Жұма, 22 Қараша 2024
Желтоқсан жаңғырығы 5741 0 пікір 29 Қараша, 2021 сағат 15:37

«Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев (жалғасы)

Басы: «Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев

Жалғасы: «Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев

1987 жылы 5 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқа аппаратында 17–18 желтоқсан күнгі оқиғаларды тағы да талқылауға арналған екінші партия жиналысы болған. Жи­налыста баяндаманы Төраға Саламат Мұқашевтың өзі жа­сап, сөзінің көп бөлігінде Бейбіт Қойшыбаевтың өткен жылы 25 желтоқсандағы сөзін сынға алды. Өкінішке қарай, Төраға сөзінің мәтіні қолымызға түспеді. Жарыссөзге шыққандар да Қойшыбаевқа сол сөзі үшін үлкен кінә артып, «ұлтшыл» айыбын тағудан да тартынбады. Ол қорғана отырып, өз сөзін дәлелдеп бақты.

Қойшыбаев жарыссөзде қандай уәж айтты? Өзінің өткен­дегі сөзіне өкініп, коммунистердің алдында тізерлеп оты­рып, басын иді ме? Енді сол сөзін сараптай отырып, сол сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

«Коммунист жолдастар! Осы маңызды мәселені талқы- лауда біздің әрқайсымыз үлкен жауапкершілікті сезінеміз, ал мен өздеріңізге мәлім себеп бойынша – айрықша қобал­жулымын. 25 желтоқсандағы партия жиналысында сөйлеген сөзімде менің жекелеген қателікке ұрынғаным өздеріңізге мәлім. Талқылау барысында онымды түсіндім де, жиналыс соңында тиісті мәлімдеме жасадым. Бірақ ол кезде сіздерді таңырқатқан сөзімнің айтылу себебін ашпаған едім. Ақыры мен партбюро хатшысы Михаил Федорович Бабушкин жол­дасқа түсінік беруге бел будым, реті келгенде, осы жайында сіздерге әңгімелеп бермекпін...»

Оның 25 желтоқсандағы сөзінде демонстрацияға шыққан жастардың мүддесін қорғайды деп ешкім де ойлаған жоқ еді. Аппарат қызметкерлерінің бәрі төбелерінен жай түскендей күйде қалып, артынша естерін жиған. Бірінен соң бірі мін­берге көтеріліп, оның сөзін жоққа шығарып қана қоймай, саяси қатеге бағалаған еді. «Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды» демей ме. Сол жиналыста оны қолдаған ешкім болмады. Көптің аты – көп. Бәрі келісіп алғандай. Оны қаралауда бірін бірі қолдап, өздерінің дегендерінде тұрып алса, амал қанша. Солай кейбір ойларынан еріксіз бас тартуға мәжбүрледі.

«Жиналыста мені коммунистердің қалай түзеткенін сіздер білесіздер. Келесі күні, маңызды мемлекеттік жұмыстардан қолы босамайтынына қарамастан, маған Саламат Мұқашұлы Мұқашев уақыт бөліп сөйлесті. Ол менің сөзімді мейлінше ұқыпты талдауға алды. Менің жекелеген пайымдарымның дұрыс еместігін төзіммен және даналықпен түсіндірді. Аудандық партия комитетіндегі, оның бірін­ші хатшысы А.Қ.Қыдырбековадағы әңгіме де мен үшін тағылымды болды. Бұл күндері жолдастар, мен ұйқыдан айырылдым. Өйткені мен талай нәрсені бүлдіріп, енді міне, соның «жемісін жеп» жатырмын. Мені істегеніме сай түзетіп жатты. Дегенмен, мен мұны атап айтуым керек, ерекше сы­пайы түрде, өзімнің қателігімнің барша елеулі мәнін өзім түсінуге көмектесу ниетімен түзетті...»

Сол жиналыста оны коммунистердің қалай түзеткенін хат­тамасын оқымасақ та білеміз. Тоқсан ауыз сөздің тоқетері, шеруге шыққан жастар қоғамдық тәртіпті бұзды, кемеңгер партияның шешімдеріне қарсы шығып, бұзақылық жасаған­дарды айыптаудың орнына жөнсіз қорғадың, бұл сенің саяси сауатсыздығың дегені кәміл. Ал жеке басын күйттеген партия функционерлері Төраға С. Мұқашев пен хатшы А. Қыдырбекова олардан асып қайда барсын. Оны қорғамақ түгілі, кейбір пайымдарын орынсыз айтылғанға балап, райынан қайтуға кеңес бергені де белгілі.

