Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2796 0 пікір 7 Маусым, 2012 сағат 08:05

Сырым Дат. Арқанкерген: Өркеннің тұспалын тереңдетсек

 

Өркен Кенжебек болған оқиғаға қатысты деген барлық нұсқаларды қарастырыпты. Алайда, бетін сыйпап өткені көрініп тұр.Тереңірек дендеуге шамасы жетсе де, жүрегі дауаламады ма екен?...

Өркен КЕНЖЕБЕК. Тылсым терактінің 10 тұспалы

«Аза бойым қаза болды...» дейді қазақ. Қытай-қазақ шекарасындағы қасыретке шабаланып, шамырқанып жатпай, күштік құрылымдар «бұл - төтенше жағдай» деп бағасын беріп тастады. Бірақ,  төтеншеліктің ауқымы терең болғандықтан да, Елбасы бұл теракті деп толғанып, бүгін соны аза тұту күні етіп бекітті.

Бастығы бізден болмаған радиолардан басқа медиасы ойын-сауықтан бір сәт бас тартты. Мемлекеттік тулар түсірілді. Біздің сақшылардың бір отрядын өлтіріп, артынан өртеп, атын айдап, автоматын тығып кеткен жайға жай қарау мүмкін емес. Қабырғамыз қайыса отырып, «Арқанкерген» заставасындағы тылсым жағдайдың он түйткілін таратуға тырыстық.

 

Өркен Кенжебек болған оқиғаға қатысты деген барлық нұсқаларды қарастырыпты. Алайда, бетін сыйпап өткені көрініп тұр.Тереңірек дендеуге шамасы жетсе де, жүрегі дауаламады ма екен?...

Өркен КЕНЖЕБЕК. Тылсым терактінің 10 тұспалы

«Аза бойым қаза болды...» дейді қазақ. Қытай-қазақ шекарасындағы қасыретке шабаланып, шамырқанып жатпай, күштік құрылымдар «бұл - төтенше жағдай» деп бағасын беріп тастады. Бірақ,  төтеншеліктің ауқымы терең болғандықтан да, Елбасы бұл теракті деп толғанып, бүгін соны аза тұту күні етіп бекітті.

Бастығы бізден болмаған радиолардан басқа медиасы ойын-сауықтан бір сәт бас тартты. Мемлекеттік тулар түсірілді. Біздің сақшылардың бір отрядын өлтіріп, артынан өртеп, атын айдап, автоматын тығып кеткен жайға жай қарау мүмкін емес. Қабырғамыз қайыса отырып, «Арқанкерген» заставасындағы тылсым жағдайдың он түйткілін таратуға тырыстық.

1) «Дедовщина». Естеріңізде болса,  осы жағдайға байланысты алғаш баспасөз мәслихатын шақырғанда, әлімжеттікті де бір болжам етіп қарастырған еді. 12 шекарашы мен қорықшының өлігі табылғанда, бұл нұсқа өзекті болып қалар берер ме еді... Сәл кейінірек өртенген үйдің астынан тағы 2 жігіттің мәйіті, одан соң 15 АК-74 автоматы табылғанда, бұның әлімжеттік емес екеніне ресми өкілдердің өздері сенбей қалды. «Ашынған арыстан айға шабады» дегенмен, ит тепкі көрген жалғыз адамның бір заставаны жайратып тастауы ақылға сыймайды.

2)  Арақ. Алдын-ала нақтыланған тергеу нәтижелеріне сүйенсек, оқыс оқиға мамырдың 27-сінен 28-іне қараған түні болған. Бұл күн - кеңестік күнтізбеде Шекарашылар мерекесі. Әскерилердің 23 ақпанды тойлағаны сияқты, бұл мерекені де атаусыз қалдырмай, мүмкін сәл «ащы судан» сілтеп кеп жіберіп, жаппай төбелес - вакханалия болды ма екен деген екінші нұсқа болған. Алайда, 14 мәйіттің денесінен алкогольдің бір промилле де мөлшері табылмады.

3) От. Бұл нұсқа тумай жатып, біраз адамның басында өліп қалды. Себебі, сарбаздар қазармасы түп-тұқияны қалмай өртеніп кетті дегеннің өзінде, одан 200 метр қашықтықта орналасқан үйшіктегі қорықшыны кім өлтірді? 15-ші шекарашы неге қашып кетті? 14 адамның біреуі де лапылдап жанған өртті сезбеген бе? Демек, бұл нұсқа әжетке жарамайды.

