Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2977 0 пікір 15 Маусым, 2012 сағат 10:45

Қазақ қара сөзі қаңтарылды ма?

Қазіргі қазақ сөз өнерінде тынысты, кесек те кемел дүниелер көп көзге түсе бермейтін болды. «Неге жоққа» айтылар сылтаулар қоғамдық формацияларды алға тартып, ақталғанына да біраз болған... Қаузамауға тағы болмайды...

Әлімжан ӘШІМҰЛЫ:
- Жақында «Abai.kz» сайты қа­зақтың ең үздік романдарының рей­тингін жариялап, ол тізімге он роман кіріпті. Олардың көш басында Әуезовтің «Абай жолы» романы тұр. Одан кейін, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романы екі жарым мыңдай адамның дауыс беруімен үздіктер ондығына еніпті. Бір қызығы, бұл он үздік деп танылған шығарманың ішінде соңғы кездерде жазылған романдар жоқ. Барлығы ХХ ғасырдың кесек туындысы.

Қазіргі қазақ сөз өнерінде тынысты, кесек те кемел дүниелер көп көзге түсе бермейтін болды. «Неге жоққа» айтылар сылтаулар қоғамдық формацияларды алға тартып, ақталғанына да біраз болған... Қаузамауға тағы болмайды...

Әлімжан ӘШІМҰЛЫ:
- Жақында «Abai.kz» сайты қа­зақтың ең үздік романдарының рей­тингін жариялап, ол тізімге он роман кіріпті. Олардың көш басында Әуезовтің «Абай жолы» романы тұр. Одан кейін, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романы екі жарым мыңдай адамның дауыс беруімен үздіктер ондығына еніпті. Бір қызығы, бұл он үздік деп танылған шығарманың ішінде соңғы кездерде жазылған романдар жоқ. Барлығы ХХ ғасырдың кесек туындысы.
ХХ ғасырдың басы мен орта мезгіліндегі Кеңес әдебиеті, әсіресе, орыс әдебиеті қазақ әдебиетінің негізін салуға өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан оны жоққа шығаруға біздің хақымыз жоқ. Кеңестік идеология мен социалистік реализм әдебиеті қазақтың М.Әуезов секілді талапты жазушыларының қаламына тұсау, ойына шырмау болса да, олар қиядан, қиыннан жол тауып, сүбелі де кесек туындыларды дүниеге алып келді. Соның нәтижесінде қазақ әдебиетінде ауыз толтырып, әлемге мақтана айта алатындай жоғарыда аты аталған классикалық шығармалар дүниеге келді. Бұған да тәубе!

