Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 11626 24 пікір 21 Қыркүйек, 2021 сағат 14:28

Алтынсарин қайда жерленген? (Жауап мақала)

Редакция: Осыдан біраз уақыт бұрын сайтымызда ғылым докторы, Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты авторы Алмасбек Әбсадық мырзаның ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің жерленген орны мен отбасылық суретіне қатысты бірнеше зерттеу мақаласы жарияланған болатын.

Аталған материалдар: 

Алтынсарин бедерленген бір суреттің сыры

Алтынсаринның отбасылық суреті қайда түсірілген?..

Ыбырай Алтынсарин қайда жерленген?

Бүгін редакциямызға Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері Салтанат Өтелбаева ханым Алмасбек Әбасдық мырзаның зерттеу мақалаларына жауап жолдапты.

Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарысыптырып, пікір таластыруға Қазақстанның кез келген азаматы құқылы. Біз автордың жауап мақаласын оқырман талқысына ұсынып отырмыз...


АЛТЫНСАРИННІҢ АҚ МАЗАРЫ – АЗАТТЫҒЫН АҢСАҒАН АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ҰРПАҒЫН РУХТАНДЫРАТЫН КИЕЛІ НЫСАН

Жуырда «Abai.kz» ақпараттық порталында ағартушы қайраткер Ыбырай Алтынсариннің жерленген жері, қыстауы жайында ғылым докторы Алмасбек Әбсадықтың фактіден гөрі өзінің болжамына негізделіп жазылған мақалалары жарияланды (сілтеме арқылы мақаланың толық нұсқасымен танысып шығуға болады)

Автор ағартушының қазіргі жатқан жеріне күмәнмен қарап, қорытынды жасағаны да көпшілікті ойлантып тастады. Оның пікірінше, Ыбырай Алтынсарин қазіргі қойылған кесенеде емес, Қостанай қаласының ішіндегі қорымдардың бірінде жерленген. 

Ыбырай Алтынсарин Тобылдың арғы бетінде, өз ата бабасының жатқан қорымы, атасы Балғожа би мәңгілік тыныстаған «Ақ тамда» жерленген. Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында 1875 жылдан бастап ағартушы өмірінің соңғы минутына дейін Ыбырайдың жанында болған шәкірті Ғ.Балғымбаевтың қолжазба естелігінің тұпнұсқасы сақталған. Балғымбаевтың сөзін тілге тиек еткен мақала авторы естеліктің толық нұсқасымен таныс болмаған тәрізді.

Естелікте: «В день его смерти совершили по мусульманскому обычаю омоверения тела покойного при участии муллы 6-7 человек, потом окутали тело из белой материи, хоронили вблизи дома (зимовки) в одной версте, в общей мазарке, где раньше хоронили все его родственники и дед Балғожа бий, в оградке, называемой Ак там (белая мазарка). (1 сурет)

Балғымбаевтың жазған естелігі

«При переезде из Тургая в Кустанай Ибрай Алтынсарин этот свой дом продал под Тургайское ремесленное училище и построил на эти деньги вблизи Костаная за р. Тобыл в 4 верстах от Кустаная деревянный дом с 5-6 комнатах с надворными постройками, из дерен и забором из того же материала. Несомненно ему, как прибывшему после долгого отсутствия, помогли ближайщие родственники главным образом доставкой сторойматериалов и рабочих рук (Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қоры, «Воспоминания Балгымбаева об И. Алтынсарине», 62-129 б.) 2 сурет

Ғ.Балғымбаевтың жазған естелігі

Балғымбаевтың естелігінде де, бір жарым ғасырдай уақытта ел аузында да, жазба деректерде де ағартушы Ыбырайдың «Ақ там» (кейде «Ақ бейіт») деп аталатын Балғожа бидің мазарының қасында, Тобылдың  ар жағында жерленгені, Алтынсарин тұрған үйдің қазіргі Мичурин ауылдық мекенінің маңында болғаны, қыстау қасындағы көл «Инспектор көлі» атанғандығы (инспектор болған Ыбырай осы жерде тұрғандықтан құрметпен халық атап кеткен) – ақиқат.

Өзге де деректерді сөйлетейік:

1850 жылдың 12 наурызында шартты кеңесші И.Я.Осмоловскийдің Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы М.В. Ладыженскийге берген рапортында Жаңбыршин Балғожаның ұзын қыпшақтың Алтыбас тармағы биінің баласы екендігі, жайлауы Тобылдың бас жағы мен Қазанбасының маңайында, қыстауы – Тобыл бойында, Арақарағай орманында болғаны көрсетіледі. Бұл айтылған жайлау да, қыстау да Тобылдың оң жағында.

