Жақсыкелді АҚАНОВ: Ұлт денсаулығына жасалатын қамқорлықты саудаға салуға болмайды
Жақсыкелді АҚАНОВ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Ішкі ағзалар аурулары клиникасы директорының орынбасары, медицина ғылымының докторы, профессор:
Жақсыкелді АҚАНОВ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Ішкі ағзалар аурулары клиникасы директорының орынбасары, медицина ғылымының докторы, профессор:
- Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметті ақылы ету туралы ұсыныс айтып отыр. Тіпті қызды-қыздымен жедел жәрдем қызметі де ақылы болып кете жаздады. Медициналық қызмет түрлерін ақылы жасауды көздеп отырған жаңа жүйені қолдайсыз ба?
- Медицина қызметінің барлығын ақылы етуге болмайды. Кепілдендірілген медициналық қызмет, кепілдендірілген тегін дәрі-дәрмек, олар да жоспарлы орындалуы тиіс. Ал енді косметология, осы секілді салаларды ақылы еткеніміз дұрыс болар. Дегенмен бізде ақылы түрде қызмет көрсететін медициналық мекемелер, жеке клиникалар жетіп-артылады. Сонда қарапайым халықты тегін медициналық көмектен қол үздіріп, жедел жәрдем қызметін де ақылы қылып қойсақ, қандай пайдаға кенелмекпіз? Бұдан ақша үнемдеудің керегі жоқ. Ұлт денсаулығына жасалынатын қамқорлықты саудаға салуға болмайды. Онсыз да тегін медициналық көмекке дер кезінде жүгінбей жүрген біздің халық, егер бәрін ақылы етер болсақ, медициналық көмекке мүлдем жүгінбеуі мүмкін. Өйткені ақылы қызметке әркімнің әлеуеті жете бермесі хақ. Қалай десек те, қарт кісілер мен мүгедектер, әлеуметтік жағдайы төмен кісілер тегін медициналық көмектен қағылмауы тиіс. Әйтпесе халықтың өмірін қайтсек ұзартамыз деп жүргенде, бұл жүйе теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан денсаулық мәселесін, ем-дом жасау шараларын өткізудің тегін формаларын міндетті түрде қалдыруымыз керек.
- Денсаулық сақтау министрлігінің тағы бір сенсациялық ұсынысы, «Ауруды «сұрап» алғандарды тегін медициналық көмектен шектеу қажет» деген мәселені көтерді. Бұл қаншалықты орынды? Егер бір адам маскүнемдікке салынып ауырып қалса, онда оларды «ақылы емдеу керек» деген пікір дұрыс па? Бұл азаматтардың Конституциялық құқының аяққа тапталуы болып есептелінбей ме?
- Негізі, бұл ұсыныстар халық өз денсаулығына дұрыс көңіл бөлсін, ішімдікке салынса ешкім қарамай қояды деп аяқ тартсын деген оймен жасалынған болуы керек. Дегенмен әлеуметтік аурулар: туберкулез, ішімдікке салыну, нашақорлық - барлығы тегін емделуі тиіс. Өйткені адам бекерден-бекер ішімдікке салынбайды. Оған әртүрлі психологиялық, әлеуметтік мәселелер себеп болуы мүмкін. Жаппай жұмыссыздықтың салдарынан, әлеуметтік жағдайдың төмендігінен орын алады. Мәселен, туберкулез дер кезінде емделмесе, ол басқа адамдарға тез жұғады. Нашақорлықтың да алдын алмасақ, оның арты түрлі қылмыстардың белең алуына әкеліп соғады. Сол үшін осы жағына көңіл бөлінуі керек. Араққа салынса емдемей қоямыз деп қорқытуға болмайды. Одан ештеме өзгермейді, қайта ушықпаса. Одан да мұны шешудің басқа жолдарын қарастырайық. Салауатты өмір салтын насихаттап, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолдың түрлерін түсіндірейік. Осыған қатысты жаңа бағдарлама жасап, тиісті қаржы бөліп, ол өз кезегімен орындалса, БАҚ құралдары адамдардың күтініп жүруіне, аурудың белгісі білінсе, дереу дәрігерге қаралуына үгіттесе, денсаулық сақтау мәдениетін арттырудың басқа да заманға сай жолдары зерттеліп-зерделенсе, дұрыс-ақ болар еді.