Ал, тәуелсіз ел болғанына 20 жыл болған бүгінгі Қазақстанның қазақ әде­биетінде елді елең еткізердей туын­ды­ның болмауы кез келген қазақ баласын ой­ландырары хақ. Өткенде бір сыншымыз «Қазақ әдебиеті» газетіне берген пікірінің бірінде Ресей сөз өнерінің құндылықтары мен бүгінгі қазақ қаламгерлерінің биліктің тастаған сүйегіне мәз болып, табанын жа­лауға дейін барғанын ашына айта келіп: «Жазушылық - сенің азаматтық позицияң. Азаматтық үнінен айырылған әдебиет - өлі әдебиет. Өкінішке қарай, біздің бүгінгі әде­биетіміздің азаматтық үні жылдан-жыл­ға бәсеңдеп барады. Ондай сөз өнерінде ұлы бедел қайдан болсын. «Әдебиет - ардың ісі» болудан қалып, қоғам рухсыздық дертіне шалықты, көрсе қызарлық, жағымпаздық, алаяқтық, арсыздық, екіжүзділік қоғамның бойына кесел болып жабысты. Халықты биік мақсаттарға құлшындыратын ұлы идеялардың бәрі өліп, әдебиетіміз ұмтылысы жоқ идеалсыз әлемге айналды»,- деп ашына айтыпты. Шыны керек, қазіргі жазушыларымыздың көбі халықты биік мақсаттарға құлшындырғанның орнына өзінің жеке басының қамын күйттеп, билікке жақсы аттанудың қамына әлде қашан кірісіп кеткенін қалай жоққа шығара аламыз. Ондай жазушылардан ұлт санасына күшті рух бере алатын сүбелі де, кесек туынды күтудің өзі қиын... Біздің жазушыларымызды осындай халге түсірген себеп не? Әрине, олар киелі өнер әдебиетті ардан төмен санаудан туындап отырған жоқ па?! Ондай жазушылардан не үміт, не қайыр?!
Енді орыстың күллі әлемге машһұр әдебиет ұстазы, «Тірілу», «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» секілді сүбелі шығармаларын дүниеге алып келген Толстой туралы аз-кем тоқталып өтепеске болмас.
Ленин оны: «Ұлы адам»,- десе, Тургенов: «Ғажап адам», - дейді. Ал ол өзін: «Мен бір алқам-салқам жаман шалмын», - десе, өзімен тетелес жасаған журналист, әйгілі баспагер Суворин оның сол кездегі Ресейдегі ықпалын: «Бізде Николай ІІ, Толстой дейтін екі патша бар, олардың қайсысы құдіретті? Николай ІІ Толстойдың алдында қуыс қурай. Ол Толстойдың тәжін де қисайта алмайды. Ал Толстой Николай ІІ-нің тәжі түгілі тағын да шайқалтады», - дейді. Бұдан Толстойдың қалам қуатының қай деңгейге дейін көтерілгенін сезіну қиын емес. Рас, оның шығармалары бүкіл жер шарында өтімді болды. Оның шығарма­ларының таралымының көптігіне қарағанда, ол шетел баспа саудегерлері мен оқыр­мандары ең ұнататын орыс жазушысы. Достоевский де, Чехов та одан кейін тұрады. Оның «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» секілді романдары талай рет көгілдір экранға түсірілген туындылар. Ал «Тірілу» романы автордың көзі тірісінде-ақ, яғни 1909 жылы Ұлы Британияда дыбыссыз кинофильм болып түсіріледі. Дейтұрғанмен, ол ежелден ақтар мен қызылдар билігіне жақпай келген адам сияқты.
Патша үкіметі одан үрейленді және оған кектенді. Ол дүниеден өткеннен кейін, Мәскеуден Тулаға баратын пойыздың қатынауына рұқсат етпейді. Жазушы
В.Брюсов пен суретші Пастернак және аздаған мәдениет қайраткерлерінен басқаның барлығы Толстойды жерлеу салтына қатысуға да лаж таппайды.