(3 сурет)

И.Я. Осмоловскийдің  М.В. Ладыженскийге берген рапорты

Қостанай қаласының оң жағалауы мен сол жағалауы жайында қала тарихына қатысты деректерде: «Некоторые архивные источники свидетельствует о том, что в июле и августе 1879 года – а именно этот год у нас принято считать годом основания города – на урочище Костанай из Оренбурга прибыло 300 семей первых поселенцев. Поселенцы разместились табором на левом берегу Тобола – там, где теперь малый мост, до поздней осени они жили в шалашах и пещерах, ожидая прибытия переселенческой комиссий, которая должна была отвестии землю под усадьбы» деп жазылған. Сондай-ақ, «При детальном изучении вопроса оказалось, что для устроиства города на выбранном губернатором месте необходимо сселить с правого берега Тобола 71 кибитку аула, входившего в Аракарагайскую волость. Генерал Константинович преполагал отвести под город на обоих берегах Тобола участок в 1330 десятин, в том числе десять тысяч для пригродного земледельческого поселка, численностью в тысячу душ мужского пола.» (П.М. Черныш, Очерки истории Кустанайской области (историческая литература). Кустанай. 1995 г. 9-10 стр.)

Қала салынбай тұрғанда Тобылдың оң жағы бос болмаған, ол жерді жергілікті қазақтар жайлаған. Ал Тобылдың сол жағалауы бос болғандықтан, оған переселендер қоныстанған. Осыдан-ақ, Ыбырайдың ата-бабасы Тобылдың оң жақ алқабын иемденгені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін нақты дерек екені аңғарылады.

Мына деректе: «Однако дело неожиданно для властей осложнилось. Созванный уездным начальником волостной съезд «поневоле соглашаясь на уступку в требуемом виде, в  приговоре своем просило дозволении «отвод потребного городу с поселением количества земли сделать одну сторону Тобола, на которой нет ни одной зимовки, а потому не придется никого не выселять»  Волостной съезд просил также «о возможном сокращении числа поселенцев хотя бы до 200 душ» (Приговор Аракарагайского волостного съезда, 28 марта 1880 г.).

Бұл деректен болыс съезі қоныс аударатындар үшін Тобыл өзенінің бірде-бір қыстау жоқ жағын, яғни сол жақ бетін қажетті жер көлемін алуға рұқсат сұрап отыр.

1880 жылғы 4-сәуірде Ы.Алтынсариннің Торғай қаласынан В.Катаринскийге арнаған хатында газетке жазған өз мақаласы жайында былай дейді: «Қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Сондықтан қолайсыздау істеп отырғанымды біле тұрсам да, оған қарсы екенімді білдіруге бел байладым» – деуі сол кездегі үкіметтің отарлау саясатына, мәжбүрлі түрде жерін алуға қарсылық көрсетеді. Ыбырай Алтынсарин өзі қарсы бола тұра селендер ортасына барып қоныс тепті деудің қисыны мүлдем келмейді.

Қазіргі Қостанай ауданының орталығы болып есептелетін Тобыл қаласы (Затоболовка) ертеде «Құтты алап» деп аталған. Бұл туралы Бейімбет Майлин «Жалбыр» повесінде жазған. «Тобыл өзенін төмен қуалай жүріп отырсаң, бір ауылдан кейін екінші ауыл кездесіп, Қостанай қаласына жеткенше екі болыс елдің басынан кіріп, аяғынан шыққандай боласың. Әсіресе, жерін айтсайшы. Ат шаптырым жерді алып жатқан кең алаптар – Тобыл өзені тасыған кезде  теңіздей боп кетеді.  «Үй орнындай жерден бір кебен шөп беретін «Тобылдың құтты алабы» атанған жер осы. Алаптың шөбі байдың малына сұлыдан да жұғымды» (Б.Майлин. «Ел сыры», Алматы: Жазушы, 1994 ж.). Атақты би, ел құрметіне бөленген ірі тұлға Балғожа Жаңбыршыұлы «Түгін тартсаң майы шығатын» шұрайлы жерге қоныстанбай, қайда қоныстанады?! Тағы қараңыздар: Тобылдың оң жағында Алқау, Басағаш, Бұлтың, Жыландыой, Кеңарал сынды қазақ ауылдары ертеден қалыптасқан. Ал Тобыл өзенінің сол жағында ылғи орыс селендерінің елді мекендері: Жуковка, Давыденовка, Александровка, Каменка, Введенка т.с.с. кете береді.

