Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 12964 0 пікір 2 Шілде, 2012 сағат 09:46

Голощекин – диктатор

 

«Голощекинге сенуге болмайды, Ежовтың қолымен Қазақстанда коммунизм орната алмайсың» деп, өмірінің соңына дейін Қазақстанға жіберілген Мәскеудің эмиссарларымен күресіп өткен, қазақтың бай ауыз әдебиетін оның көрнекті тұлғасы Абай мұраларын жанын салып қорғаған, Алаштың А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов сынды арыстарын саяси тұрғыдан айыптап қуғындауға қарсы тұрған, сол үшін голощекиндік қуғын-сүргіннің небір зардаптарын көрген мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы-публицист Ыдырыс Мұстамбайұлының дүниеге келгеніне алдағы жылы 115 жыл толады.

 

«Голощекинге сенуге болмайды, Ежовтың қолымен Қазақстанда коммунизм орната алмайсың» деп, өмірінің соңына дейін Қазақстанға жіберілген Мәскеудің эмиссарларымен күресіп өткен, қазақтың бай ауыз әдебиетін оның көрнекті тұлғасы Абай мұраларын жанын салып қорғаған, Алаштың А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов сынды арыстарын саяси тұрғыдан айыптап қуғындауға қарсы тұрған, сол үшін голощекиндік қуғын-сүргіннің небір зардаптарын көрген мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы-публицист Ыдырыс Мұстамбайұлының дүниеге келгеніне алдағы жылы 115 жыл толады.

ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы қазақ халқының қаралы кезеңі Ф.Голощекин есімімен байланысты екені белгілі. Ол Қазақ жеріне арнайы орталықтың тапсырмасымен келіп, әкімшілік-әміршіл тоталитарлық билік жүйесін орнатты. Таптық күрес, интернационализм ұрандарын бетперде еткен оның басты қаруы халқымыздың ұлтжанды қайраткерлеріне бағытталды. Жан-тәнімен қазақ автономиясының ұлттық автономия болып дамуына қарсы күрес жүргізді. Өзінің шаласауатты білімімен социалистік идеялар, социалистік күрестер жолында жаңа теориялар ойлап тапқансып, «көтере алмас шоқпарды беліне байлағандай» қазақ жерінде қасіретті дүрбелеңді бастап, халқымызды үлкен апатқа ұрындырды.
«Ұлтшылдармен» күрес ұраны аясында, халқымыздың ұлттық құндылықтарына қарсы озбырлық әрекеттер жасады. Мәселен, 1926 жылы ақпан айында Ақтөбе ұйымының жағдайы жөнінде жасаған баяндамасында Ф.Голощекин:
«...Оттуда придется убрать кое-кого из русских. Это слишком тенденциозно-шовинистические фигуры», - деп атап көрсетіп, Ақтөбе губерниясының басында отырған орыс басшыларының шовинистік істерінің нәтижесінде орыс халқына артықшылықтар беріліп отырғанын мойындайды. Бірақ артынша түлкі бұлаңға салып, осы баяндамасында: «Теория жүзінде шовинизм болған жерде ұлтшылдықты тек қорғаныстық тұрғыдан қарастыруымыз керек, бірақ шабуылдаушы ұлтшылдықта бар. Экономиканың өсуі, сұраныстың артуы, үлкен талаптар ұлтшылдықты шабуылдаушы етіп отыр», - деп жаңа теориясымағын ашқандай болды.
Ф.Голощекиннің қазақ жерінде қызмет істеген жылдарын саралап қарасақ, «ұлтшылдар», «топшылдар» дегенде жағы талмай «қужақ» атанған оның тарапынан басшылық қызметте болған өзге ұлт өкілдерінің бірде-біреуі «шовинистік ауытқушылыққа» жол берді деген немесе топшылдық ауруымен ауырды деген айып бойынша жазаланбаған. Оның «интернационалдықпен» бүркемеленген шовинистердің қамқоршысы болғанын осыдан-ақ байқауымызға болады.
Ф.Голощекиндік «аласапыран» жылдарындағы елімізде болып жатқан барлық қарама-қайшылықтар мен келеңсіздіктерге бір ғана Голощекин жауапты болған жоқ. Ол, 1927 жылы қараша айында болған VI партия конференциясында өзі басқарып отырған Өлкелік партия комитетінің даму бағытын бес бөлікке бөліп Сталиннің атына жазғанын және оған баға беруді сұрағанын айтқан болатын. Ол бірінші мәселе ретінде «Кеңестік құрылыс» мәселелерін қойып, «ауылды кеңестендіру» ісінде ауылдардағы кеңестік еңбекшілер ұйымдары жандандырғанын, ауылды кеңестендіруде оның орыс деревняларынан ерекшелігін, рулық тартысты ескергенін, ауылдың әлеуметтік-экономикалық қатынасында революцияға дейінгі қатынастар өзгермей экономикалық және саяси билік күшті рулар мен байлардың қолында болған ерекшеліктерін ескеріп жүргізгенін, сондай-ақ, 5-ші партия конференциясына дейін барлық саладағы социалистік құрылыс ұлттық мәселелерді шешу аясында жүргізіліп, ұлттың ішкі мәселесінде таптық міндеттердің шешілмегенін айтады.
Екінші мәселе ретінде «партиялық құрылыс» жолын атап, Өлкеком ауылдарда рулық және байлардың ықпалынан ада ауыл коммунисінің бейнесі ретінде база қалыптастыру бағыты жолында күрес жүргізіп жатқанын жеткізді. Үшінші мәселе ретінде «партия ішіндегі ұлтаралық катынас және қазақ коммунистері арасындағы топшылдық күрес» дегенді алға тартқан Голощекин бұл салада жай да болса, күресті жалғастырып отырғанын, нәтижеде Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев блогының құрылуына жол берілмегенін пленумде бұл блокты айыптаған қарар қабылдағанын жеткізеді.
Төртінші мәселені «Жергіліктендіру» деп алып, мамандардың жетіспеушілігіне байланыс-ты жергіліктендіруді жүргізуде қиыншылықтар туып отыр деумен қатар, бұл істе түбірімен қайта құрылымдар жасап, жергіліктендіруді жүргізу ісін жұмысшы-шаруа инспекциясының қолына бергенін, жергіліктендіру ісінде еуропалықтар және қазақтар тарапынан ауытқушылық бар екенін, кейбір қазақ көсемдерінің жергіліктендіруді билік аппараттарын басып алу деп түсінетінін жазады.
