Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Жаңалықтар 2694 0 пікір 8 Шілде, 2009 сағат 09:33

Шадияр Молдабек. Отырар туризмнің отаны болса игі

 

 

Инвестиция еселеп арта бастады
Әлемге танымал талай тұлғаларды түлеткен Отырар топырағы бағзы заманнан бері бағы тасыған кездерді де, соры қайнаған сәттерді де бастан кешірген-ді. Жер қойнауы тарихқа да, табиғи байлыққа да толы.
Соңғы жылдары көптеген көрсеткіштер бойынша еңсе көтере алмай қалған Отырар ауданының «тамырынан» қазір қан жүгіре бастады. Жыл басынан бергі 4 ай көлемінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткіштен 101,5 пайызға артса, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің 11,6 есеге артық орындалғандығы осы сөзімізге дәлел бола алады. Мал басында да айырмашылық байқалады: ірі қара 1068, уақ мал 15220, жылқы 558, түйе 212 басқа өскен. Осыған орай ет пен сүт өндіру көлемі де айтарлықтай артқан. Ғасыр құрылысы атанып отырған «Көксарай» су реттегішінің салына бастауы елдің рухын ғана көтеріп қоймай, экономикалық-әлеуметтік ахуалға да оң ықпалын тигізгелі отыр. Тек Отырар ауданының өзінде 300 мың гектар жаңа суармалы жер игеріліп, 15 мыңнан астам отбасы тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Осының арқасында ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі қазіргіден екі есеге жуық артады деген үкілі үміт бар. Реті келгенде айта кеткен жөн, өз қаражатына Ескі Шілік ауылында мектеп, балабақша салып берген облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов жүгеріден биоэтанол өндіретін зауыт салу жөнінде Германиямен келісімге қол жеткізді. Енді инвесторлар ауданға келіп, жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл жылына 100 мың тоннаға дейін жүгері өңдеп, 300-ге жуық азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ал жүгерінің егіс көлемін 20 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде.
Дей тұрсақта, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өңдеу саласында бірқатар шешімін күткен мәселелер бар. Әсіресе шағын кәсіпкерлік саласын несиелендіру ісі кенжелеп тұр. Бұл тұрғыда екінші деңгейдегі банктердің несие ставкаларының жоғары болуы мен кәсіпкерлікті жаңадан бастаған тұлғалардың кепілге қоятын мүліктерінің болмауы бұл саланың дамуына тұсау болуда. Сол себепті жеңілдетілген несиелерді екінші деңгейлі банктер емес, ауылдық несие серіктестіктері немесе қаржы қорлары арқылы ұсыну тиімді болар еді. Дегенмен, қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Қазірдің өзінде «Жаңа-Шілік» селолық тұтынушылар кооперативі, «Шәуілдір-мақта» ЖШС, «Шеңгелді-2007» ӨК, «Төребек-Д» ЖШС, «Өмірәлі-2030» ЖШС секілді құрылымдар бизнес жобаларын өткізу арқылы несиеге қол жеткізіп, әрқайсысы бірнеше адамды жұмыспен қамтитын болады. Мұнан бөлек 40 жоба АИО «Максимум» ЖШС-нің несие комиссиясында қаралуда.
46 мектептің 25-інің қабырғалары лаймен қаланған.
Өткен жылы Отырар ауданының білім саласы бірқатар сәтсіздіктерге жолыққаны рас. Оның себебіне талдау жасалып, нақты шаралар көрудің нәтижесінде биыл көрсеткіш көтерілді. Аудан мектептерінде оқитын 11500 оқушының арасында үздіктер қатары 1452-ге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 135 балаға артық.
Әрине, білім сапасын арттыру үшін мектеп ғимараттары мен материалдық-техникалық базаның талапқа сай болғаны қажет. Үстіміздегі жылдың өзінде Республикалық бюджет есебінен салынып жатқан бір мектеп пен бір балабақша пайдалануға берілмек. Көксарай ауылынан бой көтеретін 100 орындық балабақшаның құрылысы 2013 жылы басталуы тиіс.  Ал облыстың қаражаты есебінен алдағы 3-5 жылдар аралығында 7 мектеп пен 2 балабақша күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта салынбақ. Соңғы 3 жылдың көлемінде 6 мектеп, 3 аурухана мен ФАП салынып, 2 мектеп құрылысы жүргізілуде.
Жалпы аудандағы 46 мектептің 21-і типтік жобамен салынса, қалған білім ошақтарының ғимараты лайдан қаланған. Қ.Сәтбаев, М.Мәметова және С.Мұқанов атындағы орта мектептер апатты жағдайда. З.Қалауова атындағы бастауыш мектеп ғимараты мектеп жайына мүлдем сәйкес келмейді. Ал аудан орталығындағы Жамбыл атындағы орта мектептің мемлекеттік қабылдау актісі түзілмесе де онда балалар оқып жатыр.
Ауданда бір компьютерге 15 оқушыдан келеді. Алайда, барлық білім беру мекемелеріндегі компьютерлер ескірген, жаңартуды қажет етеді. Ауылды жерлерде орналасқан мектептерде ғаламторға қосылу өте қиын. Байланыс жүйесі нашар, қуат көздері жетіспейді. Қазір балалардың жазғы демалысқа шыққан кезі. Бірақ, оларға арналған сауықтыру, демалыс лагерлері аз, жетіспейді.
