Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Жаңалықтар 4704 0 пікір 15 Маусым, 2012 сағат 08:26

Бауыржан Бабажанұлы. Кентавр

1991 жылы көктемде  Алматыдағы қазіргі Балуан Шолақ атындағы сарайда Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына арналған айтыс өтті. Негізінен студенттер қатысқан бұл айтыстың екінші күнінде бір оқыс оқиға болды. Жамбылдан келген айтыскер, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет факультетінің студенті Маралтай Ыбыраев бір қайырымнан кейін қолын бір сілтеп,  орнынан тұрып жүре берді. «Қап, кеше «аттың басын» біраз жіберіп еді, бас жазып үлгермеген ғой...» - деді менің қасымда отырған біреу. Бір күн бұрын ол тәп-тәуір айтысқан болатын.
Сірә, басын дұрыстап алса керек, айтыс аяқталып, қорытындыны жариялар сәттегі үзілісте Маралтай өз бетімен сахнаға шығып, өлең оқып тұрды...
Сол жылы күзде курстасымыз Бақыт Әметаев жиырма бірдеңеге толып, әл-Фараби көшесінің бойында пәтер жалдап, атап өтетін болдық. Қайдан келе қалғанын білмеймін, сол туған күнге Маралтай да қатысты. Жақыннан тұңғыш рет көруім. Иегі айыр біткен, қасқыр бет,  сары жігіт екен. Удар-дудар шашы да бұзық екендігін әйгілеп тұр. Ештеңеден қысылмайды. Бұрыннан танитын адам секілді бізбен бірден араласып кетті. Тілек айтып өлең оқыды. Мұқағалидың құлпытасында жазылған  «Әрине, суық қайғы, суық қайғы...»  деп басталатын жырды эпиграф қылып алған өлең. Күшті оқиды екен. Жұрт ду ете қалды. Мен қасымда отырған Әділге қарадым: «Қалай?».  Ботпанов езуін қисайтты: «Ерунда!».

1991 жылы көктемде  Алматыдағы қазіргі Балуан Шолақ атындағы сарайда Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына арналған айтыс өтті. Негізінен студенттер қатысқан бұл айтыстың екінші күнінде бір оқыс оқиға болды. Жамбылдан келген айтыскер, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет факультетінің студенті Маралтай Ыбыраев бір қайырымнан кейін қолын бір сілтеп,  орнынан тұрып жүре берді. «Қап, кеше «аттың басын» біраз жіберіп еді, бас жазып үлгермеген ғой...» - деді менің қасымда отырған біреу. Бір күн бұрын ол тәп-тәуір айтысқан болатын.
Сірә, басын дұрыстап алса керек, айтыс аяқталып, қорытындыны жариялар сәттегі үзілісте Маралтай өз бетімен сахнаға шығып, өлең оқып тұрды...
Сол жылы күзде курстасымыз Бақыт Әметаев жиырма бірдеңеге толып, әл-Фараби көшесінің бойында пәтер жалдап, атап өтетін болдық. Қайдан келе қалғанын білмеймін, сол туған күнге Маралтай да қатысты. Жақыннан тұңғыш рет көруім. Иегі айыр біткен, қасқыр бет,  сары жігіт екен. Удар-дудар шашы да бұзық екендігін әйгілеп тұр. Ештеңеден қысылмайды. Бұрыннан танитын адам секілді бізбен бірден араласып кетті. Тілек айтып өлең оқыды. Мұқағалидың құлпытасында жазылған  «Әрине, суық қайғы, суық қайғы...»  деп басталатын жырды эпиграф қылып алған өлең. Күшті оқиды екен. Жұрт ду ете қалды. Мен қасымда отырған Әділге қарадым: «Қалай?».  Ботпанов езуін қисайтты: «Ерунда!».
...содан үш-төрт жыл өткеннен кейін Тараздан Алматыға қайта алмай жүрген күндердің бірінде осы әңгімені Маралтайға айтқаным бар. - «Шынымен солай деді ме? - деді Маралтай тура ұратын адам секілді маған төне қарап. - Иә, - дедім мен де сол қолымды тосқауылға қоюға ыңғайлай беріп. - «Әділ сол кездің өзінде мықты екен ғой, - деді Маралтай кенет қос  қолымен басын ұстай алып. - Шынында да «ерунда»  еді ғой».
Мен кейін сол өлеңді Маралтайдың оқығанын көргенім жоқ. Жинақтарына да енбеді. Соған қарағанда, расында да,  «ерунда» болса керек. Бірақ осы өлеңді жазарда Мұқағалидың басына барып,  ырым етіп,  бір уыс топырақты қышырлатып жеген Маралтайды ақын аруағы үнемі желеп-жебеп жүргені хақ.
Келесі жылы Маралтай өзі оқитын  педагогикалық институтта шығармашылық кеш өткізетін болып, Алматыдан Әмірхан Балқыбек, Бақытжан Қосбармақов, Сағындық Рзахметов, Мұрат Тілеубергеновтер Таразға аттанды. Кеш әдемі өтіпті. Бірақ аяғы дауға ұласқан. Дастархан үстінде «Құдай бар ма, жоқ па?» - деген тақырыпта сөз таластырған Бақытжан мен Маралтай егесіп қалады да, жігіттер екіге бөлініпті. «Құдайға сенетіндер»  Бақытжанға еріп, түн ішінде дереу пойызға мінеді де, «құдайсыздар»  Маралтаймен бірге Таразда  қалып қояды.
...1993 жылы қыста Маралтай Алматыға келді. Біржола. Оқудан үшінші рет шығарылыпты. Содан астанаға тартып отырған. 5-жатақханаға келіп, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбектерге ат басын тірепті. Сосын бізге келді.  
Бұл жолғы Маралтай бұрынғы Маралтай емес еді. Өлеңдері сұмдық өсіпті. Соны ырғақ тапқан. Оралымдары тіпті ғажап!

