Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3985 0 пікір 28 Маусым, 2012 сағат 08:04

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VI

«Америка жиянгерлігіне қарсы тұрып, Чаушанға көмектеселік!» дейтін ұран шу көтерді бір күні. Бірер айдан бері күздің сары жаңбырындай себезгілетіп келе жатып, тосыннан нөсерлете жөнелгендей, барлық газет беті айқай белгісіне толды да кетті. Ертеңіне газеттерден асып, қызылды-жасылды қағаздармен көшеге лап қойды. Аупартком секретары Лиіңдәйшыңның дауысымен клуб залын солқылдатты. Секретардың төңкерістік ішкі соғыстан әрең қалған сыңар көзі сыртқа теуіп, сыртқы шапқыншылық соғысты сөйлегенде жарқырап шыға келді. Келгеннен бері басын төмен салып, тым момақан көрініп жүрген құба жүзінен от жайнап, жауынгерлік бейнесін аша сақылдады. Қас жауынгер жайшылықта емес, еліне жаугершілік төнгенде жайнайды ғой. Секретар жүзінен сол көрінді.

«Чаушанға төнген шапқыншылық шын мәнінде Жұңхуа халық республикасына төнген шапқыншылық» -деді секретар.

VI

«Америка жиянгерлігіне қарсы тұрып, Чаушанға көмектеселік!» дейтін ұран шу көтерді бір күні. Бірер айдан бері күздің сары жаңбырындай себезгілетіп келе жатып, тосыннан нөсерлете жөнелгендей, барлық газет беті айқай белгісіне толды да кетті. Ертеңіне газеттерден асып, қызылды-жасылды қағаздармен көшеге лап қойды. Аупартком секретары Лиіңдәйшыңның дауысымен клуб залын солқылдатты. Секретардың төңкерістік ішкі соғыстан әрең қалған сыңар көзі сыртқа теуіп, сыртқы шапқыншылық соғысты сөйлегенде жарқырап шыға келді. Келгеннен бері басын төмен салып, тым момақан көрініп жүрген құба жүзінен от жайнап, жауынгерлік бейнесін аша сақылдады. Қас жауынгер жайшылықта емес, еліне жаугершілік төнгенде жайнайды ғой. Секретар жүзінен сол көрінді.

«Чаушанға төнген шапқыншылық шын мәнінде Жұңхуа халық республикасына төнген шапқыншылық» -деді секретар.

Қытай құрлығынан гоминдаң мен қоса қуылған америка құрама штатының жиянгерлік тобы Азиядағы ұланғайыр зор несібесінен айрылғанда ұли жөнелген болатын. Ұли-ұли жершарының барлық бөрісін жиып келіп, ашулы тістерін коммунистік Жұңгоның дәл бүйірінен - өз ықпалындағы оңтүстік Чаушаннан (Кореадан) сақылдатып жатқанын естіп жүргенбіз. Енді міне, лап қойып, қанды қырғынға кірісіпті де, азат Солтүстік Чаушанның астанасына дейін ойрандапты. Бір айда Чаушанды түгелдеп жұтып болып, қанды аузын Жұңгоның өкпе-жүрегінен келіп салмақ!»

Ұлттық төңкеріс кезіндегі дәстүріміз бойынша жалпы аттанысқа келе қалдық. Жастар соғыс майданына баруға тізімделіп, кәрілер капиталдық көмегін тізімдетті. Мұндайда жарысқа түсе кететін байлар сайгүліктерін үкілеп нөмірлетіп жатқанда, Башпайдың өгіздері мен дөнен-бесті қойлары қорғаушы қыран аэропланға айнала кетіп, Чаушанға жүйтки жөнелді.

Мен өзімді жауынгерлікке алдыңғы қатарда тізімдетіп едім. Секретар алдымен өшіртті. Қыр райондарына үгітке шығармақ екен.

Күздің мұндай бұлыңғыр суық шағында көшпенді халыққа шығатын үгітке бұрынғыдай жеңіл-желпі екі-үштеген, төрт-бестеген ғана емес, алпыс адам ұйыдастырды секретар. Көбі әнші-биші қыз-келіншек. Бұл атретті «Чуан-шуән туан»[1] деп атап, туанжаңдыққа[2] аупарткомның үгіт бөлім бастығы Жаң фамилиалы жігіт тағайындалды. Жаң туанжаңға бақандай алты орынбасар футуанжаң керек екен. Алты футуанжаңның бесеуін секретардың өзі көрсетті: бірінші футуанжаң деп алдымен Сәрсен саясатты, екіншіге ақсайтан Мұқанды, үшінші мен төртіншіге және солар сияқты жиі көрініп жүрген Ербол мен Далдақұлдың атын атады. Бесіншіге келгенде тізіміне қарап «Хайсан» деп дауыстады секретар.

Бір жағымда отырған Өмірбек мырс-мырс күлді.

- Үндемей жүріп Қайсен де жылпос екен-ау, партияға өтуге бұл да арыз жаза қойыпты ғой!

- Бұл жылпостығымен емес, жуастығымен - мұрнының суын да жия алмайтындығымен сайланса керек! -деді Қиялзат.

- Жуастығын секретар қайдан көре қойды дейсің?

- Онысы мұрнынан қылтаңдай - жылтыңдап тұрса да көрмей ме!...

Бұл қалжыңдарына Өмірбек пен Қиялзат қарқылап күліскенде алтыншы орынбасар болып менің атым аталды. Секретардың аузынан Телбай әкімнің күбірлеуімен аталғанымды байқадым. Сәрсен мен Мұқан жатталған коммунистің уызынан қып-қызыл менің атым әрең шыққанына намыстанғандаймын: «осындайлармен бірге жәннатқа кірудің өзі де жақсылық болып жарытпас!»

- Партияға кіруге сен әлі арыз жазбапсың ғой? -деп күбірледі Өмірбек.

- Мүше қабылдау ісі әлі басталмады ғой.

- Бәле, пәлен күні бастаймыз деп құлақтандыру шығарады ғой деп жүрмісің! Өзің талап етпесең, сені зорлап тартпақ па!... Телбайлар әлдеқашан өтіпті. Мына Сәрсен мен Мұқан қулар арыздарын алдымен жүгірткен. Қазір сынақ астында. Осы сайлануына қарағанда партияға қабылдану алдында сияқты. Мен жазғалы да үш-ақ күн болды. Тегінде бойымызға сеніп жүріп, жылдан құр қалмайық!

- Бұлар өтсе, біз зып ете түсерміз, -деп күлдім. - бірақ... коммунизм партиясы осы гоминдаңшыларды да қабылдаса кім болмақ?...

