Зікірия Жандарбек. Шыңғыс хан және Түркі мемлекеттілігі
Қожа Ахмет Йасауи түркі халықтарының рухани даму бағыттарын айқындап берді. Алайда, оны қолдап, жүзеге асыратын, түркі халықтарының жоғалғанын толық қалпына келтіретін мемлекеттік жүйе болған жоқ. Қарахандық билеушілер Йасауи жолын мойындап, оны қолдағанымен олардың өздерінің толық саяси еркіндігінің болмауы, оларға Йасауи жолына мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеруге мүмкіндік бермеді. Шетжерлік басқыншылар Йасауи жолынан өздері үшін қауіп барын сезіп, оның жолын қалайда кесуге әрекет жасады. Түркі халқының дәстүрлі мәдениетін қайта жаңғыртып, оның өршіл рухын оятуы қарақытайлықтарға да, Түркі дәстүрі мен мәдениетін тұншықтырып, парсы мәдениетін орнықтырған, түркілік билік жүйесіне сай келмейтін қайшы әрекетке барып, таққа отырған Хорезмшаққа да ұнаған жоқ. Алғашында ілім сайысында ислам ғұламаларының қолымен жеңбек болған әрекеті іске аспаған соң, Хорезмшах Түркі мемлекеттігінің тамырына балта шауып, Қарахандықтар мемлекетін жойып жіберуді ойлаастыра бастады. Осылай XIII ғ. басында түркі халықтары үшін аса қиын жағдай қалыптасты. Қарахандықтар иелігіндегі жерлер түгелімен қарқытайлықтардың қоластында болса, солтүстік, солтүстік-батыс аймақтағы Қыпшақ хандығы Хорезмшахтар тарапынан жасалынған әскери және рухани экспансияның құрбаны болды. 1133 жылы хорезмшах Атсыздан ойсырай жеңілген Қыпшақтар мемлекеті құлдырауға түсті. Ел ішінде хорезмшақтарға іш тартатын тайпалар саны артып, мемлекеттің ішкі бірлігі әлсіреді. Хорезмшахтар мемлекетінің ықпалының тез таралуына ислам дінінің тигізген әсері күшті болды1. Ислам дінінің келуімен халық арасында парсылану процесі қатар жүрді.
Осылай жан-жақты қысымға ұшыраған түркілер қарақытайлықтарға қарсы оқтын-оқтын бой көрсеткенімен, олардың ықпалынан шыға алмады. 1209 жылы Шыңғыс ханнан жеңіліп, шегінген Күшлік хан бастаған наймандар қарақытайлықтардың қол астына келіп кіруі түркілердің жағдайын одан әрі қиындатып жіберді. Өйткені, Күшлік ханның түпкі мақсаты қарақытайлықтардың билігін мойындау емес, реті келсе одан тартып алу еді. Ол көп ұзамай қарлұқтар ханы Махмуд ханмен бірігіп, бүлік шығарып, Гурханның қазынасын тартып алды2. Ислам дінін қабылдаған түркілер үш жақты қысымға түсті.
Осы кезде Хорезмшах Мұхаммед мұсылмандарды қарақытайлықтар езгісінен құтқарамын деген сылтаумен әскер кіргізді. Алғашында Хорезмшах әскерлерінің келгеніне қуанған мұсылмандар, Хорезмшахтың қарақытайлықтардан өткен озбырлығын көріп, оған қарсы шықты. Хорезмшахқа алғаш қарсы бас көтерген Отырар ханы Хасан ибн Абд ал - Халық болды. Несеви жазбаларында ол Тадж ад-дин Білге хан деп аталады және оның Самарқанд ханы Османның немере туысқаны екендігі айтылады3. Ал, "Насаб-нама" нұсқаларында Хасан ибн Абд ал-Халықты Үргеніш сұлтаны Мұхаммедтің келіп өлтіргені, сонымен қарахандықтар билігінің кесілгені, Қайыр ханның Білге хан орнына хан болғаны, нәсілі қаңлы екендігі жазылған4. Бұл оқиға 1210 жылы болған еді.
