Сенбі, 19 Қазан 2024
Жаңалықтар 2460 0 пікір 13 Маусым, 2012 сағат 07:10

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

1948-ші жылғы жаздың басында мектеп оқушыларынан алынған жылдық емтихан оқытушылар үшін де үлкен сын өткелі болды. Әр сабақтан қойылатын сұраулар аймақтық оқу бөлімінен шығарылып еді, емтихан комиссиясы бастығының құлыптауы портфелінен өзді-өз сағаттарында шыға-шыға келіп сақылдай берді. Оқытушылардың оқушыларға қара тақта шетінде тұрып қана түсіндіруден басқа құқығы түгел шектелген болатын.

Өзі «енесінің» бауырынан шықпай ұрлап еміп «өгіз» болған Мәкен мұндайда жанастырғысы келмегенімен кімін жарытпақ. Қара тақтаға жазылған сұрауларды тіпті жөндеп түсіндіре де алмады, үш-төрт рет қайталап оқып қана пысылдап шыға берді де, оқушыларының көбі қағаздарын ақ күйі тапсырды. Былтырғы жылдық емтиханнан жақсы өткен оқушылар маған қарап жылай шықты есіктен. «Сендерде кінә жоқ» деп мен күбірлеп көңілдерін аулай бердім де, «шортый, шортый» деп Арысбек күбірледі...

V

1948-ші жылғы жаздың басында мектеп оқушыларынан алынған жылдық емтихан оқытушылар үшін де үлкен сын өткелі болды. Әр сабақтан қойылатын сұраулар аймақтық оқу бөлімінен шығарылып еді, емтихан комиссиясы бастығының құлыптауы портфелінен өзді-өз сағаттарында шыға-шыға келіп сақылдай берді. Оқытушылардың оқушыларға қара тақта шетінде тұрып қана түсіндіруден басқа құқығы түгел шектелген болатын.

Өзі «енесінің» бауырынан шықпай ұрлап еміп «өгіз» болған Мәкен мұндайда жанастырғысы келмегенімен кімін жарытпақ. Қара тақтаға жазылған сұрауларды тіпті жөндеп түсіндіре де алмады, үш-төрт рет қайталап оқып қана пысылдап шыға берді де, оқушыларының көбі қағаздарын ақ күйі тапсырды. Былтырғы жылдық емтиханнан жақсы өткен оқушылар маған қарап жылай шықты есіктен. «Сендерде кінә жоқ» деп мен күбірлеп көңілдерін аулай бердім де, «шортый, шортый» деп Арысбек күбірледі...

Аймақтық оқу бөлімінен келген комиссия мүшелері Мәкен оқытушылығынан сол емтихан кезінде-ақ түңіліп болды да, жылдық қортынды шығарғанда оны мұғалімдіктен қалдыру пікірлерін қоса ұсынды. Бұл - оқу бөлімінің ең ауыр шарасы еді. Одан сәл жеңілірек, кішірек шараны Шәкербай Досан әкемге күбірлей жүріп бекіттірді: «еңбекақысы жіберілсін» деген бұйрықты бүлк еткізді Досан мұрты астынан. «Барған мектебін тағы сорлатпай ма» деген маған Шәкербай алара қарады да, Досан түксиіп, мойнын ішіне тыға салды.

Оқыту нәтижесі төменірек мұғалімдерге жаздық курс ашылды сонан соң. Лекторлардың біріне мен тағайындалып, жаздық демалыс талап етуден ауыз аша алмай қалдым.

Шырылдата шілдесі, тарықтыра тамызы өтті, мойныма мініп алған мизамы тіпті сарылтып барады, әрең табылған Нұрияшымды қайта бір көре алмай зар болдым. Оқушыларынан жазға салым бір айға жуық айрылып қалғандығынан жылдық емтихан нәтижесі төменірек шыққан Омарбек районының мектеп меңгерушілері мен мұғалімдері түгелдей осы курста еді. Жексенбі сайын үйіне барып тұратын құрметті Дүйсен екі жерде зарлаған екеуміздің хатымызды үздіксіз тасып тұрды. Мақпалды көрген көзіне қарай беремін соның. Мен қарағанда кең қоңыр қарашықтан ақ көйлекті Нұрия жалт етіп өте шыққандай сезіледі де, тағы да жоғалып кете ме екен деген түйсікпен екінші рет шошына қараймын.

Мақпалдың хатынан оның да аңсаған жүрегінің кең жайлауға сыймай бара жатқаны айқын ұғылатын болды; келісіміміз бойынша «ағай» деп басталатын сәлемі июннің соңына келгенде «Биқаға» өзгеріп еді. Сондықтан мен оны «қарындас» атамай, «Нұрияш» атайтын болғанмын. Июлдің орта шенінен бастап, мен «Нұрияшым» деп атадым да, ол жауабын «Биғаным» деп қайырды. Қалада оқып жүрген кезіндегі суретін жіберіпті. «Жолыңызды жайлауға шыға күтіп едім, көк жайлау міне сарғайып қалды. Қарай-қарай мен де... солай болып бара жатқан сияқтымын. Жіберген кітаптарыңыз күндіз-түні қасымда (тергеуші келіп қайтқалы үйдегі оқуымды әжем шектей алмайтын болған ғой). Сол кітаптар ғана медеу еді. Өзіңіз оқытып отырған сияқты көріне беретін болған соң оқи-оқи әр нүктесіне дейін жаттап болыпты. Енді ол да сарғайған сияқты...» деп жазыпты. Мен де дереу хат жазып, суретімді қосып жібердім.

Бұл жолы жолдаған кітаптарыма да қатты қуаныпты «Нұрияш». «.... Маған қойған атыңызға енді біраз үйлесіп қалармын» деп жазыпты да, бір шумақ өлең қосыпты:

Кім бол десең сол болайын,

Қалауыңша нұрланайын!

Бітпесе екен тағдыр жолы -

Арманда өшкен сол бір айдың!»

Августің бас кезінде осы хатын оқысыммен осы ұйқас қамтыған күдік менің жүрегіме де сап ете түсті, дір қақтырды.

Бірінші Нұрияштан айрылып запы болған жүрек «екінші Нұрияштан тағы да айрылып қалсам не болармын» деп, запыраны ұстағандай, әлем-тапырық бола кетті. Зырлай ұшты тауға қарап, алдағы сенбіде зырлап барып ала қашпаққа шүйілгендей...

«Сап-сап! - дедім іле-шала. - Жағдай құрсауы әлі тарырақ қой, тым асығып, қатерге бастамайын, биыл күзде оқуға жібермесе келер жылғы жазды көрейік! Көмпартия оған дейін тым болмағанда жақындамай ма, ол жақын келсе Омарбектердің тіліне «мақұл» келер.» - осыған тиянақтасам да өлеңінің ырғағымен теңселе бердім. Сол ырғақпен бастадым хатымды:

 

Мен де өзіңе сай болайын,

Ай жүзіңнен аймалайын!

Сен тербелген күдіктерден

Мен қалайша шайқалмайын....

Алдағы сенбінің кешінде жетіп, меңгерушінің үйінде болатындығымды хаттың соңында ескерттім де, кездесетін орынды осы жексенбіде хабарлауын сұрадым. Бұл жолы жауабын асыға жазыпты «Нұрияш». Қуаныштан ба, қорқыныштан ба, қолының дірілдегені де байқалды, әдемі түсетін жазуының иректері олпы-солпы. Қарсы алатын мекенін тым ширақ, қысқа-қысқа сөйлеммен айқын түсіндіре жазыпты...

Белгіленген сенбі күні түске жақын Дүйсен екеуміз қос жараумен жортақтата жөнелдік. Маған мұрты астынан күле қарап келе жатқан мүдір осы жүріспен күн ұясына қона жететіндігімізді айтты.

- Бірақ, ат қиналады, жол күдір ғой. Асудан асуымыз да қиын, -деді сонан соң, -мен дағдылы бұлаң құйрықпен түн ортасында жететінмін.

- Барып тамақтанғанша таң бозарады деңізші!

- Ха-ха-һа-һа... «сағынып келгенімде жарты сағат неменеге жетеді» дегенің ғой, дұрыс, дұрыс!

- Жоқ, апта сайын барып тұратын өзіңізді аяғаным да!

- Бізді қойшы, ыстық-суығымыз басылған жұртшылықпыз ғой, сол таңың атқанда жетсем де, қызыл іңірде жетсем де маған бәрібір. Жеңгеңіздің төсінен, балалардың маңдайынан бір-бір иіскесем болғаны!

- Солай ғана болса, апта сайын ат қинап шапқылағаныңыз қалай?

- Мен құралыпас кісілерде болатын бір қызық мінезді түсінбейсің ғой, шырақ... талай жылдар жасап, әйел сыры жөнінен жетік білімге ие болған соң, көңіліндегідей жақсы қыз көрсе қатты қызығады. «Жас шағымда кездеспегені-ай, дәл осындайдың табылмағаны-ай» деп, өткен өміріне өкіне, өкси қызығатындар болады. Бірақ, ақылы бар шал сол қыздың енді өз баласы құралпы екенін тез ескереді де, ұяла қызығады. Бұлай қызығу қимастық пен қамқорлық орнатады жүрегіне. «Келінім болса екен», болмағанда, «өзіме жақын бір теңіне барса екен» деп армандайды. Мақпал екеуің туралы менің арманым тіпті ыстық...  Кей жексенбіде балаларымның қамы үшін шапқыласам да көбінесе екеуіңнің жаутаңдаған көздерің үшін шапқылаймын... Саған келсе бар тілегі орындалып, әйел затынан шыққан мықты маманның бірі болар еді.

