Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 3975 0 пікір 13 Шілде, 2009 сағат 20:44

Рахымжан ӨТЕМІС. Ізгі мұраттың бір ізі

Еліміздің тәуелсіздік алуы ұлтымыздың терең тарихын қайта зерделеуге, асыл құндылықтарын мақтаныш етуге мүмкіндік алып берді. Халқымыз Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай сынды аяулы арыстарының рухтарымен табысты.
Осынау ұлт көсемдерінің соңынан ерген, солардың іргесі берік, ауқымы кең, деңгейі мықты идеясын бойына сіңірген Ырғыз перзенттерінің бірегейі  Жүсіп Ақбаев еді.
Ел ішінде «Жүсіп молда» атанған ол кісінің өмірден өткеніне де биыл жарты ғасыр толады. Жиырма-отыздардағы жігіттердің ақсақалдардың шежіре әңгімелерін тыңдауға құлқы бола қоймайтынын ескерсек, Жүсіп атамызбен бірге болып, соқтықпалы, соқпақты өмір хикаяларын тыңдаған адамдардың өздері де қазір бұл өмірде жоқ. Оның үстіне, ол кісінің өзі де тырнағынан қан тамшылаған кеңестік саясаттан қорқып басынан кешкендерін көп адамға айта бермепті. Қарақан басы үшін емес, атымды өшірмейді, отымды сөндірмейді деген екі ұлының бірі соғыста хабар ошарсыз кеткеннен кейін қалған жалғыз ұлы Мейірхан үшін қорыққан. Сұңғыла қария «залалым осы жалғызға тимесін» деп іштей булығып өткенге ұқсайды.
Қара шаңырақ қалды қаңырап нанбастан,
Тұрды төніп ел үстінде қанды аспан…
Айыптаулар хаттамасын табасың

Еліміздің тәуелсіздік алуы ұлтымыздың терең тарихын қайта зерделеуге, асыл құндылықтарын мақтаныш етуге мүмкіндік алып берді. Халқымыз Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай сынды аяулы арыстарының рухтарымен табысты.
Осынау ұлт көсемдерінің соңынан ерген, солардың іргесі берік, ауқымы кең, деңгейі мықты идеясын бойына сіңірген Ырғыз перзенттерінің бірегейі  Жүсіп Ақбаев еді.
Ел ішінде «Жүсіп молда» атанған ол кісінің өмірден өткеніне де биыл жарты ғасыр толады. Жиырма-отыздардағы жігіттердің ақсақалдардың шежіре әңгімелерін тыңдауға құлқы бола қоймайтынын ескерсек, Жүсіп атамызбен бірге болып, соқтықпалы, соқпақты өмір хикаяларын тыңдаған адамдардың өздері де қазір бұл өмірде жоқ. Оның үстіне, ол кісінің өзі де тырнағынан қан тамшылаған кеңестік саясаттан қорқып басынан кешкендерін көп адамға айта бермепті. Қарақан басы үшін емес, атымды өшірмейді, отымды сөндірмейді деген екі ұлының бірі соғыста хабар ошарсыз кеткеннен кейін қалған жалғыз ұлы Мейірхан үшін қорыққан. Сұңғыла қария «залалым осы жалғызға тимесін» деп іштей булығып өткенге ұқсайды.
Қара шаңырақ қалды қаңырап нанбастан,
Тұрды төніп ел үстінде қанды аспан…
Айыптаулар хаттамасын табасың
КГБ-ның архивынан шаң басқан, - деп ақын Есенбай Дүйсенбайұлы жазғандай, атасының адал есімін қалпына келтіру мақсатында құзырлы органдар арқылы ізденген немересі Нұрлыбек Жүсіповтің еңбегі ақталды, «шаң басқан архивтерден» Жүсіп Ақбаев есімі табылды: жауап алу хаттамасы (протокол допроса), айыптау қорытындысы (обвинительное заключение), айып тағу туралы қаулы (постановление о предьявлении обвинения), әртүрлі актілер, тағы басқа заң органдарына қатысты құжаттар.
Елдің қамы. Екі топ
1927 жылдың мамыр айында ОГПУ-дің Ақтөбе губерниялық бөлімінің төтенше өкілі Ф.Ковалышкин деген тергеп, бөлім бастығы Иванов дейтін бекіткен айыптау қорытындысы былай басталады: «Основанием к возбуждению уголовного преследования против вышеуказанных руководителей двух групп в Челкарском уезде, Актюбинской губернии послужило Агентурное дело и имевшийся официальный материал о том, что после восстановления в бывшем Иргизском - ныне Челкарском уезде Соввласти в 1920-1921 году в последнем возникают две враждебно настроенных одна против другой группы, или как они известны среди казаков «партии», руководимые исключительно байско-чиновническим элементом, часть из коих принимала во время Гражданской войны активное участие в буржуазно-националистическом движении - АЛАШ-ОРДА».

