Айнаш ЕСАЛИ. БАҒА ЖЕТПЕС ҚАЗЫНА
“Шыңжаң қазақтарының рухани мәдениет үлгілері” атты жеті томның тұсауы кесілді
Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында ерекше баспасөз мәслихаты өтті. Онда Шыңжаң қазақтарының ауыз әдебиеті үлгілері мен музыкалық мұраларын топтастырған жеті томдықтың тұсауы кесілді. Оның алғашқы төрт томы былтыр Астананың 10 жылдығына орай жарық көрсе, қалған 3 томы биылғы елорда күніне тарту етіліп отыр. Бұл кітаптарды ұлтымыздың рухани байлығын, мәдени мұрасын 30 жылдан астам уақыт бойы ел ішінен табандылықпен жинап, ыждаһатпен сақтап, шашауын шығармай атажұртқа жеткізген этнограф, музыка зерттеушісі, композитор Долда Кенешұлы екенін де айта кетсек дейміз.
“Шыңжаң қазақтарының рухани мәдениет үлгілері” атты жеті томның тұсауы кесілді
Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында ерекше баспасөз мәслихаты өтті. Онда Шыңжаң қазақтарының ауыз әдебиеті үлгілері мен музыкалық мұраларын топтастырған жеті томдықтың тұсауы кесілді. Оның алғашқы төрт томы былтыр Астананың 10 жылдығына орай жарық көрсе, қалған 3 томы биылғы елорда күніне тарту етіліп отыр. Бұл кітаптарды ұлтымыздың рухани байлығын, мәдени мұрасын 30 жылдан астам уақыт бойы ел ішінен табандылықпен жинап, ыждаһатпен сақтап, шашауын шығармай атажұртқа жеткізген этнограф, музыка зерттеушісі, композитор Долда Кенешұлы екенін де айта кетсек дейміз.
“Долда ағамыз көп жыл бойы көз майын тауысып жинаған бұл жәдігерлерді Ш.Уәлиханов пен А.Затаевичтің ұлттық мәдениетімізге сіңірген ұшан-теңіз еңбегімен салыстыруға тұрарлық. Әсіресе, өскелең ұрпақ үшін. Үңіліп, зерделеп, зерттеу, тер төге отырып реттеу – ғалымдарымыздың, қолына қалам ұстаған зиялы қауым өкілдерінің, қала берді көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматтың абзал борышы. Осы тұрғыдан келгенде, тағдыр тауқыметімен кезінде шекара асып, кейіннен туған жерге қайта оралған Долда Кенешұлының қолдарыңызға тиіп отырған “Шыңжаң қазақтарының рухани мәдениет үлгілері” атты жинағы ұлттық мәдени қорымызға, Елбасы бастап, ел қоштаған, тәуелсіз мемлекеттігіміздің “Мәден мұра” мемлекеттік бағдарламасына қосылған аса құнды дүние болып табылады”, депті кітаптың алғысөзінде ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы әрі Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Жақсының жақсылығын айтып отыруды жөн санайтын халқымыздың салтымен осы кітаптардың жарық көруіне Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей ықпалы тигенін айта кету парыз. Баспасөз мәслихаты кезінде де Шыңжаң қазақтары арасынан Долда Кенешұлы табаны тозып жүріп жинаған осыншама мұра тиісті адамдардың қолына түсіп, талай елжанды азаматтар осы бастамаға ат- салысқаны, әрине, аз айтылған жоқ. Ол кісі сонау 1970 жылдан бастап жинаған дүниелерін елге келіп-кетіп жүріп, 2007 жылы Иманғали Нұрғалиұлының қолына тигізген екен. Долда Кенешұлы жүзден астам қисса-дастан, 50-дің үстінде араб-парсы, шағатай жазуларындағы көне кітаптар, бірнеше мыңдаған шумақ өлең жырлар, көне айтыстар, мақал-мәтелдер, шешендік толғаулар, аңыз әңгімелер, тарихи шежірелер, 2 мыңға жуық халық ән-күйлерін жинаған.
Осыншама теңдесі жоқ жәдігердің бағасын бағамдаған Иманғали Тасмағамбетов көп ұзатпай құрамында Біләл Ысқақов, Айтқали Жайымов, Еділ Құсайынов сынды музыка мамандары мен зерттеушілері, орындаушылары бар топты құрып, 20-дан астам аудио-таспаларда сақталып келген ән-күйлердің, сыбызғы күйлерінің нотаға түсуіне мұрындық болыпты. Жұмысшы тобының үйлестірушісі ретінде осыншама дүниенің Имекеңнің қолына тапсырылуына араағайындық жасаған ақын Ұлықбек Есдәулет белгіленеді.
Содан бері тынбай жүргізілген жұмыстың нәтижесіне, 7 томның тұсаукесеріне журналистер алғаш куә болды. Қысқасы, ұлтымыздың мәдени мұрасы іріктелініп барып (қайталанатын ән-күйлер бар), тағы да 128 сыбызғы күйіне, 300-ден астам домбыра күйіне, 400-дей ән үлгілеріне толықты. Салыстыру үшін айтар болсақ, кеңес заманында елімізде бар болғаны 12 сыбызғы күйі сақталынып қалғаны анықталған.
Шыңжаң қазақтарының музыкалық мұралары бұрын-соңды осыншалық тұтас, мейлінше толық жинақталған күйінде классикалық нота жазуына түсіріліп көрмеген. Өйткені, Қытайда музыкалық шығармаларды сандық нота жазуымен өрнектеу қалыптасқаны белгілі. Сондықтан осынау рухани қазынамыздың енді әлемдік музыка кеңістігіне таралуына кең жол ашылып отыр деп санауға болады.
Бұл кітаптардың алғашқы екі томына мақал-мәтелдер мен өлеңдер, толғаулар, көне айтыстар топтастырылса, үшінші томына Алтай-Тарбағатай өңірінің сыбызғы күйлері, төртінші, бесінші томдарына халық әндері, алтыншы, жетінші томдарына домбыра күйлері нотасымен енгізіліпті.
Және осы сауапты іске атсалысқан “Атамұра” баспа корпорациясының ерен еңбегі лайықты еленіп отыр. Жинақты қысқа мерзімде көз тартарлықтай көркем әрі сапалы етіп шығарған баспа корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед те баспасөз мәслихатына жиналған журналистер мен өнер өкілдерінің алғысына бөленді.
Осылайша өзі де өнерден құралақан емес әулеттен шыққан Шыңжаң қазағы – Долда Кенешұлының жанкешті еңбегімен жиналып, атажұртына адал әкелген теңдессіз байлығы тәуелсіздіктің арқасында тұсауы қайта кесіліп, ұлттық руханият үйіріне келіп қосылды.
Баспасөз мәслихатында әріптестеріміз Шыңжаң қазақтары арасында сақталынып қалған сирек күйлер мен әндерді композитор Долда Кенешұлының, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры Біләл Ысқақтың, сыбызғышы, күйші Еділ Құсайыновтың, әншілер Құрманбек Әлімғазыұлы мен Риза Қайырбайқызының орындауында тұңғыш рет тұшынып тыңдады.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.
«Егемен Қазақстан» газеті