Тау самалы аңқи түсті, алуан түрлі жұпарымен алқына өбіп, сүйіндіре есті алдымнан, обыға сіміріп келемін. Осы таудың ауасы көкірегіме түгелімен сиярдай, шашау шығармай, титтейін ысырап етпей жұтқым келеді, бірақ, жұтып үлгіртпей, самалы жібек желекше мойныма орала аймалайды, Нұрияштың орамалындай желпи еседі, ат жүрісінің екпінімен кимелей кіреді құшағыма, аялап сылай, сипай өтеді.

Бар ықыласымен жайнай қарап еңкейген күн алтын нұрын шашудай шаша күлімдейді. Сол шашуы тау беткейлеріне, сай-салаға түрлі-қилы гүл болып төгілгендей, мен үшін себілгендей, жаудырай қарайды бәрі де. Өрттен қалған күйікті жан жүйеме жар дайындаған дарудай, бәріне сүйіне қарап, күрсіне тыныстаймын.

Асу аузында ат шалдырып, демалуға түстік. Айшықты гүлді жасыл кілемдей құлпырған шалғынды жасаңға жата кетіп, аунай беріппін.

- Тұр, Биғаш, бүйте берсең тыным ала да, ешкімге тыным бере де қоймассың, - деп жымиған Дүйсеннің сөзімен ыршып тұрдым:

- Осының өзі өмірімде алған алғашқы тынымым сияқты.

Аттарымыз бір-екі тіктен өндіршектеп, алқына асқанда ымырт үйіріле бастап еді. Жазық жонда тағы да жорта жөнеліп, іңір қараңғысында ауылды сайға түстік. «Нұрияштың» хаты таныстырған тұмсық жартас мен мұндалап көріне кетті оң жағымнан. Бақыт панамыз - осы бер жақ беті, түкпір жақтан қрайған анау жақпар ғой! Осы тұмсықтың арғы бауырында ғана ауылы бар, ең бергі үй - қамқор жеңгемнің отауы. «Нұрияш» қазір сонда ма екен әлде үлкен үйінде ме екен, әйтеуір, ит үрген сайын елеңдей тыңдап, елеңдей ыршып шыққысы келіп отырғаны елестейді. «Ой-сезімі шалқыған шақта көзі қандай болатыны белгілі ғой маған, жаңбырлатып ашылған түн аспанындай тұнық көгілдір қарашығы тым алыс түкпірінен жұлдыздай жайнап, шағырмақсыз жайлы нұр шашып тұратын кең сырлы әлем ғой!... Толықша жазық маңдайының ішкі қуатымен нұрланған сол әлемге ұзақ-ұзағынан үңіліп, көз құмарымды бір қандырып алсам-ау шіркін» -деп тықыршиды жүрегім.

Жартастың айналма тұмсығына жеткенше құлдап келдік те, бұлақтан өте сала қайта өрледік. Бір тәуірі, жүзбек ауылы бұл бұрылыстан да көрінбейді екен. Осы көрінбей келген бойымды мүлде көрсетпей аттануымның мүмкіндігіне қуандым. Тағы да біраз өрлеп келіп, оңаша ғана екі үйдің біріне түстік.

Мүдірдің бәйбішесі дастарқанын күлімсірей жайғанда «ел жатар» уақыт жетіп еді. Тағы да күлімсірей жүріп төсек салысымен мен де қисайдым. «Төсінен бір иіскесем болғаны» деген Дүйсеннің жолдағы сөзі есіме түсіп күліп жібердім. Енді байқасам, жеңешем апай  төс, қаз бөтегелі керме иықтың дәл өзі екен. «Иіскеу түгіл қанша опсаң да мынасын тауыса алмассың» деген оймен күліп едім.

- Күле түс қайным, бүгін күлмей қайда күлесің? -деп барып шам өшірді. Шыға жөнелдім. Қайтып келгенімде үрмеуі үшін итіне нан тастап үйрете кеттім.

Тамақ үстінде мүдірден жаяу адам батпайтынын естігенім бойынша, саз үстімен түкпір қолтықтағы жақпарға төте тарттым. Жақын екен. Түн түйіліп тұр. Жартас тіпті түксиюлі, аңсағаным әлі келе қоймапты. Бір отырып, бір тұрып, тықырши күттім. Жақпар-жақпар тарлан тасты жағалай бердім, үңірейе берді көп үңгір. Кіріп те көрдім ішіне, кейбірі тіпті кең сарайдай. Қолтықтағы сол жақпарлардың қарсы тұрғысындағы тік жарда да осындай үңгір бары байқалады.

Екі көзім ылдидағы айналма тұмсық жақта еді. Тасқа соғылған аяқ дыбысы төбемнен - жартас үстінен естілді бір шақта.

- Байқа, -деп қалды біреуі. Үңгір аузына далдаланып отыра қалдым, - асығасың-ау, алдына топ ете түсіп жүрме! - деп түншыға сықылықтады әлгі үн, жеңгесі екен.

- Қорқып тұрмын.. келмепті, - деген мұңданғандай таныс үн естілісімен тамағымды қырынып, ыршып тұрдым орнымнан.

- Келіпті, жол мұнда ақылдас, мына арадан түс! - деген жеңгенің өзі алдымен түсіп қос қолымен амандаса қалжыңдады:

- По, күйеужан-ай, қызымыздың обалына қарамай сонша зарықтырдың-ау!

- Обалымызға алдымен өзіңіз қарасаңыз, қалаға бір апарсаңыз болмас па еді?

- Е, өзіміз жетектеп апарып беретіндей иесіз қыз деп пе едің? Жә, жайымыз келгенде сөйлесіп алармыз, желге тигізбей, күнге күйгізбей қастерлеп сақтаған сап алтынымыз, міне, азаматтығыңа тапсырғаным, -дей сала жамылып келген ұзын шапанын менің үстіме жаба жөнелді, - қорықпаңдар, бұл жолы тосқауылда өзім бармын. Таң атарда өзім келіп ертіп қайтамын.. Әйтеуір жеңгеңнің жақсылығын ұмыта қоймассың! - деп өрледі ырадан.

Желбегей шапан жамылған қыз тоңғандай қымтана тұқырып, кейін тұр еді, мен жақындағанда ғана қол созып амандасты.

- Мына жеңешең тым еркін ғой бүгін, күйеуі үйінде ме еді? -деп сыбырладым.

- Сіздің келетініңізді естіп... кеше жолаушылатып жіберген, - деп сыбырлай күлімсіреді «Нұрияш», - бүгін қасына мені әжемнен сұрап әкеліп жатқызды... Өзі күйеуін менсінбей... зорлықпен әрең келген болатын... қазір билеп алды, - деп дауыс шығармай күлсе де қос алақанымдағы қолынан дірілдеп тұрғаны байқалды. Жеңешесі жартас жотасына жетіп қалса да сыбырлап тұрған қыз ол жотадан асып кетісімен қадала - ынтыға қарады, құшағыма тарта бергенімде асыла түсті мойныма. Жамылған шапандарымыз екі жаққа серпіліп түскенін сезбей де қалыппыз...

Әлде бір шақта екі шапанды екі қолыма алып, үңгірге беттеп едім, жанасалай алдыма өтті де, шапандарды алып, соның ауыз жағына жайды.

- Шаршадыңыз ғой, аяғыңызды көсіліп отырыңызшы! -деп менімен жандаса, жанаса келіп отырды қасыма, қолтығыма қалшылдай тығылып күрсінді, - жеңешем асқан қу екен, -деп аз кідірстен соң жеңешесі туралы сөзге қайта оралды, - ол жайын көктемде сіз келіп кеткенде ғана білдім. «Мұнан соң саған бұрынғыдан да зейіл болып көрінемін, -деді маған сіз кеткен күні, - сен де маған өш болып көрінетін бол, кейде тіпті ұрсысқан болып шешеңді сендірейік. Сөйтсек сенің тізгініңді маған ұстата салады, менен күмәнданбайтын болады» деді де үйіме артымнан кіріп ұрыса жөнелді маған. Мен де қарсы келе кеттім, бірақ, күліп жіберіппін. Ол бастырмалатып тілдей жөнелді мені. Тілі тіпті ашты екен.. кеше түс уақытында да солай бір «ұрсысып» алғанбыз! - деп сыңғырлай күлді «Нұрияш». - Ағаны алысқа жұмсап жіберіп кешінде қасына мені алып жатуға шақыра келгенде, әжемнің көне қоюы содан болды. Мен әдейі: «бармаймын, сенің қасыңа ит жатсын» деп отырып алып едім, тіпті зорлап қосып берді...

Алдыма «Нұрияштың» өзі шығып отырған ба, өзім тартып отырғызғанмын ба, сезбей қалыппын. Ол алқымыма тығыла құшақтап, еркелей сөйлеп отыр екен де, мен әлдилегендей, арқасынан қағып, сылай беріппін.

- Осы жеңешең бұрын сенің бірден-бір бақылаушың екен ғой? -дедім мен, - әшкерелеп қою қаупі жоқ па?

- Екеуіміз жыласып түсініскенбіз, - деп қыз тағы сықылықтады, - көктеуде сіздің мыңбек ауылына келгеніңізді естіген соң, оған оқитын шағымда қамалып отырғанымды айтып жылап едім; бұл ауылға зорлықпен келгенін айтып ол да жылаған. «Сенің бас еркіндігіңе қолымнан келгенше көмектесермін» деп уағда берген. Сіздің екінші ауылға келгеніңізді сол айтты маған. Атыңызды айтқанда білмейтінсіп, жиылысқа сөз тыңдай барып келуін сұрадым. Ол барып сізді де, сөзіңізді де... мақтап келді... ол сізді тіпті жақсы көреді, әшкерелей қоймас, -деп сық ете түсті.