1212 жылы Самарқанд билеушісі Осман да Хорезмшахқа қарсы көтеріліске шығып, оның Самарқандтағы өкілдерін өлтіреді. Хорезмшах оларды да аяусыз жазалайды. Ибн ал-Асир Хорезмшахтың Самарқандта 200 000 адамды өлтіргенін жазса, Джувейни 10 000 адам өлтірді - дейді. В.В.Бартольд ибн ал-Асир мен Джузжанидің шығармаларына сүйене отырып, өлтірілген тек Отырар мен Самарқанд билеушілері емес, басқа Қарахандық билеушілер де өлтірілген болуы керек дейді5. Бұл тарихи оқиғалар Йақут ал-Хамавидің "Му'джам ал-булдан" атты еңбегіндегі мәліметтерде нақтылана түскен. Ол Хорезмшах Мұхаммед ибн Текештің Мауараннахрды жаулап алғанын, Қарахандықтар билігін толығымен күйреткенін жазады6. Бұл келтірілген деректер XІІІ ғасыр басында Қарахан мемлекеттеріндегі түркілердің саяси да, рухани да жан-жақты қысымға түскендігін, сан ғасырлық мемлекеттік дәстүрінің үзілгенін көрсетеді. Түркі халықтарының мемлекеттік дәстүрін жойған Хорезмшах Мұхаммед ибн Текешті де оның Отырарға қойған билеушісі Қайыр ханды да жергілікті халықтың қолдауы мүмкін емес еді. Ол шындығында солай болды да.
Хорезмшах Мұхаммед ибн Текештің түркілерге, түркілік билік жүйесіне, мәдениетіне қарсы шығудың өзіндік себептері бар болатын. Түркілерде "биліктің киелілігі" қатаң сақталатын. Хан тағына тек Алып Ер Тоңға ұрпақтары (қытай жазбаларында Ашина әулеті өкілдер) ғана отыра алатын. Бұған мысал ретінде Түргеш мемлекетінің билеушісі Сулық қағанның өз билігін заңдастыру үшін Ашина әулетінен арнайы қыз алуға мәжбүр болғанын келтіруге болады7. Бұл дәстүрдің Ақсақ Темір мен кешегі Қоқан хандарына дейін жалғасқанына тарих куә. Ал, Хорезмшах Мұхаммед ибн Текештің шыққан тегі құл болғандықтан, тегі құлдан шыққан адамды түркілердің өздеріне билеуші ретінде тануы мүмкін емес еді. Оның арғы атасы Ануш Тегін Гарджаны Селжүк сұлтаны Білге Тегіннің Гарджистан тұрғындарының бірінен сатып алады. Оны Білге Тегіннен Селжүктер билеушісі Мәлік шах алады. Мәлік шахқа қызметімен жаққан Ануш тегін Хорезм билеушісіне дейін көтеріледі8. Хорезмшах Мұхаммед ибн Текештің Қарахандықтар билігін толық жоюының, түркілік мәдениетке, дәстүрге қарсы шығуының астарында осындай себептер жатты.
Хорезмшахтың Сыр бойы мен Жетісу жеріне жасаған жорығы тек Қарахандық билеушілерді өлтірумен аяқталған жоқ. Бұл жерлердің барлығы толығымен қаңырап, бос қалды. Йақут Хамави Хорезмшах жорығынан кейінгі Түркістан жерін былай суреттейді: «Ол Мауараннахрды алды, ол жердегі ханидтарды (қарахандық билеушілерді) жойды. Ол жерлерді қорғайтын ешкім қалмаған кезде, оның да ол жерлерді қорғауға мүмкіндігі болмады. Ол шеткі аймақтардағы қорғандарды өз әскерлерінің тонауына берді. Халқы көшуге мәжбүр болды... Ол жерлерде қараусыз қалған бақтар, қираған сарайлар мен үйлер көргендерді еріксіз жылауға мәжбүр етті. Су жүретін оман арықтар бұзылып, сулар ысырап болып, ағып жатты»9
Осы жағдайды Ибн ал-Асир шамалы басқаша баяндайды. Гурханнан мемлекет билігін толық тартып алған Күшліктің тегеурінінен шошынған Хорезмшах Мұхаммед Сырдарияның шығысындағы қалалардың халқын түгелімен батысқа айдап кетеді. Ибн ал-Асир Хорезмшах бұйрығымен көшірілген қалалар есебіне Шаш, Испиджаб, Ферғана, Қасан қалаларын кіргізеді10.
