Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2185 0 пікір 12 Шілде, 2009 сағат 19:06

Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ. Үрімжідегі қақтығыста қаза тапқан азаматтарға құран бағышталды



Қазақстандағы ұйғырлар қауымы Шыңжаңдағы қақтығыста қаза болған азаматтардың әруағына құран бағыштап, ас берді. Алматы, 10 шілде 2009 жыл.

Шілденің 10-ы күні Алматы қаласындағы ұйғырлар көп шоғырланған «Дружба» шағын ауданында Қазақстандағы ұйғырлар қауымы Шыңжаңдағы қақтығыста қаза болған азаматтардың әруағына құран бағыштап, ас берді.
Жұма күні жүздеген адам қатысқан азалы жиында Қазақстанның ұйғыр жастарының одағы мен ұйғыр мәдени орталығы Үрімжідегі жағдайға әлемдік қауымдастықтың араласуын сұрап, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының атына үндеу жолдады.
Бұл үндеуде Қазақстандағы ұйғырлар қауымы Үрімжідегі қанды оқиғаға қатты алаңдап отырғанын жеткізіп, аталмыш оқиғаға ресми қытай билігінің берген бағасы мен ұстанымын жоққа шығарады.
«Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы оқиға бұл ең әуелі қарапайым адамдардың трагедиясы. Себебі, адамдардың құрбан болуына әкелген кез келген бейбіт шеру тек осы тұрғыдан қарастырылуы керек. Сондықтан ұйғыр жастары шеруге шығушыларды «сепаратизммен», экстремизммен», «терроризммен» байланыстырып отырған ресми Қытайдың ұстанымына түбегейлі қарсы. Сондай-ақ, шеруді «Әл-Қаидамен» байланыстырып отырған жоғары лауазымды шенеуніктердің мәлімдемесіне де сынмен қараймыз» делінген Қазақстанның ұйғыр жастары одағының әлемдік қауымдастық пен демократиялық мемлекеттердің басшыларына жолдап отырған үндеулерінде.
Ал Қазақстанның «Республикалық ұйғыр мәдени орталығы» мен «Ұйғырлардың ұлттық қауымдастығының» БҰҰ-да тіркелмеген халық пен ұлттардың ұйымына (UNPO - Unrepresented Nations and Peoples Organisation) жолдап отырған үндеуінде тарихи отанында тұрып жатқан ұйғырлардың бүгінгі таңда жаппай ассимиляцияға ұшырауы турасында айтылып, аталмыш мәселеге ұйымның араласуын сұрайды.
«Ұйғырларға «террорист», «сепаратист» секілді жалған ат тағу үрдісі олар алдағы уақытта бейбіт өмір сүреді деген үмітімізді құртып отыр. Қытайдың күш құрылымдарының жасап отырған әрекеттері халықаралық нормаларды бұзады. Біз қытай билігінің алдағы уақытта жасайтын күш көрсетулеріне тосқауыл қою жолында барлық мүмкіндікті пайдалануларыңызды сұраймыз. Аталмыш трагедиялық жағдайға қатысты тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізуге ұйытқы болуларыңызды да өтініп сұраймыз» делінген үндеуде.

 

Әбдірашит Тұрдиев, Қазақстанның ұйғыр жастары одағының төрағасы. Алматы, 10 шілде 2009 жыл.

 

Жиынды ұйымдастырушы Қазақстанның ұйғыр жастары одағының төрағасы Әбдірашит Тұрдиев Қытайда ұйғырларға жасалып жатқан зорлықтың әділетсіз екенін айтып, бұған қытай үкіметінің жол бергеніне наразылық білдірді.
«Үрімжідегі қанды оқиға аяусыз басылып жаншылды. Бүгінгі таңда онда ұйғырларды жаппай жазалау үрдісі жүріп жатыр. Біздің қолымыздан келетін жалғыз нәрсе – бұл ақпарат құралдары арқылы көпшіліктің, халықаралық қауымдастықтың аталмыш мәселеге назарын аударту. Қытай билігінің жүргізіп отырған геноцидтік саясатына тосқауыл қою жолында барлық мүмкіндікті пайдалануын сұрап отырмыз», - деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиынға Алматы қалалық әкімшілігінің өкілі де келіп қатысқан, бірақ жиын барысында біз оларды кездестіре алмадық.
Үрімжідегі оқиғаға қатысты пікірін білдірген қазақ қоғам қайраткері Хасен Қожахмет мұның тек ұйғыр халқының ғана емес, бүкіл түркі жұртының ортақ қайғысы екенін қадап айтты. Сонымен қатар ол қытай билігінің аз ұлттарға жүргізіп отырған саясатын да сынады.

Хасен Қожахмет, қазақ ұлтшылы. Алматы, 10 шілде 2009 жыл.

 

«Ұйғырлар деп көңіл айтып жатырмыз ғой. Бірақ олай емес. Ол жақта, яғни Шығыс Түркістанда қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман бауырлар бар. Олар әрқашан да ортақ күш біріктіріп, бір идея үшін күрескен. Сондықтан біз де қаралымыз. Оспан батырды білесіздер, кезінде қызылмен де, Чан Кайшимен де күрескен. ХХІ ғасырда өмір сүрсек те, Қытай империясы орта ғасырдағы қырып-жою, жабайы тәсілдерін қолданып отыр...», - деді Хасен Қожахмет.
Оның сөзін өзге де қазақ қоғам қайраткерлері қостады.
«Мың жарымдай адам қамауға алыныпты. Оларға өлім жазасы қаупі төніп тұр. Бұл үшін қатты қиналамыз. Біз әлемдегі барлық гуманистердің қамаудағы адамдарды өлім жазасына бұйырмауды талап етуде көмектесуін сұраймыз», - деді Мақсұт Оразай.

 

 

Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ
“Азаттық” радиосы 11 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475