Рәзиға Әшеева. Халық қаржысын миллиардап жұтқандар неге жазаланбай отыр?
Кешеуілдеп қараған 2008 жылдың бюджетінің атқарылуы туралы есептерді тыңдағанды Сенаттың жалпы отырысының күн тәртібінде Үкіметтің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды.
Мәжілісмендерден гөрі сенаторлар белсенділік көрсетіп, үкіметтің есебін баяндаған Қаржы министрі Болат Жәмішевке өткірлеу сұрақтар беріп, жарыссөзде де қатты сын айтылды. Ал, есеп комитетінің баяндамасын комитет мүшесі Қайырбек Сейітқұл жасап, бюджеттің атқарылуы кезінде орын алған бірқатар жүйелі қателіктер мен олқылықтарға жан-жақты тоқталды.
Салық тисімдері 32 млр-қа кем
Кешеуілдеп қараған 2008 жылдың бюджетінің атқарылуы туралы есептерді тыңдағанды Сенаттың жалпы отырысының күн тәртібінде Үкіметтің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды.
Мәжілісмендерден гөрі сенаторлар белсенділік көрсетіп, үкіметтің есебін баяндаған Қаржы министрі Болат Жәмішевке өткірлеу сұрақтар беріп, жарыссөзде де қатты сын айтылды. Ал, есеп комитетінің баяндамасын комитет мүшесі Қайырбек Сейітқұл жасап, бюджеттің атқарылуы кезінде орын алған бірқатар жүйелі қателіктер мен олқылықтарға жан-жақты тоқталды.
Салық тисімдері 32 млр-қа кем
Жалпы, республикалық бюджеттің кірістері екі рет анықталып, нақтылаған жоспар 99,8 пайызға орындалды. Оның ішінде салық түсімдері 98,5 пайыз, немесе 32 млрд.теңгеге кем түсті. Мұны есеп комитетінің мүшесі соңғы он жылда бірінші рет орын алған олқылық деп атап көрсетті.
Салық жоспары орындалмағанмен, бюджеттің кіріс бөлігі негізінен Ұлттық қордың 1 трлн. теңге мөлшеріндегі түсімдері есебінен толықтырылды, бұл - жалпы түсімдердің 32 пайызы. 2008 жылы бюджеттен нөлдік ставкамен 254 млрд. теңге қосымша құн салығы қайтарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға көп.
Әрине, осы салықты уақытылы қайтару ірі салық төлеушілерді дағдарыс жағдайында қолдау екендігі түсінікті. Алайда, бұл салықты қосылған құны жоғары түпкілікті өнім үшін емес, негізінен, шикізат экспорты үшін қайтаруда. Өз кезегінде бұл салық жеңілдігінің идеологиясына қайшы келеді. Сондықтан, есеп комитетінің мүшесі отандық өндірісті ынталандыру үшін, осы саладағы заңнаманы жетілдірудің уақыты келді деп өз сөзін дәлелдеу үшін бірнеше мысал келтірді.
«Астана - жаңа қала» еркін экономикалық аймағында тіркелген астық экспортымен айналысатын 37 фирмаға және құрылыс материалдарын жеткізетін 19 өнім жеткізушіге бюджеттен 4 млрд. теңге қосымша құн салығы (ҚҚС) қайтарылған. Бұл қаржы олардың бюджетке төлеген салық пен басқа төлемдерінен 8 есе көп. Алайда, осы компаниялардың тек 11-і ғана 1 пайыздан жоғары салықтық жүктемемен жұмыс істеген.
Екіншіден, шағын және орта бизнеске енгізілген мораторийдің оңды тұстары болғанмен, оны кейбір салық төлеушілер өз мүдделеріне пайдаланып қалуға тырысуда.
Салық заңнамасында кездесетін кемшіліктер базбіреулерге салықтан жалтарудың және бюджеттен күмәнді жолмен қомақты қаражат алудың түрлі схемаларын қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Бұған дәлел - жалған кәсіпкерлікпен айналысқан фирмалардың санының өсіп кетуі, соған қарай олардан бюджетке келген зиянның 81 млрд. теңгеден асып жығылуы. Бұл тек анықталғаны ғана.
