Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3380 0 пікір 5 Маусым, 2012 сағат 11:10

Сүреңсіз сұрақтарды кім дайындайды?

 

 

 

 

Маусым айының алғашқы күні, таң ертесімен, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер, қалың әскердей қатар-қатар тұра қалып, лек-легімен жоғары білім мен ғылым шыңына шабуылды бастады! Еліміздің бас қаласында жастардың жүректерінің дүрсілі жер жара жаздады! Олардың тағдырына алаңдаған ата-аналары «білім майданына» аттанып бара жатқан туған перзентінің тілегін тілеп, соңынан көз алмай қарап, қала берді... Жалпы, ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырушылардың туған-туысқандарына осы айдың орта шеніне - 15 маусымға дейін иненің үстіне отырғандай, қылпылдауға тура келмек: ҰБТ тапсыру процедурасы сол мерзімге дейін жүреді деп күтілуде.

 

 

 

 

Маусым айының алғашқы күні, таң ертесімен, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер, қалың әскердей қатар-қатар тұра қалып, лек-легімен жоғары білім мен ғылым шыңына шабуылды бастады! Еліміздің бас қаласында жастардың жүректерінің дүрсілі жер жара жаздады! Олардың тағдырына алаңдаған ата-аналары «білім майданына» аттанып бара жатқан туған перзентінің тілегін тілеп, соңынан көз алмай қарап, қала берді... Жалпы, ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырушылардың туған-туысқандарына осы айдың орта шеніне - 15 маусымға дейін иненің үстіне отырғандай, қылпылдауға тура келмек: ҰБТ тапсыру процедурасы сол мерзімге дейін жүреді деп күтілуде.

Астанадағы ҰБТ тапсырылатын орындардың бірнешеуін аралап шыққан Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов сынақ тапсырушыларға сәттілік тіледі. «Мен жаңа ғана аудиториялардың бірінде болдым, - деп, «Еуразия Ұлттық университетінде» көрген-білгенімен бөлісті министр. - Барлығының қолында - сникерс, үстелде шоколад. «Энергетикалық жағынан» бәрі орнында ғой, ә?! Жарайды, жеңдер, күш жинаңдар! - деп, әзілдеді ол. Бірақ оқушыларда әзілге күліп отыратын шама жоқ. Мұндай көңіл-күйді ҰБТ-ты ұйымдастырушылардың өздері қалыптастырғандай. Басқа елдімекендерде түлектердің екі «қалтафонының» біреуін көз қылып, тапсырып, екіншісімен ішке өткен жағдайлар болды деген әңгіме айтылды. Бірақ елорда болған соң ба, кім білсін, мұнда ондай «қулықтардың құйрығы бір тұтам»: әрбір ҰБТ тапсырушы металіздеуішпен тексерілген, «шиқылдайтын» заттарын тегіс тапсырмайынша, ішке жіберілмеген деседі. Тіпті шешіндірілгендер де болыпты.

