Жұма, 27 Қыркүйек 2024
46 - сөз 4706 25 пікір 21 Желтоқсан, 2021 сағат 13:00

Бізге Шыңғысханнан үйрену керек

Меніңше бізге Шыңғысханнан үйрену керек. Шыңғыс қағанның өмірі, жалпы тарихы, оны түсіне білген адамға үлкен өнеге.

"Шыңғыспен оның ұрпағының қолымен әлем дүр сілкінді, олар тарих сахнасына шыққанда халифтер тақтан түсті, сұлтандар қуылды, корольдермен жаһан әміршілері өз тағында дәрменсіз түрде қалтыраумен болды" деп кезінде бұл тарихты бір қайырған екен әйгілі ағылшын тарихшысы Эдуард Гиббон.

Шыңғыс қаған "әлем әміршісі", "хандардың ханы" атанған халықаралық дәрежедегі тұлға. Ана ағайындар айтқан Сталин, Гитлер деген кісілер қайраткерлігі, құрған империяларының өміршеңдігі, аумағы, тарихы жағынан Шыңғыстың қолына су құюға да жарамайтын адамдар еді.

Жалпы, Шыңғысхан жастайынан жетім қалып көп қорлық көріп өскен жігіт. Егер көшпенділер үшін көшпей жұртта қалу қорлықтың көкесі болса, бұл бала оны да басынан өткерді. Бала кезінде сенген ағайыны жесір шешесімен бірге иттей қаңғытып жұртта тастап кетеді. Бала Шыңғыс олардың соңдарынан жылай қуалап қалуын өтініп қатты жалынған екен.
Оған ағайыны қайырылмай кете береді.

Ат жалын тартып мінген бозбала тұста қатыны Бөртені меркіт тартып әкетіп, әйелінен айырылады. Яғни жігіттің намысына тиер сұмдық қорлықты да көрді. Ер азамат үшін бұдан асқан қандай қорлық болуы мүмкін? Оны да басынан өткерді.

Өзінің табандылығының арқасында ананы көке, мынаны әке деп жүріп найзаның ұшымен өз әйелін үйіне қайтарып ол бәйбішесін өле өлгенше сыйлап кетті. Онысын бетіне баспады, кемсітіп пасықтық жасамады.
Сол Жошының тегі күмәнді болса да оны өз ұлым деп санап басқа ұлдарынан кем қылмай өсіріп оған ұланғайыр ұлыс берді.
Осы күні кейбір қазақ жігіттері жасай алмайтын іс істеді.

Яғни мәрттік танытты, өзіне кең болды, отбасына адал отағасы болды. Өмірі тауқыметте өткен шешесін аялап төрге отырғызды, аяғын құшты.
Күллі ғұмыры жорық үстінде күреспен өтті, даланың сауатсыз жігіті ақыл парасатын шыңдап ұдайы өзгелерден үйренумен болды, онсыз болмайтын еді, ол теңдессіз империя құрған адам.

Хан басымен білмегенін өзгеден сұраудан еш қорынбады, жан жағына ақылды адамдар жинап, өзіне қызмет еткен адамдарды қабілетіне қарап бағалап олардың дәрежесін көтеріп отырды. Ол тың дүниелерді тез қабылдағыш және іске асырғыш реформатор адам еді.

Ол кезде де оның етегінен тартқан рушылдар болған. "Ибәй мына қияттың жетімегі хан болып құтырды ау, атам заманнан билік тайшығұт пен жүркін шаңырағында еді, мына қияттар қылды ау" деп күңкілдеп өзінің шаужайына жармасып отырған ағайынын бір кешіріп, екі кешіріп, ақыры аналардың берекесіз тобыр екенін көргесін көнбегенін қырып, көнгенін күшпен қатарына қосқан екен.

Басқа жақын жамағайын руларға қыз беріп, олардан қыз алып олармен санасып отыратын болған. Ол мықты дипломат та еді.
Ол кезде де тілі бір, діні бір, ділі бір сахара ру - тайпалары өзара ырылдасып болмашы нәрсеге қол жинап, соғыс ашып, бірін бірі қыра берген екен.
Ол кездегі түркі әлемінің жағдайы тура біздің қазіргі жағдайдан айырмасы шамалы еді.

Қазіргі біздің "сатқын қырғыз - Кенесарының басы", "Ұйғыр басынбасын, шаңыраққа қарасын", "Өзбек бір сарт", "Татардан қатер бар" деген сыңайдағы өзара ырылдасқан көзқарас сол кезде де болған еді.
Шыңғысхан о кезде бұл берекесі кеткен халқына басқа көзбен қараған екен, ол қайраткер ретінде олардан үлкен бір потенциал, болашақ көрген көреген адам бопты. Шыңғыс о кезде бұлардың біреуін алдағандай болып, екіншісін қорқыта отырып, үшіншісін күшпен иліктіріп, ақыр аяғы күллі көшпелінің басын біріктіріп, бүтін дүниені киіз туырлықтының астына салған адам. Көшпелі жұрттың мерейін үстем қылып ғасырлар бойы оған жаһанды билетті.
Түркі баласын ұшпаққа шығарамын деген қайраткерлер бұ жерде одан көп нәрсе үйренсе болады.