Ленин оны «Россия төңкерісінің айнасы» деп құрметтегенімен, ол іс жүзінде қасиетті Ганди ата сияқты ақ террорлыққа қарсы шапқандықтан, Сталиннің құрметіне бөлене алмады. Кеңес үкіметі оның әдебиеттегі еңбегін мойындаса да, оны жеңіліске ұшыраған идеалист және педагог деп қарап келді де, оның толық жинағындағы дін бөлімін баспаға бергізбеді. Кеңес ақыны Маяковский Толстойды «Келесі дәуірді паравозына айдап салу керек» деп лаң салды. Толстойдың сүйкімді қызы Александра да талай рет беймәлім себептерден түрмеге жабылып, амалсыз Америкаға босқын болады.
Бірақ Толстой тірі кезінде де, жалған атақ-абыройдан мезі болған сияқты. Өйт­кені оның досы Гусев «Толстоймен өткен екі жыл» дейтін еңбегіне былай деп жа­зады: «Ол қаз-қатар әріптермен әдіп­теліп, сөздің тігісін жатқызатын шен-шек­пенділер мен әйгілі мәдениет қайрат­кер­лерінің хатынан гөрі қара шимай, сөздің жөнін де келтіре алмайтын шаруалар мен жұмысшылардың хатын ерекше ұнататын. Ат-атақсыз қарапайым адамдармен және журналистермен барыс-келіс жасауды бәрінен жақсы көретін...».
Қарап отырсаңыз Толстой тек өзінің міндетін ғана атқара білген ұлы суреткер болған. Сол арқылы орыс әдебиеті былай тұрсын, әлем әдебиетінің төрінен ойып тұрып орын ала білді.
Әлгі айтып отырған сыншымыз тағы: «Қазір де эстетикалық талғамына сай, мәңгілік тақырыптарға терең үңілген дү­ниелер жазылып жатқан болуы мүмкін, Қазір де бүгінгінің айтуына көніп, кейін уақыттың шаңына көміліп қалатын шығар­малар жазылып жатуы мүмкін. Астана ту­ралы романдар, әртүрлі ба­тыр­лар жайлы дастандар, шындыққа сай келмейтін бұрмаланған дүниелер туып ж­атыр. Соның бәрі жарқ етіп көріну үшін, елдің назарын өзіне аудару үшін жазылған уақытша дүниелер. Ал өнердің эстетикалық өлшемдеріне сай келетін шығарма жазылса, ол ертелі-кеш бағаланбай қоймайды», - дейді. Бұл пікір­мен келіспеуге хақымыз жоқ .
Қазір уақыттың шаңына көміліп қалатын шығармалар дүниеге келіп жатыр да, өкі­нішке орай, талғамына сай, мәңгілік тақырыпқа үңілген кесек туындыларды көре алмай отырмыз. Жұрт үлкен үміт күтіп жүрген қаламгер Қабдеш Жұмаділов қазіргі қазақ әдебиетіндегі жағымпаздықты өзі бас болып мойындапты. Ол жақында респуб­ликалық «Дат» газетінің тілшісіне берген сұхбатында: «Дарабоз» романына Шынымды айтсам Шапырашты Наурызбайды саясат үшін ойдан қостым. Өйткені роман баспадан шығу керек. Аяймын ба, кітапқа Наурызбайды солай қостым», - деп жауап беріпті. Әрине жазушы үшін бір батыр емес, он батырды ойдан қосу түк емес. Бірақ әдебиет үшін емес, саясат үшін құлдық ұрған жазушыдан не күтесіз? Оның үстіне болары болып, бояуы сіңіп кеткен дүниеге басқа емес, жазушының өзі күйе жаққаны сұмдық екен.
Қазіргі қаламгерлеріміздің хал-жағ­да­йы осылай. Сондықтан тәуелсіз Қазақстан­ның қазақ әдебиетіне анау-мынау емес, Толстой секілді билікке жалтақ­та­майтын, әдебиет үшін жанын салатын ұлы суреткер болса жетіп жатыр еді. Бірақ соның аулы алыс болып тұр ғой. Әрине, өкінішті-ақ!

