Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
ЖЕҢІС ҚҰШАҒЫНДАҒЫ ЖЕҢІЛІС
І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Дөрбілжін аудандық үкіметінің талабы мені Шіңгілден қайтарды. Оспан Бәйтікке қайта қуылған соң, армия қатарынан талап бойынша қайтарылатындардың алдыңғы тобымен ноябрдің соңында жеттім.
«Һы... аман қайттың ба» деген Досан әкімнің мұрты тағы да әрең жыбырлады.
Оның кеңсесінен шығып, Кибір ахұнның орнына жаңадан орынбасар әкім болып тағайындалған Әлиевтің кеңсесіне кіріп едім. «... Пайдаң бар мектепке тисін деп қызмет көлеміңді кеңейттірдік, - деп жарқылдай күлді, - алдымен сол мектебіңді емдерсің...»
Оқу-ағарту бөліміндегі Шәкербай бар қамқорлықтың «өзінен» ғана шыққанын ескертіп, кесете қоңыраулатты:
- Мен онда жаңадан келгенмін ғой. Жайыңды кейін түсіндім де, жастар комитетіне айтып, әкіммен шайқаса жүріп әйтеуір әрең көндірдім. Жақсылығым жерде қалмас.... осы ауданның біраз білімі бар азаматы екенсің, істей алады деп инспекторлыққа өзім кепілдік етіп қабылдаттым. Ынтымақты болып, тек әйтеуір менің айтқаным бойынша істегейсің...
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
ЖЕҢІС ҚҰШАҒЫНДАҒЫ ЖЕҢІЛІС
І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Дөрбілжін аудандық үкіметінің талабы мені Шіңгілден қайтарды. Оспан Бәйтікке қайта қуылған соң, армия қатарынан талап бойынша қайтарылатындардың алдыңғы тобымен ноябрдің соңында жеттім.
«Һы... аман қайттың ба» деген Досан әкімнің мұрты тағы да әрең жыбырлады.
Оның кеңсесінен шығып, Кибір ахұнның орнына жаңадан орынбасар әкім болып тағайындалған Әлиевтің кеңсесіне кіріп едім. «... Пайдаң бар мектепке тисін деп қызмет көлеміңді кеңейттірдік, - деп жарқылдай күлді, - алдымен сол мектебіңді емдерсің...»
Оқу-ағарту бөліміндегі Шәкербай бар қамқорлықтың «өзінен» ғана шыққанын ескертіп, кесете қоңыраулатты:
- Мен онда жаңадан келгенмін ғой. Жайыңды кейін түсіндім де, жастар комитетіне айтып, әкіммен шайқаса жүріп әйтеуір әрең көндірдім. Жақсылығым жерде қалмас.... осы ауданның біраз білімі бар азаматы екенсің, істей алады деп инспекторлыққа өзім кепілдік етіп қабылдаттым. Ынтымақты болып, тек әйтеуір менің айтқаным бойынша істегейсің...
Қарсымда отырған Махмұт Керім «кекетіп қойма» дегендей көзін қыса берген соң бөлім бастығының бұл сайқалдығын жауапсыз қалдырдым. Ертеңіне тағы да ыңылдап отырып, Махмұт екеумізге қызмет бөлді. «Қала мектептерінің барлық жауапкершілігі осы екеуіңде» деп алды да, қазақ тіліндегі екі мектеп пен Моңғол мектебіне инспекторлықты Махмұтқа, ұйғыр тіліндегі екі мектеп пен орыс мектебіне инспекторлықты маған міндеттеді, - ханзу мектебі бір ғана клас қой, оған Биғабіл жол-жөнекей кіріп байқай салып тұрса болғаны!
Бұл бөліске алдымен Махмұт қарсы шыға келді: менің келуімді күтіп жүр екен өзі де:
- Мәселені енді ашық қоймай болмады. Мен қазақ тілін жете түсінбеймін. Биғабіл да ұйғыр тіліне солай. Сабақтың игерілу ахуалын түсіну екеумізге де қиын. Мұндағы Моңғол мектебі де негізгі жағынан қазақша оқиды. Сондықтан Биғабіл екеуміз міндет ауысамыз. Әсіресе қазақ ерлер мектебіне мен жауапкершілік ете алмаймын. Себебі, бұл мектептегі пән сабақтары оқытушылардың бейімділігіне қарап бөлінген емес. Қалаймақаншылық бар оны тап басып көріп, түзете алатын инспектор келді. Бұл аудандағы қазақ мектептеріне басқа ұлттақ инспектор тағайындау ұят болады. Түзете алмағандықтан өзім намыстанады екенмін. Мен онда енді істей алмаймын!
Осыны айтып қызара қалған сұлу Махмұттан Шәкербайдың танауының «сұлулығы» асып түскендей, талаурай қызарды.
- Ойбай-ау, Махмұт-ау, мұның қалай сенің? Қандай жігіт едің өзің! Биғабіл мен қазақ ерлер мектебіндегі мұғалімдердің арасында мәселені біліп тұрып мұның не?
- Анық білемін. Ондағы көпшілік мұғалімдер мен Биғабілдің арасында ешқандай мәселе жоқ.
- Болмайды мұның, болмайды! Қайтадан қырқыссын деймісің бұларды?
- Биғабілге барлық қазақ мұғалімдер қарсы емес, бір гоминдаң мен бір молда ғана қарсы болған. Оны сіздер көбейтіп әкеттіңіздер.
- Кімдер көбейтіпті?
- Өзіңіз білесіз.
Екеуі бір-біріне қарасып отырып қалды да, сөзді мен алдым:
- Мен осы жөндегі нервімді оқтың ысқырығымен емдетіп келіп едім, қайта қоздырмауға тырыссам, сол екеуімен айтысқаным үшін тіпті қазақ тізімінен де шығарылып тасталатын сияқтымын. Менің мәселемді былай шешелік: сіз екеуіңіз комиссия құрып апарып, қазақ ерлер мектебінің оқытушыларына жиын ашыңыздар, ол қиын емес: «Биғабілдің қазақ мектептеріне инспектор болуын қалайтындарың қол көтеріңдер», енді «қаламайтындарың қол көтеріңдер» деген екі сөйлем ғана кетеді. Ең аз болғанда сарапқа осылай бір рет салып көрмесеңіздер мәселе ашылмайды, мен істей алмайды екенмін.
Осы сөзбен орнымнан түрегеле беріп едім, Шәкербай ұстай алды.
- Сол дұрыс, бара бер, Биғабіл! - деп Махмұт қостай түрегелді, - өзара ынтымағымыз үшін де осы керек болды, мәселені ашу қажет!
Шәкербай мені құшақтай тартып әкеліп отырғызды:
- Отыршы Биғабіл, отырыңдаршы, мәселені байсалдылықпен шешпейміз бе?