Алдағы үгіт қызметіміздің тәртібі жайында секретар сөйлеп кетті де, жеке сөз доғарылып қалды. Алпыс адамдық бір үгіт атретінің бастығына алты орынбасар сайлаған себебі, барған районымызда алтыға бөліне жаяулап, ауыл-ауыл, үй-үйге қыдыра жүріп үгіттейді екенбіз. Күнделікті қызмет нәтижемізді штапқа, дәлін айтқанда туанжаңға, футуанжаңдар барып баяндап, жол-жорық сұрап тұрады. Аталған көмек пен Чаушан майданына жазылған ерікті жауынгерлерді бұл жолы жимай, тізімдеп қана қайтатындығымыз айтылды.

«Халықпен жақындасу үшін» халықтың өзінше құба төбел ғана киініп баруымызды баса дәріптеді секретар. Сөзсіз түсінікті болу үшін «оқымыстылар тілін қолданбай, халықтың дәл өз тілінде» сөйлеуімізді де көбірек ескертті.

Төңкеріс кезінде ішкі өлкелердегі жиы қоныстанған тұрғылықты халыққа өздерінің жүргізген әскери үгіт тәжірибелері бойынша орналастыру еді бұл. Бытыраңқы алыс-алыс ауылдардан әр күні штапқа жүгіру сияқты ауырлықтарды бара түзетіп алармыз-ақ. Ал, мына аласапыран жауын-шашынды мезгілдегі көшпенді халыққа жүргізілетін үгітті әнші, биші көп әйелді қалай пайдаланып, қайда сиғызатындығымыз ойыма симады. Бұл жәйтті секретар өзі даярлаған үгіт тезисін түсіндіріп, таратып болған соң сұрадым. Бұған қайтарған жауабы жергілікті дәстүрге тым күлкілі болып шықты: қиырдан-қиырға жаяу жортатын үгіт группалары әр ауылға әндетіп, гүлдетіп, бишілерін бүлкілдете жетеді екен. Ондайға ауыл адамдарның тез жиналатындығын айтты.

- Сонсоң іле-шала еліміздің қақпасына жау кіргенін сөйлейміз ғой, билеп барып соған сүйінші сұрағандай болып көрінбейміз бе! -деп қалды Қиялзат. Ербол қосымша қосты:

- Гармондатып билеп, думандата жеткен соң жау тигенін қай бетімізбен сөйлеп, көмекті қай бетімізбен сұрамақпыз! Бұл үгітке ән мен би сиыспайды. Ауыл жігіттеріне көркемөнерімізді масқаралатып, құнын тілдетіп аламыз!

- Солай болатыны рас! -деп қостады Өмірбек. - Бүйтіп күлкі болғанша, әр ауылға аттандап-бауырымдап кіргеніміз дұрысырақ шығар!

Өмірбектің бұл пікіріне ду күлді көпшілік. Сәрсен зекіп жіберді:

- Талкуайтты қойыңдар жолдастар! -пікір көтерушілер бұл зейілдікті елемеді.

- Ән мен биді де, аттанды да қойып, дйуананың жеп-жеңіл сапайы мен өкіргішін ғана алып барсақ болмай ма, оған ауыл балалары тіпті тез жиналады! -деген біреуінің пікіріне тіпті қарқылдады.

Телбайдың ханзушаға аударуынан түсініп отырған секретар қызғылт тартып күлімсірей берді.

- Жолдастар, сіздер осындай ұлы әрекетке көркемөнер қатысуына қарсы шығып отырсыздар ма, қалай? -деп Сәрсен өктей кірісті сөзге, - партия көркемөнерге жоғары мән беріп, үгіт ісіне әдейі қатынастырып отырғанда мұндай мағынасыз қитұрқы күлкіні қоялық! Лиң секретар бәрін ойлап орналастырып отыр!

Пікіріне Лиң секретарды қосқан соң күлкі де, пікір де тияла қалып еді, Лиң Дәйшің бұл сөзді алғашқы қозғаған менен сұрады:

- Биғабили шәнсың, сенің пікірің қалай?

- Менің пікірім: 1-ші малшаруашы райондардағы халық қазір қарбалас, көші-қон уақыты. Кішкене-кішкене күркелермен ғана отырады. Өз балаларын әрең сиғызып отырғанда мұншалық бойжеткенді қайда жатқызбақпыз. Бір үйге екі-үш емес, бір қонақтың сиуы да қиын, жауынды-шәшінді шақ. Сондықтан үгіт атретіндегі адам санын азайтпасақ, халықты қатты мазалап қоямыз.

Сәрсен тағы да дүрсе қоя берді:

- Ең жақын досымыз Чаушандай бүкіл бір мемлекетті жау шауып, қырғындап-шулатып жатқанда, біздің үйлерімізге бір-екі қонақ артық қонса не болады екен! «Мазалап қоямыз» дейді тағы да!

- Тоса тұр, сөйлеп болайын, сонан соң қаншалық айтсаң да өз еркіңде!-дедім Сәрсенге, - 2-ші біздің бұл жолғы үгітіміз мереке мен жетістік-табыстың үгіті емес. Ойранды шапқыншылыққа қарсы күйзелісті жалпы аттаныстың үгіті. Көші-қонның қарбалас уақытында ән мен биге халықтың уақыты да зауқы да жоқ. Көлбеңдеп билеп барып, жәрдем-көмек сұрауымыз келісімсіз. Біздің халыққа құнсыз-арсыз дйуаналық болып көрінеді. Ауылдан-ауылға жаяу жауындатып-дуылдата жетіп, әндетіп-билетіп жіберіп сөйлеген сөзіміз - баланың ойыны, бақсының жыны сияқты ғана әсер етеді. Сондықтан мына аса салмақты міндеттің үддесінен шығуымыз, санмен емес, сапамен толық түсіндіру арқылы ғана жанашырлық сезімдерін оятып, салмақ салуымызды қажет етеді! Менің пікірім осы.

Ақсайтан Мұқан мен Әлия қатар түрегелді бұл сөзіме қарсы. Сәрсен жолдас бұл жолы аптықпай, отырып қана қол көтеріп талпынды. Менің сөзімді Телбай толықтап, ұзағырақ сөзбен түсіндіре аударып болғанша көз алмай тыңдаған Лиң секретар сөзді алдымен Әлияға берді.

- Біз әйелдер, әй, қыздар жағы әрқандай қиыншылықтан қорқпаймыз! -деп Әлия бір сүрініп қалып, «түзеп» бастады сөзін. - партия рұқсат етсе, мылтық алып, соғысқа да аттанбақпыз. Оның қасында немене, мына үгітке біз де шығамыз. Билеу ғана емес, біз де сөйлейміз!... Әлгі Биған, әй, Биғабіл айтқандай, қайда жатамыз, қайда ұйықтаймыз деп, орын-көрпе іздемейміз! Тіпті үйдің де керегі жоқ бізге. Жылы киініп шығамыз да.. ешкімді мазаламаймыз! Бұл күреске бастан-аяқ қатынасамыз! Қыздардың пікірі осы!