Переселенцы захватили у казахов вместо 13 тысяч более 40 тысяч десятин удобной для сельского хозяйства земли, и таким образом, Затобольский поселок был основан на самовольно захваченных землях, его долго даже в официальных документах называли «Самодуровка». («Справочник административно-территориального деления Костанайской области, издание первое, Костанай, 2004, стр. 23).

Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен творчесвосын ұзақ жылдар бойы зерттеген белгілі ғалым Ә.Дербісалин: «Балғожа аулы жазда Көкиық (Талапкерге баратын жолда) төңірегіндегі көлдерді жайлайды. Бұл – Тобыл бойындағы Балғожа қыстауынан оңтүстік шығыс бетте 20-25 шақырымдай қашықтықтағы жер. Күз түссе Балғожа аулы Көкиықтағы жайлаудан Тобылдың оң жағалауындағы Ызалық аталатын ойпаңға (қазіргі Қостанайдан 3-4 шақырым жер) көшіп кеп, бие байлаттырып, біраз отырады. Кейде жаз жайлауға көшер алдында да осы арада 15-20 күн аялдайды. Осы Ызалыққа жалғас төбешік (қазір Ыбырайдың бейіті тұрған жер) Балғожаның төрелік, бітім сұрап келген жұртты алқа-қотан жиып алып билік, шешім айтатын жері көрінеді. (Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин: Деректі баян. – Алматы: «Арда», 2005 ж., 12-бет).

1978 жылы ҚР Орталық Мемлекеттік архивке Ыбырай Алтынсариннің туысы, ағартушының жары Айғаныстың тәрбиесін көрген, Нұғыман Қошанұлының немересі, Қазақстанның Халық Жазушысы Мәриям Хакімжанова тапсырған «Қазақ халқының педагог-ақыны» қолжазба құжатында «Балғожа бидің ата қонысы – Тобыл өзенінің бойы, қыстауы да сол жерден қашық емес. Ал Ибраһимнің кейінгі қонысы – қазіргі Затобол ауданына қарайтын «Талапкер» совхозы орналасқан жер. Аяқ Көкиықтың маңында Медет, Айсары, Ұзынкөл дейтін үш көл бар. Медет көлінің жағасы – Ибраһимнің жайлауы. Жергілікті халық бұл көлді Алтынсары көлі деп атаған. (Ыбырай Алтынсарин туралы мақалалар, 1978-1991 ж. ҚР ОМА. Оп.2. 81 іс). Мәриям Хакімжанованың осы сөзінен-ақ, Ыбырай Алтынсариннің жерленген жері туралы күмән келтірудің өзі – артық. (4- сурет)

Мемлекеттік архивке тапсырған М. Хакімжанованың мақаласы

1990 жылы белгілі кинорежиссер Қалила Омаров Мәриям Хакімжанова туралы деректі фильм түсірген болатын. Бұл фильмнің режиссерімен байланысқа шығып, Мәриям апаймен сұхбаты жайлы сұрастырған едік.

Қ.Омаров: «Кинотүсірілім жасағанда Ыбырай Алтынсариннің зиратына Мәриям апай екеуіміз бардық, Мәриям апайдың ескерткішті ашқан кезде көп адам жиналды, қазіргі Мичуриндегі зират орнын Ыбырайдың жерлеген жері деп көрсетті. Айғаныстың тізесінде өскен Мәриямның ағартушының жатқан жері деп басқа жерді көрсетпейтіні анық».

«Атамекен» деректі фильміндегі Мәриям Хакімжанованың сөзі: «Өткенді үлгі етпей жаңа жарқырап көрінбейді ғой. Мен бұл жерде айтайын дегенім: Ескі тарихи мұралардың азып-тозып кеткендігі. Бала кезімізде Қостанайдан үш шақырым жерде «Ақбейіт» деген зират болды. Балғожаның, Қанқожаның зираты сол жерде еді. Ыбекеңнің басында, өзінің басында да көк решетка, сосын Шәрипа деген сегіз жасар қызы, оның да басында решетка, бәрінің басында кәдімгі көктас болатын. Ал Ыбекеңнің басындағы көктаста кісі бойы кетпен сабы болатын. Соның енді арғы бетінде ақын Нұржан Наушабевтың өлеңі жазылған.