- Сіз кезінде Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығында қызмет еттіңіз. Осы саланың білгір маманы ретінде айтыңызшы, қазір арақ ішуден Азияның алдына шығып кетіппіз. Жастарды салауатты өмір салтына бейімдеуіміз үшін не істеу керек?
- Арақты қоғамды құртатынын, жамандық атаулының бастауы екендігін білсек те, осыған көпшілік әуес. Тойлар да ішімдіксіз өтпейді. Мен сізге айтайын, бейресми статистикалық дерек бойынша, түрмеге түсетіндердің 70-80 пайызы осы арақтың күшімен (мастықпен) қылмыс жасайды екен. Бір адам ішімдік салдарынан кісі өлтірген болса, оны қылмыс жасады деп жазалап, түрмеге тоғытамыз. Ал, шын мәнінде, ол қылмысты жасаған жалғыз өзі ме? Ол арақты сатқан саудагер, ол арақты тасымалдаушы, ол арақты өндіруші кәсіпорын, т.б. арақтың тұтынушыға дейін жетуіне ықпал еткендер неге жазықсыз қалуы керек? Жаратушы иеміздің өзі арақты ішуші мен құйып берушіні, сатушы мен сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келуші мен алып кетушіні, тіпті арақтан күн көрушіні лағынеттеді. Оның жамандық атаулының бастаушысы екендігін білгендіктен, бір тамшысының өзі харам екендігін ескерткен. Осы арақтың кесірінен қаншама сәби ата-анасыз жетімханада өсуде. Біздің елде 600-ден астам балалар үйі қызмет етеді. Елімізде 46 мыңдай жетім бала бар болса, солардың 16 мыңының ата-анасы ішімдікке салынғандықтан, ата-аналық құқынан айырылған екен. Осыдан-ақ мұның ұлтқа қаншалықты зиян екендігін ұғынуға болады. Елімізде араққа салынудың салдарынан жыл сайын 28 мың адам бауыр, жүрек-қан тамырлары, асқазан жарасы тәрізді дерттерді асқындырып алып, көз жұмады. Жол-көлік апаты оқиғаларының да 50 пайызы ішімдіктің салдарынан. Сондықтан арақ пен темекіге қатысты заңды қатайтуымыз керек және заңның бұлжытпай орындалуына күш салғанымыз жөн. Өкініштісі сол, бізде араққа, темекіге қатысты заңдар бар болғанымен, оның орындалуы көңіл көншітпейді. Ал көрші Қытайда заң шықты ма, ол міндетті түрде орындалады. Сондықтан біз де бұған қатысты заңның орындалуын қадағалауымыз тиіс.
- Университеттік клиника төңірегіндегі әңгімеге қарай ойыссақ. ҚазҰМУ-дың ішкі аурулар клиникасының ашылғанына көп уақыт болған жоқ. Жақында ғана лентасын қидыңыздар. Бұл клиниканың басқа емдеу орындарынан артықшылығы қандай? Ашылу мақсатына қысқаша тоқтала кетсеңіз.
- Негізі, бұл ғимарат алғашында тері-венерология институтына қарасты болған. Кейіннен еліміздің медицина мамандарын дайындайтын Ұлттық университет басшылығы мұны университет қарамағына алып, ішкі ағзалар клиникасы етіп қайта жабдықтады. Ғимаратқа толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманға сай медициналық жабдықтар әкелінуде. Бұл клиниканың басқалардан айырмашылығы, мұнда аталмыш университет студенттері осы жерде тәжірибеден өтіп, білікті дәрігерлерден тәлім-тәрбие алады, сондай-ақ халықтың денсаулығын жақсартуға қызмет көрсетеміз. Яғни бұл оқу және клиникалық орталық болып есептелінеді. Студенттер білікті дәрігерлердің науқасты қалай емдеп жатқанын көріп, өзі де жетекші дәрігерлердің бақылауымен ем-дом жасауға араласып, маманданып шығады. Бізде бір ерекшелігі, доктор, профессорлар ауруларды өздері қабылдайды. Біз Қазақстанмен ғана емес, шетелдердің де клиникаларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Жапонияның білікті мамандары осында келіп, мастер-кластар өткізді. Біздің мамандар басқа мемлекеттерге барып, сол жақтың тәжірибесімен танысуда. Мұның барлығы - халықтың денсаулығын көтеру, өлім-жітімді болдырмау үшін жасалынып отырған шаралар.