Қазақстанда кеңес үкіметін орнатудың аласапыран оқиғалары өткен «ыстық нүктелерінің» бірі Ырғыз болғаны белгілі. Бұған Ақтөбе мен Қызылорда арасындағы алғашқы мектептің Ырғызда ашылғаны, соның арқасында жаңаша білім алған ұлт зиялыларының Ырғыздан көбірек шыққаны, олардың өз кезеңіндегі саяси оқиғаларға араласу, ықпал ету мүмкіндіктері көбірек болғаны әсер еткені анық. (Бірқатар зерттеушілердің 1921 жылы аудан болып құрылған Ырғыздың сол жылы қайта жабылуы да мұндағы шиеленіскен жағдайларды тоқтату мақсатынан істелген деген пайымдаулары бар.)
1918 жылы ақпанда Ырғызда уездік депутаттар кеңесі (Совдеп)  құрылғаны тарихтан белгілі, оның төрағасы болып Тел Жаманмұрынов сайланды. Ол алашордашылар жағына ниеттес еді, кейіннен Ақтөбе өңіріндегі Алаш қозғалысының негізгі басшысы болды. Ал, сол 1918 жылдың қарашасында өзінің Қызыл отрядымен Шалқардан Ырғызға Әліби Жангелдин келіп, Ырғызда Қызыл отряд құрады, оның командирлігіне бұрынғы штабс-капитан Кузнецовты, көмекшілігіне бұрынғы поручик Киселевты тағайындайды, оларды коммунистік (большевиктік) партия қатарына қабылдайды. Сол жолы отряд құрамына Ұзақбай Құлымбетов, Бәймен Алманов, Мұса Дайрабаев, Әбіш Тойбазаровтар да кіреді, әрі партия қатарына қабылданады. Ал, сол уақыттарда Ырғыз совдепінің бұрынғы төрағасы Тел Жаманмұрынов «Алаш» партиясына кіріп, Алашордашылар жағына өтеді. 1919 жылдың қаңтар айында бұрын Ырғыз уездік Азаматтық комитетінің және уездік жер басқармасының мүшесі болған (1917 жылы) Абдолла Теміров, Қырымгерей Сейдалин және Міржақов Дулатовтар басқарған Алашорда отряды Ырғызға шабуыл жасап, қоршайды, бірақ қызыл отрядтың қорғауындағы қаланы ала алмайды да қайта шегінуге мәжбүр болады. Ырғыз совдепінде қызмет атқарып жүрген Қуаныш Жұбанов, Жүсіп Ақбаев өз жақтастарымен бірге алашордашылар жағына өтіп, солармен бірге кетеді.
Жалпы Ырғыз жерінде 1916 жылғы «июнь жарлығымен» тұтанған от одан кейін бір оқиғадан екіншісіне ұшып түсіп, аймақты тұтас қамтыған алапат өртке айналған. Орынборда «Алашорда» үкіметі, Семейде «Алаш» партиясы құрылған 1917 жылдың желтоқсан айының желі сол кездегі қазақ даласындағы саясат сахнасына көзі ашық, зиялы азаматтарды ұшырып жатқан Ырғыз еліне де үлкен қозғалыс әкеледі. Қазақтың сайын сахарасындағы Алашорданың керегесін жайып, уығын қадаған ордаларының бірі Ырғыз болды. Бұл пікіріміздің айқын дәлелі әйгілі атаман Дутов         1918 жылы: «Верховный орган управления киргиз - Алаш-Орда. Она разделяется на восточную Алаш-Орду, в краеведения которой входит Семипалатинская и Семиреченская обл. И на западную, куда включены Уральская область, Букеевская Орда, Мангишлак, Иргизской и Актюбинский у. Тургайской обл.» деп өзінің «О политической борьбе внутри Алаш-Орды» деген жазбасында айқын көрсеткен.
1917 жылдың аяғында 1918 жылдың басында Ырғыздағы үлкен саяси күшке айналған «Алаш» партиясы 1918 жылы қаңтарда Түркістанда өткен Сырдария қазақтарының съезіне өз өкілдерін жіберді, солардың бірі Жүсіп Ақбаев еді. Бұл туралы сол кезде шығып тұрған «Бірлік туы» газетінің 21-ші санында «9 ғинуарда (январьда) Ырғыз уезінен өкілдер келіп, 28-29 декабрьде болған Ырғыз қазақтарының жасаған сиез қаулыларын айтып, Сырдария қайда болса, Ырғыз да сонда болатынын білдірді» деп жазылған.
