Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Бәрекелді! 5492 16 пікір 17 Қараша, 2021 сағат 14:09

18 қараша - қандастардың тағдыры шешілген күн!

Кеше Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті жиыны өтті. Жиында президент Тоқаев бірқатар өзекті мәселелерді сөз етті, Үкіметке бірсыпыра тапсырма жүктеді. Ол туралы сәл кейінірек, егжей-тегжейлі жазамыз. Қазір сөз етпегіміз – қазақ көшінің кешесі мен ертеңі жайлы болмақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңес жиынында «Ұлттық көші-қон күнін» белгілеп, атаулы даталар күнтізбесіне енгізу керектігін айтты.

«Баршаңызға мәлім, қандастарымыздың өз Атажұртына оралу мәселесі туралы Тұңғыш Президентіміз бірқатар маңызды тарихи шешім қабылдаған еді.

Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер Кабинеті қабылдаған №711 Қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды.

Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды. Соның нәтижесінде бір жарым миллионнан астам қазақ Отанына оралды. Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда.

Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді Тоқаев.

Әсіре мақтап, әйдіктеп әспеттеуіміз емес, қандастарымыздың көші-қон мәселесінің түйткілді түйінін шешу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген аз ғана адамның бірі, онда да белсендісі һәм басында жүргені - қоғам қайраткері, ақын Ауыт Мұқибек екені даусыз. Ауыт Мұқибек шеттегі қазақты елге әкелу жолында мың ұйымның жасайтын ісін жалғыз өзі атқарып жүрген тұлға. Атан түйеге жүк болар ауыр міндетті қиналмай көтеріп жүрген ақын.

Ал сөйткен Аукеңе, Аукеңнің көші-қонның іріңдеп тұрған мәселелерін, қандастарымыздың құжаттануындағы кедергілерін жіпке тізіп, өкіртіп, өлтіріп, өңмендерінен өткізіп, жетер жеріне жеткізіп жазған жүз сан мақаласына мінбер ұсынған – Abai.kz! Әкімшіл, әміршіл жүйе Аукең мен Abai.kz көтерген сол мақалаларға шүйлігіп, әбігерге салатын. Кейде, тіпті жоқты сылтау етіп, сайтты бұғаттап тастаған кездер де болды. Бірақ, бірақ Аукең жазудан қайтпады. Abai.kz оны бес құрлықтың қазағына жеткізіп, жариялаудан қайтпады. Қысқасы, осындай қиындықтарға қарамастан, қазақ көшінің ең шоқтықты мәселелері тынбай көтеріліп, оң шешім тауып жатты.

Аукең жазған жүздеген мақаланы тізбелеп шықпасақ та, сөзіміз сұйық шықпасы үшін, бірлі-жарым көздерек:

2016 жыл, 2 қазан. Abai.kz: «Ұлттық көші-қон күні белгіленсе...». Авторы – Ауыт Мұқибек.

«Тәуелсіз Қазақстан үшін «Азаматтық құжаттандыру туралы» №711 қаулы шығарылған 18 қараша өте маңызды тарихи күн деп есептелуі тиіс. Өйткені, бес құр­лыққа тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың басының өз Отанында бірігуі осы күннен бас­талды....

Биыл – Тәуелсіздіктің 25 жылды­ғы (2016 жыл). Сонымен бірге, алдағы 18 қараша­да №711 қаулы шыққалы да 25 жыл болады. Ұлы тойдың аясында Қазақ көшінің де ширек ғасырлық қуа­нышы мақтанышпен атап өтілетіні сөзсіз. Осы қарсаңда Үкімет «Қазақ­стан Республикасындағы мерекелер тур­алы» 2001 жылғы 13 желтоқ­сан­дағы №267-ІІ Заңның 3-бабына толықтыру енгізіп, 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» етіп бекітсе, нұр үстіне нұр болмақ», - деп жазды Аукең.

2019 жыл, 29 қазан. Abai.kz: «Көші-қонның күн тәртібіндегі жеті проблемасы президентке жетті». Авторы – Ауыт Мұқибек.

«...Бесіншісі –  18 қарашаны – «Ұлттық көші-қон күні» мерекесі етіп белгілеу туралы.

1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №711 Қаулысының екі тілдегі көшірмесін ала барғам.

Осы Қауылының негізінде 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Заң қабылданды, миллионнан астам қандасымыз Отанға оралғанын, біз «18 қарашаны» шетелде жүрген қазақтардың тағдыры шешілген тарихи күн деп есептейтінімізді, сол үшін бұл күннің тарихи маңызы төтенше зор екенін айтып, «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» ҚР Президентінің Жарлығына толықтыру енгізіп, 18 қарашаны – «Ұлттық көші-қон күні» мерекесі етіп белгілеуіңізді сұрадым», - деді Ауыт Мұқибек Abai.kz-ке берген сұхбатында.

Кешегі президент Тоқаев сөз еткен «Ұлттық көші-қон күнін» белгілеу туралы бастаманы да алғаш көтерген – Ауыт Мұқибек. Жариялап, ел-жұртқа, ел басқарған дәулерге жеткізген – Abai.kz! Сондықтан, бұл – Ауыт Мұқибек үшін де, біздің портал үшін де қуанышты оқиға.

18 қараша – қандастарымыздың тағдыры шешілген күн

Ауыт Мұқибек:

- Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы шығартып, алыс-жақын шетелдердегі қандастарымызды Тәуелсіз Қазақстанға шақыруды қолға алды.

Ерекше атап өтерлігі – сол – аталған №711 Қаулы еліміз тәуелсіздігін жариялаудан бұрын қабылданғандығымен өте құнды әрі ерекше саяси маңызға ие.

Құдайға шүкір, №711 Қаулының негізінде 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заң қабылданды. Мемлекттік көші-қон саясаты қалыптасып, жыл өткен сайын кемелденіп келеді. Қазірге дейін елге 1 млн. 84,7 мың этникалық қазақ оралып, бақытты тұрмыс кешіріп жатыр.

Сөйтіп, Қазақстан шеттегі өз қандастарын Отанына шақырып отырған әлемдегі санаулы ғана мемлекеттердің бірі болды.

Бұл күн – еліміз үшін де, Тәуелсіздік жылдары шекара асып келіп Атажұртына қоныстанған қандастарымыз үшін де, Отанға оралудың сәт-сағатын күтіп отырған алыстағы ағайындар үшін де Ұлы мереке!

Біз бұл күнді «Ұлттық көші-қон күні» деп атап, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы жылда мереке ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырып келгеміз.

Міне, 18 қарашада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар, осы тағдыршешті Қаулының да қабылдағнғандығына 30 жыл толып отыр.

Осы 30 жылдық қарсаңында 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» деген атпен кәсіби мерекелер мен аталып өтілетін күндердің тізбесіне енгізуді сұрап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазғам.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол өтінішімізді ескеріп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында: «Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деп, Үкіметке аталған 18 қарашаны кәсіби мерекелер мен аталып өтілетін күндердің тізбесіне енгізуді тапсырды.

Мен Президенттің бұл шешімін Елбасымыздың Ұлы Еңбегіне деген зор құрмет, қандастарымызға деген ерекше қамқорлық деп бағалаймын! Аталған күн тек қандастарымыздың ғана емес, бүкіл Алаш жұртының мерекесі болмақ!

Осы орайда мен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлын алда келе жатқан «Ұлттық көші-қон күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына рахмет айтам!

«Ұлттық көші-қон күні» құтты болсын, құрметті отандастар және қандастар!

Abai.kz

16 пікір