Құдай - көкте!
Мен - жердемін, жердегі -
Қаламымда тағдырымның кермегі.
Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп,
Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі...

...Менің жаным - аппақ емес, қап-қара,
Қапияда от тигендей мақтаға...

...Жалғыз жүрек мендегі, сағынышы сансыз көп
Жәлеп-жалған өмірге ат байладым қамсыз кеп...

...Аядай ғана айналып болмас жасымда,
Түлкіні көргем мысқылдай күлген миықтан...
Қаншықты көргем қорқауларменен ұйыққан...

...адвокаттарды менсінбес бұл Ажал дейтін - ауыр заң,
Саламат болсын иманың,  бақұл бол, көкем Бауыржан...

Бірінен бірі өтетін өлеңдер. Жүрегіңді суырып алардай. Алқымыңа ащы өксік кептеледі. Екі көзін тарс  жұмып алып, теңселіп тұрып өлең оқитын періге арбалдық та қалдық. Өзі  «Менің драмам» - деп оқыған «Қызыл өлеңі» тіпті  толқытты.

ҚЫЗЫЛ ӨЛЕҢ

Қасіретке боялған ба,  қызғыл түн,
Қиыр-қиыр қыраттар да қызғылтым.
Қоса ағарар қосағасын аңсайды,
Қойлы ауылға қиған еді ол қыз қылқын.

Сәтінде ағам отарды үйге бұратын,
Шай даярлап, қырда ол күтіп тұратын.
Қапияда  қазанаттың ері ауып,
Қайғы-мұңға төрін берді мына түн.

Ықтырардай ырық бермес ылаңды,
Қариялар күбірлесті Құранды.
Ағам ғана аймалайтын ақ алқым,
Жесірліктің жасымен шыланды.

Аза тұтты ағайындар түгел кеп,
Аққа орап, алып кетті кілемдеп.
Үш жылдан соң әкем жатты оң жақта,
«Қара ұлыма қамқор болып жүрем» деп.

Апам содан қара шәлі жамылып,
Қара ұлы мен шалын ойлап сағынып.
Жоқтау айтып отырушы ед,  оны да,
Қара дауыл қағып кетті қағынып.

Тоқтата алмай тосын келген ажалды,
Жіңішкерді жүйкем менің, қажалды.
Кетем деп ем, кете алмадым, қимадым,
Қия алмадым тірлік деген тажалды.

Маңдайымды сүйеп құлпытасына,
Ата-анам мен бауырымның кеп басына.
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын,
Қазылмаған қабірімнің қасында.

