Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
VI
Әртістердің өз қызмет орындарының талабы бойынша, көшпелі театр үйірмесі көршілес екі районды бір айналып қана қайтты. Ербол екеуміз осы қызметпен бүкіл ауданды шыр айналдық та, декабрь айының басында қарлата қайттық. «Нұрияштан» жақында ғана бір хат келіп, қайырымды мүдірдің қолымен құлыптаулы жәшігімнің артындағы жарықтан кіріпті. Мұның жөнін оның шешеме тапсырып кеткен өз хатынан көрдім де, үш жүз шамалы кітаптың астынан таптым.
Көңілімнің дауасын «Нұрияш» дәл тауып жазыпты: «Е... қыстауға аман жетіп алдық. (қыс қысыл, жаз жабыл) дейді ғой, маған төнуге тиісті (қасқырдың) да қысылатын шағы жетті. Ендігі жазға дейін ауыз аша алмайтынына жеңешем сенім айтып отыр. Мен туралы осы қыста алаң болмаңыз! (денсаулығыңыз үшін өтінгенім.) уақытында хат жазып, лайықты кітап жіберіп тұрарсыз! Қазірше сегізінші, тоғызыншы кластың оқулықтары ғана қажет. Өздігімнен игеруге славян жазуындағы оқулықтар оңайлық тудырады екен...» Екеуміздің жайымыздан ауыл адамдарының әлі күдіксіз екенін, мені мақтайтындардың көп екенін де ескертіпті.
Ол районда мені даттаушылардың да, тіпті үстімнен шағым айтушылардың да бар екенін мекемеге барған соң білдім.
Алдымен Тұрған Әлиевтің кеңсесіне кіріп, қызметімнен доклад беріп едім.
- Тағы қандай қызмет істедің? - деп жымиды орынбасар әкім.
- Сізге қазірше айтарлық басқа табысым жоқ.
VI
Әртістердің өз қызмет орындарының талабы бойынша, көшпелі театр үйірмесі көршілес екі районды бір айналып қана қайтты. Ербол екеуміз осы қызметпен бүкіл ауданды шыр айналдық та, декабрь айының басында қарлата қайттық. «Нұрияштан» жақында ғана бір хат келіп, қайырымды мүдірдің қолымен құлыптаулы жәшігімнің артындағы жарықтан кіріпті. Мұның жөнін оның шешеме тапсырып кеткен өз хатынан көрдім де, үш жүз шамалы кітаптың астынан таптым.
Көңілімнің дауасын «Нұрияш» дәл тауып жазыпты: «Е... қыстауға аман жетіп алдық. (қыс қысыл, жаз жабыл) дейді ғой, маған төнуге тиісті (қасқырдың) да қысылатын шағы жетті. Ендігі жазға дейін ауыз аша алмайтынына жеңешем сенім айтып отыр. Мен туралы осы қыста алаң болмаңыз! (денсаулығыңыз үшін өтінгенім.) уақытында хат жазып, лайықты кітап жіберіп тұрарсыз! Қазірше сегізінші, тоғызыншы кластың оқулықтары ғана қажет. Өздігімнен игеруге славян жазуындағы оқулықтар оңайлық тудырады екен...» Екеуміздің жайымыздан ауыл адамдарының әлі күдіксіз екенін, мені мақтайтындардың көп екенін де ескертіпті.
Ол районда мені даттаушылардың да, тіпті үстімнен шағым айтушылардың да бар екенін мекемеге барған соң білдім.
Алдымен Тұрған Әлиевтің кеңсесіне кіріп, қызметімнен доклад беріп едім.
- Тағы қандай қызмет істедің? - деп жымиды орынбасар әкім.
- Сізге қазірше айтарлық басқа табысым жоқ.
- Кейін айтарлық табысың болса да айта бер, мәселен, аудан әкімдерін «қарақшы» деп үгіттеген «табысың» да бар шығар?
Аңтарыла қарап жымиған маған орынбасар әкімнің томпақ қарашығынан шындағанда көрінетін тікені байқала қоймады. Мұндай сөздің менен қай жерде шыққанын ойланып барып таптым, Омарбек бас үш қасқырдың жауынды күнгі қарақшылығына айтылған сөзім есіме түсе кетті: «мұндай құқықты қайсы қарақшы берген екен, көріп алайын» деп пе едім. Әкімдерге сол сөз өңделе жеткен сияқты. Зарықбай - Қоңқайлардың ауылына Омарбектер мені не деп өшіктіріп апарғанынан бастап, болған оқиғаны, айтылған сөздерді түгел сөйлеп бердім.
- Олай болса дұп-дұрыс, - деп күлімсіреді Әлиев, - Досан әкім маған айтқалы бір ай болып қалды, саған тағы да өштесіп отыр. Омарбекке ол құқықты берген өзі болғандықтан өшеседі, әрине, ха-ха-һа....һа.. өзіне сол «қарақшыларының» үстінен енді сен барып шағым айт. Осы сөзіңді қосып, менен естігеніңді білдірмей айт!
Сәлем беріп кіргенімде Досан әкім кәрі тарғыл мысықша күржие қалды. Ернінің жыбырлағанын тағы да мұртынан ғана байқадым. «Одақ» қызметі жөніндегі доклатымды қысқаша баяндап алып, Омарбектің оқиғасын сөйлей жөнеліп едім, әкім кіржие тыңдады да, сол сөзімді ұстай алды:
- Осы сөзді оларға құқық берген кім деп айттың сонда? - деп сыздана қарады маған.
- Кім бергенін атап айтпадым. Мыңбектің құқығы оған халық берген ғой, бірақ, өзін сайлаған халықты солай бұлай ма? Халық оған мыңбектік құқық берсе де, әрине, қарақшылық құқық бермеді ғой?... сізге сонысын тияр деген үмітпен мәлімдеп отырмын.
- «Қарақшы», «бұлаңшы» деп көзіне түрте жүріп қалай ынтымақтаспақсың олармен! Олармен ынтымақты болмай істі қалай бітірмексің? - деп ақырып жіберді әкім.
Солардың талабы бойынша Мақпалдарды оқудан қалдырған әкім маған да солардың талабы бойынша ақырып отырғанына ызам қатты келді. Ызбармен қарадым мен де, «олардың көкірегіне бу болып, не қилы заңсыз өктемдікке жол беріп отырған сіздің «ынтымақ» екен-ау?!... Олардың мені қуыршағынша ойнатпақ болған жүрегі темірден жаралған ба деп келсем сізден жаралған екен ғой?» деуге оқталып барып тоқталдым.
- Әкім, олармен ынтымақтасу үшін қасқыр болып бірге шабысуым қажет емес шығар? -деп күрсіне қайтарды жауабын, - заңсыз істің бәрі де қарақшының ісі, осыны атап айтпасам, тоқтамайтын болды. Есептеп көрейікші, сол районда басқа түліктерін қоспағанда елу мың қой бар. Хатшысының ақысына халықтың әр жүз қойынан жеті дөнен қойын тартып әкете берсе, үш мың бес жүз дөнен қойын әкеткен болмай ма? Мұншалық дөнен қойды таңдап тізіп қандай қарақшы бұламақ?... Ынтымақтасу үшін осыған жол беріп, қатарында тұрсам. Өзім кім болмақпын? Сол ауылдың қара қатыны да біліп айтты ғой осыны... «тыныштық пен демократияны қорғау одағын» ұйымдастыруға барған үгітші осы қарақшылықпен «ынтымақ» орнатпақ па?... Оларды қаталдықпен шектеуіңізді халық талап етеді!
- І....һ....і... болды, естідім, бар, өз қызметіңе бара тұр! - деп мұрт астынан әкім күңгірлегенде, ұрт астынан азуымды басып мен жөнелдім. Осындай сүйеніші бар түрмеден Мақпалды биыл алып қашсам аса қатерлі іс болатынын енді толық түсініп, ендігі жылға қалдырғаныма іштей разы болып шықтым.
Әкімнің «өз қызметіңе бара тұр» деуі басқа қызметке ауыстыру иә қуалау мағынасын бере алмады, енді олай істей алмайтынын, өзі содан жарым ай кейін түсінгенін Әлиевтен естідім: «ынтымақ үшін Биғабілді енді Омарбектің районына жібермеңдер» дегенін айтып күлді...
Бір күні кешке жақын Әлімбай хатшы екі шанамен ет әкеле жатқанын көріп, көшенің мекеме алдындағы тұсынан тоса қойдым. Қызметтен қайтқан шағымыз еді. Аулада Досанның қара шанаға отырып жатқанын көріп тосқанмын.
- Сәлем, Биғабіл әпенді, сәлем! - деп Әлімбай шанадан түсе қалып амандасты. Әкім шанасы қақпаға жете бергенде әдейі естірте дауыстадым:
- Мына етті «ынтымақ үшін» аудандық үкіметке әкелдіңіз бе?
