Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7303 0 пікір 12 Шілде, 2009 сағат 18:59

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ. Ұлттық операның жауһары

Қазақтың тұңғыш операсы
«Қыз Жiбек» – қазақтың тұңғыш операсы екенiн жұртшылық жақсы бiлсе керек. Иә, халқымыздың кәсiби опера тарихының алғашқы бетi осы «Қыз Жiбектен» бастау алған. Ұлттық нақыштағы әйгiлi классикалық туынды сахнаға алғаш рет 1934 жылы қанат қақты. Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсiреповтiң «Қыз Жiбегi» ә дегеннен-ақ жұртшылықты баурап алды. Аса биiк талғаммен жазылған операның мән-мазмұны да, музыкалық әдеби көркемдiлiгi де, сахнаға қойылуы да бiр-бiрiмен үндесiп, құдiреттi туындыны құрады. Сол құндылығын әлi күнге дейiн жойған жоқ. Халық та «Қыз Жiбегiнен» жалыққан емес.
Күллi қазақтың да, қазiргi Абай атындағы мемлекеттiк академиялық опера және балет театрының да опера әлемiндегi ең үлкен табысы «Қыз Жiбек» операсы болды. Тек өз халқымыз ғана емес, кезiнде мәскеулiктердiң өзi қазақтың «Қыз Жiбегiне» басын иген.