- Хатыңда «Биғаным» деп атағаныңда балқып, төгіліп қала жаздап едім, енді «сіз» деп отырсың, бұл сызды сөз болмай ма?

- Неге?... Алдыңызда отырмын ғой!... айтпақтайын, ат соғып шаршап келгеніңізде, -деп серпіліп, шапан үстіне отыра қалған «Нұрияш» алдына енді мені тартты, - сіз отырыңызшы менің алдыма! - деп тартты да еркін сия қоймасам да жаңағы өзімше әлдилегендей, арқамнан қаға, аялап сипай жалғастырды сөзін, - келетініңізді хатыңыздан білісіммен оқу туралы әжемді тағы қузадым. Күз келіп қалды, биыл жіберетін-жібермейтінін айқындап алуым керек қой...  Өз еріктерімен оқытудан мүлде түңілдірді мені, - деп күрсінді Мақпал, - ата-анадан түгел түңіліп болдым!... Оқу жөнінде өзіңізден басқа үмітім қалмады... Енді... «Нұрияшыңыз» да, оқушыңыз да болмақпын. «Биғаным» деп те, «сіз» деп те атайтыным сол. - Осы сөзіне келгенде қатты қысыса-құшыса түстік. Сөзін енді алқына сабақтады «Нұрияшым», - сіз хатыңызда... келер жазды ұйғарыпсыз... сол кезге жете алсақ... оңай қосылатындығымызды түсіндірдіңіз. Бірақ, оған дейін мыналар бізді қандай талқыға салады... Қайдан білейін?... Және сізсіз жерде тұра алмайтындай болып барамын.

- Сені мезгілсіз тәуекелмен бұдан да қиын қыспаққа... тісті қақпанға... түсіргім келмейді жаным! - деп бастап мен де алқына сөйледім, - ендігі жылымыз... еркіндіктің, толық бостандықтың жылы болатыны сөзсіз... оған дейін... жай-жағдайыңды үздіксіз біліп... сылтауын тауып келіп тұрайын, үйіңнен қатер төне қалса ала қашуға дайын тұрайын. Жұңго компартиясы - біздей езілушілердің, тұтқындағылардың партиясы... Ол бізге... адамгершілік өмірді нағыз теңдік-еркіндікті шынайы бақытты... бәрін де тұтасымен көтере жетеді!

- Әйтеуір өзіңізсіз өмір кешіре алмайтын күйге түскенімді білемін.

Алпарысып тықыршыған екі жүрек жарауы жеткен қос тұлпардай тайталас жарыса жөнелді, тұяғынан ұшқын атып, серпінінен найзағай жарқылдағандай, тасырынан жер тітіреп, екпінінен жел ышқынды, дауылынан ақ қайың иіліп, қызыл тал бүктелгендей, табиғат бебеулей ышқынды, алқына нөсерлетті, нәзік  үнді сыбызғы мен сырнай тартылғандай ес тандырарлық тәтті күй болып естілді маған.

Жаңбырын төгіп-төгіп жіберіп ашылған көгілдір аспаным қайта жайнады, бір сәтте жұлдызы қайта жарқырап, күлімдей қарады, кірпігіне іркілген тамшысымен тіпті нұрлана қарады. Көптен бері сырлылығымен сүйдіріп, қол жеткізбеуімен күйдіріп келген сол құштар аспаныма ұзақ қарап, тіпті құмарта үңіліп қалыппын...

Сібдірлеп таң білінді, сыбдырлатып жеңгеміз келгенін де білдік. Үзіліп, қиыла қарастық бір-бірімізге.

- Енді қашан келер екенсіз? -деп күрсінді «Нұрияш», тым мұңлы естілді үні.

- Мұғалімдер курсы келер аптада аяқтайды, маған да демалыс берер, сонда келемін.. қайтсем де келемін, «Нұрияшым»!

- Биғаным! - деді Нұрияш ішінен айтқандай сыбырлап қана, - осы қамауда отыра беремін бе енді?

- «Үйлеріңе» кіруіме рұқсат па? -деді сырттан жеңгесі.

- Рұқсат, рұқсат! Көрімдік ала келген шығарсыз? - деп дауыстадым мен.

- Жеңгетайымды берсең көрімдік қайда кетер дейсің?

- «Тілегеніңді ал» деңіз, - деп «Нұрияш» күлімдей сыбырлады маған. Құшағын жазып, тарқатылған бұрымын арқасына серпи салды да, жиылып отырды.

- Тілегеніңізді алыңыз! - дедім мен.

- Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар! - дей кірген жеңгемізді қолынан тартып, жақынырақ отырғыздым. Мақпалдың жаңағы жауапсыз қалған сұрауына айлалы жараудың қалай қарайтынын біле кеткім келді. «Осы күзде алып қашу» және «келер жазды күту» жөніндегі ойларымды шорт-шортынан ашық айтып түсіндіріп едім, келер жазға әлде не жөнінен өзі де үміт артқандай қуана кетті:

- Олай болса, биылдан аман алып қалуды амалдап көрмейміз бе, мен-ақ кепіл болайын. Тек сондай еркіндік заман келсе болғаны, аузыңа май күйеужан!

- Жеңешетай, ып-рас... әйтеуір бізді биылша қорғағайсыз қатерден.  Мақпалға зорлық жүргізілетіндей болса, маған ертерек хабарлай көріңіз... өмірлік қарыздар болайын өзіңізге!

Жеңгеміз қолын ұсына қойды да, берген қолымды қыса сұрады:

- Осы уағдаңды ұмытпайсың ғой?

- Ұмытпаймын!...

Кеше кешке жақын өзім аунаған асу аузындағы шалғынды жасаңға күн ұясынан көтеріле қайта жеттім. Ауыл оянбай кетіп қалу үшін таң сазында жалғыз зытқанмын, көзге түсу түгіл, алыс қырқадан асып бара жатқан екі аттыдан басқа ешкімді өзім де көре алмадым.

«Ендігі сенбінің де секемсіз серуеншісі болармын» деген отты қуанышпен қайтып едім, екі-үш күн өткенде ол сенбіге босай алмайтыным естілді: «Шынжаңда тыныштық пен демократияны қорғау одағының» құрылу жиыны ашылып қазіргі төңкеріс ауқымы мен бұл одақтың міндеті туралы кең көлемді үгіт-насихат, одаққа мүше тарту жұмысы басталды. Аудандық төңкерісшіл жастар ұйымы жағынан көшпелі театр үйірмесін дайындап, қыр райондарына шығуға Ербол екеуміз міндеттелдік.

Тыңнан ойын қою дайындығына кем болғанда екі сенбіні құшақтай кетпек. Осы ауданның мықты артистері клуб сахнасында екі рет ойнаған «Ақан сері - ақ Тоқты» пьесасын көшпелі, жеңіл сахнаға ыңғайлай қойдым. «Дала зорекерлеріне қарсы мұндай атақты пьесаны тау етегіне апарсаң, жонда қалған ақсақ қазақ та домалап түсіп көрмей ме, мұны апарсақ үгітіміз жетпейтін құлақ қалмайды» деп төндіргенімде екі бөгет бір-ақ ағытылды: «мектептен оқытушы шығара алмаймын» деп зарлаған Шәкербайды Әлиев көндірді де, артис әйелдерін алысқа жолаушылатқысы келмейтін қатын тұсамыстарды Әлібек көндірді, «мен өз ақ тоқтымды да жіберемін, сақшының қатыны ғой, қасқырдан сақтауға сол мықты мүйізді тоқты барады» деп ағытты оларды.

Артиске енді жарыдық. Бұрын Ақтоқты рөлін орындап жүрген әнші Мәуленді Ақан серіге айналдыра қойды, әйел рөлін мың бұрала орындайтын қырма сақалды жігітке сері болып ырғалу қиын ба, рөл ала сала азынатып шыға келді.

Майордың ақ сұлуы да Ақтоқты рөліна жаңа тағайындалғанымен жетік, қабілетті артис екен, екі-ақ күндік жаттығудан соң қалыпқа құйылғандай сері ғашығының дәл өзі бола кетті. Бұл екеуінен басқа маңызды рөлдардағы Айтпек, Даулеттерге режиссор да, дайындық та керексіз еді. Бұларға қыз-келіншектеріміз алдында «жұмыртқалаған тауық» болып қақылдамау және «мауыққан мысық» болып бажылдамау жайын ғана «үйреттік», сақшы қызметінен қуылған ақ сайтан Мұқан да әзәзілдік кейіпкердің дайыны екен. Үш арбамен керуендете жөнелдік.

Қыр елі түгел жайлаудан түсіп болған, қалаға бір табан жақындап, жиірек қоныстанған екен. Сол жақындардың ішіндегі маған «ең жақыны», әрине, Омарбектің районы ғой. Алдымен сол шонжардың өз ауылына жетіп түстік. Омарбек бұл жолы алғаш көргендегісіндей күжіреймей үйретілген аюша қолбаңдап, жымия күліп қарсы алды.

- Үй, Биғабіл мырза, ойын әкелген өзің екенсің ғой, мінеки тағы көрістік, қош келдің, - дей сала қолымнан тартып, оңашалап апарып жалғастырды сөзін, - по, жақсы болғаны-ай, тағы бір қуанышты хабар жеткізіп, жақсы өсиет сөйлеймін деші!

- Иә, бұл жолы әкелгеніміз тіпті мол. Қаланың бар әсем жігіті мен әнші қыздары сол үшін шықты. Аса жақсы театр көрсетеді. Жұртқа түгел хабарлап қойыңыз. Ертең кешке осы жүздікке, бүрсігүннен арғы күні кешке екінші жүздікке көрсетіледі. Сөйтіп,  әр жүзбеккке екі күн ғана аялдаймыз. Қонақасымыз әр жүздіктен алты қой ғана. Халыққа кейін он екі қойдан салық түсетін болмасын!