- «Байсалдылықпен» дегеніңіз енді асқан қырттық болады, - дедім мен, - сіздің көре тұрып «көрмейтін», көрмей тұрып «көретін» әдетіңіз бар. Біріншіден түзету үшін көзіңізге кергі салу керек те, екіншісін түзету үшін томаға салу керек, - Махмұт отыра қалып қарқылдай күлді бұл сөзіме, - бұл екеуі де менің қолымнан келмейді. Сондықтан, кешегі мені қызметке қабылдау шартыңызды орындай алмаймын! «Ынтымақты болып, тек әйтеуір менің айтқаным бойынша істегейсің» дегенсіз ғой. Мұны орындау үшін сіз көз жұмғанда мен де жұмып, сіз ашқанда мен де ашуым керек болды. Онда адамшылықтан шыққаным болмай ма? Қызметке кірмей-ақ қояйын, адамгершіліктен шығара көрмеңіз!
Махмұттың күлкісіне ілесе жөнелді менің күлкім, ол еселегенде мен де еселей күлдім. Көзі мен құлағына дейін қызарған Шәкербай да мырс-мырс күлген болды. Су жұқпас жалған әзәзілге көшті:
- Күліңдер жастар, күліңдер, «күлсеңдер кәріге күл» деген.
- Кәрілігіңіз күлкіні келтіретін кәрілік емес, әлі де екі-үш тоқалдығыңыз бар шығар. Күлкіні келтірген ескішілдігіңіз.
- Ал «жаңашылдығыңды» айтшы!
- Жаңашылдығым «ынтымақ» деген сөзді түсінуде... әкімге сол түсінігімді айтамын деп наразылыққа ұшырап қалып едім. Қызметке кіргіземін деп адамгершіліктен шығарып тастамауыңыз үшін сізге де айтып, наразылығыңызды қоздырайын: ынтымақ деген өткен наразылықтарды жауып қойып татуласу деген сөз емес, бастық не бұйырса басыбайлы құлыңдай істей бер деген де сөз емес, ынтымақ деген наразылықтардың, қайшылықтардың себебін ашып тастап, оны қайталамайтындай етіп құрту, теріс бұйрықтарға қарсы пікір айта білу болмақ, нағыз ынтымақ сөзбен емес, іспен орындалатын болмыс. Бір сөзбен айтқанда, ынтымақ - ауыз ұшындағы емес, іс жүзіндегі теңдік. Іс жүзінде теңдік орнамаған жерде темір шынжырмен қосақтасаң да ынтымақ орнамайды. Оқытушылықтан қуалану себебім қузастырылмай, осындай жалған шешімде тұра берсе наразылықтардың себебі ашылмаса ынтымақ түгіл қызметіңнің де керегі жоқ. Мектеп оқытушыларының жиыны шешсін!
Осы сөзбен шығып жүре бердім. Шәкербайдың мені қызметке қайта қабылдаудағы бұл залымдығын жастар комитетіне мәлімдеп, мектептегі мұғалімдерге хабарладым да, үйіме келіп қайта жаттым. «Қазақ ерлер мектебінің» ғана емес, қала мектептерінің талабы түгел көтерілді. Бұл талаптардың зілін байқаған Шәкербай Махмұт Керімнің мәселені ашу туралы жиын ашу талабынан бұлталақтап, ертеңіне таңертең мені тағы тапты:
- По, Биғабіл-ай, сенің қызметің үшін табанымнан таусылатын болдым-ау! Жә, дем алып болған шығарсың, жүр енді, әңгімелеселік!
- Менімен әңгімеңіз біткен, енді не сөз?
- Әлі бала екенсің-ау өзің, сенің қызметіңді орналастыру оңай болып отыр ма? Жүрші, көрші өзің, әңгіменің қалай екенін!
«Мына қызыл сайтан маған қарсы тағы бір топ ұйымдастыра қойды ма екен» деген күдікпен ере жөнеліп едім. Менің қолтығымнан ұстап, күбірлей аяңдады:
- Шырағым, сені бұл міндетке бөлуіміздің ішкі сырын білмепсің, басыңның дымы кеппепті, ұйғырлардың ымы-жымы бір халық. Оқытушылары мен мектеп меңгерушілері тегіс жақсылығын асырып, жамандығын жасырып озат мектеп болады да отырады. Енді мына Махмұт Керімі бармағын ішіне әмісе бүгіп жүретін барып тұрған сұм. Оларға қосылып алса не оңдырмақ бізді? Сені ұйғыр мектептеріне сол үшін әдейі шығарып едік, сен болсаң өз мектебіңнен шықпай сойылдап, тоз-тоз еткің келеді де жүреді. Сенің қолыңнан бәрі келетініне сенемін. Өз азаматымызсың, соқсаң ұйғырларды соқ, соған инспектор бол.
- Мені қызметтен қуалағанда «өз азаматым» деп қуалап па едіңіз? Мақсатыңыз қазақ мектептерін жетістіру болса, «қолынан бәрі келеді» деп сенген осы «өз азаматыңызды» сол мектептен неге қуалайсыз? Егер «әңгімелесуіңіз» осы болса, бөліміңізге бармай-ақ, тыңдамай-ақ қойдым, -деп қайта қайрыла жөнеліп едім, тағы да ұстай алды:
- Жо, жоқ, негізгі әңгімеміз бұл емес, бұл - есіңде болсын деп жол-жөнекей ескерткенім ғана...
Осы сөзбен мекемеге жеттік. Өз бөліміне кірмей, Досан әкімнің бөліміне бастады Шәкербай енді:
- Айтпақтайын сені әкім шақыртып еді. Алдымен сонда кірелік. Тұра тұр осы жерде, мен кіріп хабарлайын! - деп мені есік алдына қалдырды, кіре әкімге шағым айта жөнелгені естілді. - Мына Биғабілдарыңыз тағы бір пәле шығарды әкім: «ұйғыр мектептеріне инспектор болмаймын. Алдымен менің мәселемді анықтап бер, сонан соң қазақ мектептеріне ғана инспектор боламын» деп жатып алғалы екі күн болды. Мына қарбалас уақытында қызмет істетер емес, «мәжіліс аш» дейді. Мақсаты - қазақ ерлер мектебінің басына таяқ үйіріп отырып алмақ.
Соңғы сөзі аяқтай бере кіріп бардым.
- Неге кірдің? -деп тыжырынған әкімнің мұрты бүлк ете түсті.
- Сіз шақыртты деген соң кірдім.
- Кім айтты?
- Мына бастығым.
Әкім енді Шәкербайға қарап бір тыжырынды да, мойнын ішіне тыға бүлкілдетті мұртын:
- Тұрғанға неге айтпайсың осындайын, бар, сонымен сөйлес!
