Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 5296 0 пікір 27 Тамыз, 2012 сағат 07:03

Әзірет Сатылғанов. Қазақта рухани әділ төрелік болмаған ба?

Немесе барымташы қазақ жемқор болған ба?!

Немесе барымташы қазақ жемқор болған ба?!

«Өткенге топырақ шашсаң,
Болашақ саған тас атады».
Расул Ғамзатов

Қазақ әдебиеті газетінің (№27(3295) 29.06.2012 жыл) санында «Халықтың саяси енжарлығы билікке тиімді» атты Философия және саясаттану институтының қызметкері, саясаттанушы Рүстем Қадыржановтың сұхбаты жарияланды. Онда саясаттанушы ағамыз Зарина Бүйенбайдың: « - Кезінде «тура биде туған жоқтың» арқасында әділ төрелік болды. Қарадан шыққандар ханға датын қымтырылмай айтып салушы еді. Ал бүгінгі рухани төреліктің (моральный арбитраж) жағдайы қандай?» деген сұрағына: « - Қазақ бола тұра Абайдың қазақтың рухани төрелігіне көңілі толған емес. Қазақта рухани әділ төрелік болды деу, ол - миф, аңыз. Қазақта бұрыннан барымта болған. Ал қазіргі жемқорлығыңыз бұрынғы барымтаның жалғасы... », - деп жауап беріпті.
Біріншіден «Қазақта рухани әділ төрелік болды деу, ол - миф, аңыз» деп, Рүстем мырза, қазақтың өз ата тарихы төл тарихынан бейхабар екендігін аңғартып отырса, екіншіден әрбір өзін «мен қазақпын!» дейтін азаматтың тарихқа, өзінің шыққан тегіне себепсізден себепсіз анандай ғып тас атып, күйе жағу - «құлдық», «мәңгүрттік» санадан арыла қоймаған, азаматтық позициясы бұлыңғыр немесе жоқтығын көрсетсе керек.  
Енді «Қазақта рухани төрелік болды ма, болмады ма?» деген сұраққа жауап іздеп, қазақтың ата тарихына сәл шегініс жасап көрейік.
Шоқан Уәлиханов: «Шынтуайтында, қазақтар орыс сотын қалайтыны жөнінде біршама істерді білеміз, бірақ орыс сотына шағым шолдап отырған бұл ордалықтар халықтың қарғысына ұшыраған, адамгершіліктен жұрдай болған, «халық сотында сәті болмаған» ісін орыс чиновниктері арқылы заңсыз жолмен бітіруге үміттенгендер еді...» десе, «Билер сотының пайдасына тағы бір тайға таңба басқандай айқын дерек келтірейік. Орыс талапкері немесе жауапкері көптеген жағдайда орыстың тергеу орнынан гөрі бидің сотын артық көреді. Нақтылы дерек бойынша, биылғы жазда Көкшетауда осындай ондаған іс қаралды...» деп жазды 28 ақпан, 1864 жылы. (Ш.Уалиханов. Таңдамалы, Алматы «Жазушы» 1985 ж., 138-139 бб).
Бұдан артық қандай дәлел керек қазақта рухани әділ төрелік болғандығына. «Мәдениет үйретуші» мәдениеті озық саналған елдердің өзі қазақтың «әділ төрелігіне» жүгінгеннен кейін болы ғой. Ал өркениеттің ошағы, демократияның елі саналған Еуропаның өзінде сол заманда әділ төрелік болмаған. Еуропадағы әділ төреліктің сол уақытта болмағанын да біз алыстан тон пішіп айтып отырғамыз жоқ. Оны сол өркениетті елдің озық ойлы ойшылдары өз шығармаларына арқау етіп, көрсеткен болатын. «Үлгілі еліміз Англияның өзінде де, жаңа зерттеу деректеріне қарағанда, көптеген юристер мен мемлекет адамдары ағылшынның мировой сот мекемелерінің бүгінгі жағдайына толық қанағаттанбайтын көрінеді. Блэкстон Гнейст және Шарл Конт өз шығармаларында британ мировой сотының кейбір шамадағы кемшіліктерін көрсетеді.  (Ш.Уалиханов. Таңдамалы, Алматы «Жазушы» 1985 ж., 141 б) деп атап өтті Ш.Уалиханов өзінің таңдамалы этнографиялық зерттеуінде.
Екіншіден Р.Қадыржановтың: «Қазақ бола тұра Абайдың қазақтың рухани төрелігіне көңілі толған емес» дегендігіне келейік. Абай атамыздың сол өз заманындағы болыс-билерді сынап мінегені, би-болыстардың, сол уақыттағы үкімет басшылардың әділетсіз, озбыр әрекеттеріне, қиянатты істеріне көңілі толмай, өз шығармаларына арқау еткені рас. Ол туралы:
«Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта май
Қалмады елге тығындап
