Мұрат ӘУЕЗОВ, мәдениеттанушы-ғалым, дипломат: МӘДЕНИ МҰРА РУХАНИ МҰРАҒА ЖАЛҒАСПАҚ
КӨШПЕЛІЛЕР ӨРКЕНИЕТТІ ДӘУІРДІҢ АҚИҚАТЫН ҚАҚ ЖАРЫП ТАНЫТТЫ
- «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, іске асырыла бастағалы да он жылға таяп қалды. Алғашқы күннен-ақ елдің назарын баурап, баспасөз бен теле-радионың өзекті тақырыбына айналды. Осы істің басы-қасында өзіңіз жүрдіңіз, бағдарламаның мақсаты, мән-мағынасы өз дәрежесінде мойындалды деп білесіз бе?
- Мұндай жоба дүние жүзінің басқа елдерінде бұрын-соңды қолға алынбаған екен. Бағдарлама қабылданған соң, екі жылдан кейін 2006 жылы көктемде ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерiнде салтанатты түрде тұсаукесер рәсімі жасалды. Солайша, халықаралық дәрежеде танылды. Бұл, шындап келгенде, мәселенің сыртқы көрінісі ғана. Ішкі жағына үңілсеңіз, нәтижесі алдын ала ойластырылған және мағынасы зор, ауқымды шара екеніне көз жеткізесіз. Ең бастысы, «Мәдени мұра» қазақ өз алдына ел болған кешегі 10-15 жылда билік пен қоғамның өзара бірін-бірі қолдап, жоғары деңгейде түсінісіп, тізе қосып атқарған бірден-бір жемісті жұмысы болды.
- Мемлекеттік деңгейде қолға алынған бағдарламаны ел ішінде өзіміз ептеп іске асыра бермей, әлемдік қауымдастықтың алдына не себепті алып шықтық? Біз неге жарияға жар салдық? Таныстырылымын БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымында өткізуіміздің сыры неде?..
КӨШПЕЛІЛЕР ӨРКЕНИЕТТІ ДӘУІРДІҢ АҚИҚАТЫН ҚАҚ ЖАРЫП ТАНЫТТЫ
- «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, іске асырыла бастағалы да он жылға таяп қалды. Алғашқы күннен-ақ елдің назарын баурап, баспасөз бен теле-радионың өзекті тақырыбына айналды. Осы істің басы-қасында өзіңіз жүрдіңіз, бағдарламаның мақсаты, мән-мағынасы өз дәрежесінде мойындалды деп білесіз бе?
- Мұндай жоба дүние жүзінің басқа елдерінде бұрын-соңды қолға алынбаған екен. Бағдарлама қабылданған соң, екі жылдан кейін 2006 жылы көктемде ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерiнде салтанатты түрде тұсаукесер рәсімі жасалды. Солайша, халықаралық дәрежеде танылды. Бұл, шындап келгенде, мәселенің сыртқы көрінісі ғана. Ішкі жағына үңілсеңіз, нәтижесі алдын ала ойластырылған және мағынасы зор, ауқымды шара екеніне көз жеткізесіз. Ең бастысы, «Мәдени мұра» қазақ өз алдына ел болған кешегі 10-15 жылда билік пен қоғамның өзара бірін-бірі қолдап, жоғары деңгейде түсінісіп, тізе қосып атқарған бірден-бір жемісті жұмысы болды.
- Мемлекеттік деңгейде қолға алынған бағдарламаны ел ішінде өзіміз ептеп іске асыра бермей, әлемдік қауымдастықтың алдына не себепті алып шықтық? Біз неге жарияға жар салдық? Таныстырылымын БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымында өткізуіміздің сыры неде?..
- Ден қойған адам «Мәдени мұра» арқылы көшпелілер өркениетінде қазақ халқының мәдени, тарихи, фольклорлық, этнографиялық және философиялық үлесі бар екенін танытуды көздегенімізді байқайды.
Мәдени-рухани тарихымызды қолдан келгенше жүйелеу үшін әрі ғасырлар бойы екшелген мұрамызға иелік ету үшін біз көп кеңесе келе, «Мәдени мұраны» темір дәуірінен бастауды жөн көрдік. Бағдарлама жүзеге асып, елдің пайдасына жараған кезде қолымызда 2,5 мың жылдық тарихымыз болсын деген байлам жасадық. Бұл - үлкен жетістік, айтарлықтай ұмтылыс.