Лиң секретар бұл сөзді бар разылығымен шұлғи тыңдап, қойын дәптеріне жазып алды да, сөз кезегін Мұқанға берді. Күле сөйлесе де мені күйдіре сөйледі Мұқан:

- Біздің бұл соғыста мазамыз кетеді, «халықты мазалаймыз» дейтін ешқандай хақымыз жоқ. Жаудың жазасын беріп болғанша соғысамыз! Осы соғыстың жеңісі үшін әрқандай құрбандыққа дайынбыз деп жүрген кейбір азаматтар үгітке ән-би ансамбілін алып шығудан «диуана болып кетеміз» деп намыстанады екен. Партия қосса мен өз басым қаһарман Чаушан халқы үшін алақан жайып, қайыр тілеуден де намыстанбас едім!

Сәрсен саясат тепсіне түрегелді де, «диуана» туралы сөзді ақсайтан Мұқаннан жұлып ала жөнелді:

- Төңкерістік көркемөнерімізді диуаналыққа, қайыршылыққа теңейтін мырзалар, байқап-шаңыраққа қарап сөйлесе болар ма екен. Әдебиет пен көркемөнер біздің партиямыздың саясатының ең жауынгер қызметкері. Бұл жауынгерді қорлап істен шығару, партия мен үкімет саясатын ақсатудан басқа нәтиже бермейді. Бұл, кері төңкерістік сөз!...

Сәрсеннің бұл тұжырымына сақылдап күлді Телбай. Батыр пішінді, ат жақты, ақсары жүзі қызарып, кең маңдайын  алақанымен баса күлді. Жиында отырғандардың күліс-керісі араласып ду көтерілді. Жымия тыңдап отырған Лиң секретар, қолы мен басын бірдей шайқап, дабырды әрең тоқтатты.

- Салисан жолдас, -деп Сәрсенге қарады сонсоң. Білек сағатын көрсетті. Уақыт бітті, сөзіңді тоқтата тұр дегені екен. Ауыр оймен ырғала түрегеліп сөйледі өзі. - Бұл жиында пікір қатыстырушылардың бәрінің сөзі де жақсы болды. Америка жиянгерлігіне қарсы тұрып, Чаушанға көмектесудегі бұл рухтарыңа алғыс айтуға татиды. Ең алдымен пікір көтерген Биғабили мырзаның сөзі менің бұл жолғы ұйымдастыруыма шын жүректілікпен ақыл қосты. Жаңа келіп, жергілікті ахуалмен әлі танысып болмаған біз үшін мұндай пікір өте қажет. Мен Биғабили мырзаның әсіресе көшу уақытында халыққа қонақ болып қинамау жөніндегі пікірін дұрыс идеяның жемісі деп танимын! -деді де көшпелі үгіт атретіне екі-үш шатыр тауып беру жағында болатындығын айтты. - Ал, жергілікті кейбір қалақ дәстүрлерді ақырын-ақырын өзгертіп әкетуге болады, - деді сонан соң. «Бұрын халық қабылдай алмай келе жатқан жақсы дәстүрлерді Жұңго коммунистік партиясы жақсылап сіңіруге борышты екендігін сөйлей келіп, «әдебиет-көркемөреді саяси қызметтің ең өткір құралына айналдыру - біздің ең алдыңғы қатардағы борышымыз» деп түсіндірді. Бұл жөнінде Маужуши шығармаларынан бірнеше ситат алып, бұл реткі үгітке де көркемөнершілерді ертіп шығуды мықтап бекітті. - Ал, Әлия жолдастың рухынан үйренуге әйелдер ғана емес, бәріңді шақырамын! -деді соңында. - Оның сөзі өте жақсы болды. Әйелдерді кемсітуге жол берілмейді. Бұл сөзім Биғабілдің пікіріне қарсы емес. Оның сөзінен әйелдерді кемсітетін мағына шыққан жоқ. Мұнан соң әрқандай қызметке әйелдер ерлермен тең қатынасатындығын ұқтыру үшін ғана айтқаным. - Қане, Әлия жолдастың осы идеясын құттықталық! -деп қолшапалақ бастаған секретармен бірге шатырлата жөнелдік. Әлияның идеясын білетіндеріміз күле шатырлаттық. «Әлия жолдастың идеясын Құдай тағала Меһір мен Мәрия жолдастарға жұқтырмаса болғаны!» деп шапалақтаған Өмірбектің сөзі тіпті ұзақ күлкі тудырды.

Лиң секретар жалғыз көзімен аңыра қарап қана қойды бұл күлкіге. Танысып жете алмағандықтан жаңсақ шығарған кей тұжырымдарына бұл қараған қарасы үшін кешірім еткендейміз. «Жергілікті ахуалды түсіне келе түпкіш, мықты секретар болады» деп недәуір сенім байлап қарап едік. Есіктен шыға бере «Биғабили афенді!» деп менің қолымнан ұстай алды Лиң секретар.

- Кей бірінің сөзін саған қаттырақ тиіп қалды, а, қиыншылық көріп қалдың, ә! Ондай сөздерді үлкен кешіріммен тыңдау керек!

- Сәрсендердің мұндай жалаларына менің құлағым дағдыланып қалған, -деп шала-шарпы қытайша сөйлеп күлдім. - Ал, әлі де кері төңкерісші бола қоймадым. Ештеңе етпес!

Лиң секретар қарқылдап күліп, арқамнан қаға қайтты.

Сапарластарымның көбі сол жиынның ертеңінде-ақ «Құбатөбел» болуға қайдағы ескі-құсқыларын киіп алыпты. Кейбірі арзанқолды көктайғақтан бешпет-сым тіктіре қойып, құбатөбел емес, «көктөбел» болып үлгеріпті. Менің ескімді егіншіліктегі інім тонайтын. Құбатөбел деп аталатын ескім жоқ еді. Ал, көктайғақ, таулы районның қазіргі қарасуығына қайтып пана болмақ. Сол «шайтан терісін» де іздемей, дағдылы қаракөгім мен талай ыстық-суықты бастан бірге кешірген қаражарғақ палтоны сайлап едім. Бірақ, ол шіркінді қарындасым гірімдеп жарқыратып қойыпты. Ал, таза құрым етік, майланбай, жарқырамай тұрған ба! «Алтын төбелі» десе де сол қалпыммен шығудан басқа лажым қалмады.