«Менің алғашқы қателігім 17–18 желтоқсан оқиғасы жайында қызметтен тысқары болған әңгімелер әсерінен эмоцияға тез беріліп кеткендігімнен туды. Атап айтқанда, алаңдағы жастарды физикалық тұрғыда, тіпті өлтіруге дейін жазалауға барудың тиімділігі туралы көкіген жолдас Шульганың сөздері мен үшін қорлайтын және зығырданыңды қай­нататындай болып естілді. Ол үшін жастардың бәрі шетінен ұрып-соғуға, тіптен өлім құштыруға лайық антиқоғамдық элементтер болатын, ал мен олардың басым көпшілігін тек арандатушыларға алданған, түсіндіру арқылы құтқаруымыз­ды керек ететін балалар деп білдім...»

Қойшыбаев 17 желтоқсан күні кешкісін алаңға барып, біраз жайды өз көзімен көрген. Әлеуметтік әділетсіздікке іштей күйініп жүрген кезде қызметтесі Шульганың жастар­ды аяусыз жазалау туралы айтқандары асау аттың шабынан түрткендей болып, саяси жиында ашу-ызаға ерік беріп сөйлегенін, арандатушыларға алданған жастарды физикалық тұрғыда жазаламай, түсіндіру жұмыстары арқылы жазадан құтқару керектігін айтуды жөн көргені анық.

«Келесі жолы, қаланың Москва ауданында болып келгені­нен соң, еңбек ұжымдарының бірінің мүшесін ауком хатшы­сының қалай оп-оңай тыныштандырғанын жолдас Шульга құшырлана әңгімеледі. «Сендер үшін қайсысы маңызды? – депті хатшы. – ОК-ның 1-ші хатшысы қазақ болғаны ма? Әлде дүкендерде нан болғаны ма?» Жолдас Шульга үшін бұл ғаламат әсерлі сөз екен, ал мен партия қызметкерінің мұндай түсініктемесін қарабайыр-тұрпайы және залалды деп есеп­тедім. Мұны Ишмұхамедов, Шоланов, Таиров, Татабаева жолдастар естіді, олар маған жалған сөйлетпейді...»

Шынында Шульга таңданып тамсана жеткізген аупартком хатшысының сол сөзі орынды ма? Қойшыбаевтың «қарабайыр-тұрпайы және залалды деп есептеймін» дегені қалай? Бұл ашық қарсылық қой. Оның қорғана отырып, аупартком­ның өресінің төмендігін көрсетіп, Шульганың даңғаза сөзі арқылы тағы бір өрескел шындықтың бетін ашқаны байқа­лады. Демек, ашық айқасқа да шыққан.

«Шульга менің байырғы комсомол бауырым болып табы­лады. Басқа-басқа, бірақ кешегі комсомол қызметкері Шуль­га көшеге саяси тұрғыда толыспаған балалар шыққанын, олардың бұл сорына біздің бәріміздің қатысты екенімізді, бәлкім, оның көбірек қатысы бар екенін түсінуге тиіс болатын. Бәлкім, ол көбірек жауапты шығар, себебі ол кеше­гі комсомол ОК-нің мектеп бөлімін басқарған еді ғой. Бірақ Шульга оларды тек қылмыскер ретінде көрді, бұл ретте ол ашықтан-ашық шовинистік пиғыл танытты. Міне, осы жәйт мені өздеріңізге мәлім, жете ойластырылмаған сөзге қамшы­лады...»

Қойшыбаев бұл жолы да кінәні жастардан алып қашып, комсомолдық қызметте жолдары бір болған Шульга мен өзі­не аударуда. Тіпті бұған комсомолдың ОК-де мектеп бөлімін басқарған Шульганың анағұрлым жауапты екенін ескерте отырып, жастарды тек қылмыскер ретінде көрген шовинистік пиғылдағы оның нағыз қылмыскердің өзі екенін әшкере­леген. Оның тек қорғанып қана қоймай, ақиқат үшін күресте шындықты осылай сыналап кіргізген батылдығы мен тапқырлығына қалай тәнті болмассыз. Демек, алған бетінен, өз ұстанымынан қайтпаған.