Бізде эндикринология бөлімі бар. Оны медицина ғылымының докторы, профессор Жангентхан Абылайұлы басқарып отыр. Қазіргі таңда ол кісіні танитын, білетін науқастар оны іздеп келіп емделуде. Сол секілді ревматология бөлімі, гепатология бөлімі, неврология бөлімдерінде білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Әзірге бұл клиника жаңадан ашылып отырғаннан кейін, бұған күрделі жөндеу, түрлі медициналық жабдықтардың барлығы университет қорынан төленуде. Бұл ретте сала министрлігі бізге ешқандай көмек беріп отырған жоқ. Енді-енді қолқа салып отырмыз, алдағы уақытта ол жақтан да жәрдем беріліп қалар деген үміттеміз. Ал қазірше, жоқ нәрсені бар қылып отырған жағдайымыз бар. Компьютерлік томография, рентген аппараттары жоқ болғандықтан ауруларды амалсыздан басқа ауруханаларға апаруға мәжбүрміз. Егер ондай қондырғылар өзімізде бар болса, қандай тамаша болар еді. Енді мұның барлығы алдағы уақытта шешілуі тиіс мәселелер.
- Қазір нарықтық кезең, бәсекелестік заманы. Бүгінгі таңда Алматы қаласында соңғы технологиялармен жарақтанған бірнеше жекеменшік клиникалар бар. Олармен бәсекеге түсе аласыздар ма?
- Клиника жаңадан ашылып отыр. Университеттің қаржысымен мұны көтеру қиын, сондықтан министрліктің көмегі керек. Білікті маман тарту, заманауи технологиямен жабдықтау үшін үлкен күш қажет. Қазір біз клиниканы күрделі жөндеуден өткіздік те, жартысын тері ауруларын емдеу мекемесіне тегін жалға бердік. Олар ақысыз жалға алып отыр, тіпті оның суын, жарығын, барлық коммуналдық төлемдерін өзіміз төлеп келеміз. Олардың бәрін ажыратып, бөлек ету керек. Енді олардың жаңадан келген басшылығы осыны қолға алатын шығар деп ойлаймыз. Қазір біз клиниканың ауласына дейін безендіріп отырмыз. Алдына тал егіп, артының барлығы бау-бақша болады. Аурулардың емделуіне, демалуына толық жағдай жасаймыз. Әлі-ақ біздің клиника Алматы қаласының ғана емес, Қазақстанда жетекші емдеу мекемесіне айналады.
- Сіз бір сөзіңізде «жас кадрлар шетелге барып тәжірибе алмасып жатыр» деп айтып қалдыңыз. Осы төңіректе толығырақ айтып берсеңіз. Сіздердегі жас мамандар нақты қай елге барып тәжірибе жинақтады, шетелдіктерден мұнда кімдер келді?
- Бұл төңіректе біздің жоспарлы жұмыстарымыз бар. Әлгінде айтқанымдай, Жапониядан профессорлар өздерінің технологияларымен келді. Канададан да тәжірибелі мамандар келіп, маркетинг және білім беру төңірегінде дәріс оқиды. Алдағы уақытта клиника директоры Есентай Бөдесұлы Тәжиев Латвияға баруды жоспарлап отыр. Ол жақтың тәжірибесімен танысып, технологиясын көріп, тиімді жақтарын өзімізге ыңғайлап енгізуге тырысамыз. Қырғыз елімен де қарым-қатынасымыз жоғары. Ол жақтың министрі осында келіп тұрады. Университеттік клиниканың ашылуына академик, профессор Төрегелді Шармановтың көмегі көп тиді. Мұнда тағамтану институтының арнайы кафедрасы бар. Іш құрылысы ауыратын адамдарға диеталық әрі құнарлы тағамдар қажет. Осында институт мамандары науқастарға берілетін тағамдарды тексеріп, зерттеп отырады. «Ауру - астан» деген нақыл тегін айтылмаған. Ауруды 30-40 пайыз құнарлы тағаммен де емдеуге болады. Қазіргі таңда бізде науқастар тек ақылы негізде ғана емделеді. Бірақ бағаны мемлекеттік стандарттан екі есе төмен қылып отырмыз. Өйткені қарт адамдардың, зейнеткерлердің көп ақша төлеп емделуге мүмкіншілігі жоқ. Мысалы, басқа ауруханаларда эндокринологияның бір койкасы күндігіне стандарт бойынша 12 мың теңге болса, ал бізде 6 мыңнан аспайды. Алдағы уақытта біз де портал арқылы емдейтін боламыз.