- Иә, иә... әкімдікі, әкімдікі, - деп саңғырлап еді, шығып келе жатқан әкімнің шыға жаздаған көзімен оның көзі тоғыса қалғанда, «тақсырын» қоса қойды, - әкім тақсырдікі еді, бізде соғымдығы бар болатын, бізде!
Алара қараған әкім алдындағы көшірін құйрықтан түртіп қалып, заулата өтті.
- Анау күні шабармандарыңыз әкелген үш шана қи да сол соғымдықтан шыққан отын екен ғой? - деп қасымдағы Махмұт күлгенде, басқалар оны қоздандырып жіберді.
- Келіп жатқан тобылғы-қарағандар да соның сұйығынан өнген отын шығар? - деп күлді біреуі.
- «Ынтымақ үшін» әкелдім деп шыныңды айтсаң бұлар қалжыңдамас еді, әкімге осыны жеткізе салмасаң көңіліне келіп қалар, - деген ескертпеме Әлімбай мағынасыз күле изектеді.
Ертеңіне таңертең Әлімбайды бөлмеге шақыртып әкелдім де, мектептерінің кедей-жетім оқушыларына бөлінген қағаз-қарындаш пен оқу құралдарын жөнелттім. «Нұрияш» сұраған кітаптар үшінші жүздік мектебіндегі Дүйсеннің атына айырым жазылып, бұйынтақ оралып бешеттелген. «Дүйсен жолдас, жіберген ақшаңызға сұраған кітаптарыңыздан осылар келіпті. Тапсырып алысыңызбен тізімі бойынша хат жазарсыз» деп жаздым сыртына.
Содан бір апта өткенде боз қыраулатып мүдір жетті. Сол кітаптар орауы жыртылып, беттері кірлі қолмен түгел ақтарылып алдыңғы күні кеште ғана тиіпті. Дүйсен ашқан есігімнен кіргенше дәт қыла алмай, тұра қалып сұрады:
- Арасында Мақпалға жазған хатың бар ма еді?
- Жоқ, Әлімбайдан жіберген кітап арасына хат салам ба?
- Е, бәсе! - дей сала есіктен аттаған мүдір шешеммен амандасып төргі үйге кірген соң жалғастырды сөзін, - бәсе, ондай аңғалдық етпеуің керек еді. Мақпалдардың да бір қаупі бар екен. Хатында жазған шығар, оқышы!
Тәптіштеп конверттелген ғашық хатын асыға ашып, дір қаға оқыдым: «... Сағынғаныңызды білдім. Жіберген кітаптарыңыздың біріне «Нұрияш», «Нұрияш» деп жаза беріпсіз. Менің де сіздің атыңызды осылай жаза бергім келетіні бар, содан білдім. Бірақ, Әлімбай кітаптарды ақтарып көріпті дейді. Олай болғанда бұл жазғандарыңызды да көрді ғой. Осы атыма жазған бір хатыңыз жасырған жерімнен жоғалған. Екі апта өтті, табылмай кетті. Оқи жүрейін деп сақтап едім. Бұл да сол қудың қолына түссе «Нұрияшыңыздың» кім екенін біліп қояр деп қорқамын. Біреуі елеусіз сұрай қалса, недесем болар екен?...»
«Нұрияшым» қауіптенген мәселеден мен қатерленбеймін бе, аңыра қарадым Дүйсенге.
- Әлімбай дегеніңіз қазан ішінен ұра іздеп тімтініп жүретін бір ит, - деп жымиды ол, - қарадай жала жаба салудан да тайынбайды. Одан кітап жолдағаның дұрыс болмапты!
- Бір күн болса да уақытын зая жібермей оқуы үшін асығыппын. Қазіргі қаупіміз - «Нұрияш» деген аттың әшкереленіп қалуы көрінеді... «осылай отырғызып зеріктірсек, айтқан жерімізге еріксіз көнеді» деп қамаған қызына менің тап бола қалуым білінсе, біреуіне зорлап зым-зия жоғалтады ғой. Осы атаудың ізін қалай жасырсақ екен?!
- Жоғалған хат туралы жеңгесі мен жүрерде әйелімнен сәлем айтыпты: «біреуі тергей қалса, ойын қоя келгендердің жатқан үйінде қалған хат екен. Мен тауып алғанмын. «Нұрияш» дегені Биғабіл ертіп жүретін әлгі бір қыздың аты екен дей салсам қалай» деп сұрапты.
- Бұдан басқа негізгі сылтау да жоқ қой? - деп күрсініп, маңдай терімді сүрттім. «Ауылын айнала жүріп көрсеткен «қалыңдығымның» затына сенбеген Әлімбай қу енді атына сенер ме, жоғалған хаттағы сөзім қаладағы сол еркін қызға үйлесе қояр ма» деген күдік терлете берді. Бірақ бұдан басқа қисынды жауап табылар емес... «қайтсем де осыған сендіруім керек» деп бекідім.
Әлімбай сайқал қалаға январдың соңында келді. Базар аралап жүргенде Қиялзаттың қалыңдығын тағы да ертіп шығып мен де араладым. Бір дүкенге Әлімбайдың соңынан ере кірдік.
- Нұрияш, ей Нұрияш, шымылдыққа мына торғын қалай? -дегенімде жылмаң сары бізге жымия қарап қойды.
- Күрең пүліс алайықшы! - деп көзін төңкере қрады Мәрия. Күлкіден қысылып қызара қалды да, қабағын түйе қойды. - Апам пүліс алыңдар деген!
Әлімбай қатарымызға келіп, Бөкейге сүйене үңілді оған:
- Сіздің атыңыз Мәрия емес пе еді?
«Қалыңдық» не дерін білмей, басын шайқай салғанда, жауабын мен қйырдым:
- «Мәрия» деген кіндік шешесінің аты, орыс екен. «Мәрия» деп мұны біз соның атымен атап қалжыңдайтынбыз, - дегенімде күлкіден қысылған «қалыңдық» қолымнан тарта жөнелді...
Әлімбайдың Мәрияны осы тергеуінен қаупім тағы күшейе түсті: «мақпалдан жоғалған хат осы қудың қолына түспесе, Мәрияны «Нұрияш» атауымды тергей ме» деп қысылатын болдым.
Март айы жарымдап, қар еріп жатқанда Мақпалдың жүзбек әкесі де келді базарға. Мәрияны енді күліп жібермеуге мықтап бекітіп, болашақ «қайнатаның» соңынан қолтықтай ілестім. Екеуіміз Әлімбайға көрсеткен ойынымызды оған да көрсеттік:
- Нұрияш, ей Нұрияш, үш көрпенің тысын мына қызыл торғыннан алайық па?
- Болмайды, апам, гүлді жасыл торғыннан алыңдар деген!
Былтыр күзде маған іштей өкпелеп қалған жүзбек жалт қрап қасымызға келді де, салқын ғана амандасты, Әлімбайша Мәрияның атын тергеп сұрамай, қарай берді.
- Жүр, Нұрияш, олай болса жасылынан-ақ алайық, - деп ертіп әкете бердім. Мұның тесіле қарауы да үлкен күдік сездірді. Былай шыға бере: «Нұрияшым, сен үшін бәрін де ұялмай-ақ істей беремін де» деп күбірлеп қойыппын өзіме.
- Енді тағы нені «ұялмай-ақ» істемексің? - деп күлді Мәрия, жауап қатпай жымиып едім, онан сайын күлді, - мені базарға салып, әбден ұялтып болдың. «Нұрияш, Нұрияш шымылдық алайын, көрпе алайық» дегеніңде дауысың тіпті саңқылдап кетеді, қойсаңшы енді осы ойынды! - деп кідіріп, ойлана қарады жүзіме, - ей Биға бір жәйтті өзіңнен сұрамақ едім, шыныңды айтамысың?
Мәрияның кеше кешке жақын Әлиямен бірге жүргенін көрген болатынмын, содан суыну жайымды сұрамақ екенін тұспалдадым да:
- Сұрап көр, - дей салдым.
- Айтайын деп уағда берсең ғана сұраймын.
- Айтпайтын да сыр болады ғой?
- Мәселен?
- Мәселен, айтып қойсам өзіме иә басқа достарға зиян келтіретін сыр жасырылуға тиісті.
- Әлия екеуіңнің араларыңдағы сыр қалай? -деп жымиды қыз.
- Ол екеуміздің арамызда сыр бар деп кім айтты?
- Өзі айтса да жасырамысың?
- Не деп айтты?
- Екеуіміз уағдаласқанбыз... дейді, соншалық жақын жүргеніміз де маған тосыннан сырт қарап кеткені опасыздық болмай ма, соны сұрап бер деп өтінді.