Екі жарым мың жылдық кезеңді меже етіп алуымыз жәйдан-жәй емес. Күні кешеге дейін көшіп-қонып жүріп тірлік кешкен халқыңның тағдырын ойлай бастасаң, ең әуелі қазақтың маңдайын ойып кеткен ең үлкен трагедия 1930 жылдарғы ашаршылық еске түседі. Ұлтымыз империялық билікшіл орталықтың қысымынан түгелге жуық аштан қырылды. Бұл ашаршылық қазақтың қанындағы көшпелілік дағдыны жойды. Тарихымыз бен мәдениетіміз көшпелілікке, ал, көшпелілік жылқыға байлаулы еді. Бұл жұттың ақыры бір ұлтты сансыратқанымен қоймай, тұтас көшпелі өркениеттің күйреуіне соқтырды. Жер бетіндегі ұлы өркениеттердің бірегейі озбырлықтың кесірінен мәңгі оралмасқа кетті. Бірақ, ол көзден кеткенімен, көңілден кеткен жоқ, тарихтың таспасына жазылып қалды. Жылқының жалында тарау-тарау болып таралып, аттың ауыздығына жұғып, бүгінге жетті. Бірақ, оған дейін өзіміз де мың өліп, мың тірілдік. Көшпелі өркениетті үркітіп жіберген үркіншілікте болат тұяқ жануарды алғаш қолға үйреткен халықтың тікелей ұрпағы қазақ осы ашаршылықтан соң ат арқасындағы айбаты мен айбарынан айырылды. Қужақ Голощекин «Қазақты бағындыру үшін оны жылқысынан ажырату керек. Сонда қазақтан жуас, қазақтан бейшара халық болмайды» деп, қылта жерден қылыш сілтеді.
Ежелгі, ең көне жылқы тұқымы бүгінгі Қазақстанның аумағында болған. Археологтар Көкшетау жақта бір ортаға көмілген мыңдаған жылқының сүйегінің үстінен түсті. Елтаңбамызда мүйізді жылқының бейнеленуі тегін емес екен, мүйізді жылқының қаңқасы да еліміздің аумағынан табылды. Тұрмыс-тіршілігі жылқымен байланысты мұндай айғақ басқа ешбір елде жоқ. Жылқыға қатысты көне құндылықтар турасында дәл біздегідей өзге ешбір жұрт дәлел де, дәйек те келтіре алмайды. Алайда, жылқының отанындай болған қазақ даласында жылқының ресми есебі жүргізілмеген екен. Дегенмен, 1880 жылдары қазақтың жекелеген облыстарындағы жылқы саны, жуық шамамен, Еуропаның кейбір елдеріндегі жылқының тұтас есебіне пара-пар болған. ХХ ғасырдың жұты түмен жылқыны жұтты. Жылқы сақ пен ғұнның, қазақ пен Еуразияның құты, кені, ұлттық байлығымыз, ұлттық брэндіміз еді, тарихы әрі мәдени-рухани мұрасының көзі еді. Екі мың жыл бойы түзілген осы өркениет біздің тарихымыздың бір қайнары. Ғалымдар Ботай қонысынан табылған жылқылардың бас сүйегін зерттеген кезде азу тістерінің қажалғанын көрген. Бұл көшпелілердің темір дәуірінде қанша жерді билеп, қалай дәуірлегенін танытады. Бұл және көшпелілердің темір дәуірінің тұтқасы болғанының белгісі.
Талай жерді жылқының тұяғымен илеген көшпелілер ерте дәуірде Еуразия даласына бүгінгі тілмен айтқанда, заманауи технология мен Айға ұшу, я болмаса, атом энергетикасын игергендей жаңалық әкелген еді. Ежелгі еуропалықтар атқа міну үшін қарғып, ал, испандар атты тізерлетіп үйретіп немесе саты сүйреп, тас үйіп, ақ тер-көк тер болып жүргенде көшпелілер темірден ауыздық кигізіп, оны ер-тұрманмен жабдықтап, үзеңгі салып, аспанға секірген арғымақтың жалына жүзін төсеп, арқасына ұзынынан жатып, ат құлағында ойнады. Ат беліндегі көшпелілердің көзсіз батылдығы Наполеонның жағасын ұстатқан. Ат омырауына сары жезден қалқан кигізіп, өмілдірік пен жүген-ноқтасына алтын шаптырып, күміспен оқалаған. Шоқтығына үкі таққан аттың дәл осындай салтанаты күні кешегі дейін кез-келген қазақтың айбары да, арманы да...
