Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2644 0 пікір 6 Маусым, 2012 сағат 07:37

Дінмұхамед Анарбекұлы. Қазақтан камикадзелер шыға ма?

Естеріңізде болса, былтырғы жылдың наурыз айы жапон халқы үшін естен кетпес қаралы күн болды. Тоғыз балдық жер сілкінісінен 11 мың адам қаза тауып, 27 мың адам із-түссіз жоғалған-ды. Қаралы қайғыны  жапон халқы жаппай бірге  бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып сабырлықпен көтере білді. Олардың биік рухтарына сол кезде барша әлем таң болды. Жер сілкінісінен «Фукусима-1» атом электр станциясының басқару механизмі істен шығып,  жарылыс болып, үлкен экологиялық апатқа ұласқан еді. Аймаққа залалын тидіріп жатқан АЭС-ті тоқтату үшін мемлекетке жанкештілер керек болды. АЭС-ке кірген адам әрі кетсе 3 ай ғана өмір сүретінін мамандар ескертті. Алайда, өз елі үшін өлім құшуға дайын жапон патриоттары мыңдап, тіпті он мыңдап табылды. Әр аймақтан топ-топ болып келген жапонның ержүрек азаматтары елді қауіпті экологиялық апаттан құтқару үшін өз жанын пида етуге әзір екендіктерін айтты. Ел үшін өлім құшуға үміткерлердің санының бұлай көп болуын ешкім күтпеген еді. Ақыры өз еркімен бір топ жанкештілер өлімге аттанды. Жер жүзін таң қалдырған бұл камикадзелер АЭС-ті тоқтатып, аймақ халқын апаттан құтқарып, үлкен ерлікпен қаза тапты. Самурайларды соңғы сапарға шығарып салу үлгісінде жапон халқы бұл жанкештілерді де арғы дүниеге аттандырды. Ата-бабаларының дәстүрін жалғастырып, өзін өлімге алып барған бұл жанкештілерге қарап көзіне жас алмаған адам қалмады. Жапон халқының мұндай патриотизмі бүкіл жер жүзіне үлгі боларлық өнеге еді. Мұндай патриот азаматтары бар мемлекеттің болашағы қашанда кемелді. Міне, осындай елді ғана «Ұлы ел» деп атауға болады. Сондай шақтарда ойыңа өз еліңнің азаматтары келетіні анық. Егер, бізде осындай апат болған жағдайда, ел үшін, халық үшін өзін құрбан ететін жанкештілер табыла ма? Өз еркімен өлімге басын тіге алады ма? Бұл сұрақты қойғанда кез келген қазақ азаматы ұялып қалатыны анық. Себебі, бізде Жапония сияқты ұлттық тәрбиені, қазақи патриотизмді ұрпақтың бойына сіңдіріп жатқан жоқпыз.

Мемлекеттің алға жылжуы үшін, елдің дамуы үшін патриот азаматтар керек-ақ. Себебі, елім деген ерлер болса ғана елдің көсегесі көгереді. Ұлтын шын сүйетін азаматтар ғана еліне адал қызмет ете алады. Елін шын сүйетін азаматтар ғана оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, болмысын құрметтей алады. Дегенмен, бүгінде қазақ халқы өскелең ұрпағын қалай тәрбиелеп жатыр? Міне, осы сұрақ кез келген көкірегі ояу қазақтың жүрегін ауыртатын мәселе. Талай жыл қызыл империяның отарында болсақ та, тамырын құрт жалмаған құлдық санаға көндіксек те, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жиырма жыл біздің ұлттық тәрбиемізді тіктеп алу үшін, ұлттық сана-cезімімізді нығайтып алу үшін жетерлік уақыт еді. Бірақ, билік ұлттық тәрбиеге қатысты, ұлтшылдыққа қатысты шөп басын сындырмады. Ол туралы аузына да алған жоқ. Керісінше, айдалада жатқан АҚШ-қа еліктеп, көп ұлтты саясатты қолдады. «Үш тұғырлы тіл», «Қазақстандық ұлт» сияқты қазақ ұлтын жоюға бағытталған саясатты жүргізуге тырысты. Орыс тілінде көпірген халыққа мемлекеттік тілдің қажеттілігін тудырудың орнына, ағылшынша оқуды ұсынды. Нәтижеде, әр нәрсеге бір жалтақтаған жаңа, жағымпаз ұрпақ қалыптасты. Ендеше, жалтақтаған, жағымпаз халықты өз елінің патриоты деп айтуға бола ма? Олар еліміздің басына күн туса жанын пида ете ала ма? Әрине, билік бұл жағын ойламаған болса керек.

