Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4970 0 пікір 2 Шілде, 2012 сағат 07:29

Болат Абаған. Мыңшұңқыр

Жақында нағашы апам қайтыс болып, ауылға барып қайттым. Балалары барлығы қала сағалаған соң, солармен бірге Қарағанды асып кеткен шешей былтыр сіңлісінің сексен жасқа толған мерейтойына  барғанда осыдан 18 жыл бұрын көз жұмған шалының зиратының жанынан өзіне орын дайындап кеткен екен. Балалары - менің бөлелерім ана аманатын орындап, жолдың ауырлығына қарамастан кейуананың мәйітін туған ауылына  әкеліп, жер қойнына берді.

Жақында нағашы апам қайтыс болып, ауылға барып қайттым. Балалары барлығы қала сағалаған соң, солармен бірге Қарағанды асып кеткен шешей былтыр сіңлісінің сексен жасқа толған мерейтойына  барғанда осыдан 18 жыл бұрын көз жұмған шалының зиратының жанынан өзіне орын дайындап кеткен екен. Балалары - менің бөлелерім ана аманатын орындап, жолдың ауырлығына қарамастан кейуананың мәйітін туған ауылына  әкеліп, жер қойнына берді.

... 1997 жылғы ықшамдаудың құрығына ілігіп ауданның атын сақтап қалғанымен орталық мәртебесін Ақсуатқа бергелі Ақжар тозып кетіпті. Біздің Жетіаралда да жағдай оңып тұрған жоқ. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылғы жер сілкінісінен соң бір жаңаланып қалған ауылымызда құлаған, қираған үйлер өте көп. Шындығын айтқанда шекараға таяу тұрған елді мекеннен адамдар ауа көшіп жатыр. Бір кездегі совхоздың малшы және егінші қауымы тұрған фермалар болса қаңырап қалуға жақын. Орталау мектептер бастауышқа айналып, бастауышы барлардың білім ошақтары мүлде жабылыпты. Тура мемлекеттік шекараның екі ел арасындағы биіктігі үш метрлік тікенді торының жанындағы Асусай мен Қамыстыда санаулы үйлер ғана қалыпты. Қарап отырып, қайран қаласың. Біздің мемлекетке Қытаймен екі арадағы шекара маңының қараң қалғаны керек-ау осы деген күмәнді ой мазалайды жаныңды. Елді мекендердегі жүдеу тірлік, онсыз да қазаға қайысып тұрған қабырғамды күйретіп түскендей болды. Оны айтасыз, ауылдағылар тұрғындар азайғалы, жерді бірнеше метр тереңдете қазғанда шыға келетін көз жасындай мөлдір судың да дәмі бұзылып кеткеніне қобалжып отыр. Соған қарағанда жылдар бойы қалыптасқан судың ауысып тұруы сақталмаған соң, не көшіп кеткендердің ашық-шашық құдықтарының ластануынан  жер астындағы ауыз су да бұзылады,

Апамыздың қазасына адам көп жиналды. Қолға қалам ұстап, нәпақаны журналисткадан тапқандықтан, республикалық басылымдарға проблемалық мақаларым шығып тұратындықтан болар, ауылдас ағалар мен құрдастар қайғыма ортақтастықтарын  білдірген соң, «ауылды ұмытып кеттіңдер ғой ...» деп өкпе-наздарын  айта бастады.  Олар журналист деген аты бар, ауылдың жағдайын газетке жазса, жоғарыдағылар құлақ асып, ауданымыз қайта ашылып, бір кездегі шекараны күзетудегі қырағылықтары кейде солдаттардың өзінен асып кететін отаншыл тұрғындар тұрған ауылдар тірлігіне көңіл бөлінеді-ау деп ойлайды. Әттең, билік тұтқасындағылар қалам ұстағандардың көрген, білгенінен, жазғанын  басшылыққа алып, шара қолданса, еліміздің мәртебесі асып, қалың қазақ тұратын ауылдың іргесі сөгілмес еді ғой.  Өкінішке қарай, ондай жақсы жаңалықты естімегелі көп болды. Осыдан үш жыл бұрын Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы шекаралы өңірдегі қысқарып кеткен аудандардың жанайқайын республикалық газетте «Үнсіз шөккен Үйгентас» деп айқайлатқанда да ешкім селт етпеген. Дегенмен, ауылдастарымның барлығына жуығы сол мақала шыққан «Жас қазақты» әлі күнге сақтап жүргенін көргенде, жұртымның бір қажетіне жарағаным-ау деп іштей тәубемді айттым. Қалай болғанда да, аудан мәртебісінен айырылған Тарбағатай, Мақаншы, Марқакөл, Қатонқарағай, Нарынқол, Үйгентас, Қапал сынды шекаралы өңірлердің жағдайы жыл сайын төмендеп барады.  Ел жаппай көшіп жатыр.