Қазіргі Сыр бойындағы қалаларда жүргізіліп жатқан археологиялық қазбалар, олардың көпшілігінде соғыс ізі жоқтығын, халықтың ол қалаларды ХІІ - ХІІІ ғғ. жай тастап кеткендігін көрсетіп отыр. Мысалы, Түркістан аумағындағы Шойтөбе, Қарашық, Түлкібастағы Шарапкент қалашықтарындағы қазба жұмыстары біздің бұл сөзімізге дәлел бола алады. Бұл айтылғандар Ибн ал-Асир деректерінің тарихи шындық екендігін, ол айтқан қалалардан өзге ондаған қалалардың осылай босап қалғандығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, бұл қалалардың өмір сүруін тоқтатқан Шыңғыс хан емес, Хорезмшах Мұхаммед болып шығады.
Осы кезеңде Күшлік хан да мұсылман дініндегі түрік халықтарына қырғидай тиді. Рашид ад-дин өзінің "Жылнамасында" Күшліктің Хотан қаласында мұсылмандарға қандай зұлымдық жасағанын жазады. Ол Хотандағы барлық оқымыстыларды жиып, пікірсайыс өткізеді. Пікірсайыста жеңілген Күшілік оқымыстылар басшысы имам Ала ад-динді қинап өлтіреді де, медресенің қақпасы алдына іліп қояды. Мұсылмандарды Күшлік ханның ондай зұлымдығынан Шыңғыс хан ғана құтқарады11.
ХІІІ ғасыр басында Түркістан жерінде қалыптасқан саяси ахуал түркілерге бұл тығырықтан шығудың жолын іздестіруге мәжбүр етті. Түркілер Құлжа өлкесінде қарақытайлықтардың да, Күшліктің де билігін мойындамайтын Бұзар деген билеушісі бар мұсылман иелігін құрды. Алғашында билікке наразы халықтан топ құрып, барымтамен айналысқан олар күшейе келе Алмалық қаласын басып алып, жеке мемлекет құрды. Бұзар өзін Тоғрұл хан деп жариялады. Осыдан кейін ұлы Сұғнақ Тегін мен әйелі Ұлұғ қатынды Шыңғыс ханға елшілікке жіберіп, оның қоластына кіруге дайын екенін білдірді12. Демек, бұл қазақ шежірелерінде Шыңғыс ханды хан көтерген билер туралы айтылатын аңыз желісінде қиялдан шығарылған жалған тарих емес, тарихи шындық жатқанын көрсетеді. Белгілі тілші ғалым Құлмат Өмірәлиев «Ахуал Чынғыз хан уа Ақсақ Тимер» атты кітаптағы деректерге сүйене отырып, Шыңғыс ханды хан көтеру үшін барған билер осы Тоғырұл хан мемлекетінен барған деп есептейді және олардың аттарын атайды. «Олар әуелі үйсін Майқы би, Қалдар би, Ордач би, Қыбчақ би, Таман би, Керейт би, Бортақ би, Темур Құтлұқ би, Мутбан (не Мүйтен) би, Танғут би»13. Бұл түркілердің Шыңғыс ханды жаулаушы ретінде емес, өз ханы ретінде танығандығын көрсетеді. Ең бастысы бұл Тоғырұл хан құрған мемлекеттің мұсылман мемлекеті және оның ішінде Йасауи жолын ұстанған мемлекет есебінде дүниеге келгендігін көреміз. Рашид ад-диннің «Жылнамасында» дерек Йасауи жолының сол Тоғырұл хан мемлекетінде қолданыста болғандығын дәлелдейді. Ол деректі айтпас бұрын сол кездегі мына бір оқиғаға назар аударып көрелік.