Сөйтсе дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап» - дегені бар. Бірақ ол қазақтың өткен тарихындағы рухани әділ төрелігіне берілген баға емес қой! Басқыншы империялистердің қазақ қоғамындағы дәстүрлі билер институтын жойып, орнына ендірген отарлаудың төте жолы, әрі тиімді тәсілі - ел басқарудағы болыстық билеу жүйесі емес пе?! Бұны - ұлы Абайдың отарлық қанаушылық, отарлық езгімен күресі деп білген жөн. Ал осындай хакім Абайдың отарлық билікке қарсы күресін, оған берген бағасын, қазақтың дәстүрлі билеудегі оның әділ төрелігіне берген баға деп ұққанымыз - ата тарихымызға қиянат қой! Тіптен сол дәуірде империялистер ендірген астарында адам сезіп-біліп болмайтын ел билеудегі ұлтты жою, шоқындыру саясаты қазақ қоғамында салтанат құра бастаған уақытта, Абай атамыз қазақтың бұрынғы  ел билеудегі әділ төрелігін жоқтап, соны аңсамады ма?! «Кәніки, енді осы екі мінез қайда?» - деп.
Ақиқатында Абайдың қазақтың дәстүрлі қоғамындағы басқару жүйесіне, ондағы ел билеудегі басшылардың әділ төрелігіне оң баға бергендігі анық.  Ол туралы: «... Бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен... Әлгі екі мінезін біржола жоғалтып алдық....Сол екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік, мінез жоқ болған соң, үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.
Ол екі мінез қайсы десең - әуелі - ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен...Өзге жұрт «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?
Екіншісі - намысқор келеді екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады» деп, ... «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» деп... Кәніки, енді осы екі мінез қайда?» - деп,  Абай атамыз өзінің отыз тоғызыншы қара сөзінде қазақтың әділ төрелігін атап көрсетеді.
Үшіншіден, саясаттанушы Рүстем мырза: «Қазақта бұрыннан барымта болған. Ал қазіргі жемқорлығыңыз бұрынғы барымтаның жалғасы» - деп, өзі қазақ «барымтасының» мән-мағынасын, түпкі мақсатын білмей отырып, оған «теріс»  баға беріпті.  
Енді сол «барымта» туралы этнограф-ғалым Ш.Уәлиханов: «Біз барымтаны қазақтың өз ұғымымен түсіндіріп көрейік. Қазақта барымтаға кейде заң жүзінде рұхсат етіледі. Ұрлыққа, тонауға, мал айдап кеткенге айып төленеді, ал барымтаға ештеме төленбейді. Барымта дегеніміз - қайтарылатын қалың мал, төленетін құн үшін, құныкер адамның малын, немесе затын, жалпы өзгенің жеке меншігін тартып алу. Ертеде былай да болған-ды, күшті рулы қазақ өзінен әлсіз қазаққа кісі өлімі үшін, құн немесе тіл тигізіп қорлағаны үшін айып төлемеген, кісі өлтіріп құныкер бола тұра немесе кешірілмес қастық жасай отырып, сотқа шақырғанда келмеген де. Сонда ру мәжілісінің ұйғарымы бойынша, қорланған, зәбірленген адам барымта алуға аттанып, ауылын шауып, менменсіген әр көкіректі бас идіреді. Екі жақ келісімге келгеннен соң, ешқандай айыпсыз, барымталанған малының шырқы бұзылмай қайтарылады.
Барымта тападай тал түсте, қажет болған жағдайда күшпен немесе жасырын, түнделеп жасалады. Жасырын барымталағанда үш күннен қалдырмай, егескен адамына мәлімдеп, не үшін жасалған себебін айту керек. өйтпеген жағдайда барымтасы ұрлық саналады. Әдейі жариялап барымтаға шыққанда, қарсы жақ та дайындалып, айбат көрсетіп, жанжал төбелеске ұласып, кісі шығыны да болатын. әрине мұның бәрі малды айдап әкету болғандықтан, қылмысты іс деп айыпталмайтын» (Ш.Уалиханов. Таңдамалы, Алматы «Жазушы» 1985 ж., 145-бет) - деп қазақтың өз түсінігімен түсіндіріп, барымтаның түпкі, негізгі мақсатын тайға таңба басқандай ғып ашып көрсетеді.
Ал Барымта дегеніміздің өзі - «қайтарылатын қалың мал, төленетін құн» болса, ол қалайша саясаттанушы мырза айтқандай «қазіргі жемқорлығыңыз бұрынғы барымтаның жалғасы» бола алады?!
Қорытынды сөз