Үшіншіден, әкелінетін тауардың іс жүзіндегі құнына кедендік бақылау тиісті деңгейде жүргізілмейтіндіктен, мұны сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар өз мүддесіне пайдалануда. Оған мысалға «Аджип» компаниясы мен оның мердігерлерін келтіруге болады.
Егер, әкелінген жейделердің 1 данасының құны 5 мың АҚШ доллары, қағазға арналған алюминий лотоктардың 1 килограмы үшін 45 мың АҚШ доллары болып жатса, қалайша күмән тудырмайды деп айтуға болады.
Осылайша, «Аджип» компаниясы өнімді бөлу туралы келісім аясында Қазақстанның өтейтін шығындарын заңсыз ұлғайтып отыр, бұл, өз кезегінде, компанияның кірісіндегі еліміздің үлесін азайтады.
Төртіншіден, есепті талқылау барысында депутаттар тарифтік емес реттеу шараларын жетілдірудің қажеттігін бірнеше мәрте атап айтқанмен, бұл саладағы кемшілік көптеген күдікті операцияға әкеп соқтыруда. Атап айтқанда, 2008 жылы алыс шет елдерге шығарылатын мұнай өнімдерінің экспортына кеден бажы қолданыста болған кезде, Украинаға мұнай өнімдерінің экспорты 2007 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 35 есе ұлғайған, ал, бұл елге кеден бажы бекітілмегендігін баса айту керек. Оны сол елден әрі қарай экспорттаған жағдайда бюджеттің шығыны 11 млрд. теңгеден асуы мүмкін.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысында 2008 жылда 1 млн. тоннадан астам битум қоспаларының, 26 мың тонна мұнай қағының (нефтешлам) 2007-2008 жылдары Иранға шығарылған экспорт көлемі едәуір болғаны анықталды. Шындығында да, аталған тауарларға кеден баждары салынбауы тиіс, бірақ кеден қызметтері жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбегендіктен, бюджет 11 млрд. теңге шамасында шығынға батты деген қауіп бар.
Осылайша нәтижесі жан-жақты таразыланбай, кедендік және салықтық әкімшілік етуді жеңілдету саясаты өзінің түпкілікті қорытындысында республикалық бюджет кірісін шығынға ұрындыруға әкелген сияқты.
Шығын көп, сұрау жоқ
2008 жылғы бюджеттің шығыс бөлігі бойынша бюджет қаражатын, трансферттерді, мемлекет активтерін пайдалану кезінде, сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру барысында орын алған қаржылық заң бұзушылықтар аз болмай тұр. Объектілерді жобалау, салу, жабдықтарды сатып алу кезінде нақты қажеттіліктің ескерілмейтіні, құрылысты негізсіз қымбаттатуға, объектілерді іске қосудың мерзімін кешіктіруге жол берілетіні жыл сайын атап көрсетілгенмен, бұл үрдіс тағы да қайталанып отыр. Шынын айтқанда, мұның өзі нормаға айналған секілді. Әрі жай емес, бәлен есе қымбаттайды. Осы сипаттағы фактілер Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында анықталды, мысалы, сол жерлердегі денсаулық сақтау объектілерінің құны бастапқысынан 4 есеге дейін асып кеткен.
Есеп комитеті өз есебінде Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларыны іске асыру барысына мониторинг жасауға және дағдарысқа қарсы бағдарламаның негізгі бағыттарына бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бақылауға айрықша назар аударды. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу сияқты бағыттар бойынша бақылау жүргізілген.
Бақылау-талдау іс-шараларының қорытындысы көрсетіп отырғандай, бюджет қаражатын аталған бағыттарда пайдаланудан күтілген нәтижелерге қол жеткізілмеген. Бақылау іс-шараларын жүргізу барысында мемлекет активтерін басқаруға қатысты 30 млрд. теңгеден астам қаржылық заң бұзушылықтар анықталды. Есеп комитеті осы ретте осы проблемаларды шешу үшін, аталған нарықтағы барлық операторлар мен компанияларға «өте мұқият аудит» жүргізе отырып, нақты қадамдарға бару қажет деп есептейді.