«Жастар тәрбиесі мені көптен алаңдатады. Мен жастар мен балалар үшін көркем шығармаларыммен қатар, қоғам­дық-саяси тақырып бойынша: «Ленин өсиеттеріне адал­мыз», «Интернационализм – біздің туымыз», «Комсомол наградалары», «Жас қалам» атты кітапшалар жаздым. Сон­дықтан да мен сөзімде сол күндер оқиғаларының жекелеген деректерін және жолдас Шульганың аталған жүрекжарды сырларын сыни тұрғыда пайдалана отырып, интернационал­дық тәрбиенің теориялық мәселелерін қозғаған едім. Нақты мәліметтер қолда болмағандықтан, мен сөзімде жекелеген фактілерден алған әсерімді келтірдім, менің елеулі қателік­терім де сонда жатыр...».

Қойшыбаев – жазушы және тарихшы. Екі қасиетті қоржынның екі басындай қатар алып жүр. Балалар әдебиеті­не де қосқаны аз емес. Ал сол сөзінде кейбір жайларда неге қателікке бой алдырған? Өйткені Шульганың әлгі даңғаза сөздерін сынай отырып, интернационалдық тәрбиенің теориялық мәселелерін қозғағанын алға тартыпты. Жіберген қателіктерінің негізі Шульга секілді жастарды қаралау-жаза­лау фактілерінен алған әсерінде жатқанын қапысыз келтір­ген. Демек, Шульганы сынағаны жөн. Елеулі қателік емес. Шындық біреу. Онда қателік болмайды.

«Жекелеген жәйттерде қателесе отырып, басты мәселеге мен мызғымас бекем болдым: партияның саясатын, ҚКП ОК, республика ЖК мен МК-нің алматылықтарға Үндеуін мен толық және түгелдей қолдадым, халықтар достығының мызғымастығына сенім білдірдім, интернационалдық тәр­бие жөніндегі жұмыстарды қарабайырландырып, нобайлап қана жүргізуден шешімді түрде бастарту жағында болдым. Бұл дертті демонстрацияға қатысушыларға күні бұрын кесіп-пішілген пиғылмен қарауға болмайтыны, алданған­дарды арандатушылардан ажыратып, жазалау кезінде асыра сілтеуге жол бермеу қажеттігі жайындағы ойымды коммунистерге жеткізсем деген ниетте болдым...»

Интернационализмнің басты шарты – барлық ұлттың бірін бірі қолдауынан, құрметтеуінен тұрады. Ынтымақ пен бір­ліктің сонда ғана болатыны ақиқат. Ал бір ұлтты басқалар­дан артық қойып, бәрін соған тәуелді ету, яғни жасандылық шовинизмге алып баратыны анық. Қойшыбаевтың интернационалдық тәрбиені қарабайырландырып, нобайлап жүр­гізуден арылуды айтып тұрған астарлы сөзінің арғы жағын­да сол жатыр. Шынайы интернационализм қағидаттарына сүйене отырып, жастарды арандатушылардан ажыратып, оларды жазалауда асыра сілтеуге жол бермеу қажеттігін ком­мунистерге жеткізіп, беттерін бері қарату ниетін білдірген. Оның бұл уәжінде қателескен дейтіндей қандай оғаштық бар? Ешқандай! Осы сөзінен де «мен жаздым-жаңылдым» деп мәймөңкелемей, жастарды қорғағаны анық байқалып тұрған жоқ па.