Сөйтіп, үлкен мақсатқа бел буған Ырғыз алашордашылары қосымша күш жинай бастайды. 1919 жылдың наурыз айының 7-і күні Торғай облысының әскери комиссары Әліби Жангелдин Түркістан АКСР-нің реввоенсоветінің оперативті штабына көмек сұрап телеграмма жолдайды. Онда «Из г. Тургая получено донесение: фактически установлено, что в пределах Тургайского у. в Тургайских вол. сгруппировалась шайка вооруженных киргизов алашордынцев во главе с приверженцами Букейханова Байтурсыновым, Дулатовым, Темировым, Беремжановым, Сейдалиным, Калдыбаевым и др., силою до 300 человек монархистов. Шайка эта при сочувствии местных киргизов ордыновского рода силой мобилизует киргизов, ведет их на г. Тургай с целью захватить управление киргизами Тургайского и Иргизского у.» деп көрсетті.

Осылайша күш жинаған Дулатов басқарған Алашордашылар сол жылдың мамыр айында ақгвардияшыл әскерлерімен бірге қайтадан шабуыл жасап, Ырғызды басып алады. Кузнецовтың қызыл отряды Шалқарға қашады.
Осыдан кейін маусым-шілде айларында Ырғыздың қызыл отряды арасына жік түседі, қарама-қарсы екі топқа бөлінеді. Оның біріншісі - Алашордашыларға ниеттес отряд командирі Кузнецов пен қазақ зиялысы Ұзақбай Құлымбетовтің, екіншісі большевиктерді қолдаған отряд командирінің көмекшісі Киселев пен Бәймен Алмановтың тобы еді. Нәтижесінде Кузнецов пен Құлымбетов қарулы 60 шақты әскерімен Алашордашылар жағына шығады, ал Киселев пен Алмановтың тобында 8-10 адам ғана қалады.
Аласапыран саясат, ел ішіндегі екі жақты жағдай бір елден шыққан халқымыздың оқыған, таңдаулы екі перзентін қасындағы серіктерімен бірге осылайша қарама-қарсы екі жағалауға шығарып тастады.
Алашорданың Ырғызда билік құруы 1919 жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында ғана болды. Бұл кезде оның құрамында Ырғыз жер басқармасының мүшесі Тел Жаманмұрынов, хатшысы Оспан Сарбатыров, уезд басқарушысының көмекшісі Сырлыбай Бекбаев, Алашорда отрядының азық-түлік дайындаушысы Жүсіп Ақбаев, уездік милиция бастығы Жәлен Жомартов, рота командирі Бермұхамед Сисекенов, т.б. болғаны көрсетілген айыптау қорытындысында.
1919 жылдың қыркүйек айында қызылдар армиясы Ырғыз уезін басып алып, өз билігін орнатты, революциялық комитет (Ревком) құрылды, оның төрағасы болып Бәймен Алманов, мүшелері болып Иван Киселев пен Иса Қисықов сайланды.

1920 жылы Алашорда құрамында болғандарға кешірім (амнистия) жарияланды, енді олар Ырғызға ашық түрде оралып, жаңа билікке қызмет ете бастады. Бірен-саранынан басқасы коммунистік партия қатарына өтті, бірақ олардың өзін жаңа кеңестік жүйені жан-тәнімен қолдаушылар деуге келмейтін еді. Компартия қатарына өтіп, қызылдар билігіне араласу арқылы олар күрестің жасырын түріне көшеді. Бұл туралы айыптау қорытындысында: «…До этого момента среди партийных и ответработников было полное единодушие во всех вопросах и никаких трений не наблюдалось. С приемом в партию вышеуказанной интеллигенции к июню месяцу 1920 года перед Уездным Сьездом картина начинает меняться…», - деп жазылыпты.
1920 жылдың маусым айында өткен Кеңестердің І-ші Уездік съезінде Алманов, Киселев, Жүргенов тобы мен Жаманмұрынов, Құлымбетов, А.Тұңғашин тобы арасындағы пікір алшақтығы, көзқарас қайшылығы ашық бетжыртысуға ұласты. Тел мен Ұзақбай Алманов пен оның жақтастарын байлармен, бұрынғы болыстармен байланыстары бар деп сынаса, Бәймен олардың бұрын Алашордада болғандарын беттеріне басты. Осындай ашық кінәласулардан кейін олардың әрқайсысы өз мақсаттарына жету жолында белсенді іс-әрекеттерге көшті. Бұл жөнінде айыптау қорытындысында былай деп көрсетілді: «…С этого момента Кулумбетовым и другими его сторонниками начинается лихорадочная работа по вовлечению на свою сторону остального населения через влиятельное байство и бывшие чиновничество, в частности быв. вол. управителей, аулстаршин и прочий влиятельный элемент».