Биылғы жылғы ҰБТ бірнеше жаңа­лық­тарымен ерекшеленіп отыр. Мәселен, мате­матика бойынша тапсырмаларға өз­геріс енген: тестілеуден шыққан түлектер олардың арасында оқушының қисынды ойлауына құрылған үш сұрақ болғанын айтып жатты. Яғни бұдан былай ҰБТ тап­сырушылардан тек теңдеулерді шешу ғана емес, сондай-ақ логикалық ойлау қабіле­тін көрсетуі талап етілмек.
Мұның сыртында оқушыларға тест­тердегі қателерді бетіне басып, комиссияға апелляция беруге кесілген уақыт бір са­ғатқа ұзартылыпты. Осыдан ба, дауласу­шылар саны біраз болған көрінеді. Білуі­мізше, баз біреулер Шыңғыс ханның ді­ніне қатысты өз пікірін дұрыс санап, наразылық білдірген. Неге екені белгісіз, оқушы­лар­дың кейбірі оны «атеист» са­найды екен. Комис­сия мүшелері дұрыс жауабы «тәңір­ге сену­ші» екендігін айтып­ты. Кім білген, дұрыс та шығар. Бірақ қа­зақстандық жас­тар­дан со­ны білуді талап ету қаншалықты дұ­рыс?
Оның орнына ашаршылық нәубетіне қатысты деректерге кеңірек орын беруге болатын еді. Биылғы жылы Қазақстан Көшбасшысының арнайы көңіл бөлуімен, елімізде ХХ ғасырдың басындағы қанқұй­лы Кеңес Өкіметінің қолдан жасаған ашар­шылық нәубетіне 80 жыл толуына арналған жалпыұлттық шаралар өтуде, халқымызға қосылып, халықаралық қо­ғам­дастық өкіл­дері сол зұлматтың құр­бандарының аруақ­тарына тағзым етуде. Білім және ғылым министрлігі мұны неге елеусіз қалдырып отыр? Тестілеуден шық­қан оқушылар та­рих сұрақтарының ара­сында «Шығыс әйелдерінің қайсысы Ленин орденін алды?» сынды тапсырмалар болғандығын айтады. «Тарихтың» айнал­дырған 25 сұра­ғын мәні ескірген осын­дай­лармен тол­тырудың не қажеті болған?
Әйткенмен Бақытжан Жұмағұловтың өзі тестілеу сұрақтарына сүйсініп отыр. Министр тіпті қажет болса, осы ұлттық емтиханды тапсыруға дайын екендігін жа­рия етті. «Егер керек болса, қуана дайын­мын! - деді ол. - Кейбір пәндер, мәселен, химияда қандай да бір ерекше сұрақтар болуы мүмкін. Мен химияны ұмыта да бастадым. Орыс тілі бойынша «склонения» сияқтылар қиындық келтіруі ықтимал. Бірақ өзімнің кәсіби салам - математика бойынша, әрине, барлық тапсырмалар әб­ден түсінікті, мүлдем қарапайым».
Биылғы ҰБТ тапсырмаларын бүкіл Қазақстаннан 160 үздік мұғалім әзірлепті. Тестілеудің алғашқы легіне қатысып шық­қандар аузымен «ең қиыны - тарих» деген әңгіме тарады. Мұны ести салып, ҰБТ тап­­сыруға дайындалып жатқандардың бі­ра­зы бәрін жиып қойып, тарихты «түген­деуге» ден қойыпты.
Ұлттық тестілеудің бас қаладағы ал­ғаш­қы легі қалыпты жағдайда өткен. ҰБТ өтіп жатқан аудиторияларда және ғимарат­тарда тәртіптің сақталуын Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің қызметкерлері қада­ғалады. Бұл жерлерде ұялы телефондар сиг­налын жоя­тын құралдар үздіксіз жұмыс істеген. Бұл - оқушылардың заманауи ақ­парат құрал­да­рының көмегімен сұрақтың дұрыс жауа­бын сырттан алғызуы мүмкін­дігін шектеп­ті. Әйткенмен «шпаргал­ка­лар» алып өт­кен­дер болған. Тіпті дайын жауаптарды қолға салынған «гипске» тыққан «тап­қыш­тар» да кездесіпті!
Жалпы алғанда, Білім және ғылым ми­нистрлігінің мәліметінше, ҰБТ тапсыру­дың бірінші күнінде ережелерді әлденеше рет бұзған 35 оқушы аудиториялардан қуыл­ған екен. Осы министрліктің білім және ғылым саласындағы бақылау коми­те­тінің төрағасы Серік Ирсалиев ақпарат құралдарына олардың бесеуінің басқа оқу­­­шылар орнына кіргендер болғанын мә­­­лім­деді. Мәселен, биыл тестілеуден өту­ге тиіс сіңлісінің орнына былтыр ҰБТ тапсырған тәжірибелі әпкесі кіріпті. С.Ирсалиев заң бұзғандар арасында ҰБТ-ға жауапты жұмысшылардың барлығын да хабарлады. Елордада ҰБТ тапсырушылар өз құрдас­тарының тәртіпсіздігі үшін аудиториядан қуылуының төрт оқиғасы туралы айтты.
Астанада ҰБТ нәтижелері көп ұзамай, жарияланыпты. Кімнің қанша балл жина­ға­ны туралы ақпарлар тестілеу өткен уни­верситеттердің алдындағы тақтада ілін­ген.