Ермек Қаныкей:
- Есімізге Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңізін» түсірейікші. Үлкен айдынға шығып, үлкен олжаға қол жеткізу үшін Сантьяго болуың керек. Ол, мейлі құр қаңқа болса да. Жұрт осы олжаны сыртынан қызықтайтын туристер ғана. Ал, негізгі жетістік, сөз жоқ нән балықты ұстағаның, акуланың өзін шабақ құрлы көрмей, ашық теңізде жапа-жалғыз әр сәтің қатерге толы өткенде де қыңқ деме­генің... әйтсе де шалдың қаншама қауіпті өткелектен өтіп, ұлы олжаға ие болғанын түсінген бала бар емес пе, міне осы басты мәселе болуы да ғажап қой. Баланың бәрі болашақты, қарияның көбі өткен шақты тұспалдайды. Тарихтың келер күннен құрмет күтетіні табиғи нәрсе. Сондықтан, Сантьяго­ның басқа басқа емес, бала туралы көп ойлайтыны неліктен?
Егер эпикалық қарымдағы шығармалар жазуға тәуекел ететін жазушылар бар болса, олардың армандары әлгіндей мехнаты көп сапарларда Сантьяго құсап, жағаға жағаласып жетуімен бірдей, ал мақсат орындалды ма ол басқа мәселе. Ал орындалған арманның барысы мынадай: онысы біреуге түсініксіз, әлдекімге күлкі, келесі біреулерге түк те маңы­зыды болмауы мүмкін. Әлбетте, «Шал мен теңіз» әдебиетте біз ойлағандай сараланбайды. Біздікі, роман сияқты ұлы жанрдың жалына жармасудың қиындығы мен оны жаз­ған жазушылар, сосын Ол шығармалардың қазіргі уақыттағы «аянышты тағдырлары» туралы бейнелеп ойлау ғана. Біздің әдебиет айдынында қаншама сүйекті (романдарды айтып отырмын) шығармалар Э.Хемингуэйдің алып қаңқасы сияқты қадірсіз боп, назарға ілінбей жағада жатыр...
Иә, әлем әдебиетіне бармай-ақ, біздің ұлттық прозамызда тек әңгіме жанрымен ғана ғана әдебиеттегі орнын белгілеп кеткен жазушылар бар ма? Біз қазақтың Чеховын - Бейімбетті М.Әуезовпен салыстырып көруге тәуекел еткен емеспіз. Ал, М.Әуезов «Абай жолына» дейін қаншама әңгімелерді жазып тастады. «Этнографиялық әңгімемен» ғана Ғ.Мүсірепов алыптар тобына қосылды десек, онда «Өянған өлке», «Ұлпан», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сияқты эпикалық шығармаларын сызып тастаған боламыз. Сол сияқты «Қара­ғанды» мен «Дауылдан кейін» романдары Ғ.Мұстафинді, «Мөлдір махаббат», «Ботагөз», «Аққан жұлдыздар» жолы кең жазушы (М.Әуезов) С.Мұқановтың есімдерін барша ха­лыққа паш етті. Міне, осындай қазақты бас­қаларға танытқан, әдебиет деп аталатын, түп мақсаты үлкен өмірдің көркем көшірмесі болып танылатын өнер саласының Еренқа­быр­ғадай эпикалық жанры романдар екені мойындалған шындық. Мысалы, қазақ прозашыларының ішінде бірден ұлы жанрдан бастаған жазушылар, Ә.Нұрпейісовті айтпа­ғанда, көп кездеспейді. Әрбір қазақ шебер әңгімеші. Соны кейбір әдеби крите­рий­лерді ескере отырып өңдеп, қағазға көшірсе Бейім­беттің әңгімелеріндегідей «өмірдің көркем шежіресі» айқын көрінетініне күмәнім жоқ. Алайда, «Көксеректегідей» қалың қабаттарды қамту үшін романистің көркемдік дүние­танымы керек болады. Өйткені, жазушының рухани кеңістігіне (дарыны, білімі, ақылы, дүниетанымы, тәжірибесі) сай романдарының көркемдік дәрежесі де анық көрінеді. Айта­лық, эпопеяларды дүниеге әкелген жазушыларды шағын әңгімелердің шеберлерімен қатар қоюға болмайтын сияқты. Рас, бір әңгім­емен романның айтатынын айтып беруге болады дейтін қағида бар, бірақ бұл тым өзгермелі тұжырым. Ал, сондай әңгімелерді романның ішіне шебер енгізіп жіберетін классик жазушылар өздерінің көркемдік кеңіс­тіктері аса бай адамдар екенін дәлел­дейді. Мысалы, Бальзак «Адам комедиялары» атты романдар сериясында оларды көлемі жағынан әр түрлі жазған. «Үзілген үміттері» кірпіштей десек те болар, «Горио атайы» жұқа. Мәселе мұнда да емес, олардың (роман­дарындағы) қатып қалған сюжеттік желілерге көбінесе бағынып қалмайтын Бальзактың баяндауларында талай-талай шағын әңгімелер жүр. Олар өз алдына жеке-жеке әңгімелер боп кетуге толық мүмкіндігі бар. Сол сияқты М.Әуезов «Ескілік көлеңкесінде», «Текшенің бауырында», тіпті «Қорғансыздың күні» әңгімелерін «Абай жолына» кіргізіп жіберсе ешбір олқылық көрінбес еді, тап сондай эпо­пея­дағы боранда қой соңында ығып, қасқыр­мен алысып, ақыры үсіп өлетін Исаның тағды­рын жеке әңгіме қып айтсаң «Жетімдей» болып тұрар еді.
