«ӘДІЛЕТҚИССА»: Болат Атабаев, Батырхан Дәрімбет
Бірінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Жасарал Қуанышәлі, Хасен Қожахмет
Екінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Айсұлу Қадырбаева, Дос Көшім
Үшінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Ермұрат Бапи, Әміржан Қосан
Төртінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Асылбек, Бақтылы, Ғани
Бесінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Сергей Дуванов, Жұмабай Доспанов
Белгілі қоғам қайраткері, «Азат» қозғалысының белді басшыларының бірі, саясатшы Сағат Жүсіптің 2010 жылы жарық көрген «Әділетқисса» кітабынан үзінділер жарияламақпыз...

Сурет: С.Ерғалидың мұрағатынан алынды.
Сағат Жүсіп:
Қазақтың танымал саяси тұлғалары жөнінде қысқаша, үстірт көзбен жазылған осы пайымдауларымды тек қана жақсы ниетпен, ықыласты сезіммен жазғанымды айтқым келеді.
Болат АТАБАЕВ туралы
Мен білетін Болат Манашұлы ешқандай адами өлшемге, қалыпқа сыймайтын адам. Неміс, ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Неміс тілінде пьеса, монография жазған, ұзақ жылдар бойы неміс, қазақ театрларында, қазір «Ақсарай» театр-мюзиклінің бас режиссеры, қазақтың театр, мәдениет өнерінің эзверестерінің бірі. Қалыптасқан өлшемге салсақ «табиғи иесі», «туа біткен талант» деген болар едік. Бірақ, мұндай сөзге Бөкең: «Кешіріңіз, мен «талант» деген сөзге күле қарайтын адаммын. Біле білсеңіз, талант деген адамның соры. Ол бірде – көл, бірде – шөл нәрсе. Басқа сөзбен айтқанда, адамды шабыты келсе – бай, келмесе жарлы етіп, табиғатқа тәуелді етіп қойған құбылыс. Бұлай болмау керек. Әр жұмыс, қызмет, өнер белгілі мөлшерде еңбектенуді, біліктілік, кәсіби деңгейі жоғары маманға арқа сүйеуі керек. Талант жарық бермесеңіз шаршатады, яғни табиғи бейімділіксіз адам болмайды. Бірақ, оны адамның бойынан ұйықтап жатқан жерінен оятып, кәсіби деңгейге көтере білу керек» – дейді.
Күнделікті өмірдегі сөзі жайлы: «Өмірде мен нағыз беймаза жаман адаммын. Қоғамдық жерде – дүкен, көше, көпшілік орындарында бейбастақтық, жағымсыз нәрсе көрсем «жөнсіз» кірісіп кетемін. Үйдегілер: «Саған ғана керек пе, сен бе бәрін жөнге салатын» дейді. Қайтейін, басқалар үндемей отырса. Ешкім жанашыр, жаман атты болғысы келмейді» деп жауап беремін.
Бөкен атақ, лауазымға күле қарайды: «Ақан серіге, Шварценеггерге «халық артисі» деген сөз тіркесі қосудың өзі күлкілі емес пе» дейді. Саясаттан кетсін деген болса керек. Б. Атабаевқа «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері» деген атақты ол Қажыгелдиннің партиясына мүше болғаннан кейін берілді. «Саясатқа қайтесіз, сіз саясаттан биік болыңыз» деп үгіттеген Алматы қаласының әкімі, министрді тыңдамады. ҚРХП күшпен таратылған соң Бөкең «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының саяси кеңесінің мүшесі болды. «Меніңше, атақ бір жерден кемістігі бар, өзін кем тұтатын, сол олқы қасиеттерін атақпен толтырғысы келетіндерге қажет», – дейді ол.
«Басқа пікірде болу, басқаша ойлау, орысша айтқанда инакомыслие, оппозицияда жүру мәдениеті адамның тума бітті болмысы, оның стихиясы, судағы балықтай жүзетін ортасы саналады» дейтін азамат осы бағытынан таймай келеді.
Бірде театрда Абылайхан жайлы қойылған спектакльге президент келді. Шымылдық жабылған соң ол сахнаға көтеріліп, Абылай хан рөліндегі әртіспен қолын қысты. Сол кездегі Абылайхан рөліндегі әртіспен бүгінгі «Абылайханның» қолын сүйгенін көргенімдегі жиіркенішімді сол әртіске әлі күнге дейін жасыра алмаймын» деген Болатты ұнатпаушылар билікте де, өнерде де, қазақ ортасында да аз емес. Бірақ, олардың ешқайсысы оны шеттетіп, мойындамайды. Себебі, Бөкеңнің құдыреттілігі, әлеуеті олардың мысын басып тұрады.