- Ендеше былай болсын, қазір қызметіме асығып келемін, өзіңе кейін толығымен сөйлеп берейін. Әлияға мынаны айта сал! Опасыздықты кім істегенін алдымен өзінен сұрауы ғана ақылдылық болады. Менен сұраса өзіне үш есе ауыр тиеді... ал кеттім.
- Дегенмен Әлияға әлі де достық сақтайтыныңды байқадым, - деп Мәрия күлгенде қайрылып тұра қалдым:
- Қалайша?
- «Досқа зияны тиетін сыр» деп, алғашында менен жасырмақ болдың ғой?
- Жасырмақ болғаным оған достығымнан емес, адамгершілік-аяушылығымнан ғана... сырын әшкерелеп қойсам оным зор қаскүнемдік болар еді, ондай кезбені дұрысырақ жігіт алмай қояды ғой... қыз дегеннің қымбаты - абыройы ғана. Енді өзіңе рахмет! Әлияға менің «Нұрияш» туралы сырымды айтушы болма!
Мәрия қара көзі бадырайып, ақ құба жүзі қызара қалды да, тілін шығарды!
- Бәле, айтып қойыппын!
- Қашан?
- Әлиямен бұрынғы байланысыңды қайдан білейін, кеше ол жайын сөйлеудің алдында «Нұрияшты» жасыру жолындағы ойынымызды күлкі үшін айта салыппын, кешір!
- «Нұрияштың» қайсы районда екенін айттың ба?
- Есімде жоқ, ойланайын.
- Не сөйлегеніңді толық есіңе түсір де, қисынын тауып басқаға айналдыра сал! Бұл туралы кешке жақын сөйлесейікші!
Жеделдете жөнелдім мекемеге қарай, ыза ма, қысылу ма, дүрсілдеген жүрегім көкіректен тиянақ табар емес, Әлия біліп қойса, «Нұрияшыма» қастандық ойлайтыны сөзсіз еді: былтыр күзде менен қалған соң офицермен үш айдай бірге жүріп, одан да қалғанын Меһірден естігенмін. Одан айрылыса салып мені қайтадан іздегеніне Меһір мен Бақай ұрсып шығарған екен. Сонан соң жыл басында қайтып келген Үсен капитанның қолтығынан көріп жүрдім. Сонда оның «көрдің бе бәлем» дегендей мақтанышпен қомсына қарап өткеніне күлгенмін. Енді Мәрияға мына айтқан өтінішіне қарағанда, Үсеннен де кетіскені ғой. Маған тағы бір жабысып байқамақ сияқты. Мұндайда Мақпал жайын біліп қойса, оған күндес бола кетпей ме? «Күндестің күлі де күндес», қолынан келетін қастығын аясын ба, білсе күндесінің әкесіне әшкерелеп хат жазбай қойсын ба? Мұны шектеудің нақтылы шарасынан жиренішті іс аз кездесер-ақ!...
Қызметтен кешірек босап, Мәрияның қақпасына жақындағанымда Қиялзат жолыға кетті. Мәриядан өтілген ағаттықты әңгімелесе тосқан екеуміз қасымызға келген Мәрияны ортаға алып, қалжыңдаса жөнеліп едік. Мәрия бір жапырақ қағаз ұстатты маған. Әлияның сәлемі екен, жаңа ғана беріп кетіпті: «Биға, бүгін кешке, баяғы уақытымызда әлгі бір көшеден күтемін. Қайтсең де, қандай қызметің болса да келіп қайтуыңды өтінемін! Әлияңыз» деп жазыпты.
- Ойландым, - деді Мәрия маған қарап томсарып, - «Нұрияңыздың» адресін де айтып қойыппын! Әлия жаңа маған келіп қайтқанда: «Нұрияш» дейтіні Қиялзат екеуінің күлкі үшін шығарған қалжыңы екен. Барған жеріміздің бәрінде мені солай алдап ойнап жүріпті» дей салдым. Бола ма?
- Болар-болмасын кім білсін?... Оған Мақпал дедің бе, «Нұрияш» деп атадың ба?
- Мақпал дейтін тағы біреуің бар ма еді? - деп мәрия аңыра сұрағанда, Қиялзат екеуміз қарқылдай күлдік.
- Бар, бар, - деді Қиялзат, - Үрімжіде Мақпалы, Шихуда Нұрияшы, Шәуешекте Қалимашы, Дөрбілжінде Әлияшы бар. Егер осы жеңіл ауыздығыңнан әңгіме шыға қалса Мәрияшын бесінші тоқалдыққа беремін!
Мәрия Қиялзаттың иығынан түйіп қалып, күле сөйледі:
- Берсең бара саламын, несі бар ақыр әйгілеп болдыңдар, екеуміздің шымылдық пен көрпе-жастық іздеп кезбеген көшеміз қалмады.
- Рахмет, Мәрияш, мен үшін көп азаптандың! Әуремен тамыр болып, сарсаң туғаның осы! -деп қалғанымда Мәрия енді мені төпештеді.
- Кешір, кешір, тұңғышыңның осылай туылуына Қиялзат екеуміз кінәліміз, -дедім мен, - рас айтам, рас айтам!... Жайымызды толық түсіндірмей жұмысқа сала беріппіз... ал, қыртпайтын, тұра тұршы... Әлияның жайын Меһір толық біледі, Қиялзат екеуің қазір барып солармен сөйлесіңдерші! Осы кезбені тезірек шектемесеңдер, ол енді «Нұрияш» екеуміздің тағдырымызбен ойнайды. Көмекейін бір көріп, арттарыңнан барайын.
Осыны айта сала Әлия шақырған жаққа жөнелдім. Ымырт үйріліп қалған шақ. Көшедегі еріген қар суының лайсаңын кеше жеттім: бұрын үйіміз сияқты көрінетін қоршау дуал енді дәретхана сияқты сезілді. Аттап түсуге намыстанып тұрғанымда сыртымнан келіп екі қолымен көзімді баса қойды Әлия! Серпіліп босап, жалт қарадым. Бұрын көңілім түзу шағында нұрдай көрінетін сол сұлу кішкене балалардың ойнап кірлеткен қуыршағындай сатпа-сатала болып сезліді көңіліме, «қуыс қуыршақ» деп қалдым ішімнен.
- Өзіміздің дағдылы уақытымызда келіппіз, -деп сылқылдады. Екі иығы күлгендегі Арысбектің иығынша бүлкілдеп, құйқылжи қарады тағы да.
- Екеуміздің уақытымызда да, Қасен екеуіңнің уақытыңда да, Үсен екеуіңнің уақытыңда да келіппіз. Бірақ, менің бұл келісім енді мүлде қайталамайды. Себебі, Қасеннен екі рет айрылысып, мені екі рет шақырғаның есіңде, енді Үсеннен айрылысып бір шақырып тұрсаң. Мұнан соң Әсеннен айрылысып та, Күсеннен айрылсып та мен бейшараны шақыра бермекпісің, обал емес пе маған?...
- Биға, арамызға өсек кірген ғой, түсінісейікші! Былай өтейік, біреу көрер.
- Жоқ, арамызға өсек кірген емес, есек кірген деп шынын айту дұрыс. Солардың қолтықтарында түсіндіргенсің ғой, енді түсінік сиятын орын қалған жоқ, Әлия! Бірақ, оныңды жазғырарлық та ниетім жоқ. Алтайға кеткенімде өзіңді өзің бірер ай тежей алмай, мені күте алмай Қасенді тауып ала қоюыңнан айрылысып, соныңа өз қолыммен қосып беріп кеткенмін ғой, менде кінә жоқ. Өзіңе өзіңнің жаның ашысын, мені енді әшкерелеп масқараланбай, соңғы табысқан біреуіңмен ғана бол! Жолың болсын, титтей өштігім жоқ, мен де саған қайта оралудан кеткенмін. Әйелсіз өтсем де саған енді жоқпын! Осы ғана айтпағым, ал, кеттім!
- Тапқаныңды білемін, соған кетпексің ғой! Оған жету үшін істеп жүрген амалыңды да біліп отырмын. Бірақ оған...
- Тапсам да, таппасам да, жетсем де, жетпесем де сенен мүлде кеткенмін ғой, ендігі байбаламыңның жолы болмайтынын білген соң, сыпайылық сақтап, құпия күйіңде қалғаның ғана дұрыс шығар...
Соңғы сөзінің «бірақ оған...» деп аяқталуынан, «жеткеніңді көрермін, бәлем тұра тұр» деген мағына тауып, жауабын беріп қайтсам да жаурап қайттым. Жаңа отауда Өмірбек пен Қиялзат бір бөлек, Меһір мен Мәрия бір бөлек күбірлесіп отыр екен. Бақай дара тұқырып, ойланып қалыпты. Романтикалық өлеңдерін ойлап отыр ма, біздің өмірімізді ойлап отырма, онымен жұмысым болған жоқ. Кезбемен не сөйлескенімді айта салып, жауратқан қатерімді баяндағанымда Мәрия қызарып, тырнағын шұқылай берді.