Зират басында тұрғанымызда ауданда жауапты қызмет атқарған замандастардың бірі: «Өзің білесің, Жетіаралдағы мектепте кезінде 1200-ге дейін бала оқитын. Қазіргі саны 400-ге әрең жуықтайды. Жалпы бір кездегі Тарбағатай ауданы орналасқан өңірдегі елді мекендерде жыл сайын бірнеше мектеп жабылып жатыр. Биыл тағы екі орталау мектептің есігіне қара құлып түсті. Биліктегілер жыл сайын бірнеше білім ошағын жабуды жоспарлап алады ғой деймін. Бірер жыл бұрын белгілі бір шеткері ауылда мектеп жабылады деген әңгіме таратады. Сонан соң білікті мұғалімдер жұмыс іздеп басқа жаққа ауысуды, балаларының болашағын ойлаған,шамасы жеткендер басқа ірілеу елді мекенге көшуді ойластыра бастайды. Ақыры екі жыл өткен соң ауыл тұрғындары сиреп, жаңа оқу жылында бала саны жетпей қалады. Осыны алға ұстаған білім бөлімі мектепті жабады да тастайды. Бірінші кезекте тау арасындағы, шекара маңында тұрған ауылдар осылай жүдеп-жадап барады. Мектебі жоқ, клубы жоқ, дәрігерлік пункті жоқ ауылда ақыр соңында ешкім тұрақтамайды. Тордың арғы жағында қытайдың ентелеп тұрғаны да ешкімді ойландырмайды», - дегенде туған жерімнің ертеңін ойлап тағы да жаным түршікті.

... Біздің ауыл кезінде Ұласты деп аталған. Бұл атауды заманында осы өңірге жолы түскен Сәбит Мұқанов атамыз қойған, ондағы ойы ауылдың тірлігі жақсарып, байлығы ұласа берсін дегені шығар деп отыратын ақсақалдар.  Аузы дуалы жазушы атамыздың айтқаны өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін өз мәнін жоғалтпады. Ал қазіргі ауылды көргенде жылағың келеді. Ал осы ауылдың негізінен көп балалы, қарапайым тірлікті отбасылары тұрған, менің балалық шағым өткен Мыңшұңқыр атты бөлігінде бүгінде бес-ақ үй қалыпты.  Біздің ауылдың жанынан басталып, жүздеген шақырымды басып өтіп, Зайсан көліне жетер-жетпесте жер астына сіңіп кететін  шағын өзеншені бала кезімізден Қарасу дейміз. Шындығында жанына келгенше арнадағы судың беті қарақошқылданып жататын. Ал қасына келгенде түбінде жүзіп жүрген аққайран балықтар мен түрлі-түсті бояуы сан құбылған ұсақ шабақтар ап-анық көрінеді. Ауылдың өзін жұрт, оның ішінде балалар шартты түрде төртке бөліп атайтын.  Мектеп, балабақша, пошта, совхоз кеңсесі және тағы басқа да мекемелер орналасқан бөлігі «Жоғарғы жақ», Маңырақ тауына қарай шығатын беттегілерді «Қырдағылар», ал негізінен 1960 жылдары көрші елден көшіп келген ағайындар қоныстанған орамды «Қытай көше» дейді. Ал ауылдың аудан орталағына қараған жағында, Қарасу  мен қалың тоғайға таяу орналасқан біздің тұратын жеріміз «Мыңшұңқыр» делінетін. Бір байқағаным, әлі күнге солай аталады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман бір кезде ретсіз салынған тоқал тамнан тұратын орам  шеттеп қалғаны болмаса, кезінде орта мектеп те, шопандар балалары оқитын интернат үйі де, дүкендер де осында болған. Кейіннен елдің тұрмысы жақсарып, совхоз дәулеттенген тұста, шамасы жеткендер совхоз салған ақ шатырлы жоғары жаққа қоныс аударып, «Мыңшұңқырда» кілең бір көп балалы отбасылар қалған еді.