Үшінші күні таңертең дайындалған бес бірешкенің үстінде сүмірейіп-сүмірейіп сапарластарым отыр екен. Жалт-жұлт етіп жетіп барған маған ду күліп «қолшапалақпен» қарсы алды. «Көнсул келді!» десті, «көпес келді!» десті, «шетел өкілі келді!» десті. Кімнің келгенін де білдірмегім келіп бедірейіп алдым. Әйтеуір ұялмаған сияқтымын. Қызармағанымды бетімнің дуылдамауынан сезбеймін бе. Тек алда жүретін «Америка жиянгерлігіне қарсы тұрып, Чаушанға көмектеселік» деп жазылған керме қызыл тулы, бетке ұстар арбаға отырудан тайсақтап өте беріп едім.

- Орныңыз мұнда, Биға! -деп қалды Әлия. Үлкен қатерімді де осының үстінен көрген соң қол сермей зыттым. Екінші арбаға жеткенімде қайрыла қарап тағы шақырды Әлия. - Орныңыз мұнда, жол біледі деп сізді осы алдыңғы арбағы бөлген! Туанжаң!

Екінші арбадан Мәрия күлді:

- Биғабили шансың, «орның» сонда екенін әлі білмей жүрмісің?

- Сендей капиталиске орын жоқ мұнда! -деп қасындағы Қиялзат зекірді. -  Күнше жарқырап көзімізден айырасың, қайт!

- Сенің хаупің көзден айрылу емес, Мәриядан айрылу шығар! -дегенімде үшінші арбадан Мәулен мен Өмірбек күлді. Олардың артына жабыса отырған Сәрсенге қарап қалыппын. Өмірінде киіп көрмеген қайдағы шоқбытты тауып киіпті де, тым сорлы жуас көрінгісі келгендей қара елтірі малақайының маңдайын көзіне түсіре салбыратып жаба қондырыпты.

Алдыңғы арбаға қайта бардым. Ең алдыда отырған Әлия ұмтылып келіп қолымнан тартты да, өз қасынан орын ашып, жеңімнен сілкіп отырғызды. Жап-жаңа сұры шұға кастюмның екі шынтағына қоңыр тірике жамау жапсырып алыпты. Сол жамауға да, соны ойлап тапқан өзіне де тіксіне қарадым. Қымсынсыз қылықтысынған сиқырлы шырайында «қайда қашып құтылмақ едің!» дегендей жымиысы бар.

Көне сары березен боқшасын мойнына асып, оңып кеткен мақталы сары бешпет-сым киген сұңғақ бойлы сұрша туанжаңымыз келіп, Әлияның екінші жамбасынан орын алысымен қос қоңырат сырғыта жөнелді арбаны.

Сылдыратып ән сала шыққан көңілді Әлия мен тұнжыраңқы маған туанжаң алмакезек қарай берді. Оның әніне арбадағылар түгел қосылып әндеткенде де сол түнеріңкі қалпымнан жазбағаныма назарын тіпті бөле қарағанын байқап отырдым. Өзіне Әлия күлімсіреп құйқылжып сөйлеген сайын қысылғандай ыңғайсызданып, тұқыра түседі де, қысылыңқы қара көзін жылт еткізіп маған тастай береді. Әлияны қызғанып отыр деп қысылатын сияқты менен. Бірақ, неліктен бұлай түсінетіндігін ұға алмай мен де қарай беріппін. Бір шақта Әлия оған ханзу тілінде тағы бірдемені сөйлеп жіберіп, иығына қолын артты. Селк ете түсті туанжаң. Арба жарендігінен құлап түсе жаздап түзелді де, Әлияны маған екі қолдап итеріп жабыстырып, күле шұлғыды. Сенікі дегендей ишарамен шұлғиды. Қыздың бір қолын менің иығыма артып, изектей түсті де, «хуайың-хуайың![3] Деп қол шапалақтады. Арт жағымызда отырғандар ду күлді, туанжаңның бұл қылығына «стил мәселесінен[4] сақтану» жөнінде кеше ғана шектеп-шегелеп сөйлеген өзінің шыға сала «ең қатерлі» Әлия екеуімізді қосақтауын тым оғаш көріп қалып еді. Әйелдерге қалжыңдамайтын маршпен өсіп стил» жөнінен барынша күмәнсіз көрінгісі келетін алал азаматты әлдеқандай бір сұмдықпен бұлай қателестіріп отырған өзіміздің сұлу сайқал екенін осы қосақталуымнан байқадым, иығыма басын сүйей қойған Әлия «жолдасын» туанжаңның өзіне қайта итермелей күліп едім. Бірақ ішкі көңілсіздіктен тағы ашулы көрініппін. Орнынан ыршып тұрды туанжаңым. Арбаның орта шенінде отырған кексе келіншекке ымдай жымиып барып, орын ауыстыра қойды. Артымыздан Мұқанмен бір келіншек қатар күлгенде Әлия қызарақтап қарап күбірледі маған.

- Жалынамын, Биға, қабағыңды ашып отыршы!

Жауап орнына мен де ыршып тұрып, артымдағы келіншекпен орын ауыстырдым. Стил мәселесі» туралы күмәннан пәк туанжаң қашқан пәлелі орында арылмаған айыбы бар алтыншы орынбасар қайтып күліп отырмақ. Туанжаң енді бақырая қарады маған. «Араларына күмән салып айырдым» деп шошынған сияқты, қынжылыспен бақырайды.

«Екі шақырым жолда екі мықты жігітті қашырып үлгерген» сұлудың екі бүйірінен екі келіншек түрткілеп қалжыңдаған сайын мойыған Әлия жылап жібергенде туанжаңның тіпті қысылғаны байқалды, Әлия мен маған кезек қарағанда көзі жалт-жұлт етті...

Сол жолда көз қиығын маған жасыра жүгіртуді туанжаң қоймады. Онысына марғау ғана қарап қойып, күрсіне қалғуды мен қоймадым. Тағы бір қыс келіп қалса да Мақпалымнан хабар ала алмай кетуімнің көңілсіздігі де баршылық еді... Бесінші районның орталық ауылына күн еңкейе жеттік. Хабарланып отырған мыңбек ел адамдары мен жүзбасы, онбасыларын түгел жиғаны, ауыл маңындағы ертоқымды аттардың көптігінен байқалды. Қарсы алуға қызыл ту көтертіп, бір шақырым жерден ұрандата беттеді бізге қарай. Арттағы Сәрсеннің әмірімен арбаны тоқтатып, секіріп-секіріп түстік. Малақайының маңдайын салпылдата жеткен қырық жамаулы Сәрсен шырқ иірді бишілерді, гармоншыға би күйін тартқызып, билеп жүруді бұйырды. Ербол екеуіміз Жаң туанжаң мен Қайсенді алдыға салып, ұрандатып келе жатқан қарсы алушыларға қарай тізіле жылжыдық. Биге Әлия алдымен түсіп, бұлтыңдай жөнелгенде басқа бишілер екіден-үштен күлісе қашып, біздің соңымызға келіп тізіле берді. Ең соңында Әлия мен гармоншы борсаңдатып қуалай жетіп қосылды Сәрсен. Күдірлеу пісте тұмсығы үшкірейіп, қысықтау сарғыш көзі шекшірейіп алыпты.