Бәрін айт та, бірін айт, Еуразия даласындағы темір дәуірінің тууы бұрын-соңды бір-бірінің бары-жоғынан бейхабар талай елдің қарым-қатынасына зор ықпал етті.
- Сонымен, «Мәдени мұраның» маңдай тірер түйінді байламы, маңызды өзегі қайсы болды?
- Жер бетінде өмір сүрген ұлы бір өркениеттің жойылуы тек қазақтың арғы ата-бабасының ғана емес, әлемнің рухани ордасынан ойшылдардың орын алуына, философиялық пайымдар мен тарихи тұжырымдардың тууына сеп болған ұлы өркениет дәуірінің ақыры еді.
... Бұл кезде қола дәуірі аяқталып, темір дәуірі басталады. Алтайда туған темір дәуірі тарих сахнасына, Еуразия сахнасына жаңа күш алып келді. Демек, тарихи сахнаға көшпелілер шықты. Солайша, 2,5 мың жыл бұрын біздің бабаларымыз үлкен кеңістікке құлаш ұруға мүмкіндік алды. Темір дәуірімен бірге тек Еуразия кеңістігінде ғана емес, жалпы, адамзат тарихында үлкен жаңалықтар туды. Бұрын көне Қытай, көне Иран, көне Үндістан, көне гректер анда-санда араласқаны болмаса, тығыз қарым-қатынас болған жоқ. Түркілердің темірді игеруі мен атты ауыздықтауы арқасында барыс-келіс ашылып, Ұлы Жібек жолы дүниеге келді. Ұлы Жібек жолы бойында шаһарлар тұрғызылды. Әркім барын алып шығып, сауда-саттық жүріп, бір елдің мәдениеті басқа жұртқа әсер ете бастады. Сол уақытта өмірге келген буддизм, христиан, индуизм және зороастризм секілді әлемдік діндердің таралуына темір дәуірі септік етті.
Осынау өзгерістер ол заманғы адамдардың, мемлекеттердің көбі өзінен басқа ел бар деп білмеген, «тұтасып тұрған» түсінік-пайымын қақ жарып, «біз кімбіз?», «бұлар кімдер?» деген пәлсапа тудырды. Ойшылдар ой толғап, тіршілік құбылысына, өмір заңдылығына, адами құндылықтарға әр қырынан, әртүрлі баға бере бастағаны да осы тұс.
Бұл заманды «Пайғамбарлар дәуірі» деп танып, Иса пайғамбардың дүниеге келуін соған байланыстырмақ болған, таңбақ болған Гегельдің пікірін немістің ойшылы Карл Ясперстің «Ось дәуірі» байламы жоққа шығарды. Ол белгілі бір қауымға немесе ортаға тиесілі дербес пайғамбардан гөрі, күллі адамзаттың өміріне әсер еткен нақты күрделі тарихи өзгерістің жеткенін әйгіледі. Адам баласының өз-өзін іздеп, өзгені танып, аңыз бен ақиқаттың шекарасын бағамдай бастаған кезеңді «Осьтік дәуір» деп нықтады. Философия бүр жарды. Қытайда Конфуций мен Лао-Цзы, Үндістанда Будда өмір сүрген уақыты - осы «Ось дәуірі». Иранда қайырымдылық пен зұлымдықтың аражігін бейбітшілік пен ынтымаққа негіздеген Заратуштра өрістеді. Грекияда Гомер жырлап, сана мен тұрмысты саралаған Парменид, Гераклит, ұлы тарихшы Фукидид, Платон мен Архимед сынды тұлғалардың таныла бастағаны міне, осы кез. Ал, оларды тудырған темір дәуірін әкелген түркі көшпелілері еді. Бұл ақиқатқа осы күнге дейін қарсы келетіндер кемде-кем. Николай Гумилев сол заман туралы «Еуразиялық кеңістік дүниеге келді» деген.