Қазақтың тұңғыш операсы
«Қыз Жiбек» – қазақтың тұңғыш операсы екенiн жұртшылық жақсы бiлсе керек. Иә, халқымыздың кәсiби опера тарихының алғашқы бетi осы «Қыз Жiбектен» бастау алған. Ұлттық нақыштағы әйгiлi классикалық туынды сахнаға алғаш рет 1934 жылы қанат қақты. Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсiреповтiң «Қыз Жiбегi» ә дегеннен-ақ жұртшылықты баурап алды. Аса биiк талғаммен жазылған операның мән-мазмұны да, музыкалық әдеби көркемдiлiгi де, сахнаға қойылуы да бiр-бiрiмен үндесiп, құдiреттi туындыны құрады. Сол құндылығын әлi күнге дейiн жойған жоқ. Халық та «Қыз Жiбегiнен» жалыққан емес.
Күллi қазақтың да, қазiргi Абай атындағы мемлекеттiк академиялық опера және балет театрының да опера әлемiндегi ең үлкен табысы «Қыз Жiбек» операсы болды. Тек өз халқымыз ғана емес, кезiнде мәскеулiктердiң өзi қазақтың «Қыз Жiбегiне» басын иген.
1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң онкүндiгi болғаны белгiлi. Оған Темiрбек Жүргенов бастаған Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек пен Күләш Байсейiтовтер, Манарбек Ержанов, Шара Жиенқұлова сынды қазақ өнерiнiң негiзiн қалаған небiр саңлақтар барды. Бұл – Опера театры жаңадан тәй-тәй басқан кезi. Өнер қайраткерлерi онкүндiкке «Қыз Жiбек» пен «Жалбырды» алып барған. Екi спектакльдiң де барынша табиғи шығуына ерекше мән берiлген екен. Әсiресе, алғашқы ұлттық опера «Қыз Жiбекте» қазақ халқының жан дүниесi, әдет-ғұрпы көрiнiс табуы тиiс болған. Темiрбек Жүргеновтiң бұл идеясы бұлжымай орындалады. Операда Жiбек кәдiмгi алтындатқан күймеде отырып сүйгенiне жүрек сырын ақтарады. Сахнада қазақтың киiз үйi бау, басқұр, дөдегелерiне дейiн құрылып, ою-өрнектерiмен, бар сән-салтанатымен табиғи күйiнде мәскеулiктерге көрсетiлдi. Аңшының қолына қондырған бүркiттi де жұртшылық тiрiдей көрдi. Тiптi Базарбай ханның сарайында тартылған еттабақта та кәдуiлгi үйiтiлген қойдың басы жатты...Табиғи көрiнiстер қашан да халықтың жүрегiне жақын. «Қыз Жiбектiң» сол кезде таңқаларлық тамаша табысқа жетуiнiң бiр ұшы да осы шынайы бiтiм-болмысында жатса керек.
Сонымен, 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерiнiң онкүндiгi 17 мамыр күнi «Қыз Жiбек» спектаклiмен ашылады. Жiбек – Күләш Байсейiтова, Төлеген – Қанабек Байсейiтов, Бекежан – Құрманбек Жандарбеков. Шетiнен таланттар. Олардың тасыған дарыны, орындау шеберлiгi, әртiстiк қабiлетi спектакльдi құлпыртып әкетiп, талғампаз көрермендердiң таңдайын қаққызды.
Қазақтың алғашқы операсының даңқы алысқа кеттi. Орталық газет-журналдардың бәрi жоғары талғаммен қойылып, асқан шабытпен орындалған спектакль туралы жарыса жазып жатты. Мысалы, «Социалистiк Қазақстан» газетi: «Москвада ойын көрсетiп жатқан Қазақ мемлекет музыка театры «Қыз Жiбектi» екiншi рет қойды. Үлкен театр филиалы халыққа лық толы болды. Көрушiлер ойынды өте жақсы қарсы алды. Шымылдық ашылып, бiрiншi пердеде қазақтың ерте кездегi шалқыған бай, құлпырған әсем киiз үйiнiң тамаша көрiнiсi алға тартылып, неше түрлi сәндi киiнген қыздардың қосылып салған әндерiнен соң көрушiлер ұзақ қол шапалақтады. Ойын уақытында жұрт қайта-қайта қол шапалақтап отырды. Әрбiр пердеден соң жұрт тамаша ойын көрсеткен театрдың айта қалғандай үздiк коллективiне овация жасап, құрмет еттi. Жұртты өте-мөте сүйсiндiргендер, басты рөлдерде ойнаушылар – Қазақ Республикасына еңбегi сiңген әртiс Күләш Байсейiтова, әртiстерден Қанабек Бәйсейiтов, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Үрия Тұрдықұлова, бишi Шара Жиенқұлова және басқалар болды» десе, «Советское искусство» басылымында спектакль туралы: «»Қыз Жiбектiң» музыкасы бiрiншi тактысынан соңғысына дейiн сұмдық сүйкiмдi. Мәселен, «Гәкку» әнi тыңдаушыларының есiн алды; әшекей-бояусыз қоңырқай ғана ән болғанымен, оның әуендiк суреттемесi қаншалық мәндi, мағыналы... қандай әсерлi... Драматург Ғабит Мүсiрепов пен композитор Брусиловский қазақ халық творчествосының негiзiнде керемет музыкалы-сахналық туынды жасаған...», - дей келе бұл газет те бiртуар өнер қайраткерлердiң талантын жер-көкке сыйғызбай мақтап жазған.
Мiне, Мәскеудi осылайша дүр сiлкiндiрген тұңғыш қазақ операсы едi бұл. «Қыз Жiбектен» кейiн небары 24 жасар Күләшқа «КСРО-ның халық әртiсi» атағы мен «Еңбек Қызыл Ту» орденi берiледi. Темiрбек Жүргенов, Құрманбек Жандарбековтер де осы ордендi кеуделерiне тағып келдi. Қанабек Байсейiтов, Манарбек Ержанов, Үрия Тұрдықұлова, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский сынды дарабоздар «Құрмет белгiсi» орденiмен марапатталады.
Өңкей маңдайалды өнер өкiлдерi негiзiн қалаған «Қыз Жiбектiң» табысты сахналанып, жұртшылықтың жүрегiнде құрметпен сақталуы заңды да.
Бертiнiрек Жiбектi – Бибiгүл Төлегенова, Төлегендi – Әлiбек Дiнiшев ойнады. Ғабит Мүсiреповтiң тiлiмен жеткiзсек: «Қыз Жiбектiң» жаңа қойылымын екi рет көрдiм, жаман емес. Әсiресе, Күләштiң орынбасар сiңлiсiнiң шыққанына қуандым (Бибiгүл Төлегенованы айтқаны – авт.). Әлiбек Дiнiшев – бұл күнге дейiн табылмай жүрген Төлеген. Талант».