- Бүгінде ел тұрғындарына медициналық қызметтің тегін және ақылы екі түрі қатар көрсетіледі. Бірақ екеуінің жайы да жетісіп тұрған жоқ. Біріншісіндегі бітпес ұзын-сонар кезек емделушіден көп уақытты талап етсе, екіншісіндегі қызметтің сұраған ақысына татымайтындығын тәжірибе дәлелдеп отыр. Ақылы медицинаның сапасын арттыру үшін не істеу керек?
- Әзірге бізге арызданып келген ешкім жоқ. Біз науқастардың ауруханадан емделіп шыққан кезінде толық сөйлесеміз. Қалай емделді, нәтижесі тиімді ме, осыларды сұраймыз. Әзірге бәрі разы. Енді ақылы медицинаның сапасын көтеру үшін ең бірінші заманауи технология қажет. Диагностика және сапалы ем жасалынса, науқастар ауруынан айықса, одан артық не керек? Бұл жерде соншалықты бас қатырудың қажеті жоқ, тек заманауи жабдық пен білікті маман болуы тиіс. Осы екі бағыт жүйелі жұмыс істесе, аурулар ренжіп емес, риза болып кетеді. Алдағы уақытта біз толық электронды жүйеге көшеміз. Кез келген аймақта тұратын науқас компьютер арқылы өзінің науқастану тарихын жіберсе, біз койка бос болған уақытта оны шақырып, емдік шараларын жасайтын боламыз. Тіпті бізден кез келген науқасқа консультация алуына болады. Сол секілді бізде жатқан өте ауыр аурулардың науқастану тарихын электронды жүйеде шетелдік мамандарға жіберіп, Америка, Израил клиникаларымен өзара ынтымақтасу, әрекеттесу арқылы дұрыс ем жасайтын боламыз. Біздің дәрігерлер шетелдіктерден кеңес алады. Осы істерді ертерек қолға алсақ, ақылы медицинаның сапасы артатын болады.
- Еліміздегі ауруханалар мен емханаларда әлі күнге дейін науқас тарихынан бастап барлық құжаттар орыс тілінде толтырылады. Сіздердің клиникаларыңызда медициналық құжаттарды қазақыландыруға қаншалықты көңіл бөлінген?
- Өкінішке қарай, 70 жыл бодандықта болып дәрігерлік тәжірибеде барлық құжаттарды орысша толтырдық. Алайда егеменді ел болып, Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асты. Қазір университет қабырғасында қазақ бөлімі ашылған, іс-құжаттардың барлығын қазақша жүргізу қолға алынуда. Тіпті университет халықаралық сертификат алуға сұраныс беруде. Егер ол жүзеге асса, онда міндетті түрде қазақ тілі бірінші қолға алынады. Біз де әзірге бір қалыпқа келіп алайық, кейін науқас тарихы деген қағаз жүзінде болмайды, барлығы компьютерлік жүйеде жүзеге асады. Науқас тарихы қазақша компьютерлік базада сақталады.
- Қазір байқап отырсаңыз, ақшасы бар, қалтасы қалың науқастар шетелде ем алғанды жөн санайды. Бұл отандық медицинаға деген сенімсіздік пе, әлде...