- Мәрияш, қысылмай-ақ қой, - деп езу тарттым, - ағаттық сенен емес өзімнен өтті, жайымды толық түсіндірмегендігімнен болды!
- Тіпті де сенен емес, өзімнен пайда болған сарсаң, - деп Қиялзат жымиды маған қарап, - ұялмай-ақ толғата берсін!
- Қойшы! - деп түйіле қалды Мәрия оған, жылауға ыңғайланғанында Меһір оны құшақтай алып күліп жіберді.
- Биғабілға осы кезбені тауып қосқан мен балатынмын, айттым ғой жаңа, мен де білмейді екенмін оның сырын... енді оны өзіміз шектейміз! Ол намыссыз біреуінен қалып бір, екеуінен қалып екі келе бермек пе?! Ұждансыздығын бетіне басып отырып тоқтатамыз!
- Қастығын бір жүргізіп, күндесін жойып алмай тоқтамас, - деп жымиды Өмірбек, - оны тоқтату үшін Биғабілдің өзі оған тоқтаған болып, сендіріп жүре тұруы керек. Анауын әкеліп алған соң бітпей ме шаруа?
- Қылмыс үстіне қылмыс қоса бер деші! - деп жымидым мен, - өтірік сүйіп сендіре алмайды екенмін!
Меһір мен Мәрия беттерін басып қыстыға сықылықтады да, Қиялзат тіпті қарқылдады:
- Оны сендіремін деп жүріп Биғабіл енді сарсаң ғана емес, пәлеғабыл тудырар?
Ду күлдік. Бақай отырған орындығына артын егей түсті. Романтика туралы емес, мен туралы ойланып отырғанын түсіндім.
- Ей, ей, қалжыңды қоя тұрыңдаршы. Оп-оңай мәселеге бас қатыратын не бар, Әлия тауға әшкерелеп хат жазып, ол барып болғанша «Нұрияшты» әкеліп алсақ болмады ма? Төртінші ай туды ғой, жаз деген осы емес пе?
- Жаз жақындағанымен бостандық жақындамай сарылтып тұрмай ма? - деп күрсіндім мен, - бостандық тумай тұрып Омарбектің жағасына қол созсам, Досан қырқып тастайды ғой? Досан кесір әкім болмаса өткен күзде-ақ келіп болатын еді.
- Бір әкеліп алсақ, қайтарып әкетуден мыңбек-миллионбектерің намыстанар! Айдап әкететін малың, шауып алатын қазнаң жоқ, саған не қылмақ?
Мыңбек-жүзбектерінің өткен күзде маған өшескен себебін, Досанның солар үшін маған азу басып сылтау таба алмай жүргенін қысқаша түсіндірдім де, келетін қатерді айқындай тұжырдым:
- Аңдып отырғанын көз алдынан ала қашсақ, мыңбек пен жүзбек қуа жетіп бассалады да, «жағдай үшін», «ынтымақ үшін» деп Досан мені қамата салады. Досандар бас құрай қойып, шындап қалшылдаса, «жағдай» мен «ынтымақ» заңның жаны болып көрінеді де, жаңа ұйғарымдарды қымырлатпай қояды. «Нұрияшты» қайтарып әкетіп, біреуіне зорлап қосады. Ол масқаралыққа «Нұрияш» шыдай ма? Мен өзіме келетін азаптан емес, Нұрияшқа төнетін қатерден ғана қорқамын.
- Олай болса, рас қатерлі екен, - деп күрсінді Меһір, - асықпаңдаршы, бір каззаптан қорқып мерт етпейік! Өзім тауып берген пәленің соңына өзім түсейін. Мәрияш екеуміздің көзімізді байлай алмас.
Мақпал тағдырынан қауіптенген сайын ішкі өлке жаққа жалтақтаймын, ұлы төңкеріс хабарына үңіле беремін. Осы жылдың бірінші айындағы Хуайхы шайқасында гоминдаңның негізгі күші жойылғаны естіліп еді, халық азаттық армиясы енді келіп қалар-ақ деп елеңдеймін. Бос уақытымның көбін одақ кеңсесіндегі радио қабылдағыштың алдында өткізетін болдым. Үмітшіл көзім «төңкеріс таңының»* әр санын, тіпті «халық дауысы», «алтай газеті», «дөрбілжін хабарларына» дейін тінтіп өтетін болды.
Бөлмеге Махмұт Керім жүгіріп кірді бір күні, «сүйінші», «сүйінші» леп даңғырлай жетті, - Жижиң азат болды, Бижиң! ... Тянжин алынған соң Бижиң өздігінен беріліпті... сүйінші!
- Ал, ал, қалағаныңды ал! - деп секіріп тұрдым орнымнан, - Бижиңдегі аю гоминдаң өздігінен тізе бүккенде, Үрімжіге ұлттық армия байлап отырған қасқыр гоминдаң қайтпек?... Ертең-ақ тоңқаңдады дей бер!...
Сол «ертеңім», «Нұрияшымның» ертеңі бола қоймай, тағы сарылтты: май айы жақындап, күн ыси бастады. Халық азаттық армиясы зеңбіректерінің үні сонау қиыр оңтүстіктегі Чаңжяң бойынан естілді енді.
- Япыр-ай, тым болмағанда бір дивизиясы бері жылжысашы, Үрімжі тоңқаңдамаса, бер жағынан біз-ақ тоңқайтар едік қой! - деп желпіндім.
Осылай пысынап отырғанымда Меһір алқына кірді кеңсеге, іші шермие бастаған екіқабат еді, маңдайы мен әдемі мұрны тершіп алыпты. Ым қағып ерте жөнелді көшеге:
- Ой Биға, хабарсыз ба едің, ауруханаға «Нұрияш» келді!
- Не дейсің, ауырып келіп пе?
- Жеңгесі ауырып, екі ағасымен бірге өзі әкеліпті. Мәрияш арба үстінен танып амандасты да, ауру жеңгесін түсірісті. Мен де амандасып, қасында тұр едім, бізді қақпадан көріп Әлия да жетіп келді. «Бұл кім», «бұл кім» деп сұрай берді, көзі тікірейе түсті!...
- Кім дедіңдер оған?
- «Мәрияның қырдағы бір әпекесі, ауырып келіпті» дей салы жерге сөзім бардай қолынан тартып сыртқа шығардым. «Қасындағы қыз кім» деп артына жалтақтап қарай берген соң, ойын саған бұрғым келді, кешір, басқа лаж таба алмай қалдым.
- Не дедің?
- «Бүгін түсте Биғабіл сенімен сөйлеспек еді, жақсы кездестің» дей жетектедім. «Қайда» деп маған жалт қарады. «Біздің үйде» дедім. «Анау қыз кімнің қызы екен» деп тағы сұрады. «Білмеймін.. оның несін сұрай бердің» десем, «сұлу екен» деп күрсінді. «Сенен де сұлу ма» дегенімде ойланып тұра қалды да, үй жағына бұрылып жүре берді... «шақырған уақытында барармын» деп кетті.
- Әй сол кезегенді бекер шақырдың-ау! -деп түйілдім, - менен тағы үміттеніп, онан сайын қызғанбай ма... «Нұрияшқа» тіпті өшіге ізденетін болады ғой?
- Көңілін ала тұрсаңшы мыналар қайтқанша.
- Алдай алмаспын, бірақ, сөйлессем сөйлесейін.
Меһір үйіне кетті де, мен аурухана жаққа жөнелдім. Әлия қайта оралып келіп Мәрияны тауыпты. Соның қақпасының алдында сөйлесіп тұрғанын көріп, шегіне қойдым мүйіске. Ол қайтып бері беттегенде алдынан шыға келдім. Бір құйқылжып қалып, миығынан күлімсірей қарады маған.
- Мені шақырдың ба?...
- Иә, меһірге таңертең айтып едім, жолықты ма?
- Жолықты, дәл түсте іздегенің ғажап екен? -деп Әлия «бұл шақырудан» да секем алғанын білдірді. Мен ол сезігінен бейхабарси қайырдым жауабын:
- Саған ғажап емес, әсіресе маған «ғажап» сөз бар. «Дәл бүгін» қолың тимесе кейін бір «дәл» уақыт тауып сөйлесермін!
- Қазір барамын, -деп Әлия жүре берді.