Ауылдың ішіндегі төрт бөлік өздерінше жеке әлем. Жасөспірімдері жиі-жиі жаға жыртысып, қақтығысып қалатын. Мыңшұңқырдың балалары үшін мектепке бару қылкөпірден өткенмен бірдей. Білім ошағы маңына орналасқан жоғары жақ пен қырдың тентектері жалғыз-жарым жүрсең шаңыңды қағып, бөркіңді теріс айналдырып жібереді. Ондай қақтығыстың есесін кешке мал қайтқанда біздер де қайтарамыз. Өйткені ауылдың жекеменшік сиыры мен қой-ешкісі кезекпен бағылады және шұрайлы жайылымның барлығы аудан орталағымен екі арадағы алқапта болғандықтан кешкісін Мыңшұңқыр арқылы өтеді.  Сонда бір есіріп қаламыз. Қалай болғанда да, қайда барсақ та шағын-шағын топпен жүреміз. Қорғанысқа дайындап алған қаруларымыз да бар. Ондайлар қатарында бірінші орын әскерден оралған ағаларымызбен бірге келген бес жұлдызды, салмақты доғасы бар қайыс белбеуге беріледі. Екінің бірінің белінде жүретін қайыс белбеудің салмақты доғасы талай баста бес жұлдыздың таңбасын қалдырғанын көрдік.

Дегенмен Мыңшұңқырда өскен жеткіншектердің барлығы шымыр, орталықтағы ақсаусақтарға қарағанда спортқа да бейім. Сабақта алғырлары да бар. Осы бөліктегі отыз шақты үйдің әрқайсысынан алды он үш  - он төрт, соңы сегіз баладан өріп шығады. Ол кезде  үлкендердің барлығы совхоздың бітіп болмайтын жұмысының соңында салпақтайды да жүреді. Соған сай балалар негізінен оңаша қалып, ортаға қарап өседі.  Соңғы барғанымда сол тірлігі қайнап жататын Мыңшұңқырда бес-ақ үй қалғанын көріп, көңілім бұзылды. Ақырын аралап, балалығымның ізі қалған қиқы-жиқы көшенің бойындағы орны ғана қалған үйлердің тұсында ойға шомып тұрып қалдым. Құлағыма кейбір қылықтарымен есімде мәңгі қалып қойған кісілердің, достарымның дауысы келді.  Ауылдағы ең боқтампаз, анда-санда арақ ішкенде тоқал тамының төбесіне шығып алып, сол тұстағы Кеңестер Одағы басшыларынан бастап, барлық жетекшілерді түгендей келе, совхоз бен мектеп директорының атына  елдің тарапынан жиналып қалған өкпе-ренішті небір тұздықты сөздер айтатын Тұмарбек де бізде тұрды. Қысы-жазы кеудесін түймелеуді білмейтін және адамның құшағы жетпейтін алып кеудесінен буы бұрқырайтын да жүретін, қағаберісте қараусыз тұрған дүниені іліп кетуді де ұмытпайтын Омарғазы да Мыңшұңқырдың байырғы тұрғыны еді.  Бала кезімізде кеш түсе бастағанда жанып, түн ортасына таман өшетін жарықтың құдайы, дөңесте тұрған электр қуатын беретін дизельді мотордың қожасы Құман да осында болды. Біз ес білгелі және әке-шешіміздің айтуына қарағанда, төрт бірдей ұлын соғыс жалмағаннан бері екеуден-екеу тірлік етіп, есігінен төріне дейін мияулап өріп жүретін аппақ мысықтарымен балаша тілдесетін Түстікбай қария мен Ардана апаның өмірі өз алдына бір төбе. Совет үкіметі діндарлардың соңына түскен жылдары қара мылтығы мен қақпандарын және құран кітәбін алып Маңырақты паналаған Қожаберген ақсақалды да көзіміз көрді. Сонымен бірге заманында аты шыққан, ақ қашып, қызыл қуған жылдары  Тарбағатай тауы арқылы арғы бетке өтетін Қызылтас асуын билеп, ары-бері өткендерден алым-салық алып тұрған, талай әулетті ешкімге білдірместен бір түнде Қытайға өткізіп ашаршылық пен қуғын-сүргіннен аман алып қалған акбоз атты Нұртаза батыр атанған алып денелі шалдың шалымдылығына тәнті болып,  ол кісінің итжеккенде айдауда жүріп әкелген өмірлік қосағы кейіннен Бәтима деген ат алып, мұсылманша жерленген Лида әженің қолынан да дәм таттық. Тарбағатай өңіріне аттары кеткен бай болған Онбай әулеті мен Рүстем төренің ұрпақтары да ешкіммен талсып-тармаспай, Алланың берген несібесін көппен бірге теріп жеп, осы Мыңшұңқырда тұрды.