1217 жылы Күшлік хан Бұзар-Тоғрыл ханды аңда жүрген жерінен ұстап алып өлтіреді де, Алмалықты қоршауға алады. Бірақ шегінуге мәжбір болады. Себебі оған қарсы Жебе ноян бастаған 20000 әскер келіп, Сұғнақ тегінді әкесінің орнына таққа отырғызып, өзі Күшліктің соңына түседі. Күшлік иелігінің шетіне кіргеннен Жебе ноян, «Әрбір адам өзінің ата-бабасының дінінде болуға ерікті» деп жар салады. Осының өзі бүкіл халықтың Күшлікке қарсы шығуына жеткілікті болды. Олар Күшлікке қарсы көтеріліп, Жебе ноян жағына шығады. Күшліктің Жетісуда моңғол әскерімен болған соғыста жеңілуі, оның Жебе ноян әскерін тоқтатамын деген үмітін біржола үзді. Күшлікті Жебе ноян Сарыкөл жерде қолға түсіріп, өлтіреді14. Рашид ад-дин осы оқиғаны баяндап болғаннан кейін мынадай қорытынды жасайды: «[Отсюда] несомненно и очевидно [следует], что всякое существо, которое противодействовало [распростронению] веры Мухаммеда, быстро свергалось и уничтожалось, тогда как у того, кто взращивали укреплял божественный закон Ахмеда, даже если он не был последователем, благоденствие того и высокое положение приумножается и возрастает со дня на день, а дни его [жизни] становятся долгими и продолжительными»15. Осы үзіндіні әдейі орыс тілінде беріп отырмыз. Өйткені, бұл кішкене үзіндіде «Мұхаммедтің діні», «Ахмедтің заңы» деген екі сөз бар. Осы сөздердің мағанасына талдау жасар болсақ, автордың екі кісінің, Мұхаммед Пайғамбар мен сопылық жолдың түркілік бағытының негізін салған Қожа Ахмет Йасауидің атын бөліп айтып отырғанын көреміз. Автордың бұл сөзі екі кісіге бағытталмаған болса, онда ол «Мұхаммедтің діні мен заңы» деп айтуына да болар еді. Сондықтан, бұл жерде автор Йасауи жолын арнайы атап көрсетіп тұр деп айтуға негіз бар. Әрине Мұхаммед Пайғамбарды «Мұхаммед» деп те, «Ахмед» деп те атай беретіні белгілі. Бірақ осы контексте автордың екі тұлғаның аттарын арнайы бөліп айтып отыр деп айта аламыз. Оны сол кезеңде Йасауийа шайхтарының, жалпы түркілердің Шыңғыс хан жағына өтуінен де көруге болады. Шыңғыс ханнан Хорезмшахқа келген 450 елшінің түгел мұсылман болуы, және олардың шыққан жері Орта Азияның барлық түкпірін қамтитындығынан дәлел бола алады16.
Бұл елшілердің барлығы Отырар билеушісі Қайырхан тарапынан өлтірілгені белгілі. Бірақ, ол елшілер неге өлтірілді деген сұраққа әлі ешкім жауап берген жоқ. Бұл сұрақтың жауабын елшілердің қай жерден шыққандығын білдіретін Отырари, Бухари, Мераги, Хереви сияқты жер атаулар көрсететін сияқты. Бұл жерлердің барлығы көнеден түрік әулеттері, атап айтқанда, Алып Ер Тоңға ұрпақтары билеген жерлер болатын. Олардың барлығы Хорезмшах Мұхаммед табанына түсті. Қайыр хан елшілердің түпкі мақсатын түсінген соң оларды өлтіруге бұйрық берген болуы керек. Одан басқа елшілерді өлтіруге ешқандай себеп жоқ болатын.
Өз мақсатына бейбіт жолмен жетпек болған Шыңғыс хан жоспары іске аспады. Екінші елшілік жіберілді. Бұл елшіліктің алғашқыдан саны аз болғанымен, салмағы ауыр болатын. Елші есебінде Ибн Кефредж Бұғра келеді17. Елшінің аты-ақ оның Қарахандық билеушілер әулетінен екенін білдіретін еді. Онымен Шыңғыс хан бұл жерге жаулаушы есебінде келмейтінін сездірсе керек. Бірақ, ол да өлтірілді. Мәселенің бейбіт жолмен шешілмейтінін түсінген Шыңғыс хан соғысқа дайындалуға мәжбүр болады.