... Ұлы мақсат ұлы ой туғызады. Ашаршылық жұтқан өркениеттің аяғы бар, басы қайда дегенде, маңдайды «Ось дәуіріне» тіредік. Біздің тарихымыздың бір бұтағы сол заманда. Көшпелі өркениет сақ дәуіріне, одан ғұндар, көне түрктер заманына жалғаса келе, ХХ ғасырға дейін тартатын үзіліссіз бір жақсы жүйе туды деп санаймыз. Себеп нәтижеге жеткізеді. Демек, біздің бағдарламаны осы жүлгеге салғанымыз - зор рухани жетістік. Өйткені, біз - тарихы хатталмаған, мәлімет, дәйектері әрқилы дереккөздерде шашырап жатқан елміз. Соларды іріктеп, тірнектеп жинау осы Бағдарламаның міндеті болды. Ресми реттелген 2,5 мың жылдық тарихи түзілісті игілігімізге жарата алсақ, бір жолғы бағдар үшін аз болмаса керек. «Қазақ - осындай тарихтың мұрагерлері» деген өзгелердің құрметін оятып, өзімізге деген сеніміміз нығаяды. Бағдарламаның арқасында бабаларымыздың даңқы жаңғырды.
Міне, біздің «Мәдени мұраны» дүниені дүр сілкіндірген көшпелілер дәуірінен бастағанымыз осы еді. Күні ертең «Мәдени мұраны» оқып-танып, осы Бағдарламаның негізінде іске асқан құндылықтар елге қызмет ете бастағанда кейінгі ұрпақ ататарихтың тағылымынан өнеге алатын болады. Материалдық құндылық тозып, рухани құндылықтың озатын дәуір туады. Гераклий айтпақшы, «бәрі өзгереді, бәрі де озады, қатып қалған ештеңе жоқ». Демек, ертең темір дәуірінің жаңғырығы ғасырларды аралап, өзімізге қайтқанда «Мәдени мұра» бағдарламасы болашақтың дайын сыбағасы болмақ. Осы орайда, Меруерт Әбусейітова, Карл Байпақов, Әбдімәлік Нысанбаев, Сейіт Қасқабасов бәріміздің ойымыз бір жерден табылып, «Мәдени мұра» турасында біз мүдделес, мұраттас болып шықтық.
ЖЕТПІСКЕ ЖЕТСЕК ТЕ, СОЛ БАЯҒЫ "ЖАС ТҰЛПАРМЫЗ"
- Сіздер бәріңіз де Кеңестің тынысы мен талабын жақсы сезінген буынсыздар. Айтыңызшы, елде «Мәдени мұраға» дейін осы шара сипатты талпыныс болды ма?
- Ол кезде әдебиеттің өзі де қатты қиналды. Өйткені, әдебиеттің жаны бар, ары менен намысы бар. Әдебиет, үлкен сұрақтарға жауап бере алмаса, әдебиет емес. Отаршылдық әдебиеттің кеңірдегінен қысып отырды. Біздің үлкен тарихымыздың жоқтығы да осы себептен. Тарихта, философияда «ұлт сағаты», яғни, «время нации» деген ұғым бар. Міне, осындай қысымның салдарынан біздің «ұлттық сағатымыз» туған емес еді. Біз тосап судай тынып, тұнып тұрдық. Соның кесірінен талай тарихымыз талай рет лайланып, уланып, шөгіп те кетті.
Әнуар Әлімжановтың орта ғасыр тақырыбына барғаны - алғашқы қаз-қаз қадам. Мағжан, Мұқағалилар бұлқынып-бұлқынып, ақыры атылып бірі кетті, күйіп бірі кетті. Міне, бұл - мың өліп мың тірілгеннің нышаны. Біз - мәңгі күрес жолында келе жатқан елміз. Жеңілсең де, күрес жолында жүргенің. Патшаға солдат бермеске күрескен он алтыншы жыл, атадан қалған малыңды тәркіге салған жиырма екінші жыл, үркердей елді үркіншіліке салған отыз екінші жыл, арысыңды атып тастаған отыз жетінші жыл, қайсарлыңды қанды қасапқа салған қырық екінші жыл, атом сынаған қырық алтыншы жыл, жасыңды жұтқызып, жазираңды жыртқызған елу алтыншы жыл, қазақ мектептерін жаппай жапқызған алпысыншы жыл, қазақ қырда, орыс қалада өмір сүрген жетпісінші жыл, желтоқсанда күн күркіреген сексен алтыншы жыл... соның бәрі - күрес. Күресіп жатқанымыз - біздің мың өліп, мың тірілгеніміз.