- Неге билемейсіңдер! -деп зекіді бишілерге.

- Ауыл адамдары ұран шақырып келе жатқанда былқылдап-сылқылдап қалатындай не бопты бізге! -деп Мәрия ғана жауап қайырды оған. Қарсы алушылар жақындағанда күлкілерді тоқтатып, мен де ұран бастадым. «Америка жиянгерлігінң итаршысы гоминдаң жендеттері жоғалсын!» деген ұранды қоса шақыртқанымда маған бір қарап қойған Сәрсен  үнсіз көтерді қолын. Менен зып етіп өте шықты да, ең алдағы туанжаңға қатарласты. «бірінші орынбасардың» орны расында сол еді. Мыңбек, жүзбектердің қолдарын алдымен алған да өзі болды...

Арбадағы шатырларды тігуге әртістерді жібердік те, бұл райондағы үгіт әрекетінің бастама жиынын ауыл шетінде жұрт беделділері мен атқамінерлердің тарамай тұрған шағында ашып алуға келістік. Жиынның беташар сөзін Сәрсеннің «өзі» сөйлеп, өзі басқара жөнелді. Жаң туанжаңның сөзін аударуды да Мұқанға қимай «өзі» аударды. Сөйлегендегі жігерінен малақайының маңдайы да сапылдап, әр сөйлем сайын тұмсығын бір соғып тұрды. Бұл жиындағы маған міндеттелген сөзді де «өзі» сөйлей жөнеліп, малақай маңдайын екі рет сапылдап үлгергенде туанжаң күбірлеп тоқтатып, сөзге мені шақыртты.

Чаушанда болып жатқан соғыс апаты жайындағы менің ашынышқа толы сөзім дүр сілкірдірді тыңдаушыларды, тым әсерлі шыққанын көздердің бажыраюынан, елеңдей тыңдап, жұрттың дыбырдан мүлде тоқтауы мен соңында өздіктерінен ұран шақыра түрегелулерінен байқаған туанжаң, сөзім бітісімен ыршып келіп қолымды қысты.

Ауыл қыдыра жүргізілетін жаяу үгіт қайдан басталып, қалай беттейтініне дейін келісім тапқан соң тарады жиын. Күн көк жиекке таяпты. Жаң туанжаң мені ымдап шақырып, қолтықтай жөнелді оңашаға. Таңертең арбаға отырғаннан бері маған жат көзбен қарағыштап келуінің себебін сұрау ойыма түсе қалып еді. Сөзді өзі бастады:

- Парткомға сен аз келдің, аз келдің! Менің келіншегімді көрдің бе, жоқ па, ол да жас және жақсы! -деген сөзін өз тілінде тез сөйлегендіктен әрең түсіндім де, аңыра қарадым: «өзімнің жақсы келіншегім бар. Әлия туралы менен хауіптенбе» демекші сияқты.

«Әлгі буаз әскердің бірі сіздің келіншегіңіз екен ғой» дей жаздағаныма күлкім келді.

- Көрдім, жақсы! -дей салдым, іштегі күлкіні әрең тежеп.

- Ол сүйкімді, оны мен өте жақсы көремін. Ол да жақсы көреді. Баламыз енді екеу болады! Сенің қалыңдығың да жақсы. Ол да сені жақсы көреді. Сен оған бекер өкпеледің! Ол...

- Менің қалыңдығым кім? .... Әлия ма, оны кім айтты сізге?

-Менің келіншегіме өзі айтыпты. Сүйген соң болды, жасыру керексіз, ұят болмайды.

- Ол өтірік айтқан. Менің сүйген қызым басқа. Әлияның сүйгені де басқа!

Шатыр жақтан бір жүзбек бізді малға бата қылуға шақырды.

- Өтірік? -деп туанжаң аңыра қарады маған. - Өтірік болса ол неге солай айтады? - Тілмаш шақырайын ба?

- Қазір керек емес. Мәселені сізге кейін түсіндірермін. Қазір бізге осы қызметті жақсы істеу ғана керек. Әлия жөніндегі мәселеге алаң болмаңыз. Сізден бүгінгі жолда ешқандай қателік өткен жоқ. Ал, менде де мәселе жоқ! -деп қарқылдай күлдім. Туанжаң да күрсініп жіберіп күлді. «Әия!» деп қалды өзі. Әлияның қасына отырып, «махаббат бұзғыншысы» болып қалу хаупінен енді азат болған сияқты.

Шатырға қайттық. Ауылдың қонақ асына соймақ малдарын матаудан Сәрсен зекіре босатқызып, өзі қуа жөнелгеніне ауыл адамдары үдірейе қарап, атрет қарқылдай күліп тұр екен. Орынбасарының бұл қызметіне Жаң туанжаң ыразылықпен изектеді. «Су қайнатып берсе, шәй-тұз да, нан да өзімізден. Мал ысырап етпеңіздер!» деп мыңбекке қарап үш рет бас иді. Бұл сөзін Мұқан аударып түсіндіргенде кемпірлер таңданып, ауыз сылпылдатты да, мыңбек пен жүзбек қызғыш тарта тұнжырады. Маңайындағылар тым-тырс аңырыста. Туанжаң атретін жиылысқа шақырғанда, ауыл адамдары сөлмірейіп, үйді-үйіне тарай берді.

Атрет жиыны ертең басталатын жаяу үгіт группаларына бөліну жөнінде талқы жүргізді. Таңертеңнен бері тамақтанбаған көпшілік талқыны қайтпек, «басшылықтың өзі бөле салсын!» деп қынжылысты. «Қиыншылыққа шыдау» жөнінде сөйлей жөнелген Сәрсенді тыңдамай қағытпалап, бір-бір тоқаштарын үлесіп ала-сала жер ошақ басына жөнелісті. Жаң туанжаңның алдына алты орынбасары ғана қалыппыз. Бұлардың ішінен де қиыншылыққа «тоқ қызыл» Сәрсен саясат пен «нақыл қызыл» Мұқан ақсайтан ғана шыдап көп сөйледі. Группаларға тізім жасады.

Бар тілегім Әлиядан құтылу ғана болып, аредік-аредік мен де сөйледім. Сол періні менің группама мықтап жапсырған Сәрсеннің өзіне өткізуді ымдай бердім туанжаңға. Әлия екеуіміздің арамызда бір жұмбақ мәселе барын байқап қалған туанжаң, бұл талабымды Сәрсенге ең соңында зорлап қабылдатты...