Жүсіп Ақбаевтың кеңес үкіметіне қарсы жасырын насихат жүргізуі, ол үшін өзіне жақтастар тартып, оларды жергілікті сайланбалы билік органдарына өткізу үшін жанкешті жұмыстар жасауы да осы кезден басталған. Ел адамдарының тұрмыс жағдайы, олардың қалыптасқан тұрмыстық және діни салт-дәстүрлеріне жаңа қоғам әкелген кереғарлықтарды қабылдамауы Жүсіп атамыздың бойына ұлт мүддесі үшін күресу идеясын қалыптастырды.
Тарихтан белгілі, 1921-1922 жылдар төңкеріс аласапыранына аштық нәубеті ұласқан қаралы жылдар еді. Ауылдарда адамдар аштан, жұқпалы індеттерден өліп жатты. Жоғарыдан жіберілген мардымсыз көмектің өзі талан-таражға түскен. 1922 жылдың қаңтар айында Ырғыз еліндегі осындай ауыр жағдайлар, жергілікті биліктің парақорлыққа салынып, келген көмекті талауға түсіргені туралы Ахмет Тұңғашин, Жүсіп Ақбаев, Байділда Серкебаев, Тұрмұхамбет Қисықовтар Қазақ Орталық Атқару Комитетіне (КазЦИК) арыз түсіреді. Арыз КазЦИК-тің Ерекше комиссиясы және БК(б)П облыстық комитетінің комиссиясы арқылы тексеріліп Әбіш, Абдолла Тойбазаровтар, Оспан Сарбатыров, Петр Кузнецов, Мұса Дайрабаев, Ұзақбай Құлымбетов, Әбдірахман Құлыбековтер пара алды, аштарға бөлінген материалдық және ақшалай көмекті өз пайдаларына жаратты, қылмысты істерді жасырды, қызмет өкілдіктерін жеке мүдделеріне пайдаланды деген айыптармен жауапқа тартылды. Бірақ, РСФСР Жоғарғы Сотының 1923 жылы 5-11 ақпандағы Орынборда өткен Көшпелі сессиясында олардың бірқатарының айыбы дәлелденбей ақталды, қалғандарына қазан төңкерісінің 5 жылдығына байланысты кешірім (амнистия) берілді. Алайда, бұл оқиғаның «Ырғыз белсенділерінің ісі» деген («Дело Иргизских ответработников») дақпырты елге кең жайылып кетті. 14 ақпан күні «Степная правда» газетінде осы оқиға туралы «К итогам процесса» деген бас мақала жарияланған.
«Ырғыз белсенділерінің ісі» процесінің бұлай аяқталуы Ырғыз ауданындағы ахуалды жақсартпайды, қайта шиеленістіре түседі. Құлымбетов жағындағылар да, қарсыластары да ашық та, жасырын да күреске шығады. Бұл туралы мұрағат құжаттарында: «В этот момент окончательно оформляются и укрепляются… ДВЕ враждебные друг другу группы или как они известны среди степных казаков «партии» под названием своих главных руководителей, в частности «Кулумбетовская» и «Алмановская» », - делінген. Олардың өлкеде (республикада), губернияда, уездер мен болыстарда басшылары болды. Мысалы, «Құлымбетов тобының» өлкедегі басшылары Ұзақбайдың өзі мен Тел Жаманмұрынов. Екі топтың да бір-біріне қарама қарсы бітіспес, келісімге келмес күшке айналғаны сондай, олар өз қанаттарын Ырғыз, Қарабұтақ, Шалқар, Жаркөл, Қарашоқат, Шолақжиде болыстарына кең жайды. Ағайынды адамдардың екі топта болып, бір-біріне жауласуы да кездескен.
Сол кезде ел ішінде бұл екі топ Қазақстандағы солшылдар мен оңшылдар топтарының өңірдегі «бұтақтары» деген әңгіме тараған. Атап айтқанда, Алманов тобы Меңдешов пен Рысқұлов басқаратын солшылдар тобының, ал Құлымбетов тобы Қожанов, Сәдуақасов, Мыңбаев, Жандосовтың оңшылдар тобының жақтастары болған. Оңшылдар тобы сол кезде саяси күш ретінде өмір сүруін тоқтатқанмен, ұлттың озық ойлы перзенттерінің жүректерінен өшпеген Алашорда идеясын, яғни Қазақстанның егемен ел, дербес мемлекет болуын қолдаушылар еді. Бұл топтың сыртында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, эмигрант Мұстафа Шоқайлар тұрғандығы да айыптау құжаттарында ашық жазылыпты.
Көзқарастары, идеялары, демек мақсат-мұраттары қарама-қарсы екі топтың арасындағы бітіспес күрес жергілікті жерде де ашық жүріп жатты. Бұл халыққа ықпал ету мүмкіндігі бар лауазымдардан бірінің адамының үстінен екіншілері арыз жазып кетіру, сөйтіп билікке өздері қол жеткізу жолымен үстемдік жасау іске асырылған.
