Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Зерттеу 14864 33 пікір 29 Маусым, 2021 сағат 14:20

Алаша ханның кесенесі кімге тиесілі?

Ұлытау мекенінде дүниежүзілік маңызы зор тарихи-мәдени ескерткіштер көп. Солардың бірі - Алаша хан кесенесі.  Бірнеше ғасырлар бойы бұл жөнінде әр түрлі деректер келтіріліп жүр. Осы ретте терең тамырлы тарихымызға қатысты өзімнің зерттеуімді ұсынып, халықаралық ғалымдар қауымдастығына, әлем деңгейіндегі белгілі тарихшыларға Алаша ханға қатысты мәліметтердің алшақтықтығын жойып, ақиқатты анықтайық деп, үндеу жариялап отырмын. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем тарихы үшін маңызы зор!

АЛАШ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ!

Ұлытау күллі түркі халықтары үшін қасиетті мекен! Алаш империясының түпқазығы! Тарихи деректерден бұл жерде сақ, ғұн, түрік, қыпшақтар, жалпы Түркі қағанаты тұрақтаған.

Ұлытау өңірі орта ғасырлық кезеңдерде де өзінің геосаяси маңызын жойған емес. Әйгілі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан осы Ұлытауда орнықты. Қыпшақ даласында Жошы құрған Ұлық ұлыс кейін Алтын Орда болып аталды.

Алтын Орданың алғашқы астанасы осында орналасты. Дешті Қыпшақ мемлекеті шаңырағын көтерді. Кейін алып держава түркі жұртшылығының асыл діңгегіне айналды.

***

Қасиетті Ұлытау өңірінің Едіге тауында Алтын Орда билеушілері, Шыңғыс ханның сегізінші ұрпақтары Тоқтамыс ханның, Темір-Құтлық ханның және Ер Едігенің жерленуі де тегін емес.

Әлемде өлшеусіз із қалдырған даңқты   қолбасшылардың бірі Әмір Темірдің Ұлытау бойына келгендігі туралы жазба дерек те, тарихи ескерткіш те сақталған.

Әмір Темірдің сарай шежірешісі Шараф ад-дин Әли Ниязи «Даңқ кітабында»  былайша келтіреді:

«Даңқ кітабы»

«Темір Ұлытауға келгенде алдымен сол таудың басына шығып, төңірегіндегі көк жасыл дала мен сеңгір тауларға ұзақты күнге тесіле қараумен болды. Сонан соң әскерін жинап, сол жерде үлкен құлпытас орнатуға бұйрық берді. Бармағы майысқан шеберлер осынау сәтті оқиғаның күнін тасқа қашап жазды», - делінген. Ол ежелгі түркі әліпбиінің бір бөлігі араб, бір бөлігі шағатай тілінде жазылған. Бұл тас Ұлытаудағы Алтын шоқы биігіне орнатылған.

Ал, түпнұсқасы қазір Санкт-Петербургтегі «мемлекеттік эрмитаж» музейінің «Алтын Орда тарихы мен мәдениеті» залына қойылған.

Эрмитаж. Әмір Темір жазбасы

«Мен, Тұран сұлтаны Темір-бек 300 мың әскермен Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жорыққа шықтым. Осы жерге жетіп, ұрпаққа белгі қалдырдым», - делінген жазбада.

Одан кейінгі кезеңде Ұлытау Қазақ хандығының құт қонып, қыдыр дарыған мекеніне айналды.

***

  ХАН ОРДАСЫ

Ұлытау өңірінде Қаратал өзенінің оң жағасында   Хан Ордасы деп аталатын қалашықтың орны табылғандығы белгілі. Археологтардың пайымдауынша қамалдың биіктігі 4 метрді құраған, ал  қорғаныс дуалының бұрыштарында биіктігі 8 метр, диаметрі 20 метр болатын мұнараның орны сақталған. Сонымен қатар дуал ені 5 метр, тереңдігі 4 метр болатын ормен қоршалған.

Белгілі археолог Әлкей Марғұлан Хан Ордасының ХІІ-ХІІІ ғасырға тиесілі және оның Алаша хан кесенесімен тығыз байланысты екендігін атап өткен.