Ертеңіне таңертең бір-бір тоқашымызды жей сала, мұнан соңғы тамақты барған ауылдарымыздан ақша төлеп жейтін болып аттандық. Мәрияш пен Қиялзат бастап тізілген группаның соңынан ере жөнелгенімде, жеке сөйлесіп тұрған Әлия мен Сәрсен түйіле қарады маған. Әлия көзін сүрте сүзілгенде Сәрсеннің жүзі нөсерлі бұлттай түнеріп қарады. Маған арнаған осы сапардағы жаласын осы сайқалды қосақтау арқылы жапсырмақ еді. Ол жоспары орындалмай қалып бара жатқанына түнергендігін түсіне кеттім.

Басқа топтар жылу сұрайтын ауылдарына жырлап барды ма, жылап барды ма білмеймін. Біздің топ міндетін сөзбен ғана орындай берді. Ән мен биді ауыл жиынында жұртшылық талап еткенде, иә, «қонақ кәдісі» үшін ғана пайдаланды. Іс салмағын сөз тегінен өлшей білетін сарапшыл-таразы халық, Чаушаннің шапқыншылықтан құтқарылуы жолына барын атады. Әр ауылдан майданға жазылған азамат пен қаражат тізімін әр күні кешке жақын штапқа атпен жеткізіп тұрдық. Қызметіміздің артық-кемшілігі жайында да мәлімдеп тұру талап етілген еді. Қиялзат екеуіміз кезек шапқыладық. Табысымыз басқа группалардан әр күні артылып отырғандықтан Жаң туанжаң бізден «жаман стил», қателік-кемшілік сұрауды қойды. Шаршағанда Қиялзаттың тізесін жастана сұлайтын мәрияның «мәселесін» мәлімдеуді мен де қойдым. «Жаңбыр жауғанда Би футуанжаң[5] палтосын Патимаға кигізді», «қалпағын Қатипаға кигізді» дегендей «мәлімдеулерін» Қиялзат та тоқтатты.

Осы табыстармен қиыр шеттегі 7-ші район ауылдарын қыдырып жүргенімізде бір қырсық туыла қалғанын білмей де қалыппыз. Жаң туанжаң жар салып, бәрімізді бір-ақ шақыртты штапқа. Барсақ Сәрсен сайрап, сөз кезегін ала алмаған Мұқан тісін қайрап отыр екен.

- Кейбір футуанжаңымыз, ерінен қашып төркініне келген келіншектің қасына қонған. Ыңғай бойжеткен қызы, жесір келіні бар үйлерге қонатын кәдірлерді де естідік!... Ал, жап-жас әйелі бар Әмірқанның үркуі осындайлардан қорқудан пайда болған оқиға екендігінде дау жоқ! -деген Сәрсен сөзінің үстіне келіппін. Түйіле қарадым.

Бұл көрсетілген футуанжаңы мен едім. Ерінен қашқан келіншектің төркін үйіне қонғаным рас. Бірақ, төсегіне қонбағаным тіпті рас болатын. Оған дәлелім көп еді. Жауап беруді кейінге тастадым да, Ерболдан «Әмірқанның үркуі» дейтін оқиғаны сұрадым.

- Осы районның шеткері бір ауылында саяқтау қоныстанып жүретін Әмірқан дейтін шалдың әйелінің аты Шәмшә екен. Екеуінің арасында кірбеңдік бар сияқты. Біздің атретті «Әмірқанды жоғалтып, Шәмшәға көмектесейік!» деп келе жатыр деп естіпті де, қашып жоғалыпты!- Ербол осыны айтып күлді. - Жаң туанжаң осы шалды кім қорқытқанын сұрап еді. Сәрсен бар пәлені екеуімізге жауып отыр!

Қыз-келіншегі бар үйлерге қонып жүрген сен бе едің? -деп күлдім мен.

- Е, жауын жауып тұрғанда ыңғай кемпір-шалдың үйі табыла береме, қызынан қорқып далада қалайын ба!

- Туанжаң, -дедім мен бастыққа тіке қарап, Мұқанның ыңырана бастаған сөзін ишарамен тоқтата сөйледім. - Ербол сен аударып бер туанжаңға! Осы сапарда бізден үріккен жалғыз Әмірқан ба, тағы басқа үріккендер бар ма?

- Басқа жоқ, -деді туанжаң. - Бірақ, мұндай қорқушылар көбейе берсе өте зор шатақ туылады. Мәселені осындай кішкене кезінде анықтап, уақтында шешіп отыруымыз керек. Маужушидің нұсқауы осылай!

- Олай болса ол бізден қорқып қашқан емес. Әмірқанды мен талай көргенмін. Танимын, өз кәсібін ғана білетін ақкөңіл еңбекші. Бірақ, әлеуметтік байланыстан шет қалған қорқақ, надан шал. Сіздер Американы Миго деп атайсыздар. Біз, Америка деп өздері атайтын өз аттарымен атаймыз. Америкалықтарды кейде Американ деп атаймыз. Ал, Әмірқан шалы, «Америкаға қарсы тұрып, Чаушанға көмектеселік!» дейтін ұранды әйелінің аты Шәмшә болғандықтан өздеріне жорыған, «Әмірқанға қарсы тұрып, Шәмшаға көмектеселік!» деген мағынада ұққан. Өзінің әйеліне аздаған өктемдігі болғандықтан содан қорқып қашқан. Ол жайын білетін қалжыңшыл ағайындары солай қорқуына себепкер болуы да мүмкін. Нанбасаңыз, үйіне барып сұрап көрелік!

Ербол бұл сөзді аударып бола бергенде Жаң туанжаң енді ұқтым дегендей қарқылдай күлді. Бірнешеуі оны жалғыз күлдіргісі келмегендей жарқылдай күлді.

- Сөзімнің жалғасы бар, күлкіні тоқтата тұралық! -дедім мен. - Туанжаң, сіз, біздің арамызға жаңа келдіңіз. Тұрмысымыздан да, салт-санамызбен мінез-құлқымыздан да сауатыңыз жоқ. Кесіп айтқан бұл бағамның дұрыстығын кейінірек толық түсінесіз. Қазір сізге айтпасам болмайтын қысқаша ғана бір пікірімді айтып тынайын: осы сапарда сіз пікірді жағайымсып-жалбақтамайтын, көп сөйлемейтін сапарластарыңыздан көбірек тыңдаңыз! Көп сөйлеп, маңайыңыздан кетпейтін жағымпаздардан тыңдамасаңыз тіпті жақсы болар еді. Ал, тыңдамай болмайтын мезетте аса сақтана тыңдау дұрыс. Ондайлар сөзсіз қателестіреді. Мәселен, Әлияның әйеліңізге айтқан сөзіне сеніп қалғандығыңыздан, осы сапарға шыққан күні басыңыз қатты ауырмады ма!

Қызара қалған Жаң туанжаң Әлияға жалт қарады. Ол, тұқырып алыпты.