Елбасының үстіміздегі жылғы халыққа арнаған Жолдауынан туындаған «Жол картасына» байланысты ауданның білім саласы бойынша 3 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына 214 349,0 мың теңге қаржы бөлінді. Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша Шәуілдір ауылының орталығын көріктендіру, «Омега» су тазалағыш қондырғысын орнатуға, ауданның ішкі жолдарын күрделі және ауызсу жүйелерін ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға 24 300,0 мың теңге бөлініп, 270 адам жұмыспен қамтылды.
Отырардың болашағы туризмге де тәуелді
Иә, мұның барлығы күнделікті күйбең тіршіліктің қарекеті. Дегенмен, Отырардың болашағын бай тарихы, сол арқылы халықаралық туризмді дамыту жолымен жандандырудың үлкен мүмкіндіктері бар. VІІІ ғасырдың басында мұнда арабтар келді. Халифаттар мен саманиттер әулеті биледі. Сонан соң Хорезмшах мемлекетінің құрамына енді. Ал 1219 жылы моңғол татарлар басып кірді. Әлемді ат тұяғымен таптамақ болған моңғол әскеріне алты ай бойы ерлікпен төтеп берген бірден-бір қала осы Отырар еді. 2019 жылы қыркүйекте Отырар қорғанысына 800 жыл толады. Мұны әлемдік деңгейде атап өтуге деген дайындықты қазірден бастаудың артықтығы болмас.
Елбасының 2005 жылғы 2 қыркүйектегі сапарында Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру қажеттігі айтылған болатын. Мұның өзі отырарлықтардың ғана емес, тұтас ұлтымыздың рухын асқақтата түскені рас. Содан бері сонау Сирияда жатқан Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс бабаларымыздың өшпес рухымен қайта қауыштық. Олардың қабірінің басына туған жерінің бір уыс топырағын апарып, ол жақтан топырақ әкеліп, Отырардағы Арыстанбаб кесенесінің жанына арулап салынуы ұрпақ алдындағы парыздың өтемі іспетті. Отандық және шетелдік ғалымдардың басын қосып, «Ұлы ұстаздың оралуы» атты халықаралық ғылыми конференцияның ұйымдастырылуы да жаңа көзқарастарға бетбұрыс жасады. «Әл-Фараби» стипендиясының тағайындалуы үздік оқушылар мен студенттердің қатарын арттыруға септігін тигізіп келеді. Аудан мектептеріндегі Әл-Фараби оқуларының өтуі жастарымыздың төл тарихын терең білуіне, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, патриоттық сезімнің ұшқындауына себеп болатыны сөзсіз. Сондай-ақ, Президенттің өткен жылғы 13 маусымда ұйымдастырған «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісінде Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігін әрі қарай дамыту туралы нақты тапсырмалардың берілуі тамырын тереңге жайған Отырар тарихын бүгінгі ұрпаққа жеткізудің зор мүмкіндіктеріне жол ашып отыр.
Үкіметтің «Көне Отырарды қалпына келтіру туралы» қаулысы бойынша келешекте ауданды туристік орталыққа айналдыру үшін Туризм және спорт министрлігімен бірге нақты жоба дайындалды. Онда Отырартөбе мен Арыстанбаб арасындағы 2,8 шақырым жерде жаяу жол, Арыстанбаб кесенесінің жанынан 200 орындық қонақ үй, этно орталық, Әл-Фараби мұражайын салу жоспарланған. Осы нысандардың құрылысын жүргізу үшін мыңға жуық адам 3 жыл бойына құрылыс жұмыстарына тартылатын болады. Ал жобалар толығымен іске қосылғаннан кейінгі көптеген адамның тұрақты жұмыспен қамтылатыны өз алдына бөлек әңгіме. Бұл айтылған тарихи орындарға қазірдің өзінде арнайы келушілердің қатары күн санап өсіп келеді. Келешекте Отырар туризмнің отаны болып жатса кәнекей.
- Келешекте ауданға келетін саяхатшылардың санын 2-3 есеге дейін арттырудың мүмкіндіктері мол. Сол мүмкіндікті сарқа пайдалануға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Отырардың тарихы қаншалықты көне, тауқыметі терең болса, халқының тұрмыс-тіршілігі де төмен деңгейден аса көтеріле қоймаған. Ауданның еңсесі еліміз егемендік алғаннан кейін ғана көтеріле бастады. Ал болашағы зор болатынына сенім артқымыз келеді, - дейді аудан әкімі Әлімжан Құртаев.
Иә, ауданның ахуалы оның басшысына тікелей тәуелді екені рас. Елдің рухын оятатын өнер саласын да өрге сүйреп, экономикалық жағдайды да жақсартуға тер төгіп келе жатқан әкім Әлімжан Құртаевтың мәдениетті дамытуға деген жанашырлығы өз алдына бір бөлек әңгіме. Ғасырлар бойы шешімін күтіп жатқан сауап істің көзін тапқан басшыға алдағы жұмысында да сәттілік тілейміз!

 

 

Шадияр Молдабек   
"Қазақстан Заман" газеті 2 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3292