«Бұл күндері менен маза кетті. Мен қатты толқуды бастан кештім. Сонда да мен өзім шынайы интернационализм по­зицияларынан бір мысқал да ауытқыған жоқпын деген ила­нымымда қала бердім. Өзімнің 25 желтоқсандағы сөзім­де жіберген қателіктерімді ойша талдаған сайын, жолдас Шульганың мені ұлтшылдарға беталды қосқан, менімен бір аппаратта қызметтес бола алмайтынын мәлімдеген, мені жұ­мыстан қууға шақырған арандатқыш-жауапсыз сөзімен ара­дағы контраст айқын көріне түсті. Мені жолдас Шульганың өз сөзінде «Украинада тұра алмағанын, онда ұлтшылдықтың иісі қатты шығып тұрғандықтан, көшіп кеткенін» айтып, іс жүзінде украин халқына жала жапқаны, оның ішкі пиғылы мені одан сайын тітіркентті. Жолдастар! Тағы да атап айтқым келеді, мен себебін қазір өздеріңізге баяндаған қателік­терімді ұқтым, сондықтан мен сіздерге: кешіріңіздер! – дей­мін. Мен болғанның бәрінен сабақ алдым, мен қашанғымша шынайы коммунистке тән нағыз патриот және лениншіл ин­тернационалист болуға тырыстым және тырысамын».

«Көп қорқытады, терең батырады». Сол уақытта оның үміт пен күдігі арпалысқан ұйқысыз түндері мен азапты күндері аз болмаған. Бәрін де толғана келіп, Қойшыбаев жалғыздың сыртқа үні шықпасын бағамдағаны анық. Қалайда тұйықтан шығар жол табуы керек. Сөзінде көпе-көрінеу «қателіктер жібердім» деп мойындап, кешірім сұрағаны сондықтан. Өйт- кені солай саналы түрде шегініс жасамаса, оны саяси ұйым Шульганың сөзін қолдап, «ұлтшылдықпен» айыптап, партия мүшелігінен шығарар еді. Негізінде Шульга секілді жарыс­сөзге шыққандардың біразынан сондай да ұсыныс болғаны анық. Ол шешімнің арғы жағы бесенеден белгілі. Сот. Отыз жеті мен отыз сегізде Алаш арыстарын жаламен құрбан ет­кен биліктің қатыгез соты. Соның кері тағы да Қойшыбаев­тың ғазиз басына келмесіне кім кепіл? Қызыл коммунистер басқарған кеңестік өкіметтің заңында «ұлтшылдықтың» жазасы үлкен. Өте ауыр. Не Бекмаханов секілді 25 жылға, не Алаш арыстарының бірі секілді ату жазасына кесілуі әб­ден мүмкін. Қалай айтсақ та оның 25 желтоқсандағы сөзін­де интернационалдық негізден өріс алған ұлтшылдық сипат басым еді. Ол украин халқына «ұлтшыл» деп жала жапқан Шульганың өзі нағыз ұлтшыл екенін көрсетіп берді. Демек, бұл оның тек қорғанып қана қоймай, шындық үшін күрескенін білдіреді.

(Б. Қойшыбаевтың сөзі Алматыдан 2016 жылы жарық көрген «Желтоқсан – Сын» кітабының 51–54 беттерінде жа­рияланған).

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты». Залда отырғандар өз көздеріне не сенерлерін, не сенбестерін біл­мегендей қайран қалып, жағаларын ұстады. Қызметте өзінің міндетін тыңғылықты орындап, жәй жүрген бидай өңді, бекзат пішінді, биязы Қойшыбаев осындай ешкім күтпеген түрпідей ащы сөз айтып, бар кінәні бетке басады деп кім ойлаған? Қойшыбаевтың мына сөздері оларға жай оғындай әсер етіп, тосыннан өрт құрсауында қалғандай орындарынан өре түрегелді. Мінберге бірінен соң бірі жұлқына көтеріліп күйіп-жанбасы бар ма. Оған шүйліккендері соншалық, қол­дарын ербеңдетіп, ауыздарына келгендерін аталаған. Оның сөз ләміне ден қойып, байыбына бару былай тұрсын, ата жа­уынан бетер жек көріп, анталағанда төбе шашын тік тұрғы­затындай етті. Рас, олардан мұндайды Қойшыбаевтың өзі де күткен жоқ. Коммунистер сергектік танытып, өз пікірлерін ортаға салар, түсінісерміз деп ойлаған. Іштей мені қолдай­тындар да аз болмас деген сенімі де жоқ емес еді. Ал олар... атойлап, көкбет әйелдердей бет бақтырар емес. Қойшыбаев сол бір ауыр сәтті былай деп еске алады:

«Қатардағы Шульга деген жауапты қызметкер «саяси тұрғыдан осынша қауіпті Қойшыбаевпен бұдан былай қай­тып қатар қызмет атқаратынын» білмей «қиналды». Бөлім меңгерушісі Дунаев қарамағындағы қызметкерінің есімі мен әкесінің атын аса бір жылы ілтипатпен атап, оның «бейсая­си сөзді елеусіз қалдырмай, шешімді түрде тойтарыс берген белсенділігіне» ризашылығын білдірді, партия комитеттері алдында солқылдақтық көрсетпей, менің осынау күмәнді сөзіме саяси баға беру керектігін сөзінің соңында шегелей кетті. Қатардағы жауапты қызметкер Зубченко коммунистерді менің сөзімнен «батыл түрде іргені аулақ салуға» шақырды. Бөлім меңгерушісі Жабағина да өзінің сол күндері әлдебір облыс орталығында қайдағы бір шіп-шикі балалар­дың көшеге шығып көтерілгеніне тойтарыс беруге қатысқа­нын аян етіп, әлгі белсенді әріптестері нобайлаған төңіректе ұрандатты.

Обалы нешік, жиналыс соңында баяндамашы, Жоғарғы Кеңес Төралқа Төрағасының орынбасары Чернышев менің сөзіме тоқталып, біраз кемшілікті орынды ашқанымды мойындады. Басшымыздың ондай салиқалы талдамасы, алай­да, саяси белсенділіктері ойда жоқта керемет серги өрлеп кеткен қызметтестеріме аса әсер етпеді. Олар менің қолым­нан сөзімнің жазбаша мәтінін «қырағылықпен» қағып алды да, машинкаға бастырып көбейтіп, тиісті орындарға жөнел­тіп жатты» (Бейбіт Қойшыбаев «Рух – Сарай» V-ші кітабы. Алматы, 1912 жыл. 503–504-беттер).

«Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Иә, бұл жиналыс әдеттегідей бас шұлғумен өткен жоқ. Қойшыбаевтың сөзі арқаларынан қамшымен осып жібергендей әсер етті. Оған сол кездегі ел ішіндегі ахуал да себепші болды. «Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырған кімдер?» Одақтық пен республикалық Мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері мен Ішкі істер бөлімдерінің тыңшылары жарық күнде қолдарына шам алып, барлық оқу орындары мен мекемелерді тіміскілеп, қылмыскерлерді іздестіріп жатты. Ал Қойшыбаевтың саяси жиында айтқан мына сөздерінің төркіні қайда? Қалай күдік тудырмасын! Сырттан іздеген қауіпті жау өз іштерінде жүргендей көрінді емес пе. Оның үстіне ол шеруге шыққан жастардың ісін аңғалдыққа балап, болған келеңсіздікке өзін және аппараттағы өзге де коммунистерді қоса кіналап отыр­са, қалай шымбайларына батпасын. Жиналыстың соңында Дунаев тағы да мінберге көтеріліп, қызыл тілін безеп сөй­леді. «Бұл қалай, – деді ол қапаланып. – Коммунистердің қы­рағылықты жоғалтқаны қалай? Ойласаңыздаршы, Қойшы­баев түк те мойындаған жоқ. Ешбір опынғаны сезілмейді. Ол өткен жиналыста жайып салған позициясында қалып тұр ғой. Мен өткен жолы ұсындым, мән бермедіңіздер, қазір де айтамын – біз партия комитеттері алдында ұятты болып қал­мауға тиіспіз! Қойшыбаевтың сөзін арнайы комиссия құрып тексерейік те, ісін жеке қарайық».