... Әнеукүні желтоқсанда алаңға барып қайтқан соң, Мұхтар Әуезов музей-үйінде аруақтарға арнап ас бердік. Анадайдан Мақаш Тәтімов келе жатыр. Мына жақтан ақсаңдап Сәтімжан Санбаев көрінді. Бұ жақтан мен шықтым... Жас күнімізде шын жас тұлпар едік, жасымыз жетпіске келсе де сол баяғы «Жас тұлпар» екенбіз, ел туралы, егемендік туралы ел-сел болып әңгіме айттық. Аз қазаққа көп күрес керек. Мақаш айтқандай, «Қазақ деген - адамы аяқ басар жер таппай тұрған алып мұхиттың ортасында жалғыз-жарым жан жаңғырықтырып жатқан арал». Мың өліп, мың тірілдік деп өкінбелік. Өкінгенмен пайда жоқ, мың өліп, мың тірілу - қазақтың Жаратқан Ие білетін құпиясы. Оны басы жұмыр біз пенде аша алмаймыз. Оны өмірдің өзі ашады. Бірақ, біз мінсіз ұлт, мінсіз халық болуға ұмтылуымыз керек. Ұлтсымақ болсақ, онда «Мәдени мұраның» да, мән-мәселеңнің де, қысқасы, түктің те керегі жоқ. Болмаса, қоғам емес, қоғамсымақ болса, онда бағдарламадан да, басқадан да ештеңе шықпайды. Халық - мәңгі. Сондықтан, біз өзіміз өмір сүріп жатқан заманда өз борышымызды, өз міндетімізді орындамасақ, халық бәрімізді де ұмытады. Бірақ, сол тарихты келесі дәуір бәрібір қайта тірілтеді.
... Осыдан біраз бұрын маған екі поэма келді. Оқып отырып, «адамның рухы мұншама биік болады екен» деп таңғалдым. Жазған кісі қандай күй кешкенін қайдам, оқып отырып өзің жанып кете жаздайсың. Темірхан Медетбековке телефон соғып едім, ол «Мүке, менде осындай поэманың отыз шақтысы бар» деді...
«Қазақфильмді» де көп сынаймыз. Рас, біздің аузымыз көп күйген. Бірақ, соңғы кезде жақсы дүниелер туып жатыр. Ермек Тұрсыновтың «Шалы», Дәрежан Өмірбаевтың «Студенті» Канн фестиваліне шықты. «Жаужүрек мың баланы» көріп, үлкен қуанышқа бөлендім. Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібегінен», Абдолла Қарсақбаевтың киноларынан соң арқау үзіліп қалғандай еді, мынадан кейін енді оңала берер. Сондықтан, біз болашаққа ұмтылған ел болсақ, «бұл қолдан келмеді, анауымыз ұят болдыны» естен шығаруымыз керек. Сәтсіз деген туындылардың өзі - тарихи-мәдени процесс. Нашар туындыға бола, шаршамауымыз керек. Жақсы дүние қалайда жалғасады.
- Ендеше, «Мәдени мұраның» да жалғасы бола ма?
- Біз алғашқы белесте негізінен, қазағымызды көбірек қаузадық. Ал, бірақ, біздің тарих тек өз ата-бабаларымызбен тарих емес қой. Оның арғы тегі, арғы-түпкі дәуірлердегі тіршілігі, өз заманына сай алыс-берісі болды ғой. Соның ішінде түркішілік қатысымыз қандай болды? Түркі текті халықтардың тағдыры қалай болды? Осыларды зерделеп, өскеніміз бен өшкенімізді жаңғыртып, жоғымызды тапқанымыз жөн. Себебі, біз қайтсек те, түркіліктен ажырап кете алмаймыз. Иә, кешегі Кеңес түріктектілері өздерінің артық-кемін біледі. Бірақ, олар сонау Алтайдан Дунайға дейін билеген ер түріктің қара шаңырағын сақтап қалғанымызды ескеріп, ендігі жерде бізге қарай ойысуы керек.
Менің де қанымда қайнаған түрікшілдік бар. Әкеміз Мұхтар Әуезов ол да түрікшіл болды. Есіңізде ме, «Қилы заманда» қырғыздардың көмекке келе жатқанын көрген қазақтардың рухы қалай тасыған! Әкеміз соған ерекше мән беріпті. Қарқаралы жәрмеңкесінде орыстардан хабар тасып жүрген өзбек бар. Ол, бірақ, орысшасында айтылмайды. Жазушы мұнда Кеңес тұсындағы түркіліктің түгелдігі осы дегенді меңзеп отыр. Осындай ниетті тек Мұхтар Әуезов емес, Алаш арыстарының дүниетанымынан тануға болады. Мағжанның «Ақсақ Темір сөзі» деген өлеңі бар.