-Әлі күнге дейін еліміздегі қалтасы қалыңдар қит етсе, шекара асып емделуге әуес. Мұны кейбіреулер отандық медицинаның науқастарға көмек көрсетудегі дәрменсіздігінен деп ұғады. Мен бұлай деп ойламаймын. Соңғы кездері еліміздің денсаулық сақтау саласына сенім артушылар көбейіп келеді. Бұл салаға миллиардтаған қаржы құйылып, заманауи технологиялармен толығу үстінде. Білімді, білікті маман дайындауда да белсенділік байқалуда. Бірақ шетелге барып емделетіндер әлі де бар. Оны мойындауымыз керек. Дегенмен бұл отандық медицина дәрменсіз дегенді білдірмейді, еліміздің медицинасының шарасыздығынан емес, өзінікін қор, өзгенікін зор санайтындардың салдарынан болып отыр. Мұны мен отандық медицинаны менсінбеген байлардың әрекеті деп түсінемін. Әйтпесе сапалы ем жасаудан біздің мамандар шетелдіктерден еш кем емес. Бұл «қолда бар алтынның қадірі жоқтығынан» болып отыр. Егер мемлекет отандық медицинаға әлі де көбірек көңіл бөлсе, бізде шетелдіктерден асып түсетін мамандар да, іскер басшылар да баршылық.
Алашқа айтар датым
- Айта берсек, мәселе көп. Мен жеке бастың емес, көпшіліктің проблемасын айтамын. Университеттік клиниканы аяққа тұрғызып, оны ары қарай дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет. Әзірге клиника тек университеттің қаржысымен ғана отыр. Ректордың бастамасымен, оның табандылығымен тұр. Оны дамыту үшін қос министрлік: Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрліктері көмек бергені жөн. Тиісті органдардан көңіл бөлінсе, клиника әлі де өзінің мүмкіндігін жоғарылатады. Былайша айтқанда, клиникалар төңірегінде заңдық құжат жасалынуы тиіс, бағдарлама бекітілуі керек. А.Дерновойдың кезінде заңдық құжаттың алғышарттары жасалған болатын. Алайда арты аяқсыз қалды. Осы іс қайта қолға алынса екен. Оны жылы кабинеттен шықпай отырып жасай салған бізге пайда әкелмейді, қайта зияны тиеді. Оны шешу үшін осында келіп, клиникалардың жағдайымен танысып, нақты қандай көмек керектігін бағамдап, мамандармен ақылдаса отырып жасаса қандай тамаша болар еді. Қазір клиникалар төңірегінде заңдық құжаттың жасалынып жатқандығын ұзынқұлақтан естіп жатырмын, алайда бізбен келіп ешкім ақылдасып отырған жоқ. Егер осылай бұйрық шығып кетсе, шын мәнінде, оның кесірі бізге тиеді. Сондықтан бір іске қатысты заңдық құжат дайындарда нақты сол іспен айналысып отырған мамандармен ақылдасып, бірлесіп шешкен жөн деп есептеймін.
Оқшау ой
- Өткенде Алматыдағы денсаулық сақтау департаментінің жиналысында сала министрі Салидат Қайырбекова медицина қызметкерлерінің жалақыларын дифференциалдауды ұсынды. Бұл дегеніміз, жоғары технологияларды игеріп, көп науқасты емдеген дәрігердің жалақысы өседі де, ал кім аз емдесе, жаңа технологияларды меңгере алмаса, оның жалақысы төмендейді. Мен осы ұсынысты қолдаймын. Дифференциалды ақы төлеу жүйесі біздің университетте көптен бері жүзеге асырылып келеді. Осыған қатысты еңбекақыны тарифтеу комиссиясы жұмыс істейді. Біз санат бойынша әрі біліктілігіне байланысты тарифтік комиссияға дәрігердің жалақысын көтеру туралы ұсыныс жібереміз. Белгілі профессор, университеттің ғылыми және клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Ораз Мырзабеков тарифтік комиссияның төрағасы ретінде оны бекітеді. Осылайша, бұл жүйе бізде бұрыннан енгізілген. Бұл - дұрыс жүйе. Мәселен, бір профессор күніне алты науқасты қабылдаса, ал басқа профессор бір-екі ауруды ғана қабылдайды, сонда екеуінің жалақысы бірдей болса, ол әділеттілік бола ма? Сондықтан істелген жұмысқа байланысты ақы төленгені дұрыс деп есептеймін.
Автор: Серік ЖҰМАБАЕВ
«Алаш айнасы» газеті