Елдос СЕНБАЙ

Сыбыс көп...

Маусымның 1 мен 15 аралығында ел аумағында 154 тест тапсыру орындарында 121 мың мектеп бітіруші түлек Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Алғашқы екі топтың оқушылары сынақтан өтті. Биылғы тест тапсырмаларының жаңартылған базасында 142 806 тапсырма бар. Жаңа база 11 430 түлектің қатысуымен бұған дейін сынақтан өткізілген екен. Әйтсе де, мектеп бітіруші түлектер «математика» және «Қазақстан тарихы» пәндерінен келген тест сұрақтарының қиын болғанын айтады.

ҰБТ атты ауыр сынақтың алғашқы екі күні артта қалды. Біреу тесттен сүрінбей өт­се, енді біреу оңбай сүрінді. Алғашқы күн­нің қорытындысы бойынша, биылғы меже былтырғыдан 15 баллға кем болып тұр. Рес­публика бойынша, айласын асырып, өз орнына бөтен адамды кіргізгісі келген бес адам, шпаргалка мен ұялы телефон алып кірген 30 адам тест тапсыру орнынан шы­ға­рылды. Бұның өзі биылғы тестілеудің қан­шалықты қатаң түрде өтiп жатқанын дә­лел­десе керек. 154 тест тапсыру орын­да­рының 47-сі ірі қалалардағы ЖОО-ның ғимаратында орналасса, қалған 107-сі аудан орталықтарында орналасқан. Тест тапсыру барысында әр аудиторияға арнайы камера орнатылып, тест тапсырушылар металл іздегіш құрылғыдан өтті. Тіпті биыл барлық тест тапсыру орталықтарында ұялы теле­фон байланысын ажырататын құрылғы орна­тыл­ғаны да баршаға аян. Биыл Ұлттық университетке түсіп, білімін шыңдаймын деушілер 70 баллдық межеден өтуі тиіс.
Оқушылардың арасында металл тек­сер­гіш құрылғыдан «шпаргалка» алып кіруге талпынғандар да болыпты. Әйтсе де, осыған дейін 2000-3000 теңгемен еліміздің түкпір-түкпірінде саудаға түскен «шпаргалканың» көпшілікке пайдасы да тимегенге ұқсайды. Алматы қалалық № 176 мектебінің түлегі Меруерт Абат тесттен сүрінбей өткендердің бірі. 102 баллды қанағат тұтқан Меруерт тест тапсырмалары түгел дерлік қиында­тылғанын айтады. «Әрине, «шпаргалка» алып кіріп, пайдаланғысы келгендер болды. Бірақ ондай көмекші құралдың ешбір пай­дасы болған жоқ. Шыны керек, біз дайын­далған базаның сұрақтарынан әлдеқайда күрделі сұрақтар келді. Меніңше, биылғы тестілеуден әркім өз білімінің деңгейінде өтті» дейді Меруерт Абат. Ал № 41 жалпы білім беретін мектептің оқу ісінің меңге­рушісі Құралай Тыныбаева биылғы тест жауаптың аса күрделі болмағанын айтып отыр. «Барлық сұрақтар 5-11 сыныптағы мектеп бағдарламасына сәйкестендіріліп жасалған. Тіпті «математика» пәнінен бас­тауыш сыныпта өткен логикалық тап­сыр­малар беріліпті. Оқыған бала мұның бәрін алып кетеді, ал оқымаған баланың сәй­кесінше сүрінетіні де заңдылық» дейді ол.
ЖОО-ның бірінің алдына барып, ата-аналар мен оқушылардың күбір-сыбырын тыңдап, ҰБТ-ның айналасындағы көңіл-күйді бажайлап қайттық. Алматы қаласы бойынша 7 тест тапсыру орталығы жұмыс істеуде. Маусымның алғашқы күнінен-ақ орталықтардың алды ата-аналар мен мұға­лімдерге лық толды. Барлығы да сынақтың қалай өтетінін бақылап, балаларының ҰБТ атты үлкен сынақтан сүрінбей өтуін тілеуде. Бірінші күннен бастап ҰБТ-ның айнала­сында сыбыс әңгімелер де пайда болды. Мә­селен, баз біреу тест тапсыру орталық­тарында «ДОС» байланыс операторын пайдалануға мүмкіндік берілгенін айтса, ендігілер «Қазақстан тарихы» пәні бойынша қисынсыз сұрақтардың болғанын алға тар­тады. Бірақ бұл жөнінде ешкім жақ ашып, ләм-мим демейді. Әйткенмен «Жел тұр­маса шөптің басы қимылдамайтыны» тағы анық. Бұл әрине, көптің аузынан шыққан де­рек­сіз сөз. «Дәл осындай заңбұзушылық­тар болды ма, жоқ па» деген сауалға жауап іздеп, әрі биылғы ҰБТ-ға қатысты пікірлерін білмек ниетпен алғашқы екі күнде тест тапсырған мектеп директорларына һәм Алматы қалалық білім беру басқармасына қоңырау шалдық. Бірақ неге екенін кім білсін, біз қоңырау шалған мамандар пікірін бүгіп қалды.
Қалай десек те, тест тапсырушы түлек­тер­дің алғашқы екі тобы сынақтан өтті. Бүгін үшінші топ бабы мен бағын сына­мақ.