Сондықтан роман жанры үлкен шеберлікті талап етеді. Бәзбіреулер өздерінің роман жазбай жүргендерін бүгінгі қоғамдық үрдіс­тен көріп, оқырмандардың оларды оқуға уақы­ты да, мүмкіндігі жоқ деген далбаса ойла­рын алдыға тартып жатса, оған тек аянышпен қарауға тиіспіз. Роман шеберлікті, білімді, эпикалық дүниетанымды талап етеді дейміз. Оның көркемдік дәрежесі де жазу­шының дарыны мен талантын анықтайды. Сол секілді оқырманды да осы жанр қатты сынайды. Өйткені, романды оқу, оның мәні мен маз­мұнына бойлау таяз оқырманның өзін тығырыққа тірейді деп ойлаймын. Ауызекі тілмен осы мінезімізді «мылжың екен» немесе «ұйқыны келтіреді» деп ақтап жатамыз. Шындықты мойындауға көбінесе, өзіміздің тәкаппарлығымыз жол бермейді. Мысалы, Агутагаваның новеллалары мен «Қылмыс пен жазаны» оқитын оқырманға «Абай жолынан» гөрі «Соңғы парыз» түсініктірек болса, ол оның қабылдау кеңістігі мен психологиялық ерекшеліктерін көрсетсе керек, бірақ онымен келісе бермейміз. Ал ағылшын, француз, орыс және қазақ классиктерін бірдей түсінсе, ол да оның белгілі бір қасиеттерін айқындайды деп ойлаймын және бұған қуануға тиіспіз. Себебі, көркем шығарма өмір туралы адамға жан-жақты мәлімет береді. Оны қабылдау я қабылдамау әркімнің өз еркіндегі іс. Олардың ықпалына түсу, жекелеген бір жазушыларға табыну т.т. жайттар оқырманның өз деңгейін білдіреді. Ол оқырман да жақсы я нашар романдар сияқты тез жалықтыруы мүмкін. Және көркем шығармаларды тек ақын-жазушы болғысы келетіндер ғана оқиды немесе оқуға тиіс деген түсінік те дұрысқа жатпайды. Жал­пы, жазушыларға бұлар маңызды емес. Жазушы тек оқырман үшін де жазбайды деп санаймын. Ол өзінің рухани дүниесі үнемі тіл қатқанда қағазға отырады. Оларды ешкім мәжбүрлемейді, біз білеміз: мына дүниеде еш тақауырсыз жұмыс істейтін, жұмыс болғанда да «ардың ісін» жасайтын жалғыз азапқор жандар бар. Ал «ар жазасы бар жазадан ауыр жаза» деп заңғар жазушы М.Әуезов айтып кеткен екен. Бүгінге, болашаққа айтып кетсем екен дейтін ізгі тілекпен өмір сүретін қазақ жазушылары соңғы жиырма жылдың көлемін­де көптеген романдар жазып тастады. Олар туралы профессор Ш.Елеукенов бірнеше ғы­лыми кітаптарға көлемді тараулар жазған. Ненің бар ненің жоқ екенін сол мақалаларды оқысақ көзіміз анық жетеді. Бір байқағанымыз осы жанрда қалам тартатындар: Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Д.Досжан, Ұ.Доспамбетов, С.Елубай, Ж.Шаштайұлы, Қ.Жиенбай, Т.Сәукетаев, Т.Әсемқұлов, А.Кемелбаева, А.Алтай, Д.Амантай т.т. екен. Ал бұлардың ең жастары елуге таяп қапты. Демек, жастардың роман жазуға мүмкіндігі жоқтығын қоя тұр­ған­да, қабілеті жетпейтінін де айтуымыз ке­рек, ал алдыңғы лекке қарап, ұлы жанрдың жал­пы саны аз емес екенін мойындаймыз, алай­­­да қартайып бара жатқан жоқ па екен?..
Қарап отырсақ, қазақ халқына эпикалық жанр соншама қиын болмаған. Өйткені, қазақтар табиғатынан эпик болғандықтан, «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс» сияқты эпостарды тудырған ғой. Тіпті, соның ішіндегі Тайбурылдың шабысының өзін жыршылар қысқа қайыруға құлықты емес. Ақжүністің Қартқожаққа айтқаны жатқан бір өмір шежіресі. Қыз Жібектің портреті неге тұрады. Нәтижесінде, фольклорымыз өлшеусіз мұра ғана емес, жазушы болам, со­ның ішінде роман жазам дейтін адамдарға өздерінің әдіс-тәсіл, тәлім-тәжірибелерін де қалдырған.
Демек, жас жазушыларға айтарымыз үлкен айдынға шығуға тәуекел еткені жөн болар. Олжаның қандай болмағы Э.Хемин­гуэйдегідей. Және жазушының қандай болмағы да «Шал мен теңіздегідей».
Оқырман осы тақілеттес әрі «Көшпен­ділер», «Өлгендер қайтып келмейді», «Ақбоз ат», «Шырағың сөнбесін», «Қан мен тер», «Ақсу - жер жаннаты», «Қызыл жебе», «Кек», «Ақ шағыл» мен «Кішкентай», «Өз отыңды өшірме», «Ақан сері», «Тағдыр», «Аңыздың ақыры», «Аласапыран», «Жабайы алма», «Қарғын», «Жаңғырық», «Талтүс», «Мұнара», «Алтай балладасы», «Гүлдер мен кітаптар» сияқты т.б. романдар қазір де, ертең де дүниеге келіп жатса (жас авторларға айтып отырмыз), іздеп оқитынына күмәнім жоқ. Ал оқымайтын жұрттарға қарайлап әрі қоғамдық жағдайлардың әуеніне еріп, роман жазбайтын жазушыларға ешкімнің де басы қатпауға тиіс. Бір кезде бәріміз артына шырақ алып түскен «өнер өнер үшін» деген қағида бір қарағанда, дәл қазіргі уақыттарда расқа айналып отыр­са, оның да бір өмірі бар болғаны ғой.

Дайындаған Ырысбек Дәбей

«Қазақ әдебиеті» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434