Бюджетті қалыптастыру мен атқару жүйесінің нәтижеге бағдарланған үш жылдық кезеңге көшкендігі белгілі. Есеп комитетінің мүшесі мұны Елбасының елімізді жеделдетілген индустриалдық-инновациялық дамудың бесжылдығына көшіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру жағдайында өзекті болатындығын және сол уақытта мемлекеттік сектор қызметінің қаржы нәтижелері туралы ақпараттың маңызы арта түсетіндігін білдіреді деді. Мысалы, 2005-2008 жылдары Семей қаласының коммуналдық шаруашылық объектілерін жаңарту үшін республикалық бюджеттен 10 млрд. теңге бөлінген болатын.
Үш жылдың ішінде 7 млрд. теңге игерілгені мен, тексеру жүргізу барысында бірде-бір объекті пайдалануға берілмеген және оларды мемлекеттік комиссия қабылдамаған болып шықты, сондай-ақ, 1,4 млрд. теңгені пайдалану кезінде қаржылық заң бұзушылықтар орын алған.
Бұл 2006-2007 жылдардың фактілері болғанмен, содан осы уақытқа дейін еш нәрсе жасалған жоқ, мақсат та орындалмаған.
Спорт, медицина тауарлары қоймада басып жатыр
Тағы бір мысал. Әдетте спортшыларымыздың олимпиадада, халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілгенін қалаймыз. Сонымен қатар, Қазақстанның спорттағы жетістіктерін айтып, мақтанамыз. Сөйте тұра, олардың дайындалатын спорттық жеке базалары бар-жоғын ойламаймыз. Анығына келгенде, елімізде ондай базалар жоқ. Соның салдарынан әлемдік жарыстарға дайындалуға қажетті деп сатып алынған тренажерлар қоймаларда жатыр. Оның есесіне олимпиадалық орталықтар спорт объектілерін бизнес-құрылымдардан және жеке кәсіпкерлерден жыл сайын жалға алып жатады.
Тек 2006-2008 жылдары ғана осы мақсатқа 1 миллиардтан астам теңге жұмсалған.
Сол секілді өңірлер 2006-2008 жылдары аса қымбат медициналық жабдықтар сатып алған. Ал, осы жабдықтар жиынтығы түгел болмағандықтан, пайдаланылмаған күйі жатыр. Онкологиялық және басқа ауруларды ерте бастан анықтауға мүмкіндік беретін қымбат жабдықтардың пайдаланылмауы бюджет қаржысын далаға шашу ғана емес, денсаулық сақтаудағы жауапсыздық. Сол жауапсыздықтың салдарынан енді екі-үш жылдан соң бұл жабдықтар түкке керексіз болып қалады да, олар есептен шығарылып, ешкім де осы үшін жауап бермейтін болады.
Мұндай кемшіліктер айтылмайтын болса және жауапкершілік сұралмайтын болса, мұндай үрдіс алдағы жылдары да жалғаса бермек.
Есеп комитетінің есепті кезеңде 355 объектіні бақылау-талдау іс-шараларымен қамтып, 114 млрд. теңгенің қаржылық заң бұзушылықтарын анықтады. Олардың қорытындысы бойынша бюджетке 2,3 млрд. теңге қайтарылды. Үкімет пен уәкілетті органдар қаржы және бюджет заңдарын жетілдіруге қатысты 25 ұсынысты іске асырды. Құқық қорғау органдарына 27 бақылау материалы беріліп, олар бойынша 12 қылмыстық іс қозғалып, 15 материал бойынша тергеу шаралары жүргізілуде.
Тәртіптік жауапкершілікке 128 қызметкер, соның ішінде 78 басшы тартылды, 8 адам қызметінен босатылды.