Осындай жазбаша арыз арқылы ғана емес, өз жағына шығуды ашық талап ету де кездескен. Елге беделді, билікке сөзі жүретін, «Құлымбетов тобының» уездегі басшыларының бірі Ақбаев Жүсіп 1923 жылы халық сотының тергеушісі Дүйсенқұл Арықбаевқа барып, «Құлымбетов тобы» жағына шығуды талап етеді, келіспеген жағдайда қызметінен кететінін ескертеді. Д.Арықбаев келісім бермейді, есесіне екі аптадан соң қызметінен босатылады. Жасырын жағдайдағы алашордашының елдегі беделі мен ықпалы осындай болған.
Жауап алу хаттамасындағы: «Жаманмурунов встретившись с одним из руководителей волмасштаба своей группы Акбаевым предложил последнему быть стойким т.к. если станет у власти противная им группа, то житья не будет», - деген жолдар да қарама-қарсы идеялардың қаншалықты шиеленіскенін көрсетеді.
Билік үшін тартыс, яғни өз топтарының мақсаттары жолындағы күрес әр уезде, болыста сайлаулар қарсаңында күшейе түсіп отырған. Бұл да мұрағатта сақталған тергеу жазбаларынан анық көрінеді. Оқыңыз: «Перед перевыборами Советов в конце 1925 года или начале 1926 года руководитель группы (Кулумбетовской) Акбаев Юсуп встретившись со своим сторонником в то время Пред.Иргизского ВИК-а Чингисовым сказал, что они в эти перевыборы его Пред.ВИК-ом не проведут, а проведут более активного сторонника своей группы, который будет лучше защищать интересы группы».
1926 жылы  жер-жерде  кеңестердің  қайта  сайлауы  өтуіне  байланысты   үгіт-насихат   жұмыстары күшейтілген. Ырғызда  Құлымбетов  тобының  үгіттеу,  халықты  өз  жақтарына  тарту,  әсіресе,  ел  ішіндегі  сөзі  өтімді,  беделді  адамдарды  көндіру   жұмыстарын  Жүсіп  Ақбаев  басқарған. Ж.Ақбаевтың «социалистік құрылысты құлатуды көздемегенмен» кеңестік жүйеге қарсы үгіт жүргізгендігі айыптау  қортындысында ашық жазылған және ауылдардағы оның күштеу және үгіттеу әдісімен істегендері баяндалып, мойнына қойылған.
Сот. Саяси жаза
1927 жылдың 2 ақпаны күні екі топтың Ырғыз, Шалқар уездеріндегі басшылары тұтқынға алынды. Оларға «Алаш» партиясының идеясын үгіттеді, байлардың және олардың идеологтарының мүдделері үшін күресті, бұл күрес жолында барлық мүмкіндіктер мен әдістерді пайдаланды, атап айтқанда, кеңестік және партиялық аппараттарға, «Қосшы» одақтарына, басқа да қоғамдық ұйымдарға өз адамдарын отырғызу арқылы өз мақсаттарына жетуді көздеді, сол мақсаттары жолында азаматтарға қоқан-лоққы жасау, қорқытып-үркіту, ұрып-соғу әдістерін де қолданды, билік үшін тартыс кезінде олардың соңдарынан ерген бүкіл уезд халқы бір-біріне дұшпандық көзқарастағы екі топқа бөлінді, сөйтіп кедейлер мен байлардың таптық сана-сезімдерін күштеп басты, кеңестер мен «Қосшы» одақтарының сайлаулары кезінде топ басшылары сайлау құқықтарынан айрыла тұра болыстық комитеттер мен ауылдық кеңестерге өз адамдарын отырғызу үшін құпия мәжілістер өткізді деген көптеген айыптар тағылды. Олардың қызметі «хотя не была направлена непосредственно на свержение существующего строя путем вооруженного восстания, но тем менее содержит в себя ярко выраженный антисоветский характер классовой борьбы байство и его идеологов с завоеваниями пролетарской революции и проводимыми мероприятиями по укреплению этих завоевании» деп бағаланды. Сөйтіп, ОГПУ-дің Ақтөбе губерниялық бөлімінің уәкілетті өкілі Ф.Ковалышкин    1927 жылдың 14 ақпаны күні Ырғыз, Шалқар уездерінің төмендегі топ жетекшілерін 1926 жылғы Қылмыстық Кодекстің 58-1 және 58-6 баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы қаулы алды:
1. Серкебаев Байділда, мамандығы мұғалім, орташа, жұмыссыз.
2. Төртімбаев Арықбай, бұрынғы болыс, әлеуметтік жағдайы - бай, мал шаруашылығымен айналысқан.
3. Ақбаев Жүсіп, әлеуметтік тегі - бай, Казгосторгтың стационарлық пунктінің меңгерушісі.