Мәрия оның қалай жүрерін бағып, артынан қарап тұр екен. «Нұрияштың» келгенін маған қарсы жүріп келіп баяндап, олардың кім екенін білуге Әлияның төніп жүгенін айтты:
- ... Қайтып келіп, менен тағы сұрады. «Ауырған әйел шешеме жақын туысымыз келеді. Қасындағы қыз қайын сіңілсі. Алдыңғы күні ғана ұзатылатын тойына біздің үйді шақыртып еді. Жеңгесі ауырып қалыпты» дедім, бола ма?. Әлия қасындағы екі ағасының атын да сұраған соң мен басқа біреулердің атын айта салдым. Енді барып олардың атын білсе шатақ болар ма екен? Жүзбек ағасын «ертең қайтады» деді «Нұрияшың».
- Танысып ала қойдыңдар ма?
- Өзі толық біледі екен, сенің амандығыңды сыбырлап қана сұрады. «Қазірше келмей тұра тұрсын, жеңгемнің науқасы қиындау, бірнеше күн осында болатын сияқтымын» деді, сабыр ете тұр!
- Мақұл, -дей сала ауруханадағы таныс дәрігеріме хат жазып, күтіміне жақсы қарауын өтіндім.
- Мәрияш, қазір біздің үйге барып Биғайша екеуің оларға шәй, тамақ апарыңдаршы! Ауылында болған сені ағалары бұл кім деп тергемейді. Биғайшаны «ақтоқтының» сіңілсі дей сал. Мен әлгі кезбені айналдырайын! -деп Өмірбектің үйіне кеттім.
Әлия Өмірбек пен Меһірдің арасында шәй ішіп отыр екен. Әпсәтте опа, далабын еселей жағынып, сәнденіп үлгіріпті.
- Мыналардың бүгінгі құрметтеуіне де ғажаптанып отырмын, -деп тағы күлімсіреп еді, Өмірбек «алдай тұру» мақсатындағы қалжыңын айтып жымиды:
- Иә, инспектордың қалыңдығы болған соң қорықпай қайтейік?
- Бір қыстың ішінде үш дәуренді басыңнан кешірген соң сыйлап отырғаны шығар? -деп салған маған аңыра қарасты жас жұбайлар. Сөзімнің соңын онан да өткізе масқаралай жалғастырдым, - осы жазда тағы да үш дәурен кешсең аспанға көтерер әуелі!
- Араларыңда «түсініспестік» көп сияқты, -деді Өмірбек, қызара қалған Әлияға бір қарап қойып, сөзін Меһірге бұрды, - біз шәйді қарсы үйге ішейік, оңаша сөйлесіп ұғыныссын!
- Мені түсінбей жүрген ештеңем жоқ, сендердің алдарыңда сөйлесуге шақыртқанмын, отырыңдар, -дедім мен, - мұның былтыр жаздан бергі қылығын талай ел біледі. Бір жігіт тіпті әкесіне атсыз, адрессіз домалақ хат жазып, түгел әшкерелемек көрінеді. «Өгей әжесі еркіне қоя берген масқара қызды өз әке-шешесіне мәлімдеп тиғызбасақ обал болады» деп кіжініп жүр...
- Оны шектей тұр, Биға, қайтсең де шекте, Әлияға қатты тиеді ғой! -деп күрсінген болды Өмірбек. Өзінің алдап тізгіндеу амалынан көрі менің осылай қорқытуымның сауапты болатынын түсініп, арашаға түскендей «безектеді», - әкесі намысшыл, зейіл кісі еді, жарық көрсетпей қамайды ғой? Адамға көрсетпей, бір доңызға зорлап қосып болған соң бір-ақ шығарар, обал болар, тоқтата тұр оны, Биға!
Әлия жылап жіберіп бетін баса бұқты үстелге.
- Жоқ, тоқтатары қалған жоқ! -деп мен екілендім, -мұның анау бір күні мені шақыртып алып айтқан сөзінің қорқыту екенін түсінбеппін. Соны бүгін өзінен сұрайын деп шақыртсам, «ғажаптанамын» дейді. Сондағы ғажаптанатыны немене екенін тағы да түсінбей келсем, сендердің құрметтеулеріңе де ғажаптанып отыр. Ол сөзіне қайтарған сенің жаңағы жауабыңнан ғана әлде бір күмәнмен шатылып, қорқытпақ екенін байқадым. Енді былай болсын...
- Тоса тұр, Биға, екеуіңді таныстырған біз едік. Жақсы табысқан сияқты едіңдер. Сенің Алтай соғысында қатерде жүріп хат жаза алмағаның рас, сол себеппен ғана Әлия басқа жігіт іздегені рас, екі жігітті кезектестіріп, түн кезгені де рас. Соны өзі істеді, «өзі істеген өкінбейді». Жараса алмайтын болсаңдар ақыры айрылысқан соң бір біріңе обалды іс істемей, адамша айрылысыңдар... Табыстырған Меһір екеуміздің екеуіңе қоятын талабымыз осы! Мұндай қасүнемдік қайсыныңнан шықса біз соныңмен қастасамыз!
- Былай болсын, -дедім мен орнымнан түрегеліп, - мынаның мені немен қорқытпақ болып жүргенін білуге құштармын. Құдай үшін осының істемек ісіне жол беріңдер! Соны білейін де, осы талаптарыңа сонан соң жауап берейін.
Осыны айтып шыға бердім. Меһір мен Өмірбек «бітті» дегендей көңілді ишара білдірді, Әлия бұққан бетімен қалды.
Түстен кейінгі қызметтен босаған соң аурухананы екі рет айналып, ымырт жабыла қайттым үйге. «Нұрияшымды» бір көре алмаған қападан терлеп кіріп едім, шешем күлімсірей қарады да, қарындасым төр үйге менімен бірге кіріп, есікті мықтап жапты:
- Көрдім бәлем, көріп қойдым, - деп күлді, - жақсы екен.. Мені түрімнен шырамытты білем, қарай берді!... қаланікі сияқты ғой өзі, жаңа үлгіде киініпті. Осындағы мектепте болып па еді, бір көргендеймін.
- Иә, алдыңғы жылдарда осында оқыпты. Жеңгесінің науқасы қандай екен?
- Біз шәй апарғанда көзін жұмып үнсіз жатыр еді, күйеуі мен «Нұрияш» оятқан соң басын көтеріп, шәй ішті, ол да маған қрай түсіп ішті. «Нұрияшқа» жымия қарап қойып, «іш, іш, шөлдедің ғой, жақсы шәй екен, ағаңа да құй» дейді.
- Нешінші үйге жатыпты?
- Шәй қайнағанша Мәрия барып дәрігерге хатыңды беріп қайтқан. Оңаша кереуетті түп бөлмеге апарып жатқызыпты... «Нұрияш» бізді шығарып сала шыққанда, үлкен ағасы ертең қайтпайтын болып, арбасымен Досан әкімнің үйіне кеткенін айтты: «арбаны шықырлата беріп қайтеміз, ауру беті бері қараса бір-екі күнде қайтарып әкетерміз» депті...
Сол түнді тағы да ұйқысыз өткіздім. «Нұрияшымды» тымақты біреу атқа өңгеріп әкетіп бара жатқандай елестей берді көзіме. Ертеңіне қызметке де зауқым болмады. Кіріп-шығып жүріп, мекемесінен Мәрияны іздей жөнелдім. «Қызсың ғой, орайын тауып, қызды қонаққа шақырсаңшы» деп жалындым оған. «Өзім де соны ойлап жүрмін. Екі ағасы кезекпен қалып, терезенің алдында бақырайып, аңдып қана отырады екен» деп қынжылды ол. «Мақпалды деп атап, кіші ағасы мен жеңгесінен сұра» дей сала өзім жөнелдім. Ауруханаға дәрігердің ақ халатын жамылып алып ауруларды аралай беріппін. Мен сылтау үшін «көңілін сұрап» тұрақ етерлік түс таныс та табылмады. Түпкі үйдің есігіне жетіп барғанымды «Нұрияшымның» жарқын көзі жалт ете түскенде білдім. Бір көзін қыса жымиды да, есікті жауып ала қойды, кірме дегені. Дәрігерге кіріп, ауру халін сұрап едім. Жүрек ауру екенін айтты ол. Враш тексеріп, бірер ай жатып емделетін ауру деп түсіндірген екен, «ағайынды қос ақымақ» қосарлана зарлапты: «үйіміз иен қалды, дәрі беріп тез қайтарсаңыздар екен» деп өтініпті. «Осында шартты уақытымен толық емдетпесеңдер үйлерің бір жолата иен қалады» дегенде тіпті тықырши өтініпті. «Ауруханадан тез шығарып әкету үшін пара беруге де дайын» деп дәрігер күлді. Қамқор жеңгемнің тағдыры үшін тіпті тарығып қайттым.