Ескі мектептің қасындағы жазда үлкен сенекті және шағын ғана қойманы қосқанда төрт бөлмелік, қыста үлкен темір пешпен жылынатын қос бөлмелік үйдге аралары екі жастан болатын оншақты бала кіріп-шығып жатады. Азын аулақ мал: бірнеше ірі қара мен оншақты қой-ешкі, қаз бен үйрек және күркейі бастаған тауықтар тобын да сол алды оныншы сыныпқа көшкен, кейінгілері әлі еңбектеген балалар бағып-қағады. Отағасының өзі мектептің шаруашылық жағын басқарады. Сонымен бірге кезінде ағаштың көптеген түрі жайқалып өскен шағын бақтың қожайыны. Былайғы кезде көп үндемейтін, алайда ауылдағы оқыған дейтін азаматтармен жақсы қарым-қатынас орнатып, олармен әңгімелескенде барлығын ұйытатын Қабаңның  арғы тегі төре екенін ол кісі көз жұмып, қазақ ата-тегін түгендей бастағанда ғана білдік. Қолы шебер, ағаштан түйін түйетін Қабдыуақит  жасаған балалардың бесігі, сәбилерге арналған шайқалмалы, айналасы қоршалған  шағын төсек пен орындық, кітап қоятын сөрелер мен тағы басқа үй жихаздары Жетіралдаға кейбір үйлерде әлі сол қалпында тұр. Сонымен бірге пима басып, етік те тігетін. Үй ауласындағы шағын шеберханасында қолөнершіге қажетті барлық құрал-саймандар рет-ретімен тұратын. Жұмыстан қолы босағанда, шеберханасынан шықпайтын, анда-санда қоңыр домбырасын тыңқылдатып, Сәкеннің «Тау ішіндесін» ыңылдап отыратын ол кісі ауылдағы нөмірі бірінші кітапқұмар жан еді. Үйдегі үлкен бөлменің бір қабырғасында өз қолымен жасаған сөрелер кітаптан қайысып тұратын. Соның арқасы болар, балаларының барлығы кітап оқуда ешкімге дес бермейтін. Бір отбасыдан жеті бірдей әдебиетшінің шыққаны да сол әкеден үйренген жақсы қасиеттің арқасы болар.

Ол кісінің үлкен екі ағасы бір кезде халық жауларының қатарына ілігіп, Қиыр Шығыста ағаш кесіп, соғыс жылдары Қарағандыда щахтаға түсіп, ақыры сол көмірлі қаланың тұрғыны болып қалған. Екі інісі Ұлы Отан соғысына алынып, кенжесі сол қанды қасапта хабарсыз кетті. Арапша хат танитын, кирилицаны да жақсы меңгерген, сауаттылығы және өресі жағынан ауылдағы мұғалімдерді қойып, директорлардың өзін артта қалдыратын Қабаңның сыртқа сыр шашпайтынын бір кезде қуғынды көп көріп, соғыс кезінде еңбек армиясында бастан өткергендерімен түсіндіруге болады. Заманында Шілікті өңірін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Кабира  төренің қасқырдай бес ұлының ортаншысы ретінде бұлғақтаған, бірақ байлыққа масаттанып, артық кетпегендіктен және еңбекқорлығы мен қолының алтындығы арқасында елге сыйлы болғанын замандастары айтып отыратын.