Шыға жөнелдік екеуміз.
- Міне өстеді енді, - деп Шәкербай маған көзін бағжаң еткізді, - қит етсе мені өтірікші қылады. «Биғабілді шақырт» деген өзі болатын.
- Өзі шақыртқаны рас болса, жаңа неге айтпадыңыз, қайта кіріп өзін мойындатайық, жүріңіз, - деп қолынан ұстай алдым.
- Ойбой... Биғабіл-ай, әуреңнің көбі-ай, ол кісіні ашуландырып қайтпекпіз, жатқан жыланның құйрығын басқандай. Жүр енді, өзіміз сөйлеселік.
- Жо-о-қ, сізбен «әңгімем» біткен, тұла бойыңыз өтіріктен жаралған болмаса, құйрығын басқаныңызға әкім шақпайды, нанбасаңыз осы сөзіңізді мен-ақ айтып берейінші, жүріңіз, шаға алмайды енді, кәртейіп қалды.
Шәкербай бұл сөзіме қарқылдап күлген болды:
- Биған, сенің осындай күлдіргі сөзіңді жақсы көремін-ақ, жоқ тіпті турашыл бар мінезіңді жақсы көремін. Рас! Бірақ, амал қанша, тесіп шығамын деп мұрныңды қанатып алар ма екенсің деп те қорқамын, қазақ мұғалімдермен жаңжалдасасың ғой тағы да, жассың ғой, өзіңді өзің өртке тастай бермей, үлкен адамның ақылын қабылдап, үн-түнсіз істей берсеңші, шырағым!
- Жоқ, сіздің ақылыңызбен жүрсем адам болмайтындығымды айтқамын.
- Тұра тұр осында! -деп бұйыра сала Шәкербай Әлиевтің кеңсесіне кіре жөнелді. Мен есікке барып тыңдадым. Махмұт Керім екеумізге қызмет бөлген жайын баяндай сала, мені жамандай жөнелді тағы да:
- «Сенің басшылығың маған керек емес, сенің ақылыңмен істесем адамгершіліктен шығамын» деді. «Адам емессің, итсің», «тұла бойың өтіріктен жаралған немесің» дейді. Осындай бұзыққа қайтып...
- Кейбір адамға да ұқсап қалатын мінезіңді айтпапты-ау!... «өтіп кеткен қыртсың, мыжымасың», «жайылсың» дегенді де қоспады ма? - деп Әлиев қарқылдай күлгенде мен де кіріп бардым. Кешеден бергі Махмұт үшеуіміздің таласымызды сөйлеп беріп едім, Әлиев ағы көп томпақтау қарашығы қадала түсті Шәкербайға:
- Қазақ ерлер мектебінде болған мәселе Биғабілдің «келісе алмау» мәселесі емес екенін әлі мойындамадың ба? Бұл мәселені бұған тағы да артқан екенсің, рас болса өзің апарып мәжіліс ашып, фактысын көрсетіп берсең болмай ма?
- Әкем-ау, мына қарбалас қызмет уақытында қайтып мәжіліс ашып отырмақпын? - деп Шәкербай жыламсырай сөйлегенде Әлиев сөзден тоқтатып қойып, маған бұйырды:
- Сені біз осы аудандық мектептерге, әсіресе қазақ тіліндегі мектептерге назырлыққа тағайындадық. Оларды қалпына келтіру үшін, сапасын өсіру үшін зор үлес қосады деген сеніммен әскери қызметтен қайтарып алғанбыз. Бүгіннен бастап қызметіңе кіріс. Қазақ ерлер мектебінде болған мәселе аймақтық оқу-ағарту бөлімі жағынан да тексеріліп, толық анықталған, ісің дұрыс... ол жағынан қамсыз бол! -деді де, шығып кетуімді ишаралады.
- Биған, тағы да үйіңе кетіп жатып алмай, мен шыққанша бөлімде отыра тұр, - деп қалды Шәкербай. Өзі әкім жағынан тағы да шыжғырылатынын біліп, мені тістеп қалғаны еді бұл.
- Мақұл, енді қуаласаңыз кете қоймаспын. Бірақ, әкімдерге тек расын айтып қана жамандағайсыз, -дей шыққанымда Әлиев тағы күлді.
- Міне, енді менің бастық болып не инабатым қалды? -деп Шәкербай алақанын жая ыңылдағанда есікті мықтап жауып жүре бердім.
Шәкербай содан жарты сағаттан соң шығып бөліміне кіргенде, Махмұт екеуміз бұл бөлімде істеудің әдісін тауып болып едік.
- Жә... кел, үшеуіміз енді бір әңгімелесіп алалық, Тұрған әкімнің нұсқауы бар, - деп жайланып отырды да ыңырана бастады сөзін, - сен, Биғабіл, енді басқасын сұрамайын, қазақ ерлер мектебіне қандай «жаңалық» кіргізгің келеді, алдымен осы жөніндегі өз ойыңды айтшы.
- Мен жаңалық кіргіземін, өзгертемін дегенім жоқ әлі!
- Ол мектепке қандай инспектор болып көрінгің келеді, не істемексің, соны сұраймын.
- Қандай болушы еді, дәл осындай, ақ жағалы, ұзын қара тонды, мұсабай қара етікті, ақ шашты, «теке көз» сұры инспектор болып көрінемін дағы!
Шәкербай танауы тағы талаурап, едірейе қарап қалды да, оның сұрағын Махмұт күле түсіндірді:
- Шәкеңнің сұрағын түсінбей қалдың сен, «ол мектептегі кей оқытушыдан өш алу ниетінде боламысың» деп сұрайды!
- Сен қылжаққа айналдыра берме, Биғабіл, -деп Шәкербай алара қарап қалған өлез сұры көзінің ағын жалт еткізіп, төмен түсірді, - «теке көзбін» деп өзің мойындадың ғой. Олардан өш алып, сүзер ме екен деген күдігіміз бар, соны сұраймын, бастыққа қылжақтауың жақсы нәтиже бермейді, шырағым!
- Иә, қылжақтау да, мылжаңдау да жақсы нәтиже бермейді. Бастығында қырттық болмаса қызметкері қылжақтай алмайды. Бұл екеуміздің де есімізде болсын, расында мен бұл жолы сіздің сұрауыңызды түсінбегендіктен қылжақтаппын. Енді түсінікті болды! Менің мектептен қуылыуым да, кешегі қызмет бөлісіңіздің қыңырлығы да, маған қарағандағы жүзіңіздің тымырлығы да, мені қазақ мектептеріне жібермеудің амалын таба алмай сасуыңыз да, желкеңізді дәміл-дәміл қасуыңыз да, «әкім шақырды» деп өтірікке басуыңыз да, барды-жоқты қылмысымды әкімдерге тасуыңыз да... тіпті бәрі-бәрі енді түсінікті болды. Сәрсен мен Мәкенді қорғау үшін ғана екен ғой?... Солай емес пе? «Олардан өш алып, сүзер ме екен деген күдігіміз бар, қалай істейсің, соны сұраймын» деп анықтап түсіндірдіңіз ғой?