Бұл кінәлі адамдардың бәрінен бірдей жауапкешілік сұралып, оларға тиісінше жаза қолданылды деген сөз емес. Ебін тауып, ретін келтіріп жаупкершіліктен жалтарып кететіндер аз болмас. Мұнымен қоса мемлекеттік қызметтен кеткен лауазым иелерін жауапкершілікке тарту көп жағдайда қиыншылық туғызады және олар жазасыз қалып жатады. Есеп комитеті оларды жауапқа тарту үшін, сондай-ақ, жазаны міндетті түрде қолдану мақсатында әкімшілік заңнаманы жетілдіру қажет деп санайды. Осыған байланысты 2007 және 2008 жылдары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде бірнеше рет ұсыныс жібергенмен, ол ұсыныс Үкімет тарапынан әлі күнге дейін қолдау таппауда.
Үкіметтің және есеп комитетінің есептерін талқылау барысында есеп комитетінің тегеурінді жұмыс істеуі үшін құзыретін көтеру мәселесі жылдағыдай тағы да алдан шықты. Сенатор Әділ Ахметов есеп комитетінің қауқарын көтеру үшін не істеу керектігі туралы сұрақ қойса, оның жауабы--біреу. Ол -- өкілеттігін көтеру. Бірақ біздің ел Ресей және басқа да көрші мемлекеттер секілді есеп комитетінің тегеурінді жұмыс істеуіне мүдделілік танытпай отыр. Әлде республикада коррупция асқынып отырғандықтан, есеп комиететінің қолына көбірек күш тиетін болса, небір былық пен шылық ашылып, басқа пәле тілеп алуға деген қорқыныш қолды байлап отыр ма? Сондықтан да есеп комитетінің арнайы дайындаған Заң жобасына Үкімет қырын қарайтын болса, оған таңғала қоймаймыз.
Бюджеттің атқарылуында жылдағы кемшіліктердің қайталануы, үкіметтің сыннан қорытынды шығаруға немкеттілікпен қарауы сенатолардың бірқатарының шыдамын тауысқандай.
Әрбір ұрланған тиын үшін кінәлілер жауап терсін
Ғани Қасымов:
- Бюджет үш жылға арналған. Біздер бюджетті нақтылау үшін қараған кезде аса маңызды мәселелер бойынша, мысалы, ауыз суға қарастырылған қаржыны қысқарттық. Сөйтіп, көптеген елді мекендердің тұрғындарын ауыз сусыз қалдырдық. Бұған дейін олар қаржыландырылып, құбырларды жүргізіп те қойған-ды. Енді суды қосу ғана қалған кезде жұмыс тоқтатылды да, жүргізілген құбырлар ұрланып, ұстағанның қолында кетті. Бұл -- оған жұмсалған қаржы зая кетті деген сөз. Мен мұндай жағдайды Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарын аралаған кезде көрдім. Енді құбырларды қайтадан жүргізу үшін қаржы бөлуге, оны тағы да сатып алуға тура келеді.
Бүгін біз қаржыны атқарудағы жұмысты қарап отырған кезде, есеп комитеті коррупциялық жағдайдың асқынып тұрғанын айтуы керек еді. Ал, оған қарсы үкімет тарапынан ешқандай да әрекет жасалып отырған жоқ. Қазір жағдай, тіпті, өзгере бастады. Бұрын тендердің «шапкасы», «откасы» туралы айтылатын. Қазір мұның бәрі өтіп кетті. Ендігі жерде тендерді толығымен ұрлайтын болды. Ешқандай 10,15 пайыз деген жоқ. Миллиард болса, миллиардты толығымен жұтып қояды. Бұған мысал керек пе? Мысал жетеді. Қорғаныс, Қоршаған ортаны қорғау министрліктерін-ақ алайық. Үкімет, есеп комитеті не істеп отырды? Екіншісі - макрожағдай. Құрметті үкімет мүшелері, бюджеттің не екенін түсінесіздер ме, жоқ па? Қандай қаржыны оңды- солды беріп отырғандарыңызды түсінесіздер ме?
Бюджеттің қалай атқарылғанын көріп, біліп отырып, біз мұндай есепті қалай бекітеміз? Бекітпеуіміз керек. Бекіткен дұрыс болмайды. Әйтпесе толық жағдайда есеп берілсін.