«Өткеніңді білмей бүгініңді бүтіндей алмайсың» деген даналық сөз бар. Бір замандарда бабаларымыз тіптен әлемдік мәдениетке, өркениетке өлшеусіз, озық өз үлестерін қоспады ма? Алтын Орда, Ақ Орда, Қазақ хандығы дәуіріндегі рухани әділ төрелікті неге осындайда айтпасқа? Неліктен әлем мойындаған ұлы данышпандарымызды, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген принципке негізделген қара қылды қақ жарып әділ төрелік айтқан әділ билерімізді, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп қарадан шығып, хандарға қасқайа қарап халқының мұңын айтқан жырауларымызды қанымыз қазақ бола тұра өз дәрежесінде дәріптемеске? Тіптен «мәдениет үйретуші» саналған «мәдениеті жоғары ұлттардың» өзі  көшпенді қазақтың «рухани әділ төрелігіне» бас иіп, жүгінбеді ме? Яғни қазақ қоғамындағы өткен ғасырларда болған рухани әділ төрелік тіптен бертінгі ХІХ ғасырларда да көрініс тауып келді ғой. Қазақтың дәстүрлі қоғамындағы ондай әділ төрелікке, әділ билікке тарихтың қай бетін парақтасақ та көз сүріндіреді емес пе?! Бұл ұлттық мақтаныш, әлемдік деңгейдегі ең озық ел билеудің демократиялық үлгідегі тиімді, әрі төте жолы. Кім қазақ сияқты мақтана алады «Менің тарихым ұлгі боларлық!» деп?! Бір мақтанса қазақ мақтану керек осындай рухани бай тарихымен, барша адамзаттың игілігі үшін жасалған рухани баға жетпес құнды тарихымен, дәстүрімен, ел билеудің озық, әділ төрелігімен, мәдени, рухани мұрасымен. Түбінде қазақ әлемге өркениет шашады, үлгі көрсетеді, руханият жаяды. Қазақ тарихында: «Адамдық борыш ар үшін, Барша адамзат қамы үшін» дейтін даналары, ол тұлғалардың қанша игілігіңе жаратсаң мәңгі таусылмас рухани азық боларлық мұралары бар. Қазақ өткен тарихта өзге империялистер, озық мәдениетті ұлттар - испан, ағылшын, француз, партугал, неміс, орыс, италиян, қытай, жапон, т.б. сияқты әлемді отарлап, тек сол отарлаған елдерін рухани тұрғыдан жою, мәңгүрттікке душар ету саясатымен айналыспаған. Ондай өзгеге жаулық ойлау пиғылды, мақсаты болмаған. Біз Алаш баласы, қазақ атам дана Қазыбек би айтқандай: «Қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, досты сақтай білген, дәм-тұзды ақтай білген елміз». Міне қазақ тарихындағы қазақтың әділ төрелігіне айта берсең мысал жетерлік. Осылай кете береді. Кете береді...
Дағыстанның көрнекті ақыны Расул Ғамзатов айтады: «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» - деп. Сол айтқандай Рустемнің өз өткеніне топырақ шашуы -  космополитизм дертімен ауырып, қазақ тарихына еуроцентристік көзбен қарауы деп білеміз. Немесе, арысы үш ғасырға жуық, берісі - бір ғасырға пара-пар - отарлық езгідегі елу жылда жаңарған елдің, рухы тұншыққан, тілі, тарихы, ділі дүбәрә болған - ұрпағы беп ұққан абзал!
Қазақтың өткен тарихын кейінгі буынға әділетсіз, опасыз, парақор етіп көрсету - ол да ата тарихқа жасалған қиянат деп білеміз.
Сондықтан осындай Рүстем секілді саяз жүзер саясатшылар қазақ тарихына, өз ұлтына ай мен күннің аманында қасақана жасаған өз қиянаттарын қалай жуар екен?! Арлы ұрпақ алдында, болашақ алдында қалай жауап берер екен?!
Екіншіден, әуелі ғасырлар бойғы жасалған, одан соң, қазіргі жаһандану дәуіріндегі осындай ұлт руханиятына жасалып жатқан шабуылдардың әсерінен өзі тәй-тәйлап әрең жүріп келе жатқан ұлт руханиятына жығылған үстіне жұдырық боларлықтай осындай «қатерлі, қасаң қағида, ғылыми негізі жоқ» тұжырымды бақырайтып бірінші бетіне басқан еліміздегі қазіргі руханияттың ауыр жүгін көтеруге тиісті Қазақ әдебиеті газеті әуелі жауап беруге тиіс! Арлы ұрпақ алдында бір, болашақ алдында екі, тарих алдында үш, тарихи тұлғалар Абай, Шоқандар алдын төрт. Өйткені қазақ әдебиетінің он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті өкілі, алыбы, қазақтың бас ақыны Абай айтпағанды айтты деу - ол Қазақ әдебиеті газетіне үлкен қателік. Жауап беріңдер!
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006