Әлкей Марғұлан  (1904-1985)

Шыңғыс ханның осы кезеңде өмір сүргендігін ескерсек, біздің болжамымыздың да ақиқатқа жақындайтындығын байқауымызға болады.

ЖОШЫ ХАННЫҢ КЕСЕНЕСІ

Қасиетті Ұлытау төрінде Қаракеңгір өзенінің жағасында Жошы ханның (1187-1227)   кесенесі орналасқан.

Жошы хан (1187-1227) – Шыңғыс ханның төрт ұлының ішіндегі үлкені.

Жошы хан (1187-1227)

Ол өзін шебер қолбасшы, даңқты билеуші ретінде көрсете білді. Шыңғыс хан өзі бағындырған ұланғайыр өлкені төрт ұлы арасында бөліске салғанда Жошыға бүкіл Дешті Қыпшақ аймағын береді.

Деректер бойынша Жошы хан 1227 жылы Ұлытауда аңшылықта жүргенде қайтыс болған. Дүниеден өткеннен кейін оған арналып кесене салынған.

***

АЛАШ – ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ

Жошы хан кесенесіне жақын жерде «Алаша ханның кесенесі» орналасқан. Ұлытау төріндегі осы кесененің бір-біріне жақын орналасуы кездейсоқ емес.

Қазақ халқы үшін «Алаш» сөзі қастерлі, киелі ұғым болып табылады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шоқан Уәлихановтың бірнеше қайта жаздырылып алып, кейін 1905 жылы Петербург университетінің профессоры П.М.Мелиоранский жарыққа шығарған  «Ер Едіге» атты еңбегін еске алайықшы.

Алаш алаш болғанда,
Алаша хан болғанда,
Қазақ-қалмақ, ноғайлар
Бәрі сонда бір болған.
Ынтымағы жарасып,
Айдын көлдей дүр болған…

Ер Едіге жайындағы жыр ағылшын тіліне аударылып,1842 жылы Лондонда шыққан «Парсының халық поэзиясы» (Chodzko A. Speimens of the Populer of Persia.London. 1842.) деген атпен кітап болып жарыққа шығады.

Ал, эпостың  Ер Едіге, Тоқтамыс хан, Әмір Темір, Нұраддин сияқты басты кейіпкерлері дүниежүзіне танымал тұлғалар.

Сөйтіп, ең алдымен Алаша ханның тарихи тұлғасын анықтау өте маңызды. Бұл әлем жұртын бірнеше ғасырдан мазалап келе жатқан мәселе!

Алаша ханға қатысты алғаш рет жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізген белгілі қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов (1835-1865) қана «Қазақ шежіресінде»: «Алаша біресе хан, біресе қария бейнесінде кездесе береді», - деп жазған.

Шоқан Уәлиханов (1835-1865)

Бұдан басқа кешенді зерттеулер жүргізілген емес.  Әртүрлі алыпқашпа әңгіменің жетегіне ерсек, оны біреу ала болған, біреу аласа болған дейді. Қысқасы, негізі жоқ пайымдар.

Ал, өз заманының данышпандары Қадырғали Жалайыр (1530-1605 жж) «Шежірелер жинағы» кітабында және Әбілғазы Бахадүр (1603-1644 жж.) «Түрік шежіресі» еңбегінде әйгілі Шыңғыс ханның өмірін зерттей келе оның ежелгі түрік тайпаларынан шыққандығын жазған.

Мәшһүр Жүсіп (1858—1931)

Қазақтың ұлы ойшылы, тарихшы Мәшһүр Жүсіп: «Алаша ханның Жошы хан деген баласы болыпты. Құлан қуамын деп, қаза болған», - деген дерек келтіреді.

Алаша хан мен Шыңғыс ханды бір адам деп санайтын пікірді қолдайтындар көп. Сол себепті әлем деңгейіндегі тарихшы-ғалымдарды тарта отырып, талай ғасырдан жұмбақ болып келе жатқан сұрақтың жауабын беретін уақыт жетті.

