Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4311 22 пікір 2 Қыркүйек, 2021 сағат 17:05

Тілдік дискриминацияға ұшырап жатқан орыс тілі емес, қазақ тілі!

Тілдік дискриминацияға ұшырап жатқан қазақ тілі, орыс тілі емес!
Сондықтан, Президент айтқан бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!

Сонда ғана мемлекет басшысының айтқаны заңмен бекітіледі.
Өйткені, мемлекеттің мемлекеттік тілі дискриминацияға ұшырау - тарихта әлемде тек Қазақстанда ғана!

Ал кез келген өзін сыйлайтын ел үшін алдымен әлемдік алты тіл емес, ең бірінші Мемлекеттік тілі маңызды!

Қазақстан Президентіне: “Мен қай елде өмір сүріп жүрмін? Бізге өз тілімізді беріңіздер, өз тілімізде сұрағанда нанымызды беріңдер!”деп, көзіне жас алып, қамыққан, қорланған қазақтарға кім жауап береді біздің елде?
қазақ елінде қазақша нан сұрай алмай отырсақ, бұған қазақ билігі жауапты!
30 жылдан бері әлсіз заңының өзін орындата алмай отырған, нақты мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға қарсы болып отырған үкіметтің не керегі бар?

Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағында "мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп жазылғанмен, бұл орыс тілі Қазақстанда ресми тіл дегенді білдірмейді! Бұл туралы Конституциялық Кеңес 2007 жылғы 23 ақпандағы қосымша Қаулысымен бекітіп берген.
Яғни, Конституция бойынша орыс тілі тек “мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады". Тағы да айтамыз, “ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады”-деген сөз ресми тіл деген статус бермейді Конституциялық Кеңес Қаулысы бойынша.

Ал шу мен дау, мемлекеттік тілдің заңсыз қорлануы мемлекеттік немесе жергілікті басқару органдарынан гөрі дүкендер мен мейрамханаларда, қоғамдық көліктерде, жекеменшік көпшілікке қызмет көрсету орындары мен банктерде тб болуда.

Осы жерде бес жыл бұрын “Қазақ үні” газетінде жарияланған “қай тілге болса да, қазақ тілінде жауап берсеңіз – заңды болады!”-деген мақаламызды қайта жаңғыртуға тура келуде!

Қашан Мемлекеттік тілдің мәртебесі жеке дара анықталатын заң қабылданғанша көрген күніміз осы болса керек…

Конституцияда да, Тіл туралы заңда да туралы заңда ең жоғары статус - мемлекеттік тіл статусы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусынан жоғары статус болмайды. Сондықтан сауатсыздардың (министр ме, әкім бе, депутат па, сатушы ма, бәрібір) қандай да бір орыс тілінің мемлекеттік тілмен бірдей «мәртебесі» туралы "ережелері" мемлекеттік тілдің қасында бос сөз болып табылады!

2007 жылы Мәжіліс депутаттары, ақын Мұхтар Шаханов пен ғалым Амангелді Айталы бастаған бір топ депутаттың: "Конституция бойынша орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей болып табыла ма?" деген сұрағына Конституциялық Кеңес: " Атазаңның 7- бабы 2-тармағы бойынша "Орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады"-деген сөз - орыс тіліне мемлекеттік тілмен бірдей статус бермейді."-деп, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 ж. 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысымен жауап берген.

Яғни, "орыс тілінің статусы мемлекеттік тілмен бірдей" -деген сөз ойдан шығарылған, орыс тілінің құқын асыра пайдаланған орыс тілділер жасап алған жалған "статус".
Сондықтан, «Орысша жауап бермеді, қазақша жауап берді немесе қазақша сөйледі» деген шағымдану - ЗАҢСЫЗ!
Өйткені, қазақ тілі – мемлекеттік тіл!

Конституция бойынша да, Тілдер туралы заң бойынша, сауал немесе өтініш орыс тілінде бола ма, өзге тілдерде бола ма, бәріне сіз қазақ тілі – мемлекеттік тілде жауап берсеңіз – ол заңды!

«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 4 бабына сәйкес – Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл болып – қазақ тілі танылады және барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға міндетті.

9-бап. Мемлекеттiк органдар актiлерiнiң тiлi. Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн.

11-бап. Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап тiлi. «Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi.»-деп жазылған.

Яғни, Тілдер туралы Заңның 4- 9-11 баптары бойынша азаматтар мен заңды тұлғалар тарапынан түскен арыз-шағымдарға жауапты, олардың қай тілде берілгеніне қарамастан, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде қайтаруға құқылы!
Тұтынушылар құқы туралы заңның 24,25 баптары бойынша да тұтынушыға қазақ тілінде жауап беруі керек дүкен қызметкерлері қожайынынан сатушысы, тіпті күзетшісіне дейін.

Яғни, Сіз қай тілде, орыс тілі ме, ағылшын, қытай тілі ме, шүршіт тілі ме, т.б. тіл ме, сұрақ қойылса да, Қазақ тілінде – мемлекеттік тілде жауап берсеңіз – заңды болады.

Өйткені президенттің өзі қол қойған заңымызда осылай жазылған.
Ол үшін сізді ешкім жұмыстан шығара алмайды. қайта патриоттығыңыз үшін алғыс хат, қалауы болса, тіпті сыйақы беруі керек!

Яғни, біз Ақордан бастап, ауылға дейін бір нәрсені анықтап алуымыз керек!
Тілдік дикриминацияға ұшырап жатқан ҚАЗАҚ ТІЛІ, орыс тілі емес! Мемлекеттік тіл дикримацияға ұшырауда, Ресей мен біздің орыстілділер шулағандай, орыс тілі емес!