Белгілі ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспанұлы «Ыбырай жолы» (Қостанай, 2021 ж.) еңбегінде: «Ы.Алтынсарин туып-өскен жер – ақ қайың аралас қалың қарағайлы, шұрайлы мекен. Екі ауылдың арасындағы орманды даланы ел Арақарағай (екі ауылдың арсындағы қарағай) атап кеткен. Ы.Алтынсарин мавзолейі тұрған жер – Ақбейіт. Тобылдың оң жағы. Балғожа биге тастан қалап биік ақ күмбезді там салыпты. Сол тамның мұнарасы күнмен шағылысып алыстан көрінеді екен. Сондықтан да Ұлы ағартушының ата-бабалары жатқан қорым – «Ақбейіт» аталып кеткен. Осы Ақбейіттің қасында кейін халық Ыбырайдың қызметіне қарай «Инспектор көлі» атап кеткен айдын көл жарқырап жатыр. Бұл көл бұрын Медет аталыпты» деп жазады. Бұл жерде «Инспектор көлі» атанған «Медет» көлін Мәриям Хакімжанова бұрынырақта «Алтынсары көлі» деп аталды дейді. Демек, кезінде Затобол ауданына қарасты бұл жер – Ыбырайдың қонысы болғандығының айғағы.

Ыбырай Алтынсаринді 40 жылдан астам уақыт зерттеген Бегежан Сүлейменов: Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы шілденің 17-жұлдызында күндізгі сағат 11-де 48 жасқа толуына үш ай, үш күн жетпей дүниеден өтеді, сансыз халық жиналып, қазақтың дәстүрі бойынша өз үйінен қашық емес,  Тобыл өзенінің маңындағы әкесінің қасына жерленеді. (Ыбырай Алтынсарин тағылымы: Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер – Алматы: Жазушы, 1991.» 30-бет). Сондай-ақ, зерттеушінің: «...Ыбырай Алтынсарин Қостанай қаласынан 3 шақырымдай жерде, Тобыл өзенінің иінінде, бір кішкене көлдің жағасында, өз қаражатымен үй салдырып, сонда тұрып, инспекторлық қызметін атқарды. Өзінің өлер шағында сол үйін орыс-қазақ мектептерінде істейтін мұғалімдерге бағыштады. Ол үй келешекте демалыс үйіне айналды. Ал 500 десятинадай (555 га) өзіне тиісті жерін, ол Қостанай қаласында ашылғалы жатқан ауылшаруашылық училищесіне бағыштады. Алтынсарин мекендеген жердегі көлді халық «Инспектор көлі» деп атады,– сол көл осы уақытқа дейін «Инспектор көлі» делініп келді». (И.АЛТЫНСАРИН: таңдамалы шығармалар, Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы, Алматы, 1955 жыл).

5 сурет

Алтынсарин қайтқаннан кейін, Алекторов инспектор болып тағайындалып, 90 жылдарда үкімет ауылшаруашылық мектебін ашуға рұқсат беріп, Ы.Алтынсариннің руынан 500 десятин (555 га) жерді училище салуға алады. Бұл аймақ, сондай-ақ, Алтынсарин отбасының үйі халықтық мектеп инспекциясын басқаруға ауыстырылды және «инспекторлық» деген атаққа ие болды. Алтынсарин үйі 1905 жылы Қостанай уезінің халық мектебі инспекторлары үшін саяжай ретінде пайдаланылды. 1905-1906 жылдары Қостанай қаласының мұғалімдер ұжымы жаз мезгілі кезінде, қала мұғалімдерінің саяжайы және демалыс үй ретінде үйдің бір бөлігін инспекторларға берудегі өтініштері іске асты.

«Әскери коммунизм» кезінде бұл үй Затобол селосына қарызға сатылады, жер Затобол селосына ауыстырылды. Одан бұл үйді бұзып, ағаштарын құрылыс материалына пайдаланады. 1920 жылы мәдени ошақтар салына бастап, Ыбырайдың үйінің ағаштарымен клуб тұрғызылады. Клуб 1965 жыл қиратылып, материалдарымен дәріхана салынады. Ағаштан салынған дәріхана 1990 жылы жабылып, құрылыс материалдары осымен зым-зия жоқ болады. Бізге бұл ақпаратты жеткізген Ыбырай мектебінің түлегі, Ыбырайды насихаттаушы ғалым, ф.ғ.к. Қалқаман Жақып «Ыбырайдың үйінің бір ағашын таба алмай, табан тоздырдым» дейді.