- Басқаны шарпымай сөйле! -деп күбірледі Сәрсен.

- Шарпудың әкесі енді келе жатыр! -деп күліп жіберіп жалғастырдым сөзімді. - Сол Әмірқанның қашу себебін туанжаңға сен недеп түсіндірдің! Біздің келіні мен қызы бар үйлерге қонуымыздың, «Әмірқанға қарсы тұрып Шәмшәға көмектескелі қаптап келе жатыр» деп қашқан сонау шеттегі Әмірқанға не байланысы болыпты!..

- Жас әйелдерге «көмектесіп» келе жатқан дағбыртымызды естімей ме, Биғаш ол! -деп күлген Сәрсен, сөз соңын жайма шуақтай салды. - Бірақ, мұнда саған қаратқан мәселе жоқ. Тек, жалпы Әмірқанның қашуына түрткі болған ақуалдарды айтқаным ғой, қате болмас!

- Әмірқан, жас әйеліме «көмектесіп» қояды деп қана қауіптенсе, әйелінің қасында болып қорғамай ма! Сол қимасын иен тастап, өзінің ғана қашуы қалай?... Қисынсыз қиракезік көрсетіндігіңді қате емес деп ақтап көрші қане! Ал, бұл дәлелсымағыңмен бізді ғана емес, туған еліңді түгел қаралап, мына күнәсіз сәби туанжаңға қате түсіндіріп отырғаныңды түсінемісің! Қарындастарың үйіне қона салғанға дайын бола салушы ма еді!.. Иә, ата-анаң қонағына келіні мен қызын қоса салушы ма еді!

Қызметтестер түгел қарқылдап күлгенде Сәрсен күреңітіп, тығыла түсті. Сөйтсе де, туанжаңға көнімді жуас адам болып көріну үшін баяу үнмен сөйледі:

- Ата-анамен қарындас әркімде бар ғой, мырза, енді оларға шабуылдамасаңшы!

- Бізді ғана қылмыскер етіп көрсету үшін соларды түгел масқаралап шабуылдап отырған өзің емеспісің, пролетарым-ау! -деп күлдім мен. Ерболмен Өмірбек, «мырза» мен «пролетар» жөнінде Сәрсенді сықақтап, қақпақылдай қақты. Менен қорғанғысы келіп, енді үндемей жымиған «саясат», жасанды қылығы мен жамаулы киімі әшкереленіп бара жатқанда ғана өршеленіп, туанжаңға ханзу тілінде сөйлеп кетті:

- Жаң туанжаң, Әмірқанның қашуына себеп болған тағы бір фактор айтылмай қалыпты: ол, Биғабіл мырзаның елден ерекше киген мына киімі. Жарқыраған қара құрым батинканы көре сала гоминдаң ұлығы келді деп қорқып қашқан.

- Биғабіл жолдастың бұған жарғағын Әмірқан алдыңғы жылы да, былтыр да көрген, -деп Ербол да төте тілмен жауап қайтарды. - Онда қашпаған Әмірқан, енді қашпақ па! Бұл да жалақорлық пікір!

- Биғабіл жолдас осы райондарға бес жылдан бері таныс үгітші, сен аудар, -деді Өмірбек Ерболға жымия қарап. - мына қаражарғағы осы елге бес жылдан бері таныс жарғақ. Сол кезде қашпай, дәл осы кезде үріккен адам, тек Сәрсеннің малақайының мына салпылдағынан ғана үріккен. Бұл даусыз факты. Қараңызшы, туанжаң, адам түгіл ат үркпейме мынасынан! Байдың гоминдаңшыл баласы осынысымен пролетар «жолдас» аталмақ па! -дей сала Сәрсеннің малақайын басынан жұлып алып, шатырдың есігіне лақтырды. Бажырая қалған туанжаң көпшіліктің дуылды күлкісінің екпінімен бірге күліп жіберді де, ұшып тұрып, Сәрсеннің малақайын әкеліп кигізе қойды. «Қалжың-қалжың, ештеңе емес, ештеңе емес!» дегендей жұбату сөзін күбірлеп айтты да, көпшіліктің күлкісін қол ишарасымен тоқтата сөйледі.

Айтылған қайшікез пікірлеріміздің бәрін де қабылдағандай, бұл «рухымызды» жақсы-жақсы деп бағалады. Қалған пікір болса, «оқиға өтілген семияны» барып тексеріп көрген соң ынтымақтылықпен сөйлеуге шақырды...

Ертеңіне таңертең күн ашық екен. Атпен барып, Әмірқан семиясынан мәселе анықтауға Жаң туанжаң Сәрсен мен мені ғана ертті. Қожыр-қожыр адырларға қопақтай жетіп, еңісте құйысқанға, өрде ат жалына қос қолымен жабыса аяңдап, шалқар түсте әрең жетті өзі. Иен сайда шошиған екі қостан үдере шыққан жеті-сегіз қара борбай үдірейісіп, көз астыларымен ғана қарайды. Үлкендерінен ешкімі шыға қоймады.

- Ой, Сәке, -дедім, қосқа жақындай бере арттағы Сәрсенге дауыстап. - Малақайыңның маңдайын салпылдатпашы, енді бала-шағасын үркітерсің!... Сәлеметсіңдер  ме, балапандар? -дегенімде екі үйдің «ақжаулығы» бір қостан шыға келіп амандасты. Жастау қараторысы көзін кең аша қарады маған: «мынау, былтыр келіп жүретін өзіміздің Биғабіл ғой!» -деп қасындағы кемпірге күбірлей сала амандасты. Шәмшә осы екенін тұспалдай түстім аттан:

- Аманбысың, қарағым? -деп кемпір қос қолын соза ұмтылғанда, Шәмшә қолымнан шылбырды алып, атымды бір қазыққа апарып байлады. Туанжаң кемпірге менше қос қолдап амандасып еді. Өзі жатсынып, тосырқай қарап тұрған кемпірге Сәрсен тіпті жат атаумен таныстырды оны:

- Қорықпаңыз, шешей, өзіміздің Жаң туанжаң ғой!

- Сен де қазақпа едің, шырағым-ау! -деп кемпір Сәрсеннің өзіне түйіле үңілді.

- Ал, жеңеше, Әмірқан ағай қайда? -деп сұрадым Шәмшәдан. Сыпайы әйел кібіртіктеп сөйлей бастағанда кемпір сампылдап ала жөнелді. Қосынан сырмақ әкеліп жайып, бізді отырғызған соң шәмшәда бір тізелеп отыра қалып сайрады. Оқиға былай дамыған болып шықты.