Мемлекеттің мемлекеттік тілі дискриминацияға ұшырау - тарихта әлемде тек Қазақстанда ғана кездесуде!

Сондықтан да мен кезінде Қарағандыда қазақ тілінде дүкеннен нан сатып ала алмаған студент Дастан Жақыпов туралы “Қазақ үні” ұлттық порталында “Қазақ тілінде бір бөлке нан мен су сатып ала алмайтыныма күйінемін...”-деген мақала жаздым. Оралда қазақша такси шақыра алмай, жолда қалған жұмыссыз Нұртай туралы жаздым.

Енді міне, Павлодарда қазақша азық ала алмай аш қалған, Қазақстан Президентіне: “Мен қай елде өмір сүріп жүрмін? Бізге өз тілімізді беріңіздер, өз тілімізде сұрағанда нанымызды беріңдер!”деп, көзіне жас алып, қамыққан, қорланған қазақ жігіті Асылбектің видеосы әлеуметтік желіде тарап жүр. Оған кім жауап береді біздің елде?

Қазақ елінде қазақша нан сұрай алмай отырсақ, бұған қазақ билігі жауапты!
30 жылдан бері әлсіз заңының өзін орындата алмай отырған, нақты мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға қарсы болып отырған үкіметтің не керегі бар?

Отыз жылда қазақша нан сұрай алмасақ, ұлттық идеологиямыз 30 жылда түк бітірмегені ғой!?.

Кеше ғана Мемлекеттік тілдің статусы туралы және ресми тіл деген статустың жоқтығы туралы “Хабар 24” арнасындағы “Анығын айтқанда” хабарында Анығын айттым!

Павлодарда Руза, Өскеменде Жұлдызай, елордамызда Оғыз Доған, Жасұлан Иса, Мұқағали Балқыбай, жарты Қазақстанды аралап шыққан Керекулік Диас, Алматыда Қуат Ахмет, Садық Жанықұл, Жанар Жахат және тб жетіскеннен Мемлекеттік тілді талап етіп жүрген жоқ көшеде. Мемлекеттік тіл туралы заңдылықты - Мемлекет мүддесін қорғап жүр!

Заңдылықты қадағалаушы Бас прокуратураның, құқық қорғаушы Ішкі істер министрлігінің, заңды бақылау функциясынан айрылып қалған Тіл комитетінің жұмысын істеп жүр!

Мысалы, Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы қаралуда қазір. Осы заң жобасында депутаттардың ұтымды ұсыныстары толық қабылданса, ешкім көше кезіп, дүкен-кафе аралап, мемлекеттік тіл мәселесінде дау болмас еді…

Ал қабылданбаса, көшеге шығудың көкесі сонда болады, дау көбейе береді. Бұның соңы бітпес дауға, тіпті толқуға апарып соғады. Бұл ең маңызды тіл мәселесіне үкіметтің жайлы кабинеттерінен шықпай-ақ, қара көзілдірік арқылы үстірт қарап, көзбояушы жалған ақпараттар арқылы хабар алып отыру мәселені ушықтыра береді.

Өйткені, біз осы заң жобасына Тіл басқармалары үш жыл бұрын айрылып қалған кәсіпкерлік мекемелерді бақылау функциясын қайтару үшін Кәсіпкерлік кодекске қайта ұсынып отырмыз. Ал оған Ұлттық экономика министрлігі мен “Атамекен” ұлттық палатасы келісім бермей қарсы болып отыр әлі. Үкімет келісімі алынбағандықтан бірінші сессияда қабылдануы тиіс заң жобасы екінші сесияға қалуға мәжбүр болды…

Оларға Қазақстанның 80 пайыздай қазақ азаматтарының тілдік дискриминацияға ұшырауы, әр жыл сайын көрнекі ақпараттардағы 13 мыңға жуық мемлекеттік тілдегі мазақ қателердің қаптауы түк әсер етпейтін секілді…

Әрине, мемлекеттік тілдің дамымауы – мемлекеттің басты кінәсі!
Мемлекеттік тілді мәжбүрлемей, тіл дамымайды деп талай жаздық. “Ата заңды өзгертпей, тілді үйрену – суға түспей жүзуді үйрен дегенмен бірдей”-деген жанайқа мақаламызда бәрін ақтарып айттық.

Бірақ бұл бәрімізге, қазақтарға, бізге, қазақтілділерге де байланысты. Біз мемлекеттік тіл статусын заңға сай талап ете алмаймыз. Ал орыстілділер ресми тілді мемлекеттік тілден де асырып, пайдаланып отыр. Де-факто орыстілі мемлекеттік тіл рөлін иеленуде. Бұл жерде заң емес… жеке тұлғалық қасиеттер көп рөл ойнайды. Егер екі тілдің статустары керісінше болса, қайтер едік… Онда жаңбыр жаумай езіліп жүрген қазақ тілі мүлде құрып бітер еді…

Яғни, бізге «мен мемлекеттік тілде сөйлеймін! деген шектеусіз акцияны бастайтын уақыт баяғыда жетті!

Сондықтан елдің нағыз патриоттары, Тіл күрескерлерін қудалағанша, қорған болуымыз керек! Өйткені олар Тәуелсіздік қорғандары!

Келесі жылы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды “Ақ жол” партиясы өз депутаттық бастамашылығымен қолға алмақ.

Мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылданбай дау бітпейді.

Қазыбек Иса

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371