Тұрсын Жұртбай. «Бір жанға екі күймек әділет пе?» (жалғасы)
4
Осыншама қилы да қияметті тергеудің қорытындысы ретінде шығарылған үштіктің үкімі Халел Досмұхамедовтің жер аударылып барған Воронеж қаласынан 1934 жылы 28 наурыз күні Саяси бөлімге қарата жазылған өтінішінде толық қамтылған. Онда:
«СССР-дің ОГПУ коллегиясына Қазақстаннан жер аударылған Досмұхамедов Халел Досмұхамедовичтен өтініш.
4
Осыншама қилы да қияметті тергеудің қорытындысы ретінде шығарылған үштіктің үкімі Халел Досмұхамедовтің жер аударылып барған Воронеж қаласынан 1934 жылы 28 наурыз күні Саяси бөлімге қарата жазылған өтінішінде толық қамтылған. Онда:
«СССР-дің ОГПУ коллегиясына Қазақстаннан жер аударылған Досмұхамедов Халел Досмұхамедовичтен өтініш.
ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы коллегиясының қаулысы бойынша ұлтшылдықпен айыпталып, 1930 жылдың 14-қыркүйегінен бастап 5 жылға жер аударылған едім. 33-жылы өкпе туберкулезінің ашық түрімен ауырдым. Сондай-ақ ұсынылған құжаттарда көрсетілгеніндей бүкіл денемді дуылдататын жүйке қышымасына да ұшырадым. Аурудың себебі - ауыр жұмыс, ауа райының жақпауы, тұрмыстық нашар жағдай (тар және сыз пәтер, еңбекақының тамаққа жетпеуі). Мен 5 адамнан тұратын үйдің жалғыз асыраушысымын, әйелім және 14-16 жастағы 3 балам бар, оның біреуі туберкулезбен, екіншісі туботоксинациямен (?) ауырады. Қазіргі жайсыз жағдайға байланысты менің үй-ішімнің өкпе туберкулезін жұқтырып, тарату қаупі бар. Менің дертім барған сайын асқынып, меңдеп барады. СЧО (санитарлық емдеу бөлімшесі - Т.Ж.) аймағындағы ем өкпеге қонбайды. Маған жыл сайын бірнеше ай бойы Қырым мен Кавказ санаторийларында емделу қажет. Жер аударылушы ретінде мен ондай мүмкіндіктен айырылғамын. Мұндай жағдайда мен өзімнің жұмыс қабілетімді ғана жойып қоймаймын, сонымен қатар мен мүгедектікке ұшырасам, бүкіл жанұям асыраушысыз қалады. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере келіп СССР-дің ОГПУ-нің коллегиясынан мені босатуды не кесімді мерзімді азайтуды өтінемін.
Х.Досмұхамедов. 28 наурыз, 1934 жыл.
Мекенжайым: Воронеж қаласы, Ветеринарная көшесі, 13. Дәрігерлердің анықтамасы қоса тіркеліп отыр",- деп баяндалған.
Әрине, өтініште көрсетілген тілектің орындалмағаны анық. Дәрігер болғандықтан да өзін іштен жеген қылқұрттың қаншалықты қатерлі екенін сезсе де жұқпалы дерттен баласын арашалай алмағанына қатты қорланғанын, Х.Досмұхамедовтің зағип боп қалған қызы Қарашаш апай қабырғасы сөгіліп отырып айтып еді. Кесімді мерзімі біткен соң да Қазақстаннан қайыр болмайтынын біліп еліне қайтпаған. Денсаулық сақтау мекемесінде амбулатория меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істепті. Өжет мінезді қайсар қыздың қиналғанын көріп тұрып, одан әрі қинауға біздің де дәтіміз жетпеп еді. Сол кезде айтылған бір ауыз сөз өзегімді қазір де қарып тұрғандай көрінеді.
Семіп бара жатқан өмірдің сөніп бара жатқан күнін тыныш қарсы алуға да кеңестік қастаншықпағыр жүйе мүмкіндік бермеді. 1938 жылы 26 шілде күні тағы да тұтқынға алынып, әуелі Мәскеуге апарыпты, одан Алматыға алып келіпті.
Батыс «Алашорда» тарихын түбегейлеп зерттеген Дәметкен Сүлейменованың мағлұматына сүйенсек:
«1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. 1939 жылы 19 тамызда түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болды - деген хабар келген. Бірақ бұл дерек толық анықталған жоқ».
«Бір жанға екі күймек әділет пе?»,- деп Абай айтқандай, Халел Досмұхамедұлы да ұлты үшін бір емес, екі рет күйінді болды.
Тура осындай тағдыр тауқыметі Жаһанша Досмұхамедовті де күтіп тұрды. Тергеу ісінің І томының 990-бетінде Воронеж облыстық Ішкі істер басқармасының бөлім бастығы Булатов 1935 жылы 17-тамыз күні төмендегідей шешім шығарған. Онда:
«Мен, УВД УНКВД-нің І бөлімінің Воронеж облысы бойынша бастығы Булатов - жер аударылып келген, 1887 жылы туған, бай семьядан шыққан, Досмұхамедов Жаһаншаның үстінен қозғалған №3400 жеке істі қарап шықтым.
Ол: 1) 21-жылға дейін астыртын контрреволюциялық ұйымға қатысқаны және ұйым бағдарламасын жасап, оған жаңа мүше тартқаны үшін;
2) Ұлтшыл ұйымның жетекшісі ретінде басмашылардың бастығымен байланыс жасағаны және 27-жылы Әділев басқарған бандыларға қолдау көрсеткені үшін;
3) 28-жылы Қазақстандағы жер саясатын бұрмалауға белсенді түрде қатысып, шаруашылығы тәргіге ұшыраған байларды қолдағаны үшін -
ПП ОГПУ-дің қаулысымен РСФСР-дің ҚК-нің 58-10-11, 53 баптары бойынша Қазақстанда 20.ІҮ. - 32 жылы түрмеге қамалған.
