Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7595 0 пікір 2 Қараша, 2021 сағат 20:30

Ақиығын таныған Шарғын ақын

Халқымыздың маңдайына басқан біртуар, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев дүниеге келгеніне биыл 90 жыл толып отыр. Мақатаев өзінің қысқа ғұмырында өлең деген киелі өнердің туын тігіп, өз өнер мектебін қалыптастырып кеткен аса дарынды ақын. Жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаев:

Жазылар естеліктер нешелеген,
Көреміз оның бәрін пешенеден.
Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе,
Көшеді өлең немесе өшеді өлең!

...Қулары,таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар, біздің үйдің кірпіші дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер!? – деп өз тағдырын өзі болжап кеткен әулие ақын.

Уақыт – әділ таразы. Уақыт өте келе шашасына шаң жұқпаған нағыз жүйріктер ғана тарих сынағынан сүрінбей өтіп, өз дәуірінің шежіресінде аты алтын әріппен жазылады. Қазақ поэзиясының Хантәңірі атанған Мұқағали Мақатаев туралы атақты ақын, жазушы, ғұлама ғалымдар ілгері-кейінде өздерінің салмақты ойлары мен заңғар-заңғар бағаларын айтып келді.

Мұқағалидай ұлы классик ақынға әділ бағасын берген тұлғалардың бірі – Шарғын Әлғазыұлы еді.

Жыр жанбозы Шарғын Әлғазыұлы өз заманында қазақ-қытай екі елге аты кеңінен танымал болған қайраткер. Мен арғы бетте бала күнімнен бастап Шарғын ақынның атын қазыналы қариялардың аузынан көп естігенмін. Ат жалын тартып, азамат болғаннан кейін Шарғын Әлғазыұлының Қытайдағы казіргі заман қазақ әдебиетінің ең алғашқы қара шаңырағын қалаушылардың бірі екенін білдім. Олай болса бұл мақалада Шарғын ақынның кім екендігі туралы оқырмандарға қысқаша таныстыра кетейін.

Шарғын Әлғазыұлы 1903 жылы Алматы облысы, Шонжы ауданының Диірмен деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Әлғазы жай шаруы адамы болған, кейін келе ол кісінің көзі көрмей соқыр болып қалған екен. Шарғын 13 жасқа келгенде әкесі Әлғазы қайтыс болып, кедейшіліктің, жоқшылықтың тақсіретін әбден тартты. Ақыл айтар ешкім болмаса да, зерек-зерделі бала Шарғын әдебиетке құмар болып, ақын-жазушылардың кітаптарын көп оқып, ел ішіндегі айтыс ақындардың өлеңдерін жаттап өсіп, үлгі өнеге алды. 1911 жылдан 1917 жылға дейін қазақ және орыс мектептерінде оқиды. Шарғын 15 жасынан бастап қолына қалам алып, өлең жаза бастайды.

1930 жылдары, әсіресе Кеңес үкіметі кезіндегі солшылдықтың, ауыр алман-салықтың, қолдан жасалған ашаршылықтың нәубеті қазақ халқының басына аямай-ақ келді. Осындай қысылтаяң кезде Шарғын ауылымен бірге Қытай шекарасынан асуға мәжбүр болды. Алғаш ол Іленің Шапшал ауданында мұғалім болды. Осыдан кейін көп өтпей Нақысбек ақалақшының арнаулы шақыртуымен Текес ауданының Шиліөзек мектебіне барып мектеп меңгерушісі болды. Шарғын ақын 1940 жылдардың ішінде Қазақ ұлтынан шыққан Құрманәлі Оспанұлы, Халық Оспанұлы, Тоққожа Әбілдаұлы, Бұқара Тышқанбаев, Дәулеткелді Байболатов, Таңжарық Жолдыұлы, Мәлік Бірімжанұлы т.б. зиялылармен дәм-тұздас, сырдесте болып өтті. 1944 жылы Шарғын үш аймақ үкіметінің орналастыруымен Текес аудандық оқу-ағарту бөлімінің бастығы болды. Осы кездерде үш аймақ үкіметі басқарып шығарған «Одақ» атты журналда, «Төңкеріс таңы», «Алға» газеттерінде өлең жариялап, ақындық, ағартушылықпен тең шұғылданды. Содан Шарғын ақын 1951 жылға дейін Кең Текес сахарасында ағартушылықпен шұғылданып, қазақ сахарасындағы балаларға ғылымның шамшырағын жақты. Содан кейін екі жыл Текес аудандық мәдениет бөлімін басқарды. 1953 жылы Үрімжі қаласында өткізілген әдебиет көркемөнершілердің өлкелік жиынына абыроймен қатынасса, 1957 жылы Шыңжаң жазушылар құрылтайына қатынасып, оның ең беделді мүшелерінің бірі болды.