Әуелі бізді осылай «тізерлетіп» алған Маралтай енді Жазушылар одағына қарай бет бұрды. Дәл сол кезде онда бір мүшәйра болып жатты.  Ішімізде Маралтай да бар, біз де өлеңдерімізді тапсырдық. Бұрын да бірнеше рет осылай талаптанғанымызда: «Адам көбейіп кетті» деген сылтаумен бізді бәйгеден алып тастаған болатын. Бұл жолы да кеш тізгінін ұстап отырған Несіпбек Айтұлы солай хабарлады: «Пәленше-түгеншелер әлі жас. Құдай қаласа, бұлардың алдарында әлі талай мүшәйра бар. Ал қазір нағыз тұлпарлар бақ сынап жатыр...».
Біз әдеттегідей «өййй...» деп барып мойынсұна беріп ек, Маралтай шат-шәлекей болды. Ежірейе қарайды: «Қалай, мен өлең оқымаймын, ә?». Біз иығымызды көтереміз.
Фойеде у-шу боп тұр едік,  басқышпен төмен түсіп келе жатқан  Есенғали Раушанов пен Иран-Ғайып көрінді. Маралтай кенет боғауыз араласқан өлеңмен Есағаңа арнап «ода» оқыды.
-    Кет-ей, мынау кім? - деді Есағаң шошынып.
-    Мен, заманның заңғар ақыны,  Маралтай Ыбыраевпын, - деді бұл қолын ұсынып.
Иран-Ғайыптың көзі жанып кетті:
-    Ал өлең оқы!
Маралтай екі қолды  екі жаққа жайып жіберіп өлең оқыды. Екі ағамыз ғана емес, әрі-бері  өтіп бара жатқандар да тұра қалып,  тыңдады.
-    Мықты! - деді Иран-Ғайып алақанын шапаттап.
-    Айтыңызшы, мен мықты ақын емеспін бе?
-    Сен - ұлы ақынсың!
Дәл осы сөзді күтіп тұрғандай, Маралтай анадай жерде үрпиіп тұрған бізге жалт бұрылды: - Әй, айттым ғой сендерге: «Мен ұлы ақынмын! - деп. - Иранбек  аға, айтыңызшы, мыналар сенбейді.
Жиналып қалған жұрт ду күлді.  Маралтай дереу жанымыздан өтіп бара жатқан фотографқа өзімсіне айқайлады: «Әй, бізді тартып жібер». Сөйтті де,  ағаларына бұрылып: - «Кәне, екі жағыма тұра қалыңыздар. Кейін Маралтаймен бірге суретке түскенбіз деп мақтанып жүресіздер ғой», - деді арсалаңдай күліп. Өздері де кезінде тентектікпен аттары шыққан екі ағамыз мәз бола күліп, тұра қалды.
-    Ал енді осындай ұлы ақынға өлең оқытпай тұр, - деді Маралтай суретке түсіп болғасын. - Осы дұрыс па, Иранбек аға?
-    Әрине, дұрыс емес! Иран-Ғайып жылдам басып, сахна жаққа кетті де, сәлден соң: - «Қазір шығасың, дайындал!» - деді Маралтайға.
Маралтай шыққан кезде Иран-Ғайып айқай салды: «Ұр, Маралбай!». Сірә,  аты анық есінде қалмаса керек.
Міне, Маралтай сахнаға (барлық мағынасында айтып отырмыз - Б.Б.) осылай шықты.
...Қай редакцияға да  «буы бұрқырап»,  еркін кіріп баратын бұйрабасты шығармашылық орта жылы қабылдады. Бір газет ашылып, екіншісі жабылып жатқан аласапыран уақыт. Сол тұстағы ең мықты басылымдардың бірі - «Азияның»  әдебиет жағын қарайтын ақын Әбубәкір Смайыл керемет алғысөз жазып, Маралтайдың өлеңдерін А2 форматымен шығатын газеттің екі бетіне жариялады. Бұл қоғамдық-саяси газет түгілі, әдеби басылымдардың да «салтында» жоқ дәстүр еді. Басқа да газет-журналдар оның жырларын жарыса жариялап жатты.
Адалын айту керек, әдебиетке дәл осы Маралтай сияқты дүниені дүр сілкіндіріп келген талант аз. Сірә, кезінде Төлеген осылай келсе керек.  Бас-аяғы төрт-бес айдың ішінде Алматының кірпияз әдеби ортасының көңілінен шығып қана қоймай, сүйікті ақынына айналу - екінің бірінің маңдайына қона бермейтін бақыт! Кез келген бұрышта тұра қалып өлең оқитын Маралтайды, әдеби орта ғана емес, милиционерлер де, алып шаһардың түкпір-түкпіріндегі жатақханалардың вахтерлері де тез танып алды. Егер түнде біреу есігіңді тарсылдатып, сәлден соң сындырып, кіріп келе жатса, ол - Маралтай! Әгәрәки, жатақханаға қонбай, таңертеңгілік келгеніңізде, топсасынан сынған есігіңіз қабырғаға «сүйеніп», бөлмеңіз жолбарыс шапқан қостай болып жайрап жатса, тағы да Маралтайдың «қолтаңбасы».  Біздің есігімізді ғана қақса жақсы ғой, ол - мүйізі қарағайдай әдебиет алыптарының да есігін солай өзімсіне қағатын. Бірде марқұм Есжан Айнабеков екеуі таңғы сағат төрттердің шамасында Хамит Ерғалиевтің үйіне барыпты. Есжанның бұрын
қариямен аздап аралас-құраластығы болса керек. Түн ішінде мазасын алғанды кім жақсы көрсін, Хамаң да аса жылы шырай таныта қоймапты. Бірақ ескінің көзін көрген кісі емес пе: - Ай, балаларға шай әкел! - депті кемпіріне. Басы сынып бара жатқан Маралтай мұны естіп,  кілт бұзылады: «Тамалар шай ішпейді, аға!». «А, не дейт?!  Ай, кемпір, коньяк әкел!». Хамаң да - тама, Маралтай да - сол рудан ғой. Туыстығын осылай білдірген жас періні ақсақал осылайша коньякпен «ұшықтапты».
Бірде  5-жатақханаға жетіп құлаған Маралтай 1-курстың қыздарының есігін сындырып,  кіріп барады. Олар айқай салып, жатақхана милиционерін оятады. Ақынды жақсы танитын ол: «Ай, Маралтай, кішкентай қыздарда нең бар, жүр», - деп алып бара жатса, әлгілер: «А, бұл кісі Маралтай ағай ма, қалдырып кетіңіз...»  - деп шу-шу етіп, тәртіп сақшысының қолына жармасатын көрінеді. Содан түн ішінде қазан көтеріп, басын жазып беріп,  таң атқанша оның өлеңдерін тыңдапты. Ақынды қадірлеген осындай қарындастардан қалай айналмайсың?!
Сол тұста Маралтайдың танымалдылығын арттыра түскен тағы бір оқиға болды. Жыр  әлемінде жанартаудай атылып,  Алматының жаймашуақ, мамыражай әдеби өмірін  астан-кестен еткен інісінің теріс жолға түсіп бара жатқанын аңғарған Исрайл Сапарбай ағасы «Жас қазақ» газетінде «Хат жаздым,  қалам алып Маралтайға» деп бір бет өлең арнады. «Арақты қой, сен жүрген жер мүшәйраға айналсын!» деген мағынадағы өлеңдер. Газет шыққан күні: - «Осы ақылын бір жартысын қойып отырып, айтпай ма екен?» - деп тас-талқан болған Маралтай іле жауап жазып, газеттің келесі номеріне жариялады. Топтама өлеңнің бірі мынадай:

Хат жазыпсыз,  қалам алып қағазға,
Бір бет өлең бақ бола ма бағы азға?
Сый бола ма күйі қашқан бәңгіге,
Ми бола ма ақылы аздау сабазға?

Дос бола ма?
Қайран достар баяғы,
Басқа тиді жалғыздықтың таяғы.
Мен Есенин емеспін ғой, Марат та,
Бақадан көп бұл күнгінің Хаямы.

Сіз айтқан сөз болды-ау маған қызық нақ,
Жыр оқитын көрінемін қызып қап.
Өмір мәнін сіздей ұға алар ма,
Ақ қайнарға жүрген бала жүзік сап.

Хат жазыпсыз, қалам алып, қағазға,
Ес құям деп сырақорлау сабазға.
Маймыл қашан мыйлы бопты білмедім,
Аю қашан ұйыды екен намазға?

Тар маңдайы қатпар-қатпар мына күн,
Жадырамас жырласа да мың ақын.
«- Жарамсыз боп танылсын - деп - күлкісі!» -
Миығына мөрін басса мұң-әкім.

Ішу керек!
Сіз де ішіңіз, ішем мен,
Кещелерді көріп күнде күшенген.
Тәңір танып сүйгенінше маңдайдан,
Ажал алып кеткенше кісенмен!