Қостанай қаласындағы орыс-қазақ мектебі мұғалімдерінің бірі, Ы.Алтынсариннің қызметтес досы Ф.Соколов:«Жил на зимовке, что в 3-х верстах от Костаная. А. И. К. и я почти ежедневно пешком похаживали к нему и прелестно время проводили, то в беседах, держа в руках по чашке кумыса, то в чтений» («Из письма Ф.Д. Соколова от 9-го августа 1889 года, к Н.И.»).

Сондай-ақ, Ф.Соколов «На другой день его похоронили недалеко от зимовки, рядом с его отцом, на берегу реки Тобола» дегені – Балғожа бидің ата қонысы – Тобыл өзенінің бойы, Ыбырайдың қыстауы да сол жерден қашық емес, арасы 3 шақырымдай жер екендігі – барлық ауызша да, жазбаша деректерде келтірілген мәлімет.

Ф.Соколовтың естелігімен таныс болған, оны өзі құрастырған «Воспоминания об И.А. Алтынсарине» (Қазан, 1891 ж.) атты жинаққа енгізген Н.Ильминский: «17 июля 1889 года скончался, в своем зимовочном доме вблиз поселка Костаная, киргизин Ибрагим Алтынсарин, 48-ми лет». Бұл жерде Ильминский Қостанайда деп тұрған жоқ, Қостанай поселкесіне жақын жерде деп атап көрсетеді. Ал Қостанай – Тобылдың сол жақ бетінде орналасқан. Егер әр сөзге мән беретін болсақ, бұл жерде «Қостанай поселкесіндегі қыстауда» деп нақты жазар еді ғой.

Қостанай облысының мемориалдық музей қорында Еңбекшілер депутаттары Кеңесі Қостанай қалалық атқару комитетінің «Қазақтың Ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің жерленген жерін сақтау туралы» шешімі бар. Қостанай қаласы, 10 қыркүйек, 1947 жыл. Ыбырай Алтынсарин қабірін қоршау және туған-туысқандары жатқан қорымның сұлбалық жоспары нақты схемамен көрсетілген.

(6-сурет).

Схемалық жоспарда Ыбырайдың және оның жанындағы туыстарының жерленген жерлері нақты сызбамен берілген.

Енді осы сызбаға зер салып қарасақ, «к тракту Семиозерное трассы» жазудан қазіргі Әулиекөл жолынан қорымдардың Тобыл өзенінің оң жағында орналасқаны айқын көрсетілген.

Сонымен қатар, Ы.Алтынсариннің ізбасары, педагог және қазақ мектебінің халық мұғалімі Зотик Петрович Толстых 1947 жылдың ақпан айында Қостанай облысының еңбекші депутаттар кеңесі атқару комитетінің төрағасы Жүсіповтың атына арнап баяндама хаттарын жазған. (7-сурет)

Баяндама хаттың авторы З.П. Толстых Ы.Алтынсарин қайтыс болғанына 60 жыл толу қарсаңында алдын-ала (2 жыл бұрын) комиссия құруға, облыс басшыларына хабарлап, құнды ұсыныс енгізеді. Онда «Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметі жайында материалдар жинау, ауылшаруашылық техникумына ұлы ағартушының атын беру және жерленген жерін дұрыс сақтап, ескерткіш орнату туралы» айтылады.

З.П. Толстых өзінің баяндама хатында былай деп жазған: «Ибрай Алтынсарин жил в Кустанайском уезде в 3-х километрах от города Кустаная аул семьи Алтынсарина был расположен на берегу озера настоящего ныне название «Инспекторское», Ибрай Алтынсарин имел в ауле деревянный дом, построенный в европейском стиле в несколько комнат большим гостинным залом отопляемого камином, столовую, кабинет для занятий, библиотека и спальня. Ибрая Алтынсарин несколько раз возбуждал ходотайство перед Министерством Народного Просвещения об открытии сельско-хозяйственной школы для обучения казахских детей сельскому хозяйству (земледелие животноводства и др.) для чего от имени своего рода пожертвовал 500 десятин земли вблизи своего аула, но царское правительство не хотело обучать казахов сельскому хозяйству школы открыть при жизни Алтынсарина не разрешено».