Бұрынғы әйелі өлген Әмірқанға Шәмшә бұдан он шақты жыл бұрын қалыңмал күшімен - ықтиярсыз келген екен. Ұрыс-қағыстары жиы болып, үшінші баласы туылғанша Әмірқан оған недәуір жәбірлі «жиянгерлік» істепті. Сондағы қылмыстары осы жолы үгітке шыққан «комммунистердің» шақырған ұранымен менің жорамалымдағыша, ұштасып қылпылдатпасын ба. Өзін іздеп жүргендердің» көптігін, ұсқындарын, әскерше тізіліп, ауыл-ауылды «тімтінулерін» сырттан баспалай жүріп көрген Әмірқан «мына қу қатын қылған екен маған!» деп ауылына қарап күбірлей зытыпты. - «Аузын тезірек алмай болмас!»...

- Жаным Шәміш!... Шәмшажан, сен осы үкіметке мен туралы бірдеме айтып па едің? -деп сұрапты келе салып.

- Е, не бопты, тергеді ме өзіңді?

- Қаладан өңшең ескі киімді жепаңжүн қаптап шығыпты. «Әмірқанды құртып Шәмшәға көмектесейік! -деп айқайлап мені іздеп жүр!

Осындағы қулардың бірлесіп шығарып жүрген қалжыңы болар деп жорамалдаған Шәмшә соған меңзеп қалжыңдай салыпты:

- Сен маған не істемеп едің! -деп жорта бұртия қалғанында, жалбарына жөнеліпті Әмірқан!

- Оны қойғамын ғой, жаным! Енді тіпті қояйын, құлың болайын! Мына балаларды жетім қалдырма Шәмшәжан, ақылың бар еді ғой!

Әйелінің қасақана жауап қатпай сырт айланып жүріп кетуін, «арыз жазып, көмекті өзі шақырғанға» ұйғарған Әмірқан әлгі жалынуына намыстанып, ызамен тиыла қойыпты. Атына қайта қонып аяңдап беткейге шыққанда қарсы алдынан кезіге кетіпті бір күйдіргі.

- Үй, сарқыт, мына келгендерің кімді жоямыз деп жүр, шынын айтшы, шырағым!

- Е, атыңды атап айқайлап жүргенін естімеп пе едіңіз!... Жеңгемізге көмектесуге ыңғай шолақ етек, бота тірсек қаптап келеді. Олардың бастығы жепаңжүннің әскери соты екен. Тезірек жығылыңыз жеңгейдің аяғына, олар келгенше өзінен кешірім алып, арызынан тандырыңыз! Жүріңіз мен ертіп апарайын!

- Үй, шатпашы, әкесін өлтіргендей қатынның аяғына жығылмақпын ба енді!

- Олай болса кеттіңіз ғой су түбіне, ақсақал-ау, қаша алмайсыз да ғой, жеңгейдің екі аяғын қаусыра құшақтап жатып алудан басқа не лаж қалды!

Үйіне жалт қайрылып айқайлапты Әмірқан:

- Ей қу қатын, құрттың мені, құрттың!... Енді соларыңның біреуіне тиіп ал, мен кеттім! -дей сала беттен асып жоғалған екен...

-  Бүгін үш күн болды, ағыкем мен екі бала сабылып соны іздеп жүр. Тіпті бұл маңда жоқ дейді! -деп жылады Шәмшә - ұрандарыңызды қате түсініп келгенін білген соң қорқа түссін деп қалжыңдағаным болмаса, Құдайдың момыны болып еді өзі!

- Жыламаңыз, Сарқыт екеуіңіздің қалжыңыңыз бір жерден шыққан соң қашқан ғой, іздетіп тауып түсіндіреміз, қайтып келеді!. -деп мен тоқтау айттым.

- Сарқыттың ісі қалжың ба, нағыз кері төңкерістік әрекет бұл, алу керек қолға! -деп Сәрсен ентікті. Жаң туанжаң оны құптағандай рай білдіре сала, біздің Әмірқанды іздеп келмегенімізді айтып, екі әйелге Америкамен Чаушан туралы ұзақ түсінік сөйлеп қайтты.

Район бойынша іздеуші салып жүріп, қашқанына бір апта болды дегенде Әмірқан айдалып келді. Тергеу жүргізіліп, сол «қылмысы» анықталысымен аудандық үкіметке Сарқыт айдалды.

Сөйтіп, Чаушан майданына жәрдем мен ерікті жауынгер ғана емес, оған қарсы  «бұзғыншы» жаһангер де тапқан соң кешікпей ісімізді аяқтатып қайттық. Қалаға жақындай бере қаңтардың аязындай бір суық хабар сумаң ете түсті: Шәуешекте жалаға ұшыраған Тұрсын Жарқынбайұлы мен Шәкен Елубайұлы өлім жазасына үкім етіліпті.

 

Әділетті тергеушім, адамзатты «коммунизм жәннәтына бастаушы» партиямыз Шинжаңға алғаш кіргенде өздерінің әртістік шеберлігіне жетілгендігімен халықты таңдандыра, сүйіндіре кірген ғой. Ол шақта бұл партияның бақыт орнататындығына «сеніміміз толық, туымыз айқын» болғандықтан сахнамызға итке үргізбей, кісіге білгізбей шықпақ болған әрқандай әрекетін тектемеуге тырысқанымыз да өзіңізге мәлім. Жауды да досты да өз бауырына тартып, бәріне жақсы көрінудің керемет бір ойынын даярлады ғой сонда. Ойын көрсету кезеңінде өзіңіз бастап бүкіл армияға «халықтың өгізі» болып көрінуді Шиңанда үш ай үйретіп (репетиция жүргізіп), құлша жорғалатып әкелгендіктеріңізден бізде уақытында хабардар болып жатқанбыз. Шинжаңдықтардан шыбындай ызың естілсе-ақ бассалып, ойынбұзар алатындықтарыңызды ұға алатындарға сол арқылы-ақ ұқтырғансыздар. Бұл кітаптың 1-ші бөлімі осы «ойынбұзар» тақырыбымен басталғандығының себебі сол. Мұнда комедияларыңыздан бірнеше ғана көрініс алып, басымызға әрең сиғызып отырғанымызда соңғы көріністе Тұрсын мен Шәкен сынды арыстарымыздан алған «ойынбұзарларыңыз», ойынбұзар ғана емес әлембұзар болып, бас сүйегімізді дал қылып жарып жібергендей әсер етті. Аш қасқырдың азуынан қой байқұс осындай ғана қылмыс көруі мүмкін екендігін әрине өзіңізде білесіз. Қасқырдың коммунизмі қандай болатындығы көз алдымызға келе қалған.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»



[1] Үгіт-нәсиқат қосыны.

[2] Қосын бастығы.

[3] Хуайың - (қытай тілінде) құттықтаймын деген сөз.

[4] Әуейілік - стил мәселесі деп аталып қалған.

[5] Би футуанжаң - Биғабіл футуанжаң дегені.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322