Түстен кейін Мәрия барып Мақпалды қонаққа шақырған екен. Тамақтандырып қана күн батпай өзі әкеліп салатынын айтса да, ағасы көнбей қойыпты. Амалсыз сенделе бердім, аспан сарғайып кеткендей, еңкейіп бара жатқан күн де «еңсесі түсіп», сарыла қарайды. Көше дуылдап думандатып жатса да, маған жым-жырт тымырық сияқты. Ыстық тандырда жүргендей пысынап келіп, одақ ұйымының радио қабылдағышы қойылған бөлмесіне кіріппін. Ербол күлімсірей қарады:
- Сен неғып тұнжырап жүрсің ей Ши-ан азат болды, - деп қалғанда көзім жарқ ете түсті.
- Онда менің қабағым да азат болғаны, енді ыршыған екен ғой бері! -деп өзім де ыршып барып қолын қыстым.
- Қабағың бұрын-ақ азат болып еді ғой?
- Ішкі жағынан сыздауық шығып жүрмей ме?
Иен бөлмеде екеуміз қарқылдай күлдік...
Ілбіп қайтқан жағыма енді ұша жөнелуге оқталдым, «Нұрияшымды» да қуантуым керек қой: «компартия Ши-анды азат етті, енді Ланжуға, іле-шала Үрімжіге... қуан сәулем, еркіндік алдым дей бер» деп қана жаздым. Ерболдың сұры кастюмын өзімнің көгіме айырбастап, қалпағымды баса кидім де, аурухананың қақпасынан кіріп, бір бұрыштағы дәретханаға қарай аяңдадым. Сүйікті терезе қақпаға қиыстау қарсы еді, олай бұрылған адам сол терезеге айқын көрінетін. Есіктегі біреуді шақырған адамша тұра қалып, қол бұлғап өттім.
Дәретханадан қайтып шыққанымда «Нұрияш» асықпай жылжып, алдымнан қиыстай жетті. Нұр ойнаған көзінен қос тамшысын ыршыта қарады: «кешкі сағат тоғызда қақпа алдында кездесейікші» деп өте бергенімде, жазғанымды ұстата жөнелдім...
Кеш зарықтырып әрең батты. Белгілеген уақытынан екі минут бұрын барып қақпа босағасына тұра қалдым. Әрең жеткен уақыт көз ілестірмеді: «Нұрияш» шыға мойныма асылып «өшін» аузымнан алып-алып жіберді де құшағымнан сытыла ыршыды табалдырыққа. Өз ернімді сора қарап тұрып қалған маған қолын сермей кетуінен түсініп, кері ыршыдым. Ғашығым өпкен ернімді енді екінші теректің далдасына өтіп еміп тұрғанымда қақпадан кіші ағасы шықты. Көшенің екі жағына кезек үңіліп біраз тұрды да, ешқандай «жанасушы» көрмеген соң қайта кіріп кетті.
Қатты аңдуға түскенімізді біліп қайттым. Әлімбай қудан ба, Әлия сұмнан ба, әйтеуір бір сұрқиялық мықтап қойғандай сезілді. Күрсініп жіберіп жан қалтама салған қолыма жібек орамал іліне кетті. Арасында бір жапырақ қағаз жүр, үйге келіп ашсам былай деп жазылған хат екен: «осы екі күн ішінде қақпа алдынан он алты рет өткеніңді көрдім. Менің жүрегім де өзіңмен бірге сенделді. Мәңгіге тоқтап қалғанша сенімен бірге жүргені жүрген!... Ертең таңертең ерте қайтып кететін болдық. Қамықпа, жаным!... Әжемнің қатал тапсыруынан болса керек, мұнда келгелі аңду қатты күшейді. Әйтеуір үйде өзіме бұрынғы қалыптарында қарайды. Бұлардың амалы - мені осылай қамап зеріктіріп, айтқанына көндіру ғой. Енді көрінбей тұра тұр, өзің күткен күн жеткенше шыдаймын, жиі хабарласып тұрайық!»
Осыдан он шақты күн өткенде мектебінің жылдық емтихан нәтижесін мәлімдеуге келген Дүйсеннен жолдаған бір хаты тағы жетті. Бұл хатта жеңгесінің жазылмағанын айтып, «кетер шағымызда көмектесе алмай қалар ма екен» деген қаупін білдіріпті, «Нұрияш» аталуы туралы ауылында күдік-сыбыстың бар-жоқтығын білуді сұрап хат жаздым.
Бұл хаттың жауабы кешігіп, ел жайлауға шыққан соң тағы да мүдір арқылы жетті: «жеңешем сау болса анығын біліп-ақ тұрар еді. Өзіме ондай сөз естілмеді. Жеңешемді күту үшін отауда көбірек түнеп жүргендігімнен ғана қазірше ондай қауіп жоқ екенін байқаймын» деп, сағыныш хатының соңында ғана ескертіпті. Дүйсен ауылға Әлімбайдың жылтыңдап жиі келіп тұратын болуынан күдіктенетіндігін айтты:
- Юль айы орталап қалды ғой, -дедім мүдірге - халық азаттық армиясының Ши-анды алғаннан кейін бері жылжымай жатуынан қысылып тұрмын, - ұлттық армияның Үрімжіге өтуіне әлі де рұқсат етілмей, Манас бойында аялдап жатуы есіме түсіп, ернімді жымқыра сөйледім, - құтқарушы әне келеді, міне келеді деп Мақпалды қамата беруден қиналатын болдым. Оның келуі кешіге берсе, осы күтуіміз қатерлі ғой. Әкімдіктен Досан ауысар емес, тәуекел етіп бір жаққа әкете тұруым жөн шығар. Осыны өзімен барып ақылдассам қалай?
- Барғаныңды Әлімбай қу тағы білсе шатақ шықпай ма?
- Бұл жолы бүтіндей басқа адам болып барамын ғой?
- Олай болса неғұрлым тезірек ақылдасқандарың жақсы.
«Алдағы сенбі кешінде тұйық жартастағы орнымыздан табысып, ақылдасайық! Тым асықпай қауіпсіз болып шық, таң атқанға дейін күте аламын» деп жазып жөнелттім....
Бақай екеуміз екі жақсы ат тауып, киетін киім мен бұйымдарымызды бөктердік те, сенбі күні таңертең жөнелдік. Қаладан алыстап барып қалың шиге кірген соң, шапанды, тымақты, мұртты қазақ болып шығуымыз уақыт ұтпады. Атты қазақтың дағдылы жүрісімен тұйық жартасқа ел жата жетіппіз. Аттарды қарсы беттегі үңгірге қаңтарып Бақай қалды да, мен өз үңгіріме кеттім. Шапанды сонда шешіп, жартастың үстіне шыға баспаладым. «Нұрияшым» жарты сағат қана телміртті, жеңгесінің отауынан желбірей ұшты бері қарай. Бөктерлеп жақын келгенде қиядан домалай түсіп, қағып әкетіппін..
Ақылға тез келдік. Әкетуге асығыс келсем де Нұрияштың пікірін қабылдадым: өзіне бейтаныс Шәуешектегі Қуаттың үйінде - «жат үйде» менсіз «жалғыз» тұруды қиынсынған «Нұрияш» қазірше қысылыс жоқтығын айтып, ауқымды күзге дейін күтуді жөн көрді. Қалаға жақынырақ жазықтағы күзеуден аттану қандай жағдайда да орайлы болатынын айтып келістік....
Таң қылаңдағанда «Нұрияшты» жартастан ары өткізіп салып қайттым.
Бақай аттарды сай табанына түсіріп, тықыршып тұр екен, зыта жөнелдік...
Ел жайлаудан түсіп жатқан шақта Ланжудың азат болған хабары жер жаңғырықтырды. Менің де тұла бойым жаңғырыққандай, барлық қайғы-қасіреттен сілкініп-қағынып арылғандай сезіндім. Жасау-жабдық дайындауға Биғазы зыр жүгірді, егін жию жұмысын күші тасқындаған Бигелдіге тастай сала, кіші жеңгемді ерте жүгірді. «Керей көшесіндегі» көшпенді бір байдың төрт-бес үйлі қоражайын «Керей бағасымен» арзанға майлап алып, көшіп кіріп те үлгірдік. Үшінші келін түсіру қамындағы шешем байқұс ұйқы көрер емес.
Үрімжідегі гоминдаңның да ұйқы көрмей зыр жүгіргені, алды-артына бірдей жүгіргені естілді: Шихаңзыдағы ұлттық армияға елші жіберіп, шабуылға өтпеуін, оқ шығарыспай келісетінін айтты да, қолбасшысы Тау Сюе Бейжинге телеграмма жолдағыштап, соғыссыз тізе бүгетінін хабарлады. Бір двизиясы екінші бір двизиясымен келіс сөз жүргізісіп, қайшалыс жүгіріс, күбір-сыбыр сөз, тайталас айтыс бола қалыпты.