Жасы алпыстан асқанда барып, өздерінің төре тұқымы екенін ересек балаларына ақырын айтатын. Шілікті атырабындағы Шағаноба төрінде өздерінің атақонысы болғанын, жоғалып кеткен әкесі арғы бетке өтерде бес ұлдың әрқайсысының еншісін бөліп бергенін. Малдай тиген үлестің қиын-қыстаулы жылы құрығанын, ал, ата-бабадан жеткен қымбат мүлік пен алтын-күміс, асыл тастар және тағы басқаларды өзі мен үлкен ағаларының қыстау маңындағы биік таудағы жықпылдарғы тыққандарын да жұқалап жеткізетін. Алайда, Кеңес өкіметінің қылшығы да қисаймаған кезеңде ол жаққа барудың мүмкіндігі жоқтығы қолын байлайтын. Әңгімелерінде:  «Біздің тұқымға адал, ақ өлім жазылған. Өз әкемнің қалай өлгенін білмеймін. Әйтеуір баяғыдан келе жатқан тәмсіл бойынша тұқымымыздағылар сап-сау жүріп,  ұйықтап жатып не отырған күйінде ешкімге салмақ артпастан өліп кетеді және өздеріне ажал келгенін бірнеше күн бұрын біледі. Қарағандыдағы өзіммен тете ағам Қажыакбар алыс-жақынның барлығына өлді деп жеделхат жібертіп шақырып алып, төрт көзіміз түгел жиналып, шер тарқатқан күні түнде ұйқысынан оянбады», - деп отырушы еді. Ақыры айтқаны тура келіп,  өзі іргетасын қалаған ескі мектеп жаңа ғимаратқа көшкенде, мектеп директоры мен ауылдық кеңес төрағасы заңдастырып беріп кеткен бақтағы сәкінің үстінде ұйықтап жатқанынан оянбады. Ешкімді мазалаған жоқ, сарыжамбас болып жатпады да. Тек өзінің өмірлік қосағына содан бір күн бұрын түс әлетінде аспанға қарап тұрып: «Жұлдызымыз біреу-ақ еді, бүгін екіге бөлінді. Бала-шаға өзіңе аманат» деген екен. Күнделікті тірлік күйбеңімен жүріп оған мән бермеген шешей отағасы қайтыс болғанда барып, сол сөздің мәніне жетіп, 63 жасында ана дүниеге ың-шыңсыз аттанған азаматын жоқтады. Құдайға шүкір, бүгінде балалары түгел аман. Барлығы қызметте. Алматыға, Астанаға көшіріп әкетпек болғанда шалынан қалған қарашаңырақты қаңыратпаймын деген ана  орны ғана қалған ескі мектептің жанындағы үйінде отыр.

Осы үймен  қоңсылас Өсерханның қайтыс болғанына да біраз жыл болыпты.  Үбірлі-шүбірлі бес-алты балалары бар еді.   Мыңшұңқырдағыларды таң алкеуімде ауылдың әтешінен бұрын тұрып, тозығы жеткен ДТ-75 тракторын дарылдатып от алдыратын осы азамат оятатын. Жаздағысын қойшы, қыстағысы қиын. Трактордың түбі жоқ қазандай радиаторына бірнеше шелек ыстық су керек. Ол үшін ауласында үлкен қазандық орнатылған, соны шіпілдете толтырып, от жағады, Суды ысытып радиаторға құйған соң моторды қызғанша деп дарылдатып қойып, үйіне кіріп шайланып алады. Жарты сағат терлеп-тепшіп шыққан кезінде бағанадан дарылдап, қақалып-шашалып тұрған трактодың моторы да бабына енеді. Содан соң барып іске  қосады да кабинаға отырып, жеңіл машинанын ішінде отырғандай, темір тұлпарын орнынан жұлқа қозғап, жоғарыдағы МТМ-ға қарай салады. Бұл кезде Өсерханның тракторының таңғы дарылынан оянған жұрт та кезекті күннің тірлігіне кірісе бастайтын. Жарықтықтың үйі әлі аман екен.  Немерелері де өсіп қалыпты.

