Ендеше агенттіктің жаңа басшысының алдында күрделі де жауапкершілігі мол міндеттерді шешу мәселесі тұр деп айтуға толық негіз бар. Ядролық қарудың зардабын шегіп, нәубет кезеңдерді бастан өткізген жапон ұлтының өкілі бейбітшілік жолында әлемдік саясаттағы басты ойыншылардың қолбаласы бола қоймас деген үміт те жоқ емес.
Жарқын Түсіпбекұлы
"Алаш айнасы" газеті 4 шілде 2009 жыл