Данияр Әшімбаев: «Жұрт мені түсінбей жүр»
Ә дегенде, ыза қысып, «Рахман Алшановтың баласы, шаңыраққа қарашы!» - деген тақырыппен мақала жазғымыз-ақ келді. Көзі қарақты оқырман әңгіменің төркінін осы алғашқы сөйлемнен-ақ байқап отырған болар. Әйтсе де, көпшілік біле бермеуі мүмкін, қазаққа қатысты қисық пікірімен талайға танылып үлгерген және сонысын әсте де оғаш санамайтын саясаттанушы Данияр Әшімбаев - қазаққа қадірлі, белгілі экономист Рахман Алшановтың баласы. Әңгіменің ретіне қарай айтып қоялық дегеніміз ғой. Әйтпесе, біз үшін мұнда тұрған ештеңе жоқ. Саясаттанушы Жаңаөзен оқиғасы болмас бұрын, яғни былтыр қазан айында «Central Asia Monitor» газетіне берген мұнайшылар наразылығына қатысты сұхбатында оралмандар мәселесін бір түйреп өтіпті. Онысына жұрт кәдімгідей шамданды. Биыл сәуір айында «Время» газетінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күрескен жоқ» деп, елді қайран қалдырды. Енді өткен айдың аяғында тағы да «Central Asia Monitor» газетінде қазақ тіліне менсінбеушілікпен қарайтын сұхбат берген.
Ә дегенде, ыза қысып, «Рахман Алшановтың баласы, шаңыраққа қарашы!» - деген тақырыппен мақала жазғымыз-ақ келді. Көзі қарақты оқырман әңгіменің төркінін осы алғашқы сөйлемнен-ақ байқап отырған болар. Әйтсе де, көпшілік біле бермеуі мүмкін, қазаққа қатысты қисық пікірімен талайға танылып үлгерген және сонысын әсте де оғаш санамайтын саясаттанушы Данияр Әшімбаев - қазаққа қадірлі, белгілі экономист Рахман Алшановтың баласы. Әңгіменің ретіне қарай айтып қоялық дегеніміз ғой. Әйтпесе, біз үшін мұнда тұрған ештеңе жоқ. Саясаттанушы Жаңаөзен оқиғасы болмас бұрын, яғни былтыр қазан айында «Central Asia Monitor» газетіне берген мұнайшылар наразылығына қатысты сұхбатында оралмандар мәселесін бір түйреп өтіпті. Онысына жұрт кәдімгідей шамданды. Биыл сәуір айында «Время» газетінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күрескен жоқ» деп, елді қайран қалдырды. Енді өткен айдың аяғында тағы да «Central Asia Monitor» газетінде қазақ тіліне менсінбеушілікпен қарайтын сұхбат берген.
«Жас қазақта» Даниярдың мәлімдемелеріне қатысты бірнеше материал шықты («Ұлтын ұрғанға ұпай», 27 сәуір, 2012 ж.; «Данияр Әшімбаев - патриот», 11 мамыр, 2012 ж.; «Тарихи санасыз халық тұл», 18 мамыр, 2012 ж.). Осы жолы оның өзімен тілдесудің сәті түсті. Ол жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты жұрт арасындағы әңгімені құр байбалам деп есептейді. Әрине, саясаттанушымен арадағы әңгіме орыс тілінде өрбіді. Ал әкесімен қазақша сөйлестік.
- Соңғы кезде сіздің антиқазақ ретіндегі бейнеңіз қалыптасып келеді. Осы жайында өзіңіз ойландыңыз ба?
- Менің сұхбаттарыма байланысты жазылған мақалаларды оқыдым. Олар (мақала жазғандар - О.Б.) сұхбатымның тақырыбынан басқа ештеңе оқымайтын сияқты. Жалпы, өз ұстанымым бар. Ал мені антиқазақ деп танып жатса, ол менің мәселем емес. Бұл жерде оқырманның өзінде түйткіл боп тұр. Қоғамда дерт көп. Соны дер кезінде тауып, емдеп жіберу керек. Ал біз бір-бірімізді ұстанымың дұрыс емес деп кінәлаумен жүрміз.
- Әйтсе де, «Қазақтар тәуелсіздік үшін күреспеді» деген сөзіңізді қалай түсіндіресіз?
- Егер сұхбатымды мұқият оқысаңыз, әңгіме Кеңес Одағы кезеңі жайында. 15, 17, 19-шы ғасырлар емес, 20-шы ғасыр туралы. Сол жерін ешкім оқымаған сияқты. Осыдан кейін кіммен қандай пікірталас жүргізуге болады?
- Қазақ тіліне байланысты пікірлеріңіз де, өзіңіз айтатындай, ұлтшыл-патриоттарға ұнамайды. Бұған не айтасыз?