Көрсетілген қылмыстары бойынша 5 жылға концлагерге жер аударылған, 30-жылдың 31-қазанынан бастап есептелетін концлагердегі кесімді мерзімі аяқталды, бірақ та Қазақстанға қайтқысы келмейді. Мәскеуде жұмыс істейтін бауыры Макешевтің қасына орналасқысы келеді. Жаһанша Досмұхамедовтің жер аударылуға кесілген мерзімінің 35-жылы 31-қазанда аяқталатынын және осы уақыттың ішінде ешқандай қылмыстық әрекетінің байқалмағанын ескере отырып, мерзімі біткеннен кейін Жаһанша Досмұхамедовтің ссылкадан босатылатынын хабарлаймын»,- деп жазылыпты.
Воронеждік тергеушінің мәліметіне қарағанда алаш азаматтарының үстінен қозғалған қылмысты істің мазмұны мүлдем өзгеріп, Ж.Досмұхамедов „басмашылардың бастығымен байланыс жасап", „бандының бастығы Әділевтің өзін" қолдаған болып шыға келген. Ал тергеу істерінде Ж.Досмұхамедовтің Д.Әділевке мүлдем қатысы жоқтығы көрсетілген.
Шарасыз зорлыққа қарсы тұрар шама да жоқ еді. Еріксіз мойынсал болды. Айдауда жүріп Воронеж қаласындағы оқу орындарының бірінде дәріс оқыды. Жаһаншаның өмірін зерттеуші ғалым Д.Сүлейменова:
«Досмұхамедовтің бұдан кейінгі тағдыры жөнінде бір-біріне қарама-қарсы келетін бірнеше ауызекі дерек бар. Бір мәліметтерге қарағанда, жаза мерзімін өтеп келген соң 1938 жылы қыста Мәскеудегі пәтерінен қазақстандық екі қауіпсіздік қызметкері шұғыл алып кеткен. Енді бір дерек бойынша, бет-әлпетін өзгертіп Қарақалпақстанда бой тасалап жүріп, Мәскеуге келген жерінде ұсталды-мыс. Үшінші бір деректерде: өзінің үйінде сал болып жатқан күйінде Мәскеу түрмесіне әкетілгені айтылады. Осы деректің ішіндегі үшіншісі, яғни, өз пәтерінде сал боп жатқан жерінде тұтқындалғаны құжаттар негізінде анықталды»,- деп дәйектеме жасайды.
Бұған біздің де сәл ғана алып-қосарымыз бар. Ол - жоғарыда айтылған Қарашаш Халелқызы Досмұхамедованың әңгімесі. Елуінші-алпысыншы жылдардың өзінде алаш ардагерлерінің пікірлерін жадында сақтап, жатқа айтып жүретін, өзін солардың рухани мұрагері ретінде сезінген, ұзақ жылдар бойы Қарашаш Халелқызымен бірге істеген Сейітбек Нұрханов дегдар:
«Біз Қарашашпен қызметтес болдық. Адал да турашыл адам еді. Сол кісі бізге әкесі Халел мен нағашысы Жаһанша туралы мынадай естелік айтып еді»,- деп ол деректі бізге берді.
Қарашаш Халелқызы Досмұхамедова: «Жаһанша аға менің әкемді жезде деп есептеп, үнемі қалжыңдап жүретін. Өйткені менің шешем Сағираның сүйегі тана тайпасының ішіндегі қарақұнан бұтағынан еді. Ал біз беріш боламыз. Жаһаншаның әйелі Ольга Константиновна маған: біз осындай аласапыран күннің туатынын білдік. Сондықтан да тағдырдың тәлкегіне ұшырайтын баланы өмірге әкелуді керек деп таппадық. Ол ұсталатын күні демалыс паркіндегі қазақтарға қатысты әлдебір шараға барды. Мен қарсы болып едім, көнбеді. Келген соң: біреулердің қабағы маған ұнамады. Бір қатер жақын сияқты,- деді. Сол күні түнде ұстап әкетті,- дегені есімде».
Бұл да жоғарыдағы үш болжамның бірі ретінде өмір сүруге қақы бар дерек. Ал Жаһаншаның Зайыбы Ольга Константиновна Колоссовскаяның тағдырынан да бейхабармыз. Тек оның әпкесі Надежда Константиновна Колоссовская - Тұрар Рысқұловтың жамағаты болғандығы, кейін ажырасып кеткені ғана қаперімізде бар. Туған ағасы Ғаббас Досмұхамедов (1868-1930) те саяси жүйенің құрбаны болыпты. Досмұхамедтің тұқымынан тараған Жаһаншаның Унзила Нұғыманқызы, Бисенғали Қуанышәлиев атты белнемерелері бар екендігіне жұбаныш етеміз:
"Біздің мақсатымыз - ел билеуді, халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты - елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз",- деп армандаған Алаштың ақиығының бірі - Жаһанша Досмұхамедовтің маңдайына осындай тағдыр бұйырыпты.
Жазмыштың бұйрығы солай болса, амал бар ма?!. Әттең! Әттең!!. Әттең, ағалар-ай! Сіздер ұйытқан тәуелсіздіктің тәтті дәмін, енді міне, біз татып отырмыз.
(Жалғасы бар)
"Абай-ақпарат"