Боқтампаз Тұмарбек қартайғанда біраз жыл көзден айырылып бірнеше жыл жатып қалды. Бүкіл ауылдағы құдықтарды өзі қазып шығушы еді, сондай-ақ, машина мен ат арбаға шөп тиеудегі шеберлікте онымен ешкім шендесе алмайтын. Араққа тойып алғанда, күрек пен айырдан табақтай дипломдарым бар деп мақтанатын ағамыздың сол кездің өзінде билікке қаны қас еді. Өле-өлгенше сол ұстанымынан айырылмай кетті. Қыздары тұрмыс құрып, басқа облыстарға ұзатылды. Ал ұлдары да өз жолдарын тапты. Күрестен ешкімге дес бермеген, екі жас үлкен болса да менімен оқыған Науан қазір шалдан қалған үйге ие болып отыр.  Дегенмен, қайраты қайтып, қартайып қалғандай.  Ауылдың тұрмысы қажытып жібергені көрініп тұр. Осы қатарда тұратын оншақты үйден аталған екі шаңырақ қана қалыпты. Қалған үйлердің кейбірінің орны да тегістеліп кеткен. Түстікбай атаның үйі тұрған жерден өте бергенде, кішкене кезімде осы кісінікіне сүт алып келетінім, сонда ақсақал мен әженің мысықтарымен балаша әңгімелесіп отыратыны есіме түсті. Соғысқа кеткен төрт боздақтан ұрпақ қалмады да, Түстікбай әулетінің оты қарттарымен бірге мәңгіге өшті.

Қожаберген қарттың үйінің қабырғасы ғана қалқайып тұр. Оның өзі балалары ержеткеннен соң тұрғызған баспананың қалдығы. Сол маңдағы Орайбек молданың, кәрі шешесін балаша мәпелеп күтетін Мұқаштың, ауылдағы жалақорлардың кесірінен балаларымен бірге сотталып, кейіннен ауылда тұруға арланып, Ақмола жаққа көшіп кеткен Кеңесханның үйінің де қирандысы жатыр.

Қысы-жазы қымтануды білмейтіндіктен «Алкеуде» атанған Омарғазының үйінің орны да қалмапты. Қасқырдай-қасқырдай тоғыз ұлының біреуі ғана аман екен. Сол тұсқа келгенімде кішкене кезден бірде тату, бірде қату болып өскен, өткен ғасырдың соңындағы қиын-қыстаулы кезеңде бала-шағасын асыраудың қамымен Тұғылға тұруға барып, екі қабатты үйлерді бұзып, кірпішін алып сатам деп жүріп мерт болған құрдасым Мират ойыма оралды.

Ауылда той болғанда «жарықтың құдайы» атанған Құман ағамыздың беделі аспандап кететін. Біздер де бүкіл ауылдың электр қуатын жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстайтын адамның  Мыңшұңқырда тұратынын мақтан тұтушы едік. Той болатын үй ағаның көңілін табуды алдын ала ойластырып, қамдап қоятын. Бір күн бұрын бір табақ етін асып, бір жартысын алдына қойып, қиылып тұрып, өтініштерін айтатын. Той болып жатқан кезде жарық жалп етіп сөне қалса, жанында тістемесі бар, бір жартыны қырдағы моторлы үйге жеткізетін шабарман да әрқашан дайын тұрады. Көңілі болмаса, көршілердің өзін де осылайша шапқылатып қоятын ағамыз үлкен ұлының әскерден келуін асыға күтіп, ол оралғанда ботадай боздап жылаған еді. Сонда ауылдың үлкен-кішісі «сомадай болып мынанікі ұят болды ғой» деген. Сөйтсек, ажалы тақап қалған екен. Сол күннің ертеңінде, ауылдан он шақырым жердегі қырықтықтың моторын жөндеп келе жатқанда, айдалада екі аяқты мотоциклімен апатқа ұшырап көз жұмды. «Орнында бар оңалар» деген, қазіргі кезде ол кісіден тараған ұл-қыздан өрбіген ұрпақтың өзі бір қауым ел.

Жоғарыда айтқан Нұртаза атамыз алып адам еді. Балаларды сондай жақсы көретін. Ойнап жүрген жерімізге ақырын жақындап келіп, қолына түскен баланы алып кеудесіне қысып, «кімнің баласысың?» деп әуреге салатын. «Нұртаза атаның баласымын» дегенше құшағынан жібермейтін, Өз қалауын айтқызған соң, қалтасынан үзілмейтін тәттінің бірнешеуін қолыңа ұстатады. Ауылдағы дүкенде күзетшілік ететін ол кісінің қалтасынан кәмпит пен пешение үзілмейтін. Нұртаза атамызбер бірге итжекеннен еріп келген Лида әже өле-өлгенше бір орысы жоқ ауылда тұрса да, тілін бұрап сөйлеп бұл дүниеден өтті. Шалы қайтыс болғаннан соң,  Лида әженің жақындары табылғаны туралды әңгіме шығып,  заманында Ленинградта тұрған үлкен оқымыстының қызы екені туралы хабар жетіп, жұртшылықты елең еткізді. Сол жақтан туыстары іздеп келе жатыр дегенде, совхоздың басшылары ол кісіні бала-шағасымен бірге жаман тамнан жоғарғы жаққа көшіріп, жаңа үй беріп, оның ішін жихазға толтырған болатын. Неге екенін әлі күнге ешкім білмейді. Әйтеуір шықты деген туыстары Жетіаралға жеткен жоқ. Олар келмеген соң  әжеміз бала-шағасымен Мыңшұңқырға қайтып оралып, ақыры шалынан қалған қоржын тамда дәм-тұзы таусылды. Өлерінен бірнеше күн бұрын молданы шақыртып, өзін мұсылманша қоюды өтінген екен. Марқұмның ақырғы аманатын ауылдастары бұлжытпай орындады. Қазір үйінің орнын да тап басып табу қиын.