Мен осыдан екі жыл бұрын оффшорлық аймаққа байланысты Салық кодексіне өзгеріс енгізу туралы айттым. Мемлекеттің оффшорлық аймақтарға қарсы күресуі қажет. Егерде осыдан екі жыл бұрын менің ұсынысым қабылданғанда, бүгінгі «Қазатомпромға» қатысты проблема туындамайтын еді. Бізге Парламентте бола ма, әлде Сенатта бола ма, бақылау палатасы керек. 100 миллион доллардан жоғары көлемде жасалған кез келген келісімнің Парламентте тіркеліп, міндетті түрде ратификациялануы қажет. Есеп комитетінің құзыреті республикалық бюджеттің көлемі бүгін 3 триллион теңгеден асып отырған кезде, бюджеттің көлемі кезіндегі 800 миллиард теңгедегідей деңгейде қалып отыр. Бұл дұрыс емес. Есеп комитетінің шағын әлсіз ұйым емес, толыққанды әрекет жасай алатын тегеурінді ұйым болуы тиіс.
Серік Ақылбай:
- Есеп идеологиясы дұрыс емес сияқты. Біздікі қанша қаржы талан-таражға салынды? - деген сұрақ қой. Бюджет қаржысы олай кетті, былай кетті дегенді естиміз. Сонда, ертең халықтың арасына барғанда, қалай жауап береміз? Қанша көлемде талан-таражға салынды? Қанша қаражат қайтарылды? Бұл - халықтың ақшасы. Қанша адам жауап береді? Нақтылы біз жауап алған жоқпыз. Тексерістің нәтижесі жоқ екенін байқап жүрміз. Қаншама үлкен-үлкен қылмыстық істер қозғалды. Миллиардтаған қаржы ұрланды. Ол -- тек ашылған ұрлықтар. Ал, ашылмағаны қаншама? Мұның бәрі есептің дұрыс болмауынан, сол есепті дұрыс тексермеуден орын алып отыр. Соның салдарынан біздер шығынға ұшыраудамыз.
Есеп комитетін күшейту керек. Ол тек республикалық қана емес, Ресейдегідей жергілікті жерлердің бюджеттерін де толығымен тексеруі қажет. Әрбір ұрланған тиын үшін нақтылы адамдар жауап беруі, жуапкершілік нақтылы болуы тиіс.
Оралбай Әбдікәрімов:
- Өткен жылы қазан айында бюджетті нақтылау кезінде премьер-министр Кәрім Мәсімов бюджет қаржысын кім игермейді, ол адам қызметінен босатуға дейін, тіпті, жауапкершілікке тартылатынын айтқан болатын. Бірақ қандай шаралар белгіленгені әлі күнге дейін белгісіз болып отыр. Алда 2008 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есеп бекітілмек. Енді премьер-министр өзінің уәдесін орындай ма, жоқ па?
Светлана Жалмағамбетова:
- Бүгінгі мәселе аса маңызды. Мәжілісте болсын, Сенатта болсын, бюджетті бекітер кезде, Үкімет жалпы отырыстың жұмысына толық құрамында келіп, қатысады деуге болады. Ал, біздер бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін қараған кезде, Үкіметтің қандай құрамда келгенін қарайық. Премьер-Министр, немесе премьер-министрдің орынбасарын айтпағанда, бірен-сараны болмаса, министрлердің өзі де қара көрсетпей отыр. Бұл шын мәнінде бюджетті орындауға деген және осы мәселені қарауға деген көзқарасты білдіреді. Мен Елбасының Қазақстан халқына жолдауында бюджет ақшасының жұмсалуына және қаржылық тәртіптің сақталуына аса қатаң бақылау жүргізіп, қаржы тәртібін бұзушыларды дағдарыс уақытының заңы бойынша қатал жазалау қажет деген сөзін еске салғым келеді. Бүгін жауапкершілік бұрынғыдан да екі-үш есе жоғары болуы қажет. Сондықтан Үкімет бюджеттің атқарылуы туралы қалай есеп бергеніне, біздің берген сұрақтарға қалай жауап бергеніне қарап, мен мұны жете мән бермеу деп есептеймін. Бұл - жеңіл-желпі қараушылық. Сондықтан менің ұсынысым бар. Сенаттың қаулысына үшінші бөлік ретінде 2008 жылдың бюджетінің атқарылуы туралы есепке Үкіметтің жеткілікті дайындалмағаны, сұрақтарға тиісінше жауап бермегені туралы ескерту жасауды ұсынамын. Мен бұдан әрі шыдай беру мүмкін емес деп есептеймін. Жыл сайын келеді, сұрақтарға тиіп-қашты жауап береді. Нақтылы жауап болмайды. Тіпті, мен Жәмішев мырза, Сіздің менің сұрағыма жауабыңызды екінші деңгейдегі банктерге тікелей лоббилық көрсету деп білемін. Бұл -- коррупциялық сәт. Сіз заңның орындалмауын мойындамаумен қатар, бұл жағдайға коррупциялық сипат беріп отырсыз.