Радио қабылдағыштан өзіме төрт көз талап еткендей тігіле қарап, төрт құлақ талап еткендей қос құлағымды қайшылай тыңдап отырғанымда қайырымды мүдірім жетті. Жүрісі суыт, түсі суық көрінді. Қолынан тарта жөнелдім үйге қарай. Еңкейіп қалған ыстық күн де елеңдегендей сезілді. Үлкен көшеден шыға бере бүктеулі хат ұсынды.
«Биған, неғұрлым тез жете көр, қатер үйден төнді. Өз атым дайын, қос теректің сырт жағында бір шақырымдай жердегі қалың шиде тұрады. Өзіңді құтқаратындай бір атпен ғана кел. Жайды мына кісіден ұғарсың... «Нұрияшың» деп қана жазыпты, оқып болысыммен мүдір сөйледі:
Кеше кешке жақын әжесі Мақпалға ұзатылатынын айтып, елге дабыра қылмай, жыламай-сықтамай, разылық шыраймен аттануын тапсырыпты. Өлсе де бармайтындығын айтқан қызын шапалақтап жіберіп: «сенетін үкіметіңнің өзі рұқсат етті, енді барсаң да барасың, бармасаң да барасың! ... ақыр баратын болған соң өмірлік орныңа жек көрінішті болмай бар; разы көрініп баруды ойлан» деп зекіріп шығыпты.
- Ой Биға, хабарсыз ба едің, ауруханаға «Нұрияш» келді!
- Не дейсің, ауырып келіп пе?
- Жеңгесі ауырып, екі ағасымен бірге өзі Осы хабарды да, мына қысқаша хатты да біздің үйдегі жеңгең жеткізді маған. Таңертең ешқайсысына көрінбей аттанып, жеткенім осы, - деп күрсінді Дүйсен, - кетерімде бір ақыл айтып кеттім Мақпалға: «ойланайын, жеңешемнің жүрек ауруы қиын ғой, зорланып келу өз басында бар, менің зарымнан өліп кетпесін, біраз тәуірленгенше көз жасымды көрсетпеңдер» деп алдарқата тұрсын дедім.
- Үкіметтің қайсысы рұқсат етіпті бұл зорлыққа?
- Досан ғой баяғы, мыңбектің былтырдан бері отын-суына дейін тасымалдап, жанасалап жүргені бар емес пе? «Жым-жырт қана ұзатыңдар, мекемеден сөз шықса, мен бірдеме деп баса салармын» деген сияқты. Ал, тез қамдан Биғаш. «Қайда барды» дегізбеу үшін мен қазір қайтып кетейін!
Ертең кешкі сағат онда жететіндігімді айтып хат жазып беріп, Дүйсенді жөнелттім де, қырық бесінші жылы Биғайшаны қарақшылардан құтқарған атақты жиренді сұратып Биғазыны Маралсуға жібердім. Өмірбектің үйіне жүгірдім сонан соң, оның туыстарында бір жүйрік бар еді...
Кісі аттары ертеңіне түс ауып, күн еңіске тартқанда, маңдайдан жан терім бұршақтап, тықыршып отырғанымда әрең жетті. Жылқыға қосып қоя берген атын тауып әкелгенше осы болыпты. Бақай екеуміз қаладан шыққанша күн секіріп аттағандай, екінтіге жақындап қалды. Сонау тау төскейінен қыз алып, Шәуешекке әкетпекпіз ғой, тоқ аттардың бұрлығып қалмауы үшін бабымен жүруге тіпті кеш қалатын сияқтымыз. Қайтсек те бірер сағаттан артық кешікпей жетуіміз шарт екенін айтыстық. Сар желіс, желе шоқырақпен жортып отырып жол ортаға жеткенімізде күн ұясына сүңгіп кетті. Біраз жүгіртіп те алдық. Қарынды, тоқ аттар өр жолда нараулай бастады. «ат жүгірмейді, бап жүгіреді» ғой, лажысыз бүлкек желіске түстік....
- Алдыңғы мінген көнпіс аттарымыздың өзі жақсы екен, әттегене! - деді Бақай. Екі сағат кешігіппіз. Қалтырасам да бұл суық «әттегенені» айтуға батылым жетпеді. Аттарды қузай түстім. Екі көзім қос терек жаққа тесіле берді. Төте тартып, ай сәулесі түскен дөңгелек шиге кірдім. Жүрегім зыр ете түсті, денем бір ысып, бір суыды «Нұрияштың» аты көрінбеді. Аттан секіріп түсіп жүгірдім жан-жаққа, бір жерде түйіншек жатыр екен. Аяқпен тарпылып ойрандалған боз топырақты, тапталған жусанды сипалай түсіп, отыра кетіппін. Алыс-жұлыс, тартыс болған екен... ыршып тұрып, ши арасын тағы кездім. Бөртпе салы, оған таяу жерде бір қамшы жатыр, «Нұрияшымдікі», көкірегіме басып, ышқына өксідім.
- Шыда, шыда! - деді Бақай, - не көрмеп едің, соңын күт! Оңайлықпен беріле қоймас, өзі-ақ шығар бір жерден! Жә, енді бұл жерде тұрмайық, аңдушы бар шығар!
Сырттан қиырлай өрлеп барып мүдірдің үйіне жақындадық. Атты Бақайға ұстата салып ұмтылып едім, ит үргенде өзі шыға келіп, қарсы жүгіріп жетті:
- Әкетті... жеті-сегіз атты келіп сол жерден... аузын байлап өңгеріп әкетті!
- Қашан? -деді Бақай артымнан келіп, - қанша уақыт болды?
- Екі жарым сағаттан асып барады, күні бұрын аңдып жүр екен, Мақпал барып атының маңайына далдаланысымен екі жақтан андағайлап шауып жетіпті!
- Біздің кешіккенімізден болмаған екен-ау! -деп Бақай тістенді де, Дүйсен күрсіне сөйледі:
- Әлімбай қудың айналсоқтап жүргені, осылай зорлап алып қашуға дайындық екен! Әттегене-ай, бұрынырақ сол жайлаудан әкеткенің оңды екен-ау!
- Қалай, қай жаққа әкетті? - деген үнім дірілдеп әрең шықты. Рақымсыз қатал қолдар алқымымды сығымдап, мыжып бара жатқандай.
- Мына тауға бет алды. Бірақ, із тастайды ғой, олар қазірше өз ауылына апармайды, заңнан қорқып, басқа жаққа әкетіп жасырады. Екі-үш рет қатты шырқырап, айқайлады Мақпал. Үйлері естімегенсіп, шықпай қойды... «жоғалды, кім әкеткенін білмей қалдық» дей салмақшы ғой... сол дауысын естіп, төбеге жүгіріп шықсам әкетіп болыпты. Бір қойшысы қарап тұр екен ауылынан күзетші де шығып аттандады. Амал не, санымызды ұрып отырып қалдық та, жаңа қайттық! - деп күрсінді меңгеруші...
Ертеңіне таңертең аудандық ауруханаға жеттім. Құрметті жеңгем жатқан кереуетте бір тәулік жатқанымды білемін, бірақ, үйімдегі қуаныш құшпақ үшін дайындалған кереуетте қасірет қайнатып қанша күн жатқанымды білмеймін, санамаппын.
«Есіл Нұрияшым ендігі өлген де шығар» дейтін қатерлі күйінішті қайталап ойламауға күшей талпындым бір шақта: «жоқ, өлген жоқ, өлмейді де, жауына берілмейді де. Ұлы талаптың иесі өздігінен өлмек емес!...»
- Мінеки, былай талаптану керек, - деп басымды көтеріп алдым, - Биғайша әкел, бар кітапты әкел, үй алдыма, керегімді өзім табам! - дегенімде Биғайша жүгіріп кітап жәшігін ашты да, топ-тобымен көтере әкеліп үйе берді алдыма. Шешем күлімсірей келіп, маңдайымнан сүйді:
- Бәсе, осылай болатынсың, бізден туғансың ғой күнім!...
Алдымен физиканы суырып алып, көкірегіме бастым да, бас жағыма қойдым. Қолыма онан соң анатомия ілініпті. Құшырлана бір иіскеп, оны да жастыққа қойдым.
- «Диялектикалық материализм» қайда? - деп іздеп тауып, сүйіп-сүйіп алып едім, жымия қарап тұрған кіші жеңгем сыңғырлап күле жүгіріп, жанымдағы орындыққа шәй әкеліп қойды...
Қазіргі халымды егесті тіршілік талабымен ұмыту үшін осылай қарманып жатқан бір кешімде Дүйсен мүдір жетті... Қайын сіңілсінің жау қолына түскенін шырқыраған дауысынан естігенде үзілген ауру жеңгесінің аянышты қазасынан басқа хабарлары біраз үміт жылтырата жеткендей болды: бала күйеудің нағашысы Сауыр жақта екен, Мақпалды соған апарыпты деген сөз шыққанын айтып келді. «Оқушымның мінезін толық білемін ғой, Биғаш, аса шыдамды, өршіл де, бетінен қайтпайтын қайсар болатын. Ол сенен торықпайды да, бөлесін «бөпе» деп те танымай торықтырып қайтады әлі» деп күлдіріп, өзі де іздестіретінін айтып қайтты.