Сол рет Қазақстаннан Қытайдың Үрімжі қаласына арнайы сапармен барған әйгілі жазушы, академик Ғабит Мүсірепов танысып ұзақ сырласқан. Бұл Шарғын жасампаздығына үлкен шабыт болды. 1954 жылы Іле Қазақ Автономиялы облысы құрылды. 1955 жылы Шарғын ақын Құлжа қаласына көшіп келіп, 1958 жылға дейін Іле Қазақ Автономиялы облыстық саяси-мәслихат кеңесінде қызмет істеді. Сол жылы түрлі қоғамдық себептермен тарихи Отанға қоныс аударды. Мен Іле Қазақ Автономиялы облыстық саяси-мәслихат кеңесінің тарихи материалдар комитетінде қызмет істеп жүргенде ағартушы, ақын Шарғын өлеңдері мені өзіне қатты қызықтырды.

2005 жылы «Іле газеті», «Іле тарихи материалдары» атты басылымдарда Шарғын ақын туралы көлемді мақалалар жарияладым. Арғы беттегі мен білетін ақындардың ішінен тарихи Отан топырағына жамбасы тиіп фәни дүниеден бақы дүниеге аттанған ақын Шарғын ғана!

Көпті көріп, көп жасаған ақын 85 жыл ғұмыр кешіп, 1988 жылы қазан айында Райымбек ауданының Шәлкөде ауылында дүние салды. Оның артында қалған мұраларын жинаушылар 1992 жылы «Көш керуен», 2005 жылы «Ата мекен» атты жыр жинақтары баспадан шығарды.

Мен бір жылдық алдында Бектұрған Уәйісбайұлымен бірге Алматы қаласында тұратың Нұрлан Көдеков деген жас мұғалімнің үйінде қонақ болдым. Сол күнгі қонақта жасы жетпістің мол ішіне келген қарт педагог Шарғын ақынның ұлы Тілкеухан ағамен таныстым. Сол күні таныстықта Тілеухан әкесі Шарғынның баспа бетінде жарық көрмеген бірталай өлеңдері бар екенін айтты. Сол істің сәті түсіп, дәм-тұз тартып 2021 жылы 18 қаңтарда Тілеухан мұғалімнің арнайы шақыртуымен үйіне бардым. Тілеухан Шарғынұлының жеке мұрағатында әкесінің көптеген мұралары сақтаулы екен. Оның ішінде төте жазумен жазылған өлеңдердің қағаздары сарғайып кетіпті. Міне осыдан әке мұрасы бір талай жыл сақталғанын байқауға болады. Сол мұрағаттардың ішінен Шарғын Әлғазыұлының «Мұқағалиды еске алу» атты шағын естелігі көзіме оттай басылды.

Бұл естелік (14 қаңтар 1977 жыл) дәл осыдан 44 жыл бұрын, яғни ұлы ақын Мұқағали өмірден аттанып кеткен бір жылдан кейін жазылған. Жыр жүйрігі Шарғын ақын «Мұқағалиды еске алу» атты естелігінде:

«Біз бүгін арамыздан шыққан асқақ ақынымыз Мұқағалиды еске алып отырмыз. Артына асыл жырын қалдырғандардың бірі – Мұқағали Мақатаев. Иә, Мұқағали қарапайым ақын емес, қияннан сөз тауып, қиыннан қиыстырған қыран еді. Қатарынан оза шапқан тұлпар еді. Отты жүрек, орамды тілді өрге басқан поэзия қазынасына алтын үлесін қосқан талантты азамат еді. Елі мен жерін егіле жырлап Қарасаз, Шибұт, Қошқардың шыңына шырқап щыққан, жаңалықтың жаршысы болған ауылымыздың адал ұлы. Мұқағали өлеңдері ұрпағына мұра болып қала береді. Өлеңдері жыл жылжыған сайын биіктей береді. Есімізге алған сайын есейе береді. Біздің елден бұрын - соңды дараланып шыққан ақын шамалы. Кешегі Шалтай, Бөлтірік, Көдек, Айманбет, Мақсұтта ел мен жерді егіле сөз еткен емес. Шолпан жұлдыздай жарқ етіп батса да біз оны ұмытпаймыз.

Мұқағалиға мынадай өлең жолдарын арнағым келеді.

Ақын перзент тербеле жырымды арнадым,
Ерекше ақын екенін шығармаңнан аңғардым.
Өлең жырдың шебері бал тамызған, бармағың», - деген керемет бағасын берген екен.

Шарғын ақын Қытайдан тарихи Отанға оралғаннан кейін қазіргі Райымбек ауданының Шәлкөде ауылында 30 жыл өмір сүреді. Қарт педагог Тілеуханның айтуынша, Мұқағали Шарғаын ақынды іздеп үнемі үйлеріне келіп тұрады екен. Екі ақын бір-біріне өздері жазған жаңа өлеңдерін оқып беріп, көп сұхбаттасып сырласыпты.