- Жоқ, жоқ, олай ғана емес... по неткен жалақор едің... тіпті жас басыңнан болмаған жігіт екенсің өзің, қашан сұрадым мен оны сенен? Менің сұрағаным мынау ғана: сен инспекторлыққа жаңа ғана қабылданып отырсың, тіпті мұғалімдік тәжірибең де бір-ақ жылдық. Инспекторлық қызметті қалай істейсің, соны айтшы деп сұрадым ғой!?
- Е... енді былай жалт бердіңіз бе, ендеше соған-ақ жауап берейін, - деп күрсінгенімде Махмұт қолын сермеп тастап түрегелді де, арлы-берлі жүріп кетті. Мен орындыққа шалқалап жата сөйледім, - оқу инспекторы деген мектеп бақылаушы, солай емес пе? Еш уақытта теке болып бақылдаушы деген сөз емес!
- Е, осы жөніңді айтшы онан да, иә, солай-солай, айта бер!
- Оның ең негізгі тексеретіні: оқу программасының орындалу ахуалы мен оқушылардың сабақ игеру ахуалы. Мұны ғылым мен мәдениеттің қызметі, туған елінің қызметі деп толық түсінетін инспектор да, дені сау оқу-ағарту бөлім бастығы да толық жауапкершілікпен тексереді, ішкерілеп кіріп, оқытушылардың сабақ өтеу уақытында оқушылармен бірге отырып тыңдап та, оқушыларға сұрау қойып та тексереді, кемістігі болса толықтау шарасын ақылдасады, сізше, «басқалардың айтуына қарағанда, сен жаман оқытушысың, келісе алмайды екенсің» деп өз көңіліне жақпаған мұғалімді қыр соңынан түсіп қуалай салмайды, бір оқытушының жақсы-жамандығын, еңбегін өз басының өштік-достығымен бағаламайды.
- Мен сенен инспекторлық қызметті өзіңнің қалай істейтініңді ғана сұрап отырмын, - деп Шәкербай танауы тағы да қызара бадырайды, - менің бетімді тырнамай, өз жөніңді сөйле!
- Мен қазір сіздің сұрауыңызға ғана жауап беріп отырмын, сіз осылай асықпай баптауды сүйетіндігіңізден кеңінен жауап беріп отырғаным ғой, тыңдаңыз.
- Жоқ, мұныңды тыңдай беруге уақытымыз жоқ. Енді сол мектептегі кемістікті қалай түзету жағында болатыныңды ғана сөйлеші!
- Мақұл. Бірақ, «мектептегі» демеңіз, оның дуалындағы иә бөлмелеріндегі кемістікті құрлысшыларға көтерте саласыз. «Мұғалімдердің кемшілігін» деңіз, мұғалімдердің кемшілігін толықтауға дәрігердің ауруды емдеу позициясында болу шарт. Ем қонбаған аурудың өзі-ақ өледі ғой. Өлтірмеуге тырысу - дәрігерде болатын қасиет, адамгершіліктің ең жоғары қасиеті. «Ауруды» сізше сыпырындыға лақтырып тастай салу жағында болмаспын. Өйтетінім, «сіздің ақылыңызбен істесем адамгершіліктен шыққаным» деп әлдеқашан «уағда» бермеп пе едім?
Шәкербай орнынан ыршып тұрды да, Махмұт Керім қарқылдай күліп барып өзінше оның иығынан басты:
- Отырыңыз, Шәке, осыдан пайдалы жауап жоқ бізге, аса жоғары мәслихат болды. Осы сөзді ешқандай зілсіз ақыл екенін енді түсіндім.
- Өй, қандай жігіт бұл өзі, тәп-тәуір сөйлеп келеді де, менің бетімді тырнап кеп алады... ем қонбайды екен мынауыңа!
- Осы сөзімен өзін ғана емес, бізді де емдеп отыр. Әкімдерге жеткізейікші, ем деп бағаламаса көрейік.
Шәкербай түйіліп отыра кетті:
- Олай болса мені шарпымай, өз қызметін қалай істейді, қандай әдіс-амал қолданады, сонысын ғана қысқаша айтып тоқтатсын сөзін!
- Мақұл, мен соныңызды айтайын да тоқтатайын: мектептерге барып, алдымен оқытушылардың сабақ өтеу ахуалын көремін, сапа жағынан күдікті оқытушылармен айырым пікірлесіп, оларға түзету айтып шығамын, ғылыми меңгерушілеріне тапсырамын. Сізше басқалардан естігеніммен ғана құралданып қуаламай, өз көзіммен анықтап көріп емдеймін! -дегенімде Шәкербай тағы да елең қағып, Махмұт Керімге қарай берді. Сөзімді енді асыға сабақтадым, - ашық сабақты* әр мектептің уақыты жар берген сағаттардың бәрінде жүргіземін. Метод ауыстыру жиындарына** аптасына жарым күн уақыт беріп, Махмұт екеуміз қатынасып тұрамыз. Әлсіз оқытушыларды қуаттандырудың қазіргі құралы осы. «Жүз жыртысады», «ынтымағын бұзады», «уақыт жейді» деп сізше тастап қоймаймын, қолтығымдағы мұғалімсымақтарымның «тазын» көріп қояр деген қауіппен де тастап қоймаймын.. Таз деген жаба тоқып жасырумен жазылмайды, ашып тастап, жалаңбас жүргенде ғана, күнге, желге қақтырғанда ғана жазылатын ауру ол. Мүлде жазылмасына көзім жетсе өз жауапкершіліктеріңізге тапсырамын. Бір сөзбен айтқанда, оқу инспекторлығы - сіздің санаңыздағыдай шоқпар емес, кеңесші - ұстаздық қана болмақ.
«Сізше» деп басталатын «бет тырнауым» көбейген сайын түйіліп, ызаға булыға түскен бастығым ең соңғы сөзге келгенде тынышталғандай, үнсіз отырып қалды.
- Ал Шәке, сізше, басқа тергейтініңіз бар ма? -деп Махмұт қарқылдай күлгенде бастығым тегістелген сарғыш мұртынан лажысыздықтың ғана жымиысын байқатты.
- Айттым ғой неше рет, инспекторлық қызмет жөніндегі түсінігінде мәселе бар дегем жоқ қой. Жалғыз-ақ «сізше» деп алып бар мәселені маған арта беруі - жалақорлық иә мені түсінбегендігі. Бұл үшін әдейілеп бір әңгімелесу керек екен. Жоқ, кеңінен бір әңгімелеспей болмайды.
