Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 7519 13 пікір 14 Шілде, 2021 сағат 14:44

Билік Арон Атабекті қашан босатады?

Осыдан тұп-тура 15 жыл бұрын, 14 шілдеде Алматы іргесіндегі «Шаңырақ» ықшам ауданында заңсыз салынды деп есептеген үйлерді билік сүріп тастамақ болды. Сөзсіз, биліктің бұл шешімі жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырып, оқиғаның соңғы қақтығысқа ұласты.

«Шаңырақтағы» заңсыз салынған үйлерді бұзу үшін сот орындаушылары полицияның көмегіне жүгінді. Бұл іске екі мыңға жуық полиция қызметкері, Ішкі істер департаментінің арнайы жасағы жұмылдырылды. Осы оқиғаның кезінде Бостандық аудандық ішкі істер департаментінің қызметкері, тергеуші Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер жанармай құйып, от қойып жіберді. Үшінші, төртінші дәрежелі күйік алған Әсет Бейсенов біраз уақыт ауруханада жатып, көз жұмды.

Оқиға болған күннен бастап бас-аяғы бір айға жуық уақыттың ішінде жүзден астам адам қамалып, сұраққа алынды. Солардың ішінде 25-інің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сот процесі 8 айға созылды. Барлығы 66 сот отырысы өтіп, жалпы саны 137 адам сұралды. Ақырында 25-тің біреуі ақталып шығып, қалған 24-і әртүрлі дәрежедегі қылмыстық жазаға тартылды.

Осы оқиғадан кейін, диссидент ақын Арон Едігеев (Атабек - әдеби бүркеншек аты) «Шаңырақ оқиғасын» ұйымдастырды, кісі өліміне себепкер болды» деген айып тағылып, 18 жылға сотталған еді.  Онымен бірге Құрманғазы Өтегенов – 16 жыл, Ерғанат Тараншиев – 15 жыл, Рүстем Тұяқов – 14 жылға түрмеге қамалған. Қалған азаматтар шартты жазаға кесілген.

Ұзақ мерзімге сотталған Тараншиев пен Тұяқов 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шыққан. Осы бір трагедиядан кейін билік «Шаңырақ» тұрғындарына даулы жер телімдерін заңдастыруға рұқсат берген. Ал 18 жылға сотталған саяси диссидент, ақын Арон Атабек әлі түрмеде.

2021 жылдың ақпан айында Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері түрмедегі ақын Арон Атабекке араша сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған. Онда:

«Қазақ елі тарихында өзіндік қолтаңбасы бар, яғни, «Қазақ мемлекеті» т.б. бірнеше ұйымның жетекшісі, ақын, түрколог, Желтоқсан көтерілісінің бел ортасында жүріп, бүгінгі Тәуелсіздігіміз үшін күрескен батырымыз Арон Қабышұлы Атабек ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге арналған түрмеде отырғанына алдағы жылы 15 жыл толады.

Жан азабы өз алдына, түрмедегі қинау мен азаптаудың алуан түрін басынан кешірген Арон Атабектің денсаулығы бірнеше жылдан бері күрт нашарлап кетті. Жасы 70-ке таяған қарттың екі қол мүлдем көтерілмейді, жүректің ишемиялық ауруы қан қысымы, бүйрек-өкпе, буын ауруларына т.б. өміріне қауіп төндіретін, түрме жағдайында емделуге келмейтін кеселдерге душар болды.

«Елім-қазағым!», - деп жанын шүберекке түйген батырымыздан тас зынданда айырылып қалсақ, арымызға сын болары хақ! Ұрпақ алдында ұятты болмайық, Президент мырза!», - делінген еді.

2021 жылдың наурызында Ресейлік құқық қорғаушы ұйымдар - ПЭН-Москва мен «Свободное Слово» ассоциациясы қазақ қаламгерлерінің түрмедегі диссидент ақын Арон Атабекке араша сұраған үндеуін қолдап, оны қамаудан босатуды сұрап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайрылу жасады. Онда:

«Белгілі ақын, эссеитс, ойшыл, өз шығармашылығында қазақ халқының ұлттық дәстүрін көрсеткен, 68 жастағы Арон Атабек 14 жылдан бері қамауда отыр. Оның түрмедегі жағдайы ауыр және квалификациялық медициналық көмекке қолжетімсіз, жеке камераға да тоғытылған.

2019 жылы Еуропарламент Арон Атабекті дереу босату туралы арнайы резолюция қабылдаған. Өз халқының нағыз ұлы, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің қатысушысы және 1989 жылдың сәуіріндегі КСРО халық депутаттарының 1 сиезіне Қазақстанның егемендігі туралы және саяси қудалау көргендерді дереу босату туралы хатты ұйымдастырушы ақын Арон Атабек босатылсын!», - деп жазылған.

Алайда бұл хаттарға Ақорда жауап қатқан жоқ. «Адвокат Шынқуат Байжановтың айтуынша, көктемде президенттің амнистия жобасы әзірленгені туралы хабар жеткенімен, кейін жым-жырт қалған», - деп жазады «Азаттық» сайты.

Арон Атабектің жасы қазір 68-де. Ресейдегі Астрахан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, Ленинград мемлекеттік университетінің моңғолистика және түркология кафедрасында аспирантураны тәмамдаған. Біраз уақыт кино және баспа саласында қызмет еткен.