- Хе-хе...һе.. ойбай, шырағым-ау, оның несін айтасың, қазаққа сол да сөз бе? - деп іркілдей күлді Омарбек.

- Жоқ, мұның сөз екендігі анық! Ойын қоямыз деп халықты ерқашты, жауыр ете алмаймыз, жегенімізді жариялай жүреміз, есіңізде болсын!

Хатшы Әлібай қызыл түлкіше жылмаңдады бұл сөзіме:

- Бәрекелде, сыйлы қонағымыздың қонақасымызбен есептесуіне жол болсын! «Қонғанша қонақ ұялады, қонған соң үй иесі ұялады» демей ме қазақ. «барымызбен мәзір», сіздерден немізді аялық, қасқыр да жеп кететін қой ғой ол!

- Қонақ келді деп қасқырдан қаттырақ тимейік дегенім ғой; осындай ойын-сауықшылар келгенде он қой сойып, соның сылтауымен халықтан елу-алпыс қой жиып алатын елубасы - заңгілер жоқ па еді? - деп мен күлдім. Осы Омарбектің баяғыдағы қылығын ескерткенім еді бұл. Хатшысына қарап қойып, зорлана іркілдеді өзі:

- Ондай қасқырдан құдай сақтасын, мырза! Халық үкіметі сайлаған ғой! Жә, сіз енді өзіміз болған соң... тонның ішкі бауындай... ескерткеніңіз шығар, айтқаныңыздың бәрін орындалық! Осы келісіңізге төтенше қуанып тұрған себебіміз бар, орындалмай жатқан істеріміз бар еді. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына», енді оны да бітіріп алатын болдық. Ал үйге кіріңіз, оны кейін әңгімелесерміз.

Қонаққа дайындаған үйлерді есепке алмағанда, сахна мен гримхана үшін айырым екі киіз үй керек екенін ескерте тамақтандық. Ертеңіне ауыл сыртына ауашалап апарған екі үйді бір жарым үйге айналдырып тіркей тігуге кірістік. Онбасыларға содан бастап шақылдаған Әлімбай хатшы халықты сахна алдындағы беткейге түс ауысымен-ақ сірестіре жинап болды. «Пәленнің қызы», «түгеннің келіні», «сақанның шалы», «Мақанның кемпірі» келмепті дегендей, шақыртып, шаптыра берді сонда да. «Қалай ісіміз» дегендей алқына қарайды маған. «Тым ерте жиып қойдыңыз» деп мен күңкілдеймін. Жұрт әлден жиылып болғандықтан өзіміз де қарбаласқа түсіп едік. Дайындық жұмысымыз біте бергенде, Әлімбай алдыма көлденеңдей тұра қалды:

- Биғабіл әпенді әйтеуір есіңізде болайын, осы хатшылық міндетін алғалы күндіз-түні шапқылап келемін, атымнан ат, құйрығымнан құйрық қалмады. Несі бар, осы халыққа пайдам тисін деп шапқылаймын әйтеуір!

- Халыққа пайдам тисін деп шапқыласаңыз дұрыс! -деп түйілдім мен, менен бір пайда күтіп тыпыңдап жүргенін байқасам да, соның нендей пайда екенін түсіне алмай аңтарыла түйілдім, - бірақ, бүгін осы халықты да жаратып міне шаптыңыз. Жарым күн бұрын иіріп, қаңтарып қойғаныңызды көрдіңіз бе? Сол арқылы асықтырып, біздің де ашты терімізді алдыңыз!

- Ха-ха-һа-һа... жөндеп тамақтана да алмадық деңізші? Кешір әпендім, кешір, әйтеуір міндетім болған соң, күні бұрын біте берсін дегенім ғой! - деп Әлімбай сары мұртын ойнақтата мырсылдап шығып еді, екі-үш жерден газ шам ілетін қада орнатып болғанымызша екі торсық қымыз, шәй шәугім, дастарқандарымен бір-ақ жетті. Сонда да халықты жаудыратып қойып отыра алмадық...

Жұңго қаритасын үлкейтіп, азат болған райондарды, қалаларды қызыл сызықтармен бояй жасаған сызба қарита алып шыққанбыз. Сахна шымылдығына алдымен соны керіп қойып, сөйлеуге крістім. Жұңгоның солтүстігі мен шығыс солтүстігі жағынан жарымына жуығын қамтыған қызыл түс халықты қызықтыра түскен сияқты. «Шынжаңда тыныштық пен демократияны қорғау одағының» не үшін құрылғандығын сол жеңістермен байланыстыра ұзақ сөйлеп, кеңінен түсіндіре келіп, мүше қабылдау, бөлімше одақ ұйымын құру қызметіне ертең осы ауылда аудандық одақтың ұйымдастыру бөлім бастығы Ербол жолдас қалатындығын айта барып тындым.

Кеше жол жүріп, бүгін «клуб» жасаумен дем ала алмағандықтарына қарамай, үйірмеміз «Ақан сері - Ақтоқтыны» тебірентерлік дәрежеде орындап берді...

- Алты қой жедік, иә, алты қой! - дедім мен ертеңіне бұл ауылдың бізге жайған соңғы дастарқаны жиыларда, мыңбек пен хатшы, жүзбектеріне алты саусағымды анықтап көрсеттім, - басқа тамақтарыңыз үшін екеу қосайық, сонымен сегіз қой.. Иләһи халыққа одан бір де артық болып түсе көрмесін, әмин, аллаһуакбар, рахмет!

Хатшы солқылдай күлген «күшігендерден» үнін асыра, күйкентайша шырылдады:

- Биғабіл әпендінің сөзі қызық-ақ, хе-хе-һе...һе.... өзі бір әртіс, тамаша жігіт, тамаша жігіт!...

Арба жолымен айнала сықырлатып екінші жүзбектің ауылына жеткенімізде Әлімбай хатшы алдымыздан тағы қарсы алды:

- Қоналқы үйлеріңізді жақсылап дайындатып қойдым. Хе-хе-һе-һе.. сегіз қанат ақ ордасының өзін босатқыздым. Театр қоюға арналған екі үйі сіздер таңдайтын беткей бауырына барып та болды! Өздеріңіз көріп жөндерсіздер!

- Халықты тағы да күні бұрын шақыртып қаңтарып қойғаннан саумысыз?

- Жоқ, Биғабіл әпенді, оны түсіндіргенсіз ғой, өз уақытында, ертең кешке жиылады, хе-хе-һе..һе...

Ертеңіне күндізгі дайындықты расында да асықпай тыныш өткіздік. Бұл жүзбек жайлаудан түскен соң да бие байлатқан екен. Біздің келетінімізді естіп, қымызын молықтырып қойыпты. Қаншалық қарбалас жұмыс уақытында да қалжыңдаспай, шарпыспай, шалыспай жүретін Айтпек пен Дәулетке бұл күнгі дастарқан уақыты молынан тиді. Жаз сайын жайлауда театр қоюға үзбей шығып жүрген бұл екеуін танымайтын ауыл жоқ еді. Ауыл адамдарының үй сыртына жиылып болғаны Дәулет сыртқа бір рет шыққанда білінді. Ол есіктен шығысымен ду күлкі көтерілді. Костюмының ішінен жастық тыққан екен, екіқабат әйелше шермиіп қайта кірді де, Айтпектің төменгі қатарындағы өз орнына қынжыла жетіп отыра қалды. Күйеуіне, еркелегендей наздана, бұратыла сөйледі енді:

- Уһ... қой десем бір қоймайсың, енді мына қымызды мына ішімнің қай жеріне сиғызармын, өзің көбірек ішсеңші мен үшін!

- Тал шыбықтай бұралған нәзігім-ау менің! -деп Айтпек күңгірлей құшақтады да, қомпаңдап ентіге жалғастырды сөзін, - қымыз деген қарынға сіңеді сәулешім, ал бала деген басқа жақта, басқа жақта болады!

Үйдегілер ду күлгенде сырттағылар жабықты жұлмалап аша сығалады. Әйел артистеріміздің бірі екіқабат еді, бұл қулардың соны талкуайттап отырғанын байқап, көзімді қыса бердім мен.

- «Әпендім», - деп Дәулет енді маған маймия қарады, - сіздер бізге мысық та, тауық та болмауды айтқансыздар ғой... енді қасымда текедей байым отырғанда көзіңізді қыса бермесеңізші. Көңіліңіз түссе оңашада айтыңыз!

- Әйел балалар отыр ғой, сақал сыйлау да керек шығар, - деп күбірлеп едім, бұл сөзімді тіпті ұшындырды:

- Е, сақал керек дейсің бе? - деп енді Омарбектің дауысына салып шердиді де Айтпекке қарады, - әне, бәйбіше, шал-кемпір болу керек деп нұсқап отыр.

Дәулеттің енді кімді кейіптегенін түсіне қойған Айтпек бір тізелей жанбастады да, мыңбек бәйбішесінің үнімен сызыла сұрады:

- Не дейсіз, құман әкелейін бе, қолтығыңыздан көтерейін бе?

- Е, құман сұрасам хатшы-шабармандар отыр ғой. Қолтығыма да жабыса берме деймін. Сен де қартайдың бәйбіше, ондай-мұндайға еңкеңдеп жүгіре бергенше енді бір тоқал әпер маған! Енді бір ғана тоқал үшін үкімет шауып алар деймісің мені, абырой-беделім бар ғой құдайға шүкір!

Мыңбек үйінен келген біреу бар-жоқтығын білгім келіп, жалтақтай қарадым жан-жағыма, хатшы Әлімбай бұл жайымды түсінгендей басын шайқап қойып, жымың қақты маған.