Ал бүгiнгi күннiң Жiбегi – Нұржамал Үсенбаева. Бұл туралы өзi не дейдi?
«Менiң Жiбегiм осындай болу керек»

— Мен үшiн «Қыз Жiбек» операсының орны бөлек. Әрбiр өнер адамының жолын ашатын, бағын жандыратын бiр туындысы болады. Менiң өнер әлемiндегi бағымды ашқан – осы «Қыз Жiбек» едi. Құрманғазы атындағы консерваторияның соңғы курсында оқып жүрген кезiм. Жiбек партиясын орындау бақыты маған бұйырды. Кiммен дейсiз ғой? Әлiбек Дiнiшевпен. Мұндай әйгiлi әншiмен әрiптес болу бiз үшiн үлкен қуаныш болатын. Шабытым шалқып, Жiбек партиясын орындап шықтым. Қойылым аяқталғаннан кейiн «қалай болды екен?» деп күмәндандым. Бiр кезде сахнаға Ғабит Мүсiрепов шығып: «Менiң Жiбегiм осындай болу керек» деп, маңдайымнан сүйдi. Қуанышымда шек жоқ. Сол кез әлi күнге көз алдымда. Мiне, содан берi 25 жыл бойы Жiбектi жырлап келемiн. Маған бұл образ ерекше ыстық.

Құдiреттiлiктiң құпиясы неде?
«Қыз Жiбек» – Ғабит Мүсiреповтiң алғашқы опералық туындысы. Ол спектакльдi ерекше жақсы көрген екен. Либреттоны қайта-қайта өңдеп, мәтiнiнiң де мiнсiз болуын айрықша қадағалапты. Жаңа музыкалық қойылымы, орындалуы қалай болып жатқанын көру үшiн театрға да жиi-жиi келiп тұрған.
Ғабит Мүсiрепов пен Евгений Брусиловский халықтық эпос негiзiнде ұлттық операның iнжу-маржанын жасап қалдырды.
«Қыз Жiбектiң» құдiретi оның музыкалық тiлiнде жатыр дейдi зерттеушiлер. Евгений Брусиловский опералық туындыда халқымыздың 30-дан астам әнi мен күйiн пайдаланған екен. Оның партитураларының барлығы дерлiк Виктор Затаевичтiң жинағынан алынған. Болашақ композитор бұл еңбектегi қазақтың әндерiн сүйсiне қабылдап, жүрегiнде ұялатқан. Алғашқы шығармашылық қадамын халқымыздың әуендерiн нотаға түсiруден бастаған Евгений Григорьевич тек қана қазақ халқына тән ұлттық нақышты ажырата бiлген. Кезiнде «Советское искусство» деген мәскеулiк басылымның өзi Брусиловскийдiң бұл еңбегiн жоғары бағалап: «...ол барынша европалық музыка техникасына сүйенгенiмен, халықтық музыканың бар ерекшелiк бояуларын, бедерiн әдемi сақтай бiлген...» деп жазыпты.
«Қыз Жiбек» музыкасының ешқайсысы фольклорлық негiзден ауытқымаған. Айталық, музыканың ырғағы Жiбектiң көңiл-күйiмен дөп келедi. Атап айтқанда, «Гәкку» мен «Толқыма» кейiпкердiң көтерiңкi көңiлiн бiлдiрсе, «Дүние-ай», «Раушан» әуендерi трагедиялық образды меңзеген. Музыка тiлiнiң табиғилығының өзi «Қыз Жiбектi» жандандыра түскенiн аңғаруға болады.
Қойылымдағы халқымыздың салт-дәстүрiн, тұрмыс-тiршiлiгiн көрсететiн көрiнiстердiң өзi эпостың өзегiнен алынған. Бiр сөзбен айтқанда, композитор спектакльдiң барынша табиғилығын бұзбай, көрерменге жетуiн айрықша ескерген.
Ұлттық бояуы қою, шынайы болмысты операның құдiретi әлi талай көрерменнiң жүрегiн терберi сөзсiз.

***
Абай атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық опера және балет театры сахналағалы отырған «Қыз Жiбекте» басты партияларды Нұржамал Үсенбаева (Жiбек), Мұрат Шалабаев (Төлеген), Талғат Күзембаев (Бекежан) және Болат Бөкенов (Шеге) орындамақ.
Рухани қазынамыздың жауһар туындысына айналған ұлттық операны жұртшылық Есiл өзенiнiң бетiнде құрылған сахнадан тамашалайтын болады.

 

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ
“Астана ақшамы” газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475