Патриот азаматтарды тәрбиелеудің бірден-бір жолы мемлекеттік тіл арқылы ұлттың болмысын, салт-дәстүрлерін, тәлім-тәрбиелерін жас баланың бойына сіңдіру. Сол арқылы қазақтың бар болмысына құрметпен қарату. Ал, бізде, Қазақстанда бұл айтып жатқандардың бірі де жоқ. Егер Жапонияның тәрбиесіне назар аударсаңыз, баланы он төрт жасқа дейін тек ана тілінде тәрбиелейді. Тіпті, шетелге оқуға барып, дипломмен оралған студенттерді өз елінің ұлттық университеттерінде қайта оқытады. Себебі, шетелдерде жылдап жүрген адам өз елінің болмысын ұмытуы мүмкін. Ұлттықтан айырылған адам болса өз елінің патриоты бола алмайды. Жапондардың негізгі мақсаты да сол: ұрпақтарын ұлтшыл етіп тәрбиелеу. Сол арқылы ұлттық тәрбиелері жалғасып отырады. Ал бізде қалай? «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға кеткен студент сол жақта қалып кетеді. Болмаса елге мүлде басқа, ұлттық болмыстан жұрдай азамат болып оралады. Оларды басымызға шығарып қызметтің ең жоғарғы дәрежесін беріп қоямыз. Ал  ұлтына менсінбей қарайтын адам ешқашан елі үшін сапалы қызмет ете алмайды.

Біздің билік көбінесе АҚШ-қа еліктеп жатады.  Бірақ, АҚШ пен Қазақстан мүлде басқа-басқа мемлекеттер. АҚШ-та мемлекетті ұйыстырушы ұлт жоқ. Оларда барлық ұлттарды қосып келіп бір ғана атаумен атайды: ол-Американдықтар. Біз АҚШ-қа қарағанда Жапонияны үлгі тұтуымыз керек. Жапоннан біздер ғана емес, бүкіл әлем үйренетін үлгілер мол. Өркениет тізгіні мен тетігін қолына ұстаған Батыс, тіпті АҚШ-тың өзі жапондықтардан көп нәрсені үйренуге мәжбүр. Ол тегіннен тегін емес. Жапонияда қауымдастықтың көз тартар үлгісі де, озат тәжірибесі де, дәйекті жүйесі де үйлесіп жатқаны мәлім. Көз алдыңа еңбекқор, ұйымшыл, ұлтшыл, керек кезінде жұдырықтай жұмыла алатын жапондықтар елестейді. Табысқа қол жеткізетін кепілдіктер кезегімен көңілден шығады. Жапонияның тарихына жүгінетін болсақ, дүниежүзілік екінші соғыстың барысында Жапония ұлттық табысының үштен бірінен айрылды. Тез есін жиды, жалтақтап алаңдамай, ел болып жүре аяғына тұрды. Сол қиыншылыққа қарамай, тарихи қысқа кезеңде әлемнің алдыңғы тобына қосылды. Жапонияның ерекшелігі, осылайша тез есін жинап алуы қауымдасып топтасқан салтта, өз еліне деген сүйіспеншілікте, ұлттық мүддені биік құрметтеушілікте десек, бәрі де шындық. Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлемге қол жайып, үрейге батып, әрекетсіз қалған жапондықтарды байқамаймыз. Өздерінің «бір тұтас ел» екендіктерін әлемге мойындатуда. Жапон қоғамының ұйымшылдығына, қауымдастықтардың бір жұдырықтай түйілгеніне, жапондықтардың байсалды, бірлескен, тындырымды әрекеттеріне тек құрметпен қарайсың. Бұдан қоғамдық және саяси басқаруды ұлттық үлгімен өлшегеніміз, патриоттық құлшыныспен бағалағанымыз жөн деген тоқтамға келу керек.