«Жиһан деген нe нәрсе?
Алақанның ауданы!
Бір ауданда көп Тәңірі
Болудың тіпті жоқ сәні.
Тәңірі - көктің Тәңірісі
Күңіренсін, көгін билесін!
Жер Тәңірісі - Темірмін,
Жеріме Тәңірі тимесін!»
Көк Тәңірісі Тәңірінің
Тұқымы жоқ, заты жоқ.
Жер Тәңірісі Темірдің
Тұқымы - түрік, заты - от!
Мағжанның өлеңінен соң түрікшілікке не алып-қосуға болады?..
Өкінішке қарай, «Мәдени мұрасын» түгендеп жатқан қазақтың бірде-бірі біздің жыл санауымыздағы 751 жылы Талас өзені бойында өткен әйгілі Атлах-Талас шайқасын еске алмайды. Бұл шайқас күллі Орталық Азия мен түркі халықтарының ғана емес, тұтастай алғанда, Еуразияның болашағына түбірлі өзгеріс әкелген еді. Түркеш, қарлұқтар араб әскері жағына шығып, Таң империясының әскеріне күйрете соққы берген. Бұл - біздің үлкен тарихымыз. Өзгелерді көп айтамыз. Еуразия кеңістігінде, жалпы адамзаттың тарихында ерекше мағынасы бар осы шайқас туралы болашақта арнайы мән беріп, айтып-жазуымыз керек.
- «Мәдени мұрада» бұл ескерілді ме?
- Жоқ! Мәселе сонда... Сонымен қатар, Кавказдың елдерімен қарым-қатынас мәселесіне шама жетпеді ме, оған көңіл бөлінбеді. Бұл мәселелерге мән бермесең, Бағдарламаның нәтижесі кемдеу болады.
Өмір заңы бұлжымайды, «Мәдени мұраның» басы-қасында болған ғалымдардың алды, біздің Карл, Әбдімәлік зейнет демалысына шығып жатыр. Бірақ, жаңа қолға алған екнші кезеңнің бағытын шола отырып бір нәрсеге ішім жылыды. Екініші қадамның Тұжырымдамасында біздің айтқан ұсыныстар ескеріліпті. Біріншісі - халықаралық қарым-қатынас туралы, екінші - мұрадан мұралануға қадам мәселесі.
Мұра бар да, мұралану бар. Ол үшін терең, білім керек. Үлкен шеберлік керек. Өйткені, мұралану - үлкен ұғым, салмақты ұғым.
- «Мәдени мұра», демек, ұлттың тарихы ғана емес, ары да, жаны да. Сондықтан, одан селкеу шықпағаны бәріміз үшін абырой. Осы орайда, бұл Бағдарламаны іске асыруда ешбір оғаштық, яки, ағаттық жоқ деп санайсыз ба?
- Мен бір нәрседен қауіптенемін. Үкімет «Мәдени мұраның» салмағы мен маңызына мән берсе екен. Мәдени туризмді ел экономикасын жандандыратын бір тетік ретінде қарап, археологиялық-мәдени нысандарды туристк бағыттың жөнімен пайда табатын көзге айналдырып жібермесе екен. Бізге керегі - рух! Бүгінгі ұрпақтың өкілі ретінде осы рухты сезіне білуіміз қажет. «Мәдени мұраның» басты мақсаты - халықтың рухын көтеру. Егер осы бағдарламаны алға тартып, ниет, пиғыл мәдени туризмге ауып кетсе, табылған мәдени нысандарды көпке көрсетумен шектелер болсақ, онда, бәрі бекер. Онда алғашқы қадамның болмай-ақ қойғаны абзал.
- Жалпы, «Мәдени мұраның» алғашқы белесі ақталды ма?
- Ақталды. Иманғали Тасмағамбетов басқарған қоғамдық комиссия тамаша жұмыс жасады. Бірінші белестің жемісі екінші белеске жол ашты. Мүдделестер қол ұстасып, жолға бірге шыққандай болдық. Тізе қосып, ұлы жолға үлкен сеніммен аттандық. Өйткені, о бастан біздің мақсатымыз анық болды. Мақсаттың ірілігі мүмкіндіктің ірілігін туғызады.