- Иә, иә, енді дұрыс болды, мұныңыз жөн. «Әңгімелесу» деген сөз сізше жиын шақыру шығар. Махмұт екеуміздің талабымыз енді орындалды. Жүріңіздер енді, сол мектепке барып «әңгімелесейік!» - дегенімде екеуі қатар күлді.
- Шәкеңнің қырттығы саған да жұғыпты, енді сен асатын сияқтысың, - деп Махмұт еселей күлгенде бастық та күліп жіберіп тыжырынды:
- Менің сөзімді қырттық демеңдер, жігіттер, ол жаман болады тегінде, айтып қояйын. Жә, осы өз талаптарың бойынша-ақ істеп тұрыңдар енді, кейін көрерміз.
- Тұрған әкімнің нұсқауы бар дегеніңіз қайда? -деп Махмұт жымиып еді.
- Жоқ, енді оны да қоя тұрдық, осы айтқандарың бойынша істей беріңдер, - деп Шәкербай түрегелді, - оны да кейін көрерміз, иә, кейін жеткізермін.
Кейін көретініміз көріне қоймай, тіпті ұмытылып бара жатты. Істей бердік. Күткен көрешегімнен басқаша тынышты қызмет, тынысты өмір көріне бастады.
Мен Алтайға кеткенде мектептегі еңбекақым үйге қаз қалпында тиіп тұрыпты да, екі ағаның жаңгүдейлерден қалған құнарлы жерге басқалармен ортақтасып салған егіндерінен мол өнім алыныпты. Бұйынтақ, пысық Биғазі бұларды малға айналдырып, үлкен ағамыздың аяғын бұрыннан жегжат-құдандалы біреудің қызымен «шырмай» қойған екен.
«Ел құлағы елу» емес пе, мұны ести қойған Оспан молда халық бөліміне шапқылап, жауапқа мені тағы тартты:
- Ағаңды үйлендіруге малың бар, маған неге жоқ, алдымен менің малымды төле! -деп дығырлатты.
- Ойбай, қармақ сақалым-ау, мен соғыстан жаңа ғана қайттым ғой. Өзім әлі ешкімге қалың мал өткізгенім жоқ, мына соттарың біледі, міне! Ағаларымның ондай байлығын көргенім де жоқ. Қызметке жақында ғана орналастым. Өз қайын жұртыма мал өткізуден бұрын, алдымен сенің малыңды қайтарып болармын, тоқтам солай еді ғой. Тоқтай тұр, менде де жұтқыншақ бар және инспектор болған соң ел аралайсың, жақсырақ киім де керек маған. Сондықтан, жарым айлық еңбекақым өзімде қалмаса бола ма, мұнан соңғы жарым айлықтарыммен өтейін, - деп шықтым.
Сөйтіп, қалың мал төлейтін жеріміз екеу болып, еңсемізді қайта басыңқырап отырғанда, кіші ағамыз пысықтығымен бір шатақ шығарып қойғанын естіп, танауым қусырыла түсті: қалың мал күшімен шалға ұзатылған бір қыз бара сала айнып, қайтып келіпті де, ағаларына жылап отырып алыпты. Шалдан алған қалың малды бүкілдей қайтаруға бұйырған шариғат үкіміне ағалары наразы болып, аудандық үкіметке барса, жарымын ғана қайтаруға тоқтатқан екен. Бірақ шал екең шырмағанда жарым дегенің өзі бүтін қалың малдай жиырма қара болмасын ба? Біздің Биғазы сол «жарты» қызбен табыса қалыпты сол екі арада.
- Мына екі «қалың малды» өтеп болғанша қоя тұрсаң болмай ма? - деп күбірледім.
- Жоқ, мұны қоя тұра алмайтын болып қалдым, - деп тұқыра түсіп күлді пысығым, жемістері түйіндеп те үлгіргенін сездірді.
«Мойынға мінген бой бермес қалың малдың үшке жеткені ғой. Әлия асықтырса оны мен қайтып «қоя тұра» алармын? Сөйтіп, зілдей-зілдей төрт қалың малдың астында тыпырлап «көр қане» деген оймен қусырыла қалыппын:
- Менің үйлену жағдайыма қынжылмай-ақ қой, - дей жымиды Биғазы, - сені қинай қоймаспын.
- Халық бөлімі кесіп қойса қалай төлемессің? Қулығың зәудеғалам қалың малдан құтқара қалса да, жасау мен тойлық расхоттардан құтқара алмас?!
- Разы болсаң Бигелді екеуміз түгіл үшеуімізге де бір ғана отаудың жабдығы жететін болады, - деп сықылықтап күле бұрылды Биғазы, - бізге алаң болма, әйтеуір Оспан қудан ғанга құтқарсаң болғаны.
Сөйтіп, менің бүтін тиген соңғы айлық ақшамды алды да, жорта жөнелді. Буаз сиыр әкеліпті бір күні.
- Бәсе, жеңгемді алып та келгенбісің? -дегенімде шешем мен үлкен ағам қыстыға күлді.
- Былжырамай отыршы ей сен, - деп алып өзі де күліп жіберді, - жазға салым бұзауымен екі қара бағасына өтер деп әкеліп едім, қап мына мылқаудың тілін-ай!
Ертеңіне таңертең мен орнымнан тұрмай онысын қайта ала жөнеліпті. Қарны шардиған жуан кері сиыр сол күннің кешінде ұп-ұсақ, ине, түйреуіш, сабын, тарақ, айна, темекі... ең ірісі екі топ шыт пен он шақты қағаз шәй болып қапты. Соларын қоржын мен мөшекке салды да, біреудің шанасына отырып «Қара пұшық» жаққа тарта жөнелді. Он шақты күн өткенде аңшылардың қарақұйрық, елік терілері мен соғымның ішек-терілеріне бір өгіз шананы толтырып қайтты.
Сол буаз сиырын аударып-төңкеріп жүріп-ақ жеңгесінің жасау-жабдық, киім-кешегін дайындай қойды.
- Жетпіс протцент қалың малы төленбей жатқан қызға желек әкелуін мұның! -деп күлдім мен.
- Ой процентің құрысын сенің, ойлануға мұрса берсеңші, - деп жатып ұйықтап қалып еді, таңертеңіне орнында тағы да жоқ болып шықты. Ергейтіге кеткенін айтты шешем. Екінші күні екінтіде баяғы балбике әпекесін жақсы ат, «ірбіт» шанасымен заулатып ала жетті. Бала кезімде мені «боқ қабы» атаған әпекемнің аязда боз қыраулатып, не жұмыспен келе қалғанын түсінбей қалжыңдай қарсы алдым:
- Әпекетай-ау, неше жылдан бері жиған-терген өсегіңіз осы қыстың өтеуіне шыдатпай ұшырып әкелген бе, қалай? Бізге неше қабын әкелдіңіз?