4) Қытай. Заставаға әскери топтың, дұрысы диверсанттардың шабуыл жасау мүмкіндігін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, бұл қытайлық дәрі шөп терушілер емес-ау. Себебі, олар әбден ызаға булыққан күннің өзінде, бір заставаны картадан жоқ қылу үшін кәсіби қанішерлерге жүгіну керек екенін біледі. Оны іске асырған күннің өзінде, ертеңіне шекара күшейіп, «Арқанкергеннің» орнына бір емес, үш застава орнайтынын, бұлай болса күндері қараң, бизнестері «капут» болатынын олар сезеді, біледі. Сондықтан, бұл қарапайым шөп терушілердің қолы емес, жо-жоқ олай емес...

Оқиға қазақ-қытай шекарасына өте жақын маңда өткендіктен де, әрине бұл Қытайдың агрессиясы деп қабылдауға болар еді. Бірақ, Бейжіңнің дәл қазір бізге қырын қарайтындай саяси да, экономикалық та, басқалай себебі, бастысы анық тағар айыбы жоқ. Шекарамыз толық делимитацияланған, даулы тұстары жоқ. Қытай компанияларының еліміздегі мұнай-газ саласындағы үлесі 24 пайыздан асып кетті. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы адам таңқаларлықтай деңгейде - былтыр 21,3 млрд долларға жетті. Әрі бұл Бейжіңде өткелі отырған Шанхай ынтымақтастығы ұйымының кезекті басқосуы қарсаңында тіптен қажет емес. Ал егер бұл Қытай мен Қазақстанның арасына от салу үшін ұйымдастырылған арандату десеңіз...о-о, онда нұсқаларыңыз көктей қаулайды.

Алдымен еске түсетіні - ШҰАР сепаратистері. Бірақ біз осы нұсқаны осы жерде тұншықтыра салайық. Тіпті, Қытай өкіметі осы қырғынды қалады дегеннің өзінде, ары қарай шабуылын жалғастыра беруі керек емес пе? Неге қазақ шекарасын тас-түйін етіп бекіткенше, ай карап отырды? Тәк-тәк. Тіпті ауқымды геосаясат тұрғысынан алып қарасаңыз да, Бейжіңге Мәскеудің көңілі керек. Басқасын былай қойғанда, Иран жанжалына қатысты баланстың басын Ресей мен Қытай бірлесіп басып тұр. Жаңа ғана қазақ пен қытай шекіссе, қытайдың бізде жоғалтар мол дүниесі бар екенін де айттық. Демек, Қытай емес-ау, әй Қытай емес.

5) Ресей. Қазақ елі онсыз да басын иіп, Кеден одағына кіріп, көршінің оны-мұны талаптарын тақыл-тұқыл істеп жатқанын білесіздер. Біразымыз осыған шамданып та жүр. «Қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей болады» деген мәтелді терімізбен сезініп көрген ешбіріміз жоқ. Осындайда «Қытайдан қорқа түссін, орыстың қолтығына тығыла түссін» деген оймен орыс тыңшылары жасады-ау деп жорта салғың келеді. Әлі де орысша сөйлеп, солай ойлап, ұлттық жаңғыруымыздың оттығын тұтата алмай жүргенде Ресей біздің амбициямызды басу үшін қыр көрсетті дегің келмейді екен... Оның үстіне «Арқанкергенде» қайғылы оқиға болған кездері Астананың төрінде Ресей премьер-министрі Дима Медведовтың алдына қазы тартып, қымыз құйып жаттық. Жақында жаңа да ескі президенті В.Путин келеді десек, анық Ресей агрессиясы деген болжам былжырап қалады.

6) АҚШ. Мұхиттың арғы бетіндегі мастодонтты неге болсын, не үшін болсын кінәлауға ыңғайлы-ақ. Қалай десе, дәстүрлі «зұлымдық ордасы» деп құтыламыз ә... Бірақ, айыптау үшін алдымен алып факті керек, факті болса да оны жаһанға жар салып айту үшін зор к...ен керек! Бұл, былай айтсаң, өзіне өлім тілеу ғана. Бірақ, мына сәйкестікке назар аудармай кетпесе тағы болмайды. Күл-талқаны шыққан заставаны тек 2 тәуліктен соң, яғни 30 мамырда тауып алды. Заставалар арасындағы кезекті хал білісу осыншалықты кеш жүре ме? Неге заставаны ертерек іздемеді? Ал 30 мамырда не болғанын білесіздер... Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Cъезді өтті. Съездте Нұрсұлтан Назарбаев тағы да әлемдік бастамаларын қайталап айтты, исламды қорғаштады, жаһандық жүйенің қазіргі қалпын сынға алды. Бұл да сонда жай сәйкестік пе? Айтып отырғанымыздың АҚШ-қа дым қатысы жоқ. Көп сәйкестіктің бірі ғана.