... Осындай күндердің бірінде Маралтайдың ауылынан хабар жетті. «Қызыл өлеңде» айтылатын жесір жеңгесі 40-қа толып, соны атап өтпек екен. Бір емес,  үш жеделхат келді. Үшеуін үш адам салыпты. «Ай, жігіттер, қорқып отырмын. Баяғыда шешем өлгенде де осылай үш жеделхат салып, алдап шақыртып алған. Маған біреуің ергендерің дұрыс шығар...» - деді Маралтай. Сәл ақылдасқаннан кейін, Әмірхан еретін болды.
Ертеңіне Маралтай біздің бөлмеге жетіп келді. Жыларман халде. «Менде дос жоқ қой, дос жоқ...». Сөйтсек, Әмірханның бір шаруасы шығып, бара алмайтын болыпты. Бізде - бірнеше күннен кейін Хасан Кәрімовтің емтиханы. Жұрт:  «Жылына бір адамды оқудан шығарады...» - дейтін қаһарлы Кәрімовтің! Батырболат екеуміз бір-бірімізге қарадық. Шыға алмайтынымыз анық. Бірақ...
-    Сейсенбіге дейін келе аламыз ба?
-    Әрине, келеміз! - Маралтайдың көзі жарқ ете қалды, - Той болса да, қаза болса да сенбіге дейін біржақты болады ғой. Жексенбіде Таразға келіп, пойызға мінсек, дүйсенбі күні Алматыда болмаймыз ба?
-    Тәуекел, тарттық!
Екеуміз біреулерден қарызға  ақша алып, пойызға міндік. Таразда Маралтайдың Жаңатай ағасының үйіне барып,  көз жеткізгесін, тойды бастап кеп жібердік...
...Міне, автобустан түсіп, Байқадамда тұрмыз. «Мынау - Артығалидың үйі», - деді Маралтай бір үйді нұсқап. Екеуміз «Коммунарға» баратын жолға түстік. «Коммунар» - Маралтайдың туған ауылы. Осында мектепке барғанда әлі бірнеше дыбысты анық айта алмайтын сақау ұл бірден кластағы  Гүлбану есімді әдемі қызға ғашық болыпты. Сурет салуды сол қыздың бейнесін шимайлаудан бастаған. Әлгі шөпжелке: «Ыбыраев суретімді сала береді...» - деп мұғалімге шағынып, боқмұрын ғашықтың  жағдайы біраз қиындайды. Дегенмен, бірден беті қайтып қалса, Маралтай бола ма, енді өлең жазуға кіріседі. Қыз кергіген сайын бұл өлеңді үдете түседі. Сондықтан  қазақ өлеңі Гүлбануға да қарыздар...
Сол «Коммунарға» жаяу тартып келеміз «Әзірге осылай аталады. Болашақта  «Маралтай» деп аталатын ауыл ғой! - дейді Маралтай қулана күліп.
Жеңгеміздің мерейтойын дүрілдетіп өткіздік.  Ертеңіне Таразда жігіттер күтіп алды. Сол жігіттердің қонақжай құшағынан құтыла алмадық. Алматы, ҚазМУ, емтихан...  бірте-бірте буалдыр тартып,  алыстай берді.  Тараздықтар Маралтайды хан көтеріп, күтеді екен. Күнде - думан, күнде - той. Түн ортасында кез келген жатақхананың есігін қағамыз. «Кто там?».  Орыс кемпірлердің ұйқылы-ояу үні естіледі ар жақтан. «Я ғой, апа, я ғой...» - дейді біздің жүгермек. «А, Маралтай, ты что ли...» - күңкілдеген кемпірлер есік ашып жатады...
Таңертең тұрғанда «Күн бата Алматыға қайтамыз (Тараздан Алматыға қарай пойыздар тек кеште жүретін, - Б.Б.)», - дейміз. Сөйтсек, Таразда күн батпайды екен ғой...
Сонымен он күн дегенде ес жидық. Мен сол жолы бауырымның оң жақ қабырғаның астында екенін біліп қайттым. Ал Маралтай кейде менімен, кейде басқа жігіттермен үздіксіз «жортып» жүрді. Оның, тіпті, лифтіге, далаға, молаға қонып қалып жүретін күндері көбейді. Сондай күндердің бірінде ол өзінің атақты  «Әдиласын» жазды.

Уа, Әдила!
Мынау қалың қорымға,
Бір басыма қос Ай қадап кіріп ем.
Сірі деммен серт тайысқан күні, Мен.
Біріншісі - аруақтар,
Соңғысы -
Жасыл өңді ғасыл ғарақ тіріден.

Көңіл қалып, Маралтай мен Құдайға,
Маңдайдағы қара сызық - Күн айла.
Қара бақ қып  сезімімді таптатпа, -
деп мінәжат етпеп пе едім Ұмайға?

Сау қанатым қалмағасын күймеген,
Рухымды қан мен сүтке илеп ем.
Саған жаным ашитыны тағы рас,
Емшегіңе еркек ерні тимеген.

Уа, Әдила, айналайын, Әдила!
Қапелімде шыға келіп мұңнан сіз,
Мұңдана алмас мисыздарды мұңданғыз.
...Қара түсті қалампырды құшақтап,
Құлпытастан күліп қарап тұрған қыз.