1219 жылы Шыңғыс хан жорығы басталуы адамзат тарихындағы аса ірі жойқын соғыстың басталуы еді және бұл жәй соғыс емес, мәдениеттер қақтығысы, басқаша айтқанда, көне Иран - Тұран арасындағы дәстүрлі қақтығыстың жалғасы болатын. Қожа Ахмет Йасауиден соң бойын қайта тіктеген түркі мәдениеті, Хорезмшахтың Қарахандықтар билігін күйретуі ол үмітті қайтадан сөндірген еді. Өйткені, Хорезмшах Мұхаммед өзі түрік әулетінен бола тұра, өзі де, халқы да парсы мәдениетіне толық мойынсынып үлгерген еді. Сол себепті, соғыстың алғашқы кезеңі, түрік халықтарын азат ету мақсатында жүргізілді. Түрік халықтарының Шыңғыс ханды шын ниетімен қарсы алғанын мына деректерден-ақ көруге болады. Қаяалық билеушісі Арслан хан, Бесбалықтағы Ұйғыр билеушісі Идиғұттардың Шыңғыс хан жағына шығуы олардың барлығының Шыңғыс ханды толық қолдағанын көрсетеді18. Ал, Отырар қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары, қаланың өрт шалған бөлігі тек қаланың ішкі қорғанында ғана бар екенін дәлелдеп берді. Мұның өзі Отырар халқының да Шыңғыс хан әскеріне жаппай қарсылық көрсетпегенін байқатады19.
Осы бір ауыр кезеңде Қожа Ахмет Йасауи шәкірттерінің Шыңғыс хан жағында болуы бұл соғыстың басты себебі Шыңғыс ханның соғыс құмарлығында, қан құмарлығында емес, одан тереңіректе екендігін көрсетеді. Мысалы, Қожа Ахмет Йасауидің белді шәкірттерінің бірі Мұхаммед Данышманд Зарнуқидың Шыңғыс ханға қызмет етуі, Шыңғыс әскері мен Зарнұқ қаласы арасында елші болып, қала халқын қарсыласпай берілуге көндіруді, Шыңғыс ханның ол қалаға "Құтылғ балығ" деп ат беруі, соның айқын дәлелі20.
Ал, Сығанақ қаласына жіберілген елшілікті Шыңғыс хан қарамағында саудагер болып қызмет атқарған Хусейн Қожа бастап барады. Ол Сығанақ халқын Шыңғыс хан әскеріне қарсыласпай берілуге үгіттейді. Бірақ халық оны тыңдамай өлтіреді. Осы үшін моңғолдар қала халқын түгелімен қырады. Сол өңірдің билігін Хусейн Қожа ұлына тапсырады21.
Тарихи жазбалардағы деректерге қарағанда моңғол шапқыншылығы кезінде қираған Сыр бойындағы Үш қаланың аты аталады. Олар: Отырар, Сығанақ, Ашнас. Өзге қалалардың тағдыры қалай болғандығын біз жоғарыда атап өттік. Кейбір авторлар айтып жүргендей 29 қала емес. Әрі жоғарыда аттары аталған қалаларда әскери қосындар шоғырландырылған, Шыңғыс ханға қарсы тұруға тиіс негізгі орталықтар еді. Ол қалалар өз міндеттерін атқарды. Соғыс болған жерде аяушылық болмайтыны тағы белгілі. Ол үшін Шыңғыс ханды жазғыру әбестік. Ал, Женд қаласы да моңғолдарға өз еркімен берілді. Ол жерге билеуші болып Али Қожа Бухари тағайындалды22.