- Құрып суалғаным-ау, - деп Айтпек басын шайқақтата, наздана сөйледі енді, - қартайғанда тоқал дейтін пәлені іздеп қайтесіз, құдай қосқан екеуміз отырмыз ғой қасыңызда!

- «Көсеу ұзын болса қол күймейді» бәйбіше, қой енді түге, өздерің де сырт буын тартып, қалжырадыңдар әбден. Демдерің қолтығыма аяздай тиетін болды түге, аяздай!...

Одақ қызметі үшін кешегі ауылда қалған Ерболға еріп мыңбек жетті осы кезде. Дуылдаған күлкі де, дуылдатқан әртістер де жым бола қалып еді. Мыңбектің отырған отырысына, үн әуеніне назар салған бірнешеуі қыстыға шиқылдағанда көпшілік қайта ағытылып, ду күлді. Өзіне күлгендей бұл көріністен Ербол елеңдеді жан-жағына. Күдір тұмсығы иіле түсіп жымиғанда бүркіт кейпіне келе қалды:

- Не болды, не болды?...

- Түк те болған жоқ, - деп Дәулет жыпылықтата жөнелді, - қоян да жоқ, түлкі де жоқ, мауық та жоқ, тауық та жоқ!

- Қаршыға келді, қойдық енді, -деп Мәулен толықтай қойғанда, үйдің іші-сырты дуылдай жөнелді тағы да...

Бір дастарқанда екі сағат дем алғанымызды айта түрегеліп едім, әртістер қотарыла шықты. Күн көкжиекке барып қалыпты. Ауыл маңы тұсаулы, шідерлі атқа толған екен. Сахна қарсысындағы жазық беткейге қапталдай жиылған халықты айнала аралап түстім. «Барлаушы» жеңгем көріне қоймады. Тіпті «қайын жұрт» ауылынан өзім танитын ешкім келмегендей.

Сөзімді кешегі баппен түсіндіре сөйлеп бітіргенімде ақшам үйріліп, шам жағылып еді. Сахнаға қайта кірдім. Гримханаға кіретін түпкі есіктен өте бергенімде екі үй аралығынан жан қалтама сап ете түсті бір қол, қайрылып тұра қалғанымда бейтаныс бала жігіт үн қатпай өте шықты. Оның артынан өндіршектей жеткен Әлімбай хатшы мені сүзе жаздып кілт тоқтады.

- Өй, немене, жасырынбақ ойнап жүрсіздер ме? - деп үңіле түстім.

- Жоға, хе-хе-һе...һе...  ұры балалар бар еді, жан қалтаңыздан бірдеме әкетпеді ме, қараңызшы!

Біздің сахара халқында қалтаман болмайтынын білсем де білмегенсіп, қолымды сала қойдым қалтама. Төрт бұрыштап қатталған қағаз ілінді. «Нұрияштың» хаты екенін мөлшерледім де бармағыма қыса қойдым:

- Бәрі түгел екен аманшылық!

- Еһе-хе-һе... сіздерді қорғап жүргенім ғой, -деп Әлімбай өтіп кете берді.

«Әй, асқан пәле екенсің-ау, ертең «Нұрияш» екеумізді қай қырыңа алар екенсің» деген күдікпен гримханаға кірдім. Рөлдегілердің бәрі гримделіп, жасанып болған екен. Халық алдына қайта шығып барып, қойылатын ойынды түсіндірдім де шымылдық ашқыздым.

Гримханаға кіре оқыдым ыстық хатты. «Нұрияштың» өз қолы. Кездестіретін жеңгесінің нұсқауын ғана жазыпты. Әлгі күдігім дұрыс екен, Әлімбайдан сақтануымды, мүмкін болғанда оны бір жаққа жұмсап жіберуімді ескертіпті...

Ертеңіне «қайын жұрт» ауылына барар жолыма маған жорға ерттетіп берген Әлімбай, жылмаң қағып, алды-артымды орады. Жеке сөйлесетін сөзі барын айтып өтінген соң арбадан қалып, басқа салт аттылардан да алыстай, оқшау аяңдадық:

- Осы баратын ауылымызда бір сұлу бар ғой, көріп пе едіңіз? -деп сұрады біраз кідірістен соң.

- Жоқ, қайдағы сұлу?

- Бәле әпендім, оны көрмеген көз - тұл... ехе-хе-һе...һе... бір көрсеңіз жабысып-ақ қалар едіңіз... Япыр-ау, он шақты күн алдында жайлауынан жалғыз қайтып келе жатқаныңыз бар еді, оны қалай көрмедіңіз екен!

Жүрегім зу ете түсті бұл сөзінен. Қайтқан жолымда алыс қырқадан қарайған екі аттының бірі осы қу сияқты соншалық алыстан нақтап тани қоймас деген оймен жалтара салдым:

- Көктемдегіден соң бұл жаққа шықпадым ғой, онда да қыз іздеп келмегенмін, қайдан көрейін, өз сұлуым барда!

- Қайдағы сұлуыңызды айтасыз, қалыңдығыңыз барма еді?

- Бар ғой, осында бірге жүрмей ме, әнеу жаудыр көз, бұраң белдің менікі екенін байқамадыңыз ба?

- Ой құдай-ай, біздің Мақпалға қарағанда сол да сұлу ма? Соны бір көріңізші!

- «Сұлу - сұлу емес, сүйген - сұлу» демей ме?

- Биғабіл әпенді... хе-хе-һе... һе.... әлі бала екенсіз, сіздей жігіт осындай қыздың белдеуге байланған аты болмақ па? Көрсетейін барған соң... бір көрсеңіз... маған жалынбай қоймайтындығыңызға сенімім толық. Өлген адамды да бір аунатқандай қыз!

Бұл төндіруінен Мақпалды шырға етіп, мені мықты бір «аңға» салмақ екені де, тамырымызды ұстап, сырымызды тартпақ ойы барлығы да байқалды.

- Жә, көрсеткіңіз келсе көре салармыз, -деп жымидым мен, - айтатыныңыз сол қыз жөнінде ғана ма еді?

- Айтарымның негізгісі сол. Сізбен достасқым келеді, бір көрмей арманда қалып жүрмеңіз! Екінші айтарым кішкене ғана іс, кейінірек айтсам да болады.

- Олай болса бүгін кешке бір жұмыс істеп беріңізші, жазуыңыз әдемі екен, мына пьесаның бірінші шымылдығының жазуы өшкіндеп, суфлерды қинап жүр, соны Дүйсеннің үйіне апарып көшіріп жіберсеңіз лайықты қағаз содан табылады.

- Ехе-хе-һе....һе... пақырыңыз жұмыс басты, қолым тимейді ғой. Сіздерге тиісті бар жұмыс та маған артылып тұрмай ма?

- Ертең атар таңға дейін жұмыс шыға қалса жүзбек бар ғой, бір түн ұйқыңызды қиыңыз маған!

- Мақұл, мақұл!...... ехе-хе-һе....һе... қияйын, қияйын!...

«Қайын жұрттың» ауылы да қонақ күтетін үйлерін ауыл сыртына оқшаулай тігіпті. Ауыл маңы еңкейген күн нұрымен жайнап, тіпті сұлу, тіпті ыстық білінді маған. Басталған күзді көктемдей, қуарған жусан-шилері гүлдеп тұрғандай көрінді. Бірақ, «Нұрияш» көрінбей қойды. Әдейі шықпай отырып алғанын түсіндім. Сылаң қағып, сыпылдап жүрген жеңгем де сырт қарай берді. «Тапсырмаңыз артығымен орындалады» дегенді бір сәті түскенде сырт жағынан күбірлеп өте шықтым. Тапсырмасы - Әлімбайды бір жаққа жұмсап жіберу ғой. «Артығы» ауыл көзіне әдемі қалыңдықты болып көрінуді тапқаным. Ол - Қиялзаттың қалыңдығы еді, бізден кейінірек келген арбадан Қиялзат түсісімен онысын «бүгін ел жатқанша, ертең күндіз бір күн қарызға» сұрап ала қойдым. «Қалыңдығым бар» екеніне Әлімбай қуды да, ауылды да толық сендіруім, бірден бір қажетті, зәру жұмыс болып шықты.

Шәй ішіп болғанымызша екінті ауыпты. «Қалыңдықпен» қолтықтасып алып, ауылды айнала серуендедім. «Енді мені сен қолтықта»... «басыңды иығыма қарай жыға жүр»... «костиюмімнің шаңын қаққан болшы» деген сияқты өтініш бұйрықтармен құзырлана, қораздана беруге тура келді, құрбы әртісім кейде сықылықтап, кейде сақылдай күліп, айтқанымды орындай берді. Сырт көзге тіпті келістіріп-ақ жүрген сияқты.

Үй араларынан қарап қойып жеңгем жүр. Үлкен үй босағасынан Нұрияшымның да бірер рет қарап қойғанын байқадым. «Біз мұншалық еркін жүргенде жүрегі қапасына симай тықыршып, назаланып-ақ отырған шығар» деген оймен: «шыда, Нұрияшым, шыдай тұр» деп қалыппын.

- Не дейсің? -деп жалт қарады дос қалыңдығы.

- Алыста бір арманым бар еді, есіме түсіріп келесің!...

Күн ұясына ене бере біз де құлдап түсіп, бұлақ бойына отырдық. Жеңгемнің хатта ұқтыруы бойынша, ар жақтағы қос терек - «Нұрияш» екеуміздің бүгін түндік панамыз.

- Қиялзат екеуіңнің мына қылықтарыңды түсінсем бұйырмасын! - деп сықылықтады Мәрия белінен құшақтағаныма қымсынды, - сендерге ойын керек екен, бізге ұят керек. Қолыңды жиып отыршы!

