Жексенбі, 10 Қараша 2024
Саңлақ 14225 28 пікір 6 Тамыз, 2021 сағат 17:57

Қазақ спортын тежеуші «күш» - осы шенділер!

Жапонияда өтіп жатқан XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Қазақстандық спортшылар бұл Олимпиада ойындарына спорттың 27 түрінен 96 жолдама алған болатын.

33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынып жатқан бұл додада Қазақстан 7 қола медаль алып, жалпы есепте 76 орында тұр. Ал, өзімізбен көршілес Өзбекстан 32 орынға шықса, Қырғызстан 67 орында тұр.

Қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарына ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті арқылы барады. 1990 жылы құрылған комитеттің 2015 жылдан бергі төрағасы миллиардер кәсіпкер - Тимур Құлыбаев екен.

Ал, вице-прзединттері тізімінде: ҚР Премьер-министрі – Асқар Мамин, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы - Үміт Шаяхметова, миллионер – Қайрат Боранбаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы - Берік Имашев, экс-министр, Астананың бұрынғы әкімі - Әділбек Жақсыбеков сынды шенеуніктер бар.

Толық құрам мынандай:

ҚР ҰОК президенті - Тимур Асқарұлы Құлыбаев;

Жалпы сұрақтар бойынша вице-президент - Абулгазин Данияр Рустэмұлы;

Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша вице – президент - Қайрат Советайұлы Боранбаев;

Жазғы спорт түрлері бойынша вице-президент - Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков;

Қысқы спорт түрлері бойынша вице-президент  - Асқар Ұзақпайұлы Мамин;

Халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша вице-президент - Крюков Андрей Александрович;

Қазақстан гимнастика федерациясының президенті - Үміт Болатханқызы Шаяхметова;

Атқарушы комитет мүшесі - Серік Сапиев;

ҚР Волейбол федерациясының президенті - Нұртай Әбіқаев;

Бессайыс федерациясының президенті - Берік Мәжітұлы Имашев;

Теннис федерациясының президенті - Болат Жамитұлы Өтемұратов;

Ауыр атлетика федерациясының президенті - Түсіпбеков Жанат Рашидұлы;

Жеңіл атлетика федерациясының президенті - Даниал Кенжетайұлы Ахметов;

Шаңғы спорты түрлері қауымдастығының президенті - Диас Төлеутайұлы Сүлейменов.

Сонымен қатар, спортшылардың Олимпиадаға баруына Мемлекет тарапынан бөлінетін барлық қаражат осы комитетке келіп түседі. Ал, осы жылдың мамыр айында Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов Токиода өтетін Олимпиада ойындары үшін Ұлттық Олимпиада комитетіне 15 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінетінін айтқан болатын.

«Біз бұл бағытта Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп жұмыс жасап жатқанымызды білесіздер. Құрылған ұлттық командалардың барлығы осында шоғырланған. 2017 жылғы заң бойынша барлық қаражат Ұлттық Олимпиада комитеті арқылы өтеді. Бізде олимпиадалық емес спорт түрлері ғана қалды. Токиодағы Олимпиада ойындарына біз министрлік арқылы Ұлттық Олимпиада комитетіне шамамен 15 миллиард теңге жібердік», - деген еді Қожағапанов ОКҚ брифингінде.

Айта кетейік, «kp.ru» сайты: «Қазақстан посткеңестік елдер ішінде спортшыларға төленетін сыйақы мөлшері бойынша көшбасшы», - деп жазған.

«Бұрынғы КСРО  елдері ішінде медаль үшін көп ақша төлейтін ел -  Қазақстан. Олар әлемдегі ең көп сыйақы мөлшерін тағайындаған - 250 000 доллар. Ал мұндай сыйақы тағайындау арқылы қазақтар тәуекел етпейді деп ойламау керек. Мысалы, Рио -2016 -да Қазақстан үш алтын ғана алды», - дейді мақалада.