Ұлы ұстаздың естелігіне қатысты жетістіктер мен ықыласы туралы басқа құжаттар Қостанай мемлекеттік мұрағатында сақталған. Мысалы, Қостанай қалалық депутаттар кеңесі атқару Комитетінің 1947 жылдың 10 қыркүйегіндегі №1096 шешімінің «Қазақ халқының ағартушысы Ы.Алтынсариннің жерленген жерін сақтау туралы» тармағында жазылған: 1. Горкомхоз меңгерушісі Мудраков жолдасқа 1947 жылдың 20 қыркүйегіне дейін Ы.Алтынсарин жатқан жерді темір тормен қоршауды жүктейді және күзет пен схема түріндегі белгілі бір жоспарға сәйкес оның үйінің іргетасының орнына белгі орнату (8-сурет).

1878 жылы Ішкі істер Министрлігінен Тобыл өзенінде көшпелі қала құрлысына және онда егіншілік ауылын ұйымдастыруға рұқсат алынды.

1879 жылы жазда құрылысқа арналған орынды жеке қараудан кейін, Торғай облысының жаңа әскери губернаторы Александр Петрович Константинович оны қолайсыз деп танып, оны өзгертуді, Қостанай тоғайы жанындағы ағысы, Тобыл өзені арқылы өтетін өткелден үш шақырым төменге ауыстыруды ұсынды.

«Переселенцы сами строили себе землянки из дерна. Многие рыли пещеры на крутом берегу Тобола, чтобы укрыться от суровых морозов. И в 1881 году появилась улица Большая и несколько прилегающих улиц. Позже за логом Абильсай начала застраиваться Шакировская слободка, впоследствии именовавшаяся татарским поселком». Сейчас это большой городской район – Наримановка. [ГАКО.Ф. 1414.Оп.2.Д.63.Л.5].

1881 жылы Большая көшесі мен оған жақын бірнеше көшелер пайда болды. Кейін Әбілсай сайының артында «Шакировка» татар слободасы (қазіргі Нариман) салына бастады.

Біз осы «Наримановканың» байырғы тұрғындары Рамиль және Раис есімді татар көнекөз қарияларымен бетпе-бет кездесіп, кезінде татар ұлтының өкілдері қоныстанған Қостанай қаласындағы осы аумақ тарихы жайында сұрап білдік.

Раис ата: «Шакировка» деп аталған аумақта аталарым көшіп келгенде дәл осы біз тұрған жерде Ыбырай бейіті бар дегенді ешкімнен естімедік, ешқашан ондай әңгіме болған емес, болса біздің әти-аталарымыз айтар еді. Татарлар оқымысты адамның бұл жерде жерленгенін білсе, ол зиратты сындырмақ түгілі, басына барып зиярат қылар еді. Барлық ел білетін Ыбырай «екінің бірі емес» қой. Ал Маяковский көшесіндегі мұсылмандар бейіті Христандар зиратының жалғасы ретінде бертінде қалыптасты. «Шахрин» – осы маңда өмір сүрген орыс көпесі.  Оның диірмені болған.

Рамиль ата: Насибуллин деген кісі осы зиратқа соңғы рет, әлі есімде 1962 жылы жерленген еді. Жаназасында да болдым. Құран бағыштадым. Березка маңындағы зират 1886 жылы қалыптасты, зират басына қойған көктастардағы жазуларды оқыдым, 1939 жылы көшіп келгенде ноғайларды сол жерге қоятын. Кейін 1944 жылдан бастап шешендер жерленді. Қазіргі «Заправка» тұрған жерге еврейлер мен немістерді қоятын. Ал  емхана сол қорымның орнына салынған.

Барлық мәселе мынада: Ыбырайдың шәкірті Ғ.Балғымбаевтың естелігінде: «Қостанай қаласынан 3-4 шақырымдай (ескіше 3-4 верст) жердегі Тобыл өзенінің сол жағынан өзіне арнап 5-6 бөлмелі үй салғызды» деп жазылған. Әрине, өзеннің ағысынан қарасақ, Қостанай қаласы – Тобыл өзенінің сол жағалауында тұр. Мақала авторының күмәнін туғызған осы сөз. Ал енді Ғ.Балғымбаев өзеннің ағысына қарамай, өзінің тұрған жері Қостанайда тұрып айтса, оның «сол жақ» деп тұрғаны өзеннің арғы беті емес пе? Сондықтан бұл жерде  арғы бетінде немесе бергі бетінде тұрып айтқаны да ескерілуі керек.