Батырхан ДӘРІМБЕТ туралы
Батырхан Дәрімбет бар өмірін жұрт алдында алақанын ашып ұсынғандай өмір сүрген азамат. Өмірінің соңғы он-он бес жылының өзінде онға жуық сайлауларға қатысып, мыңдаған сайлаушылармен бетпе-бет кездесіп, Қазақстанды шарлап шыққан тұлға. «Азат» қозғалысын, Мұстафа Шоқай қорын, «Демтаңдау» қозғалысы, сосын партиясы, одан кейін «Алға» партиясын құру жолында неден болса да тайынбады. «Азат» газетінің, «Жас Түркістан» журналының редакторы, «Азаттық» радиосының тілшісі ретінде еліміздің түкпір-түкпірін аралаған адам. Оннан аса кітап қалдырып кетті.
Солай бола тұра, Батырханның мінезі, жан дүниесі құпиялылықты сақтауға жаратылған сияқты еді. Сырт көз жұрт Батырхан екеуіміз сырлас, аралары жақын адамдар деп санайтын. Бұл алдамшы көрініс болатын. Ол өзіне ешкімді жақын жібермейтін, ішкі сырына жақындатпайтын адам.
Батырханның осы мінезінің бір сыры «Бүкіл саналы өмірінің көпшілігін шетелде өткізген қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайға ерекше назар аударуында емес пе екен?» деген ой келеді. Шоқайдың өмірін зерттеуге құмарлығы, М. Шоқай атындағы қорды құруы, оның шетелде шығарған «Жас Түркістан» журналын қайта жандандырып шығаруы, түрікшіл болуы, Хасен Оралтаймен дос болуы бекерден-бекер болмаса керек.
Батырханның «Қодары»
1999 жылы өткен Парламент сайлауында президент Назарбаев бастаған әкімдер Қызылорда облысының Арал өңірі сайлау округі бойынша өткен дауыс беру кезінде Батырхан Дәрімбетке тарихта сирек кездесетін сұмдық әділетсіздік жасады. Сайлаушылардың ерекше сүйіспеншілігіне ие болып, жеке дара озып шыққан Дәрімбеттің дауыстарын әкімдер Ұзақбай Қарамановқа зорлықпен тартып алып берді.
Бұл сұмдық жағдай 2004 жылы тағы да қайталанды, тағы да Қараманов осы әділетсіздіктің мандатына ие болды.
Бұл орайда Узақбай Карамановтың кінәсі жоқ сияқты. Әмір беруші – билік, орындаушы – әкімдер емес пе?! Жоқ, олай емес. Ұзақбай Караманов биліктің Батырханға қарсы қойған Қодары болды. Қазақ тарихындағы Жаяу Мұсаға зорлық қылған Шорманның Мұстафасы, Ақан серінің Құлагерін мерт қылған Батыраш, Шәкәрімнің түбіне жеткен Қарасартов қандай болса, Ұзақбай Караманов та Батырхан Дәрімбет үшін оның «Қодары» болып, аты тарихта қалары сөзсіз.
Шамның жарығы неге түбіне түспейді?
«Шамның жарығы түбіне түспейді». Осы бір сөзді талай рет естіп жүрсем де оның мағынасына мән бермеппін едім.
Батырхан сияқты дара тұлғаның қазақ даласына, бүгінгі қоғамға, өмір сүрген өз ортасына, жан-жағына орасан әсер, із қалдырғанын жиі оқып жүрмін. Батырхан Дәрімбет түгелімен жаны да, тәні де жүз пайыз қазақ, ұлтын сүйген азамат еді. Оның туған халқына деген жан дүниесі тау бұлағының суындай мөлдір еді. Осындай қазақтың қасында отыз жыл бойы өмір сүрген үш қазаққа ана тілінің дарымауын қалай түсінуге болады?! Осындай феномендік жағдайлардың атақты тұлғалардың отбасында жиі кездесетіндігі не себептен екен? Қазақтың талай нарқасқа ақындары мен жазушыларының, ұрпақтарының өз әкесінің шығармаларын басқа тілде оқуы қазақтың маңдайына жазылған ерекше бір құбылыс, феномені ме деп қаласың! Әлде,
«Шамның жарығының түбіне түспеуі» заңды құбылыс па?!
Abai.kz