Қыз қарай берген ауыл жаққа қарасам, шаңырақ-түңіліктері ғана көрінеді екен, адамдарынан бері келе жатқан Әлімбай ғана көрінді.

- Бұл ойын емес, сәл шыдай тұр! - деп қыстым мен қыз белінен, - мына келе жатқанның аяқ дыбысы естілісімен босатамын, сен сезбеген бол, ол жақындап қалғанда басыңды иығыма қоя салып жалт қарап, түзеле қой.

Әртіс Мәрия айтқанымды асыра орындады: Әлімбай жете бере тамағын қырынып қалғанда әдейі селк ете түсті де, қарап жіберіп, ұялғанси түзелді. Менен іргесін бөле отырып, төмен қарап алды.

- Шіркін жастық-ақ! - деп кідірген Әлімбай, өтірік күлкісіне тағы бір басып жіберді, - Хе-хе-һе...һе... бақытты болыңдар! ... Биғабіл әпенді, «қашпақ болсаң зымыра» дейді, әлгі кітабыңызды бере қойыңыз енді, бүгін түнде көшіріп-ақ берейін.

- Әп-бәрекелде... мақұл, суфлерден алып берейін, - дедім де, хатшы жөнеле бергенде Мәрияға сыбырлап түсіндірдім, - дәл осы сары хатшы көрінген жерде маған барынша ынтық көрінетін бол!

- Бұларың не ойын, түсіндірші маған?!

- Бұл сары - маған төнген пәле, - деп қолтығынан көтермелей тұрғыздым да, қонақ үйге қарай жетектедім, - мені сенен бұзып, сұлу келіншек әпермек... сен тұрғанда онысын қайтпекпін?

Соңы сөзді алдымыздағы Әлімбайдың өзіне естірте сөйлеп едім:

- Онысы несі екен? - деп қыз да ашуланғанси дабыстады да, күлкіден үйге жеткенше түншықты.

Жеңге тапсырмасы толықтан да толық орындалды сөйтіп, қағаз беруді мүдірге тапсырып Әлімбайды жөнелткенімнен соң, төрт жігіт көтеріп кірген бір саба қымыз әртістерді сайрата жөнелді. Бастала кеткен думан ауылды бір-ақ жиып ала қойды.

Бір шақта есіктен сызылып кіріп тұра қалған қамқор жеңгем ауылдастарының қауіптілерін түгендеп те болған сияқты, босағаға қолын тіреп сүйене қойды. Шартты белгісі осы еді, елеусіз бүйірде отырған мен сездірмей сытылып шығып жүре бердім.

Қос теректің желке жағындағы шилеуітке кіре отырған маған ауыл маңы түгел көрінеді екен. Үлкен үйіне көлбеңдей жеткен жеңешетайымды да қақас қалдырмап едім, «Нұрияшымды» ертіп шыға келді бір сәтте. Екеуі үй іргесінен алыстай бере мен отырған жаққа ойысты да, ұзын бойлысы қайта бұрылып, қонақ үй жаққа тура тартты. Сұры шапанды талдырмаштауы мен жаққа ұмтылды. Алдынан жүрегім жүгіре шыққандай, ұмтыла, ұмсына қарадым, бұлақтан аттап өтті де, қабаққа жүгіре шығып, алқына күліп жетті...

Сөзге мұрсатты әлден уақыттан соң әрең таптық:

- Бүгін он төрт күн өтті, - деп тыныстады.

- Әжеңнен қалай құтылдың?

- Мұндайда басы мен белінің ауыра қалатыны бар, - деп сықылықтады «Нұрияш», -басын уқалатып жатқанда кірді жеңешем: «жүр, ей, қыз, ән тыңдағың келсе.... үйдің сыртынан ғана тыңдайсың! Мен отыр деген жерге отырасың» деп зекіре ертіп шықты да, үйдің іргесінен өткенше сапылдады: «бар жақсылығымды ұмытып, ертең-ақ менімен қайымдасып, салғыласып шыға келерсің» дейді. - Соны айтып маған сықылықтай тығылған «Нұрияш» күрсіне жалғастырды сөзін, - әккі әйел ғой... одан сіз де кем түспедіңіз, бір қызды жабыстыра шыққан себебіңізді түсіндім... түсінсем де... бір түрлі... басқа адам сияқты көрінеді екенсіз!

- Мен өзіме де бір түрлі көріндім... бірақ, сен үшін бәрін де істей алуым керек екенін білемін «Нұрияшым» - Мақпалым!.

Қонақ үйдегі сауық кеші түн ортасынан ауа тарады. Жеңешеміз бұлаққа келісімен қос теректен біз де «тарадық».

«Нұрияш» менің Әлімбай туралы айтқаным бойынша ертеңіне күндіз мүлде көрінбей қойды. Оны маған көрсетпекші болып үйіне барған Әлімбайдың жолы болмай, сұрланыңқырап қайтып еді. Ол кеше жылжытып әкелдіріп қойған сахна үйін біздің сауықшылар жартылай қайта тігуге кіріскенде ауылға айқайлай жөнелді, үй тігуге барлық қыз-келіншекті шақыра жүгірді. «Өзіміз жөндеп аламыз» деп біз айқайладық. «Үкімет қызметкерлеріне үй тіктіріп қойып, қарап отырасыңдар ма?» деп ақыра жеткен хатшы Мақпалды тағы да шығара алмай, ұялғанынан кедей-кепшік әйелдерін түгел қуып келді. Оларға жұмыстың жоқтығын және бар рахметімізді қоса айтып біз қайтардық.

Қып-қызыл болып отырып қалған хатшы күн еңкейе қайта әрекеттенді, мені Мақпалдың үйіне апармақшы болды: «Биғабіл әпендіге үлкен үйдлің өзінен, үлкен кісінің қолынан дәм таттыратын жөнің бар еді ғой» деп жүзбекке жабыса кетті. Ұялғанынан жүзбек те шақырған болып отырғанда кешегі ауылда қалған Ербол мен мыңбек жетіп еді, мысық бола қалды хатшы түлкіміз, «кейін-кейін...» дей салды. Қыспақтан әрең құтылғандай серпіліп, сұлу мұртты жүзбек жөнелді...

Керілген қаритаға жапырлаған жұрт тәртіпке шақырылып, иін тіресе отырып болғанда сөзге кірістім. Сарнап та тұрмын, барлап та тұрмын, қапастағы нұрым ақшам қараңғысымен қараңдап әрең жетті, қоңыр мінездімсінген әжесіне қоңырша киіммен еріп келді. Ең артқа отыра қалғанын ел байқамай, биіктегі шам нұрымен жүзі шағылысқанда мен ғана байқадым десем, Әлімбай көріп болыпты, қарсы алдыма отыра қалып, ымдай бастады. Онысын елемей, қаритадағы Жұңгоның қызарған жағын өзіне нұсқай бердім, еркіндік-теңдік, ұлы бостандық келе жатқанын өзінің жылтыңдаған көк көзіне түрте көрсеткендеймін....

Бұл түні «Нұрияшпен» кездесу қиынға соқты. Ойын аяқтағанша обадай кемпірдің қасынан ол ауаша шыға алмады да, жылмаңдаған Әлімбайдан мен құтыла алмадым, жүрсем алдымнан, отырса артымнан шықты, «сізден көзін аудармады, сіз де қарадыңыз-ақ, кілттеріңізді енді мен бұраймын» дей берді. Рөлін орындап болған «қалыңдығымды» ертіп шығып, әрең сытылдым бақылауынан. Театр аяқтап, халықтың кететіні кетіп, жататыны жатып болғанда сыртқа шықсам, Әлімбай әлі далбақтап, маңайлап жүр екен. Кешегі өтелмеген ұйқының есінетіп жүргенін байқап, далдаға отыра қалдым да, ол бір үйге барып кірісімен жөнеліп бердім. Бірақ, қос терекке «Нұрияш» келе қоймапты, таң жақындаған сайын тықыршып, тықыршыған сайын қысылдым. Бүгін келмесе көпке дейін тілдесе алмай кететнім ғой.

Жеңіл сұры шапанның шалғайынан ақ көйлек етегі жарқ ете түсті бір шақта, ұшып келе жатқандай. Тағат қыла алмай бұлақ бойына мен де ұшып түсіппін. Екеуіміз қолдасып алып, мен ұшқан жерге қайта ұштық...

Бұл кездесуіміз естен тандырғандай шаттықпен күлімдей аймаласу болып еді, лездік қана уақыттай сезіліп таң ағарғанда естен тандырарлықтай қиналысқа салды, неше айрылысып, неше қайрылыстық. Осы күзде тағы бір сәті түспесе, қыста кезіге алмайтынымызды айтып өксіді «Нұрияшым». Бар мұңына медеу, барымша демеу жүрегімді қолына ұстатқандай мықты сенім айта беріппін. Серттесіп айрылстық.

Ол үйіне кіргенше баспалап қарап отырдым да, бұлақ бойымен өрлеп барып, қонақ үйдің жоғарғы жағынан шықтым. Шарбы бұлт күн шұғыласымен қызара бастаған. Түнгі театрден кеш қайтқан ауыл қарттары орындарынан әлі тұра қоймаған сияқты. Ауыл мен қонақ үйдің арасында Әлімбай келе жатыр екен. Маған қарсы жүрді.

- Ехе-хе-һе...һе... осылай болу керек жас жігіт деген, әйтеуір жолыңыз болғанын білдім. Бәсе, сіздей жігіт тегін жүре ме?

- Нені білдіңіз? - деп аңтарылғансып, түйіле қарадым мен, - қалыңдық пен күйеудің жүрісін тегі бар адам тектемесе керек.