7) Контрабанда. «Арқанкергендегі» ахуалды Ресей ғылым академиясы Шығыстану институтының ғалымы, саясаттанушы, журналист Александр Князев бұл оқиға кеден режимін күшейтуге қарсы контрабандалық қылмыстық топтардың ісі деп бағалайды. Кейінгі 2 жылдың көлемінде Қытаймен шекарада да, қырғыз шекарасында да Қазақстанның Кеден одағына кіруіне байланысты бақылау күшейіп кетті дегенге келеді сөз райы. Князев 2010 жылы қырғыз барымташыларының Қазақстан шекарасынан ығып бара жатып, қарулы қақтығыс ұйымдастыра жазғанын еске салады. Александр аға бірнәрсені біліп айтатын сарапшы болғандықтан, сөзіне сенгің-ақ келеді. Сондықтан, бұл нұсқаны сенімді жорамалдар қатарына жатқыза қояйық.

8)  «Рэмбо». «Боевое братство» одағының жетекшісі, ауған соғысының ардагері Сергей Пашевич «Арқанкерген» заставасына шабуыл жасаған діни радикалдар дегенді айтты. Тіпті, оларды Пәкістан лагерлерінде дайындағаны да болуы мүмкін деп соқты. Бұл да ақылға сыймайтын жорамал. Пашевич алдымен Пәкістанда дайындалып, ысылған «а-ля» «Рэмболардың» таңдауы неге адам аяғы баспайтын, көлік бармайтын, қияң-құздағы жазғы заставаға түскенін айтып бере ме екен? Шын лаңкес болса, Құдай сақтасын, бұдан да зорына барар еді ғой...

9) Арандату. Әйтеуір, сырттан келген бір жау образын алайық. Мысалы, қандай да бір елдің тәуелсіздігін шайқау үшін «100 әрекет» сценарийі жүзеге асырылады деген жорамал бар. Әрин, сыртқы күштер тарапынан. Айталық, былтыр Тараздағы, Ақтөбедегі терактілер арқылы еліміздің ішкі әскерінің беріктігін тексеріп көрсе, енді сыртқы әскеріміз - шекарашыларды ыңғайсыз жерден соғып көрді. Мүмкін, бұл конспирология да шығар, бірақ бұл факті саясат деген сұрқия дүниеде араңдату деген арамдық барын жоққа шығара алмайды.

10) «Халк». Жарайды, осы жерде тірі қалған соңғы шекарашының жорамалына келейік. Ол кеше табылды... Енді мына қызыққа қараңыз, бүгін «Интерфакс» агенттігі таратқан хабарда «оның бекетке өз аяғымен келгені, қолында тапаншасы болғаны және ақыл-естен айрылып, тілден қалғаны» хақында айтылды. Бұған дейін бірнеше күн маңайдағы таудың үңгірінде түнелткені де баяндалды. Егер тіл-ауыздан қалса, ол үңгірде болғанын қалай жеткізген? Артынша ІІМ министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, оны кеше кешкісін бір иесіз қыстақтан іздеуші жасақ қолға түсірген («нашли» демейді, «задержан» дейді). «Он был в гражданской одежде. Он допрашивался, дал показания», - дегеніне қарағанда, оның ақыл-есі ауыспаған, тіл-ауызы аман боп тұрғаны емес пе? Тағы бір қазірге анық факті - соңғы шекарашы сол күні заставада кезекші болған.

Демек, жау сырттан болса да, іштен болса да, бар құпияны ол өзіне бүгіп отыр деген сөз. Бірақ, оны іздеуші жасақ ұстағанда, қолында застава командирінің тапаншасы табылған. Ал застава командирі кім еді? Әрине, Алтынбек Кереев. Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Мерей ауылының тумасы. 28 жаста болған жігіт Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтын 2006 жылы бітіріп шыққан. 20-21 жастағы сарыауыз шекарашылардың арасындағы ең сыралғысы осы болып тұрғанда, оның тапаншасы неге соңғы сарбаздың қолында жүреді? Кезекші шекарашының қолында табель бойынша тапанша емес, автомат болатынын ескерсек, неге АК-74-ін ұстап шықпаған? Егер қару-жарақтың бәрі, оның ішінде кезекші сарбаздың автоматы да өртенген үйден табылса, онда бұл тәртіпке бағынбау, жарғыны орындамау болып тұр ғой...

Айтпақшы, қашқын сарбаздың Павлодар облысының тумасы болуы мүмкін деген де нұсқалар айтылып жатыр. Кім білсін, бірақ егер бұл шынымен жалғыз адамның көпке қарсы шапқаны болса, онда ол «Халк» шығар (ақылға сыймағандығы үшін комикс кейіпкерімен салыстырып тұрмыз). Жақсы, алдымен командирді жайратып, тапаншасын тартып алды дейік. Сосын жалғыз пистолетпен 13 адамды қуалап жүріп өлтіріп, оларды бір жерге жинап, өртеп барып, жасаған ісіне өкініп, жынданып кетті деу Стивен Кингтің қиялындағы сценарий емес пе?

Түйін

Бұдан өзге де техникалық һәм идеологиялық жұмбақтар көп-ақ. Неге шекарашылар басқаларға, мысалы көрші «Сарыбөктер» заставасына дабыл бере алмаған? Заставада болған 6 жылқы қайда қашып кетті? Әзірге ресми тергеу нәтижесі шыққанша осылай «шала-сарапшы» болу да жақсы шығар. Алайда, біз айдың-күннің аманында, тылсым, түсініксіз жағдайда 15 адамымыздан айрылып қалдық. Әлсіздік пе? Әлсіздік! Қайбір күштінің нысанасына ілінген байқұс күшіктің халін сезгендей болдық. Шыңдап, зұлмат келсе, қаһар түссе, Фэйсбукте тырқылдап пікір жазудан басқаға шамаң келмейтінінді білу неткен қасірет еді! Осы күндері алдыңғы екі сөйлемнің абстракциялы күйін кештік. Айтпағымыз, Алла жар болсын! Қаза болған шекарашылар иманды болсын!

http://jaqsy.kz/story/765

 

Бұлардың ішінен біздің назарымызды бірінші мен бесінші нұсқа аударып отыр. Алайда, әскерлестерінен таяқ жеп, оларды қырып салғанның өзінде, ондай істі атқарған адам не өзіне қол жұмсауға, не шалғайға,тіпті қытайға өтіп кетуге қауқары болар еді. Психологиялық тұрғыдан. Себебі, бір емес, бірнеше сарбазды әрі қорықшыны өлтіруді жан күйзелісінен атқарғанның өзінде оңай шаруа емес, мықты әзірлік пен психологиялық үйлесімді қажет етеді. Оның үстіне мәйіттердің үйтілуі мен оны істеген адамның табыла қойуында қыйсын жоқ. Шекарашыларды қырып, оларды өртеп, өзі сол маңда жүрмей-ақ, ең болмаса аттың бірін мініп қашып неге кетпеді? Оларды тау арасында сойып, жасырып, жан созуға да болар еді ғой. Бұл - не болса да із тастаушылардың және де аса кәсіпқой, жан жақты жағдаймен санаса алатын оны өз пайдасына шеше білетін мамандардың шаруасы.

Бұл жерде Владислав Челахты із тастау айғағы ретінде қалдырып отыр. Ол қылмысты істегендердің кім екенін ажыратпай да қалған болуы керек. Яғни, одан бұл қылмысты ашуға қажетті қандай да бір дерек алу мүмкін емес. Мәселен, мұны, ұрлап кетіп, қалғандарын қырып болғанша ұстайды да, болғасын мұны босатып қоя береді, қолына тапаншаны ұстатып. Болды. Яғни, қылмыстың ізін шатастыру амалдары жасалып отыр.

Біздің ойымызды бесінші нұсқа алаңдатады.

Себебі, біріншіден, Шаңқай кеңесінің қарсаңы. Екіншіден, қазақ басшысының әлемдік ауқымдағы әсіре саяси белсенділігін басу мен тәуелділікті арттыра түсу қыйсыны. Үшіншіден, еуразиялық «одақтың» бір нақты мәселеге тіреліп отырғандығы, ол - бірыңғай әскери күшті біріктіру орнына әзірге әскери одақтан әріге әңгіменің бара қоймауы. Аталмыш оқиға соған мәжбүрлеудің алғышартын қалыптастырар жайт. Төртіншіден, болған оқиғаның аса ауқымды және ел тарихында алғаш рет шекарада орын алуы.Бесіншіден, қылмыстың мейлінше қатал әрі нақты іске асырылғандығы. Алтыншыдан, сол тұстағы көрші тарапынан бұған дейін орын алған орыс-гүржі 2008.08.08 соғысының айдың күннің аманында аяусыз орын алғаны. Жетіншіден, түркілік ортақ идеялардың барынша белсене бастауы.т.т.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420