Ол кесек күміс төккендей сыңғырлап күле кірді үйге, кесек-кесегімен еселеп күле берді.
- Әйелдердің өсекке үйірлігін мысқылдағаның ғой? Ергейті өсекке жарыта ала ма, осы жақта тың өсектер барын естіп келдім.
- Олай болса апама жалыныңыз, жаңа шыққан ыстық өсектерімен қазір-ақ жылыта қояды.
- Сөйлесе отырып шәй іштім де, ақшам бата өз «өсекшім» кезігетін үйге кеттім. Алтайдан қайтып келгеннен бері Әлия маған тым үйірсек болып алып еді, жұмыс жағдайынан кездесе алмай қалған кештерім үшін күле қалжыңдап, құйқылжи тергейтін де болған. Күлкісі мен кей әрекетіндегі Арысбек мінездестігінен басқа ешқандай кемшілік көрмей, мен де шын махаббат қалпына түсе бастағанмын. Нұрияшты ұмыттырып әкете алмаса да көркімен, қылығымен ұмтылдырып, жұтындырып бара жатқан сияқты.
Жүрегі жүзінен көрініп тұратын Меһірдің қабағы мен қайтып келгелі сол досына өкпелі, солғындау көрінді. Бірақ Меһір әлі аңдуда, қамауда жүр екен, екі-үш-ақ рет кездестік. Әр күні кездесіп тұратын қалың бітімді Өмірбек менің сүйіктіме бұрынғы қалпында, екеумізді әмісе өз бөлмесінде қондырудың орайын қарастырып жүр еді. Оның екеумізді бір-бірімізге қызықтыра үгіттеуді қойғаны ғана бұрынғыдан өзгешелігі болды. Әлиямен табысып қабысып, қауышып алған соң Өмірбектің ол үгітіне мен де зәру емеспін ғой. Өз көкіректеріміз өзімізді үгіттегендей, орайы келген жерде құшақтаса бердік, сүйісе бердік. Жалғыз-ақ, кіші ағаның буаз сиыр сатып әкелген күнгі өз қалжыңым өзіме сабақ болғандай, сонан бері бірге түнеуден тиылып, өзімді өзім тәртіпке шақыратын болғанмын.
Буалдыр тұманды іңірде жебей баса келіп Өмірбектің қақпасын қақтым. Бақай шығып, кім екенімді сұрады да, ілгек ағытты. Әлия келмеген екен. Соған кезігетінімді айтып кете беріп едім.
- Соны іздемей-ақ қойсаң қалай? -деп қалды.
- Неге?
- Көңілі болса осында өзі-ақ келіп тұрсын дегенім ғой.
- Мына қараңғылықтан қорқып жалғыз келе алмас?
- Олай болса мен еріп барайын.
- Қазірше қатер жоқ бізге, осында бол!...
Мырзалардың жалдамалы есерлері бұрынғыдан көбейіп, Өмірбекті айналдыруын жиілеткенін естігенмін. Сақтығын Бақай да күшейтіп, осында көшіп келіп алған болатын. «Сөйтсе де... мұнан соң, өте сақ бол» деп қала берді. Әлия екеуміздің дағдылы жолымызбен айнала жүріп, сыртқы көшеге шықтым. Жолдан кезіге қоймаған соң қақпасына жақындап едім. Өршелене күбірлеген жігіт үні естілді. Жуан үйеңкіні далдаланып тұра қалдым.
- Расын айтыңызшы, не үшін?
- Кейін естірсіз, - деп Әлия күбірлей сала қақпасын сықырлатып жауып алғандай болды.
- Сырма киімді офицер жерді бір теуіп қалды да, сарт-сұрт басып, алдымнан өте шықты. Тұман қоюланып, ақ қар сәулесі болмаса, маңай түнек қараңғыға айналып еді. Оның қарасы лезде өшсе де, ызамен нығарлай басқан аяқ сықыры ұзап кеткенше естіліп тұрды. Менің көңіліме де тұман түскендей, марғау аяңдап алдынан өте бергенімде қақпа ақырын сықырлай ашылып, Әлия шыға келді:
- Өзің келіпсің ғой, қашан келгенсің?
Менен жауап шыға қоймаған соң, Әлия жүгіре басып барып үйінің есігінен дауыстады: «апа, көрші үйлердегі қыздардың бәрі киноға кетіп барады. Мен солармен бірге кеттім!»
Ол қайта жүгіріп шығып, офицер кеткен жаққа қарай түсті де, мені қолтығымнан ала жоғары тартты.
- Былай жүрейік. Үндемейсің ғой өзің, менің кешіккеніме өкпеледің бе? - деп жітірмелете сөйлеп, сықылықтай күлді. - Асыға басып кетіп бара жатсам, алдымнан.... кім еді, атын да ұмытып қалыппын, бір офицер шығып ұстай алды. Бір кезде маған хат ұсынғанда алмай кеткенмін. Кезіге қалса әліге дейін жабысады. Қашып үйге кіріп алдым. Қайта шығып байқасам, әлі тұр. Қақпаны қатты жауып едім, кетіп қалды. Мен сенен басқа ешкімді сүйгенім жоқ, тіпті оларға қарамаймын да. Құшақтасаңшы... мына қалтарысқа тұрайық... кешке шейін сағынам сені! ... көргенше асығамын!...
Осы сөздерімен, құшырлана сүйістерімен менің әлгі бір түйіншегімді шешіп ала қойды.
- Қанша асыққанымызбен әкең сені жуырда бере қояр ма екен маған?
- Бермеген еркіне қоямыз ба, неге бермейді екен?
- Кедей деп... «пәлендей алтын сал, түгендей жамбы сал, үлкен сандық кіргіз» деп аузын қысаспен арандай ашар!
- Жоқ жаным, сені олай қината алмаспын, сенің қиналуың - менің қиналуым емес пе? Онысын өзім-ақ шешемін! Меһір сияқты қамайтын ыңғайы көрінсе, бір үйге апарып өзің қамай сал, бір-екі ай қамалып шықсам, -деп құйқылжып, ұзағынан сылқылдап, сықылықтап алды, - өзі-ақ той жасап береді. Саған қоятын жалғыз-ақ... жалғыз-ақ талабым бар, менің көңіліме күмән салма, бір ғана менімен бол!
- Ал өзің ші?
- Өзім тек сенікі ғанамын, тіпті туылғанда сенікі болып туылған сияқтымын, - деп тағы да толқи сықылықтады.
Сұлудың бұл қылықтары Арысбекті елестетуін қойып, маған деген құштарлығын қиялдағыдай етіп көрсетті. Бұған Меһірдің мен қайтып келгеннен кейінгі көрсеткен қабағын да, жаңағы «не үшін» деп тепсінген офицердің өктемдігін де ұмытқандай жадырап қайттым үйге.