Алғашқыда райдан қайтып қалған кейбіреулер Дунаевтың осы сөзінен кейін қайта бас көтеріп, Қойшыбаевқа күмән туғыза бастады. Солай Дунаевтың сөзін қолдаушылар саны артып, арнайы комиссия құрылды. Оны Дунаевтың өзі басқа­ратын болды. Қойшыбаевтың көбейтілген сөзін Алматы қа­ласы мен облысының партия комитеттеріне таратқан. Алма­ты обкомының бірінші хатшысы Марат Сәмиұлы Меңдібаев Төралқаның Төрағасы Мұқашевқа телефон шалып: «Мына Қойшыбаев деген қайдан шыққан пері? Жиналыста рево­люциялық сөз айтыпты ғой», – деп, жәдігөйленіп кеңк-кеңк күлсе керек. Оның астарында «сазайын тартқызған жөн» дегендей емеурін жатқанын кім білмейді. Төралқа хатшы­сы Зәуре Қадырова алғашқыда оның уәжін оң құлағымен тыңдағандай болып, артынша мүлде ұмытып кеткендей теріс айналып шыға келді. Мансап қуған жан мұндай шулы іске қайдан араласа қойсын. Көп ұзамай обком хатшысы қызметіне жоғарылатылды. Мәскеуден келген эмиссарлар да оның сондағы сөзінен құлағдар екен. «Қойшыбаевқа өкімет басындағылар қандай жаза қолданады? Ісін тергеу орында­рына бере ме?» деп қапысын аңдып жүріпті. Комиссия үш апта бойы «Қойшыбаевтың ісімен» жұмыс істеді.

1986 жылдың 31 қаңтарында аппараттың партбюро мәжілісі шақырылып, «Қойшыбаевтың ісі» жеке қаралды.

Бұл жолы бюро мүшелерінің бәрі Қойшыбаевты бірауыздан қаралап, көпе-көрінеу «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың» керін келтірді. Олар ақты қара етіп шығаруға тырысты. Оның 25 желтоқсандағы шын көңілмен айтқан коммунистік сөзін, ұсыныстарын арнайы құрылған комис­сия ұлтшылдық тұрғыда айыптап, партбюроға «1986 жылғы 17–18 желтоқсанда Алматыда болған оқиғалар себебін бұр­малағаны, олардың салдарлары үшін кінәні партия-совет қызметкерлеріне аударуға әрекеттенгені үшін есеп карточка­сына жазылатын қатаң сөгіс жариялансын» деген өз ұсыны­сын жасаған. Солай бар кінәні өзіне артып, тағдырын тығы­рыққа тіреді. Ол жанын күйдіріп жіберетін отқа түскенін сонда ғана анық сезінді. Айналасынан қолдаушы да, қорғаушы да табылмады. Бәрі одан өздерін аулақ ұстады. Тағдыр­дың басқа салғаны осы шығар деп босаңдық танытса, арғы жағы немен бітерін іші сезді. Бір-ақ жол бар. Кеудеден жан шыққанша өзінің әділдігі үшін күресу. Ол бұл істе аппарат­тың партбюро хатшысы бүгін болмаса, ертең мәселесін қай­та қаратып, әділдікке жол ашатынына үміт артып, арнайы хат жазды. Қойшыбаев өзінің сөзін шынайы интернационал­дық тұрғыда айтылғанын дәлелдеу үшін күрес жолына табан тіреді. Енді сол хатты талқыға салайық:

«Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Төралқасының партбюро хат­шысы жолдас М.Ф. Бабушкинге СОКП мүшесі Б.О. Қойшы­баевтан.

Мен бүгін менің «жеке ісімінің» материалдарымен таны­сып шықтым.

Менің ісімді мұқият тексеру үшін құрылған партбюро ко­миссиясы бұл мәселеге менің дүниетанымымды, идеялық сенімімді қаралауға жасанды түрде бәрін бұра тарта оты­рып, біржақты келді деп есептеймін. Бұл ретте комиссия өзі қолайлы көрген фактілерді түпмәтіннен жұлып алып, менің сөзімнің негізгі ойына еш қатысы жоқ өз ұйғарымы астына қасақана орналастырды. Комиссияның біржақты құмарлығы менің сөзімде жоқ «шараларды айыптау» және «талап ету» деген тіркестерді ойдан шығарып қосуға дейін барды.