Ана болу бақытына жете алмай, он төртінде жалғанның жарығынан көшіп,  Маралтаймен молада «кездескен» бір үйдің «көзінің ағы мен қарасы»  осылай өлеңге айналды.
Жалпы, осы өлеңге қатысты әртүрлі әңгіме болды. Бір жиында Тұманбай аға жақтырмаған сыңай танытты. Маралтай қыңған жоқ. Ал жастар тез жаттап алды.
Мейірхан Ақдәулетұлының тілімен айтсақ, «Маралтай қазақы өлеңдегі «өтірік ызылудың» салтын бұзған ақын». Өз жүрегінің түбіне терең бойлаған ол көңілі нені қаласа, соны жазды. «Анау қалай қарар екен, мынаған ұнамай қалмас па екен?» - деген ой бұл шіркінде болған емес. Әлемдік сурет өнерінің тылсымына үңілген оның ішіне жиылған қазына сан түрлі бояу болып, қазақ өлеңінің бетіне қалқып шықты. Бұл туралы кейінірек Әмірхан Балқыбек «Модильяни һәм Маралтай» атты ғажап мақала жазды.          
Маралтай үлкен-кіші демей, ақындардың бәрімен араласты. Көп ақынның өлеңін жатқа оқитын оны ағаларымыз да жақсы көрді. Жалпы, өзі айтқандай, «Алматыда оған жақсылық жасамаған адам жоқ». Жазушылар одағы оны топтама өлеңдерімен-ақ мүшелікке қабылдады. «Жас қазақ» газетінің бас редакторы, марқұм Нұрлан Мәукенұлы жұмысқа алды. Нұртөре Жүсіп басқаратын «Жас Алашта» әкесінің үйінде жүргендей тайраңдайтын.
Ол  қай ортада да ханның баласындай алшаңдап жүреді. «Мен ең мықты ақынмын!» - дейді. Тіпті «Заман-Қазақстан» газетінің тілшісі Күлпара Жұмағалиға сұхбат бере отырып: «Алла Тағаланы есептемегенде, Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Қазтуған, Абай, Махамбеттен кейінгі мықты ақын - менмін! - деп салды бірде. «Ай, Құдайдан қорықсаңшы...» - деген тілшіге: «Құдайдан жасырмағанды Күлпарадан жасырам ба? - депті қасқаң. Бұл да үлкен шу болды.
Гүлнәр Салықбайдың кешіне барғанымыз да - бір хикая. Сахнаға беттей бергенде шеге іліп кетіп, шалбары дар ете қалды. Басқа адам болса, шықпас еді, ал Маралтай шықты. Жыртылған шалбардан саны жылтырап тұрып, өлең оқыды. Әуелде күле бастаған жұрт сәлден соң сілтідей тынды.
Бірде Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» атты фильмінің тұсаукесеріне бардық. Бас кейіпкердің бірі,  қазір де сан жігіттің жүрегін дір еткізетін ару Баян Есентаева ол кезде тіпті үлбіреп тұр. Періште дерсің.  «Шіркін, мына қыздың бетінен бір сүйер ме еді...» - дедім мен аузымның суы құрып. «Өй, соны да сөз деп. Кеттік». Маралтай жылдам басып барды да,  жаялықтай аузымен Баянның бетін көме салды. Менің енді сүйгім келмей қалды. Жай ғана қолын қысып, құттықтадым...
«Ал, жігіттер, мен үйленемін», - деді бір күні. Қасында Айнұр атты томпиған сары қыз бар. Бір пәтерде кішігірім жолашар жасадық. Жарас әуелетіп ән салды,  Әмірхан өлең оқыды. Батырболат екеуміз жас жұбайлармен бірге пойызға отырып, Таразға бет алдық. Одан әрі қарай Сарысуға тарттық. «Коммунарда»  Райымбек ақсақалдың шаңырағын ұстап отырған Бергентай ағамыздың үйіне келін түсірдік. Беташар рәсімі жасалды. Бірақ Маралтай ол келіншегімен ұзақ тұра алған жоқ. Азғантай күн жұбайлық өмірден қалған белгі - «Ай-Нұр» атты жұқа кітап қана...
«Ай-Нұр» - Маралтайдың тұңғыш жинағы. Есенғали Раушанов «Жазушы» баспасына директор болып келген сәтте шығарған 7 кітаптың бірі.
