Ғаділбек Әкім. Тәуелсіздігіміздің «ең соңғы» нүктесі «ортақ валюта» болып жүрмесін!
Соңғы уақытта Еуразиялық экономикалық кеңістік мәселесі БАҚ беттерінде және қоғамда қайтадан жиі әрі белсенді түрде көтеріліп келеді. Мемлекетіміз үшін бұның мәселе болып көтерілуі заңды да. Осы мәселеде тағы бір назар аударатын нәрсе, соңғы кезде «Еуразиялық экономикалық кеңістік» дегеннен, «экономикалық» деген сөз жиі түсіп қалып жүр, яки, Еуразиялық одақ болып жиі айтылып, жазылып келеді. Ресейдің Үкімет басшысы Дмитрий Медведев жақында Санкт-Петербург қаласында: «Еуразиялық Одақ мүше елдеріне ортақ валюта керек, қазір енгізуге болмаса да, бұл туралы ойланып, белсенді түрде кірісе бастау керек», - деген болатын. Кезек күттірмей, оның бұл мәлімдемесін Федерация Кеңесінің жетекшісі Матвиенкода қолдап, іліп әкетті. Матвиенко, ортақ валюта ретінде - Ресей рублінің болғаны ыңғайлы, себебі, аталмыш валюта, дүниежүзілік деңгейде мойындалған деді. Жалпы, байқағаным Ресейдің маргиналды саясаткерсымақтарымен федералды деңгейдегі саясаткерлері, депутаттары, экономисттері осы тұрғыдағы мәлімдемелермен көзқарастарын ашық айтуға кірісіп кеткендей.

Ал, бізде бұл туралы қандай ойда, қоғамдық пікір қалай? Әрине, ортақ валюта, ортақ шекара, ортақ парламент және олардың айтып жүрген өзге де «ортақтары» бізге ұнамайтыны айдан анық. Біздің елімізде, кеңістік аясында ортақ валюта енгізу туралы ел басшылығы, элита әлі өзінің соңғы сөзін айтқан жоқ. Бұл негізі, біздің мемлекет, қоғам және билік үшін де жақын уақыттағы өте күрделі мәселе болғалы тұр. Сонымен қатар, тағы бір көңіл бөлетін нюанс, бұл - соңғы уақытта елімізде әр-түрлі түсініксіз әлеуметтік сауаланамалардың жүргізілуімен олардың нәтижелері, ондағы сұрақтардың қалай қойылғанын білу қиын, алайда, кейбір БАҚ беттерінде, Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Ресей басшысының саясатын қолдайды, одақтың құрылуын қазақстандықтар құп көреді деген сыңайдағы пікірлердің жиі шығып, айтыла беруі толғандырады. Ол сауалнамалар кімдердің арасында жүргізілді, сауалнамалардың фокус-топтары кімдер, әлде ол жабық түрде жүргізілген сауалнамалар ма оны ешкім білмейді, бұдан шығатын қорытынды, «ортақ» дегенге қоғам назарын аударуға деген үлкен, көлемді, жүйелі жұмыстың жүргізіліп жатырғаны байқалып тұр.
Қазақстанда соңғы өткен халық санағында, еліміздегі мемлекет құраушы ұлт - қазақтардың саны 67%-дан асқан болатын, бүгінгі күнде 70%-ға тақап қалды. Әрине, ұлтқа, тәуелсіздікке, тәуелсіздік атрибуттарына шынайы қауіп төнетін болса, қазақ ұлтының басым бөлігі өре түрегелетініне ешкімнің шүбәсі жоқ шығар. Бұл жерде, мені қызықтыратыны ЕЭК аумағында ортақ валюта енгізу деген маңызды мәселеде, біздің еліміздегі диаспораларың ой-пікірлерімен ұстанымдары қандай? Бұл сұрақтың жауабы әрқилы болуы мүмкін, алайда, сұраққа жауап қандай болады дегенді алдын-ала болжамаған дұрыс болар. Қазақтардан кейінгі сан жағынан екінші орын алып отырған орыс диаспорасының аталмыш мәселе бойынша ұстанымы ерекше маңызды. Олардың еліміздегі кейбір әсірерадикалды ұйымдарының ұстанымдары көбімізге белгілі, ал қатардағы азаматтардың пікірлерімен ұстанымдары қандай. Әзірге бұл белгісіз болып тұр.