Жапондар ұлттық рухы жоғары мемлекет. Өздерінің әдебиетін, мәдениетін бәрінен жоғары қояды. Тіпті, олардың бизнесмендері, экономистерінің өзі біздегідей емес. Әр уақытта елінің жазушылары мен ақындарын құрметтеп, оларға көмек беріп жатады. Жапондардың ұлттық өнерлері, ұлттық ойындары әлі күнге белсенді дәрежеде халыққа қызмет етеді.  Ұлттық ою-өрнектері бейнеленген тауарларды сыртқа шығару арқылы өз елінің мәдениетін насихаттауда. Ал бізде мәдениетімізді шетел түгілі өз елімізде насихаттауға билік мән бермей жатқаны назар аудартады. Тіпті, мәдениетті былай қойғанның өзінде ана тілін білмейтін жастарды дұрыс тәрбиелей алмай жатырмыз. Көрнекті орыс жазушысы К.Паустовский: «Ана тілін білмеу-ұлтқа жасалған опасыздық» деп жазғаны бар. Елімізде ұлт үшін өлімге басын тігер жанкештілер былай тұрсын, ұлтына опасыздық жасап жүрген азаматтарымыз қаншама!

Қазақ телеарналарынан ұрпақты патриоттыққа, ұлтшылдыққа тәрбиелейтін бірде-бір бағдарлама таба алмайсың. Теледидарды қоссаң болды ойын-сауық бағдарламалардан көзіңді аша алмайсың. Ал Жапондарда тек қана ұлтшылдыққа, патриоттыққа тәрбиелейтін бағдарламар көрсетіледі. Жиырма жыл ішінде Қазақстанда қазақ тілін білмейтінімен қоймай, өзінің қазақ болып туғанына, өзінің ұсқыны азиаттық екеніне намыстанатын, кемсінетін жас бұтақтар пайда болды. Масқара болғандай, әлі күнге дейін толық қазақ тіліндегі бір телеарнаны әзер жасадық, жиырма жылда жиырма телеарна ашу керек еді. Итальяндық "Ренко" компаниясының президенті Ринальдо Гаспарини мырзаның: "Мен әлемнің 141 елін аралаған жанмын. Солардың ішінде өз мемлекетінде отырып, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім, ол қазақ халқы екен" - деген сияқты сөздерге құлағымызда үйреніп қалды. Қазақстанға іссапармен, болмаса саяхаттап келген кез келген адам біздегі кемшіліктерді бетке айтып кетуде. Ал оған назар аударып жатқан билік жоқ. Тіпті, таң қаласың, мұндай сөздер көкірегінде намысы бар қазақтың шамына неге тимейді?!

Тарихымызға көз салсақ ел үшін жан пида ететін жанкешті батырлар болған. Сол жанкешті ата-бабаларымыздың арқасында осыншама көлемді жер бізге мұраға қалып отыр. Бірақ, осы жерді жанкешті дәрежесінде қорғайтын азаматтар біздің елден табылатынына күмәнім бар. Сол үшін де әзірге алла бізге қиын  күндерді салмай-ақ қойсын!!!

Аязбеков Дінмұхамед Анарбекұлы

ҚазҰМУ 2 курс студенті

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404