Одан әрі соғыс қимылдарының қалай өрбігені әлемге қандай өзгерістер әкелгені тарихтан белгілі. Рас, ол соғыста сан мыңдыған адам өліп, миллиондаған халық жапа шекті. Ол қырылған халық ішінде түріктер де болды. Бірақ барлық жерде халық оған қарсы тұрған жоқ. Оны қошеметпен қарсы алған жерлер де, "Алланың қаһарын орындаушы" деп қарағандар да болды. Қазір тарихта Шыңғыс ханның зұлымдығы, қатыгездігі туралы көп айтылады. Бірақ тарихтан аты өшіп бара жатқан түркі мемлекеттілігін қайта қалпына келтіргені туралы ешкім ауыз ашқысы келмейді. Шыңғыс хан құрған империяның көпшілік жеріне түркілер иелік етті. Түркі мемлекеттігі қайта бой түзеді. Жошы ұлысы өз дәуірінде әлемдік державаға айналды. Сондықтан әлі күнге дейін түркі халықтары Шыңғыс ханды өз билеушіміз деп есептейді. Ол туралы түркі тілінде жазылған шығармалардың барлығы оны тек жақсы қырынан суреттейді. Бірақ, өкінішке орай, ол шығармалардың ешбірі Шыңғыс хан тарихына қатысты жазылған еңбектерде ескерілген емес.
Қорыта айтқанда, Шыңғыс хан Түркі мемлекеттігін қайта қалпына келтірді. Сол тұлғаның еңбегінің арқасында түркі дүниесі жеке халық ретінде жер бетінде өмір сүру мүмкіндігін алды. Бұл оның адамзат тарихындағы басты миссиясы болды. Түркі дүниесі өз дамуының жаңа сатысына аяқ басты.
«Абай-ақпарат»
1 Кумеков Б.Е. Арабские источники по истории кипчаков, куманов и кимаков VIII-XIII вв. Диссертация в виде научного доклада на соискание ученой степени доктора исторических наук. Санкт-Петербург: СПб филитал ИВАН, 1994. с. 35.
2 Бартольд В.В. Сочинения. Т.2. ч.1. -Москва: ИВЛ, 1963. с.53-54.
3 Бартольд В.В. Сочинения. Т.1-Москва: ИВЛ, 1963. с. 429.
4 Муминов А., Жандарбеков З. Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы. Насаб-нама. -Түркістан: «Мұра», 1992. 24 б.
5 Бартольд. В.В. Сочинения. Т.1. -Москва: ИВЛ, 1963. сс. 430-431.
6 Волин С. Сведения арабских источников IX-XVI вв. о долине реки Талас и смежных районах // ТИИАиЭ. Том VIII. -Алма-Ата: Изд. АН Каз. ССР, 1960. с. 86.
7 Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Летопись трехтысячалетия. -Алматы: «Рауан», 1992. с.100.
8 Бартольд В.В. Т. 1. -Москва: ИВЛ, 1963. сс.386-387.
9 Волин С. Сведения арабских источников IX-XVI вв. о долине реки Талас и смежных районах // ТИИАиЭ. Том VIII. -Алма-Ата: Изд. АН Каз. ССР, 1960. сс. 86-87.
10 Бартольд В.В. Сочинения. Т.1-Москва: ИВЛ, 1963. с. 433.
11 Рашид ад-дин. Сборник летописей. Т.1. кн. 2. Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1952. с.183.
12 Бартольд В.В. Сочинения. Т.2. ч.1. -Москва: ИВЛ, 1963. с. 54. 20 б.
13 Өмірәлиев Қ. Ата тарихымызға үңілсек // Қазақ Ордасы, №3, 2003.
14 Бартольд В.В. Сочинения. Т.2. ч.1. -Москва: ИВЛ, 1963. сс. 55-56.
15 Рашид ад-дин. Сборник летописей. Т.1. кн. 2. Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1952. с. 184.
16 Бартольд В.В. Сочинения. Т.1-Москва: ИВЛ, 1963. с. 465.
17 Бартольд В.В. Сочинения. Т.1-Москва: ИВЛ, 1963. с. 466-467.
18 Рашид ад-дин. Сборник летописей. Т.1. кн. 2. Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1952. с. 198.
19 Қожаев М. Отырардың қысқаша тарихы. -Түркістан: «Мирас», 1998. 32 б.
20 Рашид ад-дин. Сборник летописей. Т.1. кн. 2. Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1952. с. 204.
21 Сонда, с. 199.
22 Соhttp://www.youtube.com/watch?v=iJMQWooNbvcнда, с. 200.