Әйгерім ДОСЫМ

Ұйқыны бұзған ҰБТ
Батыс Қазақстан облыстық білім бас­қар­масының мектепке дейінгі және жал­пы орта білімді дамыту бөлімінің бастығы Зәуре Ғұма­ро­ваның бізге берген мәлі­ме­тіне қарағанда, 2 маусым күні бірінші ке­зең бой­ынша 3191 түлек Ұлттық бірыңғай тес­тілеу сынағын тапсырды. Облыс бой­ы­нша «Алтын белгіге» 156 түлек үміткер болса, ҰБТ-ның алғашқы кезеңінде со­лардың 40-ы сенімнен шықты. Ал «Ерекше аттес­татқа» үміткер 73 түлектің 10-ы ғана талап үдесінен көрінді. Алғашқы лекпен сынақ та­псырғандардың ең үздік көр­сеткіші - 122 балл. Мұндай көрсеткішке дарынды бала­ларға ар­налған С.Сейфуллин атын­дағы №11 мектеп-интернатының түлек­тері Бағ­дат Мұхам­бет­кереева мен Назерке Нуф­тул­лина қол жеткізді. Өкінішке қарай, «Алтын белгіден» үміткер 15 түлекке діттеген меже­ден көрінуге 1 баллдан жет­пей қалды. Бірін­ші кезеңнің тест қоры­тын­дысы бойынша 43 апел­ляциялық шағым түсіп, соның 24-і қана­ғаттан­ды­рылып, 1-2 баллдан қо­сылды. Екінші маусым күнгі сынақ бары­сын­да еш­қандай тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ. Кеше 1236 түлек ҰБТ сынағын тапсыр­ды.

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ

Батыс Қазақстан облысы


Ұялы телефон ұятқа қалдырды

Алғашқы күні ақтөбелік екі түлек сынақ аудиториясынан қуылып, олар білім бәйгесінен сырт қалды. Мектеп бітірушілер металл іздегіш құрылғыдан ұялы телефонды алып өткен екен. Ал арнайы құрылғыға іліккен қорап-қорап телефонның ұзын саны әп дегенде 300-ге жетті. Көп болып тест тапсырғандардың айтуынша, биыл тарих пен математика пәндерінің сұрақтары күрделеніп, «дайындалған тақырыптары» мүлдем алдан шықпаған.