Төраға Тоқаевтың сынаптай бұзылуы қалай?
Қатты айтқан сенатор Жалмағамбетованың ұсынысын сол жерде Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев дауысқа салып жіберді. Ұсынысты 45 сенатордың 27-сі қолдап дауыс берді. Сонымен, ұсыныс өтті. Алайда Төраға жоқ жерден ұсыныстың алдын ала дайындалған мәтінінің жоқ екенін, қызбалықпен жасалған ұсыныс дегендей уәжін көлденең тартып, түсіндірген соң, оны қайтадан дауысқа салатынын білдірді. Шынымен де, ұсыныс алдын ала мәтіні дайындалып, регламент бойынша емес, бюджеттің атқарылуын тыңдау барысында туған да болар. Қалай болғанда да, ұсыныс жасалып, ол дауысқа салынған соң, Төрағаның сынаптай бұзылуы қалай?
Парламент депутаттарының Үкімет мүшелерін қолпаштап, реті келген жерде сөзін сөйлеп, сан қайта құбылып шыға келуі жаңалық емес, әрине. Осы жолы да солай болған сияқты. Төрағаның сөзінен кейін депутат Евгений Аман ұсыныстың қызбалықпен асығыс жасалғанын айтып, ақырында ұсыныс екінші қайта дауысқа түсті. Бұл жолы ұсынысты қолдаушылардың саны 27 дауыстан 10 дауысқа күрт төмендеп, өтпей қалды.
Бұл жерде мәселе Сенат қаулысына Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есепке дұрыс дайындалмағанын атап көрсететін үшінші бөлік ретінде ұсыныстың өтпей қалғанында емес. Сенат депутаттарының өз көзқарастарын білдіруде табандылық көрсете алмауында. Сенат Төрағасы ұсыныс асығыс жасалған болса, оны дауысқа салмай тұрып неге айтпады? Әлде Төрағаның өзі де эмоцияға еріп кетті ме?
Парламенттің осындай солқылдақтық көрсететінін білгендіктен де, Үкімет бюджеттің атқарылуына жүрдім-бардым қарауды әдетке айналдырған. Депутаттар сұрақ қояды, сынаған болады. Бірақ бәрі жай сөз болып қала береді. Сондықтан да ең болмаса, бюджеттің атқарылуын тексеріп, өз есебінде көптеген кемшіліктерді ашып көрсетуге мән беретін есеп комитетінің өкілеттігін көтеру дұрысы сол болар еді. Өкініштісі сол соған бара алмай отырғанымыз.
P.S. Өткен аптада сейсенбі күні Парламенттің қос палатасының біріккен отырысында Үкімет толық құраммен келіп, есеп берді. 2008 жылдың қорытындысы бойынша атқарушы билік 13 млр. Теңгені жарата алмаған. Мұның сыртында да ондаған млрд. теңге. Мақсатсыз жұмсалып кеткен игерілмей қалған қаржы көлемі 13 млдр. теңгеден асса, дебиторлық қарыз 52 млрд. теңгеге жеткен.
Рәзиға Әшеева
"Қазақстан Заман" газеті 2 шілде 2009 жыл