- По-по, қатты тиді-ау мына сөзіңіз! Сөйтсе де... сөйтсе де, қайда барсаңыз да осындағы ең тілеулесіңіз мен болармын Биған әпенді!

Жауап керексіз еді бұл сөзіне, орынсыз ақтала берген адамға күдік нақтала береді ғой. Сөйтсе де бұл қудың тағы бір секем тапқанын түсіне, түйіле кірдім театр үйіне. Сахнадағы кереуетке қисая кеттім.

Қатты ұйықтаппын. Біреудің жұлқылағанынан ояндым. Мәрия екен. «Сені сары хатшы оята алмай, мені жұмсады» деп күле сыбырлады құлағыма. Тез сергіп сахна шымылдығынан палтомды жамыла шықтым. Мыңбек пен осы ауылдың жүзбегі беткейде оңаша сөйлесіп отыр екен. «Биғабіл мырза, мойныңды бұра кетші» деп қолын бұлғаған мыңбектің шақыруымен солай аяңдай бергенімде, алдымнан тосып тұрған Әлімбай да ере жүрді.

- Мырза, әне күні өзіңе ескерткен жұмыс осы жүздікте еді, - деп бастады мыңбек сөзін, - ылғи шеттеп, саяқ қоныстанып жүрген екі-үш Қарау байдың ауылы бар. Мына жиынға кеше шақыртсақ та келмепті, балаларын оқуға бермейді. Армияға жәрдем, көпір салығы, бәжі дегендердің бәрінен қашады да жүреді. Осыларға сізді ертіп апарып көрсетіп, түзетіп қайтсақ деп едік.

- Бүгін төртінші жүздікке жүресіздер ғой, жол-жөнекей біте салатын оп-оңай жұмыс, -деп «қайнатам» епсектетті, - «бітер істің басына, жақсы келер қасына» дейді. Бізбен бірге жүрсеңіз ғана болғаны, сізді сөйлетіп басыңызды ауыртпаймыз, өзіміз сөйлеп, өзіміз шешейік.

- Олай болса, мақұл, ерейін, -дей салдым мен. «Бұлардың менен жалақтай күтіп жүрген «жақсылығы» осы ғана болса, несі бар, жақсы-ақ болайын, «қайната» мен бірге жүріп, жүз жылытысып алсақ тіпті жақсы болғаным ғой.»

Ерболдың бұл ауылда істейтін ұйымдастыру қызметіне мектеп меңгерушісін шәй үстінде қоса салып, аттана жөнелдік.

Обадай өңкиген мыңбек, ширатылған сұлу қара мұртты жүзбек, түлкіше жылтыңдаған шегір сары хатшы, жылтыраған қарақұрым палтосына шекелете қондырған қаракөк шапкысы құп жарасып, «жаңа үкімет» екенін әйгілеп тұратын ақ сұры «әпенді» - өзім - төртеуіміз ыңғай жорғамен шайқалта тарттық. Әкесімен бірге аттанғанымда есік алдына қарап тұрып қалған ғашық жар ғана көз алдымда. Нұр шанақты көгілдір көзіне ынтызарлықтан іркілген жасын көріп келе жатқандаймын. «Әкеммен жақындасып, менің талабыма көндіріп те қалар» дегендей үмітпен соққан алаулы жүрегін де көргендеймін. Екі жағымнан кезектесе сөйлеп келе жатқан мыңбек пен жүзбектің сөзі құлағыма қонар емес. Тек осы өткен таң алдында бұлбұл үніндей естілген жар күлкісі, жар сөзі, жар мұңы, жар сағынышы ғана келеді көкейіме.

Күнбатыстан көшкен қара бұлт қойылып, тау жотасына қарнын тірей қалықтап тұра қалды да, жаңбырын себезгілете бастады. Ойдан сонда ғана сергідім. Мыңбек пен Жүзбек баратын ауылдарымыздың «қыңыр мінезін» сөйлеп, «қиқарлығын» таныстырып келеді екен. Бұл ауылдар да зейіл болу, қабақ ашпай түйіліп алу қажеттігін, әйтпесе үкімет ісін өздерінің орындай алмайтындығын түсіндіреді. Басын естімеген сөзді жасын қалдырғым келіп, жауап қатпай тыңдай бердім. Талай ауылды жолда қалдыра ұзақ жортып, сай аузындағы үш-төрт үйлі қараша ауылға келіп түстік. Онбасы үйі екен. Оқуға бала бермейтін ауыл деп таныстырғандықтан аттан адырая түсіп едім. Сөйлесе келе өзім ұялдым. Кешегі жиынға ауылдың алыстығынан бара алмай қалғандықтарын айтып, шешесі де, онбасы да бәйек болып кешірім сұрады, «тұсымыздағы мына жүзбектен бүгін келетіндіктеріңізді естігенбіз, өгізге мінгесіп барсақ та ертең осындағы жиынға қатынаспақпыз. Шақырушыға осыны айтқанбыз» десті.

Мен де іркілмей кешірдім бұл «қылмыстарын». Онбасыдан қарауындағы оқу жасына толған балалардың санын сұрап едім, бұл жөнде де алдыма түсе кетті: «біздің өзіміз кедей ауыл едік. Құдайға шүкір, тұрмысымыз енді ғана оңалып келеді. Тізімін енді алдым. Балалардың оқуы өзіміз үшін керек қой. Міне, сегіз бала бар, мына өз тұсымыздағы мектепке үш-төрт күн ішінде апарып, жатақхана расхотымен қоса тапсырмақпыз» деп тізімін көрсетті.

Бұл жөнінде тоқ етерінен түсінік қана айтып, түйіле алмай шығып едім, жүзбек пен Әлімбай зекіре шықты онбасыға, мұнан кейін шақырған жиынға бармаса атын лауға әкететінін, мектепке бала бермегендерге айып салатынын қайталай айтып, қамшысын білеп-білеп жіберіп аттанды. Мен былай шыға бере ширап, мұндай кедей ауылға орынсыз қаталдық істемеулерін ескерттім. Онбасының әлгі баяндағандарының дұрыстығын дәлелдеп едім, мыңбек мұныма қынжыла ренжіді:

- Кері тартқандарға бұлайша кешірім ете берсеңіз үкімет тапсырмасын біз қалай орындамақпыз, мырза?

- Қолынан келетін, бардам шаңырақтарға үкімет тапсырмасын сөзсіз орындату керек, -деп қалдым мен, - бірақ, салықты мал санына қарап әділдікпен бөлу шарт! Ал, қолынан келмейтін жоқ-жітікті орынсыз зорлауға жол жоқ. Мәселен, мына ауылдың өзіне жақын жердегі жиынға қатынасуына рұқсат етпей, сонау алыстағы мына кісінің ауылындағы жиынға бара алмағандықтары үшін жалғыз-жалғыз көліктерін лауға алсаңыздар, бұларыңыз яқтарын кескендік болмай ма? «Жоққа жүйрік жетпейді», жоққа үкімет қылышы да өтпейді!

Мырс-мырс ете түсті үш «белсенді». Бұл сапарлары сәтті болмайтынын байқағандай бір-біріне қараса түсті де, мыңбек сай жолынан күнбатысқа кілт бұрылып, қырқалай тартты.

- Ендігі баратынымыз бардам түгіл бай ауыл, - деп күңгірледі мыңбек маған, - қоралы қойы бар, асқан қыңыр ауыл. Мұндағы ісіміздің орындалу-орындалмауын сіздің қабағыңыз ғана біледі. Сіз жылы шырай көрсетсеңіз-ақ бар ісіміздің бұзылғаны!

- Көпір салу үшін былтыр бөлінген он бес қойды әлі бермей келеді, -деп «қайнатам» ескертті, - тіпті шетке шығып алып, бағынғанды қойды бізге.

- Үкіметке жәрдем-көмек, салық дегеннің бәріне қарсы, - деп қамшысын Әлімбай үйіріп қалды. Ептеп байқасам, үшеуі қаптал шапан ішінде тоңғандай суынып, мұрттарын тікірейтіп алған екен. Кәрлерін мықтап тігіп келе жатқандықтары сезілді.

- Бұл ауылға жұмсақтық көрсетпеңіз, мырза!

- Бұларға үкімет көзін бір көрсетіп қояйық, бұдан кейін тілге көнетін болсын деп қана сізді ертіп келеміз. Бәрі де үкімет пен халқымыздың пайдасы! Жарықшақ сөз шығара көрмеңіз!

- Биғабіл әпенді, бұл біздің өз ауылымыз ғой,... кім жақсы, кім жаман, кім үкімет жақта, кім қарсы жақта... біз жетік білеміз... Қатал тимесек бұл ауыл шылбырының ұшын да ұстатпайтын ауыл...

Осылай үгіттей берді үшеуі. Сөз сыңайларынан мені сөйлетпей, мына бұлтша тұнжыратып қойып қана сойқан салмақ екендіктері байқалды. Мәселені толық білмей, ара түсе қалып, «кертартпа», «тентек жақ» болып қалудан сақтануым керек сияқты. «Расында да өз ауылдары, басқаруға міндетті өздері ғой, жаңсақ іс істеп қоймайын» деп бекіндім.

Тау қойнауындағы қоңырша үш киіз үйдің сыртынан шыға келдік бір уақытта. Жаңбыр сіркіреп тұр. Қою бұлт төмендеп, тұманға айналды. Екі-үш жүздей қой ауыл сыртында шоқтала жатыр екен.