Бесінші «Қазақ халқының экономикалық және мәдени деңгейін көтеру жөніндегі саясаттың негізі» не мәселе болу керек деген сұрақ төңірегіне топтастырған ол, «ауылды кеңестендіру», қосшы одағын құру, орта және кедей шаруашылықтарына нақты көмек беру, орта және кедей шаруашылықтарын жерге орналастыру, өнеркәсіп саласында ұсақ және орта өндіріс орындарына көңіл аудару, мәдени жұмыстар саласында ауылдық мектептерді ашу, ауыл мұғалімдерін дайындау сынды мәселелерді қойып, сіздің осы істер жөніндегі айыңыз бізге көмектесер еді деп аяқтайды. Ол осы конференцияда өзінің ұсыныстарына Сталиннің атынан: «Жолдас Голощекин! Мына жазбада белгіленген саясат, бірден-бір дұрыс саясат деп есептеймін», - деген жауап келгенін зор қуанышпен көпшілікке жеткізеді. Сонымен қатар осы конференцияға БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы А.Андреев те қатысып, ол өзінің сөзінде: «Жолдастар, менің ойымша, былайша тұжырымдаған дұрыс болар: мұндағы партия жетекшілері бізге қарағанда әлдеқайда берік, әлдеқайда өктем болуға тиіс... Бұдан шығатын қорытынды сол - сіздердің жағдайда партиялық басшылық аса мықты, табанды болуға міндетті. Әрбір нұсқауды шын мәнінде жүзеге асыру үшін бұл ерекше қажет» деумен онсыз да көкірегін керіп тұрған Голощекинді одан әрі желпіндіре түсті. Осылайша, орталықтан «мықты» қолдау көрген Голощекин жалпағынан жер басып, Қазақстанның толық билеушісі болып шыға келді. Қазақ жерінде авторитарлық билік орнатты. Тіпті енді оның атына сын айтудың өзі, қылмыс істегенмен пара-парға айналды. Ыдырыс Мұстамбайұлы батыл түрде айта білгендей шын мәнісіндегі «диктаторға» айналған еді. Өзінің ешқандай да теорияға негізделмеген «Өлкелік комитеттің бағыты» деген пікірсымағын Орталыққа мақұлдатумен қатар, екінші жағынан, оны іске асыруға рұқсат та алған болатын. Әсіресе, оның «Қазақ ауылы Октябрь лебін сезген жоқ» деген көрсоқыр пікірі Қазақ халқы үшін орны толмас қайғы-қасіретке бастаған еді.
Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысын бастап, орталықтағы саяси жағдай шиеленіскен бағытта қызу қарқын ала түсті. Бұған дейін Кремльдегі билік үшін талас Сталинмен Троцкий арасында өрістеген болса, партияның XIV съезінде Сталиннің саясатын ашық түрде Г.Зиновьев, Л.Каменов, Г.Сокольниковтар сынға алды. Лениннің идеялас, қарулас серіктері болып табылатын бұл қайраткердің ұлттық республикалардағы ұлттық мамандарды қолдап, олардың ісіне түсіністікпен қараған ойлары, ұлт мүддесі үшін күресіп жүрген қайраткерлер тарапынан үлкен қолдау тапты. Осы орталықтағы саяси күрестің «жалыны» Қазақстанға да жеткен болатын. Орталықтағы Сталин троцкийстік-зиновьевтік антипартиялық топқа, одан соң оның ізін ала жалғасқан «оңшыл ағымға», «зиянкестерге», «оппортунистерге» қарсы кең көлемдегі шабуылын жүргізіп жатқан кезде, оның қазақ жеріндегі сенімді «өкілі» Голощекин бұл жағдайды мүлт жібермеді. Орталықтағы «көсемнің» көзіне түсіп қалуды ойластырған ол, оған дем беріп, 1927 жылы қыркүйектің 29 күні болған БК(б)П Өлкекомның бюро мәжілісінде оппозицияны айыптаған арнайы қарар қабылдатқызды. Сонымен қатар «екі қоянды бір оқпен атып алуды» мақсат тұтқан Голощекин оның әкімшіл-әміршіл саясатына қарсылықтан туындаған Қазақ қайраткерлерінің идеялық тұрғыдан оппозияция өкілдерімен біршама жақындастығын, олардың арасында астыртын байланыс бар деумен айыптап, таптырмас желеу тауып, одан әрі ушықтыруға кірісті. Республиканың аймақтарындағы партия ұйымдарында, газет беттерінде оппозияцияны айыптаған және жергілікті жерлерде олардың жақтастарын әшкерлеген мақалалар мен партия қаулылары қарша борады. Міне, осы оппозияциямен байланысы бар деп айыпталғандардың алдыңғы қатарында болғандардың бірі - Ыдырыс Мұстамбайұлы болды.
Кеңестік құрылыстың 20-30-жылдарындағы партиялық және кеңестік ұйымдарда қызмет атқарған қазақ қайраткерлерінің ішінде Ы.Мұстамбайұлының бір ерекшелігі ол, сол кездің өзінде-ақ Ф.Голощекиннің Қазақстанда жеке билігін орнатып, ешкімнің пікірімен санаспастан, диктатор болып отырғанын батыл айта білгендігі еді. Ол, өзіне тағылған орынсыз айыптаулар мен қуғындаудан, баспасөз бетінде ұйымдастырылған кір-қоқыс жалалардан тайсалмастан, бақылау комиссиясының төрағасы Титовтың сұрақтарына берген жауабында Ф.Голощекиннің шынайы бетпердесін айқын ашып береді. Осы арада айта кететін бір мәселе, Қазақстандағы бүкіл билікті бір уысында ұстап отырған Ф.Голощекиннің озбырлығын сол кезеңде ашық түрде айту, көзсіз ерлікке пара-пар болатын.
Ыдырыс Мұстамбайұ-лынан алынған тергеу жауаптарының бір бөлігі оппозицияға қатысты болса, екінші бөлігі Қазақстандағы партиялық басшылықтың дұрыс жүргізілмеуі, диктаторлық биліктің орнауына қатысты болды. Ол тергеу барысында Голощекиннің диктаторлық билігіне қарсы өзінің ойын былайша ашық айтты: «Мен әлі күнге өзімнің бір сеніміммен қалдым, ол бізде қазақстандық көлемде партиялық басшылыққа қатысты мәселелер бойынша келеңсіздіктердің барлығы, ал оппозицияның ешқандай идеяларын қабылдамаймын.
Тергеу сұрақтарына берілген Ыдырыс Мұстамбайұлының жауабындағы тағы бір назар аударатын мәселе - оның Голощекиндік ауыл шаруашылығындағы тәркілеуді жүргізу саясатына қарсылығы. Ол Қазақстанда жаппай ұжымдастыруды бастамай тұрып-ақ, оны жүргізудің әдіс-тәсілдеріне, қазақ ауылындағы аласапыран төңкеріске наразы топтың қатарында болды. Қазақ ауылында астаң-кестең төңкеріс жасамай-ақ, социалистік өзгерістерді біртіндеп енгізуді жақтады. Өз халқының дәстүрлі шаруашылығын жетік білетін Ыдырыс Мұстамбайұлы әу бастан-ақ қатерлі «эксперименттік» тәжірибелерге қарсы болғанда, оны да ауылдағы тап тартысының мәнін түсінбейтін байлардың жақтаушысы тобына жатқызып, оның пікіріне құлақ асқан жан болмады. Қайта қудалау бұрынғыдан да күшейе түсті.
Батыл түрде Голощекинді диктатор деп айыптап, оның Өлкелік комитетті ешкімнің пікірімен санаспастан, өз білгенімен біржақты басқарып отырған басшылығын сынаған Ыдырыс Мұстамбайұлының жеке басының мәселесі 1928 жылы 16 мамырда өткен Өлкелік бақылау комиссиясының алқа мәжілісінің күн тәртібінде тыңдалып: Мұстамбаев Ыдырыс Мұстамбайұлы 1898 жылы дүниеге келген. Қызылорда партия ұйымы, партияда 1920 жылдан бері, партия билеті №0945295, Қазақ, үйленген, қызметкер, мамандығы бойынша жазбашы, білімі орта. 1916-1918 жылдары пошта байланыс ведомствосында қызмет етті, 1918-1920 жылдары оқыды. Партиялық жазаға үш рет тартылды; 1) 23.IV.1923 жылы Орал губерниялық бақылау комиссиясының беделін түсіргені үшін сөгіс; 2) 16.ХІІ.1926 жылы Сырдария губерниялық бақылау комиссиясына көрсеткен дөрекілігі және дегеніне көндіргені үшін; 3) 17.ХІІ.1926 жылы Орталық партия комитеті мен өлкелік бақылау комиссиясы тарапынан топшылдыққа қатысқаны үшін, ескертумен қатаң сөгіс берілді. Іс қозғалған қазіргі уақытта ет өнімдерінің меңгерушісі. Айыпталады: Ол, Өлкеком белгілі бір қызметкерлерге ғана бағыт ұстап, қалған барлық қазақ қызметкерлерінің белсенділеріне қарсы қуғын-сүргін жүргізіп, біржақты басшылық жүргізіп отыр деп есептейді, сонымен қатар шаруалар мәселесіне байланысты партия саясатымен және оппозиция басшыларын партия қатарынан шығарумен келіспеген Жолдас Мұстамбаев 1927 жылдың аяғына таман Сұлтанбеков арқылы троцкийлік оппозицияны пайдаланып Өлкекомның және партия саясатын өзгертуге әрекет жасаған. Жолдас Мұстамбаев бұл екі топтың барлық келіссөздерінен хабардар болған, оппозициялық әдебиеттерді оқыды және Сұлтанбеков, Сәдуақасовтармен тұғырнамаға қол қою жөнінде әңгіме жүргізген.
Қазақстандағы голощекиндік көрсоқыр ұжымдастыру саясатының зардаптарынан туындаған шаруалар көтерілісінің себептерін ұлтжанды қайраткерлерден іздеген Голощекин оларға қарсы қуғын-сүргін саясатын жүргізуді одан әрі күшейтті. 1930 жылдары айыпталмаған, қуғындалмаған кешегі Алаш қайраткерлерінің бірі де қалмады. Олардың ізін ала, олармен тілектес кеңестік билік жағындағы ұлтжанды қайраткерлер де нысанаға іліге бастаған болатын. Ол қуғын-сүргін нысанының алдыңғы қатарында Ыдырыс Мұстамбайұлы тұрды. Ол 1933 жылы қаңтар айында Мәскеу қаласында тұтқындалып, РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2,11-тармақтары бойынша (революцияға қарсы қылмыстық іс-әрекеттері үшін) 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 1937 жылы 16 қарашада қайта сотталып, ату жазасына кесілген болатын. Өз халқын жан-тәнімен сүйіп өткен қайраткер тұлға 1959 жыл мамыр айында ақталған еді.
Алдағы жылы - ұлт мүддесі жолында халқына қалтықсыз қызмет еткен қайраткер тұлғаның 115 жылдығы келеді. Сондықтан Ыдырыс Мұстамбайұлының мерейтойына орай Семей қаласында қайраткер тұлғаның ескерткіші орнатылса, Семей, Орал, Петропавл қалаларында көше аттары берілсе, Алматы, Астана, Семей қалаларындағы мектептерге Ы.Мұстамбайұлының аты берілсе, Ы.Мұстамбайұлының 115 жылдығына орайластырылған конференция ұйымдастырылса, Семей қаласындағы Ш.Құдайбердиев атындағы мемлекеттік институтта «Ы.Мұстамбайұлының аудиториясы» ашылса деген ұсыныс білдіргім келеді.

Досалы САЛҚЫНБЕК,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

«Жас қазақ» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321