Алматыда ұлттық мәдениет институтында ғылыми қызметкер, Орталық музейде библиогаф, Қазақ КСР Ғылым академиясы қазақ филиалында ғылыми қызметкер болған, 1943 жылы дүниеден өткен Ғабдолғали Балғымбаевтың, 1878 жылы туып, 1956 жылы қайтыс болған Ыбырайдың төл шәкірті атанған Спандияр Көбеев, 1923-1963 жылдары Балғожа бидің аулының басы саналатын Темірқазықта тұрған Омар Шипин, 1949 жылы өмірден өткен Бекет Өтетілеуов Ыбырай ұстазының басына келіп, Құран бағыштамады деуге сену қиын. Сол кезінде ұстазының жерленген жеріне күмән туғызған болса, нақты «бұл жерде жерленген жоқ» деп айтар еді ғой?! Содан бері Ыбырайдың көзін көрген шәкірттері мен туған-туыстары, барша зиялы қауым бос зиратты зиярат етіп жүрмеген шығар!

1949 жылы Ілияс Омаров Қостанайға келіп, партия активін өткізеді. Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінде қызмет істеп жүрген ақын Сырбай Мәуленов мейманханаға барып, сәлем беріп, Ілиясты үйіне қонаққа шақырады. Ол кісі: Осында Жамал Омарова гастрольде жүр. Сен солармен бірге бізді Ыбырай Алтынсариннің қабіріне апар, - дейді.

Тобыл өзенінен өтіп бара жатқанда Ілияс: Осында оқып жүргенде қайран Тобылға көп шомылдық қой. Тобыл Обьқа қосылады. Обь Солтүстік Мұзды мұхитына құяды. Сол сияқты Ыбырай да кезінде орыс мәдениетіне қосылып, үлкен теңізге құюға ұмтылған еді ғой, - дейді. Жолшыбай ол инспектор көліне шомылып, Жамалға тұңғиық гүл сыйлайды. Ыбырай қабірінің халін көріп, Ілекеңнің көңілі құлазиды. (Мәуленов С. Асыл азамат І. Омаров Ұлы тұлғаның жыр жолдары және ол кісі туралы замандастарының естелік-эсселері.-Алматы. «Санат», 2003 ж.)

Кешкілік партия активінің жиналысында жасаған баяндамасының аяғында «Атақты жерлестеріңнің, ұлы ағартушының қабірінің жағдайы қабырғаларыңа қалай батпайды?!-дейді. Содан облыс басшыларынан ауызша нұсқау алғаннан кейін 1950 жылғы 31 қаңтар күні КазССР Коммуналдық шаруашылық Министрлігі Мәдени ағарту комитетінің тапсырысымен Алтынсариннің ескерткіш жобасын әзірлейді. Ол жобада түсіндірме жазба, смета да дайын болады. (10 сурет)

Ұлы ұстаз атындағы мектептің 1948-1954 ж.ж. түлегі, 1970–1990 ж.ж. директоры, сан жылдар бойы Ыбырай мұрасының ізденіс жұмыстарын атқарып жүрген, ұстаз ізбасары Беген Көпешов: «Ұстазым Мырзахмет Шайхин 1950 жылы осы мектеп-интернатында оқып жүргенде «Ыбырай атамыздың басына апарып, осы жерде Ыбырай аталарың жерленген деп, қазіргі бейіт тұрған жерді көрсетті. Ол жерде ескі қызыл кірпіштердің үйіндісі жатқаны анық. Құлпытас қай жерге қойылды – сол жерде Ыбырайдың кесенесі тұр. Мен де кейін Шайхин ағайым секілді оқушыларды ертіп апарып тұрдым. Ағартушының өмірбаяны өте кең түрде авторлардың жазуы, айтуы деген сияқты, Ыбырай атамыздың жатқан жері бұрынғы өзінің «усадьбасы», өзінің тұрған жерінде, атасы Балғожаның жатқан жерінде жерленген деп есептеймін. Осы мектепте шәкірт болғандағы өмірім, менің тікелей ұстаздық өмірім осындай пікірді қалыптастырды».