Ендігі кезекте Жошы хан мен Алаша ханның кесенелерін салыстыра келе төмендегідей ерекшеліктерді байқауымызға болады:

Біріншіден, Жошы ханнан мәртебесі биік, еңселі кесенеде жатқан кім болуы мүмкін? Немесе әйгілі Жошы ханның қасына жай адамға арнап үлкен кесене салынуы мүмкін бе? Рас, тарихи уақыт тұрғысынан алғанда ең алдымен Жошы ханға, кейін «Алаша ханға» арнап кесене тұрғызылған. Мұның себебін 1227 жылы Жошы ханның әкесінен бұрын қаза табуымен байланыстыруға болады. Шыңғыс хан тұңғыш ұлына арнап үлкен кесене салуға әмір берген.  

Жошы хан кесенесі

Екіншіден, Жошы хан кесенесінің көлемі 9,55×7,25 метр, биіктігі 7 метр құраса, ал Алаша ханның кесенесінің көлемі 9,73×11,9 метрді, күмбезін қоса алғандағы биіктігі 10 метр!

Алаша хан кесенесі

Сонда ешкімге беймәлім Алаша ханның мәртебесі мен әлеуметтік рөлі Жошы ханнан жоғары болғаны ма?

Алаша хан кесенесінің әрі әсем, әрі берік болуы айрықша жобасы мен архитектуралық бітіміне байланысты. Төрт қабырға, сегіз қыры, он алты қырлы барабаны, таспен өрілген күмбезі мазарға ерекше көрік беріп тұрады. Кесененің кірпіштері құбылта қаланған және жұлдызша, үшкіл, қиықша, таңдай секілді өрнектер салынған.   

Кейбір кірпіштердің бетіне және бүйіріне күллі түркі халықтарының ру таңбалары басылған. Бұл да кездейсоқ емес. Дешті Қыпшақ ұрпақтарының таңбасы көп халықты, көп ғалымды қызықтырғаны мәлім. Бірақ, қаілы, қыпшақ, найман, қоңырат, керей, ноғайжәне басқа да рулардың таңбалары бір жерде тасқа қашалуы  ел бірлігі мен ынтымағын жарастырған Ұлы қолбасшылары басындағы арнайы белгі болса керек!  

Үшіншіден, Алаша ханның кесенесіне кірген кезде маңдайшаға арнайы салынған бөрінің іздерін анық байқаймыз. «Алаша» деген сөздің өзі «бөрі» деген мағынаны береді. Өйткені ежелгі түркілер өздерін Көк Бөрінің ұрпағымыз деп санап, соған табынды.

Түркі қағанаты тұсында сарбаздардың өз байрақтарына Көк Бөріні бейнелегендігі тарихи ақиқат. Бұл қасиетті ұғым кейін қазақ халқына да берілген болатын. Атақты ақын-ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920)   1917 жылы жазған «Алаш ұраны» атты өлеңінде:

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920)

«Алаш» туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз,
Енді Алашты ешкімнің қорлығына бермейміз.
Өлер жерден кеттік біз, бұл заманға жеттік біз.
Жасайды Алаш, өлмейміз, жасасын «Алаш» жасасын! – деп жырлауы да тегін емес.

Ал, Ұлы дала ақыны Сүйінбай Аронұлының (1815 — 1898):  

«Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозады қай-қайдағым», - деген жыр жолдары есімізге түскенде,  Көкбөрінің ұрпағы екенімізді айрықша мақтан тұтамыз! Көк бөрі – түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі. Ал түркілер қазақ халқының арғы ата-бабалары болып табылады. Сондықтан тарихи тұрғыдан алғанда Көк бөріге деген сенім қазақ халқына қоса берілді. Қазақ халқы қазіргі күнге дейін ержүрек, батыл жігіттерді «Көк бөріге» теңеп көркем шығармаларда бөріні батылдық пен батырлықтың символы ретінде бейнелейді.