Ауыз үйде жатқан ағалар қорылға басыпты. Алып қойған тамақты жедім де, түпкі үйдегі өз орныма бардым. Шешем мен Балбике әлі сөйлесіп жатыр. Менің келгенімді де сезбегендей, айтысып жатқандары тым тәтті өсек болса керек. Құлағымды түре жатып, құдағиымыз қыз күнінен Балбикенің бал жаласқан досы екенін ұқтым. «ер жүректі, барынша ақ көңіл» әйел екенін айтты, қыз кезінде қылжақтаған жігіттерді «шапалақпен тартып жіберіп, етпетінен түсірген» кездері болыпты. «Айттырып қойған жерім бар, қызықсаң бұрын қайда қалып едің, енді келіп басынуын» деп соққылап жүріп, атастырған жеріне қалың мал бергізбей, қашып келіп тиіпті. «Ері де, ата-енесі де сол пейілі үшін бетін қайтармаған, сыйлы, би келін болған» екен.
- А, құдай, - дедім осыны естіп, - жеңгелеріме осындай батыл, тура мінез бере көр!
Бұл сөзіме Балбике сақылдай күлді:
- «Өз қалыңдығыма да» деп тілемеймісің?
- Жоқ, әпекетай, қазірше ескергенім жоқ оны, қарызым шашымнан да көп. «Барлық әйелдер жұртшылығына тіле» десеңіз болғаны.
Бұл сөзіме де бір сақылдап алған Балбике «өсегін» енді тым бәсең жеткізді шешеме. Биғазы қудың ұшып барып осы әпекесін не қажеті үшін ертіп келгенін енді біраз жорамалдағандай болып ұйқыға кеттім.
Шешем таңертең ерте оятты шәйға. Балбике сол құдамызға амандаса барып қайтатынын айтты. Биғазы шана шегіп те қойған екен.
- Бигелді, бүгін тәуірлеуіңді киін. Келіншегің келе қалса ұялып жүрмейтіндей бол, - деп күлген Балбике, Бигелді бағжаңдай қарағанда үстемелей күлді.
- Рас айтам!
Бигелді басын шайқап қойып күлімсіреді де, төмен қарап алып, шәйін оба ұрттады:
- Алып қашуға болмайды Бәке, бұлай қалжыңдауға да болмайды, олар естіп қалса ренжиді ғой.
- Алып қашпай-ақ өзі келсе қуаламақпысың?
- Келмейді, әке-шешесінің разылығын алмай қалай келмек? Оларды ренжіте алмаймын. Құдай бұйырса малын келер жаздық еңбегіммен өтеп боламын.
- Солай болса да қолыңның күсін кетіріп, таза киіміңді ки бүгін, тым болмағанда енең келіп қалар.
Осыны айтып Биғайшаны ерте жөнелді.
- Жеңеше, бұл айтып жүргендері не бұлардың? - деп сұрады Бигелді шешесінен.
- Е, әншейін қалжыңы шығар, қайдан дайын тұрар дейсің бұларға. Сөйтсе де біреуі ілесіп келе қалса... сақтықта қорлық жоқ!... Мына қыздың да малын жейтін жөні бар, әлгі тоқтыны әкеліп қойсаңшы. Мен қора иесінен сұрап, мына бос үйін тазартып, жылтып қояйын.
Бұл сөзінен шешеме «түрмедегідей далбаса дәме» біткен екен деп ойладым. Үлкен ұлының жасы қырыққа келсе де, келін көрмей зарыққанынан, мал өтей алмай тарыққанынан қисынсыз бос үмітке салынғандай көрінген шешеме жаным ашыды, күлкімді тез тиып, мұңая кеттім қызметіме.
Кешінде әлде неге алаңдағандай сезіммен ертерек қайтып едім. Қора иесі мен біздің үйдің аралығында бос тұрған бір ауызды кішкене бөлменің де моржасынан түтін будақтап, тік өрлеп кетіп жатыр екен. Ауыз үйде Бигелді екі аяғын екі жаққа керіп тастап, шешесі үшін темекі талқандап, насыбай уқалап отыр. Жаңа киім кимепті. Тері шалбарының екі тізесі екі қойдың құйрығындай теңкиіп жатыр. Күйеу болмыстың бұлай болбырап отыруы мен шешемнің қақшаңдап, «отауға» от жағып, киіз жайып жүруі мені тағы күлдірді.
Қақпа шалқасынан ашылды бір шақта. Терезеден қарасам, Балбикенің бос ат-шанасын дедектей жеткен Биғазы кіріп келеді екен. Соңынан Балбике мен Биғайша жеңгемді түбіт салысын бетіне түсіре жауып, екі жағынан қолтықтай кірді. Қуғыншы да іле жетер ме екен деген қауіппен жүрегім тулап ала жөнелді менің. Бигелді әлі де насыбай уқалап бейғам отыр.
- Келді, келді, - деп мен ауыз үйге жүгіріп шықтым. Бигелді талқандаған темекісіне қызылша күлін қосып араластыра отырып сұрады:
- Кім?
- Жау.
«Жаудың» кім екенін өзі білетін сияқты. Жалт қарады маған:
- Не дейсің, алып келді ме? - дей сала көйлек-шалбаршаң еңкеңдеп, есіктен менімен қабаттаса ыршыды. Шешем келіннің алдынан қол жайып, бата беріп тұрғанда, төрт-бес әйел қақпадан жүгірісіп кіре шәшу шашты. Шешем оларға бұрынырақ құлақ қағыс етіп қойған екен. Келінге бәрі алғыс жаудыра қауқалақтап үйге жетектеді.
- Жәмікен, -деді күйеу босағада тұрып, - сені бұлай әкелуге менің разылығым жоқ болатын, білмеймін де. Әпекесі мен Биғазының ісі. Қайтеміз, әйтеуір ренжімей кір үйге!
Осыны айта сала жүгіріп барып шанадан атты шығарды, мені қалың шапанын әкеліп беруге бұйырды да, шананың қанатына отыра кетті. Әйелдер жабылып барды-жықтымызбен отау жасауға кірісті, абыр-сабыр жүгіріс. Соңында шымылдық апарып құрды да, келінді қайта жетектеп отауына әкетті.
- Қалай әкелдіңіздер? - деп сұрадым әпекемнің қасына отыра қалып. Сақылдап күле жауап қатты:
- Өздігінен қалай келеді?
- Түс ауа бергенде түстік жедік. Оғанға дейін мен ошақ басында отырып, бұйымтайымды құдағиға айтып, болғанмын, тамақтан соң құда бір жұмыс барын айтып, атын ерттеп мінді де кете берді. Біз одан соң тағы да шәй іштік. Биғазы шана шегіп, жүруге асықтырды. Бізді аттандыруға шыққан құдағи қош айтып қала берді де, Жамікеніне жылы салы жауып, «қонақтарыңды шығарып сал» деп тапсырды. Бар бұйымтайымыз шанаға шығысымен Биғайша екеуміз ортаға алдық та, Биғазы бишік үйірді. Қоржасының бер жағындағы белеңге шыққанша сөйлесіп, бірге күлісіп келген келін белеңнен аса бере тулады. Ұмтылып барып божыға да таласты, торы ат онан сайын ызғытты...
- Шанадан ауып түспеді ме?
- Жан керек шығар? ... Қия жолда шана бір толқығанда менің білегіме жабыса кетті өзі, ол жабысқанда мен тіпті жабыспаймын ба, ха... ха... ха!... «Мұның не Биғазы» деп түйілді қала шетіне ілінгенімізде. «Мұнымыз... ақыр келетін ақылды келінсің ғой, өзіміз болған соң өзімізді өзіміз қинамайық дегеніміз», -деп Биғазы атты шақпылата берді. «Бұлай келтірер деп ойламаппын» деп Жәмікен жылап жіберді де, бетін басты. Мен біраз сөйлеген соң уанып, үнсіз-тартыссыз келді.
- Соңынан келетін қуғыншы бар ма? Оған «сап-сап» айтып басатын дәстүршіл, дуалы бір кісі керек болар?
- Керегі жоқ, құдағи бүгінше ешкімді жібере қоймас. Ертеңдер құда мен құдағидың өздері ғана келетінін білдірген. Құдағи өзіміз. Ал құданың аяғына сен жығыл, «төресің» ғой, Биғазы жығылса ашу үстінде ұрып салып жүре ме, кім біледі. Ертеңіне кешке жақын ағалы-інілі екі құдаға құдағиымыз еріп, өздері ғана келді. Жамағайын, жаттан ешкімді қоспай келуінен бізді арандатпайтын да шығындатпайтын, іштей аяйтын райы барын түсініп қуандық. Сөйтсе де, тым түксиіңкі, суық көрінді құдалар. Биғазы екеуміз сәлеммен иіле шығып, шанадан көтермелеп түсірдік. Жуан ақ сары құдағиымыз бен аппақ шешеміз құшақтаса кетті, іштерінен білісіп, үнсіз жыласа құшақтасты. Ұзын бойлы, ат жақты қызыл күрең үлкен құда қолымды қағып тастап, тепсіне кірді үйге. Төрге жете сылық түсіп отыра кетті. Соңындағы күнқақты күреңі жайшылық бейне көрсете, ауыз жыбырлатып амандаса келіп отырды.
Арттарынан мен кіріп, үлкен құданың алдына жүгіне қойдым:
- Әке, өзіңіз де білетін шығарсыз, мен ұзақ сүргінде, онан соң әскерде болдым. Үйге ыңғай зияным ғана тиіп келді. Екі аға тырбанғанымен семья қамдаудан аса алмай қалыпты. Оспан молданың сұмдықпен өткізіп, жұтқа біздің қолдан жұтқызып, қалың малға сындырған малын өтей алмай қиналып жүр едік. Құдай десіппіз, құда түсіппіз, екі балаңыз да өз жаратылыстары бойынша кәмалатқа жеткен. Айтысқан малды қашан өтеп болғанша өмірлерін зая етіп отырғыза беруден де қиналдық. Құдамыз өзіңіз, біз де өзіңіз - өз балаларыңыз болған соң «өз өлтірмес» деген сеніммен осылай айыпты болғым келді. Екі балаңызда да кінә жоқ, міне менен болды. Басынғандығым емес, өмірлерін өткізе бермей бастарын қосу үшін істедім. Алал ниетіміз алдыңызға жаюлы. Әрине, ашуланасыз, алдымен соны тарқатайық, міне басым, алдыңызға домалап түссін! -дей сала алдына бас қойып, екпеттей қалып едім. Үлкен құда тұқырған бойы отырып қалды.
- Болды балам, түрегел! -деп құдағи күбірледі, - малға емес, әйтеуір бастарыңа сеніп берген баламыз ғой.
- Солай болса да ашуларыңызды келтіретін іс қой, - деп басымды сәл көтеріп, иіле өтіндім, - ашу ауру қозғайды, денсаулығыңыз үшін, тым болмаса шапалақтап, жұдырықтап алыңызшы! Әйтеуір көзіме ұрып көгертіп қоймасаңыз болғаны, мұғаліммін ғой, «қай байы ұрған» деп оқушыларым күлмейтін болсын, басқа денемді түгелімен ашу қайтару үшін таяғыңызға ұсынғаным!
Тыңдап отырған өз жағымыз ду күлді де, кіші құданың көмекейі бүлкілдеп, мырсылдай берді. Үлкен құданың жымия күлімсірегенін байқадым. Соңғы сөздерді оспадарлау болса да осылай бір күлдіріп алу үшін айтып едім.
- Болды шырақ, -деп күрсінді құда, - алдыңғы жылдарда марқұм Жәкең ауырып жатып: «Биғанымның өлі-тірілігін де білмей өлер ме екенмін» деп көзіне жас алғанда бірге жыласып едім, қайтып ұрайын?! Ол кісі солай өтті, игілігіңді оның туған елі көрсін енді! Сөзің дұп-дұрыс. Бірақ біз де өздерің сияқты, малға оншалық жақындығы жоқ жандар едік; «бай болып көргеміз жоқ, кедей болып өлгеміз жоқ», қолдарыңнан келмейтінін кешірер едік те. «Өз өлтірмес» дедің ғой, бұрыннан жуық жүретін өз едік. Алдымыздан бір өтпей, жалаң аяқ, жалаң бас ала қашқандарың ғана. Жетім қыз емес еді ғой, сол ғана ызаландырды...
Әділетті тергеушім, алал момынның қызын «жалаң аяқ, жалаң бас» ала қашу - ата салтымыз болғанына шешем айғақ. Сөйтіп, езіліп тұрғандарды жаншып өте беретін зорекер екендігімді мойындап отырмын. Мұндай қылмыс өз басыңызға шыбын құрлы білінбесе де, мендейлердің басына атылатын оқ емес пе. Мінеки, сәт деген осы!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
* Ашық сабақ - бір оқытушы кластағы міндетті сабағын өтегенде басқа оқытушылардың кіріп тыңдап, методикалық сыннан өткізуі. (сабақтан түскен соң артықшылық-кемшілігі жайында пікірлеседі.)
** Метод ауыстыру жиыны - бір, не, бірнеше мектеп оқытушыларының ұқсас сабақтарды өтеу әдісі жөнінде тәжірибе ауысу жиыны.