4. Тотанов Рас. 5. Тұңғашин Ахмет. 6. Сәндібеков Жаназар. 7. Сәбенов Бақытжан. 8. Хасанов Шайқұл. 9. Қисықов Тұрмұхамед. 10. Қарабаев Асу. 11.Оразалин Сейдалы. 12. Сарбатыров Оспан. 13. Түктіғұлов Ержан. 14. Шектібаев Қауыпбай. 15. Мамытов Рахматолла. Бұл 15-тің оны Ырғыздың, қалған 5-еуі Шалқар мен Қарабұтақ уезінің азаматтары, көбі «Құлымбетов тобынан» еді.
ОГПУ-дің 1927 жылдың 28 қазандағы Коллегиясы олардың әрқайсысын РСФСР-дің әр түпкіріне жер аудару (высылка) арқылы соттауға шешім шығарады. Яғни, Шектібаев Қауыпбай - Рязаньға, Мамытов Рахматулла мен Ақбаев Жүсіп - Калугаға, Тотанов Рас - Орелге, Тұңғашин Ахмет - Воронежге, Сәндібеков Жаназар - Тамбовқа, Сәбенов Бақытжан мен Хасанов Шайқұл - Новгородқа, Қисықов Тұрмұхамед - Симбирскіге, Қарабаев Асу - Тверьге, Оразалин Сейдалы - Владимирге, Серкебаев Байділда мен Түктіғұлов Ержан - Вологдаға, Төртімбаев Арықбай - Архангельскіге, Сарбатыров Оспан - Черновецкіге әрқайсысы үш жыл мерзімге жер аударылады.

<!--pagebreak-->

Жылдар мен жолдар
Жүсіп Ақбаев пен Рахметолла Мамытов ГПУ-дің Калуга губерниялық бөлімінің бастығына 1928 жылдың наурызында өтініш жазып, коллегия үкімі шыққанға дейін 3,5 ай түрмеде болғандарын, 5,5 ай ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүргендерін, Қазан революциясының 10 жылдығына арналған амнистия бұларға қолданылмағанын айта келіп, жоғарыдағы жағдайларды ескеріп,  жаза мерзімін қысқартуды сұрайды. Бірақ, өтініш қабылданбаған, сөйтіп мерзімді толық өтеп шыққан. Қауіпті элемент ретінде босағаннан кейінгі бас бостандығына да шектеу қойылған. ОГПУ-дің Коллегиясы жанындағы Ерекше кеңестің 1930 жылғы 13 қазандағы қаулысында былай делінген: «По отбытии срока наказания Акбаева Юсупа Акбаевича - лишить права проживания в Московской, Ленинградской обл., Харьковском округе и Казахстане, сроком на три года». Өз еліне оралу құқығынан айырылған Ж.Ақбаев 1930 жылдың 5 қарашасынан бастап Орск қаласында тұрады. Жүсіп атамыздың МҚК мұрағатында сақталған құжаттарындағы он жылдай өмір жолының өрімдері осындай. Бұрын естілген, бірақ жазылмаған деректер осылай сөйлейді. Алайда, сол бір дауылды дәуірдегі саяси оқиғаларға белін буып, жеңін түріп араласқан, қайраткерлік көрсеткен тұлғаның өмірбаянындағы белгісіз кезеңдер де аз емес. Тыныш жатқан ауылға оқыра тиген сиырдай шауып кіріп, дүрбелең салған ақ пен қызыл арпалысы саясат сойқанының арасынан ұлтына жайлы жағдай іздеген даланың тарпаң мінезді перзенттерінің шоғырын шығарды. Олардың бірқатары республика, губерния, енді біреулері уезд, болыс, ауыл деңгейінде жүрді, бірақ мақсат-мұраттары бір, бастарын өлімге тіккен жанкешті күрестері деңгейлес болды. Өйткені, олар сол бір аласапыран арасынан өздері қиналса да ұрпағы рахат заман кешетін жол таппақ еді, ішкі түйсіктері де соған сендірді. Бір тобы «алмановшылар», екінші тобы «құлымбетовшілер» болып жік-жікке бөлінсе де олардың мұрат-мүдделері сол болатын.