Комиссия мені «осы оқиғалар үшін негізгі кінәні демаго­гиялық пайымдаулары арқылы партия және совет органда­рының қызметкерлеріне артуға тырысты» деп жазады. Мен ересек ұрпақтың, партия-совет қызметкерлерінің кінәлілігі туралы айттым, олардың ішіне өзімді де жатқыздым. Сол оқиғаларды мардамсу, ойына келгенді істеу, істің нақты ахуалын әсірелеп көрсетуге тырысу, идеологиялық, насихат­тық жұмыстың өмірден ажырап қалуы және «жайбарақат­тық» жылдарда біздің нақты жағдайды сезіну қасиетіміздің солғындануы біртіндеп «дайындады», күрт бетбұрыстан кейін де интернационалдық жұмысты жүргізуге тез икем­делтпеді (менің жеке ісімнің 9-шы беті). Бұл ойлар Алматы оқиғаларына қатысты барлық құжаттарда, есептерде бар, де­мек, мен өз адресіме айтылған демагогияға салынды деген айыптауды қабылдай алмаймын...»

Комиссия сол кездегі өздеріне оңтайлы мүмкіндікті пай­даланып, Қойшыбаевтың мәселесін біржақты қарап, белден басқан. Ол қандай мүмкіндік? Колбин бастаған биліктің, оның жандайшаптарының жұртты Желтоқсан оқиғасына байланысты көзқарасын өзгертуі. Интернационализмнің сөз жүзінде екенін ашып айтып, Желтоқсан оқиғасына қатарын­да өзі де бар партия-совет қызметкерлерінің тікелей кінәлі екенін көрсетіп, өзіне таңылған «демагогияға салынды» де­ген айыппен келіспейтінін жеткізген. Иә, шындық кімдерге жағады, кімдерге жақпайды. Ал оны бет-жүзге қарамай ай­тып отырған адам билік үшін кісікиіктен бетер кесір көрінеді.

«Комиссия: «Оның сөзінде партия аукомдарының кейбір басшылары Қазақстан КП ОК Пленумының шешімдерін түсіндіруде «зұлым» тәсілдерге барды деген тұжырым бар», – деп жазады. Мен шынында да партия аукомы хатшысының түсіндірмесінің қарабайырлығы жайында айттым (жеке ісім, 10-бет). Адрессіз айттым, оным Жоғарғы Кеңес Төралқасы­ның Төрағасы мен Совет аукомының бірінші хатшысында болған әңгімелерде түсінбеушілік туғызды. Сондықтан екінші партжиналыста мен осы ақпарат шыққан бұлақтың көзін аштым. Бұл комиссия айтқандай – ақталуыма әрекеттенуім емес, менің қателіктерімнің себептері туралы жиналысқа түсініктеме беруім еді. Ауком хатшысының айтқандарын бізге жолдас Шульганың жеткізгені, оған менің қатаң пайым, эмоция, ашу білдіргенімді үш жолдас растаған (жеке ісімде­гі 15,16, 22, 23, 25-ші беттер), соларға қарамастан комиссия шындыққа сәйкес келмейтін кері қорытынды жасапты, мен мұнымен келіспеймін...».

«Бұра тартқан сөз жаман». Қойшыбаевтың сөзінде аудандық партия аукомы хатшысының Шульгадан естіген сөзін қарабайырға балап сынағаны болмаса, оны комиссия көрсет­кендей «зұлымдық» демегені анық. Комиссия қасақана жа­заны ауырлату үшін оның сол сөзінің өңін өрескел түрде со­лай бұрып көрсеткен. Айтқаны қылмысқа қарай тартып, жоқ жерден кінә артып, жанын жеп отырса, Қойшыбаев онымен қалай келіссін.

«Комиссия менің сөзімде: «өткенде құдды билік органда­ры тарапынан асыра сілтеулер жасау салдарынан жергілікті ұлт адамдарының жаппай қырылуы орын алған делінетін ойдан шығаруларға жол берілген», онысы «болған оқиға­ларды ақтауға тырысудың тап өзі болып табылады», – деп жазады...»