Совхоз тарап, қыруар мал, техника ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен, адамдар не істерлерін білмей дағдарып қалған жылдары мал ұрлығы тым күшейгені де есте. Сол кезде аудан емес, облысты шулатқан барымташылардың басшысы болып шыға келген бала да көз алдымызда өсіп еді. Қазақстанды қойып, шекара асып барып көрші елден жылқы айдап келіп жүргендер, бірнеше жыл құйрық шалдырмағанда олардың жүрек жұтқандықтарына, айлакерліктеріне қайран қалғандар, топты бастаушының кім екенін білгенде жағаларын ұстады.  Ақыры олар Маңырақ тауындағы жықпылдардың бірінде өздері үшін сайлап, тұрақты мекені етіп алған қыстауда милицияның қоршауына түсіп, атыс үстінде түгелдей қаза тапты. Арасында біздің көшенің бір жас жігіті болды және барлығын соның ұйымдастырғаны, басшылық еткені анықталды артынан.  Оның бұл ісін біреулер ерлікке баласа, екіншілері қарақшылық деп жаманаттап жатты. Қалай болғанда да, мұның жөнсіз жекшелендіруге жасалған қарсылық екені анық. Осындай өтпелі кезеңнің өкпек желінде оққа ұшқан жігіт өскен үй әлі қалқайып тұр. Бізбен қатарлас ағасы бала-шағасы өсіп, қалаға шақырып отырғанымен, қарашаңырақ құламай, ешқайда көшпеймін дейді.

Көрші тұрған Құрманғазының үйіне кіріп, құран оқытып шықтым. Былтыр тауға қар қалың түсіп, Қытайдан бастау алатын, бірнеше ауылды жанап өтетін Қандысуда су мол болыпты. Облыс басшылары дер кезінде қимылдап, Майлы шатқалын бөгеу арқылы сексенінші жылдары тұрғызылған, сыйымдылығы 42 миллион текшеметр  плотинаның мұзын жарғызып, қақпаларын айқара ашып тастағанының арқасында қатты тасқын бола қойған жоқ. Білгіштердің айтуынша, егер жойқын су плотина бұзғанда алапат тасқын  Бозшаны, Маңырақты, Жетіралды және Ақжарды жайпап өтеді екен. Әйтеуір аман қалыппыз. Бірақ таудағы қасаттанып жатып күн жылысымен күрт еріген қардың суы әбігерге салыпты ауылды. Тасқыннан соң Қарасудың да деңгейі көтеріліп, балалар суға түсіп жүретін иірімдердің астын қазып тастаған көрінеді. Сондай  жерлердің бірінде суға кетіп бара жатқан кішкене баланы құтқарып қалған көршінің жасөспірім ұлы өзі иірімнен шыға алмай қалыпты. Шешесі жылып отыр, әке болса тұнжырап қалған.

- Бәріне қол сілтеп кетіп қалайын десем, қарашаңырақты қимаймын. Өзің білесің, әкем ерте қайтты. Шешем көз жұмарда, әкеңнің отын өшірме деген еді. Ауылдың жағдайын көріп отырсың. Қолда бар азын-аулақ малмен күн көріп отырмыз. Егін өсіруге біздің жақтың жері онша келінкіремейді. Оның үстіне техника деген жоқ. Үміт күтіп отырған үлкенім еді, қапияда айырылып қалдым. Түбі шыдамым таусылса, қалаға көшемін, - дейді Құрекең.

