Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2528 0 пікір 13 Шілде, 2009 сағат 14:14

Мұрат ӘУЕЗОВ. Қытаймен ойнауға болмайды

Көршіңнен маза кетсе, жайбарақат отыру мүмкін емес. Соңғы кездердегі Қытайдағы қақтығысқа қарап, «Қандастарымыздың жағдайы не болар екен?» – деп көңіліміз алаңдай бастады. Үрімшідегі қанды оқиғаның қарсаңында осы өңірдегі қалың қазақ Қазақстан басшысына ашық  хат жолдады. Соңғысынан бастасақ...

Көршіңнен маза кетсе, жайбарақат отыру мүмкін емес. Соңғы кездердегі Қытайдағы қақтығысқа қарап, «Қандастарымыздың жағдайы не болар екен?» – деп көңіліміз алаңдай бастады. Үрімшідегі қанды оқиғаның қарсаңында осы өңірдегі қалың қазақ Қазақстан басшысына ашық  хат жолдады. Соңғысынан бастасақ...
362 адамның қолы қойылған хатпен танысып, көп толғандым. Хатта Қытайдағы қазақтардың ұлттық, әлеуметтік мәселелері, олардың тыныс-тіршілігі, бәрі-бәрі айтылған. Жүректі шымырлатып, сай-сүйегіңді сырқыратады. Жырақтағы жұрағатты елге қоныстандырамыз деп Көші-қон комитетін құрдық. Осы комитеттің жұмысына оң баға берсем, қателескен болар едім. Израильді алыңызшы, шеттегі өз ұлтын өзіне тез бейімдетіп алатын жүйе қалыптастырып қойған. Ал бізде ондай жоқ. Қытайда қазақ мектебі жоқтың қасы деуге болады. Ана тілі, қазақ әдебиетінен басқасы қытай тілінде өтеді. Осыдан кейін өз тілін білуден қалып бара жатқан қазақтарды қайтіп кінәлайсың? Шыңжаңда біраз достарым бар. Қазір солардың балалары қазақ тілін шала біледі. Қытайдың «Бәріміз бір ұлт болайық» деген ұраны бар. Баяғы біртұтас кеңес халқы болайық деген саясаттың дәл өзі. Қытай өзге ұлтты ешқандай соғыссыз-ақ, «жұтып» қоятыны сөзсіз. Қазір биліктің оны ресми түрде жүзеге асыруға тырысып жатқаны мәлім. Қытайда біраз жыл жұмыс істеген маған бұл таңсық емес. Биліктің көздегені – жылдам нәтиже беретін саясатты жүзеге асыру. Он – он бес жылдың ішінде қазақ өз болмысынан айырылып қалуы кәдік.
Үрімшідегі ұйғырлардың көтерілісіне келсек. Дәл қазіргі жағдайда біз қазақ, ұйғыр деп бөлінбеуіміз керек. Біз бәріміз – түркітектес халықтармыз. Біздің тарихымыз кітаптың екі бетіне ұқсас. Оның бірін оқып, бірін оқымай – кетугеболмайтыны секілді, түркітілдес халықтардың тарихын бір-бірінен бөліп-жаруға келмейді. Бізге керегі – біртұтастық. Үрімшіде ұйғырлар бас көтергенде, Қазақстандағы ұйғырлар да шеруге шығып кетуі мүмкін деген сөздер айтылды. Менің айтайын дегенім – қазақтарға қауіп Қытайдағы немесе осында тұрып жатқан ұйғырлардан келмейді. Бізге қауіп – қытайлардан. Иә, осыдан бірер жыл бұрын қазақ пен ұйғыр арасында кикілжің болғаны рас. Бірақ біз, түркітілдес елдер, бірігуіміз керек. Өзбекті де өкпелетпей, қырғызға да қыр көрсетпей, ортақ ымыраға келсек қана бізбен санасатындар көбейе түседі.
Халық саны миллиардтан асатын Қытайға керегі – жер. Онда ит байласа тұрмайтын шөлейтті жер көп, керісінше, адам тұруға қолайлы орындар тым аз. Соңғы уақытта Қытай сондағы қазақтарға, ұйғырларға қатысты қатал саясат ұстана бастады. Қайбір жылы сонда барғанда, жолым түсіп ұйғырдың бір ауылына ат басын тіредім. «Сонда не көрдіңіз?» дейсіз ғой. Ұйғырдың бір шалын көріп, жаным ашып кетті. Ауруға шалдығыпты. Сөйтсек, қытайлар сол ауылдың үстінен үлкен ұшақпен олай да бұлай ұшып, ұйғырлардың зәре-құтын қашыратын көрінеді. Жерге жақын ұшқан ұшақтан ауыл тұрғындары әбден қорқып қалыпты. Сол ауылда қазағы бар, ұйғыры бар – бәрі психологиялық күйзелісте. Ауылды тегістеп кетердей көрінетін ұшақтан олардың жүрегі ұшпағанда, кімнің жүрегі ұшады? Олар да адам ғой. Діні, дәстүрі қорланып жатыр. Қашанғы шыдай берсін. Он миллиондай ұйғырың кетсе, сосын екі миллион қазағыңа да қауіп төнеді. «Ұйғырлар қырылып, қазақтар аман қалып жатыр» деп қуанбауымыз керек. «Кемедегінің жаны бір» десек, дәл қазір ондағы қазақтың да, ұйғырдың да тағдыры таразы басына тартылып тұр. 
Шыңжаңға қытайлардың қаптап жатқанынан күдіктенуге болады. Олар Ұйғыр автономиялық ауданын басып алып, Қазақстанға бір табан жақындай түсуде. Бұл процесс қазір тіпті үдеп барады. Қанша жерден тырысқанымен, Қытай Шыңжаң мен Тибетке өз үстемдігін жүргізе алмайды. Ол жердегі жұрттың көзін толық құртпайынша. Қытай да қоймайды, олар да берілмейді. Мұндай трагедия­лар жиі көрініс таба береді. «Қашғардың ыстық жазы» деген сөз бар. Кейде ұйғырлардың жаздың осындай ыстығында бас көтеріп қоятын «дәстүрі» бар. Соңғы жылдары бұл жағдай басылғандай болып еді. Көрмейсіз бе, Үрімшіде қанды қырғын қайта қозды...
Қытайлардың «бұл жердің иесі – біз» деген мағынадағы ұраны, саясаты, шынында да, өте қауіпті. Қазаққа қатысты тарихты бұрмалап жатқаны да, сондықтан. Ол – ол ма, олар «Шығыс Түркістанмен қоса, Жетісу мен Балқаш өңірі біздікі» деп санайды. Қытай өзінің мектеп оқулықтарына осындай нәрселерді енгізіп қойған. Билік еңбектеген баланың да санасына «қазақтың жері – біздің жеріміз» деген көзқарасты сіңіруде. Қазақстанды досы санайтын елдің істеп отырғаны – осы.
Қазір Қазақстанда жарты миллион қытай жүр. Мұндай деректі қытайлардың өзі айтып отыр. Алдымен көбейіп алуды көздеп, содан кейін өз мүддесін астыртын жүзеге асыруды мақсат тұтатын олар Қазақстанға «қамқор» болғысы кеп жүр дейсіз бе? Біздер үшін қытайдың қауіп екені айдан анық. Соны біле тұра, біздің биліктің ешқандай шара қолданбай отырғаны мені қынжылтады. Қазақстанда қанша қытай бар? Олар не істеп жүр? Мақсаты қандай? Осы сұрақтарға жауап беретін бірде-бір ғылыми-зерттеу институты жоқ. Неге оны ашпаймыз? Қаптаған қытайды Ұлттық қауіпсіздік қызметіміз неге бақыламай отыр? Міне, осындай жауабы жоқ сұрақтар көп. Тіпті қытайлар қазақтың қай жерінде қандай байлық бар екенін біліп алған. Қалай? Мен оны білемін. Біздің сатқын шенеуніктеріміз кезінде қытайлардан пара алып, қазақтың геологиялық картасын сатып жіберген. Кім сатты, қалай сатты? Олардың есімдерін де атауға болар еді. Бірақ ол – қазіргі күннің әңгімесі емес.
Әрине, біз Қытайдың ішкі саясатына араласуға мүмкіндігіміз, құқығымыз да жоқ. Пайда көздеп, Қазақстанға келіп жатқан сансыз қытайды неге өз бетімен жіберуіміз керек?
Саясаттың біз білмейтін көлеңкелі тұстары көп. Қытаймен ойнауға болмайды. Астана – Бейжің үшін ештеңе емес. Осыны әлі күнге түсінбей келеміз...                                     
Қазақ шекарасына тиіп тұрған Қытайдың Шыңжаң өңірі өткен аптаның соңынан бері ала тайдай бүлініп жатыр. Гуандун провинциясындағы ойыншық зауытында жұмысшылар бір-біріне жұдырық сілтесіп қалып, соның салдарынан екі ұйғыр жігітінің қаза тапқанынан Үрімші, Қашғар қалаларында бүлік оты бұрқ етті. Ұйғыр жастары жергілікті қытайлықтармен қырқысып қалып, ресми дерек бойынша 156 адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақаттаныпты. 260 көлік өртеніп, 203 ғимарат қиратылған. Бүлікті ұйымдастырды деген күдікпен Қытай үкіметі 1434 адамның қолына кісен салды. Қытай тарапынан бүлікті «Дүниежүзілік ұйғыр конгресі» ұйымының жетекшісі, қазір Америкада жүрген Рәбия Қадыр ханым ұйымдастырды деп отыр.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаевтың хабарлауынша, соңғы екі күнде Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданынан мыңнан астам қазақстандық елге қайтып үлгерді. Оның ішінде 860 адам түрлі көлікпен жетсе, 120 адам кеше 4 автобуспен жеткізілді. Сонымен бірге, Шыңжаңдағы толқуда отандастарымыздың оққа ұшқаны, не ауруханаға түскені туралы ақпарат жоқ. Өз кезегінде Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына Шыңжаңға бармауға кеңес беріп, туристік виза берілмейтінін мәлімдеді.
Шыңжандағы бүліктің шуы басылса да, ұйғыр диаспоралары ұйысқан Еуропаның бірқатар қалаларында демонстрациялар өтті, ал Гаага мен Мюнхенде қытай елшіліктеріне тіпті шабуыл жасалды. Ел ішіндегі тәртіпсіздіктерге байланысты Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтао «үлкен сегіздіктің» жиынына қатыса алмайтындығын мәлім етті. Сонымен бірге, Үрімшіде қаза тапқан ұйғыр азаматтарының отбасыларына жәрдемақы ретінде үкімет 15 млн доллар бөлетін болды. Алыс-жақын елдерден тек Түркия ғана ұйғыр бүлігінің мәселесін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіне қою керек деген ұсыныспен шықты.

 

 

«Жас қазақ» газеті, №27, 10.08.2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478