- Ендеше, «Мәдени мұраның» келесі жалғасы қалай болса деп күтесіз?
- Бағдарламаның бірінші кезеңінде археология саласына көп назар аударылды. Мұраларымызды таптық, қолға түскен-түскенінше түгендедік. Бастаған істі аяғына жеткізуге де бойдағы қуатпен бірге, жүректе кемел рух болуы керек.
Мен 70-ке жақындап қалдым. Бірақ, адамның жасы ұлғайғанымен, о баста санаңа сіңген, жүрегіңе тұнған бір құштарлық қартаймайды екен. Мәдениетке, мәдени-рухани қазынаға деген ынтам арта түсуде. Бұл әдетке айналып, келе-келе, бойға сіңіп, мінез болып қалыптасады-ау деймін, әйтеуір бір бүйрегім осы салаға тартады да тұрады. Өзімнен бе, сөзімнен бе танылып тұрса керек, жақында «Мәдени мұраның» жалғасын бірігіп атқаруға шақырды. О баста осы Бағдарлама қолға алынып, «іске асыруға қатыссаңыз» деген ұсыныс түскенде, «Сорос» қорындағы жақсы қызметім мен жоғары жалақымды, тыныш тірлігіміді, бәрін тастап, бірден келіскенмін. Осы жолы да қарсы келмедім. Елде мұндай ғажап шаруа қолға алынып жатқанда мен қарап отыра алмайды екенмін.
Жақында «Мәдени мұраға» тікелей қатысы бар тағы ұсыныс айтылды. ЮНЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясының жанындағы Материалдық емес мәдени құндылықтарды қорғау жөніндегі ұлттық комитетке төрағалық етіп, жұмысты бастаңыз деді. Соған орай, Тұжырымдаманы жазуды қолға алмақшымыз. Бірақ, осы арада көкейіме қонбай тұрған бір нәрсе бар. «Материалдық емес құндылық» деген сөз ұнамайды. Біртүрлі, жат... Мұндай сөзбен адамды бір нәрсеге сендіру, рухтандыру мүмкін емес. Сондықтан, мен осы Тұжырымдамаға «материалдық емес мәдени құндылық» деген сөздің орнына «РУХАНИ МҰРА» деген сөзді қолдануды ұсындым.
Сонымен, алғашқы бағдарлама «Мәдени мұра» болып, енді екінші қолға алынбақшы бағдарламаның атауы «Рухани мұра» болса, мақсатымыздың айқындалар еді. Және «мұрадан - мұралануға» деген талаптың орындалғаны деп санаймыз.
- Алматы жақтан Мұхтар Әуезов қоры қоғамдық Құрмет белгісін тағайындады дегенді естідік. Бұл құрметке кімдер лайық деп танисыздар?
- «Кемеңгер» деп аталатын Құрмет белгісі жоғары интеллект, рухани және жасампаздық әлеует, ізгілік пен халық мойындаған азаматтық ұстанымның талаптарына сай болатын тұлғаға беріледі. Қосымша ақшалай сыйлығы бар. «Кемеңгер» Құрмет белгісінің авторы - мүсінші Марат Әйнеков. Бұл марапат ортамызда еңбек етіп жүрген ісімен де, тұлғасымен де көпке сыйлы, қадірлі азаматқа тағайындалады.
«Кемеңгердің» тұңғыш иегері Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиясының толық мүшесі, биология ғылымдарының докторы Мұрат Ғылманов болды. Нанотехнология саласының ірі өкілі. Адам денсаулығына қатысты жаңалықтар ашты. Іске асқаны бар, аспағаны бар, сонда да талмайды. Көз жанары әлсіз болса да, қуаты кемел кісіден артық қызмет етіп жүрген, рухы мықты, азаматтығы биік адам!
Ел ішінде осындай тұлғалар аз емес. Олар, бірақ, көзге көп түсе бермеуі мүмкін. Бірақ, елміз ғой, еңбектің осындай ерлерін тауып, хал-қадірімізше бағалап, қызметіне лайықты құрметті көрсеткеніміз - ертеңгі ұрпаққа өнеге бергеніміз емес пе!
Әңгімелескен Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ
"Абай-ақпарат"