Сонымен қатар ежелгі түркі аңызында бір халықтың жаугершілік заманда тұтастай қырылғандығы, қол-аяғы шабылған, ажалдан аман қалған 10 жасар баланы Көк бөрінің асырап алғандығы, кейін олардан түркі халқының пайда болғандығы айтылады. Сондықтан түркілер үшін Көк бөрі асыл Ананың символы болып табылады

1917 жылы қазақ зиялылары жаңадан тәуелсіз қазақ мемлекетін құрып, оның атын Алаш Орда деп атауында да үлкен мән жатыр. Бұл арада «Алаш» - біріккен түркі халықтарының атауы, әрі ұран болса, «Орда» - мемлекет деген мағынада.  

Сондықтан да, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов және тағы басқа қазақ зиялылары Алаш ұғымын ерекше қастерледі.

Төртіншіден, Алаша ханның мазарында Қазақ жеріндегі Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи және тағы да басқа кесенелерде ғана емес,  сонымен қатар тұтастай Орта Азияда  кездеспейтін, арнайы әскери қорғаныс мақсатында ерекше баспалдақтар салынған.

Алаша хан мазарындағы мұндай баспалдақтармен күмбездік екінші қабатқа (барабан галереясына) көтерілуге болады. Мұнда жауға тойтарыс беретін айналма дәліздің   биіктігі мен ені адам жүруге ыңғайлы. Жаумен шайқасуға, садақ тартуға, өзге де соғыс құралдарын тиімді пайдалануға  мүмкіндік беретін Еуропа қамалдары үлгісіндегі терезелер бар. Сол терезелер маңында әр мергенге жебесін дереу әзірлеп беріп отыратын қосалқы жауынгерлер үшін арнайы орын да қарастырылған.

Одан әрі қарай көтерілсе, кесененің үстіңгі бөлігіндегі алаңға алып барады. Ал, алаңның үстінен қарағанда айнала түгел көрініп тұрады.  

Осылайша бұл деректер Алаша хан кесененің жауынгерлер тарапынан ерекше қорғалғандығы жөнінде болжам жасаудың қиындығы жоқ. Яғни бұл зират аяқасты болмасын, қорланбасын деген ниетпен, әрі қорғаныс орны болған! Неге? Мифтік бейне  деңгейінде қалып қойған Алаша ханды қорғайтындай не құдірет бар?

Мұндай қорғаныс әрі қамал тәрізді кесенелер дүние жүзінде сирек кездеседі. Әрі тек ұлы қолбасшыларға арнайы салынады.

Ия, шешімін қажет ететін жұмбақ көп!  Сонымен, Алаша хан мазары Шыңғысханға тиесілі ме, жоқ па? Сондықтан, халықаралық қоғамдастыққа, әлемнің әйгілі ғалымдарына көпшілікті мазалап жүрген көптеген сауалға жауап беретін уақыт жетті деген үндеумен шығып отырмын!

СӨЗ СОҢЫ

Жоғарыда айтылған мәліметтерді зерделей отырып көптеген сұрақтарға тап боламыз.

Ұлытау өңірінде орналасқан Алаша ханның кесенесі кімге тиесілі?

Бұл қасиетті жерде әйгілі Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның, екінші әйелі Құлан ханымның,  әлем таныған Кетбұғының әкесі әрі сенімді қызметкері Домблауылдың, немересі Болған ананың, Шыңғыс ханның ұрпақтары Тоқтамыс ханның, Темір-Құлтық ханның жерленуі кездейсоқ дүние ме?

Қаратал өзенінің оң жағасында орналасқан, ХІІІ ғасырда бой көтерген ХАН ОРДАСЫ Шыңғыс хан империясының орталығы болуы мүмкін бе?

Шыңғыс хан өзі билік еткен Ұлы империя құрамындағы Қытай, Моңғолия, Қиыр Шығыс, Еуропаның шығыс бөлігі және т.б. мемлекеттер ішінен өз Ордасы саналатын Дешті Қыпшақ аумағын шаңырақ иесі ретінде  үлкен ұлы Жошы ханға беруінде не сыр жатыр?

ШЕШІМІН ТАБАТЫН СҰРАҚТАР КӨП.

Бұл сұрақтарға дүниежүзі болып бірігіп, жауап табуымыз қажет!

Арыстанбек Мұхамедиұлы 

Abai.kz

 

33 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6021