Сонау Сібір түкпірінде
Жасыма дос, сабыр қыл!
Өршіл талап өлмес мүлде
Ауыр еңбек кетпес құр!»*
Деп өлеңдетіп алып ашатын болдым кітап бетін. Аурухана ауру деп екі айға демалыс берген болатын.
Сентябрь еңсеріліп қалған бір күні түсте Өмірбек пен Меһір кірді:
- Сүйінші! Үрімжі берілді, балға-орақты қызыл ту тігілді, сүйінші!... - дей кірді.
Содан үш-төрт күн өткенде Бақай, Махмұт Керім, Мәулен, Қиялзат, Мәрия қосылып жетеу болып жетті:
- Сүйінші-сүйінші, Үрімжінің шығысынан халық азаттық армия, батыстан ұлттық армия кіріп, оңтүстік қақпа сыртында құшақтасты!
- Сүйінші! Бейжінде ашылатын мемлекеттік саяси мәслихат кеңесіне біздің төңкерістік басшыларымыз да шақырылыпты, сүйінші!
- Ахыметжан Қасыми, Ысқақбек, Дәлелқан Сүгірбаев, Әбдәкәрім Аппасов - ыңғай өз қалаулыларымыз шақырылыпты.
- Аэропланмен кетіпті, ендігі жетіп те қалған шығар!
- Жеткенді қойып Маузыдұңмен бірге жеңіс тостын көтеріп те отырған шығар!...
Құшақтаса, даурығыса отырып біз де тос көтерістік. Тосттар халық шаттығынан жігер тапқан мені де көтере жөнелді. Өмірбектің отауында отыз, Қиялзаттың үйінде қырық, Махмұттың үйінде алпыс... болып құшақтасып көтере бердік. Күлісе жамыраса берді достар.
Жұңхуа халық республикасының төрағасы болып партия басшысы - Маузыдұң сайланғанын естігенде бүкіл Дөрбілжін тост көтеріп, билеп кеткендей көрінді. Бірінші октябрь тау жаңғырықтырған ұран, жер тебіренткен шаттық, аспанды гүлдендірген салиот ракаталарымен өтті.
Үстемдіктің жеңімпаз таптарда ғана болатын үздіксіз қызметі басталды. Жеке басымның қасірет түнегінен серпіліп, жаңа шабыт, тың қайратпен істеп жатқан шағым еді. «Ахыметжандар аэроплан апатына ұшырапты» деген суық хабар сумаңдап шыға келді бір күні. Түйілген қабақ, тұнжыр ажар алдымен аудан басшыларымыздан басталды да, бөлім-бөлімге түнере кіріп, күз тұманынша түксие басты көшені. Жүрегінен қапқандай, бәрі де ышқына тыңдап, өксіп-өксіп қалысты да, соңы еңіреуге, бара-бара үн қосып боздауға-жоқтауға айналды, зар көтерді көше. Осы зар ілезде аудан аспанын тұтас қаптап алды, ертеңіне ешкім шақырмай-ақ клуб майданына халық түгел жиыла қалды. «Не бопты», «қайдан келген жаза бұл», «апат неден болыпты» десіп шуласады.
Жиылған халықтың үкімет аузынан бірдеңе естімей тарамайтындығын түсінген әкімдер дереу сахна жасатты да, төрт ардагердің қара лента байланған төрт суретін төрге іле қойды. Мыңдаған адамның іш құса күңіренісі тағы да зармен тұтаса кетіп, көз жастары нөсерлей жөнелді.
«Сөйлеңіз» дегендей Әлиев Досанға ым қақты да Досан мұрт астынан Әлиевке бүлк ете түсті. Орындықтан көз жасын сүрте түрегелген Әлиевтің аузы қисая берді, икемге келер емес, ірі-ірі тамшылары иегіне сырғанағанын көрген халық тіпті күңіренді. Иығын бір қомдап қалып бекіне қойды Әлиев. Сонан соң қаралы халыққа ашық дауыстап көңіл айтты: «Жұңго компартиясы аман болса», бұл аса ауыр қазаның есесіне «талай мың батыр ұлан жетістіріп» беретінін шешен тілмен сөйлеп шықты да, аэроплан апатының болған жайын түсіндірді, қою тұман әуе жолынан адасқан аэроплан Моңғолия шекарасындағы таулардың біріне соғылып күйрегенін айтты.
- Қалай адасқан аэроплан ол?
- Қай елдің аэропланы екен? - дескен сұрауларға түсініктің дұрыс болуы қажеттігін байқаған Әлиев, естігені бойынша тиянақты жауап қайырып, анықтай сөйледі:
- Совет одағы аэропланы екен, ол аэропланда «Жұңго компартиясының Совет одағындағы өкілі» Лозы жолдас та бар еді, ол да бірге қаза болыпты, - деп негізгі сөзді әкім сөйлейтінін айта тоқтады.
- Совет одағы аэропланы болса, оған ыңғай басшылар отырса, жол көрсететін аспаптары да толық шығар, - деген күдікті лебіз шыға қалды осы кезде.
Жайшылықта тұнжырап, мұртын салбыратып жүретін әкім орамалын шығарды да, көзін сүрте жауап қайырды:
- Осы сұрау менде де бар... әрқандай тұманда соғыса білетін, көрсеткіш аспаптары толық, кемелді аэропланға отырды ғой олар, қалай келген апат екенін қайдан білейін? -деді де, екі көзіне орамалын шорт басып тұрып қалды.
- Тағы да қастық жасағаны ғой бұлардың, -деген үнді дауыс жалт қаратты мені. Ана жылғы Нұрасылды өлтірген гоминдаң шянзұны Кәкім бай екен.
- Не деп оттап тұрсыз «ағай?» - деп алдына жетіп бардым, - қастықпен өлтіретін сіз сияқты қанішер гоминдаң емес, көзіңді ашып қара! - деп ақырып қалдым да, бетіне шарт еткізіп салып жібердім. Дәудей кәкімді тәлтіректетіп жіберген осы шапалағыма өзім сүйсініп едім, енді бір жердегі даурыққа жалт қарасам, солай сөйлеп қалған бір шалды Сәрсен Саясат жұдырықтап жатыр екен. Қандестігі мен жағымпаздығын қатар қолданатын мынау әпербақанға ұқсап, өзімнің де гоминдаңша қимылдағаныма ұялып, қызара қалдым да, сахнаға ұмтылдым.
Досан әкімді орнына қайтара салып, Әлібек майор сөз алды. Ол гоминдаң мен гүнчандаңның парқы туралы көбірек сөйлеп, әлгіндей даурықтың бүкілдей жаулық, жалақорлық, қастандық болатынын нақтап айтып, халықты тыныштандырды.
Ауыр қазаға аза білдіре сөйлеушілердің қатарында мен де сахнаға шықтым. «Бұл қаза - біздің төңкерістік халқымыз үшін аса аянышты, асқар тауды қайыстырып, алып жерді қайқалақтататындай ауыр қаза! Бірақ, Жұңго компартиясына наразылық күдік ойлататын қаза емес» деп бастадым да, «коммунистік партиялардың басқа партиялардан ең негізгі ерекшелігі - оның интернационализмшілдігі» екенін ұғымды тілмен шеше сөйлеп, «оттамаңыз, ағай» дегенді Досанға да сездіре тұжырдым.
* * *
Көреген тергеушім, «партияға жалбызбалап кіріп алу» жолындағы бұл «амалым» өзіңізге «аян» ғой, Сәрсен Саясатша төпештеп ұрған болып тына салмай, тіпті сөзге шығып, көзге түсе қоюым тісіңізді шақырлатып-ақ жіберген шығар. Коммунистік партиялар туралы жасаған мына зымиян түзетімпаздығыма» төбе құйқаңыз қалай шымырламасын! Сіз үшін қатерлілердің ішіндегі ең қатерлі сөз, тіліңізді үн шығартпай күрмеп, ішек-қарныңызды езіп-ірітетін «заһар» осы емес пе! Қаншалық ірі мақлұқ көтере алмайтын бұл қылмысымды әшкерелесем де сіздің тістеніп қана шыдап, көтеріп отырғаныңызға таңым бар!
(Үшінші кітаптың соңы)
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
* «Төңкерістік Шығыс Түркістан» газеті 1946-шы жылы он бір тармақты бітімнен соң, «Төңкеріс таңы» болып өзгерген.
* А.С. Пушкиннің «сибирге хат» өлеңінен.