Тұратын жері жоқ,  жұмыссыз күндер Маралтайды әбден қажытты. Отбасылық жағдайы анадай болғаны тағы бар.  Ішкілікке салынып бара жатты. Сан ақынды мерзімінен бұрын ана жаққа аттандырған бұл індеттің  менің досымды да «ертіп» кете жаздаған кезі көп. Бірде ол мен жұмыс істейтін Ғылым академиясы жанындағы «Әдебиет және өнер институтына» кіріп келді. Мен отыратын кабинетке емес, Ғылыми кеңес өтіп жатқан директордың кабинетіне. Сірә, хатшы қыздың шамасы келмей қалса керек. Түсі қашып кеткен ол есіктен кіріп келе жатқанда, іштегі жұрт аңтарылып қалды. Мен орнымнан атып тұрып, Маралтайды сүйрей-мүйрей сыртқа ұмтылдым. Сөйлеуге де шамасы жоқ, бітіп тұр. Дереу бір дүңгіршіктен бір жарты алып ек, онымыз ацетон қосылған арақ болып шықты. Берген ақшамды тартып алғандай боп, әрең алдым. Не істерімді білмей дағдарып тұр ем, Маралтай қолымен «Кино үйі» жақты нұсқап, бірдеңе айтқан болды. Дереу сол жаққа тарттық. Оны орындыққа отырғызып, екі рюмка арақ алып келіп ем, қолы қалтырап, іше алмады. Енді қапсыра құшақтап,  аузына құйдым. Екінші рюмканы ішкенде тер бұрқ ете қалды. «Бүкіл өмірім көз алдымнан өтті жаңа. Дәл осыдан бір апта бұрын марқұм дәл осы жерде Аяған Шәжімбаевтың басын жазып беріп едім. Ол сол күні кешке қайтыс болып кетті. Жаңа келген кезде мен сол кісінің орнында отырғанымды аңғардым.  Ал сен менің орнымда отырсың. Менің де уақытым жеткен екен ғой деп ойладым...» - дейді итің.
Көп ұзамай, екінші рет үйленді. ЖенПИ-дің аспирантурасында оқитын Ақтолқын да өлең жазады екен. Тәп-тәуір өлеңдер. Бұл кезде Маралтай Жазушылар одағының шығармашылық үйінде тұрды. Бір кезде талай ұлы шығарманың жазылу сәтіне «куә болған»  алып ғимарат бұл кезде қаңырап қалған-ды. Газ, жарық бәрі қиылған, қараусыз қалған үйде Маралтай жалғыз өзі «патшалық» құратын.
Оған:
Бес күн ойдым бесігіңнің бедерін,
О, кішкентай, қайталанбас өлеңім.
Шүмегіңнен шүметейің шықса аман,
Көрімді де өзің қазсаң деп едім
- деп өлең жаздырған Жұматай осы үйде тұрғанда дүниеге келді. «Жұмағаңның атын қойдым. Үйдегілерге айтып ем: «е, жарайды, әйтеуір,  «таймен» аяқталса болды»  деді...» - деп мәз. Шынында да Райымбек ақсақалдың балаларының аттары Біртай, Ілтай, Ізтай, Жаңатай, Бергентай, Маралтай болып келетін.
Біз отызға толғанда Маралтай ұсыныс жасады: «Бәріміз бірігіп, бір шығармашылық кеш өткізейік». Біз көткеншектеп баспағасын, Одақтың ғимаратында  жеке шығармашылық кешін өткізетін болды. Жүргізушісі - мен. Әкемтеатрға барып,  Болат Атабаевпен ақылдасып ек, ол кісі: «Маралтайдың өзінен гөрі оның өлеңдерін әртістер оқығаны дұрыс!» - деді. Сөйтіп Маралтайды өз кешінде қонақ қып отырғызып қойып, театр әртістеріне өлең оқыттық. Шерағаң бастаған үлкендерден бастап, енді қалам тартып жүрген бозбалалар мен бойжеткендерге дейін түгел қатысты. Өте бір әдемі кеш болды. Біткен соң, құдая-құдауанда, біздің жігіттер де кісі боп жан-жаққа сұхбат беріп жатты. Содан соң Маралтайдың «патшалығына» тарттық...
Көп ұзамай Маралтай үзілді-кесілді арақты қойып кетті. «Жас Алаш» сүйінші сұрап, елге жариялады. Бір адамның арақты қойғаны басылым арқылы жарияланғанын бұрын кім көрген, бұл да бір қызық екен.
«Ай» деп аталатын екінші кітабы шыққанда, мен Ақтөбеде едім. Маралтайдың маған жазып жіберген қолтаңбасы мынадай: «Бауке, баяғы күндердің бодауына татыса, ал мына,  атаңа нәлет кітапты!» Бұлай деп тек жынды Маралтай ғана жаза алады...
«Қазақ әдебиетінің» жастарға арналған қосымшасын шығарғанда, Маралтай алғашқы номерде Жарас Сәрсекке тапсырыс беріп, Әділ Ботпанов туралы материал жариялады. Жарастың бұл мақаласы  кенеттен жоғалып кеткен Әділді іздеудің басы еді. Сол қосымшада істей жүріп, талай жас дарынның маңдайынан сипаған Райымбектің баласы кейінірек Қазақстан Жазушылар одағы Артығали Ыбыраевқа арналған мүшәйра ұйымдастырғанда да осы істің басы-қасында жүрді.