Арон Атабек қоғамдық-саяси қызметке совет кезінен араласқан. КСРО кезінде коммунистік билікке, Тәуелсіздік алғаннан кейін елдегі авторатарлық жүейеге қарсы күрескен диссидент ретінде танылған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Арон Атабекті саяси тұтқындар тізіміне қосқан. Ал Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқықтары туралы Қарарвнжа Арон Атабекті саяси тұтқын деп көрсеткен.

Ол түрмеде отырғанда «Unite the Union» кәсіподағының Лондондағы штаб-пәтерінде өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Ағылшын тілінде шыққан «Re-Zona-Nce» атты ағылшын тіліндегі жинаққа Атабектің «РЕ-ЗОНА-НС» топтамасындағы өлеңдері енген. Орысшадан ағылшын тіліне ақын Найал МакДэвид пен музыкант Әлфия Нақыпбекова аударған.

Арон Атабек абақтыда отырып Қазақстанның демократиялық қоғамының «Бостандық» сыйлығына ие болды. 2010 жылы ол халықаралық «Шығармашылық бостандығы» (Freedom to Create) сыйлығының «Түрмедегі жасампаз» аталымы бойынша лауреат атанды.

Біз бүгін оқырман назарына Арон Атабектің 2012 жылы белгілі қоғам қайраткері Сағат Жүсіпке жазған хатынан үзінді ұсынғанды жөн көрдік…

Арон Атабектің хаты

«Біз бәріміз саяси күресті ертеректе бастасақ та (1986 жылы стихиялық түрде, 1989 жылы саналы ұйымдастырушы ретінде) жеткен жетістіктеріміз аз.  Оған объективті және салмақты себептер көп. Айталық, Ресейде революциялық процесс 1 ғасырға жуық созылды (1825 ж. - декабристер, 1917 ж. - революция!). Ал, қазаққа бар болғаны 5 жыл бұйырды (1986-1991жж!). Баяғы «Алаш-Орда» кезеңін есепке алмай отырмын  -  себебі сабақтастық (преемственность) болған емес. Біз өзіміз жаңғыртамыз деп талпынған «Алаш» партиясының күні  әлі де бұлыңғыр (1990).

Бұған қоса, сол «Қайта құру -Перестройка» кезінен аты шыққан ұлтжанды күрескер буынның да мерзімі аяқталып келеді! Өкінішке орай, әрине. Мен өзім келесі жылдың қаңтарында 60 жасқа толамын. Сіз өзіңіз менен үлкендеусіз. Өзіңіз жақсы танитын Ғазиз, Дос, Жасарал және басқалар жас жағынан сол шамада. Және саяси практикалық әрекеттері әртүрлі: Сөз бен  істің алшақтығы бар. Қазаққа осы кезеңде аса қажетті радикализм қасиетінен олар жұрдай! Ал радикализм болмай, сөз бен іс қосылмай - қалғанының бәрі мылжың сөзге, малта езуге айналып кетеді.

***

Менің жағдайымды қиындататын тағы да бір жәйт  -  бүгінгі билік бүтіндей жаңармай, мен бостандыққа шықпаймын! Шансон (блатная песня) әнінде айтқандай: «На двоих у нас один звонок!»

***

Осы тар қапаста отырған жағдайымда менің күрес жолын жалғастыруыма қандай амалдар бар? Меніңше, 2 ғана жол бар:

1. Тарихта  нағыз қазақ азаматы, ұлт патриоты, күрескер және революционер кейпінде қалу. Ол үшін мен бұрын да режим алдында ешқашан еңкейген емеспін, қазір де ғұмырымның соңына дейін, сынбай, сатылмай өтемін деп сенемін. Себебі, келесі буындарға  өнеге, үлгі, идеал тұтатын адамдар керек. Мен болайын, басқалар болсын,  көбірек болғанымыз дұрыс. Сонда ғана Исатай-Махамбет, Кенесары-Наурызбай  рухтары жанданады!

2. Саяси күрес процесі кезінде жинақталған саяси және өмірлік тәжірибемді кітап ретінде келесі буындарға мұра ретінде қалдыру».

Арон Атабек, 2012 жыл.

Түйін. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Алматының іргесіндегі «Шаңырақ» ықшам ауданындағы бос жерге өз еріктерімен қоныс тепкен қазақтың мәселесін шеше алмаған қалалық билік жұдырыққа жүгініп, өз жерінде, бейбіт жатқан қазақты жау шапқандай қылып, жылы ұясын талқандап, Арон Атабек бастаған бір топ азаматты сол оқиғаға кінәлі деп тауып, соттап жіберген еді. Содан бері, міне, 15 жыл өтті. Арон Атабек әлі түрмеде.

Содан кейінгі уақыттарда мемлекет қаржысын талан-таражға салып, істі болған қаншама адам қазір бостандықта. Басқасын айтпағанда, «Мемлекеттік құпияларды заңсыз жинады, таратып, жария етті» деп сотталған Бағлан Майлыбаев пен Дүтбаевтар да қазір босап шыққан.

Ал ел болып еркіндікке шыққанын күтіп жүрегн Арон Атабекке билік қайрылмай отыр. Ал Арон Атабек отанын сатқан жоқ, ешкімге опасыздық жасаған жоқ. Болғаны өз шаңғырағын қорғады. Оның қазақ мемлекетінің ертеңі үшін жанын шүберекке түйіп күрескенін ел жақсы біледі. Тек саяси ұстаным мен пікірлер қайшылығы ғана тағдырын тәлкекке салып отыр. Тәуелсіздік мерекесі тәуелсіз ойлы азаматтар да бостандыққа шығуы керек!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458