Үйге келгенімде алдымнан шыққан  шешем көрші баланың  тым бауырмал әрі елгезек болып өсіп келе жатқанда қаза тапқанын айтып, көз жасын бір сығымдап алды.

Ауламыздағы  кезінде әкемнің қолымен жасалған ұзын ағаш орындықта отырмыз. Тура есік алдындағы көршіміз болған Майкен апаның үйінің орны жермен бірдей болып кеткенін айта отырып, Алматы мен Астанадағы, Өскемендегі балалардың өзі таңдаған бірінің қолына көшуі керектігін тағы да ақырын айтып едім, анам шарт кетті. Апайының кәрі сүйегін сырқыратып Қарағандыға алып кеткен, қайтыс болғанда мың жарым шақырымнан жеткізген жиендеріне біраз ұрсып алды да, өзінің осы үйде көз жұмғысы келетінін үзілді-кесілді білдірді.

Ал, Мыңшұңқырда бес-ақ үй қалыпты. Бір кезде мектептің бағы болып, жайқалып тұратын, білім ошағы жаңа шаңыраққа көшкенде бізге қалдырылған үлкен бақтағы талдардың қатары қатты сирепті. Басқа ағаштардың түбі де жоқ екеніне қарамастан әкем еккен және мәпелеген алып бәйтеректердің бес-алтауы әлі аспанмен таласып тұр. Осыған дейін ауылды жерлердегі алып ағаштарды қара қарғалар мекендеп алғанын, қараторғайлар мен қарлығаштардың мүлде азайғанын көріп көңілім құлазып жүруші еді. Әкеміздің көзіндей болып тұрған алып бәйтеректердің де қалың қарғаның ұясына айналғанын көріп, жаным түршігіп кетті.  Жерден үлкендеу тасты алып лақтырған едім, қара қарғалар қарқылдап өзіме тап берді.

-   Мыналарды кесіп тастау керек қой, - деп едім. Менің қылығыма мысқылдай қарап тұрған бауырым:

-   Кесіп алғысы келетіндер сенсіз де көп. Алайда, тура жанынан өтетін электр сымдары кедергі жасайды. Сонан қорқады отын қылғысы келетіндер, - деді.

Сол күні дұрыс ұйықтай алмадым. Таңертең ерте тұрып, шешеммен бірге сыртқа қойылған дөңгелек жер үстелде шәй ішіп отырып, бір кездері жоғарғы жақтағы мектепке баратын балалар шуылдап өтетін жолға қарадым. Ешкім жоқ. Бір кездері тек Мыңшұңқырдан ғана жүзге жуық баланың күнде таңертең және түсте сөмкелерін ұстап мектепке беттейтіні көз алдыма келді. Сол жылдары біздер бір сыныптың өзінде көршілес тұратын алты бала оқитынбыз.  Елдің  сәні де, мәні де Мыңшұңқыр сынды бала-шағасы мол, берекесі тасып жататын елді мекендер екен ғой деп ойладым.  Ауылға келгендегі жылдар бойы  өзім қалыптастырған бұлжымас әдетім бойынша Қарасуға бардым. Судың салқындығына қарамастан тереңдеу жеріне шомылып алдым. Өзеннің арнасы тарылып, суы азайып кетіпті. Бір кезде жағалауды шұрық-тесік етіп тастайтын ондатрдың қарасы да көрінбейді. Шымды аяқпен теуіп қалғанда өре жөнелетін қызылды-жасылды ұсақ балық та жым-жылас.

Білмеймін осы жолы елден көңілім құлазып қайтты. Бала кезімізде, ауылда жүргенімізде бізге бүкіл әлем қазақша сөйлейтін, адамдардың барлығы бауырмал, тұрмыстары тең  сияқты көрінетін. Қалалық болғалы, қалам ұстағалы тілімізге, ділімізге, руханиятымызға қатысты проблемаларға қатысты мақалалар жазып, одан түк нәтиже шықпағанын көргенде сол ауылға - жұмақ мекенге  кетіп қалғым келетін. Сол мәңгілік сағыныштан айрылып қалғандаймын. Соңғы жылдары ауылдың қасиетін қашырып, киесін үркітіп алдық-ау осы. Өйткені, барлық жерді қара қарғалар жайлап, қараторғайлар мен бозторғайлар, қарлығаштар азайып кетіпті...

Алматы облысы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320