Тарихтың ең үлкен мұрағаты - халық. Халықтың жадында сақталып, ауызекі әңгімелермен жеткен тарихта шыңғырған шындық жатады. Ал, ресми мұрағаттарда сақталған жазбаларда нағыз ақиқаттың ауылынан алшақтаушылықтар, кейде тіпті бұрмалаушылықтар кездесетінін ғалымдардың өздері де жоққа шығармайды. Бұған қоса, қаншалықты елге еңбегі сіңген тұлға бола тұрса да олардың өмірдеректері мұрағаттарда толық жинақтала бермейді. Кешегі кеңестік дәуірде есіміне «алашордашы», «алашорда офицері», «молда» деген сол қоғам ұғымындағы құбыжық атаулар тіркескен Жүсіп Ақбаевтың өмір жолына қатысты қызықты, маңызды деректер де ел аузында сақталған. Сол әңгімелерде Жүсіп Ақбаев «Алашорданың бас идеологтарының бірі болған» делінеді. Сонымен бірге, біледі деген көнекөз кісілердің «Жүсіп молда Міржақып Дулатовтың үзеңгілес серігі» деген әңгімелерді де жиі естиміз. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей,  мұндай әңгімелердің де бір негізі бар болуы тиіс. 1918-1919 жылдары Алашорда әскерін басқарып Міржақып Дулатов Ырғызға келді, сол кезде онымен Ырғыздағы белсенді алашордашы Жүсіп Ақбаевтың кездескені анық. 1918 жылы Ырғызға Алашорданың шабуылы сәтсіз аяқталғанда Ж.Ақбаев соларға еріп бірге кеткен. Ел мен жер тарихын терең білетін, арабша сауатты, жалпақ Ырғыз өңіріне беделі жүріп тұрған Жүсекеңнің Міржақыптай ұлы тұлғамен көзқарастары үйлесіп, сөздері жарасқаны дау тудырмайды. Алашорда үкіметі таратылып, Қазақстанда кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1926 жылға дейін Міржақып Орынборда қызмет жасаған, Жүсіп екеуінің осы аралықтарда бірнеше рет кездескені анық. Міржақыптың арманы орындалмай, сағы сынып, жігері мұқалып жүрген кезде Жүсекеңмен талай сырласып, шер тарқатысқан сәттері аз болмаған. Бұлай дейтін себебіміз, Жүсіп атамыз кейінірек сенімді деген адамдарына сирек әңгіме шерткенде Міржақыптың есімін жиі атайды екен.
Әлі есімде бала кезімде ұзақ жылдар бойы бір ауылда мұғалім болған, Жүсекең ақсақалдың әңгімелерін көп естіген әкем Жаңаберген:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр майысып.
Найзаменен түртсең де,
Жатырсың қазақ оянбай.
Осынша қалың ұйқыны

Беріпсің бізге, ой, алла-ай! - деген өлең жолдарын айтып отыратын. - «Бұл кімдікі», - деп сұраймын. Сонда әкем «Жүсіп молданікі» дейтін менің жаттап алып айтып жүргенімді көргенде. Содан-соң «қазақтың надандығына, қараңғылығына байланысты айтқан ғой, одан да сабағыңды оқы» дер еді. Қалтасында қатырма билеті бар қып-қызыл коммунистің өзі мұндай әңгімелерді айтарын айтып қалғанмен, бойларын үрей билейді екен ғой. Өзі шет жағасын көрген қанды қасіреттердің еттен өтіп сүйекке тірелген қорқынышын. Кейін авторы ақталғасын барып жоғарыдағы өлең Міржақып Дулатовтікі екенін білдік те кезінде әлде Жүсекеңнің, әлде әкемнің өлең кімдікі екенін неге ашып айтпағанын түсіндік қой. (Міржақып Дулатовтың 1991 жылы жарық көрген шығармалар жинағында біз келтіріп отырған алғашқы үш жол жоқ. Келесі шумақта да осынша-мұнша, беріпсің- бердің деп жазылған).
Орскіде үш жыл тұрғаннан кейін Ақтөбеде, арасында бірер жылдай Өзбекстанда тұрады. Өзбектердің ортасын 1937-38 жылдардағы  сталиндік репрессия жылдары сағалаған. Алашорданың аймақтағы белді жетекшісі, ұйымдастырушысы болған, кеңес үкіметіне ашықтан-ашық қарсы шыққан адамның қазақтың қаймақтарын түгелге жуық сыпырып кеткен қанды қасаптан аман қалуы да шет жұртта бойтасалауынан екені айқын.
Түрмеден шыққасын 30 жылдай «сотталған» деген атпен жүрген Жүсекең өмірден өткесін де 30 жыл бойы есімінен осы бір қара таңба алынған жоқ. Тек КСРО Президентінің 1990 жылғы 13 тамыздағы «20-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Жарлығынан кейін 1992 жылдың 25 қарашасында ақталып, адал есімі қалпына келтірілді.
Жүсіп Ақбаевтың өміріне қатысты тағы бір дерек: өткен ғасырдың 50-ші жылдарының басында басынан аяғына дейін қызыл коммунист, дала өлкесінің төтенше комиссары болған Әліби Жангелдин Ырғызға келіп, сол сапарында Жүсіп атамыздың үйінде қонақ болыпты. Екеуі құрдас деуге болады, Жүсекеңнің Әлібиден бір жас-жарым жастай ғана үлкендігі бар. Заманында бірі қызылдардың, екіншісі алашордашылардың жағында жан аямай қызмет жасап, біріне-бірі қару кезенген, оған қоса бірі христиан дінін қабылдап, тегін Степанов деп өзгертіп, кейін қайтадан мұсылмандық жолға түскен, екіншісі ғұмыр бойы Аллаға деген сеніміне селкеу түсірмей, бес уақыт намазын қаза қылмай «молда» атанған, бірі - қызыл билетін, екіншісі - жайнамазын кие тұтқан екі тұлға пайғамбар жасынан асқан шақтарында қалай кездесті екен, өткен өмір жолдарындағы істерін қалай бағалады екен десеңізші?!