Солтүстік көршімізбен арадағы тауар айналымы бүгінгі күннің өзінде 25 млрд. АҚШ долларын құрап отыр, бұл көрсеткішті алдағы жылдары 40 млрд-қа жеткізу көзделіп отыр. Алыс-беріс көлемінің ұлғаюы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтатыны белгілі, шекаралас аймақтардың бір-бірімен қарым-қатынасы белсенді дамуда. Алайда, алыс-беріс, сауда-саттық ұлғайып, қарым-қатынас артқаны, ол үшін ортақ валюта енгізу керек дегенді білдірмейтін шығар. Кеңістік аясында ортақ валюта енгізу туралы БАҚ сұрақтарына Ұлттық Банк басшысы да, Үкімет жетекшісі де, ол жақын болашақтың мәселесі емес дегенге саятын жауаптар қайтарған болатын. Бұл біздің мемлекетіміз үшін алдыңғы қатардағы мәселе емес.
Өткен аптада Ресейдің бір ғаламтордағы басылымында Ресейдің Башқұрт елінің жетекшісі Рустэм Хамитовтың сұхбаты шыққан болатын. Сұхбатта, Рустэм Хамитов: «ұлттық территориямыз, ұлттық республикамыз деп, ұлттық құндылықтарымыздан айырылмаймыз деп шулай беруге болмайды, бұлай деп көп сөйлей берсек, артта қалып қоямыз, ешкім бізге келмейді», - депті. Бұл, әрине, Ресейдің ішіндегі құрамдас субъект, сол себепті Ресейдің Орта Еділ аймағындағы субъектілерімен, Татар автономиясымен инвестиция үшін бәсекелестік зор, сол үшін таласуда, алайда, ұлттықпен ашықтық, инвестиция олар бір-біріне қарама-қайшы келетін элементтер емес. Мен, алармисттік көзқарастан ада болғым келеді, дегенмен, біздің елдің тізгінін ұстап отырған азаматтар Хамитовтың деңгейіндегідей болмаса екен деген үміттемін.
Ортақ валюта, ортақ шекара және өзге де «ортақ» мәселелері қозғалғанда, кез-келген өзін-өзі сыйлайтын мемлекет, ұлт, өзіне төнген қауіп екенін түсінеді және ондай мәлімдемелердің көптеп айтылуы да жақсы нышан емес. Бұл мәселеде, тіпті, Ресей тарапынан «тәуелсіздіктері» біржақты мойындалған, халық саны ап-азғантай Оңтүстік Осетиямен Абхазия да келіспейтін шығар, тәуелсіздігінен ешкім де айырлығысы келмейді. Кішкентай мемлекет болып саналатын Шығыс Тимор мемлекеті де келіспес бұндайға. Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның басты байлығы - оның тұтастығымен тұрақтылығы», - деген болатын. Біз, өзіміздің тәуелсіздігімізді сақтай алсақ, ұлттық валютамыз сақтап қала алғанда ғана тұтас та, тұрақты мемлекет, әлем қауымдастығының белсенді субъектісі болып қала аламыз. Бұл тарапта мен мақаланы Украина Президенті Виктор Януковичтің «суверинетімізді газбен ақшаға айырбастамаймыз» деген сөзімен аяқтағым келіп отыр. Тәулесзідіміздің «ең соңғы» пункті «ортақ валютамен» басқа да «ортақтар» болып жүрмесін!
«Абай-ақпарат»