- Аттан түспелік, - деп күбірледі мыңбек қатарыма тұра қалып. Қабағынан қар жауғандай түксиіп тым ызғарланып, қою сақал-мұрты тарамдала түсіпті, маған зорлана күлімсіреп, ала көзін алайта қарады. - Бұл ауылдан жөнді шәй іше алмаспыз. Көпірдің малын алып қана тез жөнелуіміз керек, жауын үдейтін сияқты.

Мыңбек маған сөйлеп тұрғанда хатшы қойды иірді де, жүзбек атынан түсе қотанға ұмтылды, есік жамыла қарап тұрған жігіт пен екі кемпірге «арқан әкел» деп ақырысты. Арқанды мен сұратқандай жалтақтай қараған бір кемпір, үйінен арқан алып шығып ұстатып еді, қойды аралай жүріп, ірілерін қосақтай берді екі мықты. Аң-таң болып тұрған маған қараған ауыл адамдары тіпті аң-таң сияқты, «жаңа үкіметке» жалтақтай берді. Ауыл жігіті жүгіріп барып, хатшының алдын бөгей қалып сөйлегендей болып еді, қамшымен қасқайта салып-салып жіберді хатшы.

- Ұрма! -деп ақырып қалдым.

- Сабыр, сабыр, мырза! - деп мыңбек күбірледі, - анау нағыз қара қасқасының өзі. Бұл ауылдың ызасы әбден өткен соң... домбытқаны ғой.

Әлуеттідей көрінген ұзын бойлы қара жігіт үн қатпай сілейіп тұрып қалды, мені өзіне ақырды деп білген сияқты. Районның екі ұлығы ең жуанынан он бес қойды лезде қосақтап алып, айдай жөнелді.

- Жүріңіз, жүріңіз, -деді мыңбек маған, - жауын қатайды, тез жүріңіз, паналайтын ауылға тез жетіп алалық!

Мыңбек ат басын бұрып, тайпалта жөнелгенде мен тізгінді мықтап тежеп тұрып қалдым. Көз алмай қарап тұрмын әлгі жігітке. Шағым айтар деген дәмемен жымия қарап едім, «қара қасқа» аталған боз өкпе сонда да қозғалар емес, ызалана қарадым енді оған. Тұсымдағы үйден жүгіріп шыққан жыртық көйлекті қара қатын, атымның шаужайына шап ете түсті келіп.

- Сіз бұлт астымен келіп шабатын қасқырсыз ба, жаңа үкімет қызметкерісіз бе?

- Бәсе, не екенімді білмей тұрмын, өзіңіз айтыңызшы? «Көпір үшін салынған қой салығын бермей жатқан қыңыр ауыл» деп мыңбектеріңіз ертіп келді мені. Қасқыр да емес, қарақшы да емес, үгітші боламын.

- Шырағым-ау, ол қойларын бергеміз ғой! Ей, әкел қағазды! -деп әйел шаңқ ете түсіп еді, жігіт үйіне жүгірді.

- Бұл кімнің ауылы, жеңгей?

- Зарықбай... Қоңқай деген шалдардың үйлері. Біз...

- Қайсы Зарықбай?... Өй, әлгі... қырқыншы жылы Омарбектің сазында... қоныстас отыратын Зарықбай, Қоңқабайлар ма?

- Иә, иә, дәл сол. Біледі екенсің ғой шырағым!... Қоңқақ қайтыс болған, үйі анау, әлгі қоңқиып тұрған - сол кісінің баласы. Зақаңның үйі мынау. Өзі ауру, бір жылдан бері төсек тартып жатыр. Әлгі жалмауыздар өштесіп алған соң... осылай шеттеп қоныстанып жүр едік, үкіметтің қамқорлығымен тырбанып жүріп, осы тұяқтарды құрастырғанбыз... міне, міне, әкелді, көпірдің қойын да, армияның қойын да өздерінің бөлісі бойынша төлегенбіз, міне қағаздары.. мына әкеткен қойлары, өздері жейтін.. әлгі қанішер хатшысына беретін қойлары!

«Қоңқаңның баласы» делінген әлгі қоңқа тұмсықты жігіт қос қолдап ұсынды ескі шүперекке оралған қағаздарын, әрең тауып әкеліпті. Жауыннан далдалай тұрып, мұқияттап оқып шықтым да, қой қуып бара жатқан сұлу тымақтыларға қайрыла қарап айқайладым. Естімегенсіп жөнеле берді... Ашуым арнасын енді тапқандай ағытыла жөнелді.

- Азаматым, сен ширақ бол, -деп түйілдім «Қоңқаң баласына», - бұлай болбырап тұра берсең қасқыр өзіңді де жеп кетеді... Жаңа үкіметке қарасты екеніміз ып-рас, гоминдаң емеспіз, қорықпа! Бұлар өштескендеріне салықты да артық бөлуі мүмкін. Маңайыңдағылармен мал санын салғастырып көріп, артық салынса сотқа арыз жаз! Жүр, ана қойларыңды айдап қайт, қайтарып әперемін!

Қой қуушыларға тасырлата шауып жетіп, ақырып жібердім. Үнімнің зор екенін енді ғана байқағандай, жалт-жұлт қарасып тоқтай қалды.

- Қайтар қойды, түгел қайтар!

- Неге, неге?... Сабыр етіңіз мырза, түсінісеміз! Осынша ат арытып, жауынға малшынып әрең бітірген жұмысымызды теріске шығармаңыз!

- Ақыры алынатын қой болған соң, - деп «қайнатам» қолдай кетті мыңбек құдасын, - қайтармалық, кеңінен сөйлеселік, көп есеп бар!

- Дәл осы реткі есеп те, сөйлесер сөз де аналардың қолында тұр. Өз қолдарыңмен жазып берген қағаздарың бар. Аңқау-надан болса да жоғалтпапты... армия да көпірге де артығымен төлепті!

- Мырза, оны кем төлеген... және... және мына хатшының қызметін өзіңіз көріп жүрсіз! - деп мыңбек жауып тұрған жаңбырша қайта себезгілетті сөзін, - ақысыз шапқылай бере ме? Үкімет жалақы бермейді, осы халықтан жиып алуды тапсырған. Оны айтсақ, мынадай қыңырлары атқалақтайды.

- Олай болса, «әр жүз қойдан жеті-сегіз дөнен қойын тартып әкете берсін» деген документ бар ма қолыңда? Менің қызметім ақшиып келіп соны әперу ме? Жауындатып келіп, бұлап әперетін қарақшы атала алмаймын! Хатшының кесімді жалақысын аудандық үкіметке бекіттіріп әкеліп, халыққа жақсылап түсіндіріп, есеппен ғана әпересің! Еңбекақыны осылайша басқа-көзге қамшылап, әр үйден топтап айдап әкете беретін құқықтарың болса, жүріңдер, мұндай құқықты қайсы қарақшы берген екен, көріп алайын! Ей хатшы анау келе жатқан жігіттің басына өзің ойнатқан қамшыңды көзіңе ойнатпай тұрғанымда айда қойды, иесіне тапсырып бер!

Әлімбай үн қата алмай қайтарып айдай жөнелді қойды. Мені соншалық алдап-арбап, қызыл жілік, жалпетек, ұйқысыз сарасаң болып асыққандағы мақсаттарының осы біреуін ғана біліп қалғаныма өкіне, өшіге қарадым артынан. Талай сойқаны бағанағы сай ішінде жасырынып қалғандай. «Жоққа үкімет қылышы өтпейтінін» айтып, көзқарасымды ашық көрсетіп алмасам, мені құқай көрсете жүріп істемек «істерінің» бұдан да сорақысы бар сияқты.

- Үкіметтің өз қызметкері осылайша ара түсе берсе, халықты қалай басқарып, қалай көндірмекпіз! - деп күңкілдеді мыңбек. Бұған қайтарарлық жауап әлі көп екенін ескеріп, үнсіз тігілдім хатшы соңынан. Қуып жетуге батына алмай, әрең қыбырлап келе жатқан қойшыға қойларын нұсқап, бірдеме дей сала қайтты.

- Ей, боз өкпе! - деп айқайладым қойшыға, -  жаңағы сөзімді ұмытпа, бұлай болбырай берсең өзіңді де жеп кетеді! Мықты бол, есепшіл бол! Ұқтың ба?

Сатырлай түскен жаңбыр «арасымен» шапқылай жөнелдім. Кеш болып қалған екен. «Қайнатамен» қатар жүру түгіл, қарайтын бетім де қалмады ғой. Айбарлы қарақұрым палто жаңбырдан балық терісіндей балбырап, алжа-алжа болғанда төртінші жүзбек ауылындағы серіктеріме әрең жеттім.

Ертеңіндегі кешкі жиында өштіктен иә жемқорлықтан туылатын артық салықтармен аяусыз есептесу қажеттігін де айтып, халыққа атсыз-адерссіз ескерте сөйлеп өттім. Бұл районнан аттанар шағымызда мыңбек пен жүзбектер Ербол екеумізді айырым қонақ етті де, бізді мақтап, өздерін ақтап аттандырды. Кінәларын жуып-шайғаны еді бұл. Мен де төте даттамай, «үкімет» пен «қарақшы» атауы арасындағы парықтың заңдылық пен заңсыздықтан ғана көрінетінін күлкілі мисалдар арқылы әңгімелей аттандым.

Көреген тергеушім үгітшілігімнен үркіп-ақ отырған шығарсыз. «Халық», «халық» деп белсендінің аптығын басып, белін шойрылтқанымды көрдіңіз ғой. Мендей үгітшіні тезірек үгіп тастамасаңыз, үкіметтік өктемдігіңіз жүрер ме? «Бұржуазияның бұлдыр демократиясының астынан үкіметке өңмеңдеп, қылыш сермеп, қылмыс бүркіп келе жатқан тажал» екенімді осымен-ақ спаттай саларсыз!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір