Жұма, 18 Қазан 2024
Жаңалықтар 2160 0 пікір 11 Маусым, 2012 сағат 09:19

Министрлік өкілдерінің мұнысы несі?

09.06.12.
1 және 3 маусым күндері Қызылорда облысында мектеп бітірушілерді тестілеуге жіберу барысында министрлік өкілдері тарапынан оқушыларға қатты қысым жасалынып, талапкерлер психологиялық жағынан соққыға душар болды.

09.06.12.
1 және 3 маусым күндері Қызылорда облысында мектеп бітірушілерді тестілеуге жіберу барысында министрлік өкілдері тарапынан оқушыларға қатты қысым жасалынып, талапкерлер психологиялық жағынан соққыға душар болды.

Мектеп бітірушілердің 70 пайызы ҰБТ-ға жылап кіріп, жылап шықты. Өз-өзіне келе алмаған бірнеше талапкер тест жауаптарын белгілеуде пәндерін ауыстырып та алды. Министрлік өкілдерінің 3,5 сағат бойғы қатал көзқарасы мен қатты айқайлап сөйлеген сөздерінен бірнеше талапкердің қан қысымы көтеріліп, көпшілігі тест тапсырмаларын қалыпты жағдайда орындай алмады.
Үздіксіз ескертулер талапкерлердің тапсырманы тиянақты орындауға кері әсерін тигізді.
Талапкерлерді бақылау барысында министрлік өкілдері тарапынан педагогикалық және этикалық нормалар сақталмады. Министрлік жіберген өкілдер Индира Ерғалиева, Гүлжан Сәрсенбаевалар кабинада қыздарды шешіндіріп, ішкиімдеріне дейін тексеріп, онсыз да қобалжып келген шәкірттердің миына психологиялық ауыртпалық салды. Ал Оган Аткелди олардан қалыспай, оқушы балалардың шұлықтарына дейін шешуді талап етті. Көбіне қыз балалар кабинадан жылап шығып жатты. Министрліктен келген өкілдер комиссияға жергілікті жерден қосылған біздерді адам екен демеді. Бұл әрекетті тоқтатуды айтқан бізге «сендер ештеңе білмейсіңдер» деп біздің кетуімізді талап етті. Олар оқушының үстінен төніп, ойлануға мүмкіндік бермей тұрды. Комиссия мүшесі ретінде мен мұны нақты дәлелдей аламын. Іштен жылап шыққан балаларын көріп, ата-аналардың да қан қысымы көтерілгенін көрдік. «Жедел жәрдем» үсті-үстіне келіп жатты.
Бірінші маусым күні ҰБТ кезінде 5 қыз талып қалып, ішке қайта кіргізіліп, алғашқы көмек көрсетілді. 11 бала жылап шығып, бірнеше уақыт естерін жия алмай қалса, 1 ер бала күйзеліске ұшырап, басын қабырғаға соқты.
Қалай айтқанда да, министрлік тарапынан жіберілген комиссия өкілдерінің әрекеттері үкілі үмітпен келген түлектерге түрпідей тиді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабының, 1-тармағы бұзылып, өмірге енді қадам басқалы отырған балаларымыз үлкен психологиялық-моральдық тұрғыдан соққы алды. Бала аудиторияға кірмей жатып аяқ-қолы дірілдеп, мүсәпір халге түсті. Аудитория ішінде техникалық бейнеқұралдарымен қоса баланы министрлік өкілдері бақылап, қит етсе, ескерту жасап, «Артыңа қарама», «Қозғалма!» «Акт толтырамын» «У кого еще со слухом проблемы» деп жүйкесіне тиді.
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов 2012 жылдың 1 маусымында БАҚ өкіліне берген сұхбатында: «Біз түлектерге адамгершілік танытып, олардың жеке тұлғалық қасиетін қастерлеуіміз қажет. Ұялы телефонды қолданған жағдайда, бүкіл аудиторияға масқаралап шығарып жібермей, телефонды ғана алып, бала жұмысын жалғастыруы керек. Аудиториядан қуып жіберуге қатаң тыйым саламын. Өмірде кім қателеспейді. Сондықтан тиімді жолын қарастырып, балаға түсіністікпен қарауымыз керек, өйткені әрбір бала - тұлға» дегені белгілі.
Ал министрдің сөзін комиссия мүшелері неліктен қаперге алмады? Министрлік өкілдерінің мұнысы несі?

Миуа БАЙНАЗАРОВА
Қызылорда облысы

«Айқын» газеті

0 пікір