Мұқағалидың қайтыс болуы Шарғанғада өте ауыр тиген. Елге танымалы қарт ақын Шарғын Мұқағалиды өз көзімен көріп, өлеңдерін жоғары бағалап, ерекше ықыласы аударғанын осы естеліктен байқауға болады. Дүниеде ұлы тұлғалар ғана бір-бірін терең түсініп, бірін-бірі бағалап, ардақтай біледі десек артық айтқан болмаймыз. Ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген ақылия сөзін тектен-тек айтпаған. Қара ормандай қормал халық өзінен шыққан текті ұлын, асылдарын жазбай таниды. Шарғын ақын Мұқағали туралы өз ойын былай өрбіте баяндайды:

«Мұқағали – арамыздан шыққан талпына ұшқан зеңгір көкке қанатын қаққан алғыр қыран еді. Мұқағали өлеңдері тереңнен тербеліп, алтындай жарқырап, жыр қазынасын ақтарғанда сөз маржаны тізбектеліп тапқырлық таланты ерекше баурап алатын. Ол ақындық үлгімен, шешендік тілімен елімізге аты әйгілі еді. Арыны жалындаған перзент еді. Жыл өткен сайын оның қалдырған өлең-жырлары шоқтығы биіктеп еске түсе береді, қымбаттайды. Мұқағали ауылымызды былай деп әсерлеген, жанындай сүйген:

Айналайын ата мекен, ақ мекен,
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен.
Туған өлке ел мен жер,
Тәтті екен ғой, тәтті екен,– деп жырлаған. Өрге аршындаған тұлпардай, желмаядай желдіре жөнелетін ақын мезгілсіз кеткенімен қалдырған өлең жырлары өлмейді.

«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деп ақын Абай толғап кетпеді ме?!».

Міне, бұл дәлелдерден Шарғын ақынның қазақтың біртуар жыр жұлдызы Мұқағалиға берген бағасының құндылығы мен салмақты көззқарас айтқан білермендігі әйгіленіп тұр. Шарғын ақын естелігінің соңында «М. Мақатаевқа» деген өлеңін былай арнапты:

«Елім дедің, жерім дедің, біз дедің,
Қанатыңды көкке сермеп білім іздедің.
Есімізде сақталады мәңгілік,
Поэзия асыл қазына тізбегің.

Өлеңіңмен, өнерімен өр басып,
Мұхитқа да тереңнен жүзгенің.
Өткірлікпен от жанарың жалындап,
Шығатұғын асқар биік көздедің.
Сара жолдан, дана жолдан нәр алып,
Жаңалыққа ұрпағыңды меңзедің.

Жүйрік едің, жүлде алған,
Қайыспайтын қара көктей мұз белің.
Тебірене толғанатын топ жарып,
Гауhар болып жалтылдаған сөздерің.

Туған елің, асқар белің,
Кең Шәлкөде, Тұзкөлің.
Елестейді көз алдыма,
Бірге жүрген күндерің.

Ешқашанда өшпейді, өшірмейді,
Поэзия сен өсірген гүлдерің.
Айтылмаған, жазылмаған асылың,
Өзің менен бірге кетті армандап.

Ұмытпайды ай мен күнің, ғасырың,
Аз өмірде ағызды өлең арнасын
Сүйікті елің, кең жазира биік белің,
Аяулы ақын бүгін саған арнамақ.

Еліңнің жаршысы болып үн қаттың,
Өз перзентім, өз ұрпағым қымбаттым.
Шарбағында шаттықтың,
Бұлбұл болып тіл қаттың.
Елестете, ескере де жүреміз,
Адал перзент қымбаттым.

Ақ тұйғындай аспанға қанат қағып самғадың,
Тұлпардайын топ жарған жүгірістен танбадың.
Аспан асты, жер үстін шарлады сенің қаламың,
Нәрін алған сен едің, елің менен жеріңнің.

Қалады жырың мәңгілік баласына баланың,
Кең еді сенің тынысың, ауқымындай даланың.
Алысқа құлаш сермеген, таудай зор талабың,
Айтылмай қалған талай жыр, жалғыз сол сенің арманың.

Аялаған отаның ақын едің әйгілі,
Сенің жырың көл-көсір, мұхиттың айдыны.
Отты жырың Алатаумен астасып,
Озып алған жүлде менен бәйгені.

Елі менен жеріне, ойлана өлшеп жыр еккен,
Жарқыратып, жайнатып, жерден қызыл гүл еккен.
Мұқағали, өлген жоқсың, өлмедің!
Қалды сенің асыл сөзің, өрнегің.
Арыстан жүрек, айбарлы ақын едің ауқымды,
Туған елің әрқашан ұмытпайды атыңды!».

Әлем Қазақтарына аты аңызға айналған жыр дүлдүлі Мұқағали Мақатаевтың туған халықына қалдырған саф алтындай жырлары мәңгі өлмейді. Шарғын ақынның бағасы – Мұқағалидай дара тұлғаға, қазақ поэзиясына таңғажайып құбылыс әкелген ұлы суреткерге көрсетілген ең үлкен сый-құрмет. Дүниеде халықтың бағасынан, халықтың қастерлеп ардақтауынан биік мәртебеде, құрмет те болған емес. Сол үшін жыр патшасы Мақатаев: «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім»,– деп өзінің өлмес жырын халқына мәңгілік аманат етіп тастап кеткен XX ғасырдың ұлы суреткері.

Нұрлан Сәрсенбаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371