Мәселен, биыл Қазақстанда: алтын медаль алған спортшыға - 250 мың доллар, ал күміске - 150 мың доллар, қолаға  - 75 мың доллар берілмек. Ресейде бұл көрсеткіш едәуір аз. Алтынға - 4 миллион рубль (54 мың доллар), күміске - 2,5 миллион рубль (34 мың доллар), қолаға - 1,7 миллион рубль (23 мың доллар) бөлінген.

Осы арқылы Қазақстан Олимпиада медальі үшін ең көп ақшалай сыйлық беретін 10 елдің қатарына кірген.

Биылғы Олимпиададағы сәтсіздіктер үшін спортшылар мен бапкерлер штабы ғана емес, Ұлттық Олимпиада комитеті де жауапты екенін ескерсек, жоғарыда аттары аталған азаматтар да (әр түрлі лауазымдағы шенеуніктер) ҰОК басшылығындағы орындарын босатулары керек-ақ!

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, біз осыған дейін қазақ спортының қожасы - министрлер мен миллионерлер екенін бірнеше мәрте жаздық.  Сонымен, қазақ спортына басшылық ететін министрлер мен миллионерлер кімдер? Қараңыз:

ҚР Шайбалы хоккей федерациясының президенті – Асқар Мамин (ҚР Премьер-министрі);

ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті – Даниал Ахметов (ШҚО әкімі);

 

ҚР Триатлон федерациясының құрметті президенті – Кәрім Мәсімов (ҚР ҰҚК төрағасы);

ҚР Ат спорты федерациясының президенті – Берік Имашев (ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы). Берік Мәжитұлы жалғыз ат спорты түрлеріне басшылық етпейді екен. Ол сондай-ақ, ҚР Қазіргі бессайыс федерациясының президенті. Ал Берік Имашевтың ұлы Әлжан Берікұлы Имашев – ҚР Альпинизм және құзға шығу федерациясының президенті екен;

ҚР Спорттық ату федерациясының президенті – Арыстанбек Мұхамедиұлы (ҚР Ұлттық музей директоры);

ҚР Дзюдо федерациясының президенті – Қайрат Қожамжаров (Сенат депутаты);

ҚР Ұлттық конькишілер федерациясының президенті – Болат Жәмішев (МӘСҚ директорлар кеңесінің төрағасы);

ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті – Сауат Мыңбаев (Биыл тамызға дейін «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасы болды);

ҚР Волейбол федерациясының президенті – Нұртай Әбіқаев (ҰҚК экс-төрағасы). Әбіқаев та екі бірдей федерацияға қожалық етіп отырған адам екен. Ол сондай-ақ, ҚР Гольф федерациясының да президенті;

 

ҚР Көгалдағы хоккей федерациясының президенті – Серік Үмбетов (экс-әкім, экс-депутат);

ҚР Футбол федерациясының президенті – Әділбек Жақсыбеков (бұрынғы ПӘ жетекшісі);

ҚР Теннис федерациясының президенті – Болат Өтемұратов (миллиардер);

ҚР Таэкванда федерациясының президенті – Вячеслав Ким (миллиардер);

ҚР Велоспорт федерациясының президенті – Нұрлан Смағұлов (миллионер);

ҚР Бокс федерациясының президенті – Кеңес Рақышев (миллионер).

Спортқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын осы азаматтар (шенділер) өздері басқарып отырған федерацияның дамуы үшін қаншалықты үлес қосты? Ұзақ жылдарден бері түрлі мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқарған, атқарып келе жатқан Даниял Ахметов, Асқар Мамин, Әділбек Жақсыбеков, Берік Имашев, Қайрат Қожамжаров т.б. азаматтар өздері басшылық етіп отырған спорт саласының нағыз мамандары деу қиын. Дәл осы жайт қазақ спортының дамуына тұсау болып келеді. Бұған қоса, спорт саласындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа да осы министр-миллионерлердің жауапкершілігі бар...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1159
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2682
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2715