Биыл облыста 8028 түлек мектеп бі­тірді. Оның ішінде 5892 оқушы, яғни бар түлектің 74 пайызы ҰБТ сұрақтарына жауап беруге өтініш білдірген екен. «Ал­тын белгі» үміткерлерінің саны 321 болса, үздік аттестатты 96 оқушы алады деген жоспар бар.
Ақтөбе қаласында үш тестілеу орта­лы­ғы: М.Оспанов атындағы Ақтөбе мем­лекеттік медицина университеті, Ақтөбе педагогикалық институты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік универ­ситеті тіркелген. Үшінші орталықтағы мән-жайды бақылап, ұстаз бен оқушының бар ойын тыңдауды жөн көрдік. Оқиғаны басынан өткерген сынып жетекшісі Сәуле Қасымованың айтуынша, жылап шығып, талып құлағандар биыл көп бол­ған екен.
- Жасыратыны жоқ, балалардың басым бөлігі «шпорға» сенеді. Мүмкіндік болса пайдаланамыз дегенді айтады. Биыл ұялы телефон байланысына үлкен кедергі қойылды, оқушылар абдырап қалды. Әрі математика пәнінің тапсыр­малары күр­делі болды. №6 Ғ.Ақтаев атындағы орта мектептің 11 «А» сыныбын 23 бала бітірді. Оның біреуі шетелге оқуға түспек, сондықтан тек мемлекеттік емти­хан тапсырады. Биыл орташа есеппен мектеп 76 балл жинады, бұл өткен жылдан әлдеқайда аз, - дейді С.Қасымова.
Мектеп түлектерінің өткен жылғы орташа балл көрсеткіші 90-ға жеткен десек, биыл олардың бір қадам артқа шегінгені көрінеді. Осы білім ордасы 82 түлекті сынаққа «салса», оның төртеуі «Алтын белгі» үміткері еді. Бірақ Елдос Тілектесов қана бар үмітті ақтап, межелі баллды жинай алды. «Үш «Алтын белгі» иегері әртүрлі себептерге байналысты қол­да барын «қорғай алмады». Себебі та­рих пәнінен қиын сұрақтар келген, мате­матикадан да «4» деген баға алып қалған. Апелляцияға бермеді, күмән келтірген сұрақтары болмады» дейді ұстаз. Оқу­шы­лар тосыннан қойылған, яғни дайындық барысында мүлдем талқыланбаған тақы­рып пен зерттелмеген сұрақтардың болға­нын айтады. Дәл осы мектептің 4 түлегі тарих пен математикадан «екілік» алып, орташа көрсеткішті мүлдем кері сүйреп кетті.
Ал Новый орта мектебінің түлегі Лау­ра Мұхаммеджанова болса, әу баста омы­рауына ұялы телефон жасырып кірмек болған оқушының бірі. Металл іздегіш құрылғы «тырп еткізбей» тауып, байланыс құралын табалдырықтағы бақылаушы­лар­ға тапсырып кетеді. Ол құрбы-құр­дас­та­рының бір емес, 3-4 ұялы телефон жасы­рып өтпек болғанын да жеткізді. Бірі шұ­­лығына, бірі шаш арасына қыс­тырған екен.
- «Шпор» қолданылды, бірақ біз із­деген сұрақтың жауабы олардың ара­сында болған жоқ. Дайындықты «Талап­кер» кітабы бойынша жүргізгенбіз, де­ген­мен тарих пен математика пәндері­нің тап­сырмалары ол оқулықтан алын­баған екен. Өзім 77 балл жинадым, таң­даған төртінші пәнім - биология. Қазақ мектептері үшін ең жеңіл сұрақ орыс тілінен, орыс мек­тептері үшін қазақ тілі­нен болды, - дейді Л.Мұхаммеджанова. Оқушылардың қалта­сын қаққан тағы бір «шпор» базар мен кең­се тауарларында сатылды. Оларда «дай­ын жауап» болған. Әр пәннен, «гар­мош­каның» құны - 800 теңге. Бұл жолы ол да көмектеспеді, та­лапкерлер қалта­сындағы «көп қағазға» сеніп, тестілеуден жылап шығып жатты.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мем­лекеттік университеті, Экономика фа­куль­теті ғимаратына қала мектептерінің түлектерімен қатар, Алға ауданының мектеп бітірушілері де келген. Бір күнде 1168 оқушы тест тапсырды. Олардың арасында тек 5 «Алтын белгі» иегері үмітті ақтағанын көруге болады. Сол күні №3 Алға қазақ орта мектебінің оқушысы қазақ тілі пәнінен 1 балл жиып, «екілік» алды.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА

Ақтөбе


Алғашқы күн ауыр болды

Маусымның бірі күні Алматы облысындағы мектеп бітірушілердің Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуіне арналып арнайы дайындалған 14 тестілеу пункттерінің 11-де сынақ қабылданды. Ең көп түлек Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде ҰБТ тапсырды. Жылдағыдай, қала маңындағы Ескелді ауданынан келген оқушыларға барлық жағдай жасалды, жатын орындары, тамақтанулары, сабаққа дайындалулары түгелдей ойластырылды.

Таңертеңгісін сынақ тапсыруға жинал­ғандар құқық қорғаушылардың қатысуы­мен мұқият тексеруден өткізілді. Оның талапқа сай болуына Білім және ғылым министрлігінің өкілдері бақылау жасады. Ешкім­нің құқы бұзылған жоқ. Барлығы бел­гі­ленген тәртіп пен ережеге сай орын­дал­ды. Бірінші күні тест қорытындысы жай шықты. Жоғарыда айтып өтке­німіздей, жүз баллдан асырғандар саны сиректеу бол­ды. Нақтырақ айтқанда, 1 маусым күні Жетісу мемлекеттік универ­ситетінде сынақ тапсырған 646 баланың 59-ы 100 және одан жоғары балл жинаса, 66 талапкер жоғары оқу орнына жол ашатын 50 баллдық деңгейді бағындыра алмапты. Мұның ішінде 100 баллдан асырғандардың 49-ы қалалық болса, 10-ы Ескелді ауда­нының түлектері. Ал 50 баллды бағындыра алма­ғандар саны тиісінше қалада - 14, ал Ескелді ауданында - 52. Жалпы, бірінші күнгі сынақ нәтижесінің көрсеткіші Тал­дықорған қала­сы бойынша 81,3, Ескелді ауданы бойынша 61,1 пайыз.
Алғашқы лекпен сынақ тапсырғандар тізіміне көз жүгіртіп отырып, биыл мектеп бітірушілердің басым бөлігі негізгі пән ре­тін­де физика мен биологияны таңдағанын байқадық. Соған қарағанда, түлектер гума­нитарлық мамандықтардан гөрі медици­налық және техникалық мамандықтарға ден қоя бастаған.
Тест болатын күні таңертеңнен бастап, университет ғимаратында болып, оқушы­лармен бірге қобалжып, бірге қуанған Алматы облыстық білім басқармасының бастығы Ғалия Аманованың айтуына қа­ра­ғанда, өткен жылдары ҰБТ қорытынды­сында жоғары жетістіктерді бағындырған жетісу­лық жеткіншектерге биыл да үлкен үміт артылып отыр.
- Үстіміздегі оқу жылы орта мектепті 19176 оқушы бітірсе, соның ішіндегі 14867 түлек ҰБТ-да бақ сынап көруге бел буды. «Алтын белгіден» үміткерлер саны да бар­шы­лық, барлығы 577 мектеп бітіруші «Ал­тын белгі» аламын деп құлшынып отырса, 155 түлек айрықша аттестаттан үмітті. Мектеп бітірушілерге ҰБТ тапсыруға қа­жетті барлық жағдайлар қарастырылды. Бірінші күні 11 тест орталығында 4 мың­нан астам бала сынақтан өтті. Тағы бір лек жексенбіде тапсырады, - деген еді. Жексен­бі күні университетке қаладағы мектептер­дің қалғаны мен Текелі қаласындағы бі­л­ім ошақтарын бітірген талапкерлер жиналып, тест тапсырды. Бұл жолы да 50 баллдық биік­ті бағындыра алмағандар саны 100 баллдан жоғары жинағандарға қарағанда қомақ­ты­рақ болды. Мәселен, облыс орта­лығындағы мектеп түлектері ара­сы­нан 57 бала, Текелі қаласынан келгендердің ортасынан 7 бала жоғары оқу орнына жол ашатын деңгейді бағындыра алмады. Ал 100 баллдан жоғары жинағандар саны қос қаланы қосқанда 45-ке әрең жетті.
Соған қарағанда, биылғы ҰБТ-ның ал­ғашқы сынақтары барысындағы нәтиженің облыс бойынша көрсеткіші ойдан шықпай тұр деген әңгіменің жаны бар сияқты. Ал білім басқармасындағылар жексенбіні айт­пағанда, жұма күнгі тесттің облыс бойын­­ша орташа нәтижесін айтудан бас тартып, бір-біріне сілтеп, жалтаруда. Аудандағылар да мәлімет беруден ат-тонын ала қашып отыр.
Болат АБАҒАН