Өз заманындағы жүз құбылған саясат желінің өтінде жүрген қайраткерлігіне қоса Жүсіп Ақбаев сирек кездесетін шежірелі, арғы-бергі әңгімелерді, діни ұлағаттарды көп білетін сұңғыла қария болған. 1919 жылдың жазында 30 жыл ел билеген әйгілі Байғабыл байдың қайтыс болғанына жыл толуына арналып үлкен ас беріледі. Асқа Қазалы, Арал, Шалқар, Орск, Қарабұтақ елдерінен көп адам шақырылған. Алашорданың әскерін алып Жүсекең арнайы шақыртумен келген. Бұл туралы өлке тарихы қазынасының білгірі, марқұм Сейілхан Оразымбетов ағамыз «Ырғыз» атты кітабында: «Асты ұйымдастырушылардың өтініштері бойынша ас кезінде жалпы тәртіпті басқару үшін Ырғыз  қаласынан 70 қарулы әскери адамдар шақырылған. Бұл топты Міржақып Дулатовтың үзеңгілес жолдасы, Әлім мен Шөменге беделі бар, алабөтен әңгімешіл, теңдессіз шешен Бақшақ Жүсіп Ақбайұлы басқарыпты», - деп баяндайды.
Бірқатар құжаттарда Жүсекеңді әлеуметтік тегі «бай» делінген. Ал, 1927 жылғы 9 ақпандағы жауап алу хаттамасында: «Ақбаев Жүсіп Ақбайұлы, ұлты - қазақ, руы Төртқара, одан Бақшақ, Қозбақ бөлімі, жұлдызы - Торпақ, Ақтөбе губерниясы, Шалқар уезі, Ырғыз болысы, №10 Есеншағыл аулында тұрады; үйі, сарайы, 5 түйесі, 8 жылқысы, 2 сиыры бар; әйелі және балалары - Қатима  8 жаста, Ахмедияр 4 жаста, Мейірхан 2 жаста, Әлима 1 жаста» деп көрсетілген. Ахмедияр Ұлы Отан соғысына алынып, хабарсыз кетті, Қатима, Әлима апайлар қайтыс болды, ұзақ жылдар бойы Ырғыз өңірінің мектептерінде ұстаздық, басшылық қызметтер атқарған Мейірхан ағай да өмірден өткен. Кейінірек өмірге келген Зағипа есімді қызы бүгінде Шалқар қаласында тұрады.
Қазақ елінің большевиктерге бодан болмай, өз алдына тәуелсіз Автономия болуы жолында күрескен Алашорда қозғалысының өлкеміздегі белді қайраткері, кейіннен жанымен де, тәнімен де шариғат жолына түскен Жүсіп молда Ақбаев 1959 жылдың жазында Ақши (бұрынғы Қызыл партизан) аулында дүние салды. Тіршілікте дүниетанымдары мен діни білімдері үйлесіп, қатты сыйласқан, қайсысы өмірден алдымен өтсе, екіншісі келіп жаназасын шығаруға уағдаласқан Шалқардағы атақты Жанаман ахун жеті молда ертіп әкеліп, Жүсіптің жаназасын барлық шариғат талаптарына сай шығарады.
Дүниені дүр сілкіндіріп жаңа қоғам, социалистік жүйе орнатқан төңкеріс жылдарында қазақ ауылдарындағы көптің ішінен суырылып шығып, ұлт мұраты жолында бастарын бәйгіге тіккен алаш арыстарының сапынан табылған Ырғыз қайраткерлерінің бірі Жүсіп Ақбаев осындай адам болды.
Биыл Жүсіп Ақбаевтың өмірден өткеніне жарты ғасыр толады. Қоғам жаққан күйені халқы қабылдамай, атын ардақтап келе жатқан, Ырғыз топырағынан шыққан көрнекті қайраткерлер қатарында аталуға тиіс тұлға Жүсіп Ақбаевтың адал есімін құрмет тұту, келешекке жеткізу де бүгінгі ұрпақтардың міндеті.
Өйткені, ол елшіл тұлға болды, солай ғұмыр кешті, өмірден де солай өткен еді.

 

 

Рахымжан ӨТЕМІС, журналист.
«Ақтөбе» газеті

0 пікір