Түркішіл Мағжанның "Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан тұңғиық ой, болат жігер" деген бір ауыз сөзі оның Шыңғыстың қайраткерлігіне берген бірден бір әділ бағасы деп білемін.
Біздегі осы "киіз туырлықты ел" деген сөз сол Шыңғыс заманынан қалған сөз екен.

Шыны керек бұл көшпенді халық Шыңғысқа шейін қасындағы алпауыттардың ойыншығы болатын. Хорезм шаһы шекараға жорық жасап бұл жабайы тайпаларды рогаткамен торғайды атқандай қырып, қытайдың Цзинь империясы Шыңғысханның бір емес, екі атасын аң аулағандай аулап ағаш діңіне шегелеп қағып өлтірген еді. Өзі жастайынан қуғын сүргінде болды.
Шыңғысхан сондай заманда дүниеге келіп өз заманының адамы бола білді. Өзінің парасатымен тарих арнасын өз халқының игілігіне бұрды.
Сондықтан оның тарихына қазіргі көзқараспен қарауға әсте болмайды. Бұл тарихта бүгінгі гуманизм жоқ.

1236 жылғы құрылтайдан соң Бату атақты батыс жорығына (Еуропаға) қол бастап шыққанда, Үгетай Қаған Қытайға жорыққа шығады. Бір мезетте екі құрлыққа бірдей майдан ашқан бұндай құдіретті әскери империя адамзат тарихында болмаған екен. Ол құрған Еке Мұғұл Ұлыс — әскери супер держава болатын.

Егер 12 ғасырдағы Шыңғысханмен оның 19 ғасырдағы ұрпағы Кенесарының әскері соғысатын болса ол соғыста Шыңғысхан жеңіп шығатын еді. Өйткені Шыңғысхан сонау заманда қытайдың тас қамалдарын талқандаған адам. Ал Кене орыстың бөрене қамалын шабуылдап жүр.

Яғни, Шыңғыстың әскери стратегиясы, біліктілігі, қару жарағы өз заманынан сонша ғасыр өтсе де озық шыққан жаңа дүниелер еді.
Шыңғысхан ұйғыр жазуын алды, ұрпағына оқу - сызу үйретті, ұйғырлардан саудагер жасақтап, сауда керуендерін жіберді.

"Ұлы жасақ" жарғысын жазды. Шеге Құтықыны бас жарғышысы қылып далалықтар арасында алғаш сот әдебін қалыптастырды. Біздегі "датым бар тақсыр, өлсең де шыныңды айтып өл, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ" деген сөздер сол заманнан қалған сөздер екен.

Алым - салық жүйесі, адам санағын жүргізу, дереу хат хабар жалғайтын почта қызметі, шекара аумағын күзету, заманауи қару жасақтау, жарлық жазу, оны орындату..... Яғни бұл арада тұтас мемлекеттік құрылым жұмыс істеді. Шыңғысханның империясының мемлекеттік мөрі болды.
Осының бәрі сақарада сол заманда қалыптасқан екен.

Францискандық монах Рубрук 1253 жылы Бату ордасына келе жатқанда күнделігіне "мына жерлер әлі татарларға бағынышты емес, бұл аймақ қауіпті жер" деп тізе беріпті. Яғни, ол заман империяға бағынышты жерлерде заң жүрген екен, темірдей тәртіп, тыныштық болған екен.

Шыңғыс сөйтіп даладағы өзара қантөгісті тоқтатқан екен.
Ол ол ма, Шыңғыстың ұрпағының қолымен Қытай, Ресей, Иран сынды ірі елдер сол кезде бір ел болып бірігіп қалыптасты.
Оның оғлан ұрпағы қалалар салдырды, өз атынан ақша шығарды.
Мысалы қазіргі Мәскеу облысы Жошының сегізінші ұлы Жылауқұнның ұлысы еді, ол жерге кейін Алтын орда ханы Мөңке Темірдің жарлығымен 1277 жылы Мәскеу қаласының іргесі салынады.

Шыңғысханның осындай Еуразия құрлығына істеген тарихи зор ықпалын бағалап ЮНЕСКО халықаралық ұйымы оны "екінші мыңжылдықтың адамы" деп танып та үлгерді.

Ал бірінші мыңжылдықтың адамы - Иса Мәсіх болатын.
Біз Шыңғыс қағанды оның атын өзімізге тартып "Шыңғысхан қазақ" дегеннен басқа дәнеңе де білмейміз, білмегесін айдалаға лағып пәлсапа соғамыз.
Ал бұл тарихтың маңызын басқалар біліп оның әділ бағасын беріп жатыр.
Бізге жалпы Шыңғысханнан көп нәрсе үйренуіміз керек, оны дұрыс тануымыз керек.

Оның тарихы бір кітапқа сыймайды.
Бұл тарихқа қатысты жүздеген тіпті мыңдаған кітаптар, ғылыми еңбектер жазылды, әлі де жазылмақ.
Шыңғысхан аты аңызға айналған тұлға.

Олжас Әбіл

Abai.kz

25 пікір