Алматы облысы


Былтырғы межеге жете алмадық

Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағының алғашқы күндеріндегі нәтижелерге қарасақ, биылғы түлектердің көрсеткіші төмендеу болып тұр.

Биылғы білім сынағы Қарағанды об­лы­сында маусымның 2-і күні бас­талды. Жалпы облыс бойынша биыл ҰБТ-да ба­ғын сынауға 6873 бала өтініш берген бола­тын. Бұл - тү­лек­тердің 74%-ы.
Кешегі, яғни маусымның 4-і күнгі мә­лі­меттерге қарағанда тестілеудің 1-ші және 2-ші күндерінде ҰБТ-ға қатысушы­лардың тізімінен барлығы 68 адам алынып тасталған. Олардың 30-ы - халықаралық олимпиада­лар­дың жеңімпаздары. Қалған­дары ұлт­тық тестілеуден өз еріктерімен бас тартып, емтиханды мектепте тапсыру жөнінде шешім қабылдағандар.
«Алтын белгіден» Қарағанды об­лы­сында 313 бала үмітті, Үздік ат­тестаттан - 174 бала үміткер. Бұлар­дың қаншасы өз білімдерін дәлелдеп шығары әзірге бел­гісіз.
- Тестілеудің алғашқы күндерінде «Ал­тын белгі» мен Үздік аттестатты дә­лел­дейтін межеден көріне алмаған­дар бар. Бірақ олардың нақты санын қазір айта алмаймыз. Себебі олардың кейбірінің өтінішін апелляциялық комиссия қарап жатыр, - дейді об­лыстық білім басқарма­сы­ның бөлім бастығы Бақтыгүл Әдеке­нова.
Алғашқы екі күнде түлектердің нә­ти­­же­лері былтырғы межеге жетпе­ген көрі­неді. Тіпті айтарлықтай төмен болып шық­қан. «Шамамен 10-13 баллға төмен», - дейді Б.Әдекенова.
Әзірше, Қарағанды облысының бағын­дырған биігі - 123 балл. Бұл көр­сеткішке дарынды балаларға ар­нал­ған «Мұрагер» мектебінің түлегі Іңкәр Айтқожина қол жеткізді. Был­тырғы жылы облыста 2 бала 125 балл алған болатын.
Ең бастысы, білім науқаны оқыс оқи­­ғаларсыз өтіп жатыр. Басқа өңір­лердегідей ұялы телефонды жасырып кіріп, шет­те­тіл­гендер болған жоқ, әзірше.
- Облыстың құқық қорғау ор­гандары ҰБТ кезінде қоғамдық тәр­тіп­ті бақылауға жұмылдырылған. Бүгінге дейін оқыс оқи­ға­лар тіркелген жоқ. Тестілеу өз ырға­ғы­мен, қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Заң­бұзушы­лық­тар туралы арыз-шағымдар бол­ған жоқ, - дейді облыстық ІІБ-нің бас­пасөз қызметінің өкілі Гүлмира Жа­налина.

Қамбар АХМЕТОВ

Қарағанды

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394