Жастар демекші, бізден кейінгі буынның жігіттерінің біразы Маралтайға қарап бой түзеді. Маралтай боламыз деп жүріп, үйін таба алмай қалғандар да бар...
2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған  «Менің Қазақстаным» атты үгіт-насихат пойызының құрамында Ақтөбеге келген Маралтаймен мен қапелімде кездесе алмай қалдым. Ертеңіне үйге кіріп келгенде, қуанышымда шек болмады. Қасында бір жігіт бар. Бірдеңені бүлдіріп жүретін әдетіне салып, Қандыағашта пойыздан түсіп қалып, кері қарай тартып кетіпті. «Сені көріп кетейін деп келдім» - дейді. Қалай риза болмайсың, ә?
Жастар арасынан Иманғали ағасынан бірінші болып үй алған да  - Маралтай. Оның өлеңін қадірлейтін ағаларының бірі Саят Жанатбекұлының ақынның өзі жоқта  үйіне кіріп, ішін жиһазға толтырып қойғаны да - аңызға бергісіз әңгіме.
Ол бертінде «Кентавр» атты газеттің бас редакторы болды. «Я буду поэтом только для поэтов» - деп Велимир Хлебников айтқандай, кез келген кісінің  тісі бата бермейтін басылымның да оқырмандары айқындалып қалған-ды. Өкінішке қарай, ол газеттің де «ғұмыры» ұзақ болған жоқ...
Маралтай бірнеше жылдан бері Қазақ радиосында еңбек етіп келеді. Оның ақын-жазушылардың «кухнясын» ашып көрсететін «Кіндігімді кескен жұрт» атты жобасы  жұртшылық асыға күтіп отыратын хабарға айналды. Ол жақында сол хабардың бірін Әділ Ботпановқа арнапты. «Сен біздің рухани басымыз едің... Біздің буынның ноқта ағасы сен едің» - депті. Хас таланттардың бірін-бірі мойындауы да - ерлік.
Тараз педагогикалық институтына бозбала кезінде түскен Маралтай дипломын  23 жылдан кейін алды. Бүгінде университетке айналған оқу орнының басшылығы тентек ұлдары ел таныған азамат болған кезде шақыртып алып, қолына құжатын  ұстатты. Ақынның үшінші рет оқудан шығып кетуіне себепкер болған орыс тілі пәнінің оқытушысы Әлия Әлпешқызы қатты қысылып, кешірім сұрапты. «Қойыңыз, апай, мен сізге рахмет айтайын деп жүр едім!» - депті бұл. - «Қалай?» - дейді апай көзі бақырайып. - «Егер сіз болмағанда мен институт бітіріп, ауылға тартатын едім. Көп болса, бір мектептің мұғалімі атанар едім. Ал мына жерде сіздің арқаңызда Алматыға  кетіп қалдым, өзімді де, өлеңімді де ел таныды. Сізге мың алғыс, апай!» Бұл - Маралтайдың риясыз көңілі екеніне мен сенемін. Өйткені ол ылғи Әлия Әлпешқызына сырттай алғыс айтып жүреді.
Бұған дейін Жастар одағының, «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған Маралтай 2008 жылы «Кентавр» атты кітабы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленді.
Кітап атауының - «Кентавр» аталуының реті бар.  Бүгінде Мәжіліс депутаты,  әдебиетті ерекше қадірлейтін Аманжан Рысқали - Маралтайдың шығармашылығын ден қойып оқитын азаматтардың бірі. Кітаптағы «Кентавр» атты өлең осы Аманжанға арналған.  Кітап шыққасын Атырауда дүркіреген кеш өтіп, Аманжан бастаған азаматтар ақынға темір тұлпар мінгізді. Кейін сол кеш Алматыда жалғасты. Былтыр Ақтөбеде де әдемі кеш өтті. Ақтөбеден кейін Қызылорда шақырып әкетті.
Е, Маралтай Қазақстанның қай түкпірінде жыр кешін өткізсе де жарасады!  Өйткені ол - өзі айтқандай: «Үш жүзге аты мәлім Маралтай»  емес пе?!
Жалпы, Кентавр атауы - Маралтайдың өзіне де келеді. Кентавр - жартылай адам, жартылай жылқы бейнесіндегі болмыс қой. Маралтайға қарап та оны - тұтастай адам деп қабылдау қиын... Оның жырларында кіндігіңді бағзы замандардағы бабалар рухымен жалғайтын құдірет бар.
Ақтөбе қаласы
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1553
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3347
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6207