Қойшыбаев бұрын мұрағаттарда құпия сақталған, ақпа­рат құралдарында жазылмаған, тек кейбір кексе тарихшылар ғана білетін алапат аштық жылдарында Кеңестер Одағы бас­шыларының тарапынан асыра сілтеудің салдарынан орны толмас зобалаңға ұрындырған қателікті алғаш рет алқалы са­яси жиналыста ашып айтты. Қысқасы, жабық тақырыптың қақпағын ашты. Комиссия мүшелері оның сол сөзін «пар­тияға таңған жала» дей келіп, ол Желтоқсан оқиғасын ақтау үшін тырысып отыр деген тұжырым жасаған. Солай өзіне қарсы айып ретінде қолданса, амал нешік. Тарих ғылымда­рының докторы, профессор Талас Омарбеков 2012 жылы 14 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында: «1929–31 жылы ұжымдастыру жылдары болған көтерілістер тарихын, себебін, мақсатын Желтоқсанға қатысқан жас ұр­пақ білген жоқ. Білуі мүмкін де емес еді. Бұл көтерілістерді тарихшылардың өзі тек 1991 жылғы тәуелсіздік жылда­рынан кейін зерттеуге мүмкіншілік алды. Олардың материалдары ҚР Президенті мұрағатының құпия қорларында ғана сақталған болатын», – деген.

«Комиссия таққан «ойдан шығару» жұлып алынып, мүл­дем қарама-қарсы пайымдауға жапсырылған дербес мағына­лық салмағы бар абзац мынандай: «Ешкім де, еш уақытта қазақ және орыс халықтарының достығын, қазақ халқының Ленин партиясына деген сенімділігі мен сүйіспеншілігін жоя алмайды. Ұлт көрген көптеген қиыншылықтарға төзе отырып, адамдардың қолы соған жетті, ғасырлар бойы достықтың діңгегін қалады. Біздің еліміздің түрлі тарихи кезеңдерінде көрініс тапқан қазақ халқының жалпыға мәлім интернационалдық актісі туралы айтпай-ақ қояйын. Тек көпшілікке мәлім емес мына бір фактіні ғана еске салғым келеді: Қазақстанда коллективтендіру кезінде партия-совет қызметкерлерінің асыра сілтеулері нәтижесінде қазақ халқы екі миллиондай адамнан айырылған, тіпті соның өзінде де партияға деген, орыс халқына деген сенімін жоғалтпаған еді. Демек, біз бұл сенім мен сүйіспеншілікті қастерлеп, баға­лауға тиіспіз. Өсіп келе жатқан ұрпағымыздың әкелерінің революциялық дәстүрлеріне адал боп, шын мәніндегі интер­националист болып өсу үшін барлығын істеуіміз керек, бұл біздің борышымыз» (жеке істің 11-ші беті). Деректі сәтсіз алынған десе де, оның мұнда абзацтың басты және жалғыз дара идеясын дұрыс толықтырып тұрғанын жоққа шығару мүмкін емес. Ал «асыра сілтеуді ойдан шығару» туралы айтсақ, комиссияға тым болмаса өзін осында «Кіші Октябрь» жасап жүрмін деп есептеген Ф.И. Голощекин өмірбаянының қазақстандық кезеңін білу жеткілікті болар еді. Демек, осы жағдайда да комиссия ойдан шығарып отыр, мен, әрине, оған қарсымын, өз келіспеушілігімді білдіремін...»

Шындық өлмейді. Оның айтылатын, жұртқа жария ететін кезі, уақыты болады. Сол кезге дейін мемлекеттік құпия ретінде сақталған зобалаң жылдар қасіретін уақытынан бұрын Қойшыбаев осылай алғашқы болып ауызға алды. Ал заң ғылымдарының докторы, профессор Арықбай Ағыбаев «Алматы, 1986. Желтоқсан» атты жинақтың 7-ші томын­дағы «Желтоқсан – ұлттық рухты асқақтатты» атты мақа­ласында: «...1920 жылы Қазақ автономиясы Республикасын құрған кезде өз елінде 65 пайызды құраған, ал 1962 жылы бұл көрсеткіш 20 пайызға кеміген, жаппай коллективтендіру кезеңінде екі жылдың ішінде қазақтардың 52 пайызға, яғни 2 миллион 200 мыңы ашаршылықтан, жаппай эпидемиядан қырылды. Ал 15 пайызы республикадан тысқары жерлерге мәңгілікке жер ауып кетті. Бұл Қазақстандағы «Голощекин­дік геноцид» кезеңі еді. Қазақтар индустрализация кезеңінде мәжбүрлі түрде еңбек армиясы қатарына алынды. Бай-кулак­тар ретінде Сібірге жер аударылды», – деп жазды (189-бет).

Жалғасы бар...

Көлбай Адырбекұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333