Қостанайдағы Ыбырай негізін салған мектептің тағы бір түлегі, ф.ғ.к. Қалқаман Жақып 1960-1966 жылдары ағартушының зиратының басына барып, тағзым еткендігі, ұстаздарының құран оқыған кездері есінен кетпейтінін  айтады.  11-сурет

2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен Ыбырай Алтынсариннің кесенесін қайта қалпына келтіру жұмысын жүргізген маңғыстаулық сәулеткер, мердігер Құралбай Озғанбаев: «Тіпті қақпаның ар жағынан бастау алатын үлкен қорымның бар екеніне көз жеткіздік, олай дейтін себебіміз, дәл Ыбырай Алтынсарин кесенесі маңындағы мәйіттер тығыз жерленген екен. Ыбырай Алтынсарин жатқан кесене іргетасын ашқан кезде саны 9 адамның мәйіті табылды. Соны біз ықшамдап, сүйектерді жинақтап, Ыбырай Алтынсарин жатқан жердің оң қаптал, сол қапталына үйіп-үйіп көмдік. Ал енді тас жатқан жерді тұтас аша алмадық. Өйткені, ішін қалап тастаған, іргетасы құйылған, бүйірінен келіп қазғанда мәйіттің жатқанына көз жеткіздік, әйтеуір, бір аруақты кісінің мүрдесі екеніне еш күмән жоқ».

Ыбырайдың туысы Марат Қасымов: «Балғожаның жерленген жері – қазіргі Ыбырай атамыздың кесенесі тұрған жердің жанында белгі тас қойылған. Онда, «Ұлы ағартушы Ыбырайдың атасы Балғожа, әкесі Алтынсары және туыс-туғандары жатыр» деп жазылған. Менің аталарым, өз әкем де солай айтатын. Ал Ыбырай Қостанай қаласы ішіндегі кейбір қорымдарға жерленген деген пікір – дұрыс емес. Мен өзім Қостанайдағы Ыбырай өзі салған ескі мектепте оқыдым. Ыбырай мектебінің ұстазы Мырзахмет Шайхин де бізді «стройға» тұрғызып, атамыздың қабірінің басына жаяу апаратын».

Меруерт Бақытжанова (Қанқожаның ұрпағы, Анталия қаласында тұрады): «Менің атам Қанқожа одан Қылышбай, Қылышбайдан Мінайдар, Мінайдардан Бақытжан, Бақытжаннан Едіге туады. Менің атам – Мінайдар Қылышбаевтың немересі. Едіге атам мені жанынан тастамайтын. Шежірені жақсы білетін. Ыбырай жатқан кесене маңында біздің ата-бабаларымыз жатыр. Сол естеріңізде болсын, ұмытпаңдар» деп нықтап айтатын.

PS: ХІХ ғасыр қазақ тарихындағы қиын кезеңінде найза мен қылыштың күні өткенін сезген ағартушы Ыбырай Алтынсарин өркениеттің көшіне кемел білім мен кенен ғылым арқылы ғана ілесе отырып, Тәуелсіздікке қол жеткізудің жалғыз амалы ұлт мүддесіне қызмет ететін сауатты, зиялы ұрпақ қалыптастыру керектігін біліп, сол жолда бар саналы ғұмырын сарп етті. Биылғы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтер шақта әрі ұлы ұстаздың 180 жылдығы қарсаңында атқарылар маңызды шаралар тұрғанда мазарын іздеп, аруақтың мазасын алған мағынасыз жұмыстың мақсаты қандай? Алтынсариннің ақ мазары азаттығын аңсаған Алаш арыстарының ұрпағын рухтандыратын киелі нысан емес пе еді?! «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қыруар жұмыс атқарылып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтау арқылы ұлттық санаға серпіліс алғанда, қайта зерттеуді қажет етпейтін қалыптасқан тарихи деректерді жоққа шығару даналыққа жатпайды. Кешегі нәубет жылдары атылып кеткен арыстарымыздың сүйегі айдалада қалып, туған жерінен бір уыс топырақ бұйырмағанда, ұлы даласының төсінде мәңгі тыныстаған ұлы ұстаздың қабірін емес, қадірін арттыру үшін атсалысуымыз керек-ті. Кісі өлгенде қалай жерлеу және ас беру туралы этнографиялық еңбек жазып, «Мұсылманшылық тұтқасы» атты кітап шығарып, қалыптасқан ата дәстүрге үлес қосқан Ыбырай Алтынсариннің ата қорымына мұсылманша жерленгеніне еш күмән келтірмейік. Ұрпақ тағзым етіп зиярат жасайтын зиялы бабамыздың зиратын зерттеп, мәйітін басқа жерден іздеп, аруаққа зиянымыз тиіп кетпесін!..

Салтанат Өтелбаева, 

Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин
мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387