- Олар мені түсінбей, тек байбалам салып жүр. Мен бұл тұрғыда түсініктеме бергім де келмейді. Ал дұрыстап жаза да, оқи да алмайтын адамдарға бәрін тәптіштеп түсіндіріп отырғым келмейді. Мені олар шаршатып жіберді. Бұл мәселеге қатысты өз пікірімді айттым. Әрі қарай қаузамаймын.
- Сіз «Қазақ тіліне қысым жасалды деу - ақымақтық» дейсіз. Бірақ бізге кезінде орыс тілін күштеп таңғаны рас қой. Қазақ тілі сондықтан да бүгінгі мүшкіл халге жетті.
- Мен мұрағаттағы көптеген құжаттарды қарадым. Негізі, тілді дамыту мәселесі өткен ғасыр басынан бері үнемі қозғалумен келеді. Ал орыс тілін бізге күштеп таңған жоқ. Осы жолды өзіміз таңдадық. Бұған қатты қарсылық танытып күрескен ешкімді көрген жоқпын. Мен жиындардың хаттамаларын қарадым. Әлдебіреуді тіл үшін күресті деп, батыр етіп шығарамыз. Ондай болған жоқ. 50-60-жылдары филологтар бір-бірін айыптап, бірі-бірімен дауласумен болған. Мысалы, Мәскеуге жіберілген бір хатты көрдім. Филологтарымыздың бірі өзінен басқа академиктер мен жазушылардың бәрін атып тастауды ұсынған. Айыпталғандардың арасында Әди Шәріпов те жүр. Міне, сол кезден бастап нақты жұмыс жүргізудің орнына осындай тірліктермен айналысқан. Солар осыған босқа уақыттарын өткізбегенде, қазір мұндай мәселені қозғап отырмас едік. Өзіңіз қараңызшы, Украина, Грузия, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан өз тілдерін сақтап қалды. Кеңес кезінде де олар істі өз тілдерінде жүргізді. Жалпы, Кеңес Одағында болған бізден басқа республикалардың бәрі тілін сақтап қалды.
- Сонда біздегі жағдайға кім кінәлі?
- Өз тілімізді өзіміз сақтай алмасақ, ол үшін өзімізден басқа кімді кінәлаймыз? Бәрін Мәскеуге жаба салу жөн емес. Мәскеу Қазақстан үшін көп нәрсе жасады.
- Енді қазақ тілін болашақта дамыта аламыз ба?
- Тіл дамып жатыр. Оның қолданылу аясы кеңейіп келеді. Қазақ тілінде оқитын студенттер саны өсіп жатыр. Осы тілде білім алатын мамандықтар саны өсіп келеді. Қазақша жақсы кинолар көбейіп келеді.
- Ал сіз үнемі қазақ тілін тек тұрмыстық деңгейде қолданылады деп кемсітесіз...
- Дәл қазір оған себеп бар ғой. Бізде біркелкі сөздік жоқ. Әркім әртүрлі жасайды. Тіл мамандары мен жазушылар ортасында сол мәселе талқылануы керек еді. Ал олар «тіл құрып барады» деп босқа айғайлай береді. Мысалы, қазақшаны компьютерге, ұялы телефонға дұрыстап енгізу мәселесі қаралса. Оны ендіру қиын емес. Осындай нақты іспен айналысудың орнына бір-бірімізді кінәлаумен, жылап-сықтаумен келеміз.
Мемлекеттік бағдарламалар бұл мәселеде зияннан басқа түк берген жоқ. Осындай бағдарламалар аясында нақты шаралар атқарудың орнына тек үгіт-насихатпен шектелудеміз. Қазір ғаламтордан да қазақша толыққанды мәлімет алу қиын. Ал орысша қалауыңызша толып тұр. Байқап қарасаңыз, менің айтқандарым осы қазақ тілінің күйіп тұрған мәселесі ғой.
- Демек, сізді антиқазақ деп тануға болмайды ғой?
- Мен олай дейтіндей ештеңе айтқан жоқпын. Тек мәселенің барын айттым. Ондай мәселелердің бары рас. Жұрт нақты проблеманы талқылаудың орнына дау-дамайды көбейтіп жіберді.
Жап-жақсы жауап берді. Көңілге қонымды ойлары бар. Әйтсе де, кей тұста Данияр Әшімбаевтың мұрат-мақсаты бізге түсініксіз. Алдымен елдің қытығына тиетін сөздер айтады да, сосын «жұрт мені түсінбей қалған» дейді. Ал біз Данияр қанша ақталғанымен, жұрт босқа шулап жүрген жоқ деп ойлаймыз. Қалың оқырман бәрін де жақсы түсінеді. Яғни саясаттанушының сұхбаттарында ұлтты менсінбеушілік, қазақ тілін кемсіту, сол арқылы орыс тілінің мерейін асыру сарыны бәрібір де байқалады. Бұл ретте оны орыстілді газеттер жақсы пайдаланып жүр